Білім атасы - Ыбырай Алтынсарин

В.Г. Белинский.

Ақша – қымбат, адам өмірі одан да қымбат, ал уақытың бәрінен қымбат.

А.В. Суворов

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Хасен М.Ә., Шабденова Қ.Ж., Байпелова Г.С., Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ. ҚарМТУ, 2006

4. Нұрғожина Г.М., Әбілқасов Ғ.М., Жетпісбай Ш.А. Қазақ мәдениеті (Қазақ тіліне  арналған мәтіндер жинағы). ҚарМТУ, 2003.

5. Нұрғожина Г.М., Хасен М.Ә., Хамзина Қ.М. Суретті қазақ тілі. Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2006.

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (3-тақырып) [қосымша 12, 13,16 ]

1. «Мен бос уақытымды қалай өткіземін?» тақырыбына әңгіме жазу.

4-тақырып Ұлы іс отаншылдықтан туады. Атамекен. Жаңа әлемдегі – Жаңа Қазақстан. Фонетика (Үндестік заңы). Жұрнақ: сөз тудырушы және сөз түрлендіруші.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Фонетиканы қайталау. Дауысты және дауыссыз дыбыстардың жіктелуін түсіндіру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгіме жүргізу.

3. Жаңа сөздер жаздыру.

ҰЛЫ ІС ОТАНШЫЛДЫҚТАН ТУАДЫ

 

Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін еткен еңбек пен ерліктен туады.

Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық - әр адамға керекті ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйінен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей. Намыс - азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада намыс болады. Ер жігіттің елі - ата-анасы. Отаны - өз үйі.

Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруақор, адал, әділ болып өседі. Іс деген – осы. Патриотизм осыдан басталады.

(Бауыржан Момышұлы).

Тапсырмалар:

1. Мәтіннен сын есім сөздерді тауып оқыңыз, оларға сұрақ қойыңыз.

2. Мәтіндегі сын есім сөздердің сөйлемнің қай мүшесі екенін ажыратыңыз.

3. Мәтіндегі тәуелдік жалғаулы сөздерді көрсетіңіз.

4. Төмендегі сөйлемді аударыңыз.

Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруақор, адал, әділ болып өседі. Іс деген – осы. Патриотизм осыдан басталады.

5. Төмендегі сөйлемдерге морфологиялық талдау жасаңыз.

Намыс - азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада намыс болады. Ер жігіттің елі - ата-анасы. Отаны - өз үйі.

6. Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз.

ü Намыс деген не?

ü Ер жігітттің елі кім?

ü Ұлы іс неден басталады?

ü Отаншылдық қандай қасиет?

ü Қандай адам отаншыл болады?

ü Қандай Отан туралы мақал – мәтелдер білесің?

 

7. Мәтін бойынша сұқбат құраңыз.

8. Мәтінді әңгімелеп беріңіз.

 

АТАМЕКЕН

Сөзін жазған: Қадыр Мырзалиев.

Әнін жазған: Ескендір Хасанғалиев.

 

1.Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем,

Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.

Айдарымнан сипап өткен самалды

Қазағымның алақаны деп білем!

Қайырмасы:

Қайда жүрсең, атамекен

Көкейіңде жатады екен.

Күннің өзі ұясына

Қимай оны батады екен!

 

2.Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем,

Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем.

Асқар тауын аспаныммен астасқан

 Қазағымның мәртебесі деп білем!

   Қайырмасы

3.Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем,

Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.

Күннің нұрын, айдың аппақ сәулесін

Қазағымның махаббаты деп білем!

 

Тапсырмалар:

1. Өлеңді мәнерлеп оқыңыз.

2. Төмендегі сөздерді сөз құрамына талдаңыз: қазағымның, аспаныммен, ойнаймын.

    Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінен сөйлемдер құрастырыңыз: самал, атамекен,  

     асқар тау, күннің нұры.

3. Өлеңнен тәуелдік жалғауларды табыңыз.

4. Өлеңнен сын есімдерді тауып, түрлерін ажыратыңыз.

5. Өлеңді жаттап алыңыз.

ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН

 

Қазақстан Республикасы қазір әлемдегі ең жас мемлекеттердің бірі. Ол саяси картада 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Парламенті мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылдағаннан кейін пайда болды. Қазір біздің елімізді барлық құрлықтағы елдер біледі. Ол әлемнің барлық беделді мемлекеттерімен дипломатиялық байланыс орнатты. Қазақстан – жаңа қалыптасып келе жатқан әлемнің саяси-географиялық ауданы – Орталық Азияның көшбасшысы болып табылады. Өнеркәсіп - Қазақстан шаруашылығының басты саласы. Экономикадағы барлық алға басушылық соған байланысты. Дүние жүзіндегі отын мен металл бағасының жоғары болуы отын-энергетикалық және металлургиялық кешендердің жарыса өсуіне себеп болып отыр. Осы салалардың өсуі қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің көтерілуіне ықпал етеді. «2003-2015 жж. арналған индустриялы-инновациялық даму стратегиясы» Қазақстан өнеркәсібінің құрылымын жақсартуға арналған. Инновациялық даму экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайтып, өңдеуші салалардың жоғары сапалы тауар шығаруына мүмкіндік береді. Қазір Қазақстан елді тиімді басқару жүйесін құрып, шекара мәселелерін толық шешіп, өзінің экономикалық-географиялық жағдайын жақсартуға кірісті. 

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыз.

2. Мына сұрақтарға жауап беріңіз:

      - Қазақстан саяси картада қашан пайда болды?

      - Қазақстан қандай мемлекеттермен байланыс орнатты?

      - Қазақстан шаруашылығының басты саласы не?

- Инновациялық даму қандай мүмкіндік береді?

3.Мәтіннен сын есімдерді тауып, түрлерін ажыратыңыз.

4.Мәтіннен тәуелдік жалғаулы сөздерді табыңыз.

5.Төмендегі сөздерді сөз құрамына талдаңыз: шаруашылығының, тәуелділігін,   

      мәселелерін.

6.Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінен сөйлемдер құрастырыңыз: саяси, шикізат,

    сапалы, тиімді.

7.Көп нүктенің орнына керекті сөздерді қойыңыз: Қазір біздің елімізді барлық... елдер

    біледі. Қазір Қазақстан елді тиімді... жүйесін құрып,... мәселелерін толық шешіп,      

   өзінің... жағдайын жақсартуға кірісті.

8.Досыңызбен осы тақырыпқа сұхбат құрастырыңыз.

9.Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіз.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

 3. Хасен М.Ә., Шабденова Қ.Ж., Байпелова Г.С, Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ. ҚарМТУ, 2006 ж 

 4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы).  Алматы, 1998.

 5. Нұрғожина Г.М., Әбілқасов Ғ.М., Жетпісбай Ш.А. Қазақ мәдениеті (Қазақ тіліне арналған мәтіндер жинағы). ҚарМТУ, 2003.

6. Нұрғожина Г.М., Кинбаева А.Б. Қазақ тілі (Кредиттік технология жүйесі бойынша оқыту). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2007.

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (4-тақырып) [қосымша 13,16, 18]

1. «Ұлы іс отаншылдықтан туады» тақырыбына әңгіме жазу.

2. «Туған жер» тақырыбына байланысты өлең жаттау. 

3. «Жаңа әлемдегі – Жаңа Қазақстан» тақырыбына слайд жасау.

5-тақырып Білім - байлығымыз. Білім атасы – Ы. Алтынсарин. Кітап - білім  бұлағы. Зат есім.

 

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Зат есімнің жасалу жолдарын түсіндіру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгіме жүргізу.

3. Жаңа сөздер жаздыру.

БІЛІМ – БАЙЛЫҒЫМЫЗ

«Әр халықтың дамуы үшін, ең алдымен, азаттық пен білім керек»,-деген екен Ш.Уәлиханов. Ел азаматтығын алысымен тарихи-әлеуметтік болмысына сай жаңа білім жүйесін құрудың аса қажеттілігі туды. Бұл міндетті атқару бұрынғы білім проблемалары институты үшін салмағы ауыр жүк болатын.

Мемлекетіміздегі үздіксіз білімді дамыту мақсатында құрылған Академия құрамындағы үш ғылыми-зерттеу институттарының (Жоғары білім институты, Кәсіптік білім институты, Орта білім институты) құрылуы да Республиканың білім беру болашағынан үлкен үміт күтетіні сөзсіз.

Ғылым мен практика, бейнелеп айтқанда, құстың қос қанатындай немесе ашық мұхиттағы қайықтың ескексіз жүзе алмайтындай бір-бірімен тығыз байланысты. Ертеңгі ұрпақтың мектеп қабырғасынан сапалы білім, саналы тәрбие алып шығуына осы байланыстың әсері мол.

Қазақстандық экономиканың жетістігі, көбінесе, бәсекелесуге қабілетті жоғары технологиялық экономика үшін мамандардың жаңа буынын дайындауды қамтамасыз етуге арналған жоғары білім беру жүйесін қайта құру. Біздің Республикамызда қоғамдағы және еліміздің білім беру саясатындағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерден туындайтын жалпы стратегиялық міндеттерді бейнелейтін жоғары білім берудің мемлекеттік стандартының тұжырымдамасы дайындалды.

Тапсырмалар:

1. Мәтін бойынша жаңа сөздерді теріп жазыңыз.

2. Мәтінді аударыңыз.

3. Білім, байлық, міндет, қабілет сөздерін септеңіз.

4. Білім, байлық, міндет, қабілет сөздерін пайдалана отырып, сөйлем құраңыз.

БІЛІМ АТАСЫ - ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН

(1841-1889)

       Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, жаңашыл педагог, жазушы, ауыз әдебиетін зерттеуші, этнографы.

        Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Торғай облысының Қостанай уезіндегі Арқақарағай облысында, қазіргі Затобол ауданында туған. Ата-анасынан ерте айрылған Ыбырай белгілі би, атасы Балқожаның тәрбиесінде болған. Ол өз бетінше оқып, білім алған. Ыбырайдың білім алуына атасы Балқожа бидің игі ықпалы, Шығыс зеттеушісі, ғалым В.В. Григорьевтің де үлкен әсері болды.

        Ы. Алтынсарин орыс әдебиетін көп оқыды. Ол халыққа білім беруді арман етті, қазақ ауылдарында орысша-қазақша мектеп ашты. Ыбырай қазақ балаларына арнап 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы» деген кітап, бастауыш класқа арналған орыс тілі оқулығын жазды.

       Жаңалыққа ұмтылған Ы.Алтынсарин орыс графикасын негізге алып, қазақ алфавитін жасады. Оның «Қыпшақ Сейітқұл», «Бай баласы мен жарлы баласы» т.б. әңгімелері, ертегілері, өлеңдері бар. Ы. Алтынсарин көптеген публицистикалық мақалалар жазды. Оларды үш топқа бөлуге болады: хаттар, этнографикалық тақырыпқа жазылған очектер, экономикалық және саяси-әлеуметтік мәселелерді көтерген мақалалар. Қазақ халқы Ы.Алтынсаринді тұңғыш педагог деп ерекшелесе, Қазақстанның мәдени және ғылыми-педагогикалық қауымы оны «Ұстаздардың ұстазы» деп біледі.

 

Тапсырмалар:

1. Мәтіннен жаңа сөздерді теріп жазып, аударыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.

3. Мәтінді аударыңыздар, әңгімелеңіздер.

4. Кім? Не? сұрақтарына жауап беретін зат есімдерді теріп жазыңыздар.

5. Жалқы есімдерді теріп жазыңыздар.

КІТАП – БІЛІМ БҰЛАҒЫ

…Жақсы кітап – жан азығы. Кітапты сүйіп дәріптемеген адам жақсы бола алмайды. Кітапқа ең жақын досым, ақылшым деп қарау керек. Кітапты жазушы – халқы үшін, жастар мен балалар үшін жазады. Егер оқымаса, жазудың да, еңбектенудің де қажеті жоқ.

«Біздің заманда кино, телевизор, театр, радио да бар, кітап оқуға уақыт жетпейді», – деген қате пікірлер кездеседі. Ол дұрыс емес. Әрқайсысының өзінің орны бар. Кино да, теледидар да кітаптай бола алмайды, сырласа алмайды. Оқушы жас күнінен бастап кітап оқуға құнығуы керек. Әйтпесе күнде кітап оқу қиын болады. Аспай-саспай, әуелі кітаптың ырғағына түсіп, жаттығып, оқиға ішіне кіре оқымаса, ауыр тиеді. Әр кітаптың өзінің ырғағы бар, сол ырғақты тауып оқу құнығудан туады. Балалар әуелі ертегі кітаптардан бастап қызыға оқыса, біртіндеп құмартып оқуды жақсы көріп алады. (З.Шашкин).

 

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыздар.

2. Жаңа сөздерді көшіріп жазып, аударыңыздар.

3. Мәтінді аударыңыздар.

4. Мәтіннен тұйық етістіктерді табыңыздар.

5. Мәтіннен болымсыз етістіктерді табыңыздар.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

 3. Хасен М.Ә.,  Шабденова Қ.Ж.., Байпелова Г.С., Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ.  ҚарМТУ, 2006 ж.

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы).  Алматы, 1998.

5. Нұрғожина Г.М., Әбілқасов Ғ.М., Жетпісбай Ш.А.  Қазақ мәдениеті (Қазақ тіліне арналған мәтіндер жинағы). ҚарМТУ, 2003.

6. Нұрғожина Г.М., Кинбаева А.Б. Қазақ тілі (Кредиттік технология жүйесі бойынша оқыту). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2007.

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (5-тақырып) [қосымша 11,12, 16]

1. «Білім – байлығымыз» тақырыбына әңгіме.

2. «Ы. Алтынсарин» тақырыбына слайд, презентация жасау.

6-тақырып Мемлекет және біз. ҚР рәміздері. Менің Отаным – Қазақстан. Көмекші есімдер.

 

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Көмекші есімдерді айтып өту.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгіме жүргізу.

3. Жаңа сөздер жаздыру.

4. Отан, еңбек туралы мақал-мәтелдер жаздыру.

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ БІЗ

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деді: «Біз – қазақстандықтармыз және мұны зор мақтанышпен айтамыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан ұрпаққа табыстайтын боламыз».

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы елімізді Президенттік басқару формасындағы мемлекет деп, Президентті мемлекет басшысы деп жариялады. Дүниежүзі елдерінің көпшілігінде билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну ұстанымына негізделіп құрылды. Президенттік осы тармақтардың ешқайсысына жатпайды, солай болса да, Президент мемлекеттік биліктің барлық тармақтарымен тығыз байланыста болады.

Президент мемлекет басшысы болғандықтан, елдің ішінде де, халықаралық қатынастарда да, халық пен мемлекет атынан сөйлеуге құқықты. Халықтың қалаулысы ретінде Президент халық мүддесіне қызмет етеді.

ҚР Парламенті – Қазақстан Республикасындағы заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Ол екі палатадан тұрады: Сенат пен Мәжіліс.

Сенат – ҚР Параламентінің жоғарғы палатасы. ҚР Парламентінің Сенаты екі жолмен жасақталады. Оның біріншісі - әр облыстан, қалалардан сайланатын депутаттардан, екіншісі – ҚР Президенті тағайындаған жеті депутаттан тұрады.

Мәжілістің қазіргі құрамы аймақтық, партиялық тізімі бойынша сайланатын депутаттардан тұрады.

Сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы болып табылады. Сот билігі азаматтардың, мемлекеттік ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғайды. Халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді.

 

Тапсырмалар:

1. Мәтінді бөлімдерге бөліп оқыңыз, аударыңыз.

2. Мәтінді оқып, мазмұнын түсіндіріңіз.

 3. Мемлекет, билік сөздерін септеңіз.

4. Мәтіннен тәуелдік жалғауларды табыңыз.

5. Мәтіннен сын есімнің түрлерін табыңыз. Мағыналық түрлерін ажыратыңыз.

6. Мәтіннен кез-келген бір сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыз.

7. Мемлекет, ұрпақ сөздерін жекеше, көпше түрде тәуелдеңіз.

8. Халықтың қалаулысы, Президент, қазақстандықтар сөздерімен құрмалас сөйлем  

     құрастырыңыз.

9. Қатынас, бостандық сөздеріне фонетикалық талдау жасаңыз.

  10.Мәтіндегі он етістіктен тұйық етістік жасаңыз.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛТАҢБАСЫ

Біздің Елтаңбамыз – шеңбер ішінде. Шеңбер мағынасы – тіршілік, шексіз өмір дегенді білдіреді. Елтаңбадағы ең негізгі белгі – шаңырақ. Шаңырақ – үй, Отан деген ұғымды білдіреді. Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады» деген мақал бар. Отбасы – шаңырақ, сіздің үйіңіз. Шаңырақ – қазақ елінің белгісі, рәмізі.

Шаңырақ - әлемдік геральдика тарихында тұңғыш рет пайдаланып отырған бейне. Шаңырағы бар Елтаңба тарихта болған емес.

Елтаңба композициясында – ай мүйізді, алтын қанатты пырақ бар. Ұлттық өрнек қазақ халқының тұрмысымен өте байланысты, ал ат, жылқы, тұлпар – қазақ тұрмысының негізі.

Елтаңбаның жоғары жағында жұлдыз орналасқан, ал төменгі жағында Қазақстан деген жазу бар.

Елтаңбаның реңдік бейнесі алтын және көгілдір түстес.

Елтаңбаның авторлары танымал суретшілер – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТУЫ

    Мемлекеттік Туымыздың түсі – ашық аспан түстес зеңгір көк. Зеңгір көк – табиғаттағы жеті түстің бірі. Көк түс - аспанның, ауа мен құрылықтың белгісі. Көк түс адалдықтың, тазалықтың белгісі.Тудағы күн бейнесі, геральдика заңы бойынша, байлық пен берекенің белгісі. Тудағы қыран бейнесі – еркіндіктің белгісі. Ұлттық өрнек – қазақ халқының мәдениетін, өнерін білдіреді. Қасиетті көк байрақтың авторы халқымыздың талантты ұлдарының бірі Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘНҰРАНЫ

 Мемлекеттік Әнұран – тәуелсіздік пен егемендіктің музыкалық рәмізі. Мемлекеттік Әнұран әр елде бар, ол мемлекеттің рәмізі болып табылады. Әнұран – мемлекеттің бірлік белгісі ретінде қабылданған салтанатты ұран өлең. Әнұран қоғамдасуға үндейтін, бірлескен іс-қимылға шақыратын, сана-сезімге психологиялық әсер ету жолымен жігерлендіруге, рухтандыруға бағытталады. Елдің намысын оятып, елдікке, бірлікке, еркіндікке шақыратын үндеу, ортақ қимыл-әрекетке шақыратын дабыл.

 Қазақстан Республикасының Әнұранының сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

 Әнұранның музыкасын жазған: Шәмші Қалдаяқов.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘНҰРАНЫ

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

 

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы.

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы.

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін.

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің – Қазақстаным!

 

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

Тапсырмалар:

1. Жаңа сөздерді дәптерге жазып, аудармасын есте сақтаңыз.

2. Мәтіндерді оқып, аударыңыз.

3. Тіршілік, шаңырақ, ұлттық, өрнек, рең, байлық, береке, қыран, тұлпар, тәуелсіздік,  

    егемендік сөздерімен сөз тіркестерін, сөйлем құрастырыңыз.

 4. Қазақ елінің Елтаңбасы мен Туын суреттеңіз.

5. Мына сұрақтарға жауап беріңіз:

а) Басқа қандай елдердің Елтаңбасын білесіз?

          ә) Біздің Елтаңбамыздағы белгілер басқа елдердің Елтаңбаларында кездесе ме?

6. Төмендегі сөйлемнің ішінен жіңішке, жуан дауыстыларды ажыратыңыз: Мемлекеттік Туымыздың түсі – ашық аспан түстес зеңгір көк.

7. Мына сөйлемдердегі көп нүктенің орнына тиісті сөзді жазыңыз:

· Біздің...  – шеңбер ішінде.

· Елтаңбадағы ең негізгі... – шаңырақ.

· Қазақ халқында «...отбасынан...» деген... бар.

· Шаңырақ – қазақ... белгісі,....

· Шаңырағы бар... тарихта болған емес.

· Елтаңба композициясында – ай мүйізді, алтын қанатты....

8. Мына сөйлемдерді сұраулы сөйлемдерге айналдырыңыз:

Қазақ елінің Туының түсі – ашық аспан түстес зеңгір көк. Зеңгір көк түс – табиғаттағы жеті түстің бірі. Көк түс – аспанның, ауа мен құрлықтың белгісі. Тудағы қыран бейнесі – еркіндік белгісі. Абылайдың туы ақ болған. Әмір Темірдің туының түсі – аспан көк.

9. Мәтіннен үндестік заңына мысалдар келтіріңіз.

   10. Берілген сөздерді көшіріп жазып, біріккен сөздердің астын сызыңыз: п ырақ, ту, көкбайрақ, мемлекет, елтаңба, әнұран, шаңырақ, күн сәулесі, қазақ, ою-өрнек, елбасы, жұлдыз, елорда, төлқұжат, ата заң.

11. Танысыңыз. Есіңізде сақтаңыз.

9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекетік Рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» 1996 жылғы қаңтардың 24-індегі Жарлығынан:

  4-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын қорлауға кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан - Еуропа мен Азияның орталығында орналасқан егеменді, ірі ел. Қазақстанның жер көлемі – 2,7 млн шақырым. Елордасы – Астана қаласы. Жерінің ауданы жағынан Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Солтүстігінде Ресей Федерациясымен (6467 км), оңтүстігінде Түрікменстан (380 км), Өзбекстан (2300 км) және Қырғызстан (980 км) республикаларымен шектеседі. Қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялады.

Қазақ жері ұлан-байтақ. Осы ұлан-байтақ далада есепсіз байлық бар. Мұнай, көмір, темір, алтын, күміс және басқа да байлықтар жеткілікті. Мұнай қоры бойынша Қазақстан дүние жүзіндегі ірі мұнайлы державалармен иық теңестіріп тұр.

Қазақстан – біріккен Ұлттар ұйымына мүше ел. Оның тәуелсіздігін дүние жүзі таныды. Ол - бейбітшілікті сүйетін ел. Қазақстан қазір дүние жүзі мемлекеттерімен экономикалық, мәдени байланыстар жасап жатыр. Қазақстан – демократиялық, құқықтық мемлекет. Ол басқа мемлекеттермен өз ақшасы арқылы сауда жүргізеді. Мемлекет басшысы – Президент. Атқарушы билігі – республика үкіметі. Ақша бірлігі – теңге. Халқының саны – 15301,4 мың. (2006 ж. 1 шілде). Қазақстан жаңа мыңжылдыққа тек дербес қана емес, сонымен қатар қуатты мемлекет ретінде аяқ басты. Мемлекеттік тәуелсіздік - ұлттық қауіпсіздіктің және қазақстандықтардың рухани әл-ауқатының, өз күшіне, еркіне, қуатына сеніп, бар мақсаттарын жүзеге асыруының, Қазақстандағы ұлттық келісім мен тыныштықтың кепілі.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыз.

2. Мына сұрақтарға жауап беріңіз:

· Қазақстан қандай ел?

· Қазақстан қайда орналасқан?

· Қазақстан егемендігін қашан алды?

·   Қандай табиғи байлықтары бар?

3. Мәтіннен сан есімдерді тауып, түрлерін ажыратыңыз.

4. Мәтіннен сын есімдерді тауып, түрлерін ажыратыңыз.

5. Мәтіннен тәуелдік жалғаулы сөздерді табыңыз.

6. Мына сөздердің жазылуына көңіл аударыңыз: қауіпсіздік, дүние жүзі, құқықтық.

7. Төмендегі сөздерді сөз құрамына талдаңыз: орталығында, мемлекеттерімен, нәтижесінде.

8. Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінен сөйлемдер құрастырыңыз: мәселе, мемлекет, дауыс беру, мұнай қоры.

9. Көп нүктенің орнына керекті сөздерді қойыңыз. Қазақстан жері.... Оның тәуелсіздігін... таныды.

10. Досыңызбен осы тақырыпқа сұхбат құрастырыңыз.

11. Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2.Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3 Хасен М.Ә., Шабденова Қ.Ж., Байпелова Г.С., Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ. ҚарМТУ, 2006 ж 

 4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы).  Алматы, 1998.

 5. Нұрғожина Г.М., Әбілқасов Ғ.М., Жетпісбай Ш.А. Қазақ мәдениеті (Қазақ тіліне арналған мәтіндер жинағы). ҚарМТУ, 2003.

6. Нұрғожина Г.М., Кинбаева А.Б. Қазақ тілі (Кредиттік технология жүйесі бойынша оқыту). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2007.

 7. Нұрғожина Г.М., Хасен М.Ә., Хамзина Қ.М. Суретті қазақ тілі. Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2006.

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (6-тақырып) [қосымша 12,13, 15, 16]

1. «Мемлекет және біз» тақырыбына әңгіме жазу. 

2. «ҚР рәміздері» жатқа айту.

  3. «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбына шығарма жазу.

7-тақырып Табиғат. Табиғаты ғажап Қазақстан. Диктант «Бурабай». Сын есім.

 

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1.Сын есімнің жасалу жолдарын түсіндіру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгіме жүргізу.

3. Жаңа сөздер жаздыру.

 ТАБИҒАТ

Қазақстанның территориясы батысында Волганың төменгі ағысынан, шығысында Алтайға дейін 3000 км созылып жатыр. Ал солтүстікте Батыс Сібір жазығынан оңтүстікте Тянь-Шаньға дейін 2000 км-ге жуық қашықтыққа созылады. Қазақстанның оңтүстік-шығысында биіктігі 7000 м жететін Хан-Тәңірі тау массиві бар. Қазақстан Республикасы Евразия материгінің ортасында орналасқан.

Қазақстанның жер беті әр алуан. Онда басын мұз басқан биік таулар да, биіктігі орташа таулы қыраттар да, кең-байтақ жазықтар мен ойпаттар да бар.

Республиканың оңтүстік-батысында Маңқыстау түбегі орналасқан. Маңқыстаудың шығысында Үстірт шөлді қыраты (биіктігі 340 м-ге дейін) бар. Каспий маңы ойпатының солтүстік-шығысында Орал тауының оңтүстік сілемдері мен Мұғалжар (биіктігі 657 м) таулары бар. Ал Мұғалжардың солтүстік-шығысында Торғай қыраты (биіктігі 200-400 м) бар, бұл қырат оңтүстікте Тұран ойпатына Қызылқұм (биіктігі 53-332 м) кіреді.

Арал теңізінен солтүстікке қарай Үлкен және Кіші Борсыққұм массивтері және Арал маңы Қарақұмы жатыр.

Қазақстанның орталық бөлігін Сарыарқа алып жатыр. Сарыарқада Қарқаралы (1,366 м), Ұлытау (1,133 м) т.б. тау массивтері бар. Сарыарқаның оңтүстік бөлігі бірте-бірте сусыз шөл Бетбақдалаға ұласады. Оның оңтүстігінде Мойынқұм жатыр. Бетбақдаланың шығысында үлкен аймақ бар. Ол аймақ Балқаш көліне құятын 7 өзенге байланысты Жетісу аталады.

Республиканың шығысында, оңтүстік-шығысында Алтай тауларының сілемдері, Тарбағатай мен Жоңғар Алатауының (4,463 м) жоталары орналасқан.

 

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыздар.

2. Жаңа сөздерді көшіріп жазып, аударыңыздар.

3. Мәтінді аударыңыздар.

4. Мәтіннен зат есімдердің септік жалғауларын анықтаңыздар.

5. Мәтіннен зат есімдердің түрлерін анықтаңыздар.

 

ТАБИҒАТЫ ҒАЖАП ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанның жер қойнауында әлемдегі табиғи қазба байлықтарының барлық түрі кездеседі. Қазақстандағы Тянь-Шань тауының Хан Тәңірі шыңы. Оның биіктігі - 6996 метр. Республиканың ең көрікті жерлерінің бірі Қарқаралы. Қарқаралы Қарағанды облысына қарайды. Қарқаралы көрікті де әдемі жер. Орманды, тоғайлы жер. Қаланы орман, тоғай қоршап тұрады. Тоғай ішінің ауасы мен жемісі адамға шипа. Сондықтан да бірнеше демалыс орындары, санаторий салынған. Олардың іші таза, жарық, кең, биік. Бұл демалыс орындары мен санаториге жылына жүздеген адамдар келіп дем алады, емделеді. Қазақстан территориясының ауқымдығына қарай ауа райы да әр түрлі. Табиғаттың әсемдігін көріп, сүйе білетін адам, оны қорғаудың қажеттігін сезініп, түсінеді. Қоғамның материалдық және рухани байлықтарының қайнар көзі –табиғат. Табиғаты әсем сұлу қалалардың қатарында Алматы қаласын жатқызуға болады. Алматы - Алатаудың қасында орналасқан. Алатау - биік, әдемі тау. Алатауда Медеу спорт кешені бар. Халық әр жексенбіде Медеуге барып демалды. Оқушылар, студенттер Медеуге көп барады. Медеуге үлкен кісілер де, сырттан келген қонақтар да барды. Алатаудың басында қысы-жазы қар жатады. Қазақстандағы ең биік тау - Алатау тау.

 

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқып, аударыңыз.

     2. Орталық Қазақстанның табиғаты қандай? Суреттеп беріңіз.

   3. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

4. Мына сөздермен сөйлем құрастырыңыз: қазба байлықтар, жер қойнауы, қорық,    табиғат, шың, бейнеленген, ұйымдастырылған.

5. Мәтіннен үстеудің түрлерін табыңыз.

6. Мына сөздерді септеңіз: теңіз, құс, біз, үй, түн, күн, күз, қыс, орта.

7. Берілген сөздермен сөйлем құрастырып, үстеудің түрлерін ажыратыңыздар: қ ыста,  қыстыгүні, жазда, сонда, қазір, ертең, қазақша, кеше.

8. Берілген өлеңді мәнерлеп оқыңыз. Өлеңнен табиғат құбылыстарына қатысты сөздерді тауып аударыңыз.

ТАЛ БЕСІГІМ – ТАБИҒАТ

Табиғат - алтын күнім, күміс айым,

Шашылған жұлдыз - меруерт түні сайын.

Сөйлеші жерде бұлақ, көкте бұлт боп,

Тіліңді түсінуге тырысайын.

 

Табиғат - көркем жырым, асқақ әнім,

Сен - ана, мен - қашанда жас баламын.

Үңілем таңнан тұрып терезеге,

Ашық па, жабық па деп қас-қабағың.

 

Табиғат - мөлдір жаңбыр, ұлпа қарым,

Сергимін салып төске қыр самалын.

Түлетіп ұшырса да ана құшақ,

Сен жайған алақанда тұр табаным.

 

Табиғат - айна көлім, орман бағым

Түйе өркеш айнала тау қорғандарым.

Құптаймын шыңдарыңнан бұлт қана емес,

Қанатын қыранның да қомданғанын.

Оразақын Асқар

ДИКТАНТ «БУРАБАЙ»

 

Бурабай көлдеріне Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл жатады. Бұл Сарыарқаның, Көкшетау тауларының аралығында бір-біріне жақын орналасқан ұсақ көлдер тобы. Олар суының тазалығымен, тауларымен, қарағайлы-қайыңды ормандарымен ерекшеленеді. Алғашқы демалыс орны 1810 жылы Бурабай көлі жағасында ашылған. Бурабайда биші қайыңдар өседі. Көкшетауда табиғат күштерінің әсерінен әр түрлі пішінге ие болған тастар бар. Оларға қызықты аңыз-әңгімелері көп әйгілі Оқжетпес пен Жұмбақтас және биіктігі шамамен 1000 м жуық, алыстан көрінетін Көкшетау тасы жатады.

Тапсырмалар:

1.Таңдау бойынша бір сөйлемге фонетикалық, морфологиялық талдау жасаңдар.

2. Бурабай, Көкшетау сөздерін септеңіздер.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2.Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Хасен М.Ә.,  Шабденова Қ.Ж., Байпелова Г.С., Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ. ҚарМТУ, 2006 ж 

 4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы).  Алматы, 1998.

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (7-тақырып) [қосымша 12, 15, 16]

1. «Табиғат» тақырыбына слайд, презентация жасау.

2. «Табиғаты ғажап Қазақстан» реферат.

 

 

8-тақырып Жер-Ананы аяла. Туған жер. Қазақстанның қорықтары. Сын есімнің шырайлары.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Сын есінің шырайларын айтып өту.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгімелесу.

3. Жаңа сөздермен жұмыс жүргізу.

ЖЕР-АНАНЫ АЯЛА!

Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл сайын әлем жұртшылығын қоршаған ортаны қорғауға арналған мерекеге шақырады. Қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылдан бастап мерекеленуде. Сол жылдан бастап әлем жұртшылығын ағаш отырғызу, көше тазалау, мектептерде шығарма конкурсын өткізу, күл-қоқыстарды қайта өңдеу жұмыстарына жұмылдырып отырады.

Экология - әлем халқының кезек күттірмес ең ауқымды міндеттердің алдыңғы қатарында тұр. Табиғаттың адамға берген сабағы – тек айналаңды ластауды ғана емес, Жер, Су, Ауаны сақтап, қорғауға өзіндік көзқарастарын қалыптастырудан басталады. Табиғатты қорғауды үйретуді бесіктен бастау керек. Халқымыз ежелден-ақ өсімдіктер мен жануарлардың табиғаттағы, адам өміріндегі қадір-қасиетін, маңызын жақсы білген. Жас ұрпақтың көкейіне құйып, оларды сақтап, қорғауға баулып, тәрбиелеген. Мысалы: «Ер – елдің көркі, орман –тоғай жердің көркі», «Бір тал кессең, он тал ек», «Дәрі шөптен шығады, дана көптен шығады», «Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті», «Дала көркі – мал, өзен көркі - тал» сияқты табиғат тақырыбына арналған мақал-мәтелдер толықтай осыған дәлел. Сонымен қатар халқымыздың өз ұрпағын, табиғатты аялап, сақтауға тәрбиелейтін алуан түрлі өсиеттері де бар. Солардың бірі - тыйым салатын сөздер: «Көк шөпті жұлма, таптама», «Көктемде жан-жануарға тиіспе», «Құс ұясын бұзба» және тағы басқа сөздер өзіміз өмір сүріп отырған қоршаған ортаны, табиғатты, Жер -Ананы аялауға, экологияны жақсартуға өз үлестерін қосуға үйретеді.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқып шығып, аударыңыз.

2. Сұрақтарға жауап беріңіз:

     - Қоршаған ортаны қорғау күні қай жылдан басталды?

     - Табиғатты қорғауды қайдан бастау керек?

     - Қоршаған ортаны қорғау үшін қандай үлес қостың?

     - Сен табиғатты сүйесің бе?

     - Өзіңіз ағаш отырғыздыңыз ба?

     - Қазақстанның табиғаты сұлу жерлері туралы айтып беріңіз.

3. «Адам және табиғат» тақырыбына шағын шығарма жазыңыз.

4.    Мәтін бойынша сұрақтар құрастырып, ауызша жауап беріңіздер.

5.    Мына сөз тіркестерін аударып, сөйлем құрастырыңыз: т абиғатты қорғау, жер

  жарасы, жасыл дүниені қорғау, өсімдікті аялау, шыбық сындыру, тал егу, қайта

  өңдеу, көңіл бөлу, көше тазалау.

6.   Берілген сөйлемдерді оқып, аударыңыз: Табиғатты қорғау керек. Қоршаған ортаны қорғау - әр адамның міндеті. Көптеген ұйымдар табиғатқа ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан орманын қорғау керек. Табиғатты қорғауды үйретуді бесіктен бастау керек. Шыбық сындырма, тал ек. Табиғатты сүюге басқаны да үйрет. Орманды, суды, жерді аяла. Табиғат та тірі дүние.

7. Мәтінде берілген мақал-мәтелдер мен тыйым сөздерді оқып, дәптерге жазып, жаттап алыңыз.

8. Саябақ, тал, табиғат. орман, тоғай, су, жер, ауа   сөздерін жекеше, көпше түрде тәуелдеңіз.

9. Мәтіннен сын есімнің түрлерін тауып, анықтаңыз.

10. Шақырады, тазалау, қорғау, баста, үйрету сөздерін осы шақта, келер шақта жекеше, көпше түрде жіктеңіз.

 

ТУҒАН ЖЕР

   Туған жеріміз – Қазақстанда теңіз де, басын мәңгі қар басқан зеңгір тау да, көкпеңбек орман – тоғай да баршылық. Көз жеткісіз жазықтар мен қыраттар да аз емес.

   Әрбір адам үшін туған жерден ыстық, қадірлі, қымбат ештеңе жоқ. Болуы да мүмкін емес! Өйткені сен ең алғаш жарық дүниеге келген сәттен бастап, осы өлке саған алтын бесік – атамекен болып саналады. Сенің ғана емес, сенің әкең мен шешеңе, атаң мен әжеңе, одан арғы бабаларыңа да осы өңір құтты мекен болған. Сенен кейінгі ұрпақтарға да құтты қоныс болып қала бермек.

  Жер-ана бізге бәрін береді, оның жомарттығында шек жоқ: аппақ ұнынан иісі бұрқыраған ақ нан пісірілетін ақ бидай да жерден өніп шығады. Күлте жал жылқы, семіз қой, шаңырақ мүйіз сиыр, күші мен төзімділігіне адам таң қалатын түйе де сен туған жерден өніп-өседі, адамға қызмет етеді. Сол төрт түлік малдың ең басты қорегі – боз жусан менкөк шалғын, жасыл бидайық та жер-ананың төсінде желкілдейді. Өзің шөлдегенде ішетін, шешең әлсін-әлсін шай қайнатып, ас пісіретін, күнде сен жуынатын, өсімдік атаулының тіршілік көзі боп табылатын суды да біз жерден аламыз. Су ішетін кесең, тамақ жейтін қасығың, балабақшада өзің ойнаған алуан түрлі ойыншықтар да жер қойнынан шыққан заттардан істеледі. Оқитын кітабың, жазатын дәптерің, қолыңа ұстайтын қалам мен қарындашың да сондай.

 

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқып, жаңа сөздерді табыңыз.

2. Жаңа сөздерді сөздікке сүйеніп аударыңыз.

3. Мәтінді аударып, мазмұнын түсініңіз.

4. Мәтін бойынша бір-біріңізбен пікірлесіңіздер, ол үшін бір-біріңізге сұрақ қойып, жауап беріңіздер.

5. Әркім өз туған жері туралы әңгімелеңіздер.

ҚОРЫҚТАР

Елімізде өсімдіктер мен жануарларды арнайы қорғайтын тұтас табиғи аймақтар – қорықтар ұйымдастырылған. Елімізде 9 мемлекеттік қорық бар. Көптеген жануарлар мен өсімдіктер үкімет қамқорлығында.

Бұлардан басқа өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлерін қорғау мақсатында 57 қорықша, 7 ұлттық саябақ (Баянауыл, Көкшетау, Іле Алатауы, Қарқаралы, Катонқарағай, Шарын) ұйымдастырылған. Табиғат қазынасы сарқылмас қор емес. Адам игілігіне пайдалану, қайта қалпына келтіру ісі адамның қамқорлығының арқасында жүзеге асады.

Марқакөл қорығы - Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы мемлекеттік қорық. 1976 жылы ұйымдастырылған. Негізгі мақсаты-бағалы хайуанаттарды, құстарды, балықтарды және сүтқоректілер мен өсімдіктерді табиғи қалпында сақтау мақсатында құрылған. Орманы аң мен құсқа бай. Онда балықтың-4, сүтқоректілердің-59, құстардың-250-ден аса түрі мекендейді. Қорық жерінде алуан түрлі палеонтол, қазба байлықтар көп. Бүгінде қорық аумағындағы табиғи кешендерді ғылыми тұрғыдан тексеріп, бұрынғы қалпында сақтау жұмыстары жүргізілуде.

Қорғалжын қорығы - Ақмола облысының Қорғалжын ауданында орналасқан мемлекеттік қорық. 1958 жылы ұйымдастырылған. Оған Теңіз - Қорғалжын көлдері енеді. Қорық орналасқан аумақта қыста ауаның температурасы -41 -42°С суық болса, шілдеде температура +38 +39°С-қа жетеді. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай. Мұнда сүтқоректілердің 37 түрі, құстардың 294, қос мекенділердің 2, балықтардың 10-нан астам түрлері тірішілік етеді. 1960 жылдары қорықта қоқиқаздың саны 45-60 мыңдай болса, 2000 жылдары 10-15 мыңдай ғана қалды. Қазір қорықта экологиялық туризм саласы дамып келеді. Осындай аймақтарға байланысты көп жылдан бері «Табиғат шежіресі» күнделігі жазылып келеді.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқып шығып, аударыңыз

2.  Сұрақтарға жауап беріңіз:

Ø Қорық деген не?

Ø Еліміздегі басты қорықтарды атаңыздар. Өзіңіз қайсысында болдыңыз? (болсаңыз қысқаша әңгімелеп беріңіз).

Ø «Наурызым» қорығы туралы әңгімелеп беріңіз.

Ø Экологиялық аймаққа қандай облыстар жатады?

Ø Орталық Қазақстанның табиғаты туралы баяндаңыз.

Ø Қорықтар туралы әңгімелеңіз?

Ø «Қорық» сөзін қалай түсінесіз?

Ø Қарқаралы табиғаты туралы әңгімелеңіз.

3. Мәтіннен үстеудің түрлерін тауып, анықтаңыз.

4. Мәтіннен септік жалғауында тұрған сөздерді теріп жазып, сөйлем құрастырыңыз.

5. Мәтіннен сан есімдерді тауып, реттік сан есімдерге айналдырыңыз.

6. Мәтіннен синоним, антоним сөздерді тауып, аударыңыз.

7. Жер, ауа, аспан сөздерін септеңіз.

8. Мәтіннен есім сөздерді тауып, мағынасын ажыратыңыз.

9. Мәтіннен жалқы, жалпы зат есімдерді табыңыз.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001. 2.Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Хасен М.Ә., Шабденова Қ.Ж., Байпелова Г.С., Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ. ҚарМТУ,2006

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы).  Алматы, 1998.

 5. Нұрғожина Г.М., Әбілқасов Ғ.М., Жетпісбай Ш.А. Қазақ мәдениеті (Қазақ тіліне арналған мәтіндер жинағы). ҚарМТУ, 2003.

6. Нұрғожина Г.М., Кинбаева А.Б. Қазақ тілі (Кредиттік технология жүйесі бойынша оқыту). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2007.

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (8-тақырып) [қосымша 12,13, 16]

1. «Жера-Ананы аяла» тақырыбына әңгіме жазу.

2. «Туған жер» тақырыбына шығарма жазу.

3.  «Қазақстанның қорықтары» тақырыбына слайд жасау.

9-тақырып Жер тұрғындары. Қазақстан халқы. Мәдени мұра – Алтын адам. Есімдік.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Есімдікті түсіндіру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгімелесу.

3. Жаңа сөздермен жұмыс жүргізу.

4. Газет, журнал материалдарымен жұмыс жүргізу.

ЖЕР ТҰРҒЫНДАРЫ

 

Жер планетасы алты құрлықтан тұрады: Австралия, Антарктида, Африка, Азия, Европа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка. Құрлықтардың әрқайсысында түрлі елді мекендер, таулар, өзендер, көлдер, шөл далалар, шалғынды жазықтар, ормандар, қалалар сияқты ландшафттар бар.

Құрлықтарда 6 миллиардтан астам тұрғындар өмір сүреді. Олардың қоныстануы әр түрлі. Мәселен, тұрғындары ең аз қоныстанған құрлық – Австралия. Ал, Европа құрлығы аумағы ең кіші құрлық болғанменен, халқы тығыз қоныстанған. Жер тұрғындары нәсіліне қарай төртке бөлінеді.

Ұлттар, ұлт өкілдері ортақ тарихы, генетикалық жақындығы, дәстүріне орай белгілі бір мемлекеттерді құрайды. Әр халықтың өз салты, тілі, діні бар. Кейбір тілдер кең таралған. Мысалы, ағылшын тілі – әлемнің барлық елінде қолданылады. Сол сияқты өлі тілдер, жасанды тілдер де бар.

Салт-дәстүрлер әр елде әр түрлі. Ол сол халықтың наным-сенімімен, тарихымен тығыз байланысты.

Әлем халықтары әртүрлі діндерге табынады. Табынушылар саны көп діндер – ислам, христиан, иудаизм, буддизм, конфуциандық, индуизм, синто және даосизм діндері. Өзге діндерге сикхизм, джайнизм, бахаизм және зороастризм, тағы басқалар жатады.

Жаңа сөздер:

құрлық наным-сенім қоныстану нәсіл                      тұрғын дәстүр                    шалғынды жазықтар жасанды

Тапсырмалар:

1. Жаңа сөздерді оқыңыз.

2. Жаңа сөздердің синонимдерін жазыңыз.

3. Жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыз. Мына сызба бойынша жұмыс істеңіз:

 

үлкен жаңа таза   құрлық

 

4


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow