Саяси процесс 15 страница

Технологияға байланысты стратегияны таңдау меншікті (жеке) ресурстарды, олардың белгіленген жоспарды, іске қол жеткізуге болады-ау деген межені жүзеге асыруға жеткіліктілігін дұрыс бағамдауға негізделуі тиіс. Қабылданатын шешімге қарсылықтың қандай дәрежеде болатынын да мөлшерлей білу керек; іс-әрекеттің сәтсіздікке ұшырауы жағдайында үкімет оның мәртебесін сақтайтын және басқару жүйесіндегі тұрақсыздықты жоятын іс-шаралар жоспарын жасауға міндетті; өйткені ситуация өзгерген жағдайда шешім қабылдаудың резервтік жүйесіне өтудің варианттары болғаны дұрыс. Икемді саяси стратегияны және ресурстарды пайдалану технологиясын жүзеге асырудың алғы шарты мақсатқа қол жеткізудің алғашқы нәтижелері жайындағы ақпаратты интенсивті түрде жинау, аралық нәтижелерді қадағалау, мақсаттарда және оған қол жеткізуде алшақтық байқалған жағдайда қабылданған шешімдерге түзетулер енгізу болып табылады.

Әдетте саяси шешімдер технологиясын жүзеге асырудың бірнеше негізгі түрлерін бөліп көрсетуге болады: популизм, элитизм, консерватизм, демократизм және радикализм. Осы түрлердің қай-қайсысына да саяси бағытты жүзеге асыруды биліктік реттеудің белгілі бір әдістері, билік пен халықтың арасындағы өзара қарым-қатынас сипаты, билік етудің ақпараттық режимі тән.

Айталық, популизм билік мақсаттарына жетудің негізгі құралы ретінде қоғамдық пікірге апелляция жасай отырып, тікелей халықтың көңіл-күйіне сүйенеді. Сондықтан ол саяси ситуацияларды жеңілдетуге, ал кей жағдайда ұсынылатын қоғамдық мақсаттарды ушықтыруға бағдар ұстауға мәжбүр болады. Билеуші элита халыққа әлдебір үндеу, ұран тастауға тырысады, олардың ойынша оның жүзеге асырылуы қоғамдағы барлық қайшылықтарды жеңуге және табысқа тез жетуді қамтамасыз етеді. Сонымен бірге популизм жарқын, бірақ іске аспайтын ұрандарды ұсынады. Популизм, әсіресе, харизматикалық басқаруда нақты орын алады. Бірақ, бұл популистік шаралар басқарудың ұтымды әдістерін қолдайтын демократиялық, сондай-ақ басқа режимдерде де саяси бағыттың құрамдас бөлігі бола алады.

Элитизм саяси элитаның мүмкіндіктеріне сүйенуге бағдар ұстайды. Элитизмнің басты ерекшелігі – азаматтардың шешім шығаруға ғана емес, оған түзетулер беру ісіне белсендірек араласуын тоқтатуға, электоратпен өзара байланысты нығайтатын әр түрлі делдалдық формаларды өрістетуге, жұртшылықтың саяси ақпарат алуының жолын кесуге, саяси шешімдер қабылдаудың барлық кезеңінде де оның жүзеге асырылуы және орындалуы механизмін жабық күйінде ұстауға бағыт алуы болып табылады.

Консерватизм орнықты құндылықтарды арқау етеді. Билік қызметінің консервативтік саясаты кезінде мемлекеттік билік органдарының құрылымы мен функциясын, саяси реттеудің дәстүрлі формалары мен әдістерін сақтауға нұсқау беру басымырақ орын алатын болады. Басқарудың мұндай әдістері азаматтардың аталған қоғамда сақталатын және құрметтелетін құндылықтар мен идеялдар жолымен жүруін қолдайтын тұрақтандырылған саяси режимдерге тән болып келеді. Бұл, сөз жоқ, патриоттық көңіл-күйді күшейтеді және қоғамдық және саяси организмдердің тұтастығын сақтауды қамтамасыз етеді.

Әдетте бұған қарама-қарсы нәтижелер беретін радикализм болып табылады. Радикализм реформалауды жеделдетіп жүргізуге бағыт ұстайды. Ол қатаң және ымыраға (келісімге) келмейтін механизмдерге сүйеніп жұмыс істейді. Радикализм саяси басқарудың формасы ретінде қоғамда азаматтық келісім, тәртіп орнатуға және халықтың тұрмысын жақсартуға сирек үлес қосады[134]. Революциялық режимдердің басқаруының негізгі әдісі – зорлық-зомбылық болып табылады. Ол билікті қайта құрудың жойқын қаруына айналдырып, азаматтардың жаппай қырылуына әкеліп соғады.

Ғаламдық келешек мақсаттар үшін адамдардың маңызды құқықтары мен мүдделерін елемейтін радикализмнен гөрі, демократизм азаматтардың нақты қажеттіліктері мен тілектерін, олардың ажырамас құқықтары мен бостандықтарын бағдарда ұстайды. Сонымен бірге, демократизм көпшілік халықтың пікіріне арқа сүйейді. Сонымен қатар демократизм шешімдерді мәмілеге келушілік механизмдеріне сүйеніп жүзеге асырады. Қарапайым азаматтар мен элитаның арасындағы өзара жауапты қарым-қатынас атмосферасын өрістете отырып, демократиялық саясат билікпен ынтымақтасуға ниеті бар адамдардың сеніміне ие болуға тырысады. Сайлау циклдарының құқықтық процедурасын, билікті бөлу принциптерін, оппозициямен өркениетті қарым-қатынасты сақтау, әдетте, саяси басқару арсеналынан қатаң әлеуметтік мәжбүрлеу құралын ығыстырып шығарып, азаматтардың өзіндік тәртібі мен өз ықтиярынсыз көну механизмін кеңейтеді. Сондай-ақ субъективті саяси шешімдер қабылдаудың мүмкіндігін азайтуға септесетін кейбір талаптарға назар аударуға тура келеді. Олардың ішінен мыналарды бөліп көрсетуге болады: мақсаттылық, дер кезінде әрекет ету, жүйелілік, реализм, ғылыми негізге сүйенушілік. Осы және басқа да талаптарды сақтағанда ғана саяси шешімдерді жүзеге асыру саяси қызметтің тиімділігін қамтамасыз етеді, саяси тұрақтылықты және қоғамның тұтастығын нығайтуға қызмет қылады.

Саяси шешімдерді қабылдау және жүзеге асыру технологиялары басқару және саяси жанжалдарды бақылау технологияларымен тікелей байланысты екендігін анықтаған жөн.

4. Саяси жанжалдарды басқару және бақылау технологиялары

Қоғамды әлеуметтік дифференциациялау, табыстың, биліктің, мәртебенің және т.б. әр түрлі деңгейде болуы жанжалдарға жиі әкеліп отырады. Жанжалдар қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Солардың ішінде едәуір үлесті саясаттануда әлі де аз зерттелген саяси жанжалдар алады. Сондықтан, билік үшін бәсеке шығындарын төмендетуге және осы майдандағы меншікті шығынды азайтуға мүмкіндік беретін басқару технологиясын жасау және оларды бақылау технологиясы саяси қарым-қатынас жасайтындардың кез келген мүшесі үшін, оның ішінде билеуші режим үшін бірінші дәрежелі маңызы бар міндетке айналады.

Тиісінше, саясаттанудың алдында адамдарға жанжалдарды басқару технологиясын үйрету, оларды жүзеге асырудың қоғам үшін ауыртпалықсыз өтетін әдістері мен тәсілдерін талдап жасау міндеттері тұр. Бұл үшін, бәрінен бұрын жалпы алғанда әлеуметтік жанжалдың, жекелей алғанда саяси жанжалдың табиғатын тани білу керек.

«Жанжал» дегеннің ұғымы латынның «conflictus» – қақтығыс деген сөзінен бастау алады. Әлеуметтік жанжалдардың негізі К.Маркстің, М.Вебердің, Э.Дюркгеймның еңбектерінде атап көрсетілген. Қазіргі кезде әлеуметтік жанжалдардың табиғаты мен формасына деген көзқарастың алуан түрлілігі соншалықты, бұл ретте бүтін бір мектептер мен бағыттар, тіпті ғылыми пәндер, атап айтқанда «конфликтология» пайда болады.

Жанжал – бұл екі немесе одан да көп әр түрлі бағыттағы күштердің қарама-қарсы әрекеттер жағдайында өз мүдделерін жүзеге асыру мақсатындағы қақтығысы болып табылады.

Қоғамдық өмір әр түрлі жанжалдарға толы[135]. Ол қай салада туындауына байланысты экономикалық, әлеуметтік, мәдени, конфессионалды, саяси жанжалдар болып бөлінеді. Саяси жанжалдар саяси мүдделер мен сол мүдделерді тоғыстырушылар өзара әрекет ететін, сондай-ақ күрестің саяси әдістері мен жанжалдарын шешу қолданыс тапқан жерлердегі әлеуметтік қатынастар түрін көрсетеді. Саяси жанжалдар – саяси мүдделерінің, мақсаттарының, қажеттіліктерінің, құндылықтар немесе білім жүйесінің кереғарлығы айқын байқалып отырған екі немесе бірнеше субъектілердің қақтығысы, қарсылығы болып табылады.

Әр түрлі субъектілердің саяси жанжалдарды ғылыми басқару мен бақылауға деген жалпы ниеті олардың негіз боларлық құрылымдық элементтерін және параметрлерін айқындауды жорамалдауға мүмкіндік береді. Мұның өзі белгіленген мақсаттарға жетуге жол ашпақ. Аталған элементтер субъектінің саяси саладағы мақсаткерлік қызметінің ерекше құрылымын белгілейді, оған ерекше түр мен мазмұн береді. Көзқарастарындағы белгілі бір қайшылықтарға қарамастан, маман-конфликтологтар әдетте жанжалға негіз боларлық элементтер ретінде мыналарды бөліп көрсетеді: дауға қатысушылар арасындағы қайшылықтардың мәнін бейнелейтін жанжалдың көзі, негізі; тараптардың өз мүдделерін, мақсаттарын, бәсекелеспен қарым-қатынастағы позициясын қорғауға байланысты белсенді іс-әрекеттің бастауы боларлық нақты қағидаларды сипаттайтын себептер; саясат саласындағы билік құрылымдары мен ресурстар жөніндегі таласқа тікелей немесе жанама түрде қатысушы жанжал тараптары; бәсекелестік өзара іс-әрекетте контрагентке өз мақсаттарын білдіретін субъектілердің түсінігі мен позициясы туралы түсінігі және олардың мінез-құлқының басқа да субъективті сипаттамалары; тараптар қолданатын қарапайым ресурстарды сипаттайтын жанжал құралдары, бір-бірімен өзара іс-әрекеттегі әдістер мен тәсілдер; бәсекелесуші тараптардың неғұрлым қарапайым қарым-қатынасын көрсететін жанжал сипаты, олар ұстанатын позицияның қатаңдығы немесе иілімділігі, дау мәселесінде модификацияға бейімділігі, делдалдарды тартуы және т.б.

Кең мағынасында алғанда саяси жанжалдардың көздері мен себептері әлеуметтіктен тыс, әлеуметтік және комбинацияланған болып бөлінеді. Оның біріншісіне адамның агрессивтілігі, үрей сезімі, дүрліктірушілік әрекеті, аштық пен оның мінезіндегі басқа да инстикті мотивациялар тәрізді белгілі сипаттарына негізделген саяси шиеленісушіліктің көптеген ошақтары жатады. Осындай факторларға байланысты саяси жанжалдар халықтың тергеусіз соты, аштық бүлігі, фанатиктердің террорлық актілері түрі, басқа да ұтымды емес, себепсіз акциялар ретінде көрінеді. Адам мен табиғаттың өзара байланысын көрсететін (ал бұл екеуі де жанжалдың дамуына аз үлес қоспайтыны белгілі) аралық сипаттағы қайшылықтар саяси жанжалдардың арнайы ошағы болып табылады. Жекелей алғанда, экологиялық апаттың саяси салдарларынан, ірі кәсіпорындарда болған авариядан, табиғи апаттан туындайтын жанжалдар. Мұндай ауқымы үлкен жанжалдар табиғи апаттардан ғана емес, сонымен бірге осы оқиғаны ұлғайта түсетін адамның өзінің іс-әрекетінен туындайтын әлеуметтік себептерді реттеумен байланысты болмақ.

Алайда саяси жанжалдардың негізгі себептері ретінде бәрінен бұрын саясат субъектілері мәртебелерінің, олардың рөлдерінің мәні мен функциясының, мүдделері мен қажеттіліктерінің үйлеспеушілігін айқындайтын қоғамның әлеуметтік жіктелінушілігін атауға болады. Әлеуметтік позициялардың тең еместігі жеке адамдардың (индивидтердің), адамдар қауымдастығының әлеуметтік топтарының даму ресурсына барар жолдың әр түрлі екендігін білдіреді. Көптеген саяси жанжалдарға ресурстарға кім иелік етеді және оған қандай жолдармен билік жүргізеді? Деген сауалдар себеп болады.

Ресурстарға қожалық ету жөніндегі күрес билеуші элита мен контрэлитаның, әр түрлі саяси партиялар мен белгілі бір күштердің мүдделерін білдіретін және меншікті, ұлттық табысты, мемлекеттік бюджетті және т.б. қайта бөлу күресіне итермелейтін қысым жасаушы топтардың арасындағы жанжалдың өзара қарым-қатынасын білдіреді. Сонымен, саяси жанжалдың негізгі субъектісі ірі әлеуметтік топтар болып табылады. Олардың қажеттіліктері, мүдделері, мақсаттары, әрекеттері билікті пайдаланудың арқасында жүзеге асырылатындықтан, жанжалға тікелей қатынасатын да мемлекеттік аппарат, парламенттік фракциялар, қысым жасаушы топтар және т.б. саяси ұйымдар болып табылады.

Саяси жанжалдардың неғұрлым жарқын формалалары ретінде революция, бүлік, көтеріліс, азаматтық соғыс бұқаралық қарсылық іс-әрекеттерді айтуға болады. Саяси жанжалға саясат субъектілерінің әлеуметтік тәртіпті өзгерту, немесе оны сақтау мүмкіндігін теориялық та практикалық жағынан қамтамасыз ету жолындағы қарсы әрекеті деп анықтама беруге болады. Бұл мүмкіндікті жүзеге асыру мемлекеттік биліктің қаржы, репрессивті аппарат және т.б. құралдарын иемденуге мүмкіндік береді. Сондықтан, саяси жанжалға қатысушылардың бірінші кезектегі міндеті мемлекеттік биліктің тұтқасын ұстау немесе соған ие болу болып табылады. Сонымен бірге саяси жанжал билікті жеңіп алумен және оны ұстап тұрумен ғана шектелмейді. Онда әр түрлі қоғамдық саяси топтар мен олардың көшбасшылары қорғап отырған әлемнің әр түрлі көріністері арасындағы күрес те өрістетіле түседі.

Осыған байланысты саяси жанжал барлық басқа жанжалдар сияқты ұлғаюы мен оны шешудің бірнеше кезеңдерін бастан өткеретін динамикалық процесті көрсетеді. Әдетте әлеуметтік-саяси жанжалды жанжал алды, жанжал, жанжалды шешу және жанжалдан кейін деп төрт түрлі сатыға бөлуге болады. Өз кезегінде әрбір сатыны бірқатар фазаларға бөледі[136].

Бірінші, жанжал алды сатысы екі фазада дамиды. Бастапқы фаза жанжалдық ситуациялардың қалыптасуымен және жеке адамдар және топтық қатынастар жүйесіндегі қайшылықтардың жанжалдық өзара іс-әрекет субъектілерінің мүдделерінің, құндылықтары мен нұсқауларының алшақтауы жағдайында өрши түсуімен сипатталады. Бұл сатыда жанжалдың дамуының жасырын (латенттік) фазасы жайында да айтуға болады.

Бұл сатыны «депривация» әлеуметтік-психологиялық түсінігінің көмегімен сипаттауға болады. Депривация – бұл күту мен оларды қанағаттандыру мүмкіндігі арасында алшақтықтың болуы тән нәрсе болып келетін жағдай. Депривация уақыттың өтуі барысында не күшейіп, не азайып, не болмаса өзгеріссіз қалып отырады.

Еуразия конфликтологиясында бұл сатыны көбінесе «әлеуметтік шиеленісушілік» ұғымының көмегімен түсіндіруге тырысады. Әлеуметтік шиеленісушілік – бұл қоғамдық сананың ерекше әлеуметтік-психологиялық жай-күйі, жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың және тұтас алғанда қоғамның ахуалы болып табылады, оқиғаларды қабылдау мен бағалау жоғары эмоциялы қозушылықпен, әлеуметтік реттеу және бақылау механизмінің бұзылуымен сипатталады. Саяси жанжалда әлеуметтік шиеленісушілік қарсылық акциясының өсуімен көрінеді, олар: демонстрациялар, митингілер, президент пен үкіметтің отставкаға кетуі, саяси бағыттың өзгеруін талап ететін ереуілдер. Бұл акциялар көбінесе рұқсат етілмеген сипатта өтеді, ал оны ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар биліктің бұл ереуілдерді тоқтату жөніндегі талаптарын елемейді.

Әлеуметтік шиеленісушілік тараптар нақты белгілеген жанжалдар болмаған жағдайда, «біз – олар» бағыты бойынша ашық формадағы қасарысу орын алмаған кезде қалыптасады.

Бірінші сатының екінші фазасы қақтығыстың, немесе себептің, яғни жанжалдасушы тараптарды қозғалысқа итермелейтін әлдебір сыртқы оқиғалардың әсерімен басталады. Бірінші сатының бұл фазасында жанжал латентті фазадан ашық формаға ауысып, ұжымдық бағыттың (мінез-құлықтың) әр түрлі формаларында көрінеді.

Дау-жанжалдың беталысы жанжалдың дамуының екінші, негізгі сатысын сипаттайды. Дау-жанжалдың беталысы – бұл қарсы тараптардың жетістіктерін олардың мақсаттары, ниеттері, мүдделерімен қоса блокадалауға бағытталған іс-әрекет. Бұл фазаға өту үшін басқа тараптарға қарама-қарсы ретінде өзінің мақсаттары мен мүдделерін сезіну ғана емес, сонымен бірге күреске нұсқау алу, оған психологиялық жағынан дайын болу да қажет. Мұндай нұсқауды қалыптастыру дау-жанжал бағытының бірінші фазасының міндеттеріне жатады. Бұл фазадағы мүдделер жанжалы терең қарама-қайшылықты білдіреді, өйткені мұнда жеке адамдар мен әлеуметтік топтар реттеуге ұмтылмақ тұрмақ, өзара байланыстың, өзара іс-әрекеттің және қарым-қатынастың қалыптасқан бұрынғы құрылымын бұза отырып, қайшылықты барлық жағынан да тереңдете түседі.

Әлеуметтік шиеленісушілік бұл сатыда саяси дағдарысқа ұласуы мүмкін. Оған ел алдында тұрған проблемаларды шешуде өзінің икемсіздігін танытқан билеуші топтың қызметіне ортақ (бұқаралық) наразылық пен ашу-ыза білдіру тән. Саяси дағдарыс бұқараның саяси мемлекеттік көшбасшысына, үкіметке, билеуші партияға деген сенімін жоғалтуын білдіреді.

Дау-жанжал бағытының бірінші фазасы жанжалды ұлғайту тенденциясын тудырады, бірақ ол оған қатысушыларды жанжалды шешу жолдарын іздестіруге ынталандыра алады. Толғақты өзгеріс жанжал беталысының екінші фазасына тән нәрсе. Бұл фазада «құндылықтарды қайта бағалау» және ұстанған бағыттың бұдан арғы жердегі тактикасын таңдау жүзеге асырылады. Жанжалдың барысы тараптардың өздері жайындағы, қарсыластары мен сыртқы орта туралы түсінігін өзгертеді, ресурстар таусылады.

Жанжалдасушы тараптар қимыл көрсетудің мына төмендегідей бағдарламасын таңдауы мүмкін: біріншіден, жеңіске толық қол жеткізгенге дейін жанжалды жалғастыру; екіншіден, шиеленісушілік деңгейін төмендету, қарсыласына ішінара жол беру есебінен жанжалды жасырын формаға ауыстыру; үшіншіден, жанжалды шешудің әдістерін іздестіру. Егер үшінші бағдарлама таңдалатын болса, онда жанжалдың дамуындағы үшінші кезең – оны шешу кезеңі туады.

Жанжалды шешу объективті ситуациялардың өзгеруі арқылы да, сондай-ақ субъективтік-психологиялық қайта құрулар арқылы да, жауласушы тараптарда қалыптасқан ситуацияның субъективтік образының өзгеруі жолымен де жүзеге асырылады. Жанжалдың ішінара және толық шешілуі де мүмкін. Толық шешу жанжалды субъективтік және объективтік деңгейлерде тоқтатуды, жанжал ситуациясының бүкіл сипатында оны түбірінен қайта құруды білдіреді. «Жаудың образы» «әріптес образына» ауысып, ал күреске деген психологиялық нұсқау ынтымақтасуға бағдар ұстаумен алмастырылады. Жанжалды ішінара шешу кезінде тек сыртқы жанжалдың бағыты өзгереді, ал қасарысуды жалғастырар ішкі қозғаушы нұсқаулар сақталынады.

Осы заманға конфликтология жанжалды тиімді шешуге мүмкіндік беретін шарттарды тұжырымдап береді. Олар: жанжалдың себептерінің диагнозын дер кезінде және дәл қою; тараптардың қай-қайсысының да мүдделерін мойындау негізінде қайшылықтарды жеңуге екі жақтың да ынталылығы; жанжалды болдырмаудың жолдарын бірлесіп іздестіру.

Жанжалдан кейінгі қорытынды сатыға баса мән беріледі. Бұл сатыда барлық күш-жігер мүдделер, мақсаттар, директивалар қайшылығын жоюға жұмсалынуы тиіс, әлеуметтік-психологиялық шиеленісушілік жойылып, кез келген күрес тоқтатылуы керек.

Жанжалдың өту барысын басқаратын технологияларды анықтау олардың түрін айқындауға тікелей байланысты екенін айтуымыз керек. Бұл ретте саяси жанжалдарды жіктеу мен түрге бөлудің көптеген түрліше өлшемдері бар.

Аймақтар және аумақтары тұрғысынан қарағанда ішкі саяси және сыртқы саяси жанжалдар болып бөлінеді. Сыртқы саяси жанжалдар халықаралық қарым-қатынастар саласында өріс алады. Жекелеген мемлекеттер, мемлекеттер тобы немесе халықаралық ұйымдар оның негізгі субъектісі саналады. Мұндай жанжалдардың ерекше формасы әлемдік және жергілікті шеңберде болатын соғыстар, сондай-ақ экономикалық сауда және кедендік жанжалдар болып табылады.

Ішкі саяси жанжалдар мемлекеттік басқару технологиясы саласындағы, немесе қоғамдық өмірдің басқа да салаларындағы ішкі саяси процестердің сипатын көрсететін биліктің әр түрлі субъектілері (билеуші және оппозициялық элиталар, бәсекелес партиялар мен топтар, орталық және жергілікті билік) арасындағы өзара іс-әрекетті бейнелейді.

Саяси жанжалдарды уақыттың өтуіне байланысты ұзақ мерзімдік және қысқа мерзімдік түрлерге бөлуге болады. Демек, жекелеген жанжалдардың қалыптасуы және оларды шешу саясатта қысқа мерзімнің ішінде аяқталуы да мүмкін, сонымен бірге тұтас бір ұрпақтың өміріне парапар уақытқа созылуы да сөзсіз.

Ал, жариялылығы тұрғысынан келсек, жанжалдасушы тараптардың өзара іс-әрекетінің ашық, сырттай белгіленген формасы туралы және билік үшін күрестің көлеңкелі әдістері үстем болатын, немесе субъектілердің өздерінің биліктік өкілеттіктерін даулайтын жабық түрдегі жанжалдар туралы айтуға болады.

Басқарудың режимі мен оның құрылымына және ұйымдастырылу формасына сәйкес вертикальды және горизантальды жанжалдар деп бөлуге болады. Вертикальды жанжалдар биліктің әртүрлі деңгейлеріндегі, орталық және аймақтық элиталарға, федаралдық және жергілікті өзін өзі басқару органдарына жататын субъектілердің қарсылығын білдіреді. Горизонтальды жанжалдар бір ғана тәртіппен жұмыс істейтін субъектілердің және билік жүргізушілердің яғни билеуші элитаның ішінде, билеуші партиялардың, бір саяси бірлестіктің мүшелері арасында болатын нақты өзара іс-әрекетін білдіреді.

Мәселелерді шешу формасына қарай саяси жанжалдар өктемдік ету және бейбітшілік жолдарымен шешілетін жанжалдар болып та бөлінеді.

Жанжалдың болатын орны, дәрежесі және оны реттеудің сипаты тұрғысынан алсақ, саяси жанжалдар саяси жүйелер шеңберінде жүзеге асырылатындықтан институционалдық, сондай-ақ бұл шеңберлерден шығып кететіндіктен институционалдықтан тыс болып бөлінеді. Институционалдық ішкі саяси жанжалдардың субъектісі ретінде саяси ойындардың біртұтас ережесіне бағынатын, бірақ әр түрлі позициялардағы саяси институттар, ұйымдар әрекет етеді. Айталық, биліктің әр түрлі бұтақтарының, биліктің орталық және жергілікті органдарының жанжалдары осыған жатады.

Тұтас жүйенің немесе жекелеген топтардың мүдделері мен мақсаттарын көздемейтін саяси жүйенің жекелеген элементтері, билеуші топтың саясаты осындай жанжалдарға итермелейді. Оларды шешу билік саясатында жекелеген өзгерістерге әкеледі.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: