Авторы Э.Г.Эйдемиллер 7 страница

Жоғары деңгейде формалданған әдістерге тесттер, анкеталар мен сауал-жауап әдістері, проективтік техникалар мен психофизиологиялық әдістер жатады. Оларды пайдаланғанда зерттеу жүргізу реті, орындауға берілетін уақыт, зерттелінушілерге нұсқау беру, зерттеу нәтижелерін өңдеу, талдау жолдары, бағалау нормативтері мен пайдаланылатын шкалалар толық стандартқа келтірілген түрде беріледі. Сондықтан зерттеу нәтижелерінің сенімділігі өте жоғары болады, ал психодиагностикалық зерттеуге қатысқан барлық зерттелінушілерге бірдей жағдай жасалынады.

Психологиялық әдістер тек ғылыми-зерттеу жұмысы үшін ғана емес, сонымен бірге сынау мақсаттары үшін де қолданылады. Мысалы, психолог санау әдісі арқылы адамның бойындағы ерекше қасиеттерді ажыратып, оның ұшқыш не астроном немесе өзге де мамандықтарды игеруге деген бейімділігі мен қабілетінің қаншалықты дамыған екендігін анықтайды. Жеке дара жүргізілген зерттеулер мен тексерілмеген сынау әдісімен жасалған кейбір қорытындыларда қателіктер де кетуі мүмкін. Мұндай қателіктер көбінесе кейбір балалардың бойындағы психологиялық процестер мен ерекшеліктердің кешігіп барып оянатынына жете мән бермей, асығыс қорытынды жасауға алып келетіндіктен ондай психодиагностикалық зерттеу жүргізуге болмайды.

Психологиялық зерттеу әдістерін нақты психикалық принциптер мен психологиялық қасиеттерді анықтауға қолдану сипаттарына орай негізгі әдістер және көмекші не қосалқы әдістер деп екі топқа бөліп қарастырылады. Мысалы, оқушылардың мамандықты игеруге бейімділігін анықтау үшін арнайы жасалған тест негізгі әдіс деп саналса, ал сол оқушының өз қолымен жасап шығарған затын, оқу процесінде пайдалануға болатын көрнекі құралдарын зерттеуді көмекші әдіс ретінде қарастыруға болады. Кейбір жағдайда көмекші әдістер негізгі әдіске айналып отыруы да мүмкін. Мысалы, оқушының орындаған жазба (бақылау) жұмысы оның белгілі пәнді меңгеруін анықтаудың негізгі әдісі болып саналады.

 

Психодиагностикалық жұмыстарды ретке келтіру қажеттілігі

Психологиялық қызмет көрсету барысында оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктерін олардың жас кезеңдеріне байланысты анықтау үшін жүргізілетін зерттеулер психодиагностикалық минимум шеңберінде және жеке дара диагностикалық зерттеу жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, кейбір оқушыларға педагогтардан, ата-аналардан шағым түскенде, немесе басқа да нақты фактілерге байланысты кейбір оқушыларды мінез-құлқында көрініс берген ерекшеліктер қай кезде басым көрінетіндігін анықтау үшін жүргізіледі. Осы жағдайларға байланысты зерттеу клиенттің жас кезеңдеріне сай жүргізіледі.

Мектептегі психологиялық қызмет көрсету іс-шаралары оқушылардың жас кезеңдеріне байланысты бірнеше сатыда ұйымдастырылғаны жөн екені және әр жас кезеңіндегі балалармен жүргізетін жұмыстың міндеттері мен мазмұны бірінші кітапта берілген. Мектеп сатыларына байланысты бастауыш сынып оқушылары, орта буындағылар және жоғары сынып оқушылары деп үш топқа бөлуді психодиагностикалық қызметтің негізіне алуға болады. Зерттеу әдістемелерін осы нұсқа бойынша топтасытырып жинақтау да ыңғайлы екендігі сөзсіз. Сондықтан балалар проблемасы жас кезеңдерімен ұштастырып қарастырылады.

Психологиялық қызмет көрсету жұмысын ретке келтіріп, оларды жүйелі ұйымдастыруға негіз болатын іс-шаралардың ішінде маңыздылардың бірі – пайдаланылатын психодиагностикалық әдістемелерді ретке келтіріп алу. Бұл жұмысты мектепке қабылдау кезеңінде балалардың мектепте оқытуға даярлығын анықтауға арналған психодиагностикалық альбом жасау, барлық мектепте оқитын кезеңдерде пайдаланылатын әдіс-тәсілдерді жеке-жеке топтастырып жинақтау жұмыстарынан бастау қажет. Жинақталған материалдарды «Мектепалды тобы», «Бастауыш сынып оқушыларының таным процестерін зерттеу және дамыту әдістемелері», «Орта буын оқушыларының таным процестерін зерттеу тесттері», «Орта буын оқушыларының жекелік қасиеттерін зерттеу тесттері», «Жеткіншектердің агрессиясы және акцентуациясы көріністерін бағалау тесттері», «Жоғарғы сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттерін зерттеу тесттері», «Жоғарғы сынып оқушыларының мамандық таңдау мотивациясын зерттеу тесттері», т.б. психологиялық қызмет салалары бойынша топтастырып жинақтаған ыңғайлы болады.

Әдістемелік жинақтарда топтастырылған материалдар ішінде бөлімдер анық байқалатындығы – психологиялық қызмет көрсету жұмысын тиімді ұйымдастыруға негіз болады. Мысалы, бастауыш сынып оқушыларының таным процестерін зерттеу тесттерін жинақтағанда оларды мектепке даярлықты зерттеуге арналған альбом, бірінші сыныпта оқитын баланың таным процестерін зерттеуге және қажетті процестерін дамытуға арналған жинақ, 3-4 сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттерін зерттеу және дамыту тесттер жинағы деп саралауға болады. Сонымен қатар жеке тұлғалық қасиеттер ерекшеліктерін анықтауға арналған тесттер жинағы, дамуында ауытқуы бар балалармен түзету-дамыту жұмыстарын жүргізу тесттерін жинақтау қажет.

Білім беру саласындағы психологиялық қызмет жүйесінде психодиагностиканың өзіне тән белгілі бір ұстанымдық ерекшеліктері бар.

Көптеген психологтардың зерттеулерінде психодиагностика екі құрамды бөліктен тұрады деп қарастырылады. Біріншіден ғылыми-зерттеу психодиагностикасы мен ғылыми-тәжірибелік психодиагностикасын бір-бірінен ажырата білудің өте қажет екендігі көрсетіледі. Өйткені ғылыми зерттеу психодиагностикасы психикалық дамудың белгілі бір заңдылықтарын қалыптастыруға бейімделсе, ғылыми –тәжірибелік психодиагностика белгілі бір психологиялық қасиеттің пайда болуымен оның даму ерекшеліктерін зерттеу арқылы оның орын алған себебін ашу, яғни нақты сұраққа жауап беруге бағытталған. Білім беру саласындағы психодиагностика педагогикалық мәселемен тығыз байланысты. Сондықтан да бірқатар психологтар оны психолого-педагогикалық диагностика депте атайды.білім беру саласындағы психолог жүргізетін психодиагностиканың ерекшелігі – балалардың психофизиологиялық даму ерекшеліктерін және психологиялық даму динамикасын анықтау әдістері пайдалынады. Л.С. Выготский тәжірибелік- психологиялық диагностика негізінде баланың айналадағы орта мен қарым-қатынасындағы оның тұлғалылығын толығымен анықтап жатыр деп атап көрсетеді. Сонымен қатар ол баланы оның қылықтарының пайда болу жиынтығы ретінде статистикалық тұрғыдан қарастырсақ еш уақытта адамдық тұлғалықты аяғына дейін түсінбейміз деп ескертеді. Сондықтан, баланың психологиялық дамуын диагностикалағанда оны толық және жан-жақты даму контекстінде зерттеп, оның жекелік сипаттамаларын немесе психикалық функцияларын жас ерекшеліктерімен ұштастырып қарау керек.

Психологиялық қызмет шегінде психодиагностика психокоррекциялық жұмыстармен қатар жүреді. Сондықтан психологиялық қызмет көрсету жұмысы диагностикалық-коррекциялық бағытта жүреді. Д.Б. Элконин балаларды зерттеу оларды таңдауға бағытталған емес, диагностикалау барысында көрініс берген ауытқуларды коррекциялау мақсатында, олардың психикалық даму барысында көрініс берген ауытқуларды коррекциялау мақсатында, олардың психикалық даму барысын байқауға бағытталуы керек екендігін көрсетеді. Психологтың диагностикалық- коррекциялық бағыттағы жұмысы өте күрделі, ол психолог-практиктің арнайы кәсіби іскерлігінің дамығандығын талап етеді.Мысалы, психологиялық тест көмегімен жүргізген зерттеу нәтижесі дұрыс болу үшін, ол әдістерді пайдалану, адамдармен диагностикалық жұмысты атқару психологтың этикалық принциптерін сақтай білетін және тұлғаның қажетті қасиеттері мен арнайы психологиялық біліктілікті меңгерген адамның қолында болуы керек.

Диагностикалық және коррекциялық әрекет құрылысы әлі толық анықталмаған.

Оны алғаш рет Л.С. Выготский өз еңбектерінде қиын балаларды зерттеу нұсқасы ретінде мектеп психологтарының психо-диагностикалық жұмысының үлгісі жасалған. Оның ұсынысы бойынша диагностикалық-коррекциялық жұмыс келесі кезеңдерден тұрады.

-Тәжірибелік ұсынысты талдау,

-Психологиялық мәселені белгілеу

-Бақыланып отырған нәрселер туралы болжамды шығару.

-Зерттеу әдістерін талдау.

-Әдістерді қолдану

-Баланың ары қарай дамуы туралы болжамнан тұратын психологиялық диагнозды белгілеу.

Болжам екі бағытта жүзеге асырылу керек:

бірінші бағыты – баламен қажетті психологиялық көмек көрсету жұмыстары өз кезегімен жүргізілуге бағытталған.

екінші бағыты- арнайы психологиялық коррекция жұмыстарын жүргізуді көздейді.

оқушылармен жүргізілетін психо-коррекциялық жұмыс пен кеңес берудің нұсқаларын жасау.

осы бағдарламаларды жүзеге асыру, оның орындалуын байқау.

Осы аталған кезеңдердің ішіндегі зерттеу әдістерін дұрыс таңдау – ең күрделі кезеңнің бірі. Дәл осы жерде тәжірибелік психо-диагностиканың спецификасы анық көрінеді. Диагностикалық – коррекциялық әдістер туралы сұрақтар көптеген ерегістермен қарама –қарсы мәселелерді туғызып отыр. Психодиагностиканы тәжірибеде қолдану әдістерін, оны пайдалану жолдары мен тәсілдерін, психодиагностика барысында жиналған мәліметтерді интерпритациялау мен қорытындылау нәтижесінде зерттелінген адамды жаңадан бағалауға алып келеді.

Психологияда даралық ерекшеліктерді диагностикалудың екі ағымы бар:

Санын өлшеу - әрбір қасиеттің көрініс беру ерекшеліктерін бағалау үшін жасалған шкала бойынша оны бағалау.

Сапасын өлшеу – анықталған норма деп алынған екі сан көрсеткішімен салыстыра отырып өлшеніп жатқан қасиеттің нормаға сай келетінін немесе ол нормадан жоғары және төмен қарай шашыраңқы орналасқан көрсеткіштердің норма шегінде екендігін көрсету мүмкіндігі бойынша оның дисперсиясын анықтау, сонымен қатар, статистикалық заңдылықтарды шығару.

К. Роджерс өз еңбектерінде белгілі бір ағымды немесе зерттеу әдісін «өте жақсы» немесе бірден-бір дұрыс деуге болмайтындығын көрсетеді. Пайдаланылатын әдістемелердің әртүрлілігі диагностикалау нәтижесіне жаңа мағына беруі мүмкін. Мұны Б.В. Зэгайрник те мойындайды. Классикалық психологияда қалыптасқан әдістемелерді қолдану ерекше модификацияны талап етеді, өйткені олар белгілі бір адамның психологиялық ерекшеліктерін толық білуге бағытталмаған. Оның үстіне мұндай әдістемелерді пайдаланып психодиагностикалық зерттеу жүргізу және нәтижелерін қорытындылау ұзақ уақытты алады, сондықтан оларды психологтан күнделікті шешуді талап етіп отырған көптеген мәселелерді талдауға қолайсыз болып табылады.

Б.Я. Личко өз зерттеулерінде психологиялық қызмет көрсету барысында кеңінен пайдалануға болатын, біршама тиімді және жарамды болып табылатын диагностикалық әдістер модификациясын жасау арқылы тез де жалпы қолдануға болатын эксперименталдық әдістерге өту керектігін көрсетеді. Сонымен қатар, ол жеке адамды зерттеуге арналған шетел әдістерін машықтандыруда оның тек қана басқа тілден аударып қана қоймай немесе тесттің бір бөлімін алып тастап, пайдалануға ұсынбай, тестті жаңадан жан-жақты тексерген дұрыс деп табады. Кез келген стандартты әдістемелерді қолданудағы тағы бір кемшіліктің бірі – тесттің дайын нәтижесіне сүйене отырып, диагностиканың оңай да нақты қойылуында. Өйткені тәжірибесі таяз психолог жүргізген зерттеу барысында алынған нәтижені стандартты әдістеменің кілтімен сай бағалау барысында диагноз өз-өзінен толық анықталады деп түсінуі мүмкін. Бұл жөнінде Л.Френк тіпті стандартталған прцедураның өзі жеке адамның тұлғалылығын, оның қайталанбас, ерекше тұлғалық қасиеттерін ашып бере алмайтынын көрсеткен. Сондықтан да тест әдістемелерін жақсы білудің өзі бала дамуының динамикасын, жеке тұлға дамуында орын алатын түрлі көрсеткіштердің бір-бірімен ұштасқандағы үйлесімділігін, олардағы қарым-қатынас пен мінез-құлықта көрініс беру комплекстерін өте дұрыс интерпритациялау және терең психологиялық түсінуге негіз болады.

Даму диагностикасымен айналасатын психологтардың көп жылдық еңбектері белгілі бір жағдайды шешуге әдістер жиынтығын стандартты әдістерді қолдануды қажет етпейтін зерттеулер нәтижелі болып табылатындығын дәлелдеді. Сондықтанда психолог түрлі жоғары формальданған (Векслер, М.М.Р.І.,Кттел сауалнамасы, Аумтхауер және т.б.) тестілерді қаншалықты меңгерсе, сонымен қатар төмен формальданған (байқау, әңгіме проективті әдістер және т.б.) тесттерді жүргізуге жолдарын соншалықты дәл меңгеруі керек екендігін атап өтті. К.Роджерс интенсивті байқау әдісінің нәтижелі болып келетіндігіне көңіл аударды. Мысал ретінде ол психолог Сара Велинскийдің жарыққа шықпаған зерттеуін ұсынады. Бұл зерттеуде оқу барысында қиындықтарға кездесіп отырған 14 жасар баланың мінез-құлқы баяндалады. Байқау нәтижесі баланың мінез-құлқының 40 формасы бар екендігін көрсетті. Зерттеу бір баланың басқа адамдармен қарым-қатынас барысында түрлі жағдайға байланысты мінез-құлықтың түрлі формалары, яғни дұрыс мінез-құлықтан, ауру, дұрыс емес ретінде жіктелген деструктивті мінез-құлыққа дейін көрініс беріп отырғанын және мұның себептерін дұрыс түсіну үшін, психолог байқау нәтижесімен бала туралы жеке пікірін тест және басқа да объективті әдістемелер нәтижесімен байланыстыра білу керек екендігін көрсетті.

Сонымен қатар тәжірбиелік психолог жұмысында баланың ақыл-ой операциясын өзектендіре алатын экспериментальды тапсырмалар үлкен рөл ойнайтындығына көңіл аудару керектігін анықтады. Мысалы, танымдық қабілетіне байланысты тапсырмаларды нәтижелі орындауын бағалау үшін оған математикалық, лингвистикалық, әдеби, бейнелі-көркемдік материалдар алуға болады.Ғылымның түрлі аймағынан алынған тапсырмаларға негізделіп жасалған тапсырмаларды пайдалану арқылы баланың арнайы қабілеттерін бағалауға көмектеседі.қысқаша айтқанда психология ғылымының негізгі әдістері- экспериментальдық, обьективті байқау, психофизикалық әдістері тесттер, модельдеу болып табылады.Психолог бұл әдістерді белгілі бір адамның психологиялық мәселелерін шешуге қолданады,сонымен қатар көптеген әдістемелер олардың авторларының атымен аталады.Мысалы: Рошах тесті, Розенцейвг тесті, Вартен, Косса кубиктері, Равен тесі,т.с.с.Әдістемелерді қолдану үшін түрлі типтегі әдістемелерге қойылатын талаптарды жақсы білуі керек.Ол талаптар келесі мазмұннан тұрады:

-әдістемені қолданудың аймағы, пәні және міндеттерінің мәні жан-жақты ашылу керек,

-әдістемені жүргізу барысы біржақты алгоритм ретінде тапсырылуы қажет,

- әдістемені пайдалану барысында жинақталған мәліметтерді талдау және қорытындылау нәтижесі статистикалық жағынан негізделген және тесттің стандарттылығына сүйену керек.

-Тест шкалаларының тиімділігі тексерілуі қажет,

-өзіндік есеп беруге негізделген шаралар нақтылығы байқау әдісімен тексерілуі қажет.

-Белгілі бір зерттеу жүргізу аймағының бас әдістемелері тест болса, мәліметтер стандартталған бланкі көмегімен жинақталып, оларды стандартты шкала бойынша жүйелі түрде талдап отыру қажет.

Зерттеу бағдарламаларын жасау келесі операциялардың жүзеге асырылуын көздейді.

Пайдаланылатын әдістің нені зерттеуге бағытталғандығын анықтау.Осының негізінде пайдаланылатын әдістеме немесе әдістемелер батериясы таңдалады. Әрі қарай әдістің белгілі бір түрі таңдалады.Жеке адамның қасиеттерін анықтау үшін сауалнама әдістері, проективті тесстер немесе басқа да әдістер қолданылады. Тест батериясы адамның ішкі дүниесіндегі бір қасиеттің түрлі аспектілерін анықтауға арналған бірнеше тесттен тұрады.(мысалы, интелектіні анықтауға арналған Векслер шкаласы).

Таңдап алынған әдістемелер көмегімен зерттелініп жатқан адамның ішкі дүниесіндегі қасиетінің қандай ерекшеліктерін бағалау қажет екенін шешіп алу. Өйткені жауап беру тәсіліне қарай әдістер келесі жағдаймен бөлінеді.

А) зерттелінушінің белгілі бір қатынасын ғана бағалайтын әдістер

ә) ес белсенділігін талап ететін әдістер

б) өз тәжірибесіне сүйене ойлауды талап ететін әдістер

в) күрделі байланыстар мен қатынастарды іздейтін және қалыптастыратын әдістер

г) стимулды материалдарға байланысты зерттелінуші проекциясы идеясына негізделген әдістер

Шешуін қажет етіп отырған негізгі мәселені пайдаланып отырған әдістеменің шешіп бере алатындығын анықтап алу.

Әдістеменің қандай мақсатпен жасалғандығын анықтап алу.

Әдістемені кім пайдаланатындығын анықтап алу, яғни, егер зерттеуді жүргізуші адам психолог болса күрделі әдістемелерді пайдалануға болады.

Әдістеме қандай популяцияға арналғандығын, яғни бұл әдістер көмегімен кімдер зерттелінетінен анықтау(ересектер,балалар,арулар т.с.с)

Зерттеуді жүргізу уақытына қандайда бір талап қойылғандығы. Бұл көрсеткіш өте маңызды, өйткені уақыт зерттеу нәтижелеріне әсер етуші фактор болып табылады. Әдістеменің үнемділігіне қойылатын талаптарды анықтап алу. Осы мәселелерді шешіп алған соң барып әдістемені жеке тұлғалық ерекшеліктерді талдауға пайдалануға болады.

 

Психодиагностика жүргізуге қойылатын кәсіби этикалық талаптар.

 

Психодиагностика жүргізу- психологтан өте үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Ол психологиялық мамандық білімді, кәсібі шеберлікті, әлеуметтік-этикалық ұстанымдарды қатал сақтауға негізделеді.Осы талаптар психодиагностика жүргізуге қойылатын ұстанымдарда көрсетілген.

1.Құпия сақтау ұстанымы. Бұл талап бойынша зерттеу нәтижелерін зерттелінушінің келісімісіз ешкімге айтуға болмайтындылығын болжамдайды. Егер зерттелінуші кішкентай бала болса, онда зерттеу нәтижелері ата-аналар немесе олардың орнындағы адамдардың келісімі бойынша басқаларға жарияланады.егер зерттеу нәтижелері ғылыми еңбектерде пайдаланылатын болса, зерттелінушінің аты-жөні өзгертіліп көрсетіледі.

2. Психодиагностикалық әдістердің ғылыми негізделгендігі ұстанымы.

Барлық пайданылған психодиагностикалық әдістердің ғылыми негізделгендігі ұстанымы. Барлық пайдаланылған психодиагностикалық әдістер сенімді және балаламалары болуы керек. Бұл ұстаным психодиагностикалық әдістемелерді пайдалану нәтижесінде жиналған мәліметтер ақиқатқа сай келетіндігінің кепілі болады.

3.Зерттелінушіге зиян келтірмеу ұстанымы. Психодиагностикалық зерттеу нәтижелерін еш уақытта зерттелінушіге қарсы әрекет жасауға пайдалануға толық тиым салынады. Егер психодиагностика нәтижелері талапкерлерді бір жұмысқа іріктеп алу үшін пайдаланылатын болса, онда жеке тұлғаға қандай талаптар қойылатыны, психологиялық қасиеттерді бағалау үшін қандай әдістермен, қандай көрсеткіштері бағаланатыны туралы зерттелінушіге алдын-ала толық мәлімет беру керек.

4. Қорытындылар мен ұсыныстардың объективтігін қамтамасыз ету ұстанымы. Бұл ұстаным бойынша психодиагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша анықталған психологиялық диагноз алынған нәтижелерге сай қойылуы керек. Зерттелінуші туралы қалыптасқан пікірді зерттеу нәтижесіне тура келмейтін мінездеме беруге толық тыйым салынады.

5.Ұсыныстардың тиімділігі ұстанымы. Психодиагностикалық зерттеу нәтижесі бойынша жасалған ұсыныстар зерттелінушіге пайдалы болуға тиіс. Зерттелінуші пайдалана алмайтын немесе нәтижесі екіталай болатын ұсыныстар жасауға тыйым салынады.

Психодиагностика жүргізу үшін психолог өзі пайдаланатын әдістерді өте жақсы меңгерген болуы керек. Кімді де болса психодиагностикалық зерттеуден өткізгенде психолог келесі имандылық-этикалық нормаларды сақтауы керек.

Психодиагностикалық зерттеуге әр адам өз еркімен қатысуы керек. Тек заңға негізделген медициналық, құқықтық зерттеулерде ғана зерттелінушінің келісімі қажет емес.

Психологиялық диагностиканы жүргізу барысында зерттелінушіге оның жеке тұлғалық ерекшеліктерін бағалау кезінде оның өзі онша түсінбеген, өзі байқамаған қасиеттері мен сырлары ашылуы мүмкін екендігін ескерту керек.

Зерттелінуші өз қасиеттерін диагностикалау нәтижесімен танысуына, зерттеу нәтижелерін кім және не үшін пайдаланылатынын білуге құқығы бар (егер заң бұзушы немесе жүйке ауруына шалдыққан болмаса)Зерттеу жүргізуші психодиагностика нәтижелерімен зерттелінушіні толық түсіндіріп біреуге міндетті. Кішкентай балаларды зерттеу нәтижесімен ата-аналарды немесе оларды алмастыратындарды таныстыру.

Жеке тұлғаны психодиагностикалау нәтижелері конкурсқа қатысу немесе жұмысқа қабылдағанда оның кәсіби жарамдылығын анықтау үшін жүргізілген болса, зерттелінушіге қандай талаптар қойылатыны, психологиялық қасиеттерді бағалау үшін қандай әдістер пайдаланылатыны, тест нәтижесі бойынша жасалатын қорытындылар туралы оның толық мәлімет алуға құқығы бар.

Барлық әдістемелерді талапқа сай пайдалану, зерттеу нәтижесін сапалы талдау жүргізу жауапкершілігі психологқа жүктеледі.

Психодиагностикада пайдалынатын әдістер

Байқау әдісі.

Психодиагностикалық байқау дегеніміз – мақсатты, байқау процесі кезінде шешілуі тиіс міндеттер мен мақсаттар айқын анықталған, жүргізу реті жоспарлы түрде арнаулы ұйымдастырылған зерттеу тәсілдері.

Байқау әдістерін қолдану тәсілдері әр қилы болады. Байқау арқылы анықталған фактілер мен құбылыстардың себеп-салдар принципті бойынша әрбір нәрсенің сырын ашып көрсетеді. Ғылыми байқау мынадай сатылардан тұрады:

а) сыртай бақыланған мінез көріністері мен әрекеттерді түсіндіру.

ә) оның ішкі психологиялық мәнін ашып көрсету.

б) жорамал жасап, оның анықтығын, ақиқатқа сай келгендігін дәлелдеу.

Байқау психологиялық процестер мен құбылыстарға жүргізіліп нәтижелері арнаулы құжатқа тіркеліп жинақталған соң алынған мәліметтер психологиялық тұрғыдан тұжырымдалады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: