Бап. Жеке кепiлгерлік

1. Жеке кепiлгерлік күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын және олардың қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуін сенiмге лайық адамдардың өз жауапкершілігіне алатыны туралы жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады. Кепiлгерлердің саны екеуден кем болмайды.
2. Бұлтартпау шарасы ретiнде жеке кепiлгерлікті таңдауға кепiлгердің жазбаша өтiнiшхаты бойынша және өзіне қатысты кепiлгерлік берiліп отырған адамның келiсуiмен ғана жол берiледi.
3. Кепiлгер жеке кепілгерлік туралы қолхат береді, онда ол өзi кепiлгер болып отырған адамға қатысты күдіктің мәні, күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы қолданылған әрекеттерді жасаған жағдайда кепілгердің өзіне ақшалай өндіріп алуды қолданудан тұратын жауапкершілігі түсіндірілгендігін растайды.
4. Кепiлгер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде кепiлгерліктен бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда, бас тартылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде күдіктіге, айыпталушыға қатысты осы Кодекстің 136-бабы бірінші бөлігінің талаптары ескеріле отырып, өзге бұлтартпау шарасы таңдалуға тиіс.
5. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшiн жеке кепiлгерлік қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда, сот әрбiр кепiлгерге осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн.

143-бап. Әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының
байқауда ұстауы

1. Әскери бөлім қолбасшылығының әскери қызметшiлер немесе оқу жиынына шақырылған әскери мiндеттiлер болып табылатын күдіктілерді, айыпталушыларды байқауда ұстауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жарғыларында көзделген және осы адамның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ете алатын шараларды қолданудан тұрады.
2. Әскери бөлiмнің қолбасшылығына осы бұлтартпау шарасы таңдалған күдіктің мәнi туралы хабарланады. Әскери бөлiмнің басшылығы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға байқауда ұстаудың орнатылғаны туралы жазбаша хабарлайды.
3. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы таңдалған әрекеттердi жасаған жағдайда, әскери бөлiмнің қолбасшылығы ол туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға дереу хабарлауға мiндеттi.
4. Өздерiне жүктелген байқауда ұстау жөнiндегi мiндеттердiң орындалмауына кiнәлi адамдар заңнамада көзделген тәртiптiк жауаптылықта болады.
5. Осы бұлтартпау шарасы қолданылған кезеңде күдіктіні, айыпталушыны жауынгерлік кезекшілікке, жауынгерлік немесе қарауыл қызметін, гарнизон нарядының немесе бөлімнің (бөлімшенің) тәуліктік нарядының құрамында қызмет атқаруға тартуға жол берілмейді.

144-бап. Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру

1. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенiмге лайық адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкiмшiлiгiнiң қарауда ұстауына беру көрсетілген адамдардың қайсыбiрiнiң өзіне кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерге баруына жол бермеу жөнінде жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
2. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының және басқа да тұлғалардың қарауда ұстауына беру олардың жазбаша өтiнiшхаты бойынша ғана мүмкiн болады.
3. Қарауда ұстауға қабылдау туралы қолхат алынған кезде ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкімшілігінің өкiлдерi кәмелетке толмаған адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты туралы және олардың қарауда ұстау бойынша өздерiне қабылдаған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
4. Қарауына кәмелетке толмаған адам берiлген тұлғалар өздері қабылдаған мiндеттемелерді орындамаған жағдайда, оларға осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: