Что лев, что тигр все одни хишники

Ер Едіге

Едіге деген ер екен                  Өзінен бір жас кіші болса

Елдің қамын жер екен             Ботам сен тұра тұр

Ел шетіне жау келсе                Мен айтайын дер екен

Мен шығайын дер екен           Едіге деген ер дүрмін

Елдің қамын жер екен                 Үзілмес жібек кендірмін

Өзінен бір жас үлкен болса     Өзі білмегенге

Ғазизім сіз білесіз дер екен     Білгеннің тілін алмағанға

Едіге деген ер екен                   Емен шоқпармен шекесіне

Елдің қамын жер екен              Шық еткізетін мен дүрмін-дейді екен.

                                                               5

Алтыннан шүмегі, күмістен түбегі бар бесікте жатқан бала күнінде біреу тауып алып, Түркістанда ханға апарып беріп, сонан Тоқтамыс асырап, асық ойнап жүрген бала күнінде ол Тоқтамыстың берген төресін бұза берген екен. Сол заманда бір адамның жеті баласы бар екен. Өзі өліп, жалғыз ешкісі қалып, жеті баласы тірі жүрген ешкіні тірідей жетеуі үлесіп алып, меншіктесіпті. Басын біреуі, екі көзін біреуі, төрт аяғын төртеуі, өзге денесін біреуі алыпты. Сонда ешкінің ең кенжесіне тигені артқы аяғы ақсап, оған бұрыш, тотияйын салып шүберек орап қойса, сол шүберек біреудің шығарып тастаған күлін басуменен, ішінде қалған оттан тұтанып, сонан барып, біреудің егініне жайылып тұтанған шүберектен от алып, егін өртеніп кетіп, егін иесі жетеуімен дауласып, Тоқтамысқа келсе, Тоқтамыс хан шүберек орағанды кінәлі қылып, егіннің төлеуін жалғыз соған бұйырыпты. Ол бейшара Зарлап ботадай боздап келе жатқан соң, асық ойнап жүрген Едіге сұрапты. Сонан ол бастан аяқ әңгімесін айтқан соң, жетеуін бірдей шақырып алып: Хан мұның төресін білмей берген екен. Мұның төресі ол емес, мынау: бас бастамаса, көз көрмесе, сау үш аяқ жүрмесе, өзі жүруге жарамаған, көтеріп жүрген ақсақ аяқ қайда барады. Мұның төлеуіне ол кінәлі емес. Бастайтұғын бас иесі, көретұғын көз иесі, жүретұғын сау үш аяқ иесі, солар кінәлі дейді. Мұны бұлар қайта Тоқтамыс ханға барып айтып, жұрт бұл сөзді қостапты. Неше жерден Тоқтамыстың төресін бұзып, төре бере бергеннен, Тоқтамыс хан қиянат қылып, сол қиянатын сезіп, қашып кетіп, ақырында айналып келіп Тоқтамыс ханды шапқанда, Тоқтамыс қашып, жалғыз баласы Нұралыны: Осыны өлтірмей қайтпа деп, соңына салып жіберіп, бір қопаның ішінде жалаң аяғын қамыс жаралап, сол қанаған қанның ізімен барып тауып өлтірген. Нұралы кетерінде Тоқтамыстың бір қызын маған қой деп әкесіне тапсырып кеткен екен. Тоқтамыстың ханымы мұны естіп, әкелі-балалы екеуін араз қылу үшін, сол қызды жасап, түрлендіріп, Едігенің өзін қызықтырып: бала Сіздей болғанша неше қыз табылмайды. Бұл менің балам, өзіңізге лайық бала деп қызын Едігеге қосады. Сонан Нұралы қайтып келгенде, өзі меншіктеп кеткен қызды әкесінің алып қойғанына өкпелеп, әкесін керек қылмай, тастап кетіп қалған. Сол Тоқтамыстың елін шапқанда, Тоқтамыстың бір күңі жаңа босанып, еркек бала туып жатыр екен. Жаңа туып жатқан жас нәрестені аяп, бір құла биені «Сүтін сауып ішіп балаңды асыра деп берген екен. Сол бала ержетіп, Кейқуат атанып, ат арқасына мінгенде, Тоқтамыстың қанын іздеп Едігеге келіпті. Едігенің қартайған кезі екен. Кейқуат қарсы ұшырап қауышайын дегенде, Едіге айтқан екен:

Қулық туған құлаша                Күңнен туған Кейқуат

Ат боларын білмедім.              Жат боларын білгенде

Күңнен туған Кейқуат             Ноқтада басын кеспек пе ем,

Жат боларын білмедім.           Жөргекте көзін теспес пе ем, -

Қулық туған құлаша                                           деген екен.

Ат боларын білгенде

Сонда Кейқуат: Мен туып жатқанда балаңды асыра деп құла биені беріп кеткен жақсылығың үшін саған қару жұмсамайын. Қатын болсаң күле-күле жүрерсің, ер болсаң шабыңнан жарылып өлерсің деп жүре беріпті. Сонда Едіге: Әттеген-ай

                                                                6

сол шаранаға былғанып жатқанда көзін жоғалтып кетсем, маған бұл тосу болмас еді-ау! Осы сөзін өткізіп кеткені жаман болды-ау деп құса болып жарылып өліпті.     

Нұралы қатын алып балалы болған екен. Келіншегі баланы бесікке бөлегенде жөргегінің арасына шеңгел төсеп бөледі дейді. Бала шырылдап таң атқанша жылап шығады екен. Бала неге жылай береді деп сұраса, жөргегінде тікенек, ол-пұл бар шығар, сонан тынышсызданып жылайтұғын шығар депті. Онда жөргегін тазалап, тікенек ол-пұлдан арылтып неге бөлемейсің десе, уай-тәйірі, әке Едігедей-ақ болар, бала Нұралыдай-ақ болар. Нұралы Едігеге не көрсетті. Бұл саған не көрсетер дейсің – дейді екен. Мұны келіншегінен естіген соң, Нұралыға ой түсіп, аттанып, Кейқуаттан барып әкесінің кегін алды дейді.

Едігенің тұрақ қылған жері Ұлытау, Кішітау екен. Өзі тірісінде өсиет қылған екен. Мен қашан өлсем, сүйегімді Қаратаудың Мыңжылқы деген тауының түбінде Созақ деген қорғанның күнбатысында Бабай түкті Шашты Ғазиз атам бар, соның қасына апарып қойыңдар деп. Сол өсиеті бойынша, ер Едігенің сүйегі сол жерге қойылған екен. Бұл сөзді кеште жалаң аяқ Ашдүр айтып, ол кісі де өзін сол жерге қойдырған екен.

 

Қазақ хандары

                                                                                                                                     

Қырық сан Қырым, отыз сан Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай болғанда, Ормамбет би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. Ала тайдай бүлдірді делінген сөз сонан қалыпты. Сол заманда Қондыкер, Құбан, Құтан, Қоғам дегендер болыпты. Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі дейді. Қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген Бұхарада хан болыпты. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, сауысқанның аласындай ала туып, бәйбіше өінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп, бұл баланы сақтама балам деп, көзін жоғалт. Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді. Деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты. Мына баланы шешесімен Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күнін көрсін. Зинаһар қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер деп. Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап күнелтіпті. Бала өз асын өзі ішерлік болған соң, ешкімін жақтырмай дәл 12 жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырасып кез болып, бір ауыз тіл қатпапты. Бала қала беріпті. Үйсін үйіне барған соң, Майқы биге: бір ағаштың көлеңкесінде отырған баланы көрдім. Ай дейін десем ауызы бар, Күн дейін десем көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық жұтып жіберерлік. Жалғыз-ақ айыбы тілі жоқ екен депті.

Майқы би өзі ақсақ, өмірі арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмай жаяу кісіге тартқызады еен. Мені арбамен алып барыңдар көрейін деп барыпты. Бала Майқы биді көргеннен ұшып тұра келіп: Ассалаумалейкум, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы деп сәлем беріпті. Әлейкүмассалам, әмісе, аман

                                                                7

бол балам. Болайын деп тұрған ұл екенсің, қолына алып, қайырып салушының жоғынан тұр екенсің. Кел балам, қасыма мін деп, арбасына мінгізіп үйіне алып келіп: Төрткүл ошақ қаздырып, Төбел бие сойдырды, Төменгі елді шақырып, Жорға бие сойдырды, Жоғарғы елді шақырып, Ала бие сойдырды, Аймақ елді жидырды. Ердің ері, егеудің сынығы деп баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып берді.

Қаратаудан әрмен қарай асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлерге барып, ірге теуіп салық салыңдар. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жер болуды ойлаңдар. Хан әділ болса, басынан бағы таймайды. Қарашасы табанды болса, қара жерде кеме жүргізеді деген батасын беріп жөнелтеді. Бұл жорықшылар Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып жылқы алды, күймені бұзып қызды алды. Көшкен елді көш-жөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты. Өз алдына мал малданып, жан жан жанданып үйлі-баранды бола бастады. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қыз алған соң ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене. Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Құтан, Қондыкер, Құбан, Майқы билерге елші жіберіп: Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны, баламды өзіме алып келіп берсін де, менен қалағанын алсын депті. Сонан соң бұлар Қотанұлы Болатты жіберді жүз жігітпен: сендер барып шақырып келіңдер деп. Бұлар келген соң, бұларға еріп қайтуды керек қылмады, өздерін жібермеді. Және келгендер қайтқысы келмеді.                                                                                                                      

Аты бестісінде, жігіті 25-те қартаятұғын, көгелден басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, сарттың отыны мен көмірін тасып бергеннен басқа көрер қызығы жоқ елден не аламыз деп. Сонан соң хан тағы қайта-қайта кісі салдырып қоймаған соң, Қоғамұлы Алшынды 100 жігітпен жіберді. Сендер барып жатып алмаңдар, шақырып келіңдер деп. Олар да қайта алмады. Дені сау жас азаматқа жалғанның қызығы мұнда екен деп. Ішкені жылқының сүті, сапырулы сары қымыз, жегені – қазы-қарта, жал-жая, жылқының сүр еті. Құдайдың құтты күні құшқаны сұлу қыз, келіншек. Бұлар да орнығып тұрып қалды.

Біз енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірейік деп, баяғы ала баланы алашаға салып, хан көтерді. Оған Алаша хан деп ат қойды. Әуелгі келген 100 жігітті, оның бастығы – Үйсін, Ұлы жүз Үйсін деп ат қойды. Ортаншы келген 100 жігітті, оның бастығы - Болат, оған Ақжол деп ат қойып, Орта жүз Ақжол деп атады. Ең соңғы келген 100 жігіт, оның бастығы Алшын, оны Кіші жүз Алшын деп атады. Жауға шапқанда, Алаш десіп шабайық деп, Алаш деп ұран шақырды. Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік деп айтылған сөз сонан қалды.

Болатқожа дейді, Ақжол дейді, екеуі бір кісінің аты. Өзінің шын аты –Жанарыс екен деседі. Жұрт аузында Ақжол аты қалған. Ұлы жүз ұраны – Бақтияр, Кіші жүз ұраны – Алдияр, орта жүз ұраны – Ақжол.

 

                                                               8

Қазақтың бетімен жайылған қойдай емін-еркін, өз тізгіні өзіне тиесілі, қатын керек болса, ноғайлардың қыздарын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен, ноғай халқы қазақты бұл күнгеше жек көріп кеткені сол дейді. Қалмақ ежелден атасының асындай болған. Онан олжаға ұл түссе құл дейді, қыз түссе күң дейді.

Алаша ханның тамы Қаракеңгірде, өзеннің күнбатысында. Ташкент, Түркістан ұсталары жасаған күйдірген қыштан салынған. Өзінен қалған нәсіл тұқым жоқ, жалғыз баласы Жошы бала күнінде аңға шығып, аты құланмен елігіп-желігіп, бала атына ие болып тоқтата алмай, жығылып, аты сүйретіп өлтірген. Сонда қасына ерген жігіт-желеңі ел бетін көре алмай қашып, зым-зия жоғалып кеткен. Аңға кеткен бала келмеген соң, хан да, жұрт та түсінген. Бұл бала енді жоқ болды. Кімде-кім баламның өлімін есіттірсе, басын аламын деген. Сонда Кетбұға деген домбырашы, домбыраның күйімен баланың өлгендігін сездіріпті: Алаша хан, Жошы хан, Ақсақ құлан жосыған, Құлан теуіп өлтірді-ау, Бұйрығын ақтан келтірді-ау деп, тартады күйді.

Сонда хан: А, Кетбұғам, сенің домбыраңның дауысы бұзылды-ау. Біліп отырмын, сенің домбыраң: Алаша хан, Жошы хан, Ақсақ құлан жосыған. Мен кеще кісі болмасам, ханның жалғызының жайрап қалғандығы, Дәл келеді-ау осыған деп, ханның аузынан шыққанда, жұрт шулап қоя берген: Алдияр тақсыр, өз аузыңыздан естідік деп. Сол кез малдың балалап, аң да, мал да төлін төгіп жатқан кезі екен. Хан жарлық қылды: Төрт түлік малды баласынан айырсын, жаңа туған жас төл енесіне жамырамасын. Хайуан да мендей аза тұтсын. Өзі ас-су ішпей, төсегінен басын көтермей, теріс қарап жатып алыпты. Өзі қара қылды қақ жарған әділ екен. Екі даугер келсе, ұйқыда жатса да шошып оянады екен. Ас ішіп отырса, аяғын жерге қоя салады екен. Сол екі даугердің көңілін дауалатпай, ішкені ас болмайды екен. Ханымы кіріп келіп: тақсыр, есік алдында екі даугер келіп тұр депті. Дауы не екен, сұрадың ба депті. Сұрадым, біреуі бөтен жұрттың жолаушысы екен де, біреуі өзіміздің күнде көріп жүрген Жонбас екен. Жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқанда, қайтарымда алармын деп, Жонбасқа ат басындай алтын аманат қалдырып кеткен екен. Сол жолаушы сапардан қайтып, енді алып кетейін десе, Жонбас бермепті. Баяғыда сенікі болғаны не керек, менің көзім, қолым үйреніп, бауыр басып қалыппын, бермеймін депті. Хан: Былшылдамасын, берсін. Кімде-кім болса, аманатты сақтар болар, иесі сұрай келсе, өзіне қайырар болар дегенде ханымы: Төреңізге құлдық, тақсыр хан екі сөйлесе, қара болады. Қара екі сөйлесе, қатын деген. Бұл бала жасаған Иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді. Аманатын Иесі өзі алды. Өзінікін өзі алды деп өкпелегенмен, өкпе жүре ме дегенде, хан басын көтеріп алыпты. Сенікі дұрыс емес, менікі бұрыс екен деп, сабасына түсіп, отын оттап, суын ішіп, мал баласын жамыраттырыпты. Сонда бір боз інген жеріп, ботасын алмапты, хан: осы бота аштан өлсе, обалы мойнымда қалады-ау деп, осының ботасын алдырған адамға қалыңсыз қыз берер едім деген соң, баяғы Кетбұға бес саусағын сірімен қаптап алып, күй тартып, хан баласының мән-жайын домбыраның күйімен сөйлеп,естіген жұрт та езіліп, су болып ағыпты. Інген де есінен танып, балқып кетіп, еміреніп, ботасын емізіпті. Сол күйдің аты «Бозінген күйі» аталып қалыпты.

                                                                9

Бала күнімізде Қызылтауда екі шал тартымпаз еді. Біреуі Күлік Ақай Қиялша, біреуі - қақсал Отыншы. Сол екі шалдан соң, үш жүздің баласында солардай күй шертетінді көргенім де, естігенім де жоқ. Сонда тартымпаз шалдар Бозінген күйі, Бозайғырдың күйі, Орыс Қазанды алғанда, қатын-қызының шулап жылаған күйі, Алшағырдың ащы күйі, Тәттімбеттің Сылқылдағы деп тартушы еді. Жұрт сүйсініп тыңдап, аузынан суы, мұрнынан боғы ағып жылап отырушы еді.

Үзіліс. Осы жерде еске түсіп отыр. Менің 5-6 жасымда, әкем осы Бозінген күйі мен Бозайғыр күйін тартушы еді. Домбырадан жуан дауыспен інгеннің, жіңішке дауыспен ботаның боздағаны айқын сезіліп тұрушы еді. Бозайғырды тартқанда, үйірін жауға бермеймін деп оқыранып жауға айбат шеккені, оларға қарсы жалғыз өзінің шапқаны, үйірін алдына салып жаудан қашқаны анық сезіліп тұратын. Ауылдың үлкен кішісі кешкі астарын қоя салып, біздің үйге жиналатын, сыймағаны есік алдында тұрып тыңдаушы еді. Әттең, жас қалып, ол күйлермен сусындап, үйреніп-тарту менің пешенеме жазбапты.

Баласы өлгенде, келіні оң жақта отырып қалған екен. Баламды жоқтатамын деп келінін оң жағына түсіріпті. Баласының бір санын тауып алып, соған там салдырыпты. Жошыханның тамы дейді. Онан соң Алаша ханның тамын келіні салдырыпты. Өзеннің жел жағында бір мұралтайдың үстінде. Келін өз тамын өзеннің ығына ойпаң жерге салдырыпты, Атам тамына көрініп тұрмайтын жерде боламын деп. Алаша хан тамының жоғарғы жағынан түскен бір кірпіште Хысырау хан ханымының аты Ханбибі деген жазу бар екен.

Қазақтың қазақ болып, көзге түсіп, ауызға ілінгені осы Алаша ханның хан болып, басын қосып, біріктіріп, орын тептіруінен болған. Сонан бері Алаш ұранды Қазақбайдың баласы жанжал, ұрыс, төбелес болса Алаш, Алаш деп айғай салса, естіген қазақта ес қалмайды. Мұнан соң бұл қазаққа Асан Қайғы хан болған. Ол орнығып, табан теуіп тұра алмаған. Бұл Сарыарқаны кәуір алады, моламды кәуірдің атының аяғының астына қалдырмаймын деп, малды үш жыл ту қылып, Жиделі Байсынға ауып кеткен.

Сонан соң бұл қазақ Ноғайлының ханы Әз Жәнібекке қараған. Ол қазақты өз заңына, бетімен жайылған қалпына жіберген. Ұлы жүзге: Үйсін аға деп, Үйсіннен датқа сайлап, Жалайырдан көтермеші орынбасар сайлаған. Орта жүзге: Арғын аға деп, Арғыннан датқа сайлап, Найманнан оған көтермеші орынбасар сайлаған. Кіші жүзге: Алшын аға деп, Алшыннан датқа сайлап, Жаппастан оған көтермеші орынбасар сайлаған.

Әз Жәнібектің 9 ұлы болған, тоғыздың бірі – Қасым хан. Бұл тақты Сарайшықтан (Волгоград) көшіріп, Ұлытауға орнаттырған. Қазақты қатарға бір қосып кеткен осы Қасым хан. Қазақ ортасында Қасым ханның қасқа жолы – делінген сөз үлгі өсиет болып қалған. Қасым хан өлген соң балалары баққа, таққа таласып, ноғай, өзбек, қалмақ – үшеуі үш жақтан жау болып, быт-шыт болыңқырап, Қасым ханның бел баласы Ақназарды хан көтерген. Ақназар қайратты, батыр хан атанып, өзбек ханы Шибаниларды көтінен пыстырып, Ноғай ханы Көшім ханды қорғалатып, үйінен шыға алмастай қылып, орыстың ол жақтағы патшасы Төртінші Иван Ақназарға елші жіберіп, жауласпайық, сауда араластырып, керуен жүргізіп, тұрысайық деп, Ақназар қазақты Қасым хан

                                                              10

 тұсындағы қалпына бір түсірген екен. Ақназарадан соң Шығай хан хан болып, бұл аталарындай болмай, осалырақ туған жан болып, қазақ ұйқалақ-құйқалақ болыңқыраған. Шығай хан баласы Тәуекел хан болып, ол өзбек хандарымен жауласып, мұның қосыны – күшті тамақ жеп жүрген қазақ өзбек хандарының қосыны – біттей бөдененің бір санына күпті болдым деп жүрген сарт, қазақпен қағысуға шыдай ала ма? Тәуекел хан Ташкен, Түркістан, Әндіжан, Самарқан – бәрін де өзіне қаратып алып, тақты Ташкентке көшіріп, орданы Ташкен қылып тұрып алған. Тәуекелден соң Еңсегей бойлы ер Есім хан болып, өзі Түркістанда тұрып, Ташкенге Тұрсын ханды ие қылып тұрған кезде, Иманқұлыхан деген өзбек ханы Бұхараны билеп, Есімге үш рет соғыс ашып, жеңіліп қайта берген. Есім ханнан кейін қазақ тағы жүдеу бас болып, Ташкеннен айырылып қалған. Онан соң Есім ханның бел баласы Салқам Жәңгір хан болған. Бұл кезде қалмақ қонтайшысы күшейіп, қазаққа дамыл бермеген, қысқа күнде қырық шапқан. Соғыс болса қалмақтың иығы баса берген. Жоңғарлар жеңгенде қазақты тырп ете алмастай қылып, ойсыратып шауып кете берген. Қазақ сондай қатты қырғынға ұшырағаннан кейін де іле-шала қайтадан жиылып, қалмақ пен соғыса берген. Бақытты ханы жоқ, тайсалмас батыры жоқ көп жаманның жиылысып төбелесе бергенінен не өнеді?»

Салқам Жәңгірден соң Әз Тәуке деген хан болды. Ол ақылды, табанды кісі болды. Байсалды айғырдың үйірін ат жақтайды деген қалыппен хандық қылды. Күлтөбеде күнде кеңес деген сөз осы Әз Тәуке заманында айтылған сөз. Кері кеткен елдің кеңесі көп болады, кедей елдің көшбасшысы көп болады деген сөз де осы кезде айтылған сөз болса керек. Тарих ақтарғандар 1643 жылдарда қалмақ дәуірлеп көтерілді дейді. 1723 жылы Қалдан Шерін Ташкентті билеп, тағын «Ташкентке» орнатқан деседі. Бұл кезде Ұлы жүз Қоқантқа (Қожантқа), Орта жүз Самарқанға, Кіші жүз Хиуаға қарап кетті деседі. Ақтабан шұбырынды Орта жүздің басынан кешкен уақиға болса керек. Бұл 1720 жылдар шамасында деседі. Ұлы жүз Жоңғарияға қарап қалды да, Орта жүз жұттан қашып көшіп, жаудан қашып босып, әрі жұтқа, әрі жауға ұшырап қалған, тамтығы Арқаға келіп қалған деседі. Олардан бұрын бұл Арқада 12 қазылық, ой Түндікте Найман бар екен деседі. Ауып, жүдеп-жадап келген ел найманнан 40 биені бір түнде сойып алыпты. Найман: Бұл 40 бие еруліктерің болсын, өзімізге рұқсат қылыңдар деп өрге қарай көше жөнеліпті. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама. Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен де, табандары таздың басындай жалтырап қалады екен. Жатқанда, алқа қотан айнала жатады екен. Семіздерін ортасына алып, қорғап күзетіп жатады екен, басқа бөтен жат ру ұрлап, сойып жеп қоя ма деп. Тобықты Әнет бабаң төбе басында қалған. 16 ұлды Тілеуімбеттің қырылып жойылғандығы сол күндерді қалай ұмыттырсын. Сонда бір мерген 15 ауылды асырауға жарады. Бір көк ала бие 15 ауылды асырауға жарады дейді. Көк ала биенің иесі айдалаға елсізге апарып, күні-түні бұтынан қол айырмай сауып, сүйретпелеп, сүтін үйге алып келіп, сабаға құйып, 15 ауылды тарықтырмады дейді. Бір күні елсізде биесін сауып отырса, төрт атты кісі тұп-тура келе жатыр дейді. Тұрып кетейін десе, иіп тұрға бие сүті жерге саулап кететұғын, тұрмайын

                                                               11

десе, ана кісілер келіп қалатұғын. Қайтерін білмей састы. Жұдырықтай тасты жерден алып: Көз болсаң көнекке, тіл болсаң тасқа деп сүттің ішіне тастай беріп, көнегінің бетін жаба қойды дейді. Төрт кісі келіп: мана біз көргеннен биенің бұтында отыр едің, сауып отыр ма едің, жоқ ұйықтап отыр ма едің дейді. Не сауып отырайын. Өзінің кісі көрінсе иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сендер көрінгеннен - ақ иімей қойды. Соны иір ме екен деп отырдым дейді. Бәсе, солай ғой, әйтпегенде біз көргеннен сауып отырған болсаң, ендігі өзен болып ағып жатарлық болып еді деп, жүре беріпті. Олар кетісімен сүтті сүйретпеге қосса, көнек түбіндегі жұдырықтай тас төрт бөлініп қалған дейді. Адам тілі тас жарар, тас жармаса бас жарар деген сондайдан айталып қалған сөз екен деседі.

 

Ақселеу Сейдімбектің қазақтың ауызша тарихынан

 

Алтын Орда ыдырағаннан кейін Еуразияның апайтөс Ұлы Даласындағы түрлі тектес ру-тайпалар өздерінің этникалық жақындығына және аумақтық жапсарластығына орай жіктеліп, төл энтонимдерін орнықтырып, ұлттық даралықтарын айғақтай бастады. Олар:

- Қыпшақ тобы: башқұрт, татар (бұлғар-татар)

- Қыпшақ-ноғай тобы: қазақ, қарақалпақ, ноғай, қарайым(қарай), қарашай, балқар, қарашай-балқар, қырым татары, құмық, қырымшақ

- Қыпшақ-қырғыз тобы: қырғыз, алтайлық (алтай кісі)

- Оғыз тобы: түрік, Румындағы қырым татары, әзірбайжан (әзері), қажар (қаджар), қашғай (Әзірбайжанға жатады), шахсаван, түркімен қарадағ, қарапапақ, қашқай, бахар, ейнан, нафар, қарасан, пышақшы, теймурташ, ғоудар, қарай, қарагөзлі, қаңғұрлы, апшар, қалаш (қарадағтан бастап қалашпен аяқталатын 15 этнос Иран жерінде), ғағауыз, ұрым (Азау теңізінің солтүстігінде), тыба (түбе), торы (тофы), чұлым татары.

- Қарлұқ тобы: өзбек, ұйғыр, салар, сары ұйғыр.

- Шуаш тобы: шуаш (шуаш тілі моңғолдық және фин-угарлық ықпалдың нәтижесінде түркілік негізінен алыстап кеткен).

- Саха тобы: долған, саха (саха-якут тілі ебенкі тілінің тегеуірінді ықпалымен түркілік негізінен алыстап кеткен).

Жер жүзіндегі адамзат атаулы Нұхтың үш баласынан тарапты-мыс. Ол үш бала: Хам, Сам, Иапес деп аталса керек.

- Хамнан – барша қара қара түсті нәсілдер тарапты-мыс.

- Самнан – барша ақ түсті нәсілдер тарапты-мыс. 

- Иапестен – барша қоңыр түсті нәсілдер тарапты-мыс. Түрік жұрты осы Иапес нәсілінің ұрпағы еді дейді. Қожа-молдалар түзген шежірелерде Нұх пен Әнес сахабаның арасында 15-20 атаның, Әнес сахаба мен Түрік Оғыз хан арасында 20-30 атаның, Оғыз хан мен Сейілхан, Жайылхан арасында 10-15 атаның есімдері тізбеленеді.

Мұнан әрі Сейілханнан – сегіз арыс түркіменді өрбітіп, Жайылханнан Майқы би жалғыз туып еді дейді. Майқы биден - Өзбек пен Сәбиан туыпты-мыс. Сәбианнан –

 

                                                                     12

Айырқалпақ, одан - Қазақ пен Созақ туыпты-мыс. Созақтан - Қарақалпақ, Қазақтан - Ақарыс (Ұлы жүз), Бекарыс (Орта жүз), Жанарыс (Кіші жүз) тарапты-мыс.

Басқа да туысқан халықтар құрамында кездесетін қазақтың негізгі рулары:

- үйсіндер - қырғыздарда, қарақалпақтарда, өзбектерде, түркімендерде, Қырымда, Қашғарияда, Ауғанстанда.

- қаңлылар - қырғыздарда, қарақалпақтарда, өзбектерде, Персияда, кіші Азияда.

- Жалайырлар – Монғолияда, Персияда, Қарақалпақтар мен өзбектер арасында.

- Арғындар – Алтайда, Қырымда, Кавказда, Қазан татарлары мен Түркімендердің арасында.

- керейлер - Алтайда, Моңғолияда, қарақалпақтарда, өзбектерде, түркімендерде, башқұрттарда, Қырымда.

- Наймандар - Моңғолияда, қырғыздарда, қарақалпақтарда, ноғайларда, өзбектерде, Қырымда.

- Қоңыраттар - Моңғолияда, қырғыздарда, қарақалпақтарда, өзбектерде, Қырымда.

- Қыпшақтар - қырғыздарда, қарақалпақтарда, өзбектерде, түркімендерде, ноғайларда, башқұрттарда, Еділ татарларында, Қазан татарларында, Қырымда, Ауғанстанда.

- Алшындар - қырғыздарда, қарақалпақтарда, түркімендерде, өзбектерде, ноғайларда, башқұрттарда, Қазан татарларында, Қырымда, Кавказда, Ауғанстанда.

Құрамында қазақтың негізгі ру өкілдері кездесетін қазаққа туысқан халықтар.

- Қырғыздар - найман, қоңырат, қыпшақ, алшын, арғын, қаңлы, тама.

- Қарақалпақтар - үйсін, жалайыр, қаңлы, қыпшақ, керей, найман, алшын.

- Өзбектер - үйсін, қаңлы, жалайыр, қыпшақ, найман, қоңырат, керей, алшын.

- Түркімендер - үйсін, керей, арғын, қыпшақ, алшын.

- Ноғайлар - найман, қыпшақ, алшын.

- Башқұрттар - керей, қыпшақтар (бүкіл башқұрт халқының 25-30 пайызын құрайды), алшын.

- Қазан татарлары - арғын, қыпшақ, алшын.

- Қырым татарлары - үйсін, қаңлы, арғын, керей, найман, қыпшақ, қоңырат, алшын, алаш, алаша.

- Кавказдағы мұсылман халықтары - алшын, арғын, тама.

Ру-тайпалық жүйені негіз еткен көшпелілер қоғамында орныққан байырғы наным-сенім бойынша және сол наным-сеніммен сабақтасқан салт-дәстүр бойынша адам сүйегінің киелі сипаты бар.

Біріншіден, бақилық болған адам сүйегі өзінің кіндік қаны тамған, туған жеріне бұйыруы керек. Өйткені, Көк Тәңірінен кейінгі құдірет – Жер-Ана. Адам өлімі өкініш, қайғы әкелсе, сол адам сүйегінің туған жерге бұйырмауы өлімнен де ауыр күнә. Қазақ арасында бағзыдан қалыптасқан мойынға тұмар тағу, ол тұмар ішіне туған жердің топырағын түю дәстүрі де атамекеннен сүйекті ажыратпауды мұрат тұтудың белгісі болса керек. Байырғы түркі тіліндегі «тоғма-иер» (туған жер) сөздерінің қосылуынан тұмар сөзінің пайда болуы әбден мүмкін. Туған жердің топырағы бұйырсын, Тәңірім туған жердің топырағынан ажырата көрмесін деп келетін бата-тілектер бұған куә болатыны сөзсіз. Бақилық болған адамның сүйегі өз

                                                                    13

әулетінің, өз руластарының сүйегіне қосылмаса, оның рухы о дүниеде де мәңгілік жетімсіреп өтеді және арттағы әулет-руластарын айықпас өкініш пен ұятқа қалдырады. Былайша айтқанда сүйекке таңба болады. Қазақта мынандай мәтел ертеден сақталған. Ата-сүйегін, әке қанын, Тәңірі-жанын береді дейді.

Орта жүз құрамындағы тайпалар

Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты.

- Арғын тайпасының құрамындағы рулар: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (бұл бес рудан өрбіген ұрпақты жинақтап «Бес Мейрам» деп атайды), Атығай, Қарауыл, Қанжығалы, Тобықты, Әйтей, Бәйімбет, Жанай (бұл жеті рудан өрбіген ұрпақты жинақтап, аналарының атымен «Жеті Момын» деп атайды).

Саржетім, Шақшақ (бұл екеуін кіші тоқалдан туғандықтан «Кіші Арғын» немесе «Тоқал Арғын» деп те атайды), шұбыртпалы, Қамбар, Жалықпас (бұл үшеуі Қаракесек руының аясында болғанымен, іргелі рулар дәрежесінде аталады).

- Найман тайпасының құрамындағы рулар: Қаракерей, Матай, Төртуыл, Садыр (бұл төрт рудан өрбіген ұрпақты жинақтап «Төрт Төлегетай» деп атайды), Көкжарлы, Бура, Саржомарт (бұл үш рудан өрбіген ұрпақты жинақтап «Үш ергенекті» деп атайды), Балталы, Бағаналы (бұл екі рудан өрбіген ұрпақты жинақтап «Терістаңбалы» деп атайды.

- Қыпшақ тайпасының құрамындағы рулар: Ұзын, Торы, Қарабалық, Көлденең, Бұлтың (бұл бес рудан өрбіген ұрпақты жинақтап «Бес таңбалы қыпшақ» деп атайды), Құлан.

- Қоңырат тайпасының құрамындағы рулар: Жаманбай, Аманбай, Саңғыл (бұл үш рудың ұрпағын жинақтап «Көтенші» деп атайды), Байлар, Жандар, Аққой, Оразкелді, Тоқболат, Қаракөсе (бұл алты рудың ұрпағын жинақтап «Көктіңұлы» деп атайды), Жетімдер, Божбан, Құлшығаш.

- Керей тайпасының құрамындағы рулар: Жәнтекей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Шеруші, Ителі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарыбас, Қарабас, Көнсандық (бұл 12 руды жинақтап «Абақ керей» деп атайды), Көшебе, Сибан, Тарышы, Апбас, Хансадақ, Балта, Балға (бұл 7 руды жинақтап «Ашамайлы керей» деп атайды).

- Уақ тайпасының құрамындағы рулар: Шоға, Сарман, Еренші, Сіргелі, Сарыбағыс, Тоқтамыс, Әлімбет, Байназар (бұл 8 руды жинақтап «Ермен Уақ» деп атайды), Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шәйкөз (бұл 4 руды жинақтап «Ергенекті Уақ! деп атайды).

- Тарақты тайпасының құрамындағы рулар: Қыдыр, Жәші, Әлі, Сары, Әйтей, Қосанақ, Қарашие, Келіс, Алакөз, Шәуке, Апай, Тоқтыауыл.

Бұрынғы қариялар Орта жүзді «жеті арыс» деп сөйлейтұғын: арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, керей, уақ, тарақты.

Жүзден тыс тайпалар төре, төлеңгіт, қожа, сунақ.

Төре тайпасының құрамындағы рулар: Ұлы жүз төрелері (Абылай ханның, Әбілмәмбет ханның ұрпақтары), Орта жүз төрелері (Әбілмәмбет ханның Абылай ханның, Сәмеке ханның, Барақ пен Көшек сұлтандардың, Шайбан тұқымы

                                                              14

Көшім мен Тоқтамыс ұрпақтары), Кіші жүздің төрелері (Әбілқайыр ханның, Қайып ханның, Сәмеке ханның ұрпақтары).

- Төлеңгіт тайпасының құрамындағы рулар: Ұлы жүз төлеңгіттері, Орта жүз төлеңгіттері, Кіші жүз төлеңгіттері.

- Қожа тайпасының құрамындағы рулар: Қорасан қожа, Қырықсадақ қожа, Аққорған қожа, Диуана қожа, Бақсайыс қожа, Ақ қожа, Жүсіп қожа, Сейіт қожа, Түркімен қожа, Қылышты қожа.

- Сунақ тайпасының құрамындағы рулар: қайғақ, бессары, аташ, Қалмырза, Тоқпан, сиық.

Жүзден тыс рулар: ноғай, қырғыз, құрама, қараша, қорасан, қырғызалы, баршылық, барлас, дүрмен, көлеген, қалпақ, қият, моғалтай, ноғайлы.

Сонымен, қазақ ру-тайпаларын жинақтағанда Ұлы жүзде – 11 тайпа, Орта жүзде – 7 тайпа, Кіші жүзде – 25 тайпа, жүзден тыс – 4 тайпа, барлығы - 47 тайпа болады. Ал, іргелі (аталық) руларды жинақтағанда Ұлы жүзде – 109 ру, Орта жүзде – 87 ру, Кіші жүзде – 77 ру, жүзден тыс – 36 ру, барлығы 309 іргелі (аталық) ру болады.

                

Енші институты

Бірінші енші - балаларға ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкі, қалдыратын мұрасы.

Екінші бөлінбеген енші – кез-келген қазақ жанұясының жолаушылап келген қонаққа беретін сый-сыбағасы (тамақ, жатын орын, көлігінің жем-шөбі).

Үшінші еншілес болу – тұтас ру аясындағы әулеттер мен аталардың қандас-туыстас болуына немесе болмауына қарамастан мақсат-мүдделерін бір ету және материалдық игілікке (негізінен төрт түлік малға, қоныс-өріске, жер-суға ортақ болу дәстүрі).

Бөлінбеген енші дәстүрі бойынша кез келген қазақ жаяушылап келе жатып, кез келген қазақтың үйіне қонуға, қонақасын жеп-ішуге, мініс көлігін қалап аттануға хақылы болған. Яғни, кез келген қазақ жолаушысы кез келген қазақтың үйінде бөлінбеген еншім бар деп, сеніммен босаға аттай алған. Ондай жолаушыдан тамақ ақы, жамбас ақы, мініс көлігіне берілетін жемшөп ақы алынбаған. Керісінше, жолаушы түскен үйінен оң шырай, ықыласты күтім көре алмаса, ол жолаушы биге жүгініп, сол үйден айып-пұл алуға хақылы болған.

 

                         Жеті атаға толған әулет-атаның енші алуы

Іргелі ру аясындағы аралары 7 атаға толған әулет-аталардың бас көтерерлері ел ішіндегі беделді адамдарға сөз салып, жеке ру болып шыққысы келетінін, осыған орай тиісті еншілерінің бөлінуін емеурін ететін болған. Жеке ру болып, енші алып шығу, өсіп-өркендегендіктің белгісі ретінде, мерей-мәртебе тұтқан. Жеке ру болып шығару үшін төңіректегі 7 рулы елдің билері шақырылып, әулет-атаны жеке ру етіп шығару рәсімі жасалған. 7 рудың билері бас қосқан соң, жеке ру болғысы келген атаның басие адамдарына «Еліңнің сөзін сөйлер биің бар ма?, Еліңе қорған болар батырың бар ма?, Еліңді асырар байың бар ма?» - деген үш

                                                              15

сұрақ қоятын болған. Егер бұл сұрақтардың жауабы жеті бидің көңілінен шықса, мұнан әрі енші алып, жеке ру болып шығудың киелі рәсімдерін жасауға рұқсат етілген. Алдын-ала дайындалған боз бие немесе ақ түйе сойылып, іргелі ру мен енші алып шығатын рудың басие адамдары антталып, сойылған құрбандықтың қанына бармақ батырысып: “Тегіміз бір, намысымыз ортақ!”, “Тірлігімізде шығар биігіміз бір болсын, өлсек жатар орнымыз бір болсын!”, “Өркеніміз өсіп, өрісіміз кеңейсін!”, “Тәңірім бірлік-пәтуаны нәсіп етсін!” - деген тілектер айтылған.

 

Туысқандық жүйе

Бір шындықтың басы ашық, кез келген адам қоғамының іргетасы ер мен әйелдің жұптасуы арқылы қалана бастайды. Бұл үрдісті әрбір жаңа буын ұрпақтың үздіксіз жалғастырып отыруы адам қоғамының ғұмыры одан әрі ұзартуға кепіл болмақ.

Бір мысал еске түседі. Тарихтан белгілі, 1940 жылы Қытай қазақтары үрке көшіп, Үндістан асқан. Осы сүргіннің бел ортасында болған белгілі дінтанушы Халифа Алтай мынандай естелік айтып еді. Алғаш Алтайдан көшкенде 36 мың адам едік, содан 1941 жылы Үндістанға 3039 адам ғана жеттік. Тағы бір жыл өткенде екі мыңға тарта адам өліп кетті. 1942 жылы 1150 адам тірі қалдық.

Содан алты жылға дейін бірде-бір әйел бала көтермеді. Тұқымымыздың құрыған жері осы болды-ау дестік. Тура жетінші жылы дегенде алғашқы бала туды. Өмірден түңіліп, өлімге бойұсына бастаған біздер үшін жас нәрестенің іңгәсі үміт жаршысындай болып естілді.

Дәл осындай нәубетке Иранға ауған қазақтар да тап болған. Иран қазақтары 1929-1933 жылдар аралығындағы «Қызыл табан шұбырынды» кезінде Маңқыстаудан Түркіменстан өтіп, одан Иранның солтүстік шекарасындағы шағын қала Гомишан және Саллақ ауылына барып табан тіреген. Кәмпеске мен қолдан жасалған ашаршылықтың зардабынан мал-мүлік, баспана, тума-туғандары мен ел-жерден айырылған аталарымыз жоқтан бар жасауға әрекет етеді. Жаңа ортаның табиғатына да үйренісе алмай бастапқы жылдары қазақтар арасында өлім-жітім көбірек болады. Әрбір он кісінің алтауы қазаға ұшырап жатқан. Осы себептен, қала төңірегіндегі жұмыстардан бас тартып, Горган, Бәндәрмах қалаларына көше бастайды. Алайда, көп ұзамай жаңа бір пәлекеттің тығырығына шалдыққандарын сезеді. Ол – жаңа қоныста ер мен әйелдің бедеу болып қалуы еді. Содан 5 жылдан кейін үміт сәулесі ояна бастайды. Бірақ туған сәбилер шетінеп кете береді. Содан 10 жыл өткен соң ғана туған сәбилер күнделікті тіршілікке дағдыланып, ұрпақты жалғастыру арманы жүзеге аса бастаған.

Қазақтың туысқандық жүйесіне төлтума сипат танытатын тегеуірінді тетік ретінде, ең алдымен, жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді бөле-жарып айтуға болады. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екені белгісіз. Мұндай дәстүрдің орнығуына себепші болған тарихи екі алғышарт: Біріншісі – адамдарды тектендіруге, яғни, тұқымын

                                                             16

жақсартуға. Екіншісі – көшпелі өмір-салттағы қазақ қоғамын әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани біртұтас жаралым етуді көздейтін ұстаным.

Дәстүрлі қазақ қоғамында адам сапасына айрықша мән берілген. Әсіресе, адамның қоғамдық-әлеуметтік өресінен гөрі, оның шыққан тегіне, ата-бабасындағы әйгілі тұлғаларға бірінші кезекте ден қойып, оған басымдық сипат беріп отырған. Мысалы:

 Ат болатын құлынның бауыры жазық келер

Адам болар жігіттің маңдайы жазық келер.

- Қошқар болар қозының маңдайлары дөң болар

- Адам болар жігіттің төңірегі кең болар.

- Қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса да төбел туады.

- Тамырына қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы.

- Тегіңді білгеннен үрікпе, тексізге айналғаннан қорық.

- Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,

Қатын алдың қарадан,

Айрылдың хандық жорадан,

Ел ұстайтын ұл таппас,

Айрылар ата-мұрадан,

Мұны неге білмейсің

                               (Асанқайғы)

- Айырдан туған жампоз бар,

Жүгін нарға салғысыз.

Арғымақтан туған будан бар,

Күнінде көрінім жерді алғысыз.

Жаманнан туған жақсы бар,

Адам айтса нанғысыз,

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Бір аяқ асқа алғысыз.

                               (Шалкиіз)

- Жал- құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалыңмалы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас,

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас.

Жаман қатын алғаның,

Төркініне бара алмай,

Төсегіне жата алмай,

Тең құрбысы келгенде

Оңды жауап қата алмай,

Жалғанда қор болғаның.

                                                              17

Таудан аққан тас бұлақ,

Тасыса құяр теңізге

  Қанша малды болса да,

Бай қуанар егізге.

Жақсыдан жаман туса,

 Жаманнан жақсы туса,

 Тартпас қоймас негізге.

                                    (Бұқар жырау)

Ұлттың ұлы бірлік идеясынан туындаған шежірелік деректер бойынша Орта жүздегі исі найман атаулы Ұлы жүздің Әлпеш деген қызынан өрбиді. Дәл сол сияқты Орта жүздегі қалың Арғынның түп аналары Кіші жүздің үш қызы екені айтылады. Осы шежіреге қанық әрбір найман адамы бүкіл Ұлы жүзді, әрбір арғын адамы бүкіл Кіші жүзді нағашы жұртым деп білген, біліп қана қоймаған, дәстүр бойынша жиендік жасап, еркін-ерке мінез-қылық көрсетіп, ондай мінез-құлыққа Ұлы жүздің де, Кіші жүздің де кез-келген адамы мағұрланып, нағашылық жол-жорасы мен жөн-жобасын мүлтіксіз сақтап отырған. Мұндай дәстүрге илану былай тұрсын, бірден ақылға сиғыза қоюдың өзі оңай емес. Бірақ, ақиқаты солай.

Көрнекті ақын Қадыр Мырзалиев былай дейді: Қостанайдың Күнтимес деген жеріне бардық. Шындығында Шоқанның туған жері – сол Күнтимес.

Көкшеде туды дегені қате. Шыңғыстың қыстауының іргетасын көрдік. Бір шалдар келді. Жөн-жосық сұрады. Қазақтың әдеті ғой. Қасымдағым мені: Қадыр Мырзалиев, ақын – деп таныстырды. Оған онша мән бере қойған жоқ. Қай ауылдың баласы деп үстемелеп сұрады. Батыс жақтан, Алшынның баласы деді. Шалдардың көзі шуақтанып, Ой, құда бала келіп қалыпты ғой, ойбай жүр мал соямыз – деді. Құда бала деп тұрғаны Сырым батырдың (1723-1802) әпкесін алғанын қуалап отыр. Қазаққа қалай таң қалмайсың? Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық деген осы.

- Қазақтардың байтақ далада ғұмыр кешетініне қарамастан, тілдік жаралымы соншалықты біртұтас. Каспий теңізі мен Өр Ертіс (аралары 3000км. астам) қазақтарының тілінен диалектілі айырмашылықты да аңғару мүмкін емес. Олардың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі, мінез-білімі біртектес және өзге де түркі халықтарынан айқын дараланып көрінеді. Сондай-ақ олар өздерінің қазақ халқына жататынын және сол халық құрамындағы тарам-тарам туысқан ру-тайпалардың өкілі екендіктерін терең сезінеді (В.В.Радлов).

Демек, дәстүрлі қазақ қоғамындағы туысқандық жүйе деген, түптеп келгенде, әрбір жеке адамды тұтас этножаралыммен сабақтастыратын, жай ғана сабақтастырып қоймай, әрбір жеке адамға этностың бір мүшесі екенін терең сезінетін, сол арқылы өмірлік мұқтаждыққа айналдыратын, нәтижесінде қарға тамырлы қазақ деп аталатын біртұтас этнос аясындағы барша тіршілік әрекетті реттеп отыруға тегеурінді ықпал ететін және әлеуметтік қатынастардың барлық деңгейлері мен типтеріне бірдей қатысы бар этноақпараттық кеңістік болып табылады.

 

                                                                 18

Бауыр

Жаугершілігі мол қатал заманда, ертеде, бір әйелдің күйеуі, соңынан ерген жалғыз інісі және ержеткен баласы хан алдына ауыр қылмысқа батып, үшеуі бірдей өлім жазасына бұйырылыпты. Мұны естіген байғұс әйел зар жылап хан алдына келіп өлердегі сөзін айтып, сауға сұрайды. Әйелдің шырқырап сұраған өтініш-зарына құлақ асқан хан рақым етіп: Жарайды сені жалғыз қалдырмайын, сен үшін бұл үшеуінің біреуінің кінәсін кештім. Қайсысын жаныңа жақын тұтсаң, соның қол-аяғын шешіп, алып қайтуыңа рұқсат – депті. Әйел ойланбастан інісінің қол-аяғын шешіп, алып шығады. Сонда, не Құдай қосқан жарын, не өзегін жарып шыққан баласын құтқарар деп ойлап отырған хан әйелдің бұл ісіне таң қалып: Жар дегенде жалғыз жарыңнан бұрын, бауыр етің балаңнан бұрын, түтін-тірлігі бөлек ініңді құтқарғаның қалай – деп мәнісін сұрайды. Әйел іркілместен Хан ием, Құдай қосқан қосағым мен бауыр етім баламның бәрінен де қымбат екенін білемін. Жүрегім езіліп, аяғымның басына түскендей. Алайда, күйеуім мен балам бар болғанда – сүйінудің, жоқ болғанда күйінудің не екенін біліп барып, жарық жалғанмен қоштасқалы тұр. Ал, інім болса бар болып – сүйініп, жоқ болып - күйініп көрмеген жас еді, жалғыз еді. Тәңірім рақым етсе, күйеу де бала да табылар, бірақ, бір құрсақтан шыққан бауыр табылмас - деген екен. Әйелдің ақыл-парасатына тәнті болған хан сол жерде райынан қайтып, үш айыптыға да кешірім жасапты дейді.

 

                                    Ақжолдың сегіз ұлы

Қазақтың үш жүзі Құтаннан туған Ақжол, Алшын, Үйсін есімді үш ұлдан өрбіген. Осылардың Ақжолынан сегіз ұл дүниеге келіпті. Олардың төртеуі бәйбішеден – Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат. Қалған төртеуі тоқалдан – Керей, Уақ, Тарақты, Төлеңгіт. Тоқалдан туған төрт ұл бәйбіше балаларына қызмет көрсететін болыпты. Керей үй сыпырады екен, сол себепті таңбасы – шілік. Уақ көші-қон кезінде ауыл үйін тігеді екен, сол себепті таңбасы – бақан. Тарақты жылқы бағып, еру аттардың жал-құйрығын тарап, баптайды екен, сол себепті таңбасы – тарақ. Ал, Төлеңгіт болса ел шетін торып, күзетте жүреді екен, сол себепті таңбасы – найза.

 

Алаштың енші бөлуі

Қазақтың қария сөзінің айтуында, Алаштан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп аталатын үш ұл болған. Исі қазақ осы үшеуінен тараған. Алаш қартайған шағында үш ұлын шақырып алып, қолындағы дәулетін балаларына енші етіп бөліп бермекші болады. Ол үшін бүкіл мал-мүлкін тең етіп төртке бөледі де, соның үш бөлігін үш ұлына береді. Қалған төртінші бөлікті тағы да үшке бөліп, үш ұлының еншісіне қосымша үлестіреді. Балалары мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алаш мынандай өсиет айтады: Алғашқы бөліктер әрқайсыңның өз еншілерің. Ал, соңғы берілген қосымша бөлік «бөлінбеген енші» деп аталады.

                                                                 19

 Оның иесі – үйлеріңе келетін Құдайы қонақ атаулы. Сондықтан бұдан былай жолаушылап жүрген адам босаға аттаса, оның төсек-тамағы мойындарыңда болады. Себебі, әрқайсыңда сол жолаушының бөлінбеген еншісі бар деп біліңдер. Жолаушы қонақ әрбір үйдегі өзінің бөлінбеген еншісіне лайық сый-құрмет көрмесе, сол үйдің иесі ата салтын сақтамаған, аманатын ақтамаған адам ретінде ат-шапан айыбын тартатын болсын.

 

Қазақтың үш жүз атануы

Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай, болғанда, Орманбет би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. Ала тайдай бүлдірді деген сөз содан қалыпты. Сол замандарда Қондыкер, Құбаш, Қотан, Қоған дегендер болыпты. Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі дейді. Қырық ханның бірі болған Қызыларыстан деген хан сол уақыттарда Бұхарада тұрып, уақытында Бұхараны түгел билеп, осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан шақыратын мұнараны сол Қызыларыстан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан б


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: