Лекция-5. Саяси субьектілері 2 страница

· жаспен, жыныспен белгіленетін (ерлер, әйелдер, жастар, балалар, «жұмыс жасындағы» адамдар, зейнеткерлер) демографиялық құрылым;

· отбасылық-тұрмыстық құрылым, көрші қауымдастықтар, ата-аналар мен балалар, сондай-ақ, некелік пен некесіз байланыстар мен қатынастар. Сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіби, білім беру, діни және т.б. құрылымдарды бөлуге болады.

Қазіргі Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік құрылымның дамуы кездейсоқтылығымен, анықсыздығымен, аморфтілігімен сипатталады. Алғы шетке меншіктік және әлеуметтік теңсіздік мәселесі қойылады. Ол таптық қарама-қайшылық және қақтығыстармен сипатталады.

Экономиканың тұрақтануы және экономикалық заңдылықтар еркіндігін заңдастыру, әлемдік нарыққа өту негізгі әлеуметтік қауымдастар арасындағы қатынастар құрамы мен сипатына маңызды өзгерістер әкеледі. Қазіргі қоғамның негізгі сипаттамасы болып оның әлеуметтік поляризациясы, кедейлер мен байларға бөлінуі табылады.

Дәстүрлі әлеуметтік топтардың жойылуы, меншік, табыс, билік құрылымына ену, перспектива сезімі, топтық әлеуметтік мобильділік формаларына байланысты жаңа топшылык интеграция жүріп жатыр. Жаңа әлеуметтік құрылымды қалыптастыру үрдісі үш жол бойынша жүргізілуде:

Жеке меншік формаларының плюрализациясы негізінде жаңа әлеуметтік қауымдастықтардың қалыптасуы;

Мемлекеттік меншік формаларының трансформациясы және дәстүрлі кластық-топтық қауымдастықтардың жағдайының, шекараларының, сандық-сапалық сипаттамаларының өзгеруі мен шекаралық, маргианалдық қабаттардың қалыптасуы;

Әртүрлі жеке меншік формаларының өзара қатынасы негізінде қабаттар мен страталардың қалыптасуы.

Қазір жаңа қабаттар өзінің құрамы, іс-әрекет түрлері, даму перспективасы тұрғысынан әртүрлі. Олардың болашақтағы дамуы, мінез-құлқы, өмір сүру салты меншіктің жаңа формаларын заңдастыруға байланысты болады.

 

Лекция-6. Қазіргі саяси жүйелер. Саяси режимдер

1. Саяси жүйе түсінігі. Саяси жүйе теорияларын жасаудағы концептуалды тәсілдер. Саяси жүйенің құрылымы мен элементтері. Саяси жүйе қызметтері.

2. Конституция - қоғамның негізгі заңы. Егеменді Қазақстан Республикасының Конституциясы. Саяси жүйенің жіктелуі және оларды салыстырмалы талдау. Қазақстан Республикасының саяси жүйесі.

3. Қазіргі саяси ғылымдағы саяси режимді интерпретациялау. Саяси режимнің элементтері мен белгілері.

4. Саяси режимнің түрлері. Тоталитаризм және оның әралуандығы. Авторитаризм: түрлерінің жіктелуі.

5. Демократия және оның әралуандығы. Демократияның қазіргі формалары. Полиархия. Қауымдастық демократия. Делегативті демократия. Демократияны негіздеу.

6. Қазақстандағы саяси режим, оның модернизациясы.

Саяси жүйе түсінігі. Саяси жүйе теорияларын жасаудағы концептуалды тәсілдер. Саяси жүйенің құрылымы мен элементтері. Саяси жүйе қызметтері. Жүйе ұғымын ХХ ғасырдың 20 жылдары ғылымға енгізген Л. Фон Борталанфи (1901-1972ж.ж.) болып табылады. Жүйе өзара байланысты болатын элементтердің біртұтас жиынтығы, оның бір элементі өзгеріске ұшыраса, онда барлық тұтастық өзгереді. Жүйе сыртқы және өзінің ішкі элементтерінің талаптарына жауап беру арқылы дамиды.

Дүниедегі барлық нәрсе белгілі бір жүйеге бағынып, өзара байланыстағы элементтердің жиынтығынан тұрады. Жүйе арқылы құбылыстар бір-бірінен ажыратылады және тұтастық ретінде бір-бірімен әрекетте болады. 

Жүйе тұрақтылықтың, беріктіктің белгілі бір қорына ие болуы керек. Бұл қор жүйенің қызметінің, реакциясының, бейімделу деңгейінің көрсеткіші болып табылады.

Саяси жүйе теорияларын жасаудағы концептуалды тәсілдер.   Қазiргi заманда саяси жүйенiң өзгеруiне назар аударатын бiрнеше тәсiлдер қалыптасты: жүйелiк, құрылымдық-функционалдық, коммуникативтi. Соның ішінде, Д. Истонның жүйелік моделiне тоқталсақ. Д. Истон саяси жүйенi қоғамның көпшiлiк бөлiгiмен байланысты, оның негiзiнде қоғам шешiмдер қабылдайтын әлеуметтiк өзара әрекеттер мен институттар деп анықтады.

Д. Истонның саяси жүйе моделi теориялық негiзi төрт базалық категорияны өзiне қамтиды: 1) «саяси жүйе»; 2) «қоршаған орта»; 3) «реакция»; 4) «керi байланыс». Бұл модель бойынша саяси жүйенiң әрекет етуi 4 кезеңдi қамтиды. Бiрiншiден, бұл «кiрiс», сыртқы ортаның саяси жүйеге талап пен қолдау формасында ықпал етуi. Екiншiден, әлеуметтiк талаптардың балама шешiмдерге айналуы, үкiметтiң белгiлi бiр көңiл бөлулерi болып табылады. Үшiншiден, бұл «шығыс», шешiмдердiң қабылдануы және оның практикалық шаралар формасында таратылуы. Төртiншiден, үкiметтiң қызметiнiң нәтижесi сыртқы ортаға «керi байланыс» арқылы ықпал етедi. Саяси жүйе сыртқы ортадан тұрақты импульстердi алып отыратын «ашық жүйе» болып табылады. Оның негiзгi мақсаты жүйенiң өмiр сүруi мен тұрақтылығын ортаға бейiмделуi арқылы сақтау.     

Д. Истон өз моделiн талаптар мен қолдаулардан тұратын «кiрiс» және керi байланыстын бастапқы жолы болып табылатын «шығыс» факторына бөлдi. Ол талаптардың өзiн ортадан келетiн сыртқы және жүйенiң өзiнен туындайтын iшкi талаптарға бөлдi. Талаптар сипаты жағынан алуан түрлi болады.

Жеткiлiктi қолдауларсыз саяси жүйе тиiмдi де сенiмдi түрде қызмет ете алмайды. Талап импульстары мен қолдау импульстары жүйеге ретiмен келiп тұруы қажет, олай болмаған жағдайда, ол дағдарысқа ұшырап қызмет етуiн тоқтатуы мүмкiн. Әр қилы импульстардың шамадан тыс артуы, ол қолдаулардың жеткiлiксiз көлемi режімнiң өз легитимдiлiгiн жоғалтуына алып келеді. Бұқара халықтың әртүрлi талаптарынан келiп түсiп жатқан талаптарға деген көзқарас көп жағдайда саяси жүйенiң түрiне байланысты. Легитимдi, демократиялық жүйелер мұндай сұраныс талаптарды өз қызметiн қалыпты атқарудың қажеттi шарты деп түсiнедi. Халық әдетте, өздерi ықпал ете алатын, өз сұраныстары мен қажеттiлiктерiн қанағаттандыра алатын саяси топтар мен лидердi қолдайды.

Атап айтсақ, жүйеден шығу барысында легитимдi, мiндеттеушi саяси шешiмдер мен оларды iске асыру әрекетi орын алып, саяси жүйенiң қызмет нәтижесi әртүрлi форма мен мазмұнға ие болуы мүмкiн. Әрине, айтылған импульстар қолдаумен тығыз байланысты және саяси жүйенiң түрiне қарай ерекшеленедi.

Жүйеден шығу барысында әртүрлi деңгейдегi нақты жағдайға сәйкес шешiм қалыптасады. Саяси шешiмдi iс-жүзiне асыру ұйымдастырылады. Жүйеден шығу барысында, саяси және ұйымдық қызмет бiртұтас қызмет түрiне бiрiгедi. Бүкiл ұйымдық қызметтiң мақсаты – қабылданған саяси шешiмдi жүзеге асыру. Бүкiл саясаттың табысты болуы iстi ұйымдастыруға байланысты.

Талаптар мен қолдауды артикуляциялауды әртүрлi күштеу топтары мен саяси партиялар атқарады. Егер олардың қызметi шектетiлетiн болса, онда саяси жүйенiң бейiмделу мүмкiндiгi әлсiрейдi. Талаптарды електеудің белгiлi бiр каналдары бар, олар мәдени және құрылымдық болып екiге бөлiнедi. Құрылымдық түрiне партия, жоғары қабат, парламентаризм жатады. Мәдени реттеуге саяси қалыптар, құндылықтар, түсiнiктер, көзқарастар жатады. Сондықтан мұнда саяси әлеуметтендiру рөлi басым. Сондықтан да елімізде саяси партиялар рөлін арттыру маңызды.                                                                    

Керi байланыс қоғамдағы шиеленiстердi шешудiң бiрден-бiр көзi, ол билiктiң саяси жүйеге түскен талап-тiлектердi реттеу қабiлетiне байланысты. Керi байланыс саяси жүйенiң өзiнiң мақсатына қаншалықты жеткендiгiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Қазақстан Республикасында саяси жүйе керi байланысын және саяси жүйенi ақпараттармен қамтамасыз ететін құрылымдарды нығайту шаралары жүргізілуде. 

К. Дойч саяси жүйе өз мақсатына жетуi үшiн мына төрт факторға тәуелдi деп есептейдi:

· жүйенiң ақпараттармен жүктелуi;

· саяси жүйе реакциясының жылдамдығы;

· саяси жүйенiң жаңа фактiлерге тез, әрi сапалы жауап қайтаруы;

· мақсатты нақты белгiлеу.

Демек, саяси жүйе қызметiнiң тиiмдiлiгi қамтамасыз ететiн факторларға айналымдағы ақпараттардың жеткiлiктiгi мен сапасы, жүйенiң сыртқы ықпалдарға жауап қайтару жолдары мен формалары, сонымен қатар ұжымдық әрекет арқылы бiлдiру, оның нәтижесiнiң бастапқы мақсатқа сәйкес келуiн жатқызуға болады.

Саяси жүйе деп елдiң саяси өмiрiне қатысушы мемлекеттiк, партиялық және қоғамдық ұйымдар жиынтығын түсiнемiз. Бұл жүйе қоғамның барлық элементтерiнiң интеграциялауын, оның бiртұтас саяси билiк арқылы орталықтан басқарылуын қамтамасыз етедi. Уақыты мен орнына қарай саяси жүйе әртүрлi мазмұнда болады, өйткенi жүйенiң басты компонеттерi саяси режімнiң (авторитарлық, демократиялық, диктатуралық), саяси жүйенiң типтерi (президенттiк, парламенттiк), билiк қатынастары (партия, үкiмет) және қоғамдық саяси репрезентация (плюрализм, корпоратизм) сияқты формаларына түрленедi. Кез-келген жүйе төмендегiдей сипатта болады: бөлшектерден тұрады, бөлшектер бiртұтас бүтiндi құрайды, жүйелердiң шекарасы болады.   

Сонымен, қоғамның саяси жүйесi деп билiк жүргiзiп, қоғамда тұрақтылық пен тәртiптi қамтамасыз ететiн әлеуметтiк топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы саяси өзара қатынастарды реттейтiн ұйымдар мен мекемелердiң жиынтығын айтамыз.

Саяси жүйенiң құрылымы мен қызметтері, түрлері. Саяси жүйе құрылымына мыналар енеді: 1. саяси институттар; 2. саяси қатынастар; 3. саяси ережелер; 4. саяси мәдениет. 

Саяси институттарға мемлекет, саяси партиялар, кәсiподақтар, кооперативтер, жастар, әйелдер т.б. ұйымдары мен бiрлестiктерi жатады.

Саяси қатынастарға таптардың, этникалық бiрлестiктердiң, тұлғалар мен қоғамның, азамат пен мемлекеттiң арасындағы қатынастар кiредi.

Саяси ережелер саяси институттардың өзара бiрлесiп әрекет етуiн қамтамасыз етедi және саяси жүйенiң ережелiк негiзiн құрайды.

Саяси мәдениет деп белгiлi бiр қоғамда немесе әлеуметтiк қауымдас-тыққа тән саяси сана мен iс-әрекеттердiң ұқсастық жиынтығын айтады.

Саяси жүйе бiрнеше қызметтердi атқарады (Г. Алмонд).

·  Белгiлi бiр әлеуметтiк топтың немесе көпшiлiк халықтың саяси билiгiн қамтамасыз етедi.

·  Саяси жүйе қоғамдық қатынастарды реттейдi, мүдделердi артикуляциялайды.

·  Саяси жүйе бiрiктiру, топтастыру қызметiн атқарады.

·  Экономиканың қалыпты жұмыс iстеп дамуына жағдай жасайды.

·  Үкiмет қызметi: шешiм қабылдау және өзiндiк басқару.

·  Қоғам мүшелерiн iшкi және сыртқы жағымсыз әсерлерден қорғайды.

Әр елдiң саяси жүйесi бiр-бiрiне ұқсамайды, дегенмен ұқсастық жақтарын табуға болады, сөйтiп саяси жүйе топтастырылады. Саяси жүйе әртүрлi негiздерде жіктелiнедi:

· елдiң экономикалық даму деңгейiне;

· саяси өмiр формасының даму деңгейiне;

· қоғам типiне;

· саяси мәдениет типiне байланысты.

Сонымен бірге, марксизм саяси жүйенi жiктеуге негiз етiп өндiрiс тәсiлi мен қоғамның таптық құрылымын алды. Марксизм қоғамды бес формацияға бөлді: алғашқы қауымдық, құлиеленуші, феодалдық, капиталистік, коммунистік.

Американдық ғалымдар экономиканың өсу сатысы концепциясы бойынша адамзаттың даму тарихын мынадай бес сатыға бөледi: 1 дәстүрлi қоғам; 2 өтпелi қоғам; 3 алға жылжу қоғамы; 4 индустриалдық қоғам; 5 постиндустриалдық қоғам.

Сонымен бiрге саяси жүйенi басқару тәртiбiне қарай: демократиялық, авторитарлы, тоталитарлы деп те бөледi.

Конституция - қоғамның негізгі заңы. Егеменді Қазақстан Республикасының Конституциясы. Саяси жүйенің жіктелуі және оларды салыстырмалы талдау. Қазақстан Республикасының саяси жүйесі.. Конституция ұғымы ежелгi Грецияда қалыптасты. Ол кезде «Конституция» деген сөз «саяси құрылыс» ұғымын бiлдiретiн. Сонымен бiрге, «Конституция» сөзi латынның constitutio орнату, бекiту деген сөздерiнен шыққан. Ал, Рим империясы заңдарында императордың құқық көздерiне арналған түрлi нұсқаулар мен жарлықтарды бiлдiрдi. Орта ғасырда феодалдық еркiндiк туралы құжаттар осылай аталатын. ХVІІ ғасырда Францияда бұл ұғым рента шартын бейнелейтiн. Кейiнiрек бұл ұғым ерте грекше ұғымға қайта оралып, құқықты бейнелейтiн құрылым мағынасына көштi. Ұлы француз революциясы тұсында «Конституция» ұғымы «мемлекеттiң жай-күйi» ұғымын танытты.

Ең алғаш рет конституциялық типтегi актiлер Англияда пайда болды. Бiрақ бұл заңдар мемлекеттiң iшкi өмiрiнiң басты жақтарын, қоғамдық құрылысты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын реттейтiн бiртұтас актiлер бола алмады. Сондықтан да Ұлыбритания мен жаңа Зеландияда жазбалы конституциялары жоқ мемлекеттер болып табылады. Оның жазбалы емес конституциясына ХІІІ-ХХ ғасырлар арасында қабылдаған көптеген актiлерi жатады. Бұлардың барлығы бiр-бiрiмен байланысы жоқ, белгiлi бiр жүйеге келтiрiлмеген, сондықтан тұтас актi ретiнде қалыптаспаған.

Алғаш рет жазбалы конституция АҚШ-та пайда болды. Ол 1787 жылы қабылданып, осы уақытқа дейiн қолданып келедi. Еуропа елдерiнде жазбалы конституция Польша мен Францияда 1791 жылы қабылданды.

Конституцияны ұлттық құқықтың басқа көздерiне қарағанда қоғам мен мемлекетте ең жоғарғы заңдық күшi бар құқық нормаларының жүйесi, адам мен қоғамның, екiншi жағынан адам мен мемлекеттiң арасындағы қатынастар негiзiн, мемлекеттiң өзiнiң ұйымдастыру негiздерiн, адам мен азаматтың негiзгi құқықтарын, бостандықтарын, мiндеттерiн, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару буындарын ұйымдастыру мен реттеушi Негiзгi Заң ретiнде тұжырымдаймыз. Сонымен бiрге, Конституция елiмiзде қолданылып жүрген барлық заңдардың iргетасын қалайды. Ал, ағымдағы заңдар осы конституциялық қағида қалыптарын әрi қарай дамытушы күш ретiнде есептелiнедi.

Конституция үш негiзгi қызметтердi атқарады: заңдық, құқықтың басты қайнар көзi; саяси, мемлекеттiң құрылысын айқындау; идеологиялық, адам мен адамның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғау.

Конституциялық құқықтың қоғамдық қатынастардың реттiлiгiнiң дамуын сипаттайтын әлемдегi мынадай үш үрдiстi (тендецияны) атап өтуге болады:

1  Конституциялар, жалпы конституциялық құқықты әлеуметтендiрудiң көрiнiс беруi;

2  Конституциялық құқықты демократияландыру;

3  Конституциялық құқықты интернацияландыру.

Қазақ мемлекеттiгiнiң жарты мың жылдық қалыптасу тарихы бар. Өз Ата Заңымыздың болуы мемлекеттiгiмiздiң негiзгi белгiсi болып табылады. Тарихи даму жолында Қазақстанның барлық Конституциялары (олар бесеу) ХХ ғасыр шегiнде қабылданған. Олардың үшеуi кеңестiк дәуiр Конституциялары: лениндiк (1926ж.), сталиндiк (1937ж.), брежневтiк (1978ж.). Қалған екеуi (1993ж. және 1995ж.) мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгi алғаннан бергi кезде қабылданған.

Бiрiншi, Қырғыз Кеңестiк Социалистiк Республикасының 1926 жылы 18-ақпанда қабылданған Конституциясы. Бұл Конституция ҚАКСР Орталық Атқару Комитетiнiң қаулысымен бекiтiлiп, РКФСР Бүкiлресейлiк Орталық Атқару Комитетiне бекiтуге жiберiледi, бiрақ онда қаралмайды. Сондықтан ол iс-жүзiнде қолданылмайды.

Екiншi, 1937 жылы 26-наурызда қабылданған ҚКС Республикасының Конституциясы. Ол төтенше Бүкiлқазақ съезiнiң қаулысымен бекiтiлдi. Бұл Конституция 11 тараудан және 124 баптан тұрады. Онда: қоғамдық құрылыс, мемлекеттiк құрылыс; мемлекеттiк өкiметтiң жоғарғы ұйымдары; мемлекеттiк өкiметтiң жергiлiктi ұйымдары; бюджет; сот және прокуратура; азаматтардың негiзгi құқықтары мен бостандықтары; сайлау жүйелерi; елтаңба, ту, астана; конституцияны өзгерту тәртiбi белгіленген.

Үшiншi, 1978 жылы 20-сәуiрде Қазақ КСР Конституциясы бекiтiлдi. Ол 10 бөлiмнен, 19 тараудан, 173 баптан тұрады. Бұл Негiзгi заңның өзектi мәселелерiне – жалпыхалықтық мемлекеттi, мемлекет құрылысының қағидаларын, қоғамның саяси жүйесі бөлiктерiнің мызғымастығын дәрiптеу, ең негiзгi қоғамдық саяси ұйым ретiнде Коммунистiк партия үстемдiгiн заңдастыру қарастырылған. Ол шаруашылықтың социалистiк жүйесi мен өндiрiс құрал жабдықтарына қоғамдық меншiктi орнатты.

Төртiншi, 1993 жылы 28-қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесiнiң тоғызыншы сессиясының 12 отырысында жаңа Конституция қабылданды.   

ҚР Конституциясының негізгі қағидалары. 1995 жылы 30 тамызда қазақстандықтар бүкiлхалықтық референдумда қолдап дауыс берген Конституция елiмiзде демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтiк және әлемге ашық мемлекет құруға негiз қалап бердi. Ата Заңды референдум арқылы қабылдау ең демократиялық тәсiл болып табылады. Әлемдiк тәжiрибеге жүгiнсек, Франция, Италия, Болгария, Румыния және т.б. бiрқатар елдердiң Конституциялары референдум жолымен қабылданған.

ҚР жаңа Конституциясы ең алдымен адамның негiзгi құқықтары мен бостандықтарын бекiттi. Бұл әрбір азаматының құқығы мен еркіндігін қорғауға бет бұрудың маңызды саяси басымдылыққа айналуы жаңа дүниеге келген егеменді елдің тұрғындарын барынша біріктіруге, қоғамның саяси өмiрiне демократиялық қағидаларды ендiруге мүмкiндiктер жасады. Өйткенi, азаматтарымыздың көбiсi – 60 пайызы өздерiнiң құқықтары мен еркiндiгiне ерекше мән беретiндiгiн әлеуметтiк зерттеу нәтижелерi де көрсетiп отыр. 

Көптеген посткеңестік мемлекеттер сияқты Қазақстанда тоталитарлық режімнен орталықтанған саяси кеңістікті мұраға алған болатын. Енді осы жағдайда демократиялық саяси институттарды көп ұлтты мемлекетте енгізу мақсаты мен міндеті тұрды. 1995 жылғы ҚР Конституциясы негiзiнде елiмiзде демократиялық саяси институттар өмiрге келдi, атап айтсақ, билiктiң тармақтарға бөлiнуi, билiктiң жоғарғы ұйымдарының сайланбалы болуы, президент, парламент институттары және көппартиялық жүйе т.б. Парламент Қазақстан халқының демократиялық қалаулары мен қажеттіліктерін жариялаушы, жүзеге асырушы органға айналуы тиіс болатын. Сонымен бірге, Қазақстанға президенттік басқару жүйесіндегі қуатты мемлекеттік биліктің қажет екендігі мойындады.

Конституция азаматтарға ерiктi және жалпыға ортақ сайлауларда ел Президентi мен Парламент, маслихат депутаттарын сайлау құқығын бердi.

Заң негiзiнде азаматтарымыз өз қалауы бойынша бiрлестiктер құруға құқығы бар. ҚР саяси партиялар туралы Заңы бойынша азаматтардың кәсiптiк, нәсiлдiк, ұлттық, этностық және дiни белгiлерi бойынша саяси партия құруға жол берiлмейтiндiгiн бiлгенiмiз жөн. Бұл поликонфессиялы, полиэтникалық күрделi қоғамымызда тұрақтылық пен келiсiмдi сақтау үшiн қажеттiлiк болып табылады.

ҚР жаңа Конституциясы негiзiнде саяси жүйе институттарының орнықтылығы, олардың сыртқы және iшкi өзгерiстер кезiнде тиiмдi жұмыс iстеу мүмкiндiгi қалыптасты. Негiзгi Заңымыз қоғамымызда саяси және мемлекеттiк тұрақтылықты қалыптастырды, одан маңызды еш нәрсе жоқ. Қоғам өмiрiнiң кез келген саласына жүргiзiлген реформа нәтижесi қоғамда қалыптасқан саяси ахуалға тәуелдi. Тиiмдi, қолайлы саяси ахуал, яғни саяси тұрақтылық реформа тиiмдiлiгiнiң негiзгi кепiлi. Бiз қазiргi кезде қоғам өмiрiнiң кез келген саласында жүргiзiлген реформалар нәтижелерiн көрiп отырмыз.  

Қазақстан Республикасы жаңа азаматтық қоғам құру идеясын қолға алып отыр. Бұл полиэтникалық Қазақстанның әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілетін күрделі іс. Өйткені, азаматтық мәдениет өте мықты іргетасқа сүйенгені абзал. ҚР Конституциясы елімізде азаматтық қоғамның мына қағидаларын да ендіруде:

1 алдымен жеке бастың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы, ол адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді негізгі бағдар ретінде қарастырады. Қоғамдағы барлық заңдар жүйесі, соттар қызметі, ішкі істер басқармалары осы қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс.

2 ешкімнің басқадан заң алдында артықшылығы, басымдылығы, биіктігі болмауы керектігі азаматтық құндылық ретінде мойындалады. Шыныменде әділ соттың алдында хан да, қара да бірдей болуы керектігі жөнінде өткен заманда қазақтың дәстүрді мәдениетінде де айтылған болатын. Бұл теңдік принципі қоғамдағы әділеттілікті орнату үшін керек негіз болады деген ойдамыз.

3 жеке меншіктің болуы, қорғалуы, әкеден балаға берілуі жөніндегі құқық азаматтық қоғамның жетекші қағидасының бірі деп есептеледі, әрі заңымыз оны бекітеді.

4 азаматтық қоғамның мемлекеттік органдар мен аппаратының қызметін бақылау жүйесін орнату. Бұл бақылаудың төмендегі деңгейден (ұжымнан) мемлекеттің ең жоғары сатысына дейін жүргізілуі шартты.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: