Саяси режимдер 2 страница

7. Адамдардың жүріс-тұрысына жалпы бақылау жасаудың істеліп біткен жүйесінің, жаппай репрессия және күштеу жүйесінің өмір сүруі. Бұл мақсаттар үшін ауыр еңбек қолданылатын, адамдарды азаптау, қарсыласқандардың еркін басу, ешқандай жазығы жоқ адамдарды қырып-жою жүргізілетін, тұтқындарды бір жерге жинап ұстайтын лагерьлер мен геттолар құрылады. КСРО-да лагерьлердің тұтас желісі – ГУЛАГ құрылды. 1941 жылға дейін оған 53 концентрациялық лагерь, 422 еңбекпен түзеу колониясы және 50 кәмелетке толмағандар лагері кірді. Осы лагерьлер өмір сүріп тұрған жылдары онда 40 млн. астам адам қаза болды. Тоталитарлық қоғамда мұқият ойластырылған жазалау аппараты әрекет етеді. Оның көмегімен жеке адам тағдырына және отбасы мүшелеріне қауіп төнеді, күдікщілдік, сөз тасу, домалақ арыздарға (анонимкаларға) мадақтау жасалынады. Бұның бәрі елде басқаша көзқарас және оппозиция туындамауы үшін жасалынады. Күштеу және жазалаушы органдардың көмегімен мемлекет халықтың өмірі мен мінез-құлқына бақылау жасайды.

Жоғарыда аталған және кейбір басқа да ортақ сипатты белгілер аз немесе көп деңгейде болсын, барлық тоталитарлық саяси режимдерге тән, сонымен қатар, оларды тоталитаризм деп аталатын бір топқа біріктіруге негіз болады.

Сонымен бірге аталмыш топта тоталитарлық саяси режимнің «солшыл» және «оңшыл» деп аталатын екі түрін бөліп көрсетуге мүмкіндік беретін ерекше белгілері де бар.

«Солшыл» тоталитарлық саяси режим КСРО-да және басқа социалистік елдерде пайда болды. Қазір ол қандай да бір деңгейде Кубада, Қытайда, КХДР-да, Вьетнамда өмір сүруде. «Оңшыл» тоталитарлық режим фашистік Италия мен Германияда, сондай-ақ, әлсіз «өшкен» күйінде Испанияда – Франко басқарған кезеңде, Португалияда Салазар басқарған кезеңде өмір сүрді. «Солшыл» тоталитарлық саяси режим марксизм-ленинизм идеологияларына негізделді, ол, біріншіден, барлық индивидтердің қажеттіліктері толығымен қанағаттандырылатын коммунистік қоғам құрудың мүмкіндігіне сендірді; екіншіден, жеке меншікті жойып, жоспарлы, басқарылатын экономиканы құруға; үшіншіден, пролетариаттың жетекші рөліне; төртіншіден, жаңа қоғамға өту барысында пролетариат диктатурасының қажеттілігіне; бесіншіден, әрбір елде коммунизм құрудың мүмкіндігіне сендірді. Үстемдік етуші идеологияның көзқарасы тұрғысынан алғанда басқа барлық таптардың прогрессивтілігі төмен, ал кейбіреулері – тіпті реакцияшыл болып табылады. Іс жүзінде бұл меншік иелерінің және шаруалар тобының жойылуын білдіреді. «Жарқын болашақты» құру қуатты күштеу аппаратын, зорлау, террорға дейін қолдануға барады.

КСРО-дағы тоталитарлық саяси режимнің өмір сүруінің уақыттық шеңбері саяси ғылымдағы айтыс тудыратын мәселе болып отыр. Бір саясаттанушылар бүкіл кеңестік кезеңді тоталитарлық саяси режим деп атауға болады деп есептейді. Басқалары – тоталитарлық саяси режим деп Сталиннің басқаруы кезеңінде (1929-1953) қалыптасқан тәртіпті атайды, ол қайтыс болғаннан кейінгі тәртіпті посттоталитарлық режим ретінде анықтайды.

Бірінші көзқарас шеңберінде Кеңестік қоғамдағы 80-жылдардың аяғында басталған процестерді түсіндіру біраз қиындық тудырады, өйткені, оның өкілдері тоталитарлық саяси режимнің өзгермейтін ерекшеліктері мен белгілеріне айырықша назар аударады, сөйтіп, 80-жылдардағы шалағай реформалардың және 90-жылдардағы түбегейлі реформалардың негізі болған 60-80-жылдардағы экономикалық және әлеуметтік өмірдегі қалтарыс өзгерістерді ескерусіз қалдырады. Екінші көзқарас ауқымында арта түскен күтілістер мен өзгере түскен қоғамның талаптары және басқарушы элитаның жеткіліксіз бейімделуі арасындағы қарама-қайшылықтар талданады. Тереңдей түскен қарама-қайшылық саяси тұрақтылықтың негіздерін қиратты және ақыр соңында кеңестік тоталитарлық саяси режимнің толық жойылып ыдырауына алып келді.

«Оңшыл» тоталитарлық саяси режим герман фашизмі түрінде ұлтшыл-социализм идеологияларына негізделді. Бұл идеология этатистік және ұлтшылдық ұрандардың қосындысы болып есептеледі. Соңғысы Х.Чемберленнің «жоғары» арий нәсілінің өзегі ретіндегі германдықтар жөніндегі нәсілшіл идеясына және Ж.Гобиноның қан араласуымен байланысты оның әлсіреуі жөніндегі пайымдауына сүйенеді. Дәл осы постулаттардан неміс ұлтының артықшылығы және әлемдік үстемдікке ұмтылысы жөніндегі нацизм идеялары туындады.

Ұлтшыл-социалистік идеологияның басты ережелері мынаған саяды: біріншіден, германдық рейхтың жаңғыруына; екіншіден, неміс нәсілінің тазалығы үшін күреске; үшіншіден, барлық бөтен элементтерді (ең алдымен еврейлерді) қырып-жоюға; төртіншіден, антикоммунизм; бесіншіден, капитализмді шектеу.

«Оңшыл» тоталитарлық саяси режимнің әлеуметтік негізі экстремистікке бағытталған қоғамның орта жіктері болып табылады. Герман фашизмі ірі капиталдан да қолдау тапты, өйткені ол көпшіліктің революциялық қозғалысымен және коммунистік идеологиямен салыстырғанда одан «көп жамандық» көрмейді.

Марксизм-ленинизмге қарағанда ұлтшыл-социализм таптық ортаның және бірыңғай ұлттық дәстүрлер негізінде «халықтық қауымдастықтың» идеяларын жақтады. Ұлтшыл-социализм идеологиясы коммунизмнің, еврейлердің, католик шіркеулері «жауының» бейнесін белсенді түрде насихаттады. Олармен күресу үшін және ұлттың аман қалуы үшін террор мен репрессияны қолдануға дейін жол берілді. Кез келген дәрменсіздік неміс ұлтына төнген қауіп-қатер ретінде қабылданды.

Айта кеткен жөн, тоталитарлық саяси режимдер осы тәртіп үстемдік еткен елдерде экономикалық прогресті және әлеуметтік дамуды тежеді, сондай-ақ, адамзатқа орны толмас қайғы-қасірет әкелді.

Осыған байланысты мынаған назар аудару керек: тоталитаризм – бұл авторитарлық саяси режиммен байланысты, онымен тығыз өрілген, тарихи тұйыққа тірелген, болашағы жоқ саяси режим.

3. Авторитарлық саяси режим

Авторитарлық саяси режимнің оны тоталитаризм мен демократияның арасындағы аралық жағдайға қоятын өзіне ғана тән бірқатар ерекшелікті айырмашылықтары бар. Мысалы, тоталитаризм тәрізді авторитарлық саяси режим мемлекеттік органдардың шексіз билігімен ерекшеленеді, демократия сияқты авторитаризмге азаматтық қоғам саласының, экономикадағы жеке инициативаның, нарықтық бәсекелестіктің сақталуы тән.

Авторитарлық (латын тілінен autoritas – билік, ықпал) режим – бұл қоғамның мемлекеттік-саяси құрылымы, оның негізін қандай да бір топтың, бір адамның немесе институттың билікке деген монополиясы құрайды.

Авторитарлық саяси режим, әдетте, саяси күштердің қатал поляризациялануымен қатар жүріп, қоғамдық құрылысы ауысқан елдерде; ұзаққа созылған экономикалық және саяси дағдарыстары байқалып, оларды демократиялық құралдармен жеңу мүмкін болмайтын елдерде пайда болатынын тарихи тәжірибе көрсетіп отыр.

Авторитарлық саяси режим – тарихта кеңінен таралған құбылыс және ол алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Қазіргі әлемде авторитарлық режим Азия, Африка, Таяу және Орта Шығыс пен Латын Америкасы елдерінде неғұрлым кеңінен таралған.

Авторитарлық режимнің қазіргі елдердің көпшілігінде кеңінен таралуы және тұрақталуы авторитаризмнің қайнар көздерінің мәселелерінен гөрі, оның сақталуы мен ұдайы өндірілуінің себептері жөніндегі мәселені туындатады. Оған мыналар жатады: әлеуметтік өмір мен беделдің үйреншікті және тұрақты формаларына бағдар ұстаған қоғамның дәстүрлі типінің сақталуы; дамушы қоғамдардың әлеуметтік құрылымында клиентальды қатынастардың ұдайы өндірілуі; саяси жүйеге белсенді ықпал етуге халықтың бағыт-бағдарының жоқтығына тең басым болатын саяси мәдениеттің патриархалдық және азаматтық типтерінің сақталуы; халықтың саяси хабардарлығына діни нормалардың (ең алдымен исламның, буддизмнің, конфуциандықтың) елеулі ықпалы; экономикалық артта қалушылық; азаматтық қоғамның дамымауы; дамушы қоғамдардағы дау-жанжалдылықтың жоғары деңгейі.

Авторитарлық режимде қоғамдық өмір аз да болса еркін сипатта болатынын айта кеткен жөн. Мемлекеттің тарапынан қоғамдық өмірді басқару соншалықты жаппайлықпен жүргізілмейді, қоғам өмірінің экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық-отбасылық, рухани салаларына қатал түрдегі ұйымдасқан бақылау қойылмайды, шектеулі түрде болса да оппозициялық партиялардың өмір сүруіне жол беріледі, азаматтық қоғамның әр түрлі институттары әрекет етеді. Авторитаризм қоғамға бір ғана идеологияны таңуға ұмтылмайды, саяси ойлауда, пікір айтуда және әрекет етуде шектеулі және бақылаулы плюрализмге пікір алуандылығына жол береді, оппозицияның өмір сүруіне келісім береді, әр түрлі саяси күштер режимге сәйкес келмейтін дүниетанымдық мақсаттарды ұстана алады.

Дегенмен мұндай салыстырулар авторитарлық саяси режимдердің айтарлықтай ортақ белгілері бар екендігін көрсетпейді. Авторитарлық саяси режимдерді анықтауда мемлекет, қоғам және тұлғаның қарым-қатынастарының сипаты, ортақ ерекше биліктің қалыптасуы мен оның қызмет етуінде қолданылатын әдістердің жиынтығы елеулі түрде маңызды болып табылады.

Авторитарлық саяси режимдердің ортақ ерекшелікті белгілеріне төмендегілер жатады:

Біріншіден, халықтың биліктен шеттетілуі. Бір ғана адам немесе бір топ, не болмаса мемлекеттің бір ғана органы билікті алып жүруші болып табылады. Бұл харизматикалық көшбасшы, монарх, әскери хунта, диктаторлар, популистік көшбасшылар және т.б. болуы мүмкін. Олар қоғамда шектеусіз және бақыланбайтын билік жүргізеді. Авторитарлық қоғам халық пен биліктің арасына үлкен алшақтық туындатады. Осы алшақтыққа көпір орнатудан мемлекет те, халық та қашқақтайды. Заңдар тұлғаның мүдделерін емес, көбіне-көп мемлекеттің мүдделерін қорғайды. Заң саласында «рұқсат етілмегеннің бәріне тыйым салынған» принципі әрекет етеді.

Екіншіден, бірыңғай міндетті идеология болмаса да, мемлекеттік идеология басымдық етеді. Авторитарлық көшбасшылар (тоталитарлыққа қарағанда) үлкен мақсаттарға жетудегі, мысалы, әлемді қайта құру сияқты ұмтылыстарға деген өздерінің іс-әрекеттерін дәлелдемейді. Олар қоғамның жойылу алдында тұрғандығын мәлімдеп, оны құтқарудың міндетін өз мойнына алатынын айтады, содан кейін, олар билікті беруге даярмыз деп жұртты сендіреді.

Үшіншіден, биліктің айқын бөлінуі болмайды. Мемлекеттік саясатқа бақылау жасауда парламенттің ролін және сот билігіне атқарушы биліктің ықпалын шектей отырып атқарушы билік және ішінара заң шығарушы билік мемлекет басшысының қолына айтарлықтай шоғырланады.

Төртіншіден, бағынбайтындарды көндіруге мәжбүрлеу үшін қажетті күшке сүйену. Дегенмен, аталмыш режим тоталитаризмдегі сияқты жаппай қуғын-сүргін мен террорға ұмтылмайды. Сонымен қатар, ол белсенділігі әсіресе оң нәтижелерге жеткізіп таңқалдыратындай болса, көпшілікке танымал болу ісін де пайдалана алады.

Бесіншіден, саясаттың монополиялануы. Барлық саяси іс-әрекет саяси биліктің ерекше қызметіне айналады. Соған сәйкес басқа барлық саясат субъектілерінің ымырасыздығына: ашық-агрессияшыл саяси оппозицияға, белсенді-күшті саяси партиялар мен басқа да қоғамдық ұйымдарға тыйым салынады. Жекелеген жағдайларда авторитаризмде кәсіподақтар мен оппозициялық саяси партиялардың санына шектеу қойылып, олар биліктің қатаң бақылауына алынады. Сонымен қатар, адалдықты сақтау үшін басқарушы режимге мемлекеттік саясат пен саяси қайраткерлердің кейбір кемшіліктерін сынауға рұқсат етіледі.

Алтыншыдан, қоғамға толық, жаппай бақылау орнатудан бас тарту. Авторитарлық режимнің неғұрлым дамыған түрі – «саясаттан басқаның бәріне рұқсат» принципіне негізделген. Билік жалпыға бірдей бақылауға іске аспайтын мін тағудан бас тартады және тек бірнеше мәселелерді: жеке қауіпсіздікті, ұлттық қорғанысты, қоғамдық тәртіпті, сыртқы саясатты ғана өзінің толық бақылауында қалдырады. Сондай-ақ, саяси билік әлеуметтік қамтамасыз етуді ұйымдастыруға және дамудың жалпы стратегиясын жасауға белсенді түрде араласады. Экономика, мәдениет, дін, жеке бастың өмірі мемлекеттік бақылаудан тысқары қалады.

Жетіншіден, басқарушы элитаның қалыптасуы демократиялық жолмен емес, жоғарыдан тағайындау арқылы жүреді. Нәтижесінде авторитарлық көшбасшының айналасындағылар жеке ұнамдылық пен көсемге берілгендік негізінде іріктеледі, ал олардың іскерлік сапасы мен қабілеті ескерілмейді.

Мұндай ортақ ерекше белгілер негізінен барлық авторитарлық саяси режимдерге тән. Алайда, бұл режимдердің ерекше белгілері бар, соған сәйкес олардың типтеу мен жіктелуі жүргізіледі. Типтеуге келетін болсақ, авторитарлық биліктің нақты нұсқаларын анықтаудағы ғалымдардың көзқарастары әр түрлі болуы және амалдардың көп түрлілігіне орай, менің көзқарасым бойынша, авторитарлық саяси режимдердің әскери-авторитарлық, авторитарлы-теократиялық, самодержавиялық-монархиялық, олигархиялық, революциялық-популистік, авторитарлы-бюрократиялық секілді негізгі типтерін бөліп көрсетуге болады.

Айта кету керек, әскери-авторитарлық (немесе преториандық) режимдер көбіне мемлекеттік төңкерістің нәтижесінде пайда болады. Саяси құрылымның дағдарысы, дендеген әлеуметтік шиеленістерге ұрындыратын саяси тұрақсыздық әскерилердің билікті басып алуының себептері болып табылады. Әскери төңкерістердің әлеуметтік алғышарты «преториандық қоғам», оның ерекше белгілерін Д.Раппопорт: «ойын ережесіне» қатысты неғұрлым ықпалды топтардың арасында ортақ келісімнің болмауы; билікті қайта бөлуге және негізгі саяси күштер арасында ресурстарды қайта бөлуге байланысты күшті дау-жанжал; қоғамның қатаң әлеуметтік поляризациялануы; биліктің легитимділігі мен институционализациялануының төмен деңгейі деп тұжырымдап берген.

Әскери диктатураларды орнату, әдетте бұрынғы конституцияның жойылуымен, парламентті таратумен, кез келген оппозициялық күштерге толық тыйым салумен, заң шығарушы және атқарушы биліктің әскери кеңестің қолына шоғырлануымен қатар жүреді. Әскер, полиция және арнайы қызмет іске асыратын кең өрісті лаңкестік әрекет әскери диктатуралардың айырықша белгісі болып табылады. Әдетте, әскери-авторитарлық режимдер экономикалық тиімділікті қамтамасыз ете алмайды. Олар көпшілікті әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмылдыра алмайды, өзіне олардың қолдауы қамтамасыз ете алмайды, билікті институционаландырумен байланысты тудырған проблемаларды шешуге қабілетсіз. Мұндай режимдер Африкада, Шығыс елдерінде, Латын Америкасының көптеген елдерінде өмір сүрген болатын.

Авторитаризмнің тағы бір түрі авторитарлы-теократиялық режимдер болып табылатындығын атап айтқан жөн. Режимдердің бұл типі саяси биліктің фанатикалық, діни кланның – дін қызметкерінің қолына шоғырлануын білдіреді. Бұл типтің мысалы ретінде Ирандағы Аятолла Хомейни режимін айтуға болады. Шындығында, сипаты жағынан авторитарлы-теократиялық режим тоталитарлық режимге өте ұқсас келеді[53].

Самодержавиелік-монархиялық режимдер өткеннің сарқыншағы түрінде әлемнің қазіргі саяси көрінісінде де сақталған. Бұлардың қатарына Парсы шығанағы елдері – Сауд Арабиясы, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Бахрейн, Оман, сондай-ақ Непал, Марокко, Иордания және т.б.-ның абсолюттік монархиялары жатады. Бұл елдерде биліктің бөлінуі, саяси бәсекелестік дегендер болмайды, билік шағын адамдар тобының қолына шоғырланған, аристократиялық таптың яғни басқарушы элита идеологиясы үстемдік етеді.

Авторитарлық режимдердің қазіргі типтерінің бірі олигархиялық режимдер болып табылатындығын атап көрсеткен жөн. Әдетте, олигархиялық режимдерде экономикалық және саяси билік бірнеше ықпалды отбасыларының қолына жинақталады. Төңкерістің немесе сайлау қорытындыларын бұрмалаудың көмегімен бір лидер екіншісін ауыстырады.

Олигархиялық режимдер бюрократия блогының гегомониясы мен компрадорлық буржуазияға негізделеді. Компродорлық буржуазия – бұл шетел капиталы мен ұлттық нарықтың арасында делдалдықты жүзеге асырған, экономикалық артта қалған, тәуелді елдердің буржуазиясының бір бөлігі. Мұндай режимдер Маркос президент болып тұрған кезде Филиппинде (1972-1985), Тунисте, Камерунде және т.б. елдерде өмір сүрді.

Айта кету керек, олигархиялар көбіне, қызметі формальды саналатын биліктің өкілдік органдарының қалқасында бой тасалайды, ал нақты билік компрадорлық буржуазияның жеке басының және олардың ортақ мүдделерін білдіретін бюрократияның қолында болады. Заң шығарушы органдар «жоғарыдан» құрылғандықтан соған орай ол көпшіліктен қолдау таппайды да, халық алдында заңсыз болып көрінеді. Мұндай режимдердің экономикалық тиімділігі аса шектеулі. Шикізат қорларын экспортқа шығаруға және шикізат өндіруді дамытуға бағыт ала отырып, буржуазия іс жүзінде ұлттық өндірісті дамытуға қызығушылық танытпайды. Қоғамдағы халықтың қайыршыланған көпшілік пен тез арада байыған азшылыққа шапшаң жіктелуі олигархиялық режим саясатының әлеуметтік нәтижесі. Халықтың қалың жігін қамтыған үлкен наразылық жүйеге қарсы оппозицияны әскери-саяси және көтерілісші ұйымдардың жетекшілігімен бұқараның үкіметке қарсы іс-әрекеттерін нығайтуда жақсы қызмет атқарады. Мұндай қозғалыстардың кездейсоқтығының өзі сонда, «азшылықтың демократиясына» қарсы бағытталған олар бір мезгілде Батыста демократияның (ең алдымен парламенттерге қарсы) ажырамайтын бөлігі болып табылатын институттарына қарсы шығады. Әскери төңкерістер немесе азамат соғыстары олигархиялық режимдердің тұрақсыздығының салдары болып табылады. Бұл режимдердің элитасы шіркеумен және әскери билеуші топпен тығыз байланысқан.

Революциялық-популистік режимдер халық ұнататын және қызу қолдайтын бір адамның көсемшілдік-саяси жетекшілік етуімен ерекшеленеді. Режимнің бұл типіне жалпы ұлттық көшбасшыны қолдауға бағытталған бұқараның идеологиялық жағынан жұмылдырылуы тән. Сондағы режим қолданатын билік заңдылығының басты құралдары: плебисцитпен манипуляция жасау; бұқаралық манифестациялар, шерулер, қолдайтын митингілер арқылы халықты саясатқа тарту; «кішкентай адамдарды» дәріптеу; қоғамның «халықаралық империализм» мен космополиттік капиталдың алдында бірігуі болып табылады. Билік олигархияны ұната бермейтін орта таптан қолдау іздеуге бейім келеді.

Революциялық-популистік режимнің ерекшелік белгісі – ең көп бұқара халықтың патерналистік күтілісін көрсететін экономикалық, әлеуметтік және рухани өмірдің этатистік негізін күшейту. Билеуші күштердің әлеуметтік блогының негізін этатистік бағытталған топтар және саяси бәсекелестіктің бір жағында – олигархия, ал, екінші жағында – либералдық-демократиялық күштер болып табылатын ірі өнеркәсіптік буржуазия құрайды.

Басқарушы элитаның этатистік саясаты ерте ме, кеш пе жоғары инфляция мен экономиканың терең дағдарысына әкеліп соқтырады. Революциялық популизмнің жарқын мысалына Бразилиядағы Варгос, Египеттегі Насер, Ливиядаға Каддафи режимдері жатады.

Авторитарлы-бюрократиялық режимдерде маңызды шешімдер қабылдауда басты рөлді жоғары мемлекеттік шенеуніктер атқарады. Атқарушы биліктің басшысын сайлау процедурасы іс жүзінде болмайды. Атқарушы биліктің басшысын сайлау процедурасы болмағандықтан, атқарушы биліктің легитимизациясының механизмі де болмайды. Сондықтан бюрократия әскерге сүйенуге, сондай-ақ партиялар мен кәсіподақтарды айналып өтуде мемлекет пен қоғамды байланыстыратын, ол құрған корпорациялар желісіне сүйенуге мәжбүр болады.

Бюрократия билікке келгеннен кейін оның өз ішінде бір-бірімен бақталас бірнеше топтар құрылады. Олардың бірде-біреуі өздерінің лидерін атқарушы биліктің басына әкеле алмаса, онда өзінің болмашылығымен көпшілік топтарды қанағаттандыратын «формальды лидер» ұсынылуы мүмкін. Фракциялардың бірі жеңіске жеткен жағдайда оның лидері іс жүзінде атқарушы биліктің басшысына айналады. Жауласқан фракцияларды ымыраға келтіруге қабілетті және шешуші қызмет орындарына өз адамдарын тағайындайтын лидердің пайда болуы да мүмкін.

Осыған байланысты авторитарлы-бюрократиялық режимнің түрлері – бюрократиялық авторитаризм мен даму авторитаризмі жеке қарастыруды, зерттеуді талап ететіндігін айтқан жөн.

Кейбір саясаттанушылар авторитарлық саяси режимдер типтерінің бірі ретінде – авторитаризм мен демократияның белгілерін үйлестіретін өтпелі (гибридті) режимдерді бөліп көрсететінін ерекше атап айту керек. Олардың әр түрлілігіне, менің көзқарасым бойынша, диктократияны, демократураны және делегативті демократияны жатқызуға болады.

Диктократия либералдандыруды демократиясыз жүргізген жағдайда пайда болады. Бұл мұндай жағдайда басқарушы элитаның қоғамға есеп бермейтін кейбір жеке және азаматтық құқықтарымен келісетіндігін білдіреді. Осындай режим саяси көпшілікке зиян келтіретін ресурстардың маңызды бөлігін бақылайтын саяси азшылықты жоғары бағалайды. Мұндай режим, мысалы, Кения мен Кот д’Ивуарде, сондай-ақ, басқа да африкалық мемлекеттерде қалыптасты.

Демократура либералдандырусыз демократияландыруды топшылайды. Бұл басқарушы элитаның билігіне ешқандай қауіп төндірмейтіндей жағдайда ғана сайлауға, көппартиялыққа және саяси бәсекелестікке жол берілетіндігін білдіреді. Іс жүзінде, көпшіліктің саясатқа қатысуы басқарушы элитаға тікелей қолдау көрсету ретінде қарастырылады. Мұндай режимдердің мысалы ретінде 80-жылдардың ортасынан бастап сайлаулар саяси және азаматтық құқықтарды бұзумен жүргізілген Сальвадор мен Гватемаланы айтуға болады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: