Кіріспе

«Құқық негіздері» пәнін оқыту мақсаты: Қазақстан Республикасындағы құқықтық мемлекеттілікті жетілдірудің қажетті шарты ретіндегі қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, оқушылардың әлемдік танымын қалыптастыру, қоғамдық және құқықтық мәдениет және жеке құқықтық танымын жоғарылату.

Оқу пәнін оқыту мақсаты қазіргі қоғамның қажеттілігі мен мүддесінен туындап отыр. Оқытудың негізгі мақсаты заң мамандығын алмайтын студенттерге мемлекет және құқық теориясының негіздерін меңгеру, ұлттық құқықтың жетекші салаларының шеңберінде қажетті білім беру. Бұдан басқа міндет ретінде: қоғам өміріндегі мемлекет пен құқықтың орны мен рөлін анықтау, Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің дамуының алғышартымен және мәселелерімен таныстыру, қазақстандық мемлекеттік-құқықтық механизмнің жетілдірілуінің саяси-құқықтық жолдарын анықтау, субъективтік құқықтар мен субъективтік юридикалық міндеттерді жүзеге асыруға қажетті тәжірибені жинақтауға үйрету.

Оқу пәнінің мамандарды дайындаудағы маңызы мен рөлі. Құқық негіздері болашақта өздерінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін іске асыру үшін, еңбек құқығын жүзеге асыру, қоғамның және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға, оқушыларға заң білімдерін кешенді нысанда меңгеруге мүмкіндік береді.

Студенттердің теориялық және тәжірибелік білімді меңгеруге қатысты бірлескен және жеке танымдық қызметі кезінде мақсатқа жету үшін оқу жұмыстарының келесі формалары қолданылады: дәрістер; семинар формасындағы тәжірибелік сабақтар; рефераттар мен есеп шығару формасындағы жұмыстар; өзекті құқықтық мәселелер бойынша баяндамалар; білімді тексеру үшін тестер және бақылау жұмыстары.

Ұсынылған әдістемелік нұсқау студенттерге «Құқық негіздері» курсы бойынша семинар сабақтарына дайындалуда көмек көрсетуге бағытталған. Ол семинар жоспарынан, әрбір тақырып бойынша ұсынылатын негізгі және қосымша әдебиттерден тұрады. Әрбір тақырыпқа әдістемелік нұсқаулар берілген, олардың мақсаты студенттің назарын анағұрлым күрделі мәселелерге аудару, оларға зерттелетін сұрақты қарастыруда көмектесетін әдебиеттердің көзін көрсету. Сабаққа дайындалу процесінде әдебиеттерді зерттеу кезінде студентке, сабақ үстінде жұмыс істеуге және емтихан тапсыруда көмек болатын, қысқаша конспект жазу ұсынылады.

Тақырып 1. Мемлекет, құқық және мемлекетік құқықтық құбылыстар туралы негізгі ұғымдар (2 сағ.)

1. «Құқық негіздері» оқу курсының жүйесі. Құқық негіздерінің теориялық- құқықтық ғылымдармен өзара қатынасы.

2. Мемлекеттің түсінігі және негізгі белгілері. Мемлекеттің сыртқы және ішкі функциялары.

3. Құқықтың пайда болуы. Қоғам өміріндегі құқықтың рөлі.

4. Құқықтық нормалардың түсінігі және құрылымы. Құқықтық қатынастардың түсінігі мен түрлері.

Семинардың мақсаты: студенттерді қазіргі кездегі мемлекеттік-құқықтық құбылыстар жайлы білімдерге жетелеу, оның типтері нысандары және функциялары туралы, мемлекеттің механизмі және құқықтық реттеудің сатылары туралы, адамның құқықтары мен бостандықтары және оны қамтамасыз ету мен қорғаудағы заңның орны жайлы үйрету болып табылады.

Бірінші сұрақта «Құқық негіздері» оқу курсының құрылымы мен қайнар көздерінің жүйесін, сондай – ақ, құқық негіздерінің басқа қоғамдық ғылымдармен өзара әрекет етуі мен өзара қатынасының ерекшеліктерін қарастырады. Студенттерді қазіргі кездегі мемлекеттік құқықтық құбылыстар жайлы білімдерге жетелеу, оның типтері, нысандары және функциялары туралы, мемлекеттің механизмі және құқықтық реттеудің сатылары туралы, адамның құқықтары мен бостандықтары және оны қамтамасыз ету мен қорғаудағы заңның орны жайлы үйрету болып табылады. Сондықтан екінші сұраққа дайындалу барысында мемлекеттің түсінігін және негізгі белгілерін, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын, азаматтық қоғамның рөлі мен маңызын, сонымен бірге мемлекеттің пайда болу теориялары және Қазақстан Республикасы құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде қарастыру қажет. Үшінші сұрақ бойынша құқықтың түсініктері өте көп, бірақта олардың мазмұны біреу-ақ: қоғам мен адамдардың мүдде-мақсатын қорғау, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеп, басқару; қоғамды дағдарысқа ұшыратпай, экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени т. б. бағыттарын дамыту; мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілеттігін, арақатынасын реттеп, басқарып отыру; халықаралық қатынастарды реттеп басқару болып табылады. Сондықтан құқықты түсінудің қазіргі кездегі негізгі бағыттарына жеке жеке тоқталып, құқықтың қағидаларын анықтаңыз.

Құқық нормасынан қоғамдық қатынастар қатысушыларының құқықтары мен міндеттері туындайды және осы ереже аталған субъектілердің әрекеттерін реттеуге бағытталғанына көңіл бөліңіз. Заң нормасы – құқықтың алғашқы буыны, оның жүйесінің элементі. Сол себепті, бұл нормаға ерекше әлеуметтік құбылыс ретіндегі құқықтың негізгі белгілерінің тән болуы заңды да. Алайда, бұл «құқық» және «құқық нормасы» түсініктерінің бір екенін білдірмейді. Олар бір-бірімен бүтін мен оның бөлігі ретінде байланысқа түседі. Сондықтан құқық нормасының белгілері мен түрлерін, құрылымын және құқықтық қатынастардың түсінігі мен түрлерін қарастырыңыз.

Пысықтау сауалдары

1. «Құқық негіздері» оқу курсының құрылымы қандай?

2. Мемлекеттің тарихи типтері (үлгілері) қалай қалыптасқан?

3. Нормативтік құқықтық актілердің түсінігі мен құрылымын анықтаңыз.

Баяндамалар тақырыптары

1. Мемлекет пен құқықтың дамуының негізгі кезеңдері.

2. Қоғам мен мемлекеттің өзара байланысы, азаматтық қоғамның рөлі мен маңызы.

3. Мемлекеттің тарихи типтері (үлгілері). Мемлекеттің типологиясы.

4. Қазақстан Республикасы құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде.

5. Құқық бұзушылықтың түсінігі мен түрлері.

Әдебиеттер тізімі

Негізгі әдебиеттер

1. Құқық негіздері: Оқу құралы / Б.Ө. Алтынбасовтың редакциялығымен. – Астана, «Мастер По» ЖШС, 2012. – 336 бет.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері. Оқулық 2 кітаптан тұрады / Құрастырған Е.Баянов. 1- ші кітап. – Алматы, 2009. – 384 бет.

3. Сапарғалиев Ғ., Ибраева А. Мемлекет және құқық теориясы: оқулық 2- басылым, өңдегең, толықтырған – Астана: Фолиант, 2011. – 360 бет.

4. Алимов С. В. Құқықтық және саяси ілімдер тарихы. Оқу құралы.– Алматы: «Бастау» баспасы, 2011. – 288 бет.

5. Булгакова Д. А. «Мемлекет және құқық теориясы. Оқу құралы. –Алматы: «NURPRESS» баспасы, 2013. – 130 бет.

Қосымша әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамызда 1995 ж. (2 ақпан 2011 өзгертулер мен толықтырулар).

2. Қопабаев Ө.Қ., Өзбекұлы С. Мемлекет және құқық теориясы. – Алматы, 2007.

3. Баққұлов С.Д. Құқық негіздері. – Алматы, 2004.

4. Мемлекет және құқық теориясы: Оқулық; Авторлар алқасы: Жоламанов Ж., Тәуекелов А.Н., Мұқтарова А.К. – А., 2008.

Тақырып 2. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының негіздері (2 сағ.)

1. Мемлекеттің және қоғамның Негізгі Заңы ретіндегі Қазақстан Республикасының Конституциясының түсінігі жене мәні.

2. Қазакстан Республикасының конституциялық құқығының қалыптасу кезеңдері, жетілдірілу және даму тенденциясы.

3. Қазақстан Республикасындағы адамдардың және азаматтардың жағдайының конституциялық негіздері.

4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымының түсінігі. Басқарудың республикалық нысаны.

5. Қазақстан Республикасының сайлау құқығы: түсінігі, қағидалары және ерекшеліктері.

Семинардың мақсаты: Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық заң салаларының заңдық базасы болып табылады, ал оның нормалары басқалар үшін нормалық принцип болып есептелінеді. Сондықтан еліміздің Ата Заңының мәні мен оның алатын орнының, заңдылық қасиеттерінің, құрылысының, қағидаларының ерекшеліктерін айқындау.

Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық заң салаларының заңдық базасы болып табылады, ал оның нормалары басқалар үшін нормалық принцип болып есептелінеді. Бірінші сұрақ бойынша еліміздің Ата Заңының мәні мен оның алатын орнын, заңдылық қасиеттерін, құрылысын, қағидаларын ашып көрсетіңіз.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізгі, басты нормативтік актісі. Конституцияның қолданылуы конституциялық құқықтағы өте маңызды проблема болса да, ол мәселе жөнінде жекелеген ой түйіндері ғана кездеседі. Өркениетті, демократиялық қоғамда Конституцияға, оның қолданылуына, тиімділігіне айрықша мән беріледі. Осыған орай Конституция, оның мазмұны туралы оны қабылдағанға дейін-ақ мұқият ойластырылады. Тиісінше, Конституцияның мәселесі екі кезеңнен:

1) оның жобасын әзірлеу және

2) қолдану кезеңінен тұрады.

Екінші сұрақ бойынша осы кезеңдерді жан - жақты қарастырыңыз.

«Азаматтық» ұғымы заң бойынша үш элементтен тұрады:

1) адамның мемлекетпен байланысы уақытша емес, тұрақты болуы тиіс. Адам өз қалауы бойынша азаматтықты біресе қабылдап, біресе одан бас тарта алмайды;

2) адамның мемлекетпен байланысы саяси – құқықтық сипатта болады. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын кез келген адаммен құқықтық байланысқа түсе алады. Бірақ саяси қатынас тек мемлекетпен оның азаматы арасында ғана орындай алады;

3) мемлекет пен азаматтың арасында өзара құқық пен міндеттемелер белгілінеді.

Үшінші сұрақ бойыша қандай адамдардың Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатынын, олардың құқықтық жағдайларын азаматтықты алу және тоқтату тәртібін, ата– аналардың азаматтығы өзгерген және бала етіп асырап алған кездегі олардың балаларының азаматтығын, азаматтық мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін, азаматтық мәселелері бойынша арыздар мен ұсыныстарды қарау, шешімдерді орындау тәртібін, сондай–ақ азаматтық мәселелері жөніндегі шешімдерге шағымдану тәртібін анықтаңыз.

Конституциялық құрылыс деп мемлекеттiң құқыққа бағынуын қамтамасыз ететiн және оны конституциялық мемлекет ретiнде сипаттайтын мемлекеттi ұйымдастыру әдiсi ұғынылады. Конституцияға Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысына негiз қалаған қағидаттар бекiтiлген: бұқаралық билiк, мемлекеттiк өмiрдiң барынша маңызды мәселелерiн демократиялық жолмен шешу, бiртұтастық, мемлекеттiк егемендiк, билiктердi бөлу қағидаты, құқықтың үстемдiгi. Қазақстанның конституциялық құрылысының нық тұруының қазіргі өзіндік ерекше жағдайында билік бөлу принципін бекітіп, жүзеге асырудың маңызы айрықша. Ол биліктің бір тармағының екінші тармағынан жоғары тұруын, қоғамда бедел үстемдігін болдырмауға арналған. Тепе – теңдік жүйесі мүмкін қателіктерден, тіпті билік тармақтары арасындағы қарама-қарсылықтан барынша арылуды көздейді. Бұл принципті жүзеге асыру үшін мемлекеттің барлық құрылымдарының қызметін тиімді және қолайлы ету, мемлекеттік басқару тетігі жұмысының тиімділігін күшейту қажет. Төртінші сұрақ бойынша «Жалпы ережелер», «Адам және азамат», «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық Кеңес», «Соттар және сот төрелігі», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару», «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын Конституцияның тоғыз бөліміне тоқталыңыз.

Бесінші сұрақ бойынша сайлау жүйесінің түсінігі және түрлері қарастырылады. Сондай -ақ Қазақстан Республикасындағы сайлау процесін ұйымдастырудың құқықтық негіздері (сайлауды тағайындау; сайлаушылыр тізімін құру; сайлау округтері; сайлау учаскелері; сайлау органдары; депутаттыққа кандидаттарды ұсыну және тіркеу; сайлау алдындағы үгіт; сайлауды қаржыландыру; дауыс беру тәртібі; дауысты есептеу; сайлау нәтижесі және оны жариялау) қарастырылуы қажет.

Пысықтау сауалдары

1. Конституциялық-құқықтық нормалар және олардың түрлері қандай?

2. Қазақстан Республикасында президенттік басқару нысанының қалыптасу мен даму кезендерін түсіндіріңіз.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық-құқықтық мәртебесі қандай?

4. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі конституциялық бақылау органы ретінде алатын орны қандай?

Баяндамалар тақырыптары

1. Конституциялық – құқықтық нормалар, институттар мен принциптер.

2. Қоғамдық – саяси институттардың конституциялық – құқықтық мәртебесі.

3. Қазақстан Республикасының Президенті.

4. Қазақстан Республикасының Парламенті.

5. Үкіметтің ұйымдастырылуы мен қызметінің конституциялық негіздері.

Әдебиеттер тізімі

Негізгі әдебиеттер

1. Конституционное право Республики Казахстан: Учебник / Сост. А.Т. Ащеулов. - Алматы: КазГЮА, 2001.

2. Сапаргалиев Г.С. Конституционное право Республики Казахстан: Академический курс. Изд. 3-е, с доп. – Алматы: Жеті Жарғы, 2007. – 544с.

3. Қопабаев Ө.Қ. Шет елдердің конституциялық құқығы. – Алматы: «Жеті Жарғы», 1998.

4. Божқараұлы А. Шетел конституциялық құқығы. – Қарағанды, 2005.

5. Дулатбеков Н.О. ж.б. Мемлекет және құқық негіздері / Дулатбеков Н.О., Амандықова С.Қ., Турлаев А.В. – Астана: Фолиант, 2001. - 252 б.

Қосымша әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының 1995 ж. 30 тамызда қабылданған Конституциясы. (2011 жылы 2 ақпан енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен).

2. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Консититуциялық Заңы, 1991 ж. 16 желтоқсан.

3. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқарутуралы». – Заң, 2001. 23 қаңтар.

4. Сапаргалиев Ғ.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. – Алматы, 1997.

Тақырып 3. Қазақстан Республикасы әкімшілік құқығының негіздері (1 сағ.)

1. Әкімшілік құқықтың рөлі мен маңызы. Әкімшілік құқық ұғымы.

2. Әкімшілік құқықтың жүйесі және қайнар көздері.

3. Атқарушы билік органдарының әкімшілік-құқықтық мәртебесі.

4. Әкімшілік құқық бұзушылық ұғымы мен түрлері.

5. Әкімшілік – құқықтық жауапкершіліктің ұғымы және түрлері.

Семинардың мақсаты: әкімшілік құқық мемлекеттік басқарудың негіздерімен байланысты мәселелерді қамтиды, атқарушы өкіметтің жүйесін ашады, сонымен қатар жеке адамдардың мемлекетті басқарудағы рөлін көрсетеді. Ол экономиканы мемлекеттік басқарудың құқықтық, әлеуметтік дамуы мен мәдениеттің, әкімшілік-саяси құрылымдардың, ҚР салааралық мемлекеттік басқарудың негіздерін, сонымен қатар басқармалық қызметте заңдылықты қамтамасыз ету нысандары мен әдістерін оқытуды қарастыру.

Тақырыптың бірінші сұрағын дайындауда әкімшілік құқық атқарушы билік органдарының қызметін ұйымдастырумен байланысты қатынастарды реттейтініне көңіл бөліңіз. Олардың құрылымын, өкілеттіктері мен құзіретін, сонымен бірге олардың арасындағы өзара іс-қимылдарын анықтаңыз. Әкімшілік құқықпен, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының азаматтарымен және өздерінің құзіреттеріне сәйкес мемлекеттік емес ұйымдармен өзара әрекеттесуі барысында туындаған қатынастары туралы, сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтармен байланысты қатынастар реттелетіндігін түсіндіріңіз.

Екінші сұрақты дайындау кезінде мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаларын, әкімшілік құқық субъектілерінің әкімшілік құқықтық мәртебесін, мемлекеттік басқару нысаны мен әдістерін, әкімшілік құқықтық жауаптылықты, мемлекеттік басқарудағы заңдылықты сақтау тәртібін анықтап, сыртқы және ішкі істерді басқару, әділетті басқару, қорғанысты басқару, денсаулық сақтауды басқару, білім беруді басқару, көлік және коммуникацияны басқару тәртібін білуіңіз қажет. ҚР-да әкімшілік құқықтың қайнар көздері ретінде нормативті құқықтық актілер мен шарттар алынады. Сондықтан ҚР әкімшілік құқықтың қайнар көзінің иерархиясын атаңыз.

Үшінші сұрақты дайындағанда атқарушы билік органдары ол тиісті құзірет берілген, белгілі бір аумақ шеңберінде атқарушы-өкім етуші қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік аппараттың бір бөлігі екендігіне көңіл бөліңіз. Атқарушы билік органына – Үкімет, министрліктер, агенттіктер, комитеттер, комиссиялар, ведомстволар, инспекциялар, басқармалар, департаменттер, әкімияттар бөлімдері жатады. Олардың қызметтерінің бағыты мен ерекшеліктерін анықтаңыз.

Төртінші сұрақты қарастыруда әкімшілік құқық бұзушылық ұғымы мен белгілеріне көңіл бөліңіз. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық құрамын талдаңыз. Әкімшілік құқық бұзушылықтың түрлері құқық бұзушылықтың біртектес объектісіне және теріс қылықтың салалық бағытына байланысты топтастырылады. Сондықтан құқық бұзушылықтың біртектес объектісі мен теріс қылықтың салалық бағытын салыстырыңыз.

Бесінші сұрақ бойынша уәкілетті органның немесе лауазымды тұлғаның әкімшілік заңға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдануынан көрінетін заңды жауаптылықтың ерекше түрі болғандықтан, әкімшілік жауаптылық басқа да құқықтық жауаптылықтар сияқты негізгі белгілерін анықтып, сонымен қатар, әкімшілік жазаның мақсаты мен түрлерін түсіндіріңіз.

Пысықтау сауалдары

1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуы және құрылуы қандай?

2. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау кезеңі мен оның бағыттарын түсіндіріңіз.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы қалай құрылады?

4. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті: органдары олардың ұйымдық құрылымы қандай?

Баяндамалар тақырыптары

1. Әкімшілік – құқықтық нормалардың ұғымы мен ерекшеліктері.

2. Әкімшілік – құқықтық қатынастардың ұғымы мен түрлері.

3. Мемлекеттік қызметті өткеруді әкімшілік-құқықтық реттеу.

4. Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін –өзі басқару.

Әдебиеттер тізімі

Негізгі әдебиеттер

1. Баянов Е. Әкімшілік құқық. – Алматы, 2007.

2. Подопригоры Р.А. Әкімшілік құқық. – Алматы, 2010.

3. Ибрагимов Х. Ю. ҚР әкімшілік құқығы. – Алматы, 2000.

4. Ақымбеков О.Қ., Алпысбаева М.А. Әкімшілік құқық (оқу құралы). – Алматы, 2003.

5. Құқық негіздері: Оқу құралы / Б.Ө. Алтынбасовтың редакциялығымен. – Астана, «Мастер По» ЖШС, 2012. – 336 бет.

Қосымша әдебиеттер

1. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, 30.01.2001.

2. Жетписбаев Б. Административная ответственность в РК. Учебник. – Алматы, Данекер, 2000.

3. Таранов А.А. ҚР әкімшілік құқығы. – Алматы, 1996.

4. Григорьев В., Тоқтабаева Қ. ҚР Әкімшілік құқығы. – Астана, 2008.

5. Болатбекұлы С.Б.. Әкімшілік құқық пәні бойынша дәрістер. – Алматы, 2004.

Тақырып 4. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығының негіздері (2 сағ.)

1. Азаматтық құқықтың ұғымы. Азаматтық құқықтық қатынастардың пайда болу, өзгеру, және тоқталу негіздері.

2. Азаматтық – құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілері.

3. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру ұғымы, әдістері және шектері.

4. Меншік құқығының пайда болуының және тоқтатылуының негізгі тәсілдері.

5. Азаматтық - құқықтық шарттардың түсiнiгi. Шарт пен мәміленің ерекшеліктері.

Семинардың мақсаты: азаматтық құқықтың мәнін түсіну үшін азаматтық-құқықтық реттеудің пәні және әдісін, азаматтық құқықтық қатынастардың анықтамасын, оның ерекше белгілерін және құрамдас элементтерінің мәселесін қарастыру қажет.

Қазақстан Республикасының бір тұтас құқық жүйесі бірнеше салаға бөлінетіндігі бәрімізге мәлім. Сол салалардың бірі болып табылатын – азаматтық құқық. Азаматтық құқық сала ретінде елімізде қалыптасып келе жатқан нарықтық экономиканың бірден – бір негізі десек те болатын шығар. Өйткені, бұл саламен реттелінетін құқық қатынастарының шеңбері кең. Азаматтық құқықтың мәнін түсіну үшін азаматтық-құқықтық реттеудің пәні және әдісін, азаматтық құқықтық қатынастар анықтамасын, оның ерекше белгілерін және құрамдас элементтері мәселесін қарастыру қажет.

Азаматтық құқықтар мен міндеттердің иесі ретінде азаматтық құқықтық қатынастардың субъектісі болу тек жеке тұлғаларға ғана емес, олармен қатар заңды тұлғаларға да тән қасиет.Осы құқықтық қатынасқа қатысушылар белгілі бір құқықтарға ие және соған сәйкес міндеттерге ие. Осы құқықтар мен міндеттер не нәрсеге бағытталған болса, сол нәрсе, оның объектісі болып табылады. Азаматтық – құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілерінің түрлерін қарастырыңыз.

Үшінші сұраққа дайындалу үшін азаматтық құқықты жүзеге асырудың негізгі қағидаларын анықтаңыз. Субъективті азаматық құқықты жүзеге асыру оның мақсатына сәйкес жүргізілуі керек және құқықты асыра пайдалануға жол берілмейтіндігін түсіндіріңіз.

Төртінші сұрақты дайындау барысында меншіктің құқықтық мазмұнына көңіл бөлу керек. Меншіктің құқықтық мазмұнын қарастыруда Р.Коуз қалыптастырған меншіктің «құқықтар шоғыры» теориясымен танысу қажет.

Меншіктің құқығының мазмұны оны иемдену, шаруашылық пайдалану мен экономикалық жүзеге асыру процестерінің сипаттарымен ашылады. Меншіктің күрделі де, көп жақты құрылым екендігін түсінуге тырысыңыз. Бұндай құбылыстың бірнеше формалары болады. Меншіктің негізгі формалары мен түрлеріне сипаттама беріңіз, олардың анағұрлым маңызды белгілері мен айырмашылықтарын атап өтіңіз. Қазіргі таңда жеке меншіктің тек дара емес, сонымен қатар ұжымдық үлестік формада да болатындығына көңіл бөліңіз. «Жекешелендіру» және «мемлекетсіздендіру» түсініктерінің мәнін ашыңыз. Әлемдік тәжірибеде орын алған жекешелендірудің жолдарын, әдістерін және формаларын сипаттаңыздар. Қазақстандағы жекешелендірудің ерекшеліктерін көрсетіңіздер: кезеңдерін, әдістерін, нәтижесін.

Бесінші сұраққа дайындалу кезінде «мәміле» мен «шарт» ұғымын анықтап алыңыз. Азаматтық заңдармен реттелінетін шарттардың түрлері сан алуан. Сонымен қатар, тараптар, азаматтық заңдарында көрсетілмеген шарттарды да жасауы мүмкін, егер олардың мазмұны азаматтық құқығының жалпы негіздері мен мәніне қарама – қайшы келмесе. Азаматтық заңдармен реттелінетін шарттардың түрлеріне тоқталып, шарттың жасалу жолдарын көрсетіңіз.

Пысықтау сауалдары

1. Азаматтардың құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі дегеніміз не?

2. Азаматтық заңдардың жүйесі қандай?

3. Азаматтық құқықтарды қорғау мен жүзеге асыратын органдарды атаңыз.

4. Интеллектуальдық меншік құқығы дегеніміз не?

Баяндамалар тақырыптары

1. Толық серiктестiктің құрылу тәртiбi және олардың құзыретi.

2. Сенiм (коммандиттiк) серiктестiгiнің ісін басқару мен тоқтату.

3. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктің құрылу тәртiбi және жарғылық капиталы.

4. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктің құрылу тәртiбi және олардың құзыретi.

5. Акционерлiк қоғам ұғымы және олардың түрлері.

Әдебиеттер тізімі

Негізгі әдебиеттер

1. Жайлин Ғ.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқу құралы (Жалпы бөлім). – Алматы: Жеті жарғы, 2012. – 304 бет.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері. Оқыулық 2 кітаптан тұрады / Құрастырған Е.Баянов. 2- ші кітап. – Алматы, 2009. – 384 бет.

3. Тулеугалиев Ғ.И. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы: Жоғары оқу орындарына арналған акад. Курс. 1 – том. – Алматы: «Жеті жарғы», 2001 – 376 бет.

4. Ынтымақов С.А. Азаматтық құқық. – Алматы, 2007.

5. Азаматтық құқық. М.К.Сулейменов., Ю.Г.Басин. – Алматы, 2004.

Қосымша әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының 27 желтоқсан 2013 жылғы Азаматтық кодексі (жалпы бөлім).

2. Сулейменов М.К., Басин Ю.Г. Азаматтық құқық. – А., 2000.

3. Оспанов Қ.И. Құқық негіздері. – Алматы, 2006.

4. Тәжібаева Ж.М. Құқық негіздері. – Астана, 2005.

5. Спанов А.К. Құқық негіздері. – Астана, 2006.

Тақырып 5. Қазақстан Республикасының отбасы құқығының негіздері (1 сағ.)

1. Отбасы құқығы: ұғымы, негіздері мен принциптері.

2. Некеге тұру және некенің тоқтатылуы. Жұбайлардың жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері.

3. Ата-аналар мен балаларының құқықтары мен міндеттері.

4. Қамқоршылық және қорғаншылық түсінігі, жалпы сипаттамасы.

5.Ата-аналардың, балалардың және отбасының басқа да мүшелерінің арасындағы алименттік қатынастар.

Семинардың мақсаты: некеге тұрудың тәртібі мен шарттарын, некені тоқтату мен бұзудың мазмұнын, қайнар көздерін және ата-аналардың, балалардың және отбасының басқа да мүшелерінің арасындағы алименттік қатынастардың ерекшеліктерін ашу.

Семинар сабағының бірінші сұрағын зерттеу барысында басты мақсат отбасы заңдары қандай принциптерге негізделетінін түсіндіру. «Неке» мен «отбасы» түсініктерінің мәнін ашыңыз. Отбасы құқығын зерттеуші белгілі кеңес ғалымы Е.М.Ворожейкиннің отбасының бір –біріне деген жеке сенім сипатына деген пікірі. Екінші сұрақта некені заңды түрде рәсімдеу қалай жүзеге асырылатындығына көңіл бөліңіз. Тіркеу кезінде некені қию шарттарының сақталғандығы тексеріледі, осы шарттарының сақталғандығын кім бақылайды? Некеге тұруға кедергі жасайтын қолайсыз жағдайлардың немесе басқа да себептердің болатындығы қарастырыңыз. Заңның некені жарамсыз деп тануға қатысты ережелерінің негіздерін атап көрсету керек.

Тіркелген неке ерлі-зайыптылардың арасындағы жеке және мүліктік құқықтар мен міндеттерді тудырады. «Неке және отбасы туралы» Заңның 29-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың жеке құқықтарын анықтаңыз. Заңға сәйкес ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттерді атқарады. Ерлі - зайыптылардың жеке құқықтарының теңдігі отбасы өмірінің барлық жалпы мәселелерін (ана, әке болу, балаларға тәрбие мен білім беру мәселелері және отбасы өмірінің басқа да мәселелері) олардың бірлесіп және өзара келісе отырып шешуінен көрінеді. Алайда, ерлі-зайыптылардың ешқайсысы да жеке құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру кезінде артықшылықты пайдалану тиіс еместігін түсіндіріңіз.

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеудің негізгі нысандарын анықтаңыз. Бала асырап алудағы мақсаты мен бала асырап (қыз асырап) алуға рұқсат беру, тыйым салу негіздерін түсіндіріңіз. Қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу үшін, сондай-ақ өзінің құқығы мен оған жүктелген міндеттерді өз бетінше жүргізу мүмкіндігінен айырылған адамдардың жеке және мүліктік мүдделерін қорғау үшін белгіленеді. Қазақстан Республикасының Заңдарымен қорғаншылық пен қамқоршылықтың қандай түрлері қарастырылған.

Ерлі – зайыптылардың мүліктік қатынастары оларға тиесілі болған мүлікті меншіктену және бір-бірлеріне өзара материалдық қолдау көрсету міндеттерінен туындайды. Құқықтық қатынастардың бірінші түрі Заңның «Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері» деп аталатын 7-тарауындағы нормалар мен екінші – Заңның «Ерлі-зайыптылардың және бұрынғы ерлі-зайыптылардың алименттік міндеттемелері» деп аталатын 18-тарауындағы нормаларды салыстырыңыз.

Пысықтау сауалдары

1. Қазақстан Республикасының неке, отбасы заңдары қандай принциптерге негізделеді?

2. Қандай адамдардың некеге тұруына тыйым салынады?

3. Тіркелген неке ерлі-зайыптылардың арасындағы жеке және мүліктік құқықтар қандай міндеттерді тудырады?

4. Бала асырап алу қандай жағдайларда жарамсыз деп танылады?

Баяндамалар тақырыптары

1. Ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу нысандары.

2. Ата-аналар мен балалардың арасындағы құқықтық қатынастар.

3. Отбасы құқығының қайнар көздері.

4. Некенің жарамсыздығы.

Әдебиеттер тізімі

Негізгі әдебиеттер

1. «Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы» Заңы,1998 ж. 17 желтоқсан.

2. Байжанов Н. Неке және отбасы. – Алматы, 1997.

3. Ынтымақов С.А. Отбасы құқығы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2002.

4. Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері. Оқулық 2 кітаптан тұрады / Құрастырған Е.Баянов. 2- ші кітап. – Алматы, 2009. – 384 бет.

Қосымша әдебиеттер

1. «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 8 тамыз 2002 жыл // Егемен Қазақстан, 13 тамыз 2002 ж.

2. Құқық негіздері: Оқу құралы / Б.Ө. Алтынбасовтың редакциялығымен. – Астана, «Мастер По» ЖШС, 2012. – 336 бет.

3. Тулеугалиев Ғ.И. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы: Жоғары оқу орындарына арналған акад. Курс. 1 – том. – Алматы: «Жеті жарғы», 2001 – 376 бет.

4. Оспанов Қ.И. Құқық негіздері. – Алматы, 2006.

Тақырып 6. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы (1 сағ.)

1. Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдісі.

2. Мемлекеттің қаржы жүйесі және қаржы органдары.

3. Қаржылық бақылаудың түсінігі, міндеттері, түрлері және әдістері.

4. Қазақстан Республикасының бюджет құқығы. Бюджет түрлері және деңгейі.

5. Бюджетке төленетін салықтар және басқа да міндетті төлемдер, түсінігі, түрлері.

Семинардың мақсаты: мемлекеттің қаржылық қызметінің, яғни мемлекеттің ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастардың мазмұнын ашу, қаржылық шарттардың құқықтық ерекшеліктерін анықтау, қаржылық бақылаумен бюджеті ұйымдастыру.

Семинар сабағының бірінші сұрағын дайындауда қаржылық құқықтың құқық саласы ретіндегі мағынасына, рөлі мен маңызына, сондай-ақ дамуы туралы түсініктемелер мен ілімдердің жиынтығына тоқталыңыз. Қазақстан бойынша осы қаржы құқығы ғылымы саласында талай жылдар бойы атсалысып келе жатқан А.И. Худяков, СМ. Найманбаев - Қазақстан Республикасындағы қаржы құқығының негізін қалыптастырған.

Мемлекеттің ақша қорлары, әрқашанда мемлекеттің қаржылық қызметінің түпкілікті объектісі болып есептелінеді. Қаржылық қызметтің процесінде қаржылардың үш функциясын атаңыз. Орталықтандыру дәрежесі мен осы институттарға жататын ақша қорларының түрлері бойынша Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің институттары (қаржылары) орталықтандырылған және орталықтандырылмаған болып екіге бөлінеді. «Орталықтандырылған» және «орталықтандырылмаған» түсініктерінің мазмұнын ашу қажет.

Қаржылық бақылау - мемлекеттің қаржылық қызметінің бір түрі ретінде есептелінеді. Қаржылық бақылауды жүзеге асыру белгілі біржағдайлардың болуын қажет етеді. Сондықтан қаржылық бақылаудың органдары мен олардың қызметтерін түсіну маңызды.

Семинар сабағының төртінші сұрағын дайындауда мемлекеттік бюджеттің мазмұны мен құрылымын, оның кіріс және шығыс бөлімдерін, оны тұрақтандырудың шарттарын қарастыру керек. Сонымен қатар, «мемлекеттік борыш» категориясының мазмұнын қарастырыңыз, оның құрылымы мен қандай жағдайда мемлекеттің мемлекеттік қарызды қайта қаржыландыру мен конверсияға жүгінетінін түсіндіріңіз. ҚР мемлекеттік бюджетінің ерекшеліктерін анықтаңыз (ҚР 2011-2013 ж. Республикалық бюджет туралы заңы. 29.11.2010 ж.).

Салықтар мемлекеттік және жергілікті бюджеттің табыстарының негізгі бөлігін құрайды. Осыдан кез-келген мемлекеттің салық жүйесі мен салық саясатын қалыптастыруға басым көңіл бөлуін түсінуге болады. Салық жүйесі белгілі бір принциптерді негізге ала отырып құрылады. Олардың негізгілері А.Смитпен қалыптастырылған. Бұл принциптер қазіргі таңда заманға сәйкес кеңейтілген және толықтырылған.

Қазіргі салық салудың қандай принциптерге негізделе отырып құрылатынын көрсетіңіз. Қазақстан салық жүйесінің құрылуы мен дамуының қалай жүргенін және оның қазіргі кездегі жағдайын анықтаңыз. Тәжірибеде салық салу бірнеше қызмет атқарады. Олардың әрқайсысында салықтардың мазмұны ашылады.

Салық жүйесінің ең негізгі элементі болып салықтар табылады. ҚР Салық Кодексін пайдалана отырып, Қазақстанда қолданылатын салықтар мен салық мөлшерлемелерін әлемдік тәжірибемен салыстыруға тырысыңыз және біздің салық жүйесі әлемдік стандартқа сәйкес келе ме деген сұраққа жауап беріп көріңіз.

Пысықтау сауалдары

1. Қаржы құқығы ғылымының пәні дегеніміз не?

2. Қаржылық-құқықтық нормалар қаншаға бөлінеді?

3. Девальвация мен нуллификацияның айырмашылығы қандай?

4. Қаржылық бақылауды құқықтық реттеу дегеніміз не?

Баяндамалар тақырыптары

1. Мемлекеттің салықтық қызметі.

2. Қаржылық – құқықтық қатынастардың ұғымы мен түрлері.

3. Қазақстан Республикасында валюталық реттеудің негіздері.

4. Қаржы құқығының жүйесі және қайнар көздері.

Әдебиеттер тізімі

Негізгі әдебиеттер

1. Найманбаев С.М. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы. Оқулық. – Алматы, 2005.

2. Бишманов К.М. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы. Оқу құралы. – Алматы, 2009.

3. Худяков А.И. Финансовое право Республики Казахстан. Общая часть. - Алматы, Баспа, 2001.

4. Худяков А.И. Финансовое право Республики Казахстан. Особенная часть. - Алматы. Норма-К, 2002.

5. Худяков А.И. Основы теории финансового права. - Алматы, Жеті Жарғы, 1995.

Қосымша әдебиттер

1. Абдуллина З.К., Баймаханов М.Т. тағы басқалар. Мемлекет және құқық негіздері. – Алматы, 2001.

2. Найманбаев С. Салық құқығы. Оқу құралы. – Алматы, 1996.

3. Айдарханова К.Н. Валютное право. – Алматы, 2008.

4. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы ҚР кодексі. 10 желтоқсан 2008 жылғы ҚР Заңы.

5. ҚР Бюджет кодексі 04.12.2008.

Тақырып 7. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы (1 сағ.)

1. Еңбек құқығы пәні, әдісі, жүйесі және қайнар көздері.

2. Жеке еңбек шарттары. Ұжымдық еңбек шарттары және келісімдер.

3. Жұмыс уақыты. Демалыс уақыты. Жалақы. Кепілдік пен компенсация.

4. Еңбек тәртібі. Материалдық жауапкершілік. Еңбек даулары.

5. Әлеуметтік қамтамасыз ету құқығының түсінігі.

Семинардың мақсаты: «еңбек» және «жеке еңбек шарты» түсініктерінің мазмұнын ашу; еңбектік құқықтық қатынастардың өзіне тән белгілерін көрсету; жұмыс уақыты, демалыс уақыты, жалақы ұғымына сипаттама беру; еңбекке жарамсыз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету саласындағы қатынастарды және осыларға қатысы бар заңды деректерді анықтау, олар жөнінде туындаған дауларды шешу.

Тақырыптың бірінші сұрағы бойынша қызметкер, жұмыс беруші жөне басқа да тұлғалар арасында еңбек туралы заңнама, еңбек шарты, ұжымдық шарт, жұмыс берушінің актілері негізінде пайда болатын қоғамдық және жекелік қатынастарды түсіндіріңіз. Қазіргі кезендегі нарықтық қатынастар жағдайында еңбек құқығы саласында еңбектік қатынастарды реттейтін негізгі әдістерді атаңыз. Сондай –ақ, еңбек кодексінде белгіленген еңбек құқығының қағидаларын қарастырыңыз.

Тақырыптың екінші сұрағы «жеке еңбек шарты» мен «ұжымдық еңбек шарты»түсініктерінің мазмұнын ашу. Азаматтардың еңбек ету құқығын жүзеге асырудың ең негізгі нысанына еңбек шартын жасасу жатады, өйткені тек еңбек шартын жасасу арқылы ғана адам ұйымның еңбек ұжымына кіре алады. Сонымен еңбек шартының ұғымын, жасалу мерзімін, тоқтату және бұзу тәртібін қарастырыңыз.

Жұмыс уақыты – қызметкер жұмыс берушінің актілері мен жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт екенін білеміз. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығын түсіндіруге тырысыңыз. Демалыс уақыты қызметкердің еңбек міндеттерін орындаудан босатылған және өз еркіне сай пайдалана алатын уақыты. Заңмен берілетін демалыс уақытының түрлеріне жеке тоқталыңыз. Жалақы – еңбек үшін күрделілігіне, саны мен сапасына сәйкес төленетін сыйақы (табыс). Заңмен қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді қарастырыңыз.

Еңбек тәртіптемесінің ережелерінде қызметкерлердің жұмыс уақыты мен тынығу уақыты еңбек тәртібін қамтамасыз етудің талаптары, еңбек қатынастарын реттеудің өзге де мәселелері белгіленеді. Еңбек тәртібін жұмыс берушіқандай жолдармен қамтамасыз ететінін анықтау қажет. Жұмыс берушінің алдындағы жұмысшының материалдық жауаптылығы мен жұмысшының алдындағы жұмыс берушінің материалдық жауаптылығының ерекшеліктеріне тоқталыңыз. Қызметкерлер мен жұмыс берушінің арасында туындаған келіспеушіліктерді шешу екі кезеңнен тұрады, біріншісі – келіссөздер жүргізу арқылы, екіншісі – заңмен бекітілген тәртіптен шешу арқылы. Жеке еңбек дауларын шешудің екі жолын сипаттап, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдарға жүгіну мерзімдерін көрсетіңіз.

Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы еңбекке жарамсыз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету саласындағы қатынастарды және осыларға қатысы бар заңды деректерді анықтау, олар жөнінде туындаған дауларды шешу қатынастарын реттейді. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру құқығының қағидаларын түсіндіріңіз.

Пысықтау сауалдары

1. Еңбектік құқықтық қатынастардың өзіне тән қандай белгілері бар?

2. Қызметкерлердің негізгі құқықтары мен міндеттерін атаңыз?

3. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығын түсіндіріңіз.

4. Еңбек тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жазалардың қандай түрлері қолданылады?

Баяндамалар тақырыптары

1. Еңбектік құқықтық қатынастар және еңбекпен байланысты өзге де құқықтық қатынастар.

2. Жәрдемақы түсінігі және түрлері, төлемдері және тағайындауды құқықтық қамтамасыз ету.

3. Еңбекті қорғау – еңбек құқығының маңызды инсттуттарының бірі.

4. Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету.

Әдебиеттер тізімі

Негізгі әдебиеттер

1. Айымханова Н. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы: Оқу құралы. – Алматы: Жеті жарғы, 2002. – 240 б.

2. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі: Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы № 251 Кодексі.

3. А. Ахметов, Г. Ахметова. Еңбек құқығы: Оқулық. – Алматы: Заң әдебиеті, 2005. – 405 б.

4. Абузярова Н.А. Трудовое право. – Алматы: Юрист, 2002. – 264 с.

5. Нургалиева Е.Н. Трудовое право Республики Казахстан. – Астана, ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2010.

6. Нургалиева Е.Н.Практикум по трудовому праву. – Астана, ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2010.

Қосымша әдебиеттер

1. Чиканова Л.А. Трудовой договор //Трудовое право № 4-5, 2004.

2. Кагазов А.К. Трудовое право в РК. – Алматы, 2000.

3. Нургалиева Е.Н., Бухарбаева С.А. Принципы трудового права. – Алматы, 2004.

4. Уваров В.Н. Қазақстан Республикасы еңбек құқығы: Оқулық. – Алматы: ҚазГЗУ, 2002. – 545 бет.

5. Шайбеков К.А. Трудовое право Республики Казахстан. – Алматы, 1996.

Тақырып 8. Экологиялық және жер құқығы негіздері (1 сағ.)

1. Экологиялық құқығының пәні, әдісі, жүйесі.

2. Табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғаудың негізгі қағидалары.

3. Экологиялық құқық бұзушылық үшін жауапкершілік.

4. Қазақстан Республикасының жер, су құқығының негіздері.

Семинардың мақсаты: тақырыптың негізгі мәселелерін: мемлекет аумағындағы жер, жер қойнауы, су, орман, атмосфералық ауа, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, табиғаттың көрікті жерлері мен ескерткіштерінің жүйесін қарастыру; қоғамдық қатынастардың осы саладағы заңдылық және құқықтық тәртібін нығайту.

Тақырыптың бірінші сұрағы бойынша Қазақстан Республикасы экология құқығының тарихын еліміздің әлеуметтік – саяси дамуына байланысты екі кезеңге бөлуге болады. Қазақста Республикасының егемендік алғанға дейінгі экология құқығының тарихы мен Қазақстан Республикасының егемендік алғаннан кейінгі экология құқығының тарихының мазмұнын түсіндіріңіз. Экологиялық қатынастарды ғылыми түрде салаларға бөліп қарастырыңыз.

Экология құқығының принциптері – мемлекет, қоғам, кәсіпорындардың, өкімет орындарының, ұйымдардың және басқа құрылымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың экологиялық құқықтық қатынастардағы түпкі бастамасы. Табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғаудың негізгі қағидалары атаңыз.

Экологиялық жауаптылық – бұл кешенді әлеуметтік экономикалық және құқықтық институт. Заңды жауапкершілік құқыққа қайшы әрекеттерден туындайды және әкімшілік құқықтық әдістермен реттеледі. Заңды жауапкершілік табиғатты құқықтық қорғаудағы маңызды құрал болып табылады. Сондықтан заңды жауаптылықтың мақсатын анықтаңыз.

Жер деген түсінікті әртүрлі мағынада қарап, жерді қорғаудың мақсаты мен міндеттерін көрсетіңіз. Су – ерекше экологиялық функцияны орындайтын орны толмас табиғат байлығы екеніне көңіл бөліңіз. Қазақстан Республикасының су құрамын анықтап, олардың мазмұнын түсіндіріңіз.

Пысықтау сауалдары

1. Қазақстан Республикасының экология құқығының қалыптасу кезеңдерін атаңыз.

2. Қазақстан Республикасының экология құқығы дегеніміз не?

3. Қазақстан Республикасының экология құқығының объектілеріне не жатады?

4. Экология құқығының принциптерін атаңыз?

Баяндамалар тақырыптары


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow