Кредит саны: 4 кредит 13 страница

Қазақ тілінде грамматикалық форма дегенге белгілі бір грамматикалық

топтағы сөздердің түрлену, өзгеру жүйесі болып табылатын форма тудырушы қосымшалары жатады. Олар: көптік, септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары және форма тудыратын: сын есімнің шырай тұлғалары, болымсыз, күшейтпелі етістік, тұйық етістік, шақ, көсемше есімше, рай жұрнақтары жатады.

      Сөз формалары. Грамматикалық форма деген ұғыммен байланысты қолданылатын тағы бір ұғым - сөз формалары. Сөз формалары деген ұғымға белгілі бір лексикалық мағыналы сөздің грамматикалық мағынаны білдіретін белгілі бір грамматикалық тұлғада тұруы енеді. Мысалы: сөз, сөздер, сөзді, сөздік, сөйлеген, сөйлем, сөйлемге дегендерге назар аударайық. Алдымен, осылардың әрқайсысы жеке-жеке сөз бе? Әрине жоқ. Сөз тұрғысына келсек, бұл топтан сөз, сөздік, сөйле, сөйлем деген сөзді бөліп аламыз да, ал қалғандары осы төрт сөздің түрлі формалары болып табылады..

  Сөз бен сөз формасы деген ұғымдардың аражігі айырмашылығы олар білдіретін лексикалық мағынаның бір я бөлек-бөлек болуына негізделген. Сөздердің көптеген формаларының ішінен біреуі сөздің сол форманы жасауға негіз болады. Ол көбіне белгілі бір сөз табының түбір (негіз және туынды) тұлғасы болып табылады. Мысалы: зат есімнің сөз формасына негіз болатын зат есімнің түбір тұлғасы т.б. Сөз форманың қазақ тілінде екі түрі бар:1) сөзге форма тудыратын қосымшалар жалғану арқылы жасалатын синтетикалық формалар немесе сөздің синтетикалық формалары, 2) негізгі сөзге көмекші сөздердің тіркесу арқылы жасалатын аналитикалық формалар немесе сөздің аналитикалық формалары. Сөздің аналитикалық формаларына сын есімнің күшейтпелі тұлғалары жатады. Мысалы: тым жоғары, әп-әдемі.

Сондай-ақ етістіктің ашық рай (осы шақ, өткен шақ-келе жатыр, айтқан), қалау рай (барғысы келді), болымсыз етістік (барған жоқ) формалары да жатады.

  Грамматикалық категория. Грамматикалық категория ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикаклық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес және де, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен байланысты.

Грамматикалық категория әрі өзара тендес, мәндес, ыңғайлас, әрі бір-біріне қайшы мәндегі бірнеше грамматикалық мағынадан немесе мағыналар жиынтығынан тұрып, ол грамматикалық мағыналар белгілі тұлғалар жүйелері арқылы беріледі.

Грамматикалық категориялар тілдік деңгейге қатысты шартты түрде морфологиялық категория және синтетикалық категория деп бөлінеді.

  Морфологиялық категория сөз таптарына қарай топталып жіктеледі. Бұның өзі грамматикалық категория сол сөз табының грамматикалық ерекшелігі түрлену жүйесінің сипаты екендігін көрсетеді. Бірақ тіліміздегі сөз табының барлығында бірдей грамматикалық категория бола бермейді. Кейбір сөз табында (мысалы: сан есім, есімдік, үстеу т.б.) грамматикалық категория атымен жоқ. Ал грамматикалық категориялары бар сөз таптары зат есім, сын есім және етістік.

  Зат есімнің сан-мөлшер (көптік) категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, сын есімнің шырай категориясы, етістіктің салт-сабақты етістік категориясы, болымсыз етістік категориясы, рай категориясы, шақ категориясы бар.

  Грамматикалық (морфологиялық) категорияның түрлену жүйесі мен семантикалық сипаты біркелкі емес. Олардың морфологиялық көрсеткіші болып табылатын грамматикалық тұлғалары бірде таза грамматикалық мағына ғана үстеп, сол сөз табының түрлендіру жүйесінің формалары болса, бірде ондай формалар таза грамматикалық сипаттан гөрі түбірдің семантикасына азда болса өзгеріс мағыналық реңк үстеп, лексика-семантикалық сипатқа ие болады. Сын есімнің шырай категориясының, етістіктің етіс, салт-сабақты етістік категориясының, болымсыз етістік категориясының семантикалық мәні жағынан, грамматикалық сипаты анық байқалады. Ал зат есімнің көптік, септік, тәуелдік, етістіктің жақ, рай, шақ категориясының семантикалық мәні байқалады. Осыған орай грамматикалық категорияның бір тобын лексика-грамматикалық категория деп, 2-ші тобын таза грамматикалық категория деп бөлеміз.

 

Негізгі әдебиеттер:

  1. Аханов К. Грамматикалық теорияның негіздері,- А. 1972ж.
  2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері,- А.1973ж.
  3. Қазақ грамматикасы. – Астана. 2002ж.
  4. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар.- А. 1992ж.
  5. Қордабаев Т. Қазақ тілі білімінің қалыптасу, даму жолдары.- А. 1995ж.
  6. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология, -А. 1991ж.

Қосымша әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Сөздің грамматикалық жағынан даму мәселелері. «Қазақстан мектебі» журналы, 1962. №7

2. Оралбаева Н. Сөздерді қосымшасыз қолданудың сыры. Кітап: Сөз өнері.- А.,1978ж. 21-28бб.

 

Тақырып 18. «Сөз таптары, олардың таптастырылу принциптері»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге сөзді топтастыру принциптерін (лексика-семантикалық, грамматикалық) меңгерту. Атауыш сөз, көмекші сөз, одағай сөздердің бір-бірінен айырмашылығын түсіндіру.

Дәрістің жоспары: 1. Сөздерді таптастырудың негізгі принциптері, ол принциптердің мәні мен сипаты

2.Сөз таптарының шығуы мен дамуы

  1. Қазақ тіліндегі сөз таптары

   Қай кезде болса да морфологияның ең өзекті, ең басты мәселесі сөздерді әр түрлі лексико-грамматикалық топтарға бөлу болып табылады. Сөздерді бұлай болу жыл санауымыз алдындағы V-IV ғасырдағы көне Үндістан лингвисі Панини грамматикасынан, байырғы Греция ойшылдарынан бері қарай айтылып келеді. Тілдердегі сөздерді есім, етістік, шылау деп 3 класқа бөлуде сол заманда басталған болатын. Платон мен Аристотельден басталған жоғарғы 3 топ құрамына енетін сөздерді ең аз болғанда 5, ең көп болғанда он бір топқа бөлу-тіл білімінде әбден орныққан, тұрақты үлгіге айналған дәстүр. Ғылымда орныққан сол үлгіні түркологтар түркі тілдерін зерттеуде де қолданды. Даяр тұрған үлгіні түркі тілдеріне қолданудың алғашқы тәжірибесі Казамбектен, Гигановтан, Бетлингтен басталды. Кейін келе қара жолға айналған сол соқпақпен қазақ тілін зерттеушілері де жүрді.

Қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлудің алғашқы әліппесін жазған адам Н.И.Ильминский еді. Бірақ қазақ тілін зерттеген орыс түркологтарының ешқайсысы да қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлгенде қандай принципті басшылыққа аламыз деген сұрауды қойған жоқ та, оған жауап берген де жоқ.

П.М.Мелиоранский зат есім мен сын есімді бірге алып, қазақ тілінде 8 сөз табы бар деп, басқалары сын есімді бөлек сөз табы деп есептеп, сөз табының жалпы санын 9 деді. Атын атап, мысал келтіру ғана болмаса, ешбір сөз табы жан-жақты сипатталған жоқ. Элленизм дәуірінде өмір сүрген Стоиктерден бері қарай келе жатқан дәстүр бойынша қазақ тілін зерттеушілер де шылауды жалғаулық, септеулік, демеулік деп 3 түрлі сөз табы ретінде қарады. Әр сөз табына тән ұсақ категорияларды анықтауда да бірізділік болмады.

  Ана тілімізде сөз таптарының алғаш зерттелуі Ахмет Байтұрсынов еңбегімен байланысты екенін және қандай топтарға бөлгендігі туралы өткен жоғарыдағы лекцияларда айтқанбыз. Яғни ол былай бөлген еді: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеуіш, демеуіш, жалғауыш,одағай (еліктеуіш, септеуіш).

  Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарай, ең алдымен үш үлкен топқа бөлінеді. Олар – атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер. Атауыш сөздер өздеріне тән дербес мағыналары болатындықтан контекстен тыс та, контексте де қажетіне қарай қолданыла береді. Олар сөйлемде грамматиканың заңы бойынша түрленіп те, түрленбей де жұмсалады, өз алдына сөйлем мүшесі болады. Ол сөздерден қалыптасқан белгілі тәсілдер бойынша жаңа сөздер тудыруға болады.

Атауыш сөздерді ерекшеліктері мен сипаттарының бір-біріне жақын белгілеріне қарай, іштей бірнеше топтарға бөлуге болады. Оларды есімдер және етістіктер деген екі салаға бөледі, ал есімдерде іштей бірдей емес. Мысалы: зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктер ішінара ұқсас болғанмен, үстеу мен еліктеу сөздер өзара бір-біріне жақын. Осыған орай, олардың алғашқы тобын атаушы есім деп, соңғы тобын, үстеуіш есім деп екіге бөледі. Ал етістіктер өз алдына бір топ. Атауыш сөздерді осылайша 3 топқа бөлу олардың категориялық семантикасына (қызметінің мағыналары) байланысты болады. Атаушы есімдер заттық ұғымдардың жеке ойша зат ретінде тұспалданатын түсініктердің аттарын білдірса, үстеуші есімдер әр қилы іс-әрекеттің белгілерін білдіреді, ал етістіктер амал-қимыл, іс-әрекеттің аттарын білдіреді.

Көмекші сөздер -мағыналық дербестігі жоқ, өз алдына дербес сөз ретінде қолданылмайды, тек контексте атаушы сөздермен селбесіп қана жұмсалады. Осыған сәйкес, сөйлемде өз алдына мүше бола алмайтын және жаңа сөздер жасалмайтын сөздер. Көмекші сөздерде іштей шылаулар, көмекші есімдер, көмекші етістіктер болып бөлінеді. Әрі қарай шылауларды атқаратын қызметіне орай жалғаулық, демеулік, септеулік шылаулар деп бөлсек, көмекші етістіктерді толымды, толымсыз көмекші етістіктер деп бөлеміз.

Одағай сөздер - тек адамның әр алуан көңіл-күйін, әр қилы райларын білдіру үшін қолданылатын сөздер. Олар өзге сөздермен ешқандай да грамматикалық қарым-қатынасқа түспейді, өздері сөйлем мүшесі бола алмайды. Одағай сөздер іштей тиісті топтарға бөлінеді,олардың саны аз.

 Бұл аталған 3 топ бір-бірімен жіті байланысты. Себебі-бәрекелді,әттеген-ай, ойпырмай, мәссаған тәрізді одағайлармен бірге, шейін, туралы, сияқты, сондықтан, гөрі тәрізді көмекші сөздердің –түпкі төркіндері - атаушы сөздер. Сонда атаушы сөздер осы үш топтың ішіндегі ең көбі де, әрі ең негізгі ұйтқысы балып табылады.Сөйтіп, тілдегі сөздерді таптастырғанда, олардың лексика-семантикалық және грамматикалық (морфологиялық, синтаксистік) ерекшеліктеріне байланысты екен.

Лексика-семантикалық жағы дегеніміз -заттың атын, заттың амал-ісін, заттың сапалық, сандық белгілерін, амал мен белгінің белгілерін білдіру болса, грамматикалық жағына бір сөздің жаңадан сөз тудыру, сөз түрлендіру, сөз байланыстыру, сөйлемдегі қызметі, сөз бен сөз тіркесу қабілеті енеді.

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімнің негіздері. Алматы,- 1973ж

2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002 ж.

3. Төлеуов О. Сөз таптары. Алматы,- 1982 ж.

4. Қордабаев Т. Қазақ тілі білімінің қалыптасу, даму жолдары. Алматы -1993ж.

5. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

6. Хасанов С., Әбдіғалиева Т. Кестелі грамматика. Алматы, -1996 ж.

Қосымша әдебиеттер:

1.Қордабаев Т. Сөздерді топқа бөлу тарихынан (мақала)/Қазақстан мектебі, 1985,№7

2. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. АЛматы, - 1988ж.

 

Тақырып 19. «Зат есім, оның лексика – грамматикалық топтары»

  Дәрістің мақсаты: Студенттерге зат есім туралы түсінік бере отырып, оның өзіндік лексика-грамматикалық ерекшеліктерін меңгерту, мағыналық топтары туралы мағұлмат беру.   

  Дәрістің жоспары: 1. Зат есім туралы түсінік

                               2. Зат есімнің лексика-грамматикалық ерекшелігі

                              3. Зат есімнің мағыналық топтары

                              4. Көмекші есімдер           

      Зат есім деп - күнделікті өмірде кездесетін жәй заттармен қатар, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды ұғымдар мен түсініктерді де білдіретін сөз табын айтамыз. Мысалы: гүл, үй, алма деген сөздермен қатар қар, тұман, нарық, ақыл деген сөздер де жатады. Зат есім деп аталатын сөздердің өздеріне тән морфологиялық ерекшеліктері бар. Олар сөйлемдегі өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсетіндіктен, сол қатынастарға тән қажетті көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғауларын қабылдап, түрленіп отырады; 2-ден зат есімдердің сөз тудыратын және форма тудыратын арнаулы жұрнақтары бар.

Зат есімдер тілдегі өзге сөздердің барлығына әрі ұйытқы, әрі өзегі болып қызмет атқаратындықтан, әдетте сөйлемнің барлық мүшелері ретінде қолданыла береді. Дегенмен зат есімнің ең негізгі қызметі - бастауыш, толықтауыш, анықтауыш болу.

Зат есімдердің қай-қайсысы болсын заттың ұғымды білдіретіндіктен, олар негізінен алғанда іштей нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық сияқты семантикалық категорияларды қамтиды. Мысалы: ағаш, тас, үй тәрізді сөздер, әдетте көзбен көріп, қолмен ұстап тануға боларлықтай нақтылы, деректі заттармен байланысты ұғымдарды білдірсе, ақыл, адамгершілік, зұлымдық секілді сөздер ойлау арқылы танылатын абстракті заттармен байланысты ұғымдарды білдіреді. Конкретті зат есімдерден абстракті зат есімдер, керісінше, абстракті зат есімдерден конкретті зат есім жасала береді.

  Оқу-оқушы.

Зат есімдердің ішінде даралау және жинақтау ұғымын білдіру қабілеті де жоқ емес. Мысалы: құрт, құмырсқа, төсек, орын тәрізді дара сөздер белгілі заттардың аты болса, құрт –құмырсқа, төсек-орын, кемпір-шал сияқты қос сөздер белгілі бір ұғымдарды жинақтап, олардың топ-тобымен атын білдіреді. Мысалы: мая-мая, төбе-төбе, жал-жал сияқты қос сөздер даралау я бөлу ұғымын білдіреді.

Зат есімдер семантика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай: адамзат (кімдік) және ғаламзат (нелік) есімдерін, жалқы есімдер, көптік мәнді есімдер, эмоциялы-экспрессивті зат есімдер, көмекші есімдер болып бөлінеді. Зат есімнің негізгі сұрақтары кім? не? Кім? деген грамматикалық сұрауға жауап беретін зат есімдерге жалпы адам атаулары жатады.

    Адам атаулары деп: 1) жалпы адамға тән атауларды (кісі, бала, қыз, ұл, шал, кемпір); 2) туыс атауларын (әке,шеше,әже,жиен,іні, т.б); 3) іс-әрекет пен кәсіп-мамандық иелерінің атауларын (арбашы, әнші, оқушы, оқытушы); 4) әр алуан қызмет баптары мен лауазым атауларын (директер, төре, әкім, президент); 5) кісі аттарын (Асан, Гүлжан, Омар т.б) айтамыз.

Зат есімнің бұл тобына жалпы алғанда, адам атауларымен байланысты ұғымның аттары және кісі аттары енетіндіктен, оларға осы ерекшеліктеріне орай адамзат есімдері деп атауға болады. Не? деген грамматикалық сұрақ, әдетте, адамнан өзге барлық жан-жануарлардың күллі заттар мен, нәрселердің атауларына қойылады. Оған жататындар: 1) деректі я дерексіз барлық заттар мен заттық ұғымдардың атаулары (құм, кітап, сана, қол т.б); 2) өсімдік, жеміс-жидек, көкініс атаулары (өрік, қияр, алма жусан т. б); 3) ас пен ішімдік атауы (ет, сүт, көже, нан, қант); 4) жан-жануар, хайуанат атаулары (жылқы, қой,жылан); 5) балық атаулары (шорттан, сазан); 6) құрт-құмырсқа атаулары (маса, шыбын, шіркей т.б); 7) мекен, қора-қопсы, құрал-жабдықтар атаулары (үй, қора, балға, балта т.б). Сөйтіп, зат есімнің бұл есімнің бұл тобы адамнан өзге жан-жануарлардың, заттар мен нәрселердің заттың ұғымдардың атауларын түгел қамтитындықтан оларды ғаламзат есімдері деп атайды. Егер әдет бойынша кім? деген сұрау қойылатын кісі аты жер-су я мекен атауына ауысса, онда не? деген сұрау қойылады. Мысалы, Орал институтта оқиды. Орал -әсем қала.

Тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдер, әдетте, жалпы есімдер деп аталады. Ал белгісі бір ғана затты арнайы даралай атайтын жалқы есімдер де бар. Оларға кісі аттары (Асқар, Гүлнар), үй хайуандарына қойылған аттар (Тайбуырыл, Ақтөс т.б), өндіріс, мекеме, ұйым аттары (Қайнар, Қаламқас, Желтоқсан т.б), газет-журнал, жеке шығармалар, жеке кітап аттары («Абай жолы», «Ұлан»), географиялық атаулар(Алатау, Үстірт), қала, көше, алаң аттары (Ақтау, Байтұрсынов атындағы көше) жатады..

Жазу дәстүүрімізде жалқы есімдер бас әріппен басталып жазылады да, жалпы есім бірыңғай кіші әріппен жазылады. Тілімізде жалпы есімнен жалқы, жалқы есімнен жалпы есім туа береді. Мысалы: Қаражанбас, Маңқыстау (жалпы→жалқы) Итжеккен-Сібір, Панама-қалпақ (жалқы→жалпы).

Арнайы көптік жалғауын жалғамай-ақ өз бойынан көптік мән табылатын зат есімдер де бар. Оларға: 1) сұйық, газ тектес заттардың аттары (айран, шай, азон, бу, тұман т.б), 2) уақ, ұнтақ, заттардың аттары (құм, тары т.б), 3) дерексіз ұғымдарды білдіретін заттардың атаулары (ойла, дау, қайғы, сүйеніш т.б), 4) жаратылыс табиғат құбылысының атауы (боран, жаңбыр, қар, жел, құйын т.б) жатады.. Зат есімдердің ішінде затты я заттың ұғымды, әдетте, атаумен қатар, сол аталған заттың сын-сипат жағынан қандай екендігін қоса-қабат білдіре атайтын, олардың кейбір өзіндік сипатын әсірелеу не бейнелеу түрде қолданатын топтары бар.Олар төмендегідей жұрнақтар бойынша жасалады.

1.-еке, -қа, -ке, жалпы және жалқы есімдерге жалғанып, сыйлау, құрметтеу, үлкен тұту сияқты мағыналық реңктер үстейді: ағаке, жездеке, Жәке.

2.-й сыйлау, құрметтеу: апа-й, аға-й.

3.-жан, әрі еркелету, әрі кішірейту сыйлау реңін жамайды: Абайжан, Ардақжан, жан ата, жан әже т.б.

4.-тай, ізет көрсету, жалыну сияқты реңк үстейді: аға-тай, апа-тай.

5.-қан, -ақан (еркелету, кішірейту): бұзауқан, балақан, ботақан т.б

6.-қай, -кей: балақай, шешекей.

7.-шаң, -шен, кішірейту, еркелету мәнін үстейді: келіншек, құлын-шақ, іні- шек,

8.-шық, -шік, кішірейту: үйшік, қапшық, көлшік.

9.-ша, -ше: көрпеше, өгізше, сандықша.

10.-сымақ, қомсыну, кекету: ақынсымақ, өзенсымақ.

11.-шығаш, -шігеш, -екеш, қомсыну: байшігеш, тас екеш тас та өзгереді.

Зат есімнің синтаксистік қызметі.  Сөз таптарының бәріне де негізгі ұйтқы болғандықтан зат есім солардың әрқайсысымен сөйлем ішінде әр түрлі жағдайда тіркесіп, әр алуан қарым-қатынасқа түседі. Осындай әр тараптылығының нәтижесінде зат есім сөйлемнің барлық мүшелері де бола береді.

Дегенмен, семантикалық жағынан негізінен заттық ұғымдарды білдіретіндіктен зат есімнің ең негізгі де және ең басты қызметі бастауыш пен толықтауыш болу. Оқушылар мектепке жиналды. Үсті-басым, бет аузым лезде үйреншікті күйге түсті. Осы сөйлемдері бастауыштар-зат есімдер. Ал Асан кітапты оқыды. Мен Анармен сөйлестім деген сөйлемдері толықтауыштар да зат есімдер. Қандай сөзбен тіркесуіне және қай орнында туруына қарай зат есім анықтауыш,пысықтауыш, баяндауыш та балады.

Мысалы, Біз үйге қарай жүрдік. Ол қаладан келді деген сөйлемдерін үйге қарай, қаладан деген пысықтауыш та зат есім. Ал мен осы мектептің оқытушысымын. Біз бір үйде -6 баламыз дегендердегі баяндауыш зат есімнен жасалған.

Зат есім өзді-өзі, бір-бірімен тіркесіп анықтауыш болып қызмет етеді. Зат есімнің өзді-өзі бір-бірімен тіркесу жүйесі түрік изафеті деп аталады.

1) екі зат есімнің екеуіне де қосымша (1-іне ілік септік жалғауы, 2-іне тәуелдік жалғауы) жалғанады (үйдің иесі, баланың пальтосы).

2) екі зат есімнің біреуіне (тек соңғысына) қосымша қосылып, екіншісіне (алдыңғысына) қосылмай тіркеледі.

3) екі зат есімнің екеуіне де бірдей ешқандай қосымша қосылмай тіркеседі (тас үй, қой қара).

Көмекші есімдер. Зат есімнің көпшілігі өздерінің лексикалық мағынасында жұмсалып, өздеріне тән түрлену жүйелерін және сөйлемде өз алдарына дербес мүше болу қасиетін сақтап отырады. Ал кейбір зат есімдер өздеріне тән байырғы қызметінен жартылай айрылып, көбінесе көмекші сөздер яғни көмекші есімдер есебінде жұмсалады.

Көмекші есім деп - лексикалық мағынасы бірде бүтіндей сақталып, бірде солғындап, өзге сөздермен тіркесу ерекшеліктеріне қарай, синтаксистік жағынан кейде жеке-дара мүшесінде кейде күрделі мүшенің құрамындағы дәнекер элемент есебінде қолданылып, морфологиялық жағынан зат есімдерше түрленіп отыратын жәрдемші сөздерді айтамыз.

Көмекші есімдер сан жағынан көп емес: алды, арты, асты, үсті, жаны,қасы, арасы, ортасы, іші, сырты, басы, беті, түбі сияқты сөздер жатады.

Көмекші есімдер зат есімше қолданылады, демек бұл сөздердің бойында зат есімге тән семантикалық дербестін те, морфологиялық жағынан дәл сол зат есімдердей түрлену қабілеті де толық сақталады.

Мысалы: Сыртын көріп, ішінен түңілме. Ол қанша артта қалса да, пікірі алда. Осы сөйлемдегі сыртын дегентабыс септігі, ішінен -шығыс септігі, алда, арта -жатыс септіктегі формалар. Ал Омар ұшы-қиыры жоқ даудың ішіне кіріп кетті. Құдық басында, кешкі ауыл сыртында, от басында сып – сып әңгіме басылмады. Осы сөйлемдегі даудың ішіне, құдық басында, от басында, ауыл сыртында деген тіркестердің бәрінде іші, сырты, басы сөздерінің лексикалық мағыналары солғындаған көмекші есімдер ретінде қолданылады. Сондықтан бұл сөздердің бәрі де сол сөйлемдерде жеке дара мүше емес, өздерінен бұрынғы негізгі сөздермен тіркесіп, күрделі мүшенің құрамына енетін көмекші компоненттер есебінде қызмет етіп тұр да, олардың әрқайсысы семантика жағынан сол негізгі сөздердің мағыналарына өзінше әр қилы қосымша мағыналар үстеп тұр.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: