double arrow

Кіріспе

Аударма әрі көне, әрі жаңа өнер. Аударманы өнер деп атаудың өзі де оның мәдени әлеуметінен хабардар еткендей. Ал сол аударма барысында орын алатын мәдениеттер сұхбаты өркениеттілік болмыс-бітімнің өзіндік ерешелігін сомдайды. Ендеше, аударманы зерделеу – оны өз еншісіне айналдырған тілтанудың, әдебиеттанудың жеке ісі емес, мәдениеттану сынды әмбебап әрі пәнаралық ғылымның да ортақ ісі болмақ.

Аударма деген жалпылама ұғым ауқымында жатқан барлық құбылыстар (ауызша аударма, жазбаша аударма, еркін баяндау, әңгіме ету және т.б.) адамзат мәдениетімен, адамның мағыналық қызметімен, рәмізділік аясымен тығыз байланысты құбылыстар. Оған қоса, аударма ісі мәдениетаралық байланыстарды нәтижелі ететін әрі өзі сол қарым-қатынастардың салдары ретінде пайда болатын қызмет. Сондықтан да аударманы пәнаралық ізденістер шекарасында – мәдениеттануда зерделеудің маңызы зор.

Көркем әдебиет қисыны тек әдебиетті ғанаемес, көбінесе әдеби шығарманы, аударманы, белгілі бір сюжетті баяндап зерделеп, зерттейтін ілім. Ең алдымен көркем әдеби шығармашылығында жазушының, ақынның жазу шеберлігін, жазу тілін есепке алған жөн. Содан соң әдеби шығармадағы қолданылған көркемдегіш әдіс-құралдар қарастырылады. Ең алдымен әрбір шығармада орын алатын мәселе, ол – тілдік қор, тіл жүйесі, тілдік бейне. Сол сияқты менің жұмысымның арқау еткен мәселелерінің бірі жазушының шығармада қолданған көркемдегіш құралы, ол – тұрақты теңеулер [1].

Әрбір жекелеген ұлт түсінігінде әлем әр түрлі көрініс табады. Бұл, әсіресе, тілде айқын байқалады. Яғни тілдегі әлем бейнесі адамның әлемді тануының негізі. Бұған Б.Уорф пен Э.Сепирдің көзқарастары тұрғысынан қарасақ, әр түрлі ұлт осы ғаламды өзінше танып, өзінше пайымдайды. Демек, тіл біздің ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” қалпына келтіруімізге мүмкіндік жасайды, тіл арқылы біз ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” елестетеміз. Адам дүниетанымының басты элементі деп – ғалам бейнесін айта аламыз. Онда адамның дүниені тануының негізгі көріністері жинақталған.

Дүниенің тілдік бейнесіндегі тұрақты теңеулердің алатын орны өте қызықты да ауқымды мәселе. Тұрақты теңеулер әлемнің күнделікті тілдік бейнесіндегі үлгі-образ болып табылады. Олар адам мен жануарлардың қасиеттерінің ұқсастығын сипаттауға негізделген. Халықтың тұрмыс тәжірибесі тұрғысынан алғанда белгілі бір жануардың басым қасиеттері адамның мінез-құлық атауына сәйкес аталады. Сондықтан «жануарлар» теңеулері тізбесін белгілі бір тілдегі мәдениеттің үлгісі немесе символы ретінде қарастыруға болады. Теңеулік дүние бейнесінің түп негізінде белгілі бір этномәдени ұжымның сан ғасырлар бойы қоршаған ортаны меңгеруі, игеруі және өзгертуі процесінде қалыптасатын дүниені бейнелі, көрнекі етіп көруі және тануы жатады. Тұрақты теңеулер көбінесе адамдардың күнделікті тұрмыстық қарым-қатынасы аясындағы дүние бейнесін түзеді, сондықтан ол бейне қарабайыр тұрпатта болып келеді.

Жұмыстың өзектілігі. Адам дүниетанымы кеңістікті танып білуден жинақталады. Әр ұлттың әлем бейнесі олардың дүниені танудағы көзқарастарына байланысты. Адам баласының білімі, көрген – білгені, ақылы, ойы мен оның рухани дүниесін, өмірлік тәжірибесін сөйлейтін тілінен бөлмей, тілдік әлемімен бірге қоса қарастыру, нақтырақ айтсақ, кез келген халықтың тілінде ұлттық – мәдени сипатта бекитін дүние бейнесін антропоцентристік тұрғыда зерттеу – қазіргі заманғы лингвистиканың ең негізгі мәселелерінің бірі. Тіл қазынасындағы ұлттардың тұрмыс – тіршілігі мен өмір тәжірибелерінен хабар беретін, шаруашылық әрекетін танытатын, тілімізде кездесетін зоонимдік теңеулер мен тұрақты теңеулері бар мақал-мәтелдерді дүниенің тілдік бейнесінде қарастыру маңызды мәселе болмақ. Адамзат қоғамындағы барлық дүниетаным, қарым-қатынас құралы тілдік қызмет арқылы орын алады. Мәдениеттің қалыптасып дамуы, ұлттық-этнографиялық құндылықтардың халыққа таралуы да ауыз екі әдеби тілдің қызметіне байланысты. Сондай-ақ, халық даналығы да өмір заңдылығы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін айқындап, айшықтап жазған.

Жан-жануарлар атаулары биология, зоология оқулықтарында, сөздіктерде кездескенімен екі тілді салыстыра танымдық тұрғыдан талдап, зерттеген арнайы ғылыми еңбектер жетерлік деп айта алмаймыз. Сондықтан, тұрақты теңеулерді жеке зерттеу нысаны етіп ала отырып, халықтың сол бір тіршілік иелері туралы таным-түсінігі мен психологиялық көзқарасын анықтау, халықтың соларға берген сипаттамасын, теңеуін, өзге дүниені танытуда салыстыра қолдануын, адамның мінез-құлқы мен қимыл-қозғалысын әсірелеп танытуда теңеудік компоненті бар мақал–мәтелдер мен тіркестерді зерттеу тіл біліміндегі өзекті мәселе болып саналады [2].

Тұрақты теңеулерді зерттеудің ұлттың тұрмыс – тіршілігін, болмысын, табиғатын танып білудегі маңызы ерекше. Теңеулі компоненті бар кез келген тұрақты теңеулердің жасалуында белгілі бір қалыптасқан жүйелі логикалық ой болады. Аталған мәселенің ғылыми зерттеу нысаны болуының себебі, олардың қолданыс аясының кеңдігі, мазмұн жағынан ауқымдылығы және тіл тәжірибесінде жиі қолданылуында болып табылады.

Жұмыстың мақсаты: Тұрақты теңеулер жүйесінің қазақ-орыс-ағылшын тілдеріндегі лингвомәдени ерекшеліктерін және аудармадағы көрінісін ашып, айқындап талдау (А.Кристидің детективтері мысалында).

Жұмыстың міндеттері:

Аударма туралы зерттеулерге шолу жасау;

Тұрақты теңеулер жүйесінің ағылшын - қазақ тілдеріндегі лингвомәдени ерекшеліктері мен аудармадағы көрінісін көрсету;

Көркем әдебиеттегі тұрақты теңеулердің алатын орнын зерттеу;

Жұмыстың нысаны: А.Кристидің детективтері түпнұсқасындағы тұрақты теңеулердің берілуін талдап, ағылшын-қазақ тілдерінде салыстыру, екі тілділікті сақтау.

Зерттеу пәні: Берілген мысал аумағында тұрақты теңеулерді ағылшын-қазақ тілдерінде салыстыру.

Жұмыстың тәсілі. Зерттеу барысында салыстыру және топтастыру әдістерін қолдану және оны жұмыс барысында айқындап көрсету болып табылады.

Жұмыстың зерттелу деңгейі: Ғылыми жұмыс - Қоңыров Т. [12] «Қазақ теңеулері», Хасанқызы Б.А., Мәуленов С. [18], «Өлеңдеріндегі теңеу», Жұбанышқызы М.Т [16] «Қазақ және ағылшын тілдеріндегі анималистік фразеологизмдердің коннотативтік семантикасы», тағы сол сияқты авторлардың жұмыстары негіз болып, сипат тауып тұр.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:

– ағылшын-қазақ тілділік қауымдастық мүшелерінің танымындағы адамның іс әрекетін, кескін келбетін, эмоционалдық жай күйін т.б. сипаттайтын тұрақты теңеулер ұлт дүниетанымымен байланыстырылып, олардың төңірегіндегі аялық білімдер қарастырылды;

– дүниенің тілдік бейнесіндегі теңеулергебайланысты прототиптік образдардың, ағылшын, қазақ мәдениеті мен дүниетанымына, менталитетіне қарай қалыптасқан ассоциациялардың ұлттық мәдени, танымдық ерекшеліктері анықталды.

– ағылшын-қазақ тілдерінде қолданыс тапқан тұрақты теңеулер үш ұлт дүниесінің тілдік бейнелерін ұрпақтан – ұрпаққа жеткізуші, яғни ақпарат тасымалдаушы қызметін атқарады [3].

Жұмыстың теориялық маңыздылығы. Қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы лингвомәдениеттану, этнолингвистика, когнитивті лингвистика салаларының теориялық мәселелерін шешуде, принциптерін айқындауда және бұл салалардың алға қарай дамуында зерттеу жұмысының нақты нәтижелері мен тұжырымдары өз деңгейінде үлес қоса алады. Аударманың мән-мағынасы, теңеудің көркем әдебиеттегі қолданысы, оның орны мен ерекшеліктері, әр сала аумағында жіктелуі, тұрақты теңеулердің аясы және оның түсінігі.

Жұмыстың практикалық маңыздылығы. Жұмыстың нәтижелерін жоғары оқу орындарда лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика, стилистика пәндері бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда, теориялық курстар мен арнайы семинарларда пайдалануға, сондай – ақ лексикографиялық тәжірибеде қолдануға болады. Сонымен қатар А.Кристидің детективтері нің мысалы ретінде аудармада теңеудің қолданылу барысы мен оның аясы және аудармада берілу жолдары айқындалады.

Ғылыми мәселенің заманауи тұрғыдан зерттелуіне баға беру. Жасалған жұмыстардың көптігіне қарамастан, үш тілділікте қарастылып, салыстырылған әдістердің, әсіресе тұрақты теңеулердің қолданылу аясы кеңінен ашылып қолданылмаған, оған аса көңіл бөлінбеген, сондықтан осы жасалған жұмыста тұрақты теңеулердің маңыздылығы мен ерекшелігі көрсетіліп, жаңадан зерттелетіп қарастырылады.

Жұмыстың практикалық базасы. Диплом жұмысында А.Кристидің детективтерін кең ауқымда пайдалану. Сонымен қатар, детективтер ішіндегі тұрақты теңеулерді екі тілде салыстыра отырып зерттеу [4].

Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы толығымен 67 бетті қамтиды. Жұмыс кіріспеден, үш үлкен бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиет тізімінен және қосымшадан тұрады.

Бірінші бөлімде аударма туралы зерттеулерге шолу жасалады, көркем аудармадағы теңеулердің орны белгіленіп, олардың лингвомәдени сипаты анықталады және оның қолдану аясы қарастырылады.

Екінші бөлімде тұрақты теңеулердің көркем әдебиетте жіктелуі, оның ұлттық-мәдени сипаты, көркем аударма аясында қолданылуы, тұрақты теңеулердің өзіндік аудармада көркемдік қызметтерін анықталуы және аудармада берілу ерекшеліктері сипатталады.

Үшінші бөлімде кез келген шығармадағы тұрақты теңеулердің қолдану барысы зерттеледі, сонымен қатар, А.Кристидің детективтерінің мысалы негізінде, әңгімелер ішіндегі теңеулерді іріктеп алып, оны екі тілде салыстыра отырып, осы ғылыми жұмысқа толығымен зерттеу жасау. Осы дипломдық жұмыстың негізі ретінде лингвистика, аударма теориясы, лексикология салаларындағы бағыттар бойынша қарастылырған көптеген материалдар, авторлардың жеке еңбек жұмыстары, топтамалары арқау болады.

Қорытындыда зерттелген жұмыстың ең негізгі нәтижелері беріледі.

1 АУДАРМА ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРГЕ ШОЛУ ЖАСАУ

1.1 Көркем аударма әдебиетіндегі тұрақты теңеулердің мағынасы

Аударма адам қызметінің ең көне түрі екені даусыз. Әуел бастан аударма тілі басқа адамдардың бір-бірімен араласуына мүмкіндік тудырып, аса маңызды әлеуметтік қызмет атқарды. Жазбаша аудармалардың таралуы адамдарға басқа халықтардың мәдениетімен танысуына кең жол ашып, әдебиеттер мен мәдениеттердің араласып, баюына жағдай жасады.

Шетел тілін білу кітаптың түпнұсқасын сол тілде оқуына негіз болады, алайда ең болмағанда бір шетел тілін үйрену әркімнің қолынан келмейді, ал бір адамның кітаптарды әдеби тілдердің баршасында, тіпті көпшілігінде оқуы мүмкін емес. Рудаки мен Омар Хаямның, Шекспир мен Гетенің, Толстой мен Достаевскийдің, Абай мен Шәкәрімнің ғажайып шығармалары аударманың арқасында ғана адамзаттың игілігіне айналды.

Аударма – түрлі тілдерде сөйлейтін адамдардың арасындағы қатынас (коммуникация) мүмкіндігін қамтамасыз ету құралы [5,70].

Лингвистикада және аударматануда аударма бір тілдегі ойды басқа тілге жеткізіп аудару ретінде анықталады (Л. С. Бархударов, В. Н. Комиссаров, Я. И. Рецкер, А. В. Федорова және т.б.).

В. Н. Комиссаровтың пікірінше, аударманы – тіларалық қарым-қатынастың ерекше бір түрі, үш сөйлеу актісінің бірлігі ретінде қарастыруға болады:

1) шет тілі арқылы түпнұсқаны тудыратын сөйлеу актісі;

2) аудару тілі арқылы аударма мәтінді тудыратын сөйлеу актісі;

3) бірінші және екінші актілерде іске асқан сөйлеу актісі арқылы сөйлеу шығармалардың біріктіру актісі (коммуникативті теңеу) [6, 34-35].

П.И. Копаневтің анықтамасы бойынша аударманың мақсаты заттық-логикалық мәліметтерді хабарлау, қандай да болса істерге, белгілі бір сезімдерге түрткі болу. Осыдан келіп ол аударманың қызметіне төмендегідей анықтама береді: аударма қызметі – бұл тіларалық, мәдени-эстетикалық бөгеттерді бұзу [7, 144].

Лингвист З. Е. Роганованың зерттеулеріне сәйкес, аударма – бұл барабарлы нұсқаның барабарлы басқа тіл арқылы мазмұнын және формасын қарастырып, жаңадан құру. Екі тіл жүйесінің компоненттерін салыстыру негізінде, аудару кезінде керекті тіл бірліктерін таңдап алу. Қарастырылатын тілдерде, олардың ұлттық ерекшеліктеріне байланысты бір ой әр түрлі тәсілдермен жеткізілуі мүмкін [8, 5].

Аударманы ұлттық мәдени әдістердің маңыздысы және мәдени аралық қарым-қатынастың әсерлі тәсілдерінің бірі ретінде қарастыруға болады. Мәдениетаралық қарым-қатынас әр түрлі мәдениеттердің вербалды және вербалды емес, өзінің және басқа мәдениеттің және тілдің иеленушісімен қатынастағы ерекше үрдіс ретінде анықталады [9, 85 - 89].

В. Г. Зусманның, З. Е. Рогановтың пікірлеріне сәйкес аудармашының мақсаты тілдердің ерекшеліктеріне, қызмет заңдылықтарына, мәдениетіне байланысты лингвоэтникалық бөгеттерді бұзу. Басқа сөзбен айтқанда, аудару үдерісі кезінде аудармашы әр түрлі тілдерде сөйлейтін, әр түрлі лингвоэтникалық қоғамға жататын адамдардың қарым-қатынасы әсерлі болу үшін лингвоэтникалық бөгеттерді бұзады. Сонымен, аударма – бұл лингвоэтникалық ретрансляция [10, 6 - 10].

В. С. Виноградов, Г. И. Исина, М. Т. Сабитова, А. В. Федоров екі аспектіде қарастырылатын «аударма» терминіне өз назарларын аударады: біріншіден, бұл аудару жұмысының әр түрлі кезеңдерімен байланысты үдеріс және екіншіден, бұл аудармашының шығармашылық жұмысының нәтижесі – мәтін.

Аударманың теоретигі және практигі Л. К. Латышевтың, сол сияқты В. С. Виноградовтың және А. В. Федоровтың пікірлерінше аударманың заты аудармалы мәтін болып табылады. Аудармалы мәтін үдеріс кезінде екі тілді қарым-қатынас кезінде түпнұсқа мәтінді алмастырады.

Сонда аудармашы әр түрлі тілдерде сөйлейтін коммуниканттар арасында лингвоэтникалық бөгеттерді бұзып, оларға бір тіл коммуникациясында қатынасуға мүмкіндік береді. Басқа сөзбен айтқанда, қажеттілік – аудармашының ісін айқындап, аударылған мәтін ретінде қанағаттандырылады.

Л. К. Латышевтың пікірінше аударма үш негізгі талапқа сай болу керек:

1) аударылған мәтін коммуникативті-функционалды жағынан берілген мәтінге барабар (эквивалентті) болу керек;

2) семантикалық құрылымы жағынан берілген мәтінге максималды түрде сәйкес болу керек (бірінші талапқа қарама-қарсы болмау керек);

3) берілген мәтінге сәйкес емес «орын толтыратын лексикамен» қамтымау және мүмкіндігінше аударма шектеулерінен аспау керек.

Егерде осы аталған талаптардың бірін назарға алмай аударма жасайтын болсақ, бұл аударма аудармадағы кемістік немесе аударма, тіларалық қатынастың басқа бір түріне айналуы мүмкін.

Л. К. Латышевтің пікірінше аударылатын мәтін коммуникация, қатынас құралы болып табылады [11, 15]. Біздің ойымызша осы пікір дәлдікті, түсінікті талап етеді. Мәтін – бұл ауызша немесе жазбаша түрде болатын вербалды белгілердің (сөздердің) жүйелілігі [12, 15]. Яғни, ауызша, жазбаша мәтіндер адамның коммуникативтік үдерісінің нәтижесі.

Коммуникацияның екі түрі болады: бірінші, бастапқы (кәдімгі), және екінші, соңғы (әдеби). Біріншісі, сөйлеп және тыңдап жатқан адамдардың арасында туған коммуникативті жағдай. Екіншісі, толық емес коммуникативті жағдай болып саналады. Ол әңгімелейтін адам (әңгіме авторының өкілі) мен оқырман арасындағы коммуникация. Коммуникация толық болу үшін, келесі жағдайларға назар аудару қажет:

1) сөйлеуші және адресат болу керек;

2) уақыт бірлігі;

3) орын бірлігі;

4) коммуниканттар және олардың қатынастары арасындағы бірлік.

Әдеби коммуникация кезінде осы жағдайлар сақталмайды. Өйткені қатынастың түрі өзгереді. Мысалы: коммуникативті байланыс автор мен оқырман арасында болады, ал қатынас серіктесі (партнері) мәтін болып табылады [13, 68].

Аударма әрі көне, әрі жаңа өнер. Аударманы өнер деп атаудың өзі де оның мәдени әлеуметінен хабардар еткендей. Ал сол аударма барысында орын алатын мәдениеттер сұхбаты өркениеттілік болмыс-бітімнің өзіндік ерешелігін сомдайды. Ендеше, аударманы зерделеу – оны өз еншісіне айналдырған тілтанудың, әдебиеттанудың жеке ісі емес, мәдениеттану сынды әмбебап әрі пәнаралық ғылымның да ортақ ісі болмақ.

Аударма деген жалпылама ұғым ауқымында жатқан барлық құбылыстар (ауызша аударма, жазбаша аударма, еркін баяндау, әңгіме ету және т.т.) адамзат мәдениетімен, адамның мағыналық қызметімен, рәмізділік аясымен тығыз байланысты құбылыстар. Оған қоса, аударма ісі мәдениетаралық байланыстарды нәтижелі ететін әрі өзі сол қарым-қатынастардың салдары ретінде пайда болатын қызмет. Сондықтан да аударманы пәнаралық ізденістер шекарасында – мәдениеттануда зерделеудің маңызы зор.

Аударма қандай да болсын коммуникация компоненттерін қосарландыра түседі. Аударма теориясын ұқсастық туралы, шынайы әлем заттарының ұқсастығы туралы, шынайы әлемнің адам санасында көрініс табуының ұқсастығы мен адамзат тілдерінің ерекше көркем мүмкіндіктерінің ұқсастығы туралы іргелі білім деуге болады дейді зерттеушілер.

Қазіргі кезде аударманың қоладнылмайтын саласы жоқ. Телеграф агенттіктерінің хабарларын, газет-журнал материалдарын, техника мен ғылым мағлұматтарын, компьютер мен ғаламтор жаңалықтарын көпшілікке таратудың ең тиімді жолы – аударма. Көпұлтты, көптілді қоғамымыздың біртұтас дамуын ұйымдастыруда, халықтардың мәдени және рухани табыстарын ортақтастыруда, халықтардың қарым-қатынасын ұлғайтуда аударма нағыз дәнекерлеуші күш болып отырғаны деген сөз [14, 95].

Аударма жұмысы – бүгінгі таңда мақсат-мүддесі, тіршілік-әрекеті бір адамзат қоғамындағы аса маңызды, шартты құбылыс. Аударма – ұшан-теңіз өмір, өмір ағысының барлығын ұштастыруға себепші болып отырған елеулі күштердің бірі.

Сондықтан аударма қарқындап дамыған қазіргі кезеңде оның ауызша түрі саналатын синхрондық немесе ілеспелі аударма және жүйелі немесе тізбектелген (последовательный) аударма жаңа сапаға, жаңа сатыға көтеріліп дамуда.

Ілеспелі аударма дегеніміз аудармашы сөзін тыңдай отырып, 2-3 секундтай кешігіп, қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы аударма жасайды. Қазіргі кездегі кәсіби ілеспелі аударма дегенді арнайы жабдықталған аударма кабиналары, микрофон жүйелерімен, құлаққаптармен (наушниктермен) қамтамасыз етілген, техникалық құралдарды мүмкіндігінше пайдаланған аударма ретінде түсінеді.

Ал тізбектелген аударма кезінде оратордың сөйлеу уақыты кемінде 7-8 минут жалғасады, содан соң аударма жасалады. Бұл, бір жағынан, тыңдаушының зерігуіне, мәтіннің құндылығын елемеуге, тыңдармандардың жалығуына әкеп соқтырады. Диалогтық сөйлеу мәтінін (әскери әңгімелер, келісімдер) аудару кезінде аудармашы екі тілдің элементтерін тез игеріп, анализ-синтез жасай отырып, өте тез арада аударуы керек.

Жүйелі аударма кезінде аудармашының ең негізгі мақсаты – оратор мен оның тыңдаушылары арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ету. Бұл үшін аудармашы 2-3 беттік мәтінді (адамның қабылдау қабілетінен жоғары) есте сақтау мақсатында «әмбебап аудармалы түртулер» («универсальная переводческая скоропись») жасауды керек етеді.

Қазақ тілінің мүмкіндіктерін барынша пайдалану әлемнің түкпір-түкпірінен құйылып жатқан ақпарат ағымдарымен қазақ қауымын қамтамасыз етер тілдік жүйе жасаудың басты элементі болып табылады. Бұл істе аударманың қызметі ерекше болмақ. Сондықтан аударманың қоғамдық мәнін, өмірлік қажеттілігін де терең түсіне білу керек.

Жаhандану дәуіріндегі ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет, ақпарат пен жарнамалар желісі және олардың жетістіктерін ана тілімізге жеткізу аударма үдерісі арқылы жүзеге асары сөзсіз. Бір жағынан, аударма арқылы таным-түйсігіміздің кеңейіп, біліміміздің жетіліп, адамзат танымының деңгейінде ақыл-ойымыздың өсуіне жол ашылса, екінші жағынан ақпарат ағынының тасқынында төл тіліміздің табиғи, шынайы күйін сақтап қалу үнемі есімізде болуы шарт. Ол үшін әрбір шет тілінен жасалған аударма қазақ оқырманының таным-түйсігіне, мәдениетіне, салт-дәстүрінің, психологиясының ерекшелігіне мейлінше жақындастырылып жасалуы керек [15, 109].

Сауаттылық пен білгірлікті, білімділікті, тапқырлық пен көрегендікті қажет ететін аударма ісінің даму заңдылықтарын, оның ғылыми негіздерін айқындап алмай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, аударма ісі бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі екендігі даусыз.

Тіл – адамдардың өзара түсінісу, қатынас құралы болуымен қатар, ол – адамның рухани өмірінің, қоғам мен табиғат құбылыстарының бірден бір көрсеткіші. Ұлт пен адамның, ұлт пен қоғамның, табиғаттың арасындағы тікелей байланыс халықтың танымынан, білімдер жүйесінен көрініс табады. Ал тіліміздегі теңеу құбылысы – осы танымның нәтижесі. Қазақ тіліндегі теңеулер ұлттық үрдістің күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан бұл дәстүрден басталуы да, қалыптасып, кең тарау уәждері де тарихта белгілі этномәдени көне құбылыстарға жатады. Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғасырлар бойы қалыптасып, тіл қорының қат-қабат қойнауларында сақталып келе жатқан, үнемі дамып, жаңаланып, толығып отыратын тілдік бірліктердің бірі – қазақ теңеулері. Ойымызды бейнелі, мәнерлі етіп, айқын жеткізуде өзінің бейнелілігін, экспрессивті-эмоционалды бояуымен көзге түсетін теңеулердің маңызы ерекше құнды.

Тұрақты теңеу модельдерінің табиғаты бұрыннан зерттеліп келе жатса да, олардың этнос болмысын, оның көркемдік, бейнелі дүниетанымдық мәні мен тілдегі қызметін терең де жан-жақты қарастыру антропоцентризмнің өзекті мәселелеріне жатады. Өйткені мыңдаған тұрақты теңеу модельдерінің уәжі мен нысаны, сайып келгенде, халықтық дүниетанымға, ұлттық менталитетке және оның құндылығын айқындау принципіне тікелей байланысты. Бұл тіркестердің қай-қайсысын алсаң да, олардың мазмұнында халықтың тарихы, мәдениеті, оның өмір сүру салты, ассоциациялық ой-қиялы жатыр. Тілімізде мыңдап саналатын бұл тіркестер тақырыбы, мағынасы, құрамы мен құрылымы, уәждік негізі және көркемдік ерекшеліктері жағынан сан алуан.

Тұрақты теңеудің басты ерекшелігі қандай затты, құбылысты болсын, я қандай затпен, құбылыспен болсын салыстырса да, айналып келіп, адамның іс-әрекетін, сын-сымбатын, қалып-күйін т.б. қасиеттерін сипаттауға бағышталады. Теңеу тіркестерін зерттеу – бұл өз ұлтыңның тұрмыс-тіршілігін, оның болмысын, табиғатын танып білу. Теңеу тіркестерінің тілдік болмысын тану ол сол халықтың тарихымен тығыз байланыста зерттеу болып табылады. Сондай-ақ, -дай, -дей, -тай, -тей қосымшалары арқылы жасалған теңеулерге, оларға негіз болып тұрған тіліміздегі әртүрлі атауларға этнотанымдық сипаттама беру арқылы өткен замандағы қазақ халқының тұрмысынан, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан, шаруашылық дәстүрінен мол мағлұматтар алуға болады. Сонымен қатар, кез келген тұрақты теңеулердің жасалуында белгілі бір қалыптасқан жүйелі логикалық ой болады.

Теңеу тіркестері фразеологиялық тіркестермен бір қатарда көркем сөз қорынан ерекше орын алып, ғылыми зерттеу нысаны болуының себебі, біріншіден, олардың сан жағынан көптігі [16, 122].

Теңеу-эпитет - затты, нәрсені, құбылысты немесе солардың белгісін, қасиетін, сапасын көрсететін көркемдік ұғым. Халық тілінде тұрақты теңеу (алтын көпір,бұйра толқын, сын сағат, берік байлам, ыстық ықылас т. б.) мол ұшырасады. Абай поэзиясында теңеудің көптеген түрлері бар болмысымен, қиысымен қолданылған. Әсіресе, «Шокпардай кекілі бар, камық кұлақ» өлеңінде аттың сынына байланысты қолданылған теңеу осының жарқын мысалы болып табылады; «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ»; «Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті»; «Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс», сол сияқты, терең ой, терең сөз, терең ғылым сияқты теңеулер де Абайдан бастау алған троптар. Мысалы: «Түбі терең сөз артық, бір байқарсың», «Терең ой, терең ғылым іздемейді». Ақын шығармаларында көңіл күйіне байланысты, адамдардың өмірі мен қылықтарындағы жағымсыз жайларға өкініш білдіргенде айтқан теңеудің басқа түрлері де кездеседі: «Жалаңқая жат мінез жауалады», «Ит қорлық немене екен сүйткен күні?», «Ыржаң- қылжың ит Мінез».

Сөз өнерінің ғылымы туралы еңбегінде А. Байтұрсынов теңеуге қатысты біршама мәселелердің бетін ашқан. Негізгі тұжырымдарын былайша берген: «Теңеу, көріктеу, нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанымен, нәрсенің бейнесін суреттеп көрсетуге күші жетпейді. Ондай орында белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсетеміз.

Сол мысалдар бойынша ғалым тұрақты теңеуді екі түрге бөлген: 1) әншейін теңеу, 2) әдейі теңеу. Екеуінің арасындағы айырмасы сол: әншейін теңеу - әдетті теңеу болады. Мәселен, удай ащы, айдай жарық, күйедей қара дегендегі «удай», «айдай», «күйедей» деген сияқты сөздер, - дейді [17, 65].

Теңеудің салыстырмалық мәнге ие екендігі жөнінде Қ. Жұмалиев те өз еңбегінде тоқталған. Мұнда ғалым теңеудің көпшілігі зат есімге, есімше етістікке жалғанған - тай (-тей), - дай (-дей), -ша (-ше), және – дайын (-дейін) жұрнақтары арқылы жасалатындығын анықтай түсіп, - тай (-тей), - дай (-дей) сөзге жұрнақ ретінде жалғанса ғана теңеулік мағына беретіндігін, ал көсемше етістік боп келген жерлерде теңеулік мағына бермейтіндігін ескерткен [18, 101].

Тілдік көркемдеу құралдары жөнінде толымды пікір айтқан академик З. Қабдоловтың еңбегінде теңеуді ажарлаудың бір түрі ретінде нақтылай дәлелдеп берген. Ғалым былай дейді: «Әдеби тілге мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу. Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей – ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді. Сонда бұлар туралы оқырман түсінігі тереңдейді де, өнер туындысының эстетикалық әсері күшейе түседі» [19, 45].

Сондай – ақ, теңеудің халық шығармаларынан қалыптасып, жазба әдебиетіне ену жолдары туралы Қ. Жұмалиев, М. Базарбаев, Б. Манасбаев, М. Белбаева, Т. Қоңыров және т.б. еңбектерінде айтылған.

Батырлық жырдағы қаһармандарға қатысты нақтыланып, түстелген теңеулердің портреттік сипаты басым екендігі жырдан аңғарылады. Мәселен, «жолбарыстай білекті», «арыстандай айбатты», «ақ сұңқардай», «аш бөрідей тиеді», «ителгідей емініп», «бүркіттей қолды салады», «жүрегі оттай», «нар түйедей», «құр аттай», «үркер мен айдай», «аш көзендей бүгіліп», «қабағы түстей түйіліп», «қарт бурадай», «жолбарыс шапқан құландай», «тышқан алған мысықтай», «ақ тұйғындай», «қабыландай», «күркіреген күндей» т.б.

Осы теңеулерге қарай отырып, белгілі бір дәуірдің, керек десеңіз ұлтқа тән талғам – талаптары, көркемдік ұғым – түсінікті жазбай тануға болады. Халықтың дүниеге көзқарасының қандай деңгейде екендігін пайымдаймыз. Себебі, халықтың жақсылық пен жамандықты ажырата білу жолындағы көркем өнердегі күресі сұлулық пен жексұрындық, батырлық пен алаяқтық, адамгершілік пен жауыздық, достық пен қастық ұғымдары бейнелі сөздермен өрнектеледі.

Соның тамаша айшықты ажары теңеулер арқылы беріледі. Батырлар жайында жоғарыдағы эпитеттік және метафоралық теңеулерден басқа көбірек ұшырасатын гиперболалық және литоталық теңеулер екендігін байқаймыз.

Теңеу сонымен көркем шығармадағы адам образын жасауда айрықша қызмет етіп, қаһарманның жан – дүниесін барынша тереңдей, мейлінше ашуға байланысты қолданылады.

Тұрақты теңеулер халықтың ұлттық дүниетанымы мен дәстүрінен хабар беруде ерекше қызмет атқарады. Сонымен қатар, тұрақты теңеулер күрделі тілдік бірлік болып табылады, оларға едәуір ақпараттық әлеует тән.

1.2 Тұрақты теңеулерді аударма барысында зерделеудің лингвомәдени сипаты

XX ғасырда тіл білімі саласында теңеуді зерттеудің жаңа бағыттары пайда бола бастады. Аталған бағыттар теңеуді танымдық тұрғыдан зерделеумен сипатталады. Теңеудің теориясын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп, оның тілдегі қызметі, тіл, сана, таныммен байланысты сан алуан ғылым салаларындағы термин жасау, жаңа білімді қалыптастыру қызметі, түрлері, мән–маңызы мен қолданылу аясы жөнінде қарастырылып келеді. Көптеген ғалымдар теңеуді әлем туралы ойлаудың вербальды әдісі немесе ойлау әрекеті деген тұжырымға тоқталды. Осы мәселемен айналысқан лингвистердің қатарында А.Хили, Р.Харрис, А.Ортони, Р.Рейнолде, Ф.Ницше, П.Риккер, М.Влэн, А.Ричардс, А.А.Потебня, В.Г.Гак, В.Н.Телия, Н.Д.Арутюнова, В.К.Харченко және т.б. бар. Олардың жұмыстары 1990 жылы «Теория метафоры» деген жинақта жарық көрген. Ал, қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы, М.Балақаев, Б.Хасанов, Ә.Болғанбайұлы, Г.Зайсанбаева, А.Сыбанбаева, Б.Қасым т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.

Жануарларға қатысты теңеулік қолданысты салыстыра, салғастыра зерттеуде: Е.М.Брославская, Н.Б.Романова, Е.А.Гутман, О.А.Рыжкина, О.А.Васькова, А.В.Гура, А.В. Егорова, А.А.Кипрянова, О.С.Фролова, Р.Я.Солодкин, М.И.Сюсько, О.Н.Трубачев, Н.С.Шапошникова, С.К.Сансызбаева, Р.Қ.Смағұлова т.б. зор үлес қосқанын атап өткеніміз жөн. Көптеген жұмыстар жануарлар атауының ауыспалы мағынада, яғни, теңеулік қолданылуын зерттеуге арналған.

Жануарлардың ауыспалы мағынада қолданылуын М.Т.Жұбанышқызы былай түсіндіреді: «Жануарлар атауларының ауыспалы мағынада келіп, өзіне тән емес ұғымдарда қолданылуын адамзат баласының тұрмыс–тіршілігінің ұзақ уақыт бойы жануарлар әлемімен тығыз байланыста болып келуімен түсіндіруге болады. Ал дүниедегі алуан түрлі құбылыстар жөніндегі түсінігін халық өзін қоршаған ортадағы танымына етене жақын, ертеден танымал ұқсас бейнелер арқылы білдіретіне мәлім. Тілдегі қандай да бір сөздің мағынасында таным обьектісі болып отырған болмыстың ерекше сипатын білдіретін элементтер қаншалықты басым болса, сол болмысты осы сөздің көмегімен бейнелеу мүмкіндігі соншалықты арта түспек» [20, 9].

Зоонимдерден жасалған теңеулер «зооморфизм» (Грачев, Лапшина, Скляревская), «зоотеңеу» (Власкина, Лапшина), «зооморфты теңеу» (Голодов), «метафора-анимализм» (Махова, Лобунько), перифразы «тілдік теңеу жануарлар әлемінің өкілдеріне ғана қолданылады» перифразалары (Корнилов), «адамдарды теңеулік белгілеу үшін жануарларды белгілеу» немесе арнайы термин ұсынбай, «атаулар санаты» т.б. терминдермен сипатталады.

Тұрақты теңеулер халықтың ұлттық дүниетанымы мен дәстүрінен хабар беруде ерекше қызмет атқарады. Олай дейтін себебіміз, белгілі бір ұлт тілінің жасалуына сол халықтың танымы мен түсінігіндегі ақпараттар әсер етеді, яғни кез-келген нәрсені таңбалаушы тілдік бірлік жайындағы ұғымы әр ұлтта әртүрлі дей аламыз. Сонымен қатар, тұрақты теңеулер күрделі тілдік бірлік болып табылады, оларға едәуір ақпараттық әлеует тән. Алайда, осыған қарамастан теңеулер тіл білімінде жеткілікті дәрежеде ашылмаған.

Олар бізді қоршаған табиғатты әртүрлі жағдайларды бейнелі және эмоционалды түрде бейнелеу қабілетіне ие. Қазақ халқы малды ертеден кешке дейін бағып қана қойған жоқ, бағып жүрген малдың мінез-құлқына, қимыл-жүрісіне қарап неше алуан ерекшеліктерін байқап, адамдардың бет-пішінін, мінез-құлқын, іс-әрекетін сипаттау кезінде ұтымды пайдалана білді. Көрген білгендері төрт–түлік мал мен жан –жануарлар болғандықтан, ата- бабаларымыз адамдардың мінез – құлқын, іс – әрекеттерін сипаттау үшін, теңеу образы ретінде жан –жануарлар мен, төрт–түлік малды алып отырған.

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында лингвистика саласында мәдени коннотация ұғымы көпшілікке кеңінен таныла бастады. «Мәдени коннотация» ұғымы көбінесе тұрақты тіркестер мен паремиологиялық тіл бірліктерінде айшықты көрініс табады. Және де оның пайда болуына, ұлттық – танымдық стереотиптер, халықтың білімі, ассоциациялар негіз бола алады. Мәдени коннотация ұғымы ғылыми пән – лингвокультурологияның негізі бола отырып, ол тіл процесінде ұлттық тілдің материалдық мәдениеті мен менталитетін зерттейтін және этностың тілі мен мәдениетінің жалғасы болып табылады.

В.А.Маслова «Мәдени коннотация» ұғымын маңызды параметрлермен айқындауға болады деген. Оның пікірінше: «Біріншіден ол семиотикалық бірлік: әртүрлі пәндер мен олардың семиотикалық жүйесі– тіл мен мәдениетті байланыстыратын ілік. Коннотация арқылы мәдениет тілде сақталады және сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі, сондықтан да ол туралы екі жүйені біріктіретін тіл бірлігінің коннотациялық – мәдени функциясын диахронды және синхронды деп айтуға негіз бар. Екіншіден, мәдени коннотация тіл жүйесінде өзіндік локусын иеленеді. Бұл тілдің белгілі тілігі, нақтылап айтсақ, мотивациялық лексикалық және фразеологиялық бірліктер. Осы бірліктерге сүйене отырып, коннотация белгілі бір жүйеде локализацияға ие болады» деген ой тұжырымдайды [21, 53].

Көптеген ғалымдардың коннотация табиғатына қатысты жазған еңбектерінде, ғалымдар тарапынан коннотацияның құрылымдық бөліктері әр түрліше танылып, коннотация ұғымы кең мағынада және тар мағынада қарастырылатындығын байқадық. Коннотация ұғымын «кең» мағынада түсінетін ғалымдар тобы бұл жиынтыққа мағынадағы эмоционалдықты, экспрессивтілікті, бағалағыштықты және стилистикалық микрокомпоненттерді жатқызады. Ал, «тар» мағынада қабылдайтын ғалымдар тобы мағынаның көрсетілген барлық микрокомпоненттерін коннотивтік семаға кіргізбейді. Мағынаның коннотивтік аспектідегі мазмұнына эмоционалдық және стилистикалық микрокомпоненттерді ғана жатқызады.

Жан – жануарларға қатысты бейнелік коннотация қолданысының кейбір аспектілері Н.Д.Арутюнова, В.А.Маслова, В.В.Виноградов, Ә.Т.Қайдар, Т.Д.Жанұзақов, С.К.Сәтенова т.б. сынды ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

«Коннотациялық мәнді теңеулер белгілі бір ойды нақты, әсерлі, көркем түрде жеткізу мақсатымен көркем әдебиет тілінде де кеңінен қолданылады. Олар белгілі бір тіркес құрамында астарлы мағына жүйесіне ілігіп, бірде жағымды мағына берсе, кейде жағымсыз мағына мазмұнын құрайды. Осымен байланысты суреткер санасында кейбір өзара ұқсас қасиеттерін салыстыру негізінде қалыптасатын ассоциация арқылы адамның орнына немесе белгілі бір құбылысты сипаттау мақсатында жануарлар атауларының ұшырасуы, яғни олардың өзіндік мінез–құлқына, пішініне, мүшелік белгілеріне, іс–әрекетіне т.б. ерекшеліктеріне байланысты метафоралық ауысым қолданылуы белгілі бір образ жасау, модальділік көзқарасын білдіру, әсерлігін күшейту мақсатында шығармаларда ұтымды қолданылады» – дейді А.М.Сапанова өз еңбегінде [22, 171]. Әрине, бізде осы пікірмен қосыламыз. Себебі, көркем әдебиетте жануарлардың образдары арқылы берілген тұрақты теңелер адамды сипаттау барысында көптеп кездеседі.

1.3 Аударматану жүйесіндегі теңеулердің алатын орны

Дүниенің тілдік бейнесі ұғымдары қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану секілді ғылыми бағыттардың дамуына байланысты ХХІ ғасыр басында кең көлемде таныла бастады. Ұлттық құндылықты жаңа моделде қалыптастыру қазақ тіл білімінің бастауларында дамыды. Ф.Б.Қожахметова, Ш.С.Ниятова, Г.М.Имашева, Б.Шалабай, Г.Н.Смағұлова, Г.Сағидоллақызы, А.Ислам, Б.Нұрдаулетова, Г.Қосымова, Э.Оразалиева т.б. секілді тілші-мамандар қазақ этнографиясын, дүние болмысын тілдік бірліктер астарында қарастырып, оған талдау жасап, жан-жақты зерттеді.

Адам дүниетанымы кеңістікті танып білуден жинақталады. Әр ұлттың әлем бейнесі олардың дүниені танудағы көзқарастарына байланысты. Адам баласының білімі, көрген-білгені, ақылы, ойы мен оның рухани дүниесін, өмірлік тәжірибесін сөйлейтін тілінен бөлмей, тілдік әлемімен бірге қоса қарастыру, нақтырақ айтсақ, кез келген халықтың тілінде ұлттық-мәдени сипатта бекитін дүние бейнесін антропоцентристік тұрғыда зерттеу - қазіргі заманғы лингвистиканың ең негізгі мәселелерінің бірі.

Адамның сыртқы келбетін, ішкі жан-дүниесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын, көңіл-күйін т.б. білдіретін теңеулердің образдық, фондық негіздері халықтың ақиқат дүние туралы білімдер жүйесінен хабар береді.

Теңеулердің мағынасы белгілі бір ұлттың таным-түсінігі, ой-өрісі, тіршілігі мен тұрмысына байланысты. Олардың мағынасы сол теңеулерді қолданатын ұлтқа түсінікті, жиі қолданысқа түсетін бейнелі теңеулер. Теңеулердің белгілі бір авторы жоқ. Олар – мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер тәрізді халық қазынасы.

Теңеулер әлемнің күнделікті тілдік бейнесіндегі үлгі-образ болып табылады. Олар адам мен жануарлардың қасиеттерінің ұқсастығын сипаттауға негізделген. Халықтың тұрмыс тәжірибесі тұрғысынан алғанда белгілі бір жануардың басым қасиеттері адамның мінез-құлық атауына сәйкес аталады. Жануарларға қатысты теңеулер тізбесін белгілі бір тілдегі мәдениеттің үлгісі немесе символы ретінде қарастыруға болады [23, 145].

Қоғамдағы әрбір құбылыс халықтың дүниетанымына байланысты өрнектеледі. Кез-келген нәрсені салыстыра отырып сипаттап, суреттегенде көңіл-күй сезімдері негізінде бейнеленеді. Сонымен, адам кез келген нәрсені сипаттап, суреттегенде көбінесе теңеп, ассоциативті түрде салыстыра отырып, өзінің ой-пікірін бейнелі түрде жеткізіп отырған. Үй жануарлары, жабайы аң-құс атаулары этностың ой-санасында, абстрактылы ұғымдар мен ассоциативті салыстырулар көңіл-күй сезімдері мен іс-әрекеттерін бейнелі түрде беруде кеңінен қолданылатынын көреміз. Сондықтан да, поэзия да болсын немесе небір сан қилы әңгіме-шеңберлерінде болсын тұрақты теңеулердің алатын орны өте ерекше болып келеді. Әр автор өзінің шығармасын оқырманға қызықты әрі тартымды қылып ұсыну үшін белгілі бір теңеулер тізбегін қолданады. Бұл қолданыс түрі оқып отырған оқырман қауымға не бір қызықты әсер беріп, қиялға бөлейді. Әрбір ақынның алдына қойған мақсаты өзінің шығармасының сапалы болуында, ал ол сапалы түрде оқырмандарманға ұсынылу үшін, олар көркем әдебиет жанрының стилистикалық ерекшеліктерін қолданады. Олар әсіресе, тұрақты теңеулер, метафолар, литоталар, гипербола, әсірелеу және де тағы сол сияқты поэзия лебінің ерекшеліктері. Ал сараптама жасап, қорытындылай келе бірде-бір шығарманың теңеусіз немесе эпитетсіз, әдебиеттің көркемдегіш құралысыз жазылмайтынына көзіміз жетеді. Бұл көркем әдебиеттің терминдері шығармаға ерекше аса бір нұр, елес, арман, қиял-ғажайып береді. Міне, тұрақты теңеулердің аударматану барысында ерекше орын алатындығына куә болдық және де оны іс жүзінде дәлелдеп отырмыз.

2 ТҰРАҚТЫ ТЕҢЕУЛЕР ЖҮЙЕСІНІҢ АҒЫЛШЫН - ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЛИНГВОМӘДЕНИ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ АУДАРМАДАҒЫ КӨРІНІСІ

2.1Ағылшын – қазақ тілдеріндегі тұрақты теңеулердің ассоциациялық образдар арқылы берілу сипаты

Байырғы теңеулер авторлық теңеулерге қарағанда көбірек қолданылған. Бұлар - халық ауыз әдебиеті үлгілерінде, ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жырауларда, Махамбетте, Абайда, одан беріде Мағжанда қолданылған теңеулер. Мысалы: селдей, моншақтай, қызғалдақтай, айдаһардай, арыстандай, жолбарыстай, найзадай, алдаспандай, қырмызыдай, таудай, жіптіктей, судай, дариядай т.с.с. Ауыз әдебиеті шығармаларында теңеу сөздер сын есім тудыратын -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы да, секілді, сияқты, тәрізді, бейне, сықылды деген септеуліктер арқылы да жасалған. Жалпы қазақ тіліндегі теңеулерді Т.Қоңыров жасалу жолдарына қарай он топқа бөлгендігі белгілі. Ал теңеулердің синтаксистік құрылысына келгенде, ғалым оларды жалаң теңеулер, күрделі теңеулер, бірыңғай теңеулер, толымды теңеулер, толымсыз теңеулер, болымсыз теңеулер деп алтыға бөліп қарастырады. Бернияз Күлеев шығармаларының тілінде синтаксистік құрылымына қарай жіктеліске түскен теңеулердің бұл алты түрі де ұшырасады.

Жалаң теңеулер - теңеудің байырғы түрлерінің бірі. Т.Қоңыровтың айтуынша, теңеудің бұл түрінде сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері толық болмайды немесе кейбірі түсіріліп айтылады. Ондай теңеулер, синтаксистік тұрғыдан келгенде, жалаң сөйлемге ұқсайды. Т.Қоңыровтың жалаң теңеулер деуі де осыдан туындаса керек [12].

Қайрат қызса, құмды судай сапырдық,
Таудай істі түк көрместен жапырдық.

Аламыз деп алтын айды аспаннан
Арыстандай айбат шегіп атылдық

- деген төрт өлең жолынан тұратын үзіндіде судай, таудай, арыстандай деген үш теңеу бар десек, сөйлемдердің морфологиялық тұлғасына= көрініп тұрғандай "сен" деген қимылды атқарушы, істі жүзеге асырушы субъект жасырын тұр. Сонымен бірге бұл екі сөйлемде тұрлаусыз мүшелер де толық емес. Мұндай жалаң теңеулер Бернияздың өлеңдері мен поэмаларында көптеп кездеседі, сол себепті де теңеудің өзге түріне қарағанда осы жалаң теңеулер ең көп олданылған деуге негіз бар. Өзінің құрылысы жағынан күрделі теңеу - жалаң теңеуге қарама-қарсы құбылыс. "Мұнда не образ, (көбіне образ) не предмет немесе екеуі де өздеріне бүтіндей күрделі ұғымды негіз етіп алады да, соның нәтижесінде күрделі ойға негізделген, шытырман суретке құрылған, эмоциялық-экспрессивтік әсері күшті теңеулік образдар жасалады", - дейді Т.Қоңыров. Теңеудің осындай күрделі түрі Б.Күлеев поэзиясында да көрініс тапқан. Негізінен, мұндай екі немесе одан да көп тілдік компоненттерден жасалатын теңеулер адамның не құбылыстың кейпін беруде қолданылып, суреттеліп отырған объектіге мейлінше бейнелілік үстемелейді. Айталық: шын сұлудай, ақ сұңқардай, алтын қияқты найзадай, айбатпен аузын ашқан айдаһардай, жас жігіттей көңілі шағылмаған, зіл тастай момын көңіл т.с.с. Бұл теңеулердің қай-қайсысында да жалаң теңеулерге қарағанда, образ айқын, автордың айтпақ ойы, поэтикалық идеясы бүтін берілген. Теңеу сөздердің келесі бір түрі - бірыңғай теңеулер.

Бірыңғай теңеулер конструкцияға құрылған. Бұл теңеулердің өзге теңеулерден басты айырмашылығы - олар бірдей морфологиялық тұлғада тұрып, бірыңғай синтаксистік қызметте болады. Ең бастысы бірыңғай теңеулер арқылы автордың айтпақ ойы бір-бірімен толықтырылып, үдемелі ыңғайластық қатынаста болады. Мәселен, Бернияздың

"Іңкәр жүрек" поэмасында:

Жауқазындай жайқалып,
Жан біткендей шайқалып,

Сыбырласты сала да

деген жолдардағы асты сызылған сөздер бірыңғай теңеулер. Егер олардың лексика-семантикалық қызметіне қарасақ, онда бірыңғай теңеулер қосарлана келіп, негізінен, бір объектінің жай-күйін көрсетеді. Теңеудің бұл түрі ақынның лирикасына қарағанда поэмаларында жиі кездеседі. Соған қарағанда олардың оқиғасы күрделі әрекетті беруге бейім екендігін көруге болады. Мұндай тұжырым жасауымызға бірыңғай теңеулердің прозалық шығармаларда көбірек ұшырасатынын да дәйек ретінде айта кетудің маңызы бар.

Толымды теңеулерді орыс тіл білімінде бірқатар зерттеушілер арнайы қарастырған. Олардың қатарында В.В.Томашевский, т.б. атауға болады. Теңеуді толымды және толымсыз деп бөлушілердің пікірінше, ең басты мәселе - теңеуге тән конструкцияның барлық бөліктерінің яғни объектінің, образдың, белгінің түгел болуы немесе болмауы. Мәселен,

Бірінен бірі жарық сансыз жұлдыз,
Көрсетер көкті көркем бейне күндіз.
Жарқылдап жалақ ойнап жүрген қыздай,
Жалт етер жымың қағып қалдырған із.

деген тармақтардағы бейне күндіз "Әдемі түн" теңеуі образ болса, жұлдыз - объект, ал белгісі - көрсетер көкті. Осы үзіндідегі тағы бір теңеу "қыздай" десек, ол толымды теңеудің компоненті болады. Мұнда объекті ортақ, ол - жұлдыз, ал белгісі - "ойнап жүрген", образы - "қыздай" болады. Толымсыз теңеуде теңеуге тән үш компоненттің бірі түсіріліп беріледі. Мәселен, Б.Күлеевтің "Әдемі түн" өлеңі:

Ай сүттей, аспан жылтыр, желсіз тыныш,
Айнала естілмейді ешбір дыбыс

деген жолдардан басталған. Аңғарсақ, сүттей - образ, ай - объект, белгі - жарық болуы керек, алайда өлең мөлшері, буын, бунақ саны ол екі сөзді қажет етпейді. Бұл - көркем әдебиет үшін сыйымды құбылыс. Егер сол жолдардың синтаксистік құрылымына талдау жүргізсек, онда ол ықшамдау құбылысының заңдылығынан туған ерекшелік болып шығады [24, 100]. Теңеу болып тұрған сөздерді синтаксистік жағынан саралағанда, соңғы алтыншы түрі - болымсыз теңеулер.

Болымсыз теңеу кейбір орыс ғалымдарының анықталмаған теңеу деген түріне келеді. Мәселен, А.Квятковский, И.Б.Голуб теңеудің осы түріне ерекше мән бере тоқталған [25, 36]. Бұл теңеудің жасалуы жөнінде Т.Қоңыров: "... қазақ тіліндегі болымсыз теңеулер -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының және жоқ пен емес сөздерінің көмегімен пайда болады" - деп үш жолын көрсетеді. Бернияз поэзиясында, негізінен алғанда, болымсыз етістіктің жұрнақтары арқылы жасалған түрлері жиі кездеседі:

Жас жігіттей көңілі шағылмаған,
Жас қыздардай қызығы арылмаған.

Біздің ойымызша, теңеулерді бұлай алты топқа бөле қарастыру синтаксистік жағынан алғанда ғана өзін-өзі ақтайды. Өйткені көптеген теңеулер лексика-семантикалық, морфологиялық жағынан келгенде жоғарыда жеке-жеке көрсетілген теңеулер шеңберіне сия бермейді. Кейбірі әрі толымды, әрі бірыңғай болуы немесе әрі толық, әрі болымсыз болуы мүмкін


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



Сейчас читают про: