Бап. Регрестiк талаптар

1. Басқа адамның мiндеттемесiн орындаған борышқор орындалған мiндеттеме мөлшерiнде сол адамға керi талап (регресс) қоюға құқылы.
Үшiншi адамның әрекеттерi салдарынан мiндеттеменi орындамаған борышқор осы адамнан залалдарын талап етуге құқылы.
2. Ортақтасқан мiндеттеменi орындаған борышқор қалған борышқорлардың әрқайсысына оның өзiне тиесiлi үлесiн шегерiп, тең үлеспен керi талап қоюға құқылы.
Борышқорлардың бiреуi ортақтасқан мiндеттi орындаған борышқорға төлемегенi осы борышқорға және қалған борышқорларға тең үлесте түседi.
Осы тармақтың ережелерi борышқорлардың бiреуiнiң қарсы талабы есептеле отырып, тиiсiнше ортақтасқан мiндеттемелердi тоқтату кезiнде қолданылады.
3. Борышқордың орындағанын қабылдаған ортақтас несие берушi басқа несие берушiлерге, егер олардың арасындағы қатынастардан өзгеше туындамаса, оларға тиесiлi үлестерiн өтеуге мiндеттi.

290-бап. Мiндеттеменiң орындалғанын куәландыру

1. Мiндеттеменiң орындалғанын қабылдай отырып, несие берушi борышқордың талап етуi бойынша оның толық немесе бiр бөлiгi орындалғаны жөнiнде оған қолхат беруге мiндеттi.
Егер борышқор мiндеттеменi куәландыру үшiн несие берушiге борыш құжатын берсе, несие берушi оның орындалғанын қабылдай отырып, құжатты борышқорға қайтаруға тиiс. Қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда ол мұны өзi беретiн қолхатта көрсетуге мiндеттi.
Қолхат борышқорға қайтарылған борыш құжатындағы жазумен алмастырылуы мүмкiн.
2. Борышқорда борыш құжатының болуы, өзгеше дәлелденгенге дейiн мiндеттеменiң тоқтатылғанын куәландырады.
3. Несие берушi мiндеттеменiң орындалғаны туралы қолхат беруден, борыш құжатын қайтарудан немесе оны қайтарудың мүмкiн еместiгiн қолхатта атап көрсетуден бас тартқан жағдайда борышқор оны орындауды кiдiрте тұруға құқылы. Бұл ретте несие берушi мерзiмiн өткiзiп алушы деп есептеледi.

291-бап. Борышты депозитке төлеу арқылы
мiндеттеменi орындау

1. Егер борышқор:
1) несие берушiнiң немесе орындалған iстi қабылдауға өзi уәкiлдiк берген адамның мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде болмауы;
2) несие берушiнiң әрекет қабiлетсiздiгi және оның өкiлiнiң болмауы;
3) мiндеттеме бойынша, атап айтқанда, бұл мәселе жөнiнде несие берушi мен басқа адамдар арасындағы дауға байланысты несие берушiнiң кiм екенi жайында анық айқындық болмауы;
4) несие берушiнiң орындалған iстi қабылдаудан жалтаруы немесе оның тарапынан өзге мерзiмiн өткiзiп алушылық салдарынан борышқор мiндеттеменi орындай алмаса, борышқор мiндеттемелерiн орындау үшiн өзiнен алынатын ақшаны депозит шарттарында, ал бағалы қағаздарды - нотариустың атына сақтау шарттарында, ал заң құжаттарымен белгiленген жағдайларда соттың атына орналастыруға құқылы.
2. Ақша сомасын немесе бағалы қағаздарды депозит шарттарында салу немесе нотариустың немесе соттың атына сақтау мiндеттеменiң орындалғаны болып есептеледi.
Ақша немесе бағалы қағаздар атына салынған нотариус немесе сот бұл туралы несие берушiлерге хабарлайды.
Ескерту. 291-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211 Заңдарымен.

18-тарау. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету

Параграф 1. Жалпы ережелер

292-бап. Мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету
әдiстерi

1. Мiндеттеменi орындау, заңдарда немесе шартта көзделген айып төлету, кепiл, борышқордың мүлкiн алып қалу, аманат, кепiлдiк, кепiлпұл, кепілдік жарна және басқа да әдiстер арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
Бағалы қағаздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заң актiлерiнде белгiленедi.
2. Мiндеттеменi қамтамасыз ету туралы келiсiмнiң жарамсыздығы бұл мiндеттеменiң (негiзгi мiндеттеменiң) жарамсыздығына әкелiп соқтырмайды.
3. Негiзгi мiндеттеменiң жарамсыздығы оны қамтамасыз ететiн мiндеттеменi жарамсыз етедi.
Ескерту. 292-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Параграф 2. Айып төлеу

293-бап. Айып төлеу ұғымы

Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.
Ескерту. 293-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

294-бап. Айып төлеу туралы келiсiмнiң нысаны

Айып төлеу туралы келiсiм, негiзгi мiндеттеменiң нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиiс.
Жазбаша нысанның сақталмауы айып төлеу туралы келiсiмнiң жарамсыздығына әкелiп соқтырады.

295-бап. Заңды айып төлеу

1. Несие берушi тараптардың келiсiмiнде айып төлеу мiндетi көзделген-көзделмегенiне қарамастан, заңдарда белгiленген айып төлеудi (заңды айып төлеудi) талап етуге құқылы.
2. Егер заңдарда тыйым салынбаса, тараптардың келiсiмiмен заңды айып төлеу мөлшерi көбейтiлуi мүмкiн.

296-бап. Айып төлеу мөлшерi

Айып төлеу мөлшерi нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиiсiнше орындалмаған мiндеттеме сомасына шаққандағы процентпен белгiленедi.

297-бап. Айып төлеу мөлшерiн азайту

Егер төленуге тиiстi айып (айыппұл, өсiм) несие берушiнiң шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышқордың мiндеттеменi орындау дәрежесiн және борышқор мен несие берушiнiң назар аударуға лайықты мүдделерiн ескере отырып, айып төлеу мөлшерiн (айыппұлды, өсiмдi) азайтуға құқылы.

298-бап. Айып төлеудi өндiрiп алу негiздерi

Мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн айып өндiрiп алынады (осы Кодекстiң 359-бабы).

Параграф 3. Кепіл

299-бап. Кепiл ұғымы

1. Мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.
Кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiк, кiмнiң пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн, егер жоғалу немесе бүлiну кепiл ұстаушы жауап беретiн себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемiнен сол бұрынғы негiзде қанағаттандырылуға құқығы бар.
2. Кәсiпорындар, үйлер, ғимараттар, пәтерлер, жер учаскелерiне және басқа қозғалмайтын мүлiкке құқықтар (ипотека) кепiлi қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледi. Ипотека туралы Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше ережелер белгiленбеген реттерде ипотекаға осы Кодекстегi кепiл туралы жалпы ережелер қолданылады.
3. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелерінің, ішкі суда жүзетін кемелердің, "өзен-теңізде" жүзетін кемелердің кепілі (кемелер ипотекасы) Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерімен реттеледі. Осы Кодекстегі кепіл туралы жалпы ережелер Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерінде өзге ережелер көзделмеген жағдайда кемелер ипотекасына қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптар жасалып жатқан теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзетін кемелерге, "өзен-теңізде" жүзетін кемелерге де қолданылады.
Ескерту. 299-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211, 2002.01.17. N 285 Заңдарымен.

300-бап. Кепiлдiң пайда болу негiздерi

1. Кепiл шартқа сәйкес пайда болады. Кепiл заң құжаттарының негiзiнде, егер заң құжаттарында қандай мүлiк және қандай мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн кепiлде жатқан деп танылатыны көзделсе, оларды көрсетiлген мiндеттемелердiң пайда болуы кезiнде де туындайды.
2. Осы Кодекстiң шартқа сәйкес пайда болатын кепiл туралы ережелерi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, тиiсiнше заң құжаттары негiзiнде пайда болған кепiлге сәйкес қолданылады.

301-бап. Кепiл мәнi

1. Кез келген мүлiк, оның ішінде айналымнан алынған заттарды (осы Кодекстiң 116-бабының 2-тармағы), кредитордың жеке басымен тығыз байланысты талаптарды, атап айтқанда алименттер, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды және оларды басқа тұлғаға беруге заңнамалық актілермен тыйым салынған өзге де құқықтарды қоспағанда, заттар және мүлiктiк құқықтар (талаптар) кепiл мәні болуы мүмкін.
2. Кепiл құқығы келешекте кепiлге берушінің меншiгiне немесе шаруашылық жүргізуіне түсетiн мүлiкке шарт бойынша қолданылуы мүмкiн.
3. Өндіріп алуға жол берілмейтін мүліктің жекелеген түрлерін, атап айтқанда, азаматтардың мүлкін кепілге қоюға заңнамалық актілермен тыйым салынуы немесе ол шектелуі мүмкін.
4. Алып тасталды - ҚР 2007.01.12 N 225 Заңымен.
5. Алып тасталды - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Ескерту. 301-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 N 225, 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

302-бап. Кепiл арқылы қамтамасыз етiлетiн талаптар

1. Егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, кепiл талапты оның нақты қанағаттандырылатын кезiндегi көлемдi сыйақыны (мүдденi) қоса алғанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алу арқылы келтiрiлген шығындардың өтелуiн, айып (айыппұл, өсiм) салуды, кепiлге салынған мүлiктi ұстау жөнiндегi қажеттi шығындарды, сондай-ақ өндiрiп алу жөнiндегi шығындарды өтеудi қамтамасыз етедi.
2. Егер тараптар мұндай талаптарды кепiл арқылы қамтамасыз ету мөлшерi туралы уағдаласқан жағдайда кепiл болашақта пайда болатын тараптарға қатысты белгiленуi мүмкiн.
Ескерту. 302-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.

303-бап. Кепiл түрлерi

1. Ипотека - кепiлге салынған мүлiк кепiл салушының немесе үшiншi бiр жақтың иелiгiнде және пайдалануында қалатын кепiл түрi.
Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары, ғарыш объектiлерi, айналымдағы тауарлар және азаматтық айналымнан алынбаған басқа да мүлiк ипотека мәнi бола алады.
Бөлiнетiн жемiстер бөлген кезден бастап үшiншi жақтың құқықтарының объектiсi болмайтын жағдайда ғана олар ипотека мәнi бола алады. Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары мен ғарыш объектiлерi ипотекасы осындай объектiлердi тiркеудi жүзеге асыратын органдарда тiркелуге тиiс.
2. Кепiлзат - кепiлге салынған мүлiктi кепiл берушi кепiл ұстаушының иелiгiне беретiн кепiл түрi.
Кепiл ұстаушының келiсiмiмен кепiлге салынған зат кепiл ұстаушының құлпы салынып, мөрi басылып, кепiл салушыда қалдырылуы мүмкiн. Кепiл мәнi кепiл туралы куәландырылатын белгiлер салынып (анық кепiл), кепiл берушiнiң иелiгiнде қалдырылуы мүмкiн.
3. Құқықтарды кепiлге салу кезiнде иелiктен айырылуы мүмкiн мүлiктiк құқықтар, атап айтқанда, кәсiпорындарды, құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды жалға беру құқықтары, шаруашылық серiктестiк мүлкiндегi үлеске құқық, борыштық талап қою, авторлық, өнертапқыштық және өзге де мүлiктiк құқықтар кепiл мәнi болып табылады.
Жер учаскесiне құқықтарды, сондай-ақ өзге табиғи ресурстарға құқықтарды кепiлге беруге, жер және өзге табиғи ресурстық заңдарда белгiленген шектер мен ережелер бойынша жол берiледi.
Мерзiмдi құқық оның әрекет жасау мерзiмi бiткенге дейiн ғана кепiл мәнi бола алады.
Кепiл құқығының борышқоры кепiл туралы хабардар болуға тиiс.
Егер кепiлге салынатын құқық құжатпен расталатын болса, кепiл шарты құқық белгiлеушi құжатты беру арқылы ресiмделуi мүмкiн.
3-1. Банктік салым кепілге қойылған кезде салымшының банктік салым шарты бойынша құқықтары кепілге ұсынылады. Кепіл беруші - салымшы кепіл ұстаушы туралы мәліметтерді көрсете отырып, банктік салым кепілі туралы банкке жазбаша хабарлауға міндетті.
4. Бағалы қағаздар кепiлi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Егер кепiл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепiл нысанасы болып табылатын ақша банкке орналастырылады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы ақша үшін алынатын сыйақы (мүдде) кепіл берушіге тиесілі болады.
Ақша кепiл ұстаушыға немесе өзге тұлға кепiл ақшаны пайдалану мүмкiндiгiн шектейтiн шарттарды сақтаған кезде (банк сейфiне, сейфтiң ұяшығына, сақтауға арналған жеке үй-жайда сақтауға беру) осы тұлғаға берiлуi мүмкiн. Осындай тұлғаның кепiл ақшаны пайдалану жөнiндегi шектеулердi орындамауы оның ақша берiлген кезден бастап негiзсiз байығаны үшiн жауаптылығына негiз болып табылады.
Ескерту. 303-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 N 225, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

304-бап. Ортақ меншiктегi мүлiктi кепiлге беру

Ортақ меншiктi құрайтын мүлiк кепiлге барлық меншiк иелерiнiң келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн. Ортақ мүлiктегi үлеске құқық кепiлдiң дербес мәнi бола алады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: