Пушкин – Татьяна (14)

Шеризат (6)

Басталық бісмілла деп сөздін басын,

Төккендей қайғылы жан көзден жасын.

Ерікпей тандайтұғын ерлер болса,

Сөйлейік бұрынғының бір қиссасын.

 

Нұр шалған арғы әулетін, арғы затын,

Ғұлама, болған әділ, хаққа жақын.

Болыпты Бағдатта бір халифа,

Деуші еді Елкөргенше мұның атын.

 

Патша Елкөргенше кәмалатты,

Байыпты, бал шекердей сөзі тәтті.

Келгенше елу жасқа бала көрмей,

Алладан бала тілеп зарлық етті.

 

Елу жыл бала көрмей қайғыланды,

Патшаның осы дерттен іші жанды.

Әр күде сахарада шер тарқатып,

Масайып аулаушы еді түзден аңды.

 

Өткізді жылауменен елу жасты,

Ағартты қайғыменен сақал, шашты.

Патша елі –жұртын жиып алып,

Мекеге барамыз деп ақылдасты.

Патшаның ел-жұрты көп жиналып,

Патшамен үш күн жылап амандасты.

 

«Тілекті қабыл қыл,- деп,-рәсул құда!»

Қайғыны көңілдегі қылды жұда.

Жан қалмай Бағдатта жұрт жиылды,

Әммәсі қол көтеріп қылды дұға.

 

Жөнелді көп әскермен шеру тартып,

Мың құлы алып шықты жүгін артып.

Алланың ақ жолына шыққаннан соң,

Жомарт ер қайыр қылды елге балқып.

Сеп болмас қалған дәулет шыққан жанға,

Артында дариядай қалса шалқып.

Керуендей көшпелі шіркін өмір,

Пенденің қай мінезін айтам сарқып.

 

Патша Елкөргенше бір ай жүрді,

Мекеден Мәдинаға барып кірді.

Алланың парыз қылған әмірі деп,

Сол күнде азат етті қанша құлды.

Сол күні раузаға қонып жатты,

«Қылғай,-деп,-қуанышты сапар жолды!»

Сол түні бір әулие түсіне еніп,

Түсінде халифаға аян берді.

 

Ұйқыдан көзін ашып хан оянды,

Сөзіне пайғамбардың мейірі қанды.

Ашылып шекер,шәрбат,нұр жайнап тұр,

Жүрегі жылауға тез таянды.

Аллаға сыр ашады, сәжде қылды;

«Артымда болады екен ұл баянды».

 

Той қылды Мәдинаға ерте тұрып,

Рәсулді көрген сөзін кеңес құрып.

Жатты да бір жұмадай үйге қайтты,

Келісте Бағдатқа жылдам жүріп.

Патша енді хаққа сиынады,

«Парыздан құтылдым,- деп,-дәм бұйырып».

 

Патша енді хаққа сиынады,

Сопы боп хаққа бетін жуынады.

Баласы іште жатқан бір ай болып,

Көзінен аққан жасы тыйылады.

 

Патша Елкөргенше қандай манап,

Жаратқан қадыр күші құдай қалап.

Бір сейіл кең дүниені қылайын деп,

Патша Елкөргенше қалды талап.

Шығыпты көп әскермен сахараға,

Жалғанның жалғыз күнін көпке балап.

 

Құмардан шығып жүрер құлан қуып,

Келеді күн жақындап,ажал жуық.

Бірталай бір шәһардан түстік жерде,

Арыстан, жолбарыстар жатқан бұғып.

Бір тозаң құйындай боп көрінеді,

Тоғайдан келе жатыр тура шығып.

 

Қаз қырған ала мойын ноқ сықылды,

Зырқырап келе жатыр доп сықылды,

Қараса,тап түйедей бір арыстан,

Ауызынан шыққан жалын от сықылды.

 

Арыстан келе жатыр көзі жайнап,

Көрген жұрт мұны шулар «тамаша-айлап».

Қарамай қасындағы мың әскерге,

Ұмытылды патшаға ұрабайлап.

 

Көңіліне патшаның түсті бір ой,

Балуан жауырынды, еңсегей бой.

Болжау қып әулиенің сөзін сезді:

«Ажалым менің енді осыдан ғой»

 

Ойлады: «Ажал болса, қалмайын,-деп,-

Қорқуды көңіліме алмайын,-деп.-

Қайратсыз қапыда өліп ғапыл кетсем,

Жүзімді торықтырып алмайын»,-деп.

 

Күркіреп о да шапты,бұ да шапты,

Алмас қылыш ағыны жайдан қатты.

Шапқанда екі жаққа басы айырылып,

Патша аттан жығылып жерді қапты.

Шамалап өзін-өзі байқап көрсе,

Аяқ-қол болуға жақындапты.

 

«Сақтадым басқа қайғы жеген кезде,

Жолықтым бұл қайғыға неден лезде?

Шығарып көңілдегі арманымды

Қайғыдан құтылдым ба деген кезде.

 

Ей, алла, разымын салғаныңа,

Жеткізбей армандамын алғаныңа.

Билетіп, Шам, Бағдат, жетпіс әлем,

Көндірдім талай елді пәрманыма.

Бір алла, жалғыз ұл бер, жарылқай көр!

Көре алмай армандамын қалғаныма.

Кетейін өзім барда патша сайлап,

Артымда тапсырайын қалғаныма!».

 

Патша нөкерімен ақылдасты,

Жылаған нөкерлер де көңілін басты.

Байласып найзаларын сүйреткі қып,

Шәһарға келе жатып зар жыласты.

 

Тоқтамай Бағдатқа келіп жетті,

Сөзіне халифаның тамаша етті.

Келді де алтындаған таққа мініп,

«Халқымның бәрін жи!»-деп әмір етті.

 

Түк қоймай Бағдатты алды жиып,

«Беріндер, халқым, рұқсат маған қиып!

Кешіңдер менен қате болған істі,

Мансабым, хош аман бол тұрған биік!

 

Хош болшы, уәзірлерім, қараларым,

Сасқанда ақыл тапқан сараларым.

Орныма көзім барда хан сайлайын,

Рұқсат етсендер, жарандарым».

 

Халайық мұны естіп жылайды зар:

«Халқында бір адам жоқ ұя бұзар.

Хан сайла өзің барда өзің сүйіп,

Қақ жарған қара қылды ей,сәруар».

Қамығып ел шығарды көзінен жас,

Көрмеген ұлығынан кінәдей қас.

Екі ұлық патшаның уәзірі бар,

Бірінің аты –Таһмас,бірі-Шаһмас.

 

Дос екен Таһмас сөзін құдай дескен,

Жасынан патшамен жұбай өскен.

Досына: «сен патша болма!-деді,-

Дейтұғын «Құдай ұрған»сөзден сескен.

 

Бір істі пәнделікпен қате қылсаң,

Ей, достым, қарызымды, сірә, кешпен.

Бұл дүние опасыз ғой, жұрт та қанық,

Бұл заман сізден қалар бізден көшкен».

 

Қамығып ел шығарды көзінен жас,

Көрмеген ұлығынан кінәдей жас.

Шақырып Шаһмасты қасына алды:

«Мен саған сөз айтайын, ей, Шаһмас!

 

Мен разы, сен патша бол тағымды алып,

Бұл заман сізге аманат менен қалып.

Іншалла, бір айдан соң балам туар,

Қылғайсын он үш жылда патшалық.

 

Он жылға толғаннан соң, тағымды бер,

Сонан соң уәзір болып орныңа кел.

Қанеки, көз алдымда мін тағыма!

Қылайын сізге уағда,хақ тәуекел!».

 

Тапсырып оған шейін, қылды міндет,

Уағда-пайғамбардың сөзі: сүндет.

«Тұрыңыз оған шейін тағымды алып,

Мініңіз хан тағына, уәзір ғаріп!»

Бек қатты уәзірменен уағда байлап,

Сүйгізді Шаһмасқа кәләм шәріп.

 

Тапсырып оған шейін, қылды міндет,

Уағда-пайғамбардың сөзі:сүндет.

Қол қойып елдің бәрі, мөрін басты,

«Осылайша тапсырыс қаламын»,-деп.

 

Ел жылар ханын ойлап мөр басқанын,

Жан көрмей Бағдаттың мың мен санын.

Түгесіп тәмам сөзді болған кезде,

«Һә!»-деп, бір лебізбен кетті-ау жалын,

 

Шіркін жан бір-ақ түйін бу сықылды,

Жан тері маңдайдағы су сықылды.

Алланың әмірімен дүние салды,

Жығылған алтындаған су секілді.

 

Жылады жұрты ойбайлап, халқы күйіп,

Екі күн қан жұтады қара киіп.

«Һә!»-деп,бір лебізбен кетті-ау жалын,

Жәннаттан жолы болсын орын тиіп.

 

Қайғымен хан жөнелді қайран манап.

Уәзірі мал мен басын алды санап.

Уәзір патша орнына патша болды,

Паң болды бола сала бойын балап.

 

Ақ істеп әділдікпен тұра алмады,

Жәдігөй арам жолды қылды талап.

Патшаның лайық деп өзі қойды,

Болмаса қойған жоқ қой жұртты қалап.

 

Азғырды сайтан кіріп жүрегіне,

«Келді,-деп,-бір жақсылық тілегіңе.

Қызықта аз ғана жыл не пайда бар,

Қалдыр,-деп,-патшалықты сүйегіңе.

 

Аманат аз жылдан соң қайта бермей,

Өлгенше игілігін өзің көрмей.

Дүниеден патшалықтан қызық барма,

Жүрмісің хан болғанды көзің көрмей?

 

Аман болса, бір айдан соң бала туар,

Баласы шыны патша дана туар.

Қол қойып, көп алдында қағаз жаздың,

Өскен соң жұртқа қанық сөзің қуар.

 

Қас қылсаң, қатыны қолдан келер,

Сөзіңе не деп айтсаң жұртың көнер.

Байқатпай осы бастан бір іс қылсаң,

Сөзіне уәзірлерің әбден сенер».

Көңіліне сайтан салды бұл пиғылды,

Әзәзіл азғыруға қандай шебер.

Патша қас қылуға бел байлады,

Қылсам деп осы бастан мұндай өнер.

 

«Кісіге кісі бағы таң бола ма,

Дүнияда бір кінасіз жан бола ма?

Баласын буаз қатын таппай кетсе,

Тіріліп өлген патша хан бола ма?

 

Ханымның өткен еді сегіз айы,

Бір тоғыз-он күн еді туар жайы.

Бұл істі Шаһмас зәлім қылмақ болды,

Білмейді Бағдаттың еш маңайы.

 

Таһмас-патшаның досы уәзір,

Тұр еді мансабында әлі қазір.

Қонаққа уәзірді хан шақырған,

Әр түрлі дайындап ап қонақ әзір.

 

Шаһмас зәлім бұзыпты уағдасын,

Кәпірдің көңілінің қара тасын.

Аузынан әуелі алдап алды хасан,

«Ей, уәзір,бір жұмысқа сен барасың.

Қасына екі жендет қосып берем,
Бұйырса,бүгінгі түн бас аласың.

Боласың, тіл алмасан, өзің сондай,

Ажалдан, тілімді алсаң,бос қаласың.

 

Ханымын ханның буаз өлтіресің,

Басын кесіп алдыма келтіресің.

Қасына екі жендет қосып берем,

Бұйырса,бұл жұмысты бітіресің»

 

«Ей,патша, әуелі алдап алдың хасан,

Қайтеді мұндай қулық ойламасаң?

Шыдайды қалай қолым, қайтіп дәтім?

Қыласың ғой құдайдан қорықпасан».

 

Қайғырды осыны ойлап жаман қатты,

Болам деп қайтіп қана жаманатты.

«Бересін өзің жауап тәңір алдында,

Осынша дүние шіркін неден тәтті?

 

Күн батып, акшам өтіп, уақыт жетті,

Аяусыз қосып берді қу жендетті.

Шаш ал десе, бас алған екі дінсіз,

Патшаның сарайына келіп жетті.

 

Күн жауып тұман еді себелеген,

Именсін екі дінсіз неменеден.

Үшеуі ақ сарайға жақын келіп,

Бас бағып сығалапты терезеден.

 

Ханымның өткен еді сегіз айы,

Бір тоғыз-он күн еді туар жайы.

Бұл істі Шаһмас зәлім қылмақ болды,

Білмейді Бағдаттың еш маңайы.

 

Тұр екен толғақ қысып өзі мендеп,

Қысылып отыр екен жаман терлеп.

Көрген соң бұл ханымды уәзір ғаріп,

Жығылды жерге талып зар еңіреп.

 

Әлқисса, уәзір талып қала тұрсын,

Сарайға екі жендет бара тұрсын.

Ханымға қандай жаза қылар екен,

Бұл іске тыңдаған жан көңіл бөлсін.

 

Ұстады біреуі аяқ,бірі бастан,

Ұстады үлпілдеген қолаң шаштан.

Аппақ ет, қызыл бетке қарамай-ақ,

Дінсіздер қанжар салды аямастан.

 

Булығып даусы шықпай ханым қалды,

Шаһит боп дінсіздерден дүние салды.

Аппақ ет, қызыл бетке қарамай-ақ,

Бауыздап бейшараның басын алды.

 

Бұйырығы осылайша бала жаста-ақ,

Ежелден жазып қойған әуел баста-ақ,

Ханымның басын алып жендет кетті,

Денесін сарайына алмай тастап.

 

Ханымды білмейді ертең өлтірді кім,

Ажалы болған екен бүгінгі түн.

Еш ара тұрмайды екен шыбын жанға,

Ажалға тура келсе болжалды күн.

 

Әлқисса, уәзір тұрды талған жерден,

Сарайда бассыз дене қалған жерден.

Уәзір есін жиып түрегелсе,

Тауыпты ханым қаза жендеттерден.

 

Сұңқарың сонда тұрып торға кірді,

Тұлпарың неше түрлі орға кірді.

«Апырмай,бұрын неге өлмедім?»-деп,

Зар жылап өзі-өзінің шашын жұлды.

 

«Істерге ешбір айла, амалым жоқ,

Бұл күнде патшадан кек аларым жоқ.

Опасыз осындайлық шіркін дүние,

Мұндайда болады екен тауаны жоқ.

Құл тұрғай, маңайымды жан баспайтын,

Кешегі Елкөргенше заманы жоқ.

Уағдасы әулиенің қайда кетті?

Жақсылық бір нәрсенің самалы жоқ.

 

Бұл бала дүниеге келмекші еді,

Уағдасы әулиенің хабары жоқ».

Уәзір өз-өзіне ақыл салды:

«Алла салған ісінің жаманы жоқ.

Кешегі Елкөргенше қайран достым,

Шіркін-ай,осы күнде заманың жоқ.

Ханымның құнары жоқ құлдан өлді,

Осындай-ақ болады тауаны жоқ».

 

Уәзірдің есі шықты ақылынан,

Патшаның қорлық көрді жақынынан.

«Денесін дұшпандарға ұстатпайын,

Ойлайын құдай ісі мақұлынан»

 

Денені арқалап ап кетті жүріп,

Беліне екі етегін мықтап түріп,

Денені арқалап ап келіп-келіп,

Отырды бір заманда дымы құрып.

 

Бір тоғай бір шаһардан түстік жерде,

Бармайды ол тоғайға тірі пенде.

Айдаһар, арыстандар, өңкей жыртқыш,

Барғанды жібермейді қайта дөңге.

 

Ашумен сол тоғайға қалған барып,

Шошынды сол тоғайды уәзір танып,

«Өлсем,жаным достымнан артық па?»-деп,

Тоғайға тура кірді уәзір ғаріп.

Қояйын бүгін мұнда аманат қып,

Тоғайға жан келмейді, ешкім шалып.

Әкеліп кебін –кетпен ертең кешке,

Оқиын жаназасын көрге салып.

Достым достық хақысын кешер ме екен,

Жолықтым бұл қайғыға артта қалып.

Ханымың құнары жоқ құлдан өлді,

Дүние опасыз ғой, жұрт та қанық.

Кешегі Елкөргенше қайран достым,

Мен нені ерсі қылдым жерді жарып?»

 

Денені арқалап ап тоғай кірді,

Ашумен бәйгі атынан оңай кірді.

Бөз жауып, бір ағашқа көлеңке қып,

Аллаға аманат қып үйге келді.

 

Аллаға аманат деп үйге қайтты,

Таңертен шәрден басын бір-ақ тартты.

Бұл барып өз үйінде жата тұрсын,

Сөйлейік кезек ханнан рубаятты.

 

Зәлім хан білдіреді ертең тұрып:

«Ханымды өлтіріпті біреу ұрып».

Өтірік көп адамды тергеуге алады,

Нышанын танымайды ешкім біліп.

Мұнымен жұрт иланып қала берді,

Шығады хан болмаса қайдан бүлік?

 

Күн батып, ақшам өтіп, уақыт жеткен,

Уәзір уйден алды кебін –кетпен.

Бір көзден қан ағызды, бір көзден жас,

Жылай жылай кешегі жерге жеткен.

«Ей,алла, әулиенің уәдесі бар,

Бұл бала тумай кетті не себептен?

 

Ей,алла, кімнен болды мына сұмдық?

Қайран ел бір зәлімге болдық мұндық.

Ақты арам бұл секілді жеңеді екен,

Мұратқа жетеді екен мұндай қулық.

Болғанда қиямет түн тексерерсіз,

Жығатын жағдайын да әділді ұрлық.

Бір көзден қан ағызып,бір көзден жас,

Тоғайға жылай-жылай келді жуық.

Өзі де енді өлуге тақалып жүр,

Біржола дүнияда көңілі суып.

 

Дүнияны қоймақшы еді кешегі серт,

Уәзірдің толып жатыр ішінде дерт.

Өлікті қойған жерге жақын келсе,

Болып тұр тоғай іші қып-қызыл өрт.

 

Шошынды өртті көріп шіркін жүрек,

Жеткізбес не мұратқа таза тілек.

Анықтап ана жерден байқап көрсе,

Жалғыз-ақ өрт дегені нұрдан терек.

 

Қарады ой тоқтатып бір алаңнан,

Кем емес жарқырап тұр атқан таңнан.

Бір адам айдай болып туған екен,

Пәруәрдігар,бағана өлген жаннан.

Отырды алдына алып, бетін сүйіп:

«Таңым жаңа атыпты, тәңірім иіп».

Байлаулы бір терекке арыстан тұр,

Өлекшін күшігі бар бала киік.

 

Жарамасса бала барып, емізеді,

Балаға анасындай емшегі иіп.

«Баланы алмайын,-деп,-бір екі айдай,

Бұл бала тұрмас,-дейді,-жерге сыйып.

Денені көмейін де осы араға,

Шірімес мұның тәні күнге күйіп».

 

Уәзір ақыл ойлап қағаз жазды.

Бір парақ жазу қылды ақ қағазды.

Әкесі Елкөргеншеден бері қарай,

Тәмамдап өзі көрген өткен назды.

«Серт қылып әкеңізбен, уағда байлап,

Хандықты әкен өлген соң,Шаһмас алды.

Киіктің түзде туған лағындай,

Туғызды жақсы тәннен сіз сабазды.

Ей,сәулем, басқа жұртта өсер болсаң,

Іздерсің Бағдаттағы алтын тәжді.

 

Аманат уәзір алған сіздің бақты,

Он жылға мөрін басып мінген тақты.

Әкең тағын, анаңның қанын жоқта,

Билеген әкең қырық жыл Бағдатты.

 

Осылай жаралуың сенің,-дейді,-

Болады осы Бағдат елің,-дейді,-

Дос едім әкеңізбен құдай дескен,

Қолымнан бар келгені осы,-дейді,-

Ей,саулем, сыйыпқыран ер боларсың,

Нышаның мағлұм тұр сенің,-дейді.-

Жалғызым, бөтен жұртта өсер болсаң,

Бір іздеп Бағдатты келгін!» - дейді.

Тұмар қып қолтығына балауыздап,

Беріш қып түспейтұғын желімдейді.

 

Бағыстап көзін салса аужайына,

Ер болар жан қақпаған шаужайына.

Уәзір өз – өзін ақылдасып,

Баланың есімін жазды маңдайына.

 

Білмесе өзін – өзі болады ма,

Лайық, Шеризатқа болды мұра.

Түзде түрып, арыстан емізген соң,

Деп қойады ер Шеризат атын мына.

 

Сөйлеләік біразырақ бөтен елден,

Жері бар азын – аулақ сөзді бөлген.

Зарыққан бала көрмей бір бай адам,

Қырық түйе саудасымен Шамнан келген.

Қайғысы көңілдегі – жалғыз бала,

Бала үшін көп зарығып қайғы жеген.

 

Бағдатта көп күн жатты сейіл құрып,

Нашардан алғыс алды тойындырып.

Жол жүріп, шамға келе жатқанда,

Тоғайға өлік жатқан келді жуық.

 

Бай келіп тоғайдағы нұрды көрді,

Біліп кел деп бір-екі құл жіберді.

Өлген қатын, байлаулы арыстан тұр,

Жайнаған көзі айнадай ұлды көрді.

Тоғайда мұндай сұмдық бар екен деп,

Келді де Ғабдоллаға хабар берді.

 

Қуанды Ғабдолла бай баланы алып,

Қатынды жерге көмді кебін салып.

«Қастықпен түзде туған жан екен»,-деп,

Жөнелді Бағдаттан тез қозғалып.

 

Жөнелді Шамға қарай жылдамырақ,

Жүргенді жерден берді көктен сұрап.

Тоқтамай демалыстан, Шамға жетті,

Арада бірнеше күн жолаушылап.

 

Тоқтамай бұл арада шамға жетті,

Неше түрлі өнерді үміт етті.

Лақап қып: «өз қатыным ұл тапты,-деп,

Осылай Шам халқына хабар етті.

 

Бек қатты қуаныпты Шам қаласы,

Қуанған өте қатты хан, қарасы,

Мұнымен жұрт иланып қала берді,

Жұрт ойлады екен деп өз баласы.

 

Адамға көрсетпейді жалғыз ұлды,

Шеризат хан жалғызы қызыл гүлді,

Сол түрмен тәрбиелеп үшке шығып,

Шеризат енді анықтап білді тілді.

 

Шеризат енді келді үш жасына,

Көрген жан онда дейді нұсқасына.

Парасат мейіржанды жігіт болды,

Туғандай әкесінің көз жасына.

Оқытты төртке шыға бір моллаға,

Береді өзі сабақ молдасына.

 

Шерін жас он екіге аяқ басты,

Ерлігі ілімдегі жаннан асты.

Шері қыран сахарада шер тарқатып,

Көтерді мың жарым пұт қара тасты.

Ерлігін, батырлығын көзі көріп,

Сайлауға әскербасы ақылдасты.

 

Жандай досы падишаның болды жақын,

Мақтайды бір сапарда достық хақын.

Осының мәнін, жайын бақұлдамай,

Сөйлейді әңгімесін надан ақын.

 

Әр сөзді айтпақ болар ебіменен,

Дарақы бір ашудың кебіменнен.

Шын, Машын, Үндіқытай мемлекетті,

Жау болған Шам шәріптің еліменен.

 

Шам шәріп жау жайынан жатқан қамсыз,

Қыруға мұсылманды еш күмәнсіз.

Ішінде қытайлардың жүретұғын,

Бар екен мұсылманнан берер жансыз.

Сол келіп патшаға хабар берді:

«Қол келді бәлен жерге,-деді,-сансыз»

 

Қол келді патшаның қаласына,

Халықтың қорқу түсі арасында.

Шал менен алпыстағы атқа мінді,

Аяғы алты жасар баласы да.

Шеризат патшамен бірге шықты,

Сол кезде дәл он үштің шамасында.

 

Жау келіп Үнді жұрты өңкей мықты,

Қаптады күннің көзі Шам шәріпті.

Патшаның қолындағы бас палуаны,

Жекеге мұсылманнан біреу шықты.

Кәпірден бір палуан келе салып

Палуанын мұсылманның жерге тықты.

 

Бір кәпір майдан жерге келе қалды,

Найзамен мұсылманды іліп алды.

Қолына тиген адам топырақтай,

Шәһит боп он бір кісі дүние салды.

 

Қуанып кәпір жағы соқты дабыл,

Айтады: «бәрің бірдей маған жабыл!»

Біреуің жарамайсын қажатыма,

Деп айтты: «бәрің бірдей маған жабыл!»

 

Жекеге кім барады бұған шыдап,

Патша жан-жағына бақты жылап.

Майданға еш мұсылман бара алмады,

Шеризат түрегелді рұқсат сұрап.

«Жас едің абұйырлы, болсын әдің,

Келе ме бұл диюға сенің әлің.

Көретін өз баламдай аяулы едің,

Боп кетсең олай-бұлай, күйге салдың.

Бар енді, сен алдыма келе қалдың,

Рұқсат, жолың болсын, батаны алдың».

 

Шеризат аш арыстан секілденіп,

Әр түрлі қайрат қылып өкімденіп.

Иығы, қолы ұзарып, еріктеніп,

Неше түрлі жұмыспен бекімделіп.

 

Балаға зәңгі кәпір салды көзін,

«Тудың ба падишадан сенің өзің?

Жіберді әке-шешең сені қайтіп?

Тым әйбат көрінеді маған жүзің.

 

Мектепте сабақ оқыр сендей бала,

Айтамын қорқу қылып, ақыл сала.

Іс емес саған лайық, қайт шырағым,

Өзің де абайларсын, болсың дана».

 

-Ей, кәпір, жақсы айтасын жаның ашып,

Он үшке биыл келдім қадам басып.

Бұрынғы мұсылманның қырандары,

Жас күнде жалтармаған жаудан жасып.

 

Өзіңіз бала ғой деп қапыл қалма,

Жас қой, деп жарамсыз деп көңіліңе алма!

Кәпірге жас палуан ерік берді,

Жәрдем бер жас балаға, жалғыз алла!

 

Сөзіне кәпір кетті ашуланып,

Баланың сайыпқыран түсін танып.

Мың батпен қолындағы шоқпарменен,

Көтеріп қойып қалды күшін алып.

 

Айнымай толықсымай ұрды сонда,

Басына қалқан ұстап тұрды сонда.

Қалқаны басындағы быт-шыт болды,

Тұлпары тізесінен кірді сонда.

 

Қалған жоқ, әлі келсе, баланы аяп,

Сынуға дулығасы кетті таяп.

Шеризат түгі шығып ашуланды,

Кәпірден тигеннен соң ащы таяқ.

 

Арыстан дұға тілеп бабасынан,

Қайратты асып кетті сабасынан.

Ақырын тізгін тартпай тез қамданып,

Ұстады сауыттың кеп жағасынан.

 

Пар келсін кәпір нағып қыран Шерге,

Тұқымы шын қыранның нағыз ерге.

Қолымен тау көтерген қаһармандай,

Кәпірді айналдырып ұрды жерге.

 

Алмадай қолыменен басын бұрап,

Жекеге кім келеді бұған шыдап.

Қуанып мұсылмандар соқты дабыл,

Кәпірге деп айтады: «Бәрің жабыл!»

 

Сол кезде жалғыз өзі жүзге тыныс,

Бастады кешке шейін тағы ұрыс.

Шөптей шауып сипайды Ер Шеризат,

Қолында екі жүзді алмас қылыш.

 

Соғысып сол бір күнді батырыпты,

Кәпірдің туын жығып қашырыпты.

Қалғанын түгел айдап бұл жаулардың,

Әммесін Алатаудан асырыпты

.

Біреудің ағасы өлген, інісі өлген,

Олжаны дүйім елге бөліп берген.

Той қылды шәрге келіп қырық күн, қырық түн,

Абиыр кез келді деп жалғыз ерден.

 

Моншаға бір күн түсіп терлеп еді,

Алласы оған шейін бермеп еді.

Тұр екен қатты беріш қолтығында,

Шеризат соған шейін көрмеп еді.

 

Өзінен ақылды жан озбап еді,

Көңілі бұдан бері тозбап еді.

Қолына қопарылып есіп келді,

Тырнақпен ары-бері қозғап еді.

 

Қараса беріш емес, анық тұмар,

Бүктеген қағаз екен ұмар-жұмар

Ойланды: «Алып, ашып көрейін,-деп,-

Жас күнде көз тиеді деп таққан шығар.

Тағылған көптен бері тұмар екен,

Іншалла, осы тұмар жаққан шығар.

Бұл өзі қасиетті дұға болса,

Соғыста әр пәледен қаққан шығар».

 

Оқыса тұмар емес, жазған хат-ты,

Қараса, ішіндегі сөзі тәтті.

Бастан-аяқ ахуалын ағлан еткен,

Сөзі екен Таһмастың инабатты.

 

Оқыды әуел қозғап атасынан,

Туыпты әулиенің батасынан.

Ай бұрын өзі тумай әкесі өліп,

Күңіренген бүкіл Бағдат жапасынан.

 

Бағдат кезі болған күнде думан,

Анасының басын кесіп қанмен жуған.

Қыранның қанды балақ тұқымы ғой,

Қозғалып бассыз тәннен түзде туған.

 

Аманат уәзір алған алтын тағын,

Құдайдың жаңа білді берген бағын.

«Атам тағын, анамның қанын жоқтап,

Іздейін бұл жалғанда істің ағын.

Жолына атам құрбан жалғыз жаным,

Анамның мен іздеймін нақақ қанын.

Шаһмас, мен өзіңді сондай қылсам,

Тартылар қай уақытта өз табағың».

 

Бағдат болды енді есіл-дерті,

Батырдың қан төкенше қылған серті

Келді де әкесіне жауап берді,

Жүруге бұл сапарға болған еркі.

 

«Жан ата, сапар жүрем, рұқсат бер!

Таниын тірі күнде ел мен жер.

Аралап дүние жүзін қыз таңдаймын,

Көп бопты жиһан кезген мен тұстас ер».

 

«Жалғызым, жар іздесең, жарасады,

Бар ма деп атаң қайтіп таласады?

Бір жылдан көп кешігіп кетпе, балам,

Ақылдан ғаріп атаң адасады»

 

Бір жылға сөз байлады уағда байлап,

Бас болып патша қалды «а құдайлап».

Шеризат білдірмейді еш арманын.

Жүргенше сыр берген жоқ күліп-ойнап.

 

Шеризат білдірмейді еш қайғысын,

Барады өртеп жалын іші-тысын.

Жүк артып қырық түйеге жүріп кетті,

Қырық жігіт жолдас алып неше қысым.

 

Шеризат жолға шықты «а құдайлап»

Алмас қылыш, жарағын белге байлап.

Қанатын қыран сермеп ұша тұрсын,

Тындай көр, жамағаттар, «тамаша -айлап»

 

Келеді күн жақындап алар теңдік.

Қалмасын, таза тыңда, сөзде кемдік,

Баяғы падишаның сертін бұзып,

Ханымның басын алған түнге келдік.

 

Сөйлелік Бағдатты, Шаһмастан,

Бұл зәлім кәпір еді діннен қашқан.

Халқына қарсы келіп патша болып,

Халқына неше түрлі әмір шашқан.

Сол күнде қолы жеткен үлкен патша,

Хан жоқ деп өз ойында бұдан асқан.

 

Сол күнде болдым деп тұр әбден мұңсыз,

Ұялмай еш адамнан әлгі дінсіз.

Ұл туған әулиеден сағатында,

Туыпты Шаһмастан сонда бір қыз.

 

Нұры тең Шеризатпен жасы құрдас,

Сипатын көрген адам сабыр қылмас.

Қойыпты ханшаның атын Гүлшат,

Атағы дүнияға болыпты паш.

Патша салтанатпен нөкер жиып,

Жаһаннан қырық қыз жиған бұған ұқсас.

Шаһардан басқа жерде қыздың бағы,

Күзетші екі айдаһар адамға қас.

Халқына осылайша бұйрық қылған,

Бақшаға еркек жыныс адам бармас.

Әгіарада жазатайым бара қалса,

Сол жерде дереу ұстап алынар бас.

 

Мақтаулы бұл уақытта Гүлшат сұлу,

Болмайды қыз әмірін әркім бұзу.

Әр патша аламын деп елші салып,

Сипаты болмай қойған ешбір қию.

Әкесі қолы жеткен үлкен патша,

Бармайды шарбағына пері, дию.

Бақшаға барған жанның басын алар,

Жұртына осылайша салған тыю.

 

Гүлшат қыз салтанатпен жатыр күн-түн,

Қызық қой табылғанға дүние шіркін.

Қасына екі қызды ертіп алып,

Ханша мұнараға шықты бір күн.

 

Аспанға күндей түсер қыздың нұры,

Шеризат келе жатып көрді мұны.

Бірі марғұп, біреуі машұрықта,

Аспанда екеу болған көрді күнді.

 

Екі күн ерегеске көкте қайнап,

Шеризат бек қарап тұр «тамаша айлап»

«Нөкерлер мынау қандай ғаламат?- деп,

Айтындар мұны маған әбден жайлап!».

 

Сөйлейді сонда тұрып қырықтың бірі,

«Бұл күннің мағлұм еді маған сыры.

Шыққанда мұнараға сүйтетұғын,

Анау күн-Гүлшат деген қыздың нұры.

Бағдатта бір жыл тұрып көріп едім,

Таусылмас мақтауымның мың да бірі.

 

Шеризат неден қорықсын күшіменен,

Палуан айдаһардай түсіменен.

Қызы деп Шаһмастың естіген соң,

Өзінің ұйғарыпты ішіменен.

 

Шарбаққа қалған екен аз ғана жер,

Жөнелді соған бастап бұл қыран ер.

«Алдымен ханның қызын көрейін»,-деп,

Көңілі солай соқты бұл нағыз Шер.

 

Қыз көрді мұнарадан тозаң шаңды,

Қырық түйеге жүк артқан қырық адамды.

Келеді Шам шаһардың тарабынан,

Ішінде біреуі бар нағыз хан-ды.

 

«Осылар не болмаса білмеген жан,

Әгар білсе, көңілі өрлеген жан,

Бар екен бір ғаламат ойларында,

Қалайша кеуделерін сүйреген жан.

 

Келеді кім де болса тура тіктеп,

Көшкен ел көрінеді түйе жүктеп.

Нөкерлер, алдынан шық, құрмет алшы,

Алармыз келгеннен соң сұрап, түстеп.

 

Нөкерлер, алдынан шық, құрмет алып,

Келеді кімде болса қырсықтанып,

Күзетші айдаһарды қайтар екен,

Байқалық батырлығын сонда танып».

 

Есікке соны айтқанда келе қалды,

Айдаһар Шеризатқа көзін салды.

Порымын Шеризаттың таныған соң,

Айдаһар басын шұлғып, қабыл алды.

 

Мінгені Шеризаттың боз арғымақ,

Қарасаң жүндеріне күмістен ақ.

Көзі көрген патшаның баласындай,

Тұқымын оқып көрсең бір шамшырақ.

 

Алтыннан құралады сынығы көп,

Белгілі бірін-бірі көрмейді жек.

Отырды бір сағаттай әдеп сақтап,

Сұрамай бірін-бірі сіз кімсіз деп.

 

Қыз айтты: «Сіз майысқан райхан гүл,

Бекер қарап отырма,бір жауап қыл.

Бұл махарам бақшада сізді көрдім,

Құдай неге қосады биылғы жыл.

Қай патша, қай адамның баласысың,

Өсіп ең қай бақшада, сөйле бұлбұл!»

 

Адаммын Шамнан келген, жаһан кезген,

Біразырақ жұмыс бар шәріңізден.

Мүбәрак жамалыңды мұрат қылып,

Амандаспақ тілегім және сізбен.»

 

Қыз айтты: «Болатұғын батыр өктем,

Қате бар біразырақ сізден кеткен.

Ұрлық іс патшаға лайық па?

Рұқсатсыз неге келдің, не себеппен?»

 

Шеризат жауап берді қызға жайлап,

«Бағынды отыр екен әкең байлап.

Кішіктік қып көрмеген ерке басым,

Жүрем бе қызға бола қарыз байлап».

 

Қыз күлді қабақ қағып, пердені ашып,

Мейлінше әзілдесті екі ғашық.

«Екі нұр өле-өлгенше айырылма!-деп,

Нөкерлер құтықтады шашу шашып.

 

Бір адам киік қуып келген екен,

Қырық түйе, қырық адамды көрген екен.

«Бақшада мұндай сұмдық бар екен»,-деп.

Патшаға барып хабар берген екен.

 

Патша мұндай сөзді естіп білді,

«Осылар қорықпайтұғын қандай жынды?!

Түнде бар,басып,байлап алып кел!»-деп

Жіберді әскерінен екі мыңды.

 

Дейтұғын Арыс, Қарыс екі батыр,

Соғыста әрбіреуі мыңға татыр.

Жіберді сол екеуін бастық сайлап,

Басына салып кел деп заманақыр.

 

Батырды екі бірдей басшы қылып,

«Азапен өлтір,-депті,-қатты қылып.

Алдымен қызымды өлтір,-деп тапсырды,

Аулақта істеп жатқан мұндай қылық.

 

Қасына екі мыңды қосты санап,

Шарбақты түнде келіп алды қамап.

Әмірін патшаның келтірмекші,

Бұларды өлтірмекші жүндей сабап.

 

Қыз Гүлшат қамап алған қолды білді,

«Апырау, бір масқара бізді қылды!»

Келеді Шеризатқа жаман сасып,

«Қапы қалма еліңмен қоспай тілді!»


Шеризат жауап берді қызға жайлап,

«Келіп ем бар жазығым сізді қалап.

Әкеңе жау тілеген не сын дерсің,

Тұр бүгін әскерменен бізді қамап.

 

Баласы жаман ханның жасық өскен,

Жата бер күнденгіңдей сескенбестен.

Көрерміз, алла қосса, таң атқанда,

Қоя тұр бүгін түнде тексерместен!»

 

Қыз Гүлшат жауабына қалады таң,

Болады батырларда қорықпайтын заң.

«Басымды бір аңқауға қайдан қостым,

Хабарсыз ештенеден не қылған жан?»

 

Таңертен ерте Шерің тұрады енді,

Ақырын бет пен қолын жуады енді.

Басына бір шапанды жамылып ап,

Шеризат сыртқа таман шығады енді,

 

Тұр екен Арыс атты, Қарыс жаяу,

Есіктің алдын алып тұрған таяу.

Көзіне көзі түсті, шыдай алмай,

Қарыс кейін шегінді, кетті баяу

 

Қарыстың Шерің тарты етегінен,

Қалмады сүйрегенде жетегінен.

Қарысты жерде тұрған жұлып алып,

Арысты періп қалды,

Кем емес жерден алған кесегінен.

 

Қарысты жерде тұрған жұлды сонда,

Бұл батыр бір тамаша қылды сонда.

Лып етіп қолдан ұшқан лашындай,

Атына біреуінің мінді сонда.

Мың қойға жалғыз кірген аш бөрідей.

Әскерді дәл екі мың қырды сонда.

Ұстап ап бір-екеуін жаяу айдап.

Үстіне мына қыздың кірді сонда.

Қыз сынап батырлығын көзбен көріп,

Сынаумен терезеде тұрды сонда,

 

«Мынаны оқы,-деді,-зәлім патша,

Қолыңнан не келгендей сенің патша?

Әдейі іздеп келген мен бір дұшпан,

Қан түкір, құдай қосса, зұлым патша

 

Болды осылайша жайым-күйім,

Жұртыма баяғыдай, саған қиын».

Хат жазды: «Мына хатты оқы!-деді,-

Тартылар өз басыңа сенің сыйың».

 

Босатып қоя берді, бұлар кетті,

Кеш бола Шәһарына келіп жетті.

«Құлақ саңырау, мұрын пұшық болды,

Патша, кек алмасаң, құдай атты».

 

Намыс болды патшаға мына қылық

Қызы еді сүттен аппақ, судан тұнық.

Үстіне әскер жинап бармақ болды,

Қорлықпен болмайын деп қалы-құлық.

 

Таһмас естіп білді мына кепті,

«Апырау, Шеризаттың уақтысы жетті.»

Санаса,сол тарихтан бері қарай,

Он үш жыл туғанынан он күн өтті.

 

«Тұлпардан туған екен жорға құлын,

Бөтен елде өскен ғой, білдім түрін.

Іншалла,сол екенғой мұның өзі,

Мінеки, әбден ұстап білдім сырын».

 

Келді де патшамен ақылдасты,

Патшаның дірілдеген көңілін басты.

«Ақылменен алмасақ жан бермейді,

Қайламен істейік те оған қасты.

 

Бұларда батыр еді Арыс, Қарыс,

Біріне бірін соқты жас жолбарыс

Қырыпты екі мыңды көзді ашқанша,

Еліне келмей жатып болды таныс.

 

Мырзаны күйеу қылып шақырсаңшы,

Қайланды ішке қылар жасырсаңшы.

Мырзаны күйеу қылып алып келіп,

Шіркінді білдірместен қатырсаңшы!

 

Бұл ақыл патшаға ұнап кетті,

«Барсын,-деп,-енді біреуі!»-әмір етті.

Кім жарар мұндай іске деген кезде,

Таһмас: «Жалғыз өзім барам,-депті.-

 

Жарамас мұндай іске менен басқа,

Мінеки, алпыс жеті келдім жасқа.

Патша,сізге бола бір жұмыс қып,

Көңілді тындырайын айнымасқа».

 

Таһмас ұзағынан сапар қылды,

Көруге ер Шеризат қызыл гүлді.

Басына мұнараның қыз бен жігіт,

Келе жатқан жалғызды көзі көрді.

«Мынау кім келе жатқан бір адам?»-деп,

Шеризат қасындағы қыздан сұрады.

 

«Осы еді атамнан соң елдің басы,

Әкемнің бала күннен жан жолдасы.

Аты- Таһмас»,-дегенді естігенде,

Көзінен Шеризатың төкті-ау жасы.

 

«Апырай, күн бар екен көретұғын,

Оралып өлмеген жан келетұғын.

Диқанын, насихатты садаққа алған,

Жақынан құдай дескен сенетұғын».

 

Диқанын, насихатты садаққа алған,

Жақынын, адасқанды жолға салған.

Алдынан жаяу түсіп әдеппенен,

Шеризат уәзірді күтіп алған.

 

Жүгірді аттан түсе уәзір ғаріп.

Алдынан ер Шеризат қарсы барып.

Айтпай білмей екеуі көріседі,

Сол жерде бірін-бірі айтпай танып.

 

Қыз Гүлшат бұл арада анық білді,

Баласы Елкөргенше нағыз ерді.

Уәзірді сарайына алып келді,

Мәселе өткен-кеткен сөзді терді.

 

Сөйлесе, сөз таусылмас таң атқанша,

Жай жатып не жолайды салақтанса.

«Өз жұртына, шырағым, қанжар тартпа,

Көрерміз, алла қосса, талаптанса».

 

Таһмастың қарай қойшы ақылына,

Патшаға сонша құрмет жақынына.

Астыратын қағаз жазып сөз таратып,

Жіберді жауаптарды асылыңа.

 

Патшаға қарсы болды елдің бәрі,

Жабыла таспен атты жас пен кәрі.

Шеріне үш күн жылап көрісіпті,

Бейшара патшаның адамдары.

 

Мұнымен, Шеризат елін баулап,

Мұқатып әбден алды жауын жаулап.

Тамаша сол арада қызық көрді,

Алтын арба, трашпенке қоңыраулап.

 

Ел келді өз-өз басын тазаларға,

«Хан болмаса, халқында жаза бар ма?

Мансабың енді өзіңе құтты болсын,

Қайырлы кез боп қапсың қазаларға».

 

Шаһмасқа дұшпан болды елдің бәрі,

Жабыла таспен атты жас пен кәрі.

Ұстап ап Шаһмасты байлап алып,

Кірді ғой Бағдаттың адамдары.

 

«Сенбісің сөзін жұтқан, Шаһмас зәлім?

Анамның іздеп келдім нақақ қанын.

Бес күндік дүнияға қызығып ең,

Антұрған, осы күнде қайтті халің?»

 

Көмірдей болған екен жүзі қара,

Алдына әрең келді таппай шара.

Шеризат патшаға назар салды,

«Осы ма қыз әкесі, хас масқара!?»

Баяғы бар екен ғой екі жендет,

Оларды алып келді, тарты дарға.

 

Сонымен, Шерің жүрді елін баулап,

Мұқатып әбден алды жауын жаулап.

Алдырды Шамда қалған Ғабдолланы,

Алтын арба,трашпенке қоңыраулап.

 

Ғабдолла Сағименен бір атасы,

Дүнияның ұмыт бопты көп жапасы.

Анасы буаз күнде бұл өлтірген,

Мұратқа жеткен екен ақ батасы.

 

Осымен тәмам болды ер Шеризат,

Сөзім айтпақ сіздерге болды мұрат.

Айтқанға-алғыс, жазғанға-ырыс, көптен-дұға,

Естіген, жазғандарға болсын ғибрат.

 

Үш жетім қыз (7)

 

Сөйлейін бір хикая бұрынғыдан,

Бір қызық ертегіні есте қалған.

Дін орнап, мұсылманға тұғыр болған,

Белгілі шаһар еді Бағдат пен Шам.

 

Талай жан жан біткенше тұрақ қылып,

Бағдатта ел жиналды неше алуан.

Баяғы белгісі жоқ зар заманда,

Болыпты Шаһ Ғаббас дейтін бір жан.

 

Патша өзі ғадыл, өзі жомарт,

Сұлтандай Һарун Рашит шығарып заң.

Патшаның ғаділдігін естіген жан

Сыртынан құмарланып болып аң-таң.

 

Таласса талайларға тартқызған зар,

Егессе кең дүниесін ететін тар.

Патшамен әрі сырлас, әрі құрдас,

Дейтүғын Алдияр хан уәзірі бар.

 

Ақылды Алдияр хан өзі асыл,

Өзіндей патшаның текті нәсіл.

Күн туса ел басына қиыншылық

Ақылмен табушы еді қайла тәсіл.

 

Қайласы жауға қылар тіпті қиын,

Қаласы ас бергендей күнде жиын.

Тең шыққан екі асылдың замандастан,

Қалдырмай баяндайын жайы- күйін.

 

Жұма кеште патшамен Алидяр хан,

Шаһар кезген киіп ап жөнсал киім.

Астыртын шаһар ішін кезіуші еді,

Бір нәрсе көңілінде болса түйін.

 

Мал үшін дүниеге қызықпайды,

Олардың алары жоқ жалғыз тиын.

Шақырып қатаң жаза беруші еді,

Қашанда жамандыққа салып тыйым.

 

Бір күні патша, уәзір үйден шықты,

Жасырын шаһар ішін сейіл қыпты.

Қаланың барлық жерін кезіп шығып,

Таппапты арам пиғыл адам тіпті.

 

Қаладан сахараға шықты бұлар,

Пенденің өсегі бар бәрін сынар.

Аңғардың жағасына біткен ағаш

Бар еді ұры жатар терең бір жар.

 

Ананың адал бала ақтар сүтін,

Өсектен қай пенденің басы бүтін?

Жағалап терең жарды келе жатса,

Будақтап жар астынан шықты түтін.

 

Бекінген ұры ма деп келді жетіп,

Уақытсыз жанған отты тамаша етіп.

Баспалап үңгірды кеп қарап тұрса,

Үш әйел отыр екен жарға бекіп.

 

Таныды бұл үшеуін көрген жерден,

Қыз еді жетім өсіп қаңғып жүрген.

Ата-ана туысқан жоқ, ағайын жоқ,

Белгілі қолдарынан қайыр берген.

 

Үшеуі жыласады, еңіреседі,

Бірінің сөзін бірі жөн деседі.

Адамда малсыз, бақсыз баға бар ма,

Пенденің дүниемен көңілі өседі.

 

Аты еді Қаныш, Қайша екі қыздың,

Шәмсия ең кішісі жетім қыздың.

Айрылса бір-бірінен күнелте алмас,

Панасы жоқ дерті бір, күйі бірдің.

 

Кіші қыз кеңес құрды үшеу ара,

Тыңдайды патша, уәзір тұра қала.

Екі апа елде жетім біз үшеуміз,

Немене жылағанмен болар шара!

 

Бірің жиырма біреуің жиырма бесте,

Жастықта әрбір нәрсе түседі еске.

Міне мен он екіге жаңа келдім

Басыма іс туады ерте – кеш пе.

 

Жастықта керек емес үміт үзбек,

Келіп жүр бір талпынғым талап іздеп.

Азырақ жай отырмай кеңес болсын,

Сіздерден тұрмын бір сөз сұрағым кеп.

 

Бір алла айтқанымды қабыл алса,

Періште оң иықта хатқа салса.

Патша Шаһ Ғаббаспен Алдияр хан

Шақырып үшеумізді алып барса.

 

Көңіліне патшаның рақым салып,

Сұраса бізден жауап алып барып.

Хан жебеп, қарашысын алла демеп

Патша көмек етсе көзін салып.

 

«Қарашым қайраныма жыла десе,

Мейірбан мінезімді сына десе.

Бар болса не тілегің мен берейін,

Мүсәпір тілегіңді сұра десе!»

 

Қайғымен қанға толды ғарып жүрек,

Неше жыл қара суды еттің қорек.

«Бар болса не тілегің берем десе»

Тілер ең үлкен апа қандай тілек?

 

Қарағым, Шәмсия жан, сен қарындас,

Қалың сор маңдайымнан тез арылмас.

Қоқсытып ойда жоқты айтасың – ау,

Шақырып патша бізді ондай қылмас.

 

 

Мойынды хан шақырса бұрар едім,

Иіліп қызметін қылар едім.

Қазынадан киіммен тамақ берсе,

Өлгенше намаз оқып тұрар едім.

 

Уақытым ойнап – күлер өтіп кетті,

Іздеймін қолым жетсе хақ ниетті.

Азабын дүниенің тартып едім,

Іздеймін әйтеуір өзім ақиретті.

 

Жүзінде дүниенің тарттық жапа,

Қайғының басқа түскен бәрі қапа.

Бұл кісі алла жолын іздейді екен,

Патшадан не тілейсің, ортаншы апа?

 

-Қарағым, сен сұрасаң айтам дейді,

Азабын тіршіліктің тартам дейді.

Іздемес қолдан келсе кім бақытты,

Алладан үміт үзген шайтан дейді.

 

Патша жақсылыққа тұрса иланып,

Сөзіне көзім жетсе мейірім қанып.

Алдярхан уәзірдің баласына,

Сүйікті ханым болсам некахланып.

 

Ашылса мұңлы жүрек жаққан шамдай,

Болмаспыз сонда ғана біз сор маңдай.

Тексеріп екеумізді сұрап болдың

Шамсия болар едің өзің қандай.

 

Ал енді кіші қыздан тыңда сөзді,

Сыртынан патша, уәзір тыңдап тұрды.

Көңілім патшадан арманырақ

Екі


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: