Бап. Провизиялар (резервтер) 7 страница

4. Банк қайта құрылымдау жоспарының жобасын уәкілетті органға табыс етеді. Ескертпелер мен ұсыныстар болған жағдайда уәкілетті орган банктен қайта құрылымдау жоспарының жобасын пысықтауды талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертпелері мен ұсыныстарын ескеруге және қайта құрылымдау жоспарының пысықталған жобасын уәкілетті органға қайтадан табыс етуге міндетті.

5. Банк Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта құрылымдау туралы сотқа жүгінеді. Соттың банкті қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап және оны жүргізу кезеңінде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген шектеулер қолданылады.

6. Банк соттың қайта құрылымдау туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын кемінде екі мерзімді баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде тиісті хабарландыру жариялау арқылы депозиторларға, кредиторларға және өзге де клиенттерге қайта құрылымдау туралы хабарлайды.

Банк соттың қайта құрылымдау туралы заңды күшіне енген шешімінің көшірмесін алған күннен кейінгі күннен кешіктірілмейтін мерзімде оны корреспондент-банктерге жібереді.

7. Банк соттың банкті қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап:

1) сату-сатып алу, айырбастау, сыйға тарту шарттарының немесе банктің мүлкін иеліктен шығару туралы өзге де мәмілелердің орындалуын, қарыз беру туралы шарттар мен кредиттік тәуекелі бар басқа да қаржыландыру түрлерін жасасуды тоқтата тұруға;

2) банк міндеттемелерінің орындалуын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы.

8. Банк соттың қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімінде көзделген мерзімде банк кредиторларымен келіссөздер жүргізу және олардың қайта құрылымдау жоспарын мақұлдауына қол жеткізу мақсатында олардың алдындағы міндеттемелерді қайта құрылымдау көзделетін банк кредиторларының жиналысын шақырады.

Қайта құрылымдау жоспарының мақұлдауына қол жеткізу үшін міндеттемелер қайта құрылымдау көзделетін кредиторлар алдындағы банк міндеттемелері көлемінің кемінде үштен екісі үлесіне тиетін кредиторлардың келісімі талап етіледі.

Банкті қайта құрылымдау банк кредиторлары қайта құрылымдау жоспарын осы тармақта көзделген тәртіппен мақұлдаған жағдайда қайта құрылымдау жоспарына сәйкес қайта құрылымдау көзделетін кредиторлар алдындағы банктің барлық міндеттемелеріне қатысты жүргізіледі.

9. Банк қайта құрылымдау жоспарын кредиторлар мақұлдаған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар мақұлдаған қайта құрылымдау жоспарын уәкілетті органға жібереді не осы баптың 8-тармағында көзделген тәртіппен банк кредиторларының мақұлдауын алмаған жағдайда банкті қайта құрылымдауды жүргізудің мүмкін еместігі туралы уәкілетті органға хабарлайды.

Уәкілетті орган егер қайта құрылымдау жоспарының шарттары уәкілетті органға бұрын жіберілген қайта құрылымдау жоспары жобасының шарттарынан өзгеше болған жағдайда қайта құрылымдау жоспарын пысықтауды талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертпелері мен ұсыныстарын ескеруге және осы баптың 8-тармағында көзделген тәртіппен банк кредиторлары мақұлдаған, пысықталған қайта құрылымдау жоспарын уәкілетті органға қайтадан табыс етуге міндетті.

10. Осы баптың 9-тармағында көзделген талаптарды орындағаннан кейін банк қайта құрылымдау жоспарын сотқа бекітуге ұсынады.

11. Қайта құрылымдау жоспары мынадай ақпаратты:

қайта құрылымдауды жүргізудің тәртібі мен мерзімін;

қайта құрылымдалатын активтер мен міндеттемелердің тізбесін;

қайта құрылымдау шеңберінде өткізілетін іс-шараларды;

активтер мен міндеттемелерді қайта құрылымдаудан алынатын болжамды қаржылық нәтижелерді;

қызметте қолданылатын шектеулерді қамтуға тиіс.

Банк конгломератының қатысушысы болып табылатын банктің қайта құрылымдау жоспарында, көрсетілген ақпараттан басқа, банкті қайта құрылымдаудың банк конгломератының басқа қатысушыларына ықпалының болжамды нәтижелер қамтылуға тиіс.

12. Қайта құрылымдау Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда тоқтатылады.

13. Қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенін жүзеге асыруға байланысты банкті қайта құрылымдау тоқтатылған жағдайда, қайта құрылымдау жоспарына енгізілген банк міндеттемелері орындалды деп есептеледі, соттардың, төреліктің осындай міндеттемелер жөніндегі шешімдері бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады.

13-1. Банктер соттың қайта құрылымдауды тоқтату туралы заңды күшіне енген шешімінің көшірмесін алған күннен кейінгі күннен кешіктірілмейтін мерзімде оны корреспондент-банктерге жібереді.

14. Банк қайта құрылымдау жоспарында белгіленген тәртіппен және жазбаша келісімімен банктің жүргізілген қайта құрылымдалуы туралы, оның ішінде қайта құрылымдау жоспарында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы ақпаратты уәкілетті органға береді.

15. Уәкілетті орган банктің қайта құрылымдау жоспарын орындауы жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын қадағалауды жүзеге асырады.

Банкті қайта құрылымдауды жүргізу кезеңінде уәкілетті орган банкке және (немесе) оның акционерлеріне ықпал етудің шектеулі шараларын және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген санкцияларды қолдануға құқылы.

16. Банктің сот бекіткен қайта құрылымдау жоспарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қайта құрылымдауды жүргізу кезеңінде банк ұйымдардағы қатысу сомасын (абсолюттік мәнде) өсіре алмайды.

II бөлiмБанктердің және банк холдингтерінің құқықтық мәртебесiнөзгерту және қызметiн тоқтату ерекшелiктерiнiң шарттары7-тарау. Банктердi және банк холдингтерін ерiктi түрде қайтақұру

60-бап. Банктерді (банк холдингтерін) ерiктi түрде қайта ұйымдастырудың жалпы шарттары

1. Банктерді (банк холдингтерін) ерiктi түрде қайта ұйымдастыру (бiрiктiру, қосу, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту, айналдыру) уәкiлеттi органның рұқсатымен акционерлердiң (қатысушылардың) жалпы жиналысының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.

Банкті (банк холдингін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру не аталған рұқсатты беруден бас тарту тәртібі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалады.

1-1. Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында қайта ұйымдастыру тәртібі осы Заңның 4-2-тарауында белгіленеді.

2. Осы банк (банк холдингі) акционерлерiнiң (қатысушыларының) жалпы жиналысы шешiмiнiң болуы банкті (банк холдингін) ерiктi түрде қайта ұйымдастыруды жүргiзуге рұқсат алу үшiн уәкiлеттi органға өтiнiш беруге негiз болып табылады.

3. Банкті (банк холдингін) ерiктi қайта ұйымдастыруға уәкiлеттi органның рұқсатын алу туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса тiркелуге тиiс:

а) банктің (банк холдингінің) жоғары органының оны қайта ұйымдастыру туралы шешiмi;

б) банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастырудың көзделiп отырған шарттарын, түрлерiн, тәртiбi мен мерзiмдерiн сипаттайтын құжаттар;

в) банктің (банк холдингінің) ол қайта ұйымдастырылғаннан кейiнгi және (немесе) банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылған заңды тұлғалардың есеп айырысу балансын қоса, қайта ұйымдастыру салдарының қаржылық болжамы.

Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, біріктіру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге уәкілетті органның рұқсатын алу туралы өтінішхатқа қайта ұйымдастырылатын банктердің атқарушы органдарының бірінші басшылары қол қойған біріктіру туралы шарт қоса берілуге тиіс.

4. Банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастыруды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтiнiштi уәкiлеттi орган оны қабылдаған күннен бастап екi ай iшiнде қарауға тиiс.

5. Қайта ұйымдастырылатын банк (банк холдингі) қайта ұйымдастыру жүргізуге уәкілетті органның рұқсатын алған күннен бастап екі апта ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде банктің интернет-ресурсында тиісті хабарландыруды жариялау жолымен өзінің барлық депозиторларына, клиенттеріне, корреспонденттеріне және қарыз алушыларына алда тұрған өзгерістер туралы ақпарат беруге міндетті.

6. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу немесе қайта тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес жүргiзiледi.

7. Осы баптың талаптары мынадай талаптардың бірі орындалған:

тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ банк холдингінің, банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаның шыққан елінің қаржылық қадағалау органының көрсетілген Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұлғалардың шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауы болған;

уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі болған кезде банк холдингі, банк холдингінің белгілеріне ие тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті еместерге қолданылмайды. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді;

60-1-бап. Банктерді ерікті түрде қайта ұйымдастыру ерекшеліктері

1. Банкті басқа банкке біріктірген кезде, біріктірілетін банктің акцияларын әрбір банктің директорлар кеңесі оны алдын ала мақұлдағаннан кейін қайта ұйымдастырылатын банктер акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында бекітілетін акцияларды айырбастау коэффициенті негізінде айқындалатын санда өз акцияларын біріктірілетін банктің акционерлері арасында орналастыру (өткізу) арқылы өзіне біріктірілу жүзеге асырылатын банк сатып алады. Бұл ретте "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 83-бабының біріктірілетін қоғамның акцияларын сату бағасына және өзіне біріктіру жүзеге асырылатын қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) бағасына қатысты ережелері (оның ішінде қоғам органдарының осы бағаларды айқындауы, қарауы және бекітуі жөніндегі ережелер) қолданылмайды.

2. Осы Заңның 60-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, біріктіру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге уәкілетті органның рұқсатын алу туралы өтінішхатқа "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайта ұйымдастырылатын банктер акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында қабылданған шешім негізінде атқарушы органдардың бірінші басшылары қол қойған біріктіру туралы шарт қоса берілуге тиіс.

3. Біріктірілетін банктің кредиторлар және (немесе) депозиторлар алдындағы міндеттемелері бірігу жүзеге асырылатын банкке берілгеннен кейін осындай кредиторлар және (немесе) депозиторлар алдындағы міндеттемелерді орындауды, оның ішінде депозиторлардың берілген банк шоттарын жүргізуді бірігу жүзеге асырылатын банк жүзеге асырады.

4. Біріктірілетін банк бірігу жүзеге асырылатын банкке депозиторлар алдындағы міндеттемелерді банктік қызмет көрсету шарттарына қосымша келісімдер жасамастан, біріктірілетін банкте ашылған олардың банк шоттарымен (жеке сәйкестендіру кодтарын сақтай отырып), олар бойынша ақша қозғалысының тарихымен, банк шоттарын ашу және жүргізу кезінде қалыптастырылған дерекнамамен, банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, орындалмаған талаптармен және міндеттемелерді беру кезінде депозиторлардың біріктірілетін банктегі банк шоттары бойынша ауыртпалықтарымен бірге беруге құқылы.

5. Бірігу жүзеге асырылатын банк депозиторлардың банк шоттарының деректемелерінің (оның ішінде, біріктірілетін банк берген жеке сәйкестендіру кодтарының) сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу мерзімінің шеңберіндегі қажетті мерзімде депозиторлардың бірігу жүзеге асырылатын банкке берілген банк шоттары бойынша нұсқауларды оларда көрсетілген, депозиторлардың біріктірілетін банк берген жеке сәйкестендіру кодтарымен, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын біріктірілетін банктің тиісті деректемелерімен орындауға құқылы. Мұндай нұсқауларды орындау біріктірілетін банктің корреспонденттік шоты пайдаланыла отырып жүргізіледі. Бірігу жүзеге асырылатын банк біріктірілетін банктің банктік ақпараттық жүйесін пайдалануға құқылы.

6. Қайта ұйымдастыру рәсімінің шеңберінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілетін банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді бірігу жүзеге асырылатын банк дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асырады.

7. Банкті қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу шеңберіндегі қажетті мерзім аяқталғаннан кейін:

1) бірігу жүзеге асырылатын банк депозиторлардың банк шоттарына Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жаңа жеке сәйкестендіру кодтарын береді және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 581-бабының 1) тармақшасында көзделген тәртіппен, салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 581-бабының 1) тармақшасында көзделген салық төлеушілердің банк шоттарына жаңа жеке сәйкестендіру кодтарының берілгені туралы хабардар етеді;

2) депозиторлардың бірігу жүзеге асырылатын банкке берілген, банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындауға қабылданған өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, орындалмаған талаптар, депозиторлардың банк шоттары бойынша ауыртпалықтар бар банк шоттарына осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес жаңа жеке сәйкестендіру кодтары беріледі.

Бұл ретте:

бірігу жүзеге асырылатын банк депозитордың банк шотына талапты (банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салу құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда) жіберген немесе депозиторлардың банк шоттарына ауыртпалықтар салған тұлғаны (органды) депозитордың банк шоты деректемелерінің, оның ішінде жеке сәйкестендіру кодының өзгергені туралы хабардар етеді;

депозитордың бірігу жүзеге асырылатын банкке берілген банк шотына бұрын қойылған орындалмаған талаптарды бірігу жүзеге асырылатын банк біріктірілетін банктің деректемелерін (атауын, банктік сәйкестендіру кодын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін) бірігу жүзеге асырылатын банктің тиісті деректемелеріне, сондай-ақ депозитордың жеке сәйкестендіру кодын депозитордың осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес банк шотына берілген тиісті жеке сәйкестендіру кодына түзете отырып, осындай банк ашқан депозиторлардың жаңа банк шоттарынан орындайды;

депозитордың бірігу жүзеге асырылатын банкке берілген банк шотына бұрын қойылған, банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындалмаған өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың орындалмаған шешімдерін (қаулыларын) бірігу жүзеге асырылатын банк олардың біріктірілетін банкке келіп түскен күнтізбелік кезектілігін сақтай отырып және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен бірігу жүзеге асырылатын банк ашқан депозиторлардың жаңа банк шоттарынан орындайды;

3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген банк шоттарына қызмет көрсетуді бірігу жүзеге асырылатын банк Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және бірігу жүзеге асырылатын банк пен депозиторлар арасындағы келісімдердің шарттарына сәйкес жүзеге асырады.

Бірігу жүзеге асырылатын банк осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген банк шоттарына қызмет көрсетуді банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, талаптарды, депозиторлардың банк шоттары бойынша ауыртпалықтарды орындау бойынша, осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырады.

61-бап. Банкті және банк холдингін ерiктi түрде қайта құруға рұқсат беруден бас тарту

Банкті (банк холдингін) ерiктi түрде қайта құруға Ұлттық Банкiнiң рұқсат беруден бас тартуы мынадай кез келген негiздер бойынша жүргiзiледi:

а) ерiктi түрде қайта құрылатын банктердің (банк холдингтерінің) жоғары органдарының тиiстi шешiмдерiнiң болмауы;

б) көзделiп отырған ерiктi түрде қайта құру салдарынан депозиторлар мүдделерiнiң бұзылуы;

в) көзделiп отырған ерiктi түрде қайта құру салдарынан пруденциалдық қалыптардың және сақталуға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердiң бұзылуы;

г) көзделiп отырған қайта ұйымдастыру нәтижесінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуы.

7-1-тарау. Банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: