Бап. Белгiленбеген орындарда сауда жасау 7 страница

285-бап. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген
түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан
Республикасының салық заңнамасында белгiленген
мiндеттердi орындамауы

1. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген мiндеттердi:
1) салық органдарының, резидент еместі қоса алғанда, салық төлеушi – заңды тұлғаға, оның құрылымдық бөлімшелеріне, дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға, шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға хабарламалардың кепілді жеткізілімін қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық желі бойынша беру арқылы банк шотын ашқаны туралы олар ашылғаннан кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей не хабарламаны қағаз жеткізгіште жіберген кезде – үш жұмыс күні ішінде хабарламау;
2) клиенттердің төлем құжаттарындағы (вексельді және банктің қолма-қол ақша қабылдауы және беруі соның негізінде жүргізілетін төлем құжаттарын қоспағанда) сәйкестендіру нөмірінсіз банк шоттары бойынша операциялар жүргiзу;
3) салық төлеушiнің салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу тапсырмасын, салықтарды, басқа да міндетті төлемдерді, өсiмпұлдар мен айыппұлдар өндіріп алу туралы салық органдарының инкассолық өкімдерін – салық төлеушінің не салық органдарының нұсқауын алған күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, бірінші кезектегі тәртіппен орындамауы;
4) дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның, заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес – заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің банк шоттарында (корреспонденттікті қоспағанда) салық органдарының өкімінде көрсетілген салық берешегі сомасының шегінде шығыс операцияларын сондай өкім бойынша тоқтата тұрмау;
5) есепті тоқсан ішінде шартты банк салымында орналастырылған ақшаның қозғалысы туралы есепті, ақшаның осындай қозғалысы бар болған кезде, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық органына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзім ішінде ұсынбау;
6) өз клиентінде осы банкте ашылған, салық қызметі органдары инкассолық өкімдер немесе салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдер қойған, банктік шоты болған кезде оған жаңа банктік шот ашу;
7) жұмыс істемейтін салық төлеушіге банк шотын ашу түрінде орындамауы –
банктің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген міндеттерді орындамаған кезеңі ішінде салық төлеушiлердiң банк шоттары бойынша жасалған шығыс операциялары сомасының бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың шартты банк салымы туралы шарттар бойынша орналастырылған, бюджетке төленетін салықтар сомаларын аудармауы немесе уақтылы аудармауы -
шартты банк салымында орналастырылған, аударылмаған немесе уақтылы аударылмаған салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем сомасының елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың салық заңнамасында белгіленген міндеттерді:
1) салық органдарының салық төлеушi – заңды тұлғаға, резидент еместі қоса алғанда, оның құрылымдық бөлімшелеріне, дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға, шетелдікке немесе азаматтығы жоқ тұлғаға хабарламалардың кепілдік берілген жеткізілімін қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық желі бойынша беру арқылы банк шотын жабу туралы ол ашылғаннан кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей не хабарламаны қағаз жеткізгіште жіберген кезде – үш жұмыс күні ішінде хабарламау;
2) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару үшін төлем құжаттарын дұрыс көрсетілмеген сәйкестендіру нөмірімен қабылдау;
3) көлік құралына салықты төлеу үшін төлем құжаттарын көлік құралының дұрыс көрсетілмеген сәйкестендіру нөмірімен қабылдау;
4) уәкілетті органның берiлген кредит (қарыз) бойынша сыйақы түріндегі кірісті мойындауды тоқтату кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаны немесе заңды тұлғаны сыйақы есептеуді тоқтата тұру туралы есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей хабардар етпеуі;
5) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомаларын, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды аудармау (есебіне жатқызбау), уақтылы аудармау (есебіне жатқызбау) не банкке немесе бюджет жүйесінің кассалық орындауын жүзеге асыратын басқа да ұйымға салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомаларын, өсімпұлдарды, айыппұлдарды аудару кезінде банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның кінәсінан төлем құжатындағы деректемелерді толтыру кезінде қате жіберу;
6) дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат ретінде тіркеу есебінде тұрған тексерілетін жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның ақшасының бар-жоғын және банк шоттары бойынша жасалатын операцияларын тексеруге салық қызметі органдарының лауазымды адамын жібермеу;
7) салық органын қарыз алушы салық төлеушіде міндеттемелерді есептен шығарудан табыс пайда болғаны туралы дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлға немесе заңды тұлға болып табылатын қарыз алушының берiлген кредиттер (қарыздар) бойынша мiндеттемелерiн есептен шығарған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде хабардар етпеу;
8) салық қызметі органының сұрау салуын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде банк шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынбау түрінде орындамауы –
отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

286-бап. Банк операциялары туралы көрiнеу жалған
мәлiметтер ұсыну

Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың заңды немесе жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша операциялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер ұсынуы, сол сияқты осы банктiң iс жүзiндегi қаржылық жай-күйiмен көрiнеу қамтамасыз етiлмеген кепілгерліктер, кепiлдiктер және өзге де мiндеттемелер беруi, егер бұл әрекеттер жеке немесе заңды тұлғаға не мемлекетке iрi залал келтiруге әкеп соқпаса, –
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Құқық бұзушылық жасалған кезде екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен асатын сома – жеке тұлғаға, жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен асатын сома заңды тұлғаға келтiрiлген залалдың iрi мөлшерi деп танылады.

287-бап. Кеден одағында тауарларды экспорттау мен
импорттау, жұмыстарды орындау, қызметтерді
көрсету кезінде салық төлеушілердің Қазақстан
Республикасының салық заңнамасында белгіленген
міндеттерді орындамауы, сондай-ақ тұлғалардың
Қазақстан Республикасының заңнамасында
белгіленген талаптарды орындамауы

1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде жанама салықтарды төлемеу, толық төлемеу не уақтылы төлемеу –
жеке тұлғаларға – орындалмаған салық міндеттемесі сомасының жиырма пайызы, бірақ кемінде он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жекеше нотариустарға, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – орындалмаған салық міндеттемесі сомасының отыз пайызы, бірақ кемінде жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – орындалмаған салық міндеттемесі сомасының қырық пайызы, бірақ кемінде отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне орындалмаған салық міндеттемесі сомасының елу пайызы, бірақ кемінде екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Салық төлеушінің салық органына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өңдеу өнімдерін әкелу (әкету) туралы міндеттемелерді ұсынбауы және оларды орындамауы –
жеке тұлғаларға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екi жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Салық органдарын мынадай жағдайларда:
1) әкелінген тауарлардың қасиеттері мен сипаттарын өзгертпей кейіннен Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін тауарларды Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелу кезінде;
2) әкетілген тауарлардың қасиеттері мен сипаттарын өзгертпей кейіннен Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағына уақытша әкету кезінде хабардар етпеу не уақтылы хабардар етпеу –
жеке тұлғаларға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екi жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Қазақстан Республикасының аумағынан Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағына әкетілген, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген алыс-беріс шикізатын өңдеудің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімдерін бұзу –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – есепке жазылған салықтар сомасының он бес пайызы, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз пайызы, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Көрме-жәрмеңкелік сауданы ұйымдастырушының осындай сауданы өткізу туралы хабардар етпеуі не уақтылы хабардар етпеуі –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Ұйымдастырушының көрме-жәрмеңкелiк сауданы ұйымдастыру тәртібін бұзуы –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз жиырма бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағынан әкелінген акцизделетін тауарларды алған күні туралы хабарламаны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай хабарламаны ұсынуға міндетті тұлғалардың орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органдарына ұсынбауы –
жеке тұлғаларға – бір жүз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – үш жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы баптың бірінші бөлігінің мақсаты үшін, егер тұлға Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды есепке қабылдамағаны үшін, осы Кодекстің 275-бабында көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартылуға тиіс болған жағдайда, мұндай тұлға осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.

288-бап. Салық қызметi органдары мен олардың лауазымды
адамдарының заңды талаптарын орындамау

1. Салық төлеушiнiң салық қызметi органдары мен олардың лауазымды адамдарының заңды талаптарын орындамауы –
сегiз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –
он бec айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Салық төлеушi кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланатын аумаққа немесе үй-жайға (тұрғын үй-жайлардан басқа) салықтық тексерудi жүргiзетін салық қызметi органы лауазымды адамының кiруiне заңсыз кедергi келтiру –
қырық бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –
алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

17-тарау. ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУ ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ
САЛАСЫНДАҒЫ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

289-бап. Электр желілеріндегі қуат коэффициентінің
нормативтік мәндерін сақтамау және энергия
тұтынудың нормативтерін асыру

1. Электр желілеріндегі қуат коэффициентінің нормативтік мәндерін сақтамау –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне ескерту жасауға, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Энергия тұтынудың нормативтерін асыру –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ескерту жасауға, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – құқық бұзушылық болған, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңде бекітілген нормативтерден астам пайдаланылған энергетикалық ресурстар құнының бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне он бес пайызы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – құқық бұзушылық болған, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңде бекітілген нормативтерден астам пайдаланылған энергетикалық ресурстар құнының бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз пайызы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Энергетикалық ресурстардың құны құқық бұзушылық анықталған кездегі нарықтық баға негізінде айқындалады.

290-бап. Энергетикалық ресурстарды, суды өндіруді және
беруді жүзеге асыру кезінде олардың тікелей
ысырабына жол бермеу жөніндегі міндетті
орындамау

1. Энергетикалық ресурстарды, суды өндіруді және беруді жүзеге асыру кезінде жабдықтың, арматураның ақауы болуына, құбыржолдарды жылу сақтағышсыз пайдалануға немесе энергия тұтыну жабдығының жұмыс режимін сақтамауға байланысты олардың тікелей ысырабына жол бермеу жөніндегі міндетті орындамау –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

291-бап. Энергетикалық ресурстарды есепке алатын тиісті
аспаптармен және жылу тұтынуды реттеудің
автоматтандырылған жүйелерімен
жарақтандырылмаған, энергетикалық ресурстарды
тұтынатын жаңа объектілерді пайдалануға қабылдау

1. Энергетикалық ресурстарды есепке алатын тиісті аспаптармен және жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерімен жарақтандырылмаған, энергетикалық ресурстарды тұтынатын жаңа объектілерді пайдалануға қабылдау –
лауазымды адамдарға – жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет -
лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпелер.
1. Осы бапта лауазымды адамдар деп объектіні пайдалануға беру туралы актіге қол қойған адамдарды түсіну керек.
2. Лауазымды адамдар жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерімен жарақтандырылмаған және жылу энергиясын сағат бойынша орташа тұтынуы кемінде 50 кВт-ты құрайтын (жылу энергиясы, жылыту, желдету, кондиционерлеу және ыстық сумен жабдықтау шығыстарын қоса алғанда) жаңа объектілерді пайдалануға беру жағдайларында, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.

292-бап. Мемлекеттік энергетикалық тізілім
субъектілерінің энергетикалық ресурстарды және
суды тұтыну көлемін өнімнің, үйлердің,
құрылыстар мен ғимараттардың алаңы бірлігіне
энергия аудиті қорытындылары бойынша белгіленген
шамаға дейін міндетті түрде жыл сайын төмендету
туралы талапты бұзуы

1. Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің энергетикалық ресурстарды және суды тұтыну көлемін өнімнің, үйлердің, құрылыстар мен ғимараттардың алаңы бірлігіне энергия аудиті қорытындылары бойынша белгіленген шамаға дейін міндетті түрде жыл сайын төмендету туралы талапты энергия аудитінен өткеннен кейін бес жыл ішінде бұзуы –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

293-бап. Мемлекеттік энергетикалық тізілім
субъектілерінің міндетті энергия аудитінен
өтуден жалтаруы не оны жүргізуге кедергі
келтіруі

1. Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің міндетті энергия аудитінен өтуден жалтаруы не оны жүргізуге кедергі келтіруі –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

294-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласында өнімді өндіру, сату және пайдалану
бойынша шектеулерді бұзу

1. Жарық беру мақсатында ауыспалы ток тізбектерінде пайдаланылуы мүмкін, қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдарын сату және өндіру –
жарық беру мақсатында ауыспалы ток тізбектерінде пайдаланылуы мүмкін, қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –
жарық беру мақсатында ауыспалы ток тізбектерінде пайдаланылуы мүмкін, қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – сексен, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес техникалық құжаттамасында және этикеткаларында энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамалары туралы ақпарат қамтылмаған энергия тұтынатын құрылғыларды өндіру және (немесе) өткізу –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – үш, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – алты, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – алты, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он екі, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: