Бап. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу

1. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.

2. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуге қажеттi құжаттар саяси партияның құрылтай съезi (конференциясы) өткiзiлген күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей тiркеушi органға табыс етiледi.

3. Саяси партия мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап алты айдың iшiнде өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) аумақтық әдiлет органдарында есептiк тiркеуден өткiзуге мiндеттi.

4. Осы баптың 3-тармағын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен саяси партияның мемлекеттiк тiркелуiнiң күшiн жоюға әкеп соғады.

5. Саяси партияны тiркеу мен қайта тiркеу, сондай-ақ оның құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) есептiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу туралы заңдарында көзделген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.

6. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде жетi жүз партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде елу мың партия мүшесi болуға тиiс.

7. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу тiркеушi органға мынадай құжаттарды тапсырған жағдайда жүзеге асырылады:

1) тiркеушi орган белгiлеген нысан бойынша өтiнiш;

2) саяси партияның басшысы қол қойған саяси партияның екi дана етiп жасалған жарғысы мен бағдарламасы;

3) саяси партияның құрылтай съезiнiң (конференциясының) хаттамасы;

4) саяси партия мүшелерiнiң тiркеушi орган белгiлеген нысандағы және осы баптың 6-тармағының талабына сай келетiн электрондық және қағаз жеткiзгiштегi тiзiмдерi;

5) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу үшiн алынатын алымның төленгенi туралы құжат.

8. Мемлекеттiк тiркеу мерзiмi Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу туралы заңдарында көзделген негiздер бойынша тоқтатыла тұрады.

Ескерту. 10-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: