Тарау. Саяси социология 45 страница

 

Еуропалық ғылымда мемлекет пен қоғамды айыру идеясына алғаш келгендердің бірі Дж.Локк еді. Ол өз ойларында принциптік маңызды жағдайдан индивидтің ажырамас қасиеті ретіндегі жеке меншікке негізделді. Меншік еңбекпен жасалады және мемлекеттің пайда болуына дейін қалыптасты, ол мемлекеттің осы меншікті қорғау мақсатына ие екенін аңғарамыз.

Ш.Монтескье Локктен кейін қоғам мен мемлекетті бөліп тастады. Ол үшін азаматтық қоғам - тарихи дамудың нәтижесі, адамзат тарихының табиғи жағдайдан, отбасынан және қаһармандық кезеңнен кейінгі төртінші сатысы.

Азаматтық қоғам және мемлекет мәселелерін қазіргі заманғы оқытылуына тікелей әсер еткен идеялар Г.Гегель тарапынан ұсынылған еді. Гегель бойынша азаматтық қоғам - олардың әрекеттесуі құқықпен реттелетін жеке тұлғалар, таптар, түрлі топтар мен институттар мүдделерінің күрделі сәйкестенуін білдіретін азаматтардың жеке өмір сүру саласы. Азаматтық қоғам мемлекет дамуының кезеңі болғанымен, оған тікелей тәуелді емес. Азаматтық қоғамның тамыры жеке меншікті, мүдделер қауымдастығын және азаматтарды формальді (яғни заңмен қарастырылған) теңдігін қалыптастырады. Мемлекет пен азаматтық қоғамның диалектикалық бірлігінің негізі - қоғамның жоғары деңгейде жіктелген әлеуметтік құрылымы.

Азаматтық қоғамды мемлекет анықтамайды керісінше мемлекетті азаматтық қоғам анықтайды. Және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қатынас көпшілік алдындағы билік пен жеке дара бостандық арасындағы қатынас тәрізді.

Қазіргі заманғы отандық ғалымдардың азаматтық қоғамға деген көзқарастары негізгі екі ұстанымға келіп тіреледі.

Олардың бірінің айтуынша бұл қоғам, еркін нарық және демократия жолында құрылуға міндетті. Олардың түсіндіруінше бұл - түрлі жеке мүдделер мен адамдар талабын білдіретін және олардың іске асырылуына жағдай жасайтын жеке және мемлекеттен тәуелсіз қоғамдық институттардың, ұйымдар мен бірлестіктердің жүйесі.

Екінші позицияға сәйкес “азаматтық қоғам” категориясы дегенде ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басындағы өндірістік қатынастар мен саяси төңкерістер пайда болған қазіргі заманғы қоғамдардың түрлері айтылады. Бұл жерде азаматтық қоғам адамдардың қазіргі заманғы өнеркәсіп өркениеттері шеңберінде араласу формасы ретінде немесе жеке, мемлекетке тәуелді емес күнкөріс көздеріне ие әлеуметтік таптар мен топтардан пайда болған қоғам жағдайы ретінде түсіндіріледі.

Азаматтық қоғамда еркіндік пен бостандыққа баса назар аудару, батыстық саяси ғылымдағы либералды-демократиялық дәстүрге тән. Либералдық демократия көзқарасы тұрғысынан азаматтық қоғамның мәні индивид пен мемлекет арасындағы бірқатар қорғаушы құрылымдардың жасалуында болды. Сөйтіп, сырттан кедергі жасаудан бостандық қамтамасыз етіледі, яғни бостандық “не үшін” емес “неден” деген мағынада (жағымсыз либералдық көзқарас) ол қалайша және ненің арқасында іске асырылуы мүмкін екені көрсетілмейді.

Азаматтық қоғам дегенде жалпы мемлекетке тәуелді емес және онымен қатарласа өмір сүретін түрлі әлеуметтік топтардан, қозғалыстардан, бірлестіктерден, мәдени, ұлттық, аумақтық және басқа қауымдастықтардан құралған жеке тұлғаның көп бейнедегі мүдделерін білдіру формасы ретінде қызмет атқарушы қоғамның ерекше саласы түсіндіріледі.

Азаматтық қоғамды адамдар бір-біріне және мемлекетке тәуелді емес ретіндегі индивидтердің әрекеттесуінің өзіндік бір әлеуметтік кеңістігі түрінде көзге елестетуге болады.

Саяси социология азаматтық қоғамның құрылымына назар аудара отырып, оның екі жақты табиғатын ашады: идеалды және нақтылы, материалды және рухани т.б. дамудың полярлық бағыттарының болуы.

Азаматтық қоғамның құндылығы мен маңыздылығы оның қызметтерінен көрінеді:

Интегративті қызмет. Азаматтық қоғам адамдарды топтар мен қауымдастықтарға еркіндік және еріктілік принципі бойынша біріктіреді. Бұл қызмет түрлі күштердің күресуінің деструктивті мүмкіндігін тоқтатуға, оларды дұрыс жолға бағыттауға шамасы жететін нормалар мен шекараларды анықтайды.

Инструментальдық қызмет (ұжымдық түрде мақсатқа қол жеткізу).

Дистрибутивтік қызмет (марапаттарды, рөлдерді бөліп беру).

Ұдайы өсіру қызметі (әлеуметтік өмірдің ұдайы өркендеуін қамтамасыз ету).

Реттеуші қызметі (реттеу, адамдар іс-қимылын нормалар мен шектеулер жүйесі арқылы бақылау). Қоғамның өзі мемлекеттен тәуелсіз және оның көмегімен жеке индивидті жалпы қалыптасқан нормаларды сақтауға мәжбүрлей алатын құралдары мен шектеулері бар.

Коммуникативтік (өзара түсінісуге, қарама-қайшы және түрлі бағыттағы мүдделердің және ұмтылыстардың, индивидтердің, топтардың, ассоциациялардың, қозғалыстардың т.б. арасында пәтуаға қол жеткізу) қызмет.

Халықтың саяси мәдениетінің дамуы нәтижесінде азаматтық қоғамның саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құраладары, бұқаралық әлеуметтік қозғалыстар, ассоциациялар және басқалар сияқты институттары мемлекеттік құрылымдар секілді үйреншікті құбылысқа айналуда.

Әлеуметтік қозғалыстар мен ұйымдар мемлекетке қарағанда билік өкілдігіне ие емес. Саяси партиялар сияқты, олар алдына мемлекеттік билікті қолына алуды мақсат тұтпайды, яғни әуел бастан саяси болып саналмайды, бірақ кейде саясаттануы мүмкін. Алайда олар билік басында кімнің тұрғанына, мемлекет кімнің мүддесіне орай әрекет етуде деген мәселелерге немқұрайдылықпен қарамайды. Бұл жағдайда да олардың саяси белсенділігі - көбірек іс-әрекеттің негізгі мақсатына қарағанда жанама нәтиже болады.

Қоғамдық ұйымдар - ол қоғамның плюралистік табиғатын, онда өзіндік мүдделері бар көптеген әлеуметтік топтардың бар екендігін білдіру. Соңғысы қоғамдық ұйымдардың көптеген түрлерін тудырады: қоғамдық ұйымдар бұл сөздің дәлме-дәл мағынасында кәсіподақтар, қолөнершілер одағы, интеллегенцияның шығармашылық одақтары, ғылыми қоғамдар, рухани клубтар, мәдени-ағартушылық қоғамдар, көркемөнерпаздар ансамбльдері, театрлар және басқалар.

Қоғамдық ұйымдар бірқатар белгілерге: әлеуметтік-экономикалық қана емес, сонымен қоса рухани қызығушылықтарды да, оның ішінде қатынасқа түсу, ұзақ мерзімді міндеттерді шешуді көздеу, белгілі бір әрекеттерге үздіксіз бағыт ұстануға, айқын құрылымға, қажеттіліктерін қанағаттандыру бағытына ие болады.

Қоғам өміріндегі әлеуметтік қозғалыстар мен ұйымдардың рөлі айқын түрде олардың көптеген қызметтерінде көрініс береді. Олардың қатарында: әлеуметтік топтардың, қоғамның топтары мүдделерінің көрініс беруі (артикуляция). Әдетте, адамдардың қызығушылықтары тұлғалық, эмоционалдық және екі ұшы бар формада алға шығады (мысалға “біз өзгерістерді қалаймыз) және мемлекеттің шешіміне айтарлықтай әсер ете алмайды. Қоғамдық ұйымдар оларды айқын талаптар ретінде қайта өркендетіп, өз атынан ұсынады.

Негізгі қызмет көптеген жеке мүдделерді келістіру, олардың арасынан қалыпты, ерекше мәні барларын, бірінші кезектегілерін табу болып табылады. Осындай негізде мемлекетпен, саяси партиялармен байланыс орнатады, оларға қоғамның өзекті мәселелері, нақтылы топтардың өзіндік ерекшелігі бар қызығушылықтары жайлы ақпараттар жеткізеді. Олардың қызметіне халықтың мүддесіне сәйкес саяси шешімдерді қабылдау үшін мемлекеттік билікке қысым жасау да жатқызылады. Әлеуметтік қозғалыстар мен ұйымдар мемлекеттік аппараттың әрекетіне “төменнен” бақылау жасайды, туындаған мәселелерге қатысты баламалы шешімдер ұсына отырып, оны қолдайды немесе оған қарсы шығады, сөйтіп оны жаңа идеялармен байытып отырады.

Ең соңында, олар халықтың көп бөлігінің басқару процесіне қатыстырылуын тікелей өз қызметі деп санайды және саяси мәдениеттің, демократияның дамуына, азаматтық қоғамның қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.

Саяси партиялар социологиялық талдаудың объектісі ретінде. Саяси партиялар әлеуметтік ұйымдар мен қозғалыстар арасында ерекше орын мен рөлге ие болады. Демократиялық мемлекеттерде барлық саяси институттар дербес және табысты түрде қызмет атқарады: мемлекеттік және билік құрылымдарының қалыптасуына әсерін тигізеді, саяси мақсаттарды реттейді, қоғамның саяси дамуын бағыттайды. Авторитарлық және тоталитарлық қоғамда түрлі бірлестіктер мен ұйымдар қатарына кіретін адамдардың мүдделерін алға тарту және білдіру үшін құрылады. Саяси партиялар, бұқаралық қоғамдық бірлестіктер қатаң түрде басқарушы элитаға бағынып, олардың табиғи қызметі өзгеріске ұшырайды. Партия сөзі латынша pars, partіs- бөлік, топ деген сөзден шыққан. Партия әлеуметтік қауымдастықтың мүдделерін қорғаушы ең белсенді деген бөлігін білдіреді.

Партия саясаттануның да, социологияның да зерттеу объектісі болып табылады. Саяси социология саяси қатынастарды нақтылы индивид, топ, қауымдастық, саяси институттармен саяси мақсаттары бойынша әрекеттесу позициясын зерттеп білуді мақсат етеді. Бірақ ол әлеуметтік деңгейде жасалынады. Бұл жағдай қарастырылып отырған объектілердің саяси ангажирленуін емес, саяси әрекетінің әлеуметтік жанамалалығын меңзейді.

Бұл жағдайда партиялар немесе саясаттың бағыты ұйымның және жеке өзінің мақсаттарын іске асыруда ерекше жауапкершілікке ие болған немесе ие болмаған нақты әлеуметтік индивидтердің әрекетінің теңесуі ретінде қабылданады.

Социологиялық тұрғыға сәйкес партияларды зерттеуде бірінші кезекте қарастырылатындар:

· партияның ішкі қүрылымы;

· партиялық жетекшілік;

· партиялардың өзара байланыстары мен қатынастары;

· саяси партиялардың қоғамдық институттармен қатынасы;

· партияның қоғамдық пікірде танымалдылығы;

· партиялар сайлау жүйесінде;

· партиялық жүйелердің өлшемдері;

· партияның әлеуметтік базасы және басқалар.

Жалпы социологиялық тұрғының басты өкілі М.Дюверже. Ол партияларды екі жақты жіктеуді ұсынды және жіктеуді жүргізу үшін басты өлшем партиялардың саны болып есептелінді. Ғалым партияларды кадрлық және бұқаралық деп екіге бөлді.

Кадрлық партиялар “төменнен” және парламенттік топтарда “жоғарыдан” сайлау комитеттерінің даму нәтижесі ретінде қабылданады. Бұқаралық партиялар жалпылама сайлау құқығының өнімі болып табылады.

Кермонн мұндай партияларға мынадай анықтама берді: “партия мүшелерінің сайлаушыларға қатысты, тиісінше белсенділердің партия мүшелеріне қатысты шамасы қаншалықты көп болса, соншалықты ұйым бұқаралық партия типіне жақындай түседі. Және керісінше, бұл шамасы қаншалықты аз болса, ол соншалықты кадрлық партия типіне жақын”.

Жіктелімнің екі деңгейі бар: бірінші деңгей партияларды жіктейді, ал екінші деңгей - партиялар жүйесін жіктейді.

Қандай да бір өлшемге байланысты партиялар былайша жіктелінеді:

 экономикалық немесе өндірістік қатынастарға байланысты; буржуазиялық, үсақ буржуазиялық, пролетарлық, жартылай пролетарлық.

 идеологияға байланысты: оңшыл радикалды, консервативтік, буржуазиялық-либералдық, буржуазиялық-реформистік, социал-демократиялық, солшыл социалистік, коммунистік.

 ұйымдық қүрылудың ішкі қүрылым позициясынан: әскериленген, автократиялық, демократиялық, орталықтандырылған және орталықсыздандырылған.

 аумақтық белгісі бойынша: жалпы үлттық, аймақтық.

 саяси қүрылымдағы орны, рөлі және орындайтын қызметі бойынша: билеуші және оппозициялық.

Партияларды жіктеуде басқа да өлшемдер бар.

Партиялық жүйелерді жіктеу де айтарлықтай көп. Бірінші кезекте партиялық жүйеге анықтама берейік. “Партиялық жүйе дегенде тәуелсіз элементтерден (партиялар) олардың өлшемімен (сайлаушылар санымен, ішкі құрылымының типінен) және коалициялық мүмкіндіктерімен анықталатын саяси кеңістік пішіні түсіндіріледі” [8, 230-б.].

Тарихи тұрғыда бірпартиялық, қоспартиялық (бипартизм), “екі жарым партиялар”, билеуші партиялық және көппартиялылық жүйелер қалыптасқан.

Италиялық саясаттанушы Дж Сартори жасаған партияларды жіктеу ерекше толықтығымен ерекшеленеді. Ол партиялық жүйелердің 7 типін бөліп қарастырады: бір партиялық билеп-төстеушісі бар жүйе, басым салмағы бар партиялық жүйе, қоспартиялық жүйе, шектелген плюрализм жүйесі, бөлшектенген жүйе.

Билік категорияларының детерминантарынан келіп шығатын партиялық жүйенің саяси күшті үш деңгей позициясын қарастыруға болады:

Бірінші - биліктің тікелей іске асуы. Бұл деңгейде саяси партиялар өздерінің бағдарламалық ұстанымдарына сәйкес билік органдарын қалыптастырады, саясаттың басым бағытын ұсынады. Тікелей басқару жүйесі айқын түрде батыс елдерінде қолданылады.

Екінші деңгей - ол саяси партиялардың биліктің іске асырылуына қатысуы. Бұл жағдайда партия билікке өзінің заң қабылдаушылық (мысал ретінде) өкілеттілігін пайдалана отырып ықпал жасау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар сол Парламенттің құрамында болғандықтан биліктің қатысушысы болып табылады. Бұл оған өзінің бағдарламалық ұстанымдарын итермелеуге мүмкіндік береді.

Үшінші деңгей - ол билікке әсер ету. Бұл жерде партия билік механизмдерінен шығарылып тасталған. Ол тікелей түрде емес жанама түрде әсер етеді. Билікке қысым жасаудың негізгі екі жолы қоданылуы мүмкін. Ол арадағы делдалдар арқылы лобби құру, яғни партияның сөзін жақтаушы билік өкілдері мен идеяларды, тұжырымдамаларды қоғамдық деңгейде көпшілік алдына ұсыну.

 

Саяси социологияны анықтаудағы тұлғаның орны

 

Саяси социологияда тұлға әлеуметтік индивид, саяси жүйенің өзіндік бейнесі бар алғашқы бөлінбейтін элементі ретінде, саяси саладағы өзінің іс-қимылына, жеке басының жауапкершілігін алып жүруші, құқықтары мен бостандығы бар жеке адам ретінде қарастырылады.

Саяси қатынастар жүйесінде тұлға өзінің түп негізінде әлеуметтік тапқа жатуынан келіп шығатын саяси қабілеттердің иеленушісі ретінде алға шығады. Әрбір адам мемлекеттің, ұлттың, таптың немесе топтың өкілі болып табылады және тиісінше азамат, ұлт өкілі, жұмысшы, шаруа немесе зиялы ретінде көрінеді.

Тұлға әлеуметтік айқындылыққа ие бола тұра, қандай да бір қоғамдық қатынастардың түріне тиісті қауымдастықтардың өзіндік ерекшелігі бар қабілеттерінің иеленушісі ретінде енеді.

Қазіргі заманғы қоғамдық-тарихи ой-пікірлерде және саяси фиолософияда арнаулы нота (персоналистическая нота) көрініс береді. Басқаша айтқанда, “саңлақтар” принципінен “монадтылық” принципіне ауысудың қажеттілігі жайлы түсіндірме жиі берілуде. Осымен қатар, ғалымдар ХХ ғасырдың соңында “бұқаралық” принцип қана емес, “жеке даралық” принципі де әрекет етеді дегенді баса айтады. Басқаша айтқанда, тұлғаның саясаттағы рөлі арта түседі. Көпшілік үшін маңыздысы шешімдердің қабылдаушыларға ғана емес (жоғары шендегі басшыларға), сонымен бірге қатардағы адамдар үшін де пайдалылығы. Ол адам игеруге шығушы, тұтандырғыш, электоральды белсенді, бейсаясатшы жәй адам немесе терроршы болуы да мүмкін.

Тұлғаның саясатқа қатысуының формалары қоғамда болатын объективті жағдайлар мен алғышарттарға тәуелді болады. Саясаттанушылар оларды материалдық, әлеуметтік-мәдени және саяси құқық деп бөледі. Адамның бірқалыпты саяси әрекетке қатысуы үшін олардың тамақтануға, ең қажетті тауарларға, тұрғын-үй тұрмыс жағдайларға деген бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандырылуы қажет. Шет елдік саясаттанушылардың (С.М. Липсет) зерттеулері қоғам қаншалықты бай болған сайын, соншалықты көп мөлшерде саяси өмірде демократиялық формаларды пайдаланатынын растайды. Қоғамның әл-ауқаты саяси сенім мен бағыт ұстануға айтарлықтай әсер етеді. Әлеуметтік орта да тұлғаның саяси әрекет субъектісі ретінде қалыптасуына белсенді түрде әсерін тигізеді. Тұлғада демократиялық сенімдердің қалыптасуы немесе тоталитарлық және автолитарлық көзқарастар мен қылықтарға жақын тәуелділік болады. Саясаттың субъектісі ретіндегі тұлғаның іс-қимылына оның мәдени деңгейі, білімі күшті ықпал жасайды. Социологтар мынадай қорытындыға келген: адамның білім деңгейі қаншалықты жоғары болса соншалықты көбірек саясиланған бағыт ұстанады және мәселелерді демократиялық жолмен шешуге жақын болады. Сауатсыз адам санадан сүзіліп өткен саясаттан тыс тұрады және саяси әрекеттің, алдап-арбаудың объектісі болып қала береді.

Жеке тұлғаның саясатқа реттеулі және нәтижелі қатысуы үшін белгілі бір конституциялық алғышарттар мен әрбір адамның саяси процеске қатысуының заңдық формалары, олардың дұрыс беруінің нәтижелері бұрмаланбайтынына, көсемнің, фьюрердің, президенттің күтпеген шешімі олардың демократиялық құқығын тартып алмайтынына сенімділігі және заңдылық кепілінің болуы қажетті.

Көптеген халықаралық құжаттарда, атап айтқанда, адам құқықтары жөніндегі жалпы декларациясында әрбір адамның ой еркіндігіне, сенімдеріне және оларды еркін түрде білдіруге, бостандықты іздеуге, ақпараттар мен идеяларды алуға, оларды таратуға құқылы деп баса айтылады. Әрбір адам тікелей немесе еркін түрде сайланған өкілдері арқылы өз елін басқару үшін қатысуға құқылы.

Тұлғаның саяси өмірдің нақтылы агенті болуы үшін, социологтар саяси әлеуметтену деп атайтын процестен өтуі керек. Саяси әлеуметтенудің екі аспектісі бар, біріншіден, ол индивидтің пісіп-жетілу, өзінің саяси “мен”-іне ие болу процесін, саяси өмірге жеке көзқарасының, өз қызығушылықтары мен ұстанымдарының, таңдау мен қалауларының дамуын білдіреді. Екіншіден, өзіндік мәдени “трансмиссия” процесі, яғни саяси көзқарастарды, идеяларды және нормаларды, оларды бағалауды, іріктеуді және сіңіруді алдыңғы ұрпақ өкілдерінен қабылдау, ұғыну.

Тұлғаның саяси қатысуының бірнеше формалары бөліп қарастырылады:

Біріншісі. Өз өмірін және іс-қимылын, қатынастарын билік органдарымен конституциялық негізде келістіру.

Екіншісі. Азаматтардың электоральды қатысуы немесе билік органдарына өз өкілдерін сайлауға және сайлану құқығын пайдалануы.

Үшіншісі. Әкімшілік процеске қатысуға өкілдік берілген тұлға ретінде саяси әрекетті іске асыру.

Төртіншісі. Тұлғаның бұқаралық іс шараларға қатысуы (шерулерде, демонстрацияларда, жиналыстарда, шағым білдіруде, аштық жариялауда және т.б.).

Бесіншісі. Тұлғаның ұйымдастырылған формадағы саяси процестерге қатысуы, яғни саяси қозғалыстарда, партияларда, саясиланған БАҚ-тардың әрекетіне, саяси клубтардың, бірлестіктердің т.б. жұмыстарына.

Азаматтардың саяси жүріс-тұрысының үш түрі жайлы айтылады. Бірінші түрі - конформизм - социологтар және әлеуметтік психологтар бөтен пікірлерге бағыт ұстануды, әлеуметтік көнгіштікті, үгіттеу шараларына және бұқаралық таптаурындарға сыни емес көзқарастағы, болып жатқан оқиғаларды саналы бағалауда санасыз түрдегі қылықтардың билеп-төстеуін айтады.

Екінші түрі - индифферентті адам, яғни немқұрайлы, қатыспайтын, селқос, саясаттан қашқақтаушы, саясатпен араласу пайдасыз нәрсе деп ойлайтын. Бұл типтегі адамдар “үндемейтін халық” деп аталатын тұрғындардың бөлігін құрайды. Көбіне саяси процестерге мұндай немқұрайдылық билеуші саяси жүйеге немесе қарапайым азаматтардың саяси жетекшілерге сенбеуі болып табылады.

Үшінші түрі - саяси активизм. Қолда бар саяси жағдайға қанағаттанбаушылық немесе оны толықтай мойындау және мақұлдау сезімі адамдарды саяси оқиғаларға белсенді қатысуға итермелейді. Саяси активизм өзінің шекті көріну формасында оң және сол бағыттағы саяси рационализмді, экстремизді және фанатизмді туғызуға қабілетті.

 

Саяси жетекшілік

 

Белсенді саяси рөлге ұмтылушы тұлға саяси социологияның жеке зерттеу объектісін білдіреді. Бұл жағдай жетекшілердің, әсіресе саяси жетекшілердің қоғамдағы процестерге айтарлықтай әсер етумен байланысты.

Саясаттағы жетекші - бұл өз айналасына көптеген адамдарды топтастыра алушы, саяси процеске қатысушылар арасында өз беделін мойындата алушы қасиетке ие адам. Идеалды тұрғыда жетекші - ол ақыл мен ерік, саяси күш-жігерді ұйымдастырушы, қандай да бір партияны немесе қозғалысты басқарушы. Жетекшілерсіз саяси әрекет жоқ, тек бақылаусыз қозғалыс бар. Оларсыз бұқара тобыр ғана. Міне сондықтан да, жетекшілерді табу, өсіру және ұсыну мәселесі өмірде ең күрделі мәселе болып табылады.

Қазіргі заманғы әдебиеттерде саяси жетекшілікті, жетекшіге қажетті жеке қасиеттерді бағалауда, жетекшінің әрекетіне тән қызметтерді талдауда, оның жүріс-тұрыс стильдерін бейнелеуде көптеген типологиялар бар. Саяси жетекшілікті типологияға бөлудің ең кең тараған түрінің бірі М.Вебер тарапынан жасалған. Оның негізіне, қандай да бір қайраткерді жетекші деп мойындап, оның соңынан еруге дайын болатын адамдар дәлелдеулерін талдау енгізілген болатын.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: