Бап. Жеткiзу 7 страница

847-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша
заңды күшiне енген қаулыларды және оларға
шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi
бойынша қаулыларды қайта қараудың кассациялық
тәртiбi

1. Осы Кодекстiң 849-бабының бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың наразылығы немесе шағымы бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулылар, оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулылары кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша қаулыларға кассациялық шағым немесе наразылық әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның не өзіне қатысты әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын жағына қарай қаулы жарияланған күннен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін. Мерзім дәлелді себептермен өткізіп алынған жағдайда шағымды қарауға құқықты сот осы мерзімді қалпына келтіруі мүмкін.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулыларына кассациялық шағымды, наразылықты олар түскен күннен бастап он тәулік ішінде облыстық және оған теңестірілген сот кемінде үш судьядан тұратын құраммен қарайды.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша қаулыларға кассациялық шағым, наразылық осы Кодекстің 833-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулыларына кассациялық шағымды, наразылықты қарауға әзірлеу, қарау және олар бойынша шешім қабылдау тәртібі осы Кодекстің 45-тарауында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Кассациялық сатыдағы сот актілері қаулылар нысанында шығарылады және осы Кодекстің 822-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді қамтуға тиіс.
7. Кассациялық сатыдағы сот әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қаулылардың, оларға шағымдар, наразылықтар бойынша қаулылардың заңдылығын және негізділігін толық көлемде тексереді.

848-бап. Істерді талап етіп алдырудың және заңды күшіне
енген сот актілеріне наразылық келтіру туралы
өтінішхаттарды қараудың тәртібі мен себептері

1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оған теңестірілген прокурорлар қадағалау тәртібімен тексеру үшін тиісті соттан талап етіп алдыра алады.
2. Осы Кодекстің 849-бабының екінші бөлігінде аталған тұлғалардың өтінішхаттары, сол сияқты осы Кодекстің 849-бабының бірінші бөлігінде аталған прокурорлардың өз құзыреті шегінде бастамасы істерді талап етіп алдыруға себептер болып табылады.
3. Прокурордың істі талап етіп алдыру туралы сұрау салуын сот оның сотқа келіп түскен күнінен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей орындайды.
4. Іс талап етіліп алдырылған жағдайда қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінішхатты прокурор істің прокуратураға келіп түскен күнінен бастап отыз тәулік ішінде қарауға тиіс.

849-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша
қаулыларға және оларға шағымды, наразылықты
қарау нәтижелерi бойынша қаулыларға наразылық
келтіру, шағым беру

1. Заңды күшiне енген қаулыларға және осы Кодекстiң 847-бабында көрсетілген қаулыларға наразылық келтіру құқығы Бас Прокурорға, оның орынбасарларына, облыстардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға тиесілі болады.
2. Осы Кодекстiң 847-бабында көрсетілген, заңды күшiне енген қаулыларды қайта қарау туралы шағым беруге әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлғаның, жәбiрленушiнiң, аталған тұлғалардың қорғаушыларының, заңды өкiлдерi мен өкiлдерiнiң құқығы бар.

850-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын
тоқтата тұру

Осы Кодекстiң 849-бабында көрсетілген, заңды күшiне енген қаулыларға наразылық келтіру осы қаулылардың орындалуын тоқтата тұрады.

851-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша
заңды күшіне енген қаулыларды және оларға
шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері
бойынша қаулыларды қайта қараудың ерекше
(қадағалау) тәртібі

1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша қадағалау сот алқасы Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының наразылығы бойынша шағым жасаудың кассациялық тәртібі сақталған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кез келген iс бойынша заңды күшiне енген қаулының, сол сияқты қаулыға шағымды, наразылықты қарау нәтижелерi бойынша қаулының заңдылығын және негiздiлiгiн тексеруге және қабылданған шешiмдi наразылық түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қайта қарауға құқылы. Жоғарғы Сот алқасының қаулылары қабылданған кезден бастап заңды күшіне енеді.
2. Соттың әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлғаның не өзiне қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзу тоқтатылған тұлғаның жағдайын нашарлататын жағына қарай қайта қарауына соттың немесе уәкілетті мемлекеттік органның қаулысы заңды күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде жол берiледi.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулыларына наразылық келтіру осы Кодекстің 833-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

47-тарау. ӘКIМШIЛIК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ IСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ
КҮШIНЕ ЕНГЕН ҚАУЛЫЛАРДЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ШАҒЫМДАРДЫ, НАРАЗЫЛЫҚТАРДЫ
ҚАРАУ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАУЛЫЛАРДЫ ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН МӘН-ЖАЙЛАР
БОЙЫНША ҚАЙТА ҚАРАУ

852-бап. Қайта қарау негіздері

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулылар және шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi бойынша қаулылар жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2. Қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін мыналар:
1) құқық бұзушыға, жәбірленушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін маңызды мән-жайлар;
2) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, заңсыз не негізсіз қаулы шығаруға әкеп соққан куәнің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс емес аударма, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
3) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, осы істі қарау кезінде жасалған, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, іске қатысатын басқа да тұлғалардың не олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері немесе судъялардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қылмыстық іс-әрекеттері;
4) осы қаулыны шығаруға негіз болған соттың шешімін, үкімін, ұйғарымын немесе қаулысын не өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісінің күшін жою;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы негіздер болып табылады.

853-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша
қаулыларды және оларға шағымдарды,
наразылықтарды қарау нәтижелері бойынша
қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша
қайта қарайтын соттар, уәкілетті органдар
(лауазымды адамдар)

Заңды күшіне енген қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша бұл шешімді шығарған сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) қайта қарайды.
Сот органның (лауазымды адамның) қаулыларын қайта қараған және оны өзгеріссіз қалдырған жағдайда, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды осы шешімді шығарған сот жүзеге асырады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: