Жалпы ережелер 4 страница

Командир (бастық) өзіне берілген құқықтар шегінде дербес әрекет етуі; өзі үлгі көрсетуі және бағыныстылардан сергектік пен төзімділікті, мінсіз мінез-құлықты талап етуі, заңнаманы, әскери антты, жалпыәскери жарғыларды, өзінің қызметтік міндеттері мен бұйрықтарды нақты орындауы; бағыныстыларды танытқан дұрыс бастамасы, ынта-жігері, ерлігі және қызметте ерекшеленгені үшін көтермелеуі, әділетті болуы және әскери тәртіпті бұзушыларды қатаң жазалауы тиіс.

77. Командир (бастық) жеке құрамның қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі шараларды қабылдауға, жауынгерлік кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, тәуліктік нарядта, қару-жарақпен, әскери және басқа техникамен, қызмет жануарларымен жұмыс кезінде, марш жасау, оқу-жаттығуларды, жауынгерлік оқ атуларды (жіберулерді) жүргізу, ұшулар, кемелер жорықтары, арнайы сабақтар немесе жұмыстар кезінде, қарауылдық және ішкі (кезекшілік және вахталық) қызметтерді атқару кезінде қажетті қауіпсіздік талаптарын сақтауға және белгілеуге, осы қауіпсіздік талаптарын бағыныстыларға уақтылы жеткізуге және олардың орындалуын талап етуге міндетті.

Сабақтар, жұмыстар немесе қызметтік іс-әрекеттердің басқа да іс-шараларын бастар алдында командир бұл үшін қауіпсіздік шараларының жасалғандығына және қамтамасыз етілгендігіне, бағыныстылардың оларға жеткізілген қауіпсіздік шараларының талаптарын меңгергендігіне және оларды орындауда жеткілікті практикалық машықтанғанына өзі көз жеткізуге міндетті.

Командирдің (бастықтың) жеке құрамның қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі қабылдаған шаралары жауынгерлік міндеттерді орындауды бұзуға әкеп соқтырмауы тиіс.

78. Командир (бастық) бағынысты бөлімде (бөлімшеде) жарғылық ішкі тәртіпті қамтамасыз етуге:

штабтың және бағынысты командирлердің (бастықтардың) қызметін барлық әскери қызметшілердің жалпыәскери жарғылардың талаптарын зерделеуін және орындауын ұйымдастыруға бағыттауға;

әскери қалашықтағы бөлімшелердің және үй-жайлардағы әскери қызметшілердің дұрыс орналасуын ұйымдастыруға;

әскери бөлімнің күнделікті қызметінде уақыттың мақсатты бөлінуін көздеуге;

жеке құрамды тәуліктік нарядта қызмет атқаруға жан-жақты даярлауды жүргізуге;

ішкі қызметті атқаруға бақылауды ұйымдастыруға;

қарауылдарды тексеруге жеке өзі қатысуға;

тәуліктік наряд қызметінің жай-күйін жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлеуге;

әскери қызметшілерге келу, мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің әскери бөлім орналасқан жерден сейілдемеге шығу тәртібі мен өткізу режимін белгілеуге және сақтауды талап етуге;

паркте, полигонда және бөлімше уақытша болатын басқа да орындарда жарғылық ішкі тәртіпті ұйымдастыруға және сақтауға міндетті.

79. Командир (бастық) қару-жарақты, әскери, басқа техниканы және басқа да материалдық құралдарды ақаусыз және сақтаулы жай-күйде ұстауға, техникалық, материалдық, медициналық, қаржылық, әлеуметтік-құқықтық және тұрмыстық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға;

әскери бөлімге (бөлімшеге) келіп түскен қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қабылдауды және іске қосуды ұйымдастыруға, жеке құрамның оларды қабылдауға және пайдалануға әзірлігін жеке өзі тексеруге;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалануды жоспарлауға, олардың техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, бұзылулардың, оқиғалардың апаттар мен авариялардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүргізуге, машиналардың (командалардың, лектердің) жетекшілеріне гарнизондардан тыс рейстерге шығар алдында жеке өзі нұсқама беруге;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы есепке алуды және сақталуын ұйымдастыруға, материалдық құралдарды алуды, сақтауды және есепке алуды, оларды жеткізуді және бағыныстыларға беруді уақтылы талап етуге және ұйымдастыруға;

әскери мүліктің жоғалуын, жетіспеуін, бүлінуін және ұрлануын болдырмауға, кінәлі адамдарды жауапқа тартуға;

жеке құрамға тиісті ақшалай және басқа да жабдықталым түрлерін толық жеткізуді қамтамасыз етуге;

материалдық және ақшалай қаражатты үнемді және мақсатты жұмсауды, қаржылық тәртіпті (барлық бөлімдер (кемелер), мекемелер мен лауазымды адамдар үшін міндетті қаржылық қызметті жүзеге асыру тәртібін) сақтауға;

штаттық тәртіпті (әскери бөлімнің (кеменің), мекеменің жеке құрамын орналастыру, штат бойынша лауазымға тағайындау және лауазымдық міндеттерін орындау тәртібін) сақтауға;

әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі шараларды қабылдауға, жеке құрамды медициналық қамтамасыз етуді жетілдіруге;

бағыныстыларға сауда-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту туралы ұдайы қамқорлық көрсетуге (Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің, жұмысшылары мен қызметкерлерінің әскери тауарлардың түр-түріне, азық-түлікке, киім-кешек, киім мен аяқ киім тігуге (жөндеуге), тұрмыстық қызмет көрсетулер ұсынуға қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған іс-шаралар), бұл ретте әлеуметтік әділдік пен жариялылық принциптерін сақтауға;

әскери шаруашылықты ұйымдастыруға және оған штаб, өзінің орынбасарлары, әскер тектері мен қызметтер бастықтары арқылы жеке өзі басшылық жасауға;

әскери бөлімнің (бөлімшенің) іс-қимылы ауданында қоршаған ортаны қорғау, бекітіліп берілген жер телімдерін мақсатты және ұтымды пайдалану жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

80. Командир (бастық) жеке өзінің кәсіби даярлығын және әскери бөлімді (бөлімшені) басқару әдістерін жетілдіруге:

өзінің әскери, педагогикалық және құқықтық білімін арттыруға;

өзінің қызметтік іс-әрекетіне қатысты нормативтік құқықтық актілерді, жалпыәскери жарғылардың ережелерін білуге, оларға сәйкес әрекет етуге және бағыныстылардан оларды сақтауды талап етуге;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, оларды жауынгерлік қолдану, пайдалану, жөндеу және эвакуациялау тәртібін білуге;

өзінде және бағыныстыларда мақсаткерлікті, жеке жауаптылықты, іскерлікті, алдын ала болжау және сақтық сезімін қалыптастыруға, өз жұмысының нәтижелеріне сын көзбен қарауға;

жеке құраммен үздіксіз байланыс орнатуға, жұмыста бағыныстылардың ұсынысын ескеруге, олардың арасында жұмысты және міндеттерін шеберлікпен бөлуге, бұйрықтардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;

берілген құқықтар шегінде дербес, мемлекеттік басқару органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпорындардың, ұйымдардың ұжымдарымен, соғыс және Қарулы Күштер ардагерлерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, әскери бөлімнің (бөлімшенің) дәстүрлерін ұстай және еселей әрекет етуге. Осы мақсатта оларға ардагерлерді, халықты, оның ішінде жастарды, қоғам өкілдерін және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін шақырумен жиналыстар, кездесулер, әскери жоралғылар, спорттық, мәдени-көпшілік және басқа да іс-шаралар өткізуге;

дара басшылықты барынша нығайтуға, офицерлер мен сержанттар құрамдарына арқа сүйеуге, олармен бірлесіп жеке құрамның барлық күш-жігерін қойылған міндеттерді орындауға бағыттауға;

жеке құрам мен бағынысты бөлімшелер арасында жарыстар ұйымдастыруға, әскери қызметшілерді әскери бөлім (бөлімше) шешетін міндеттерді орындауға жұмылдыру мақсатында оларға басшылық жасауға;

бағыныстылармен жауынгерлік даярлықтың, әскери тәртіп пен құқық тәртібінің жай-күйі, ішкі тәртіпті ұстауды жүйелі қорытындылауға және оларды жақсарту жөніндегі шараларды айқындауға;

әскери қызметшілердің жалпы жиналыстарында өмір сүру және тұрмыс мәселелерін жиі қарауға, оларда жасалған ұсыныстарды әскери бөлімнің (бөлімшенің) тиісті міндеттерін шешу кезінде ескеруге міндетті.

81. Командир (бастық) кадрлармен шеберлікпен жұмыс істеуге:

жеке құрамды олармен жеке қарым-қатынас жасау жолымен және мінездеме беретін құжаттар бойынша жан-жақты зерделеуге;

бағыныстылардың іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін білуге, оларды тәрбиелеумен күнделікті айналысуға;

бұған өз орынбасарларын, әскер тектері мен қызметтер бастықтарын тарта отырып, тұрақты әрекеттегі аттестаттау комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді іріктеуді, орналастыруды және аттестаттауды жүзеге асыруға;

келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау, жоғары әскери лауазымдарға ұсыну, әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуге басшылық жасауға;

әскери қызметшілердің көзделген ауыстыруының жариялылығын қамтамасыз етуге, кадр резерві мен тәжірибелі және жас кадрларды үйлестіру жолымен басшылық жасауды сабақтастыру үшін жағдайлар жасауға;

өзінің бағыныстыларымен жеке өзі әңгімелесулер жүргізуге;

бағыныстыларды жетістіктері мен танытқан дұрыс бастамасы, ынта-жігері мен қызметте ерекшеленгені үшін көтермелеуге міндетті.

Одан басқа, әскери бөлім командирі кемінде айына бір рет күн тәртібімен белгіленген уақытта әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін жеке мәселелері бойынша, ерекше жағдайларда және басқа да уақытта азаматтарды, ал бөлімше командирі өз бағыныстыларын жауынгерлік кезекшіліктен, жауынгерлік қызметтен, тәуліктік нарядтағы міндеттерін орындаудан және сабақтардан бос уақытында қабылдауы тиіс.

82. Командир (бастық) өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстарға басшылық жасауға:

міндеттерді айқындауға, ғылыми, өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстар жоспарының орындалуын ұйымдастыруға және бақылауға, олардың материалдық-техникалық жағынан орындалуын қамтамасыз етуге, әскери қызметшілердің шығармашылығын әскери бөлімнің (бөлімшенің) алдында тұрған міндеттерді шешуге бағыттауға;

ғылыми, өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстарда жеке өзі қатысуға;

озық тәжірибені зерделеуге, жинақтауға және таратуға;

конференциялар, кеңестер, байқаулар, көрмелер мен спорттық жарыстар, ойындар өткізуді ұйымдастыруға және оларға қатысуға;

үздік шығармашылық және спорттық нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілерді көтермелеуге міндетті.

83. Командир (бастық) азаматтық персоналдың еңбек әрекетімен байланысты мәселелерді шешу кезінде еңбек туралы заңнаманы және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуға, азаматтық персоналдың жұмысын ұйымдастыруға, еңбек өнімділігінің өсуі, еңбек және өндіріс тәртібін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау ережелерін сақтау, еңбек пен тұрмыс жағдайларын жақсарту үшін жағдайлар жасауға міндетті.

84. Командир (бастық) уақытша кеткен жағдайда өзінің міндеттерін орындау үшін орынбасарларының біреуін немесе басқа да лауазымды адамдарды тағайындайды, бұл туралы аға командирге (бастыққа) баяндайды және әскери бөлім бойынша бұйрықта жариялайды.

Лауазымға кірісу тәртібі

85. Әскери бөлімнің жаңадан тағайындалған командирі аға командирдің (бастықтың) нұсқамасы немесе бұйрығы негізінде қолбасшылыққа кіріседі. Қолбасшылыққа кірісу туралы әскери бөлім командирі бұйрықта жариялайды және аға командирге (бастыққа) баяндайды.

Әскери бөлімнің (бөлімшенің) жаңадан тағайындалған командирін әскери бөлімнің (бөлімшенің) жеке құрамына аға командир (бастық) таныстырады.

86. Әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) рота командирі (4-дәрежелі кемеден) және одан жоғары жаңадан тағайындалған командирлері лауазымды қабылдау кезінде кейіннен оларды шешу үшін, олардың ұсыныстарын, шағымдарын, арыздарын анықтау мақсатында әскери бөлімнің (бөлімшенің) әскери қызметшілеріне сұрақ қояды.

87. Командирлер (бастықтар) қызметі бойынша ауысқан, бір ай уақыттан артық мерзімге уақытша кеткен кезде істер мен лауазымды акт жасаумен тапсыруға және қабылдауға міндетті: бригада командирінің істер мен лауазымды қабылдау және тапсыру мерзімі он бес күнге дейін, полк және жеке батальон (1 және 2-дәрежелі кемелер) он күнге дейін, бригада (полк) командирінің қару-жарақ және тыл жөніндегі орынбасарлары жиырма күннен артық емес, батальондар мен роталар (3 және 4-дәрежелі кеме) командирлері бес күннен артық емес, взвод командирі үш күннен артық емес, әскерлер тектері мен қызметтер бастықтары он бес күннен артық емес белгіленеді. Арсенал, база командирінің (бастығының), сондай-ақ басқа да лауазымды адамдардың істер мен лауазымды қабылдау, тапсыру мерзімін аға командир (бастық), бірақ бір ай мерзімнен артық емес айқындайды.

Істер мен лауазымды қабылдауды (тапсыруды) аяқтау деп аға командирдің (бастықтың) тиісті актіні бекітуі саналады. Актіні белгіленген тәртіппен уақтылы бекітпегені үшін аға командир (бастық) жауапты болады.

88. Әскери бөлім командирі істер мен лауазымды қабылдауды, тапсыруды жеке өзі аға командирдің (бастықтың) өкілінің қатысуымен жүргізеді.

Одан басқа, істер мен лауазымды қабылдау және тапсыру үшін аға командирдің (бастықтың) бұйрығымен комиссия тағайындалады, ол әскери бөлімнің жалпы жай-күйін, Жауынгерлік Тудың, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, оқ-дәрілердің болуы мен жай-күйін және оларды есепке алуды жеке, сондай-ақ әскери бөлімнің әскери және қаржылық шаруашылығын жеке тексереді және акт жасайды.

Істер мен лауазымды қабылдау және тапсыру туралы актіде: әскери бөлімнің тізімдік және бар құрамы; жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарының, оқу материалдық-техникалық базасының жай-күйі; жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери тәртіптің жай-күйі, құпия құжаттардың болуы көрсетіледі.

Қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, оқ-дәрілерді және басқа да материалдық құралдарды қабылдау және тапсыру туралы актіде: штат бойынша тиісті, құжаттар бойынша есептегі саны, нақты болуы, сапалық және техникалық жай-күйі, ұстау және сақтау жағдайы көрсетіледі.

Әскери және қаржылық шаруашылықты қабылдау және тапсыру туралы актіде: пәтер-тұрмыстық жағдайы, ғимараттардың, құрылыстардың, мүкәммал мен жабдықтың болуы мен жай-күйі; жанар, жағар май материалдарының, азық-түліктің, киім-кешек, техникалық мүлік пен ағымдағы жабдықталымдағы және жұмсалмайтын қордағы материалдық құралдардың, сондай-ақ ақшалай қаражаттың болуы, жай-күйі, жұмсау заңдылығы, есепке алу және сақтау тәртібі көрсетіледі.

Актілерге қабылдайтын және тапсыратын командирлер, комиссия мүшелері қол қояды және аға командирге (бастыққа) бекітуге ұсынады.

89. Бөлімше командирі істер мен лауазымдарды қабылдауды (тапсыруды) әскери бөлім бойынша бұйрық негізінде жеке өзі жүргізеді.

Бөлімше командирінің істер мен лауазымды қабылдауы үшін бөлімде комиссия тағайындалады.

Істер мен лауазымды қабылдағаны (тапсырғаны) туралы бөлімше командирі әскери бөлім командиріне команда бойынша жазбаша баяндайды.

Лауазымды қабылдаушы баянатпен бірге бөлімшені қабылдағаны туралы акт ұсынады, онда: бөлімшенің тізімдік және бар саны; жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарының жай-күйі; жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери тәртіптің жай-күйі; қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың болуы мен жай-күйі; әскери қызметшілердің тұрғын үй және тұрмыстық жағдайларының жай-күйі көрсетіледі.

Актіні комиссия мүшелері, лауазымды тапсырушы және қабылдаушы жасайды және қол қояды, белгіленген мерзімінен кешіктірмей бөлім командирі бекітеді.

Лауазымды адамдардың, сарбаздар мен матростардың міндеттері

Бригада (1-дәрежелі кеме) командирі

90. Бригада командирі (полк, шекара жасағының, авиациялық базаның және оларға теңестірілгендердің, бұдан әрі – бригада (кеме) бейбіт және соғыс уақытында:

жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтары, жеке құрамның әскери тәрбиесі, тәртібі, моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери қызмет қауіпсіздігі;

Жауынгерлік Тудың, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, оқ-дәрілердің, жанар және жағар май материалдарының және басқа да материалдық құралдардың жай-күйі мен сақталуы; бригаданың (кеменің) жауынгерлік міндеттерді табысты орындауы;

жарғылық ішкі тәртіп және әскерлер қызметінің жай-күйі;

әскери объектілердің, ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі мен сақталуы; барлық жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз ету түрлері;

шарттық және талап-арыз жұмысы;

әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік-құқықтық қорғау үшін жауап береді.

Бригада (кеме) командирі бригаданың (кеменің) барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.

91. Бригада (кеме) командирі:

бригаданың (кеменің) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететіндей жай-күйде ұстауға;

жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің іс-шараларын жоспарлауға және өткізуге, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтары жоспарларын әзірлеуге және олардың орындалуын бақылауға басшылық жасауға; бригаданың (кеменің) мақсатын білуге және оны кез келген жағдайда шебер басқаруға;

бөлімдермен (бөлімшелермен) оқу-жаттығулар өткізуге, бригада штабының даярлығын жүргізуге, бөлімдер (бөлімшелер) командирлерімен, олардың орынбасарларымен, әскер тектері мен бригада қызметтерінің бастықтарымен (кемеде – жауынгерлік бөлімдер командирлерімен, көмекшілерімен, орынбасарларымен және қызметтер бастықтарымен) сабақтар, сондай-ақ бригада (кеме) бөлімдерімен (бөлімшелерімен) сабақтар өткізуге;

күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін белгілеуге, ішкі тәртіпті сақтауды талап етуге, орындалатын міндеттер мен сабақтар кестесін ескере отырып, жеке құрамның киім нысанын айқындауға;

бөлімнің, рота және одан жоғары бөлімшенің әрбір офицері мен сержантының (старшинасының) іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, атын, әкесінің атын, атқаратын лауазымын, мамандығын, отбасы жағдайын білуге; офицерлермен құқықтық, әскери тәрбие, педагогикалық дағдыларын, кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;

бригададағы (кемедегі) мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етумен істердің нақты жай-күйін білуге, құпия ақпараттың жария болуы мүмкін болатын арналарды анықтау және жабу жөніндегі ұдайы жұмысты ұйымдастыруға;

жаңадан келген буынды бөлімшелер (командалар, жауынгерлік бөлімдер) бойынша бөлуге басшылық жасауға және оған әскери ант қабылдатуға;

кадрларды іріктеуге және орналастыруға басшылық жасауға;

бригаданы келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және азаматтық персоналды қабылдауды ұйымдастыруға және жүргізуге;

әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу, жоғары лауазымдарға ұсыну үшін кандидаттарды айқындауға, бұл ретте әскери ұжымның пікірін, тұрақты әрекеттегі аттестаттау комиссиясының ұсыныстарын ескеруге;

әскери қызметшілердің тұрмысын жақсарту, олардың денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі шараларды қабылдауға, бір аптаға азық-түліктерді тарату мәзірін қарауға және бекітуге, тамақ берудің сапасына және толықтығына күн сайынғы бақылауды жүзеге асыруға, апта сайын тамақ дайындау сапасын жеке өзі тексеруге;

белгіленген қорларды ұстау, қару-жарақты, әскери және басқа техника мен басқа да материалдық құралдарды сақтау, ақаусыз жай-күйде ұстау және дұрыс пайдалану жөніндегі шараларды қабылдауға, олардың болуын, жай-күйі мен жауынгерлік әзірлігін жиі тексеруге; кемінде жылына екі рет барлық қару-жарақты, әскери және басқа техниканы тексеруді жүргізуге, тексеру нәтижелерін бригада бойынша бұйрықта жариялауға (кеме командирі екі айда кемінде бір рет кемені тексеруді, кемінде айына бір рет – оның қару-жарағын, оқ-дәрілері мен техникалық құралдарын тексеруді, күн сайын кемені аралап шығуды жүргізуге);

құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды қабылдауға, ал олар жасалған жағдайда аға командирге (бастыққа) баяндауға, құқық қорғау органдарын жасалған қылмыстар туралы хабардар етуге, қызметтік тексеру жүргізуге;


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: