Бап. Мерзiмдердi есептеу

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде пайдаланылатын мерзiмдер сағаттармен, тәулiктермен, айлармен және жылдармен есептеледi.
2. Мерзiмдердi есептеген кезде мерзiмнің өтуі басталатын сол сағат пен тәулiк есепке алынбайды. Бұл қағиданың ұстап алу кезiндегi мерзiмдердi есептеуге қатысы жоқ.
3. Мерзiм тәулiктермен есептелетін жағдайларды қоспағанда, мерзiмдi есептеген кезде оған жұмыстан тыс уақыт та кіреді.
4. Мерзiмді тәулiктермен есептеген кезде мерзiм бірінші тәулiктiң нөл сағатынан кейiн есептеледі және мерзiмнiң соңғы тәулiгiнiң жиырма төрт сағатында бітеді.
5. Мерзiмді айлармен немесе жылдармен есептеген кезде мерзiм соңғы айдың тиiстi күнiнде бітеді, ал егер бұл айда тиiстi күні болмаса, мерзiм осы айдың соңғы күнi аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы жұмыс күні емес (демалыс, мереке) күнге келсе, әкiмшiлiк ұстап алу кезiнде мерзiмдi есептеу жағдайларын қоспағанда, онда одан кейiнгi бiрiншi жұмыс күнi мерзiмнiң соңғы күнi деп есептеледi.

740-бап. Өтiнiшхат

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысатын адамдардың, жүргiзуінде осы iс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) мiндеттi түрде қарауына жататын өтiнiшхатты мәлiмдеуге құқығы бар.
2. Өтiнiшхат жазбаша түрде мәлiмделедi және дереу қаралуға жатады. Өтінішхатты дереу қарау мүмкін болмаған жағдайларда, мәлімделген кезден бастап үш тәуліктен кешіктірілмей бұл бойынша шешім қабылдануға тиіс.
3. Өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тарту туралы шешiм ұйғарым түрiнде шығарылады, ол өтінішхатты мәлімдеген адамның назарына жеткізіледі.

741-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс
жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар

1. Мынадай мән-жайлардың ең болмағанда бiреуi болған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болмауы;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауы,
3) әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңның немесе оның жекелеген ережелерiнiң күшi жойылуы;
4) егер әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңды немесе оның жекелеген ережелерiн немесе іс-әрекеттi әкiмшiлiк құқық бұзушылық ретiнде саралау соған байланысты болатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы iсте қолданылуға жататын өзге де нормативтiк құқықтық актiнi Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнің конституциялық емес деп тануы;
5) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмдерiнiң өтуi;
6) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаға қатысты нақ сол факт бойынша судьяның, органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулысының не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi тоқтату туралы күшi жойылмаған қаулының болуы, сондай-ақ нақ сол факт бойынша тұлғаны күдікті деп тану туралы қаулының болуы;
7) өзіне қатысты іс бойынша iс жүргiзiліп жатқан жеке тұлғаның қайтыс болуы, заңды тұлғаның таратылуы;
8) салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi орган растаған, бағдарламалық қамтамасыз етуде техникалық қателер туындаған жағдайда, салық төлеушiнiң салық есептiлiгi нысандарын электрондық түрде ұсыну бойынша салықтық мiндеттеменi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде орындамауына әкеп соғуы;
9) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда;
10) Осы Кодекстің 897-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік айыппұл төлегенін растайтын құжаттың болуы;
11) әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғаның заңда белгіленген тәртіппен адам саудасына байланысты қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылуы.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында көзделген негiз бойынша және зиян келтiру құқыққа сыйымды болып табылатын не іс-әрекет осы Кодекстiң 5-тарауына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты жоққа шығаратын мән-жайларда жасалған жағдайда тоқтатылады.

742-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк
беретiн мән-жайлар

Қылмыстық заңнамада көзделген қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болуына байланысты материал прокурорға, сотқа дейінгі іс жүргізу органына берiлген жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу осы Кодексте көзделген тәртiппен тоқтатылуы мүмкiн.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: