Саяси процесс 4 страница

Саяси сананың теориялық деңгейін қоғамның саяси өмірін басқаратын заңдарды ашуға бағытталуы ерекшелендіреді. Сондықтан саяси сананың теориялық деңгейі саяси сипаты бар алуан түрлі тұжырымдамалар, идеялар, көзқарастармен көрсетілген. Бұл деңгей ғылыммен және қайсыбір таптың, билеуші топтың идеологиясымен тығыз байланысқан. Десек те идеология (саяси) мазмұны бойынша теориялық санамен (саяси теориялармен) біршама сәйкес келеді, бірақ өзінің ерекшелігі де бар екенін айтқан жөн.

Саяси теорияның (теориялық сананың) міндеті – саясаттың пайда болуы мен одан әрі дамуын түсіндіруге мүмкіндік беретін саясат туралы жүйеленген білімді жасау.

Осымен байланысты теориялық деңгейде саясатты жете түсіну, біріншіден, іргелі-стратегиялық және ағымдағы тактикалық маңызды саяси мақсаттар мен міндеттерді қоюға және шешуге мүмкіндік береді, екіншіден, оларға жетудің құралдары мен әдістерін анықтайды, үшіншіден, пісіп-жетілген проблемаларды шешудің ұйымдық саяси қамтамасыз ету бағыттары мен жолдарын анықтайды. Мұндай жете түсіну саяси шешімдер мен мақсатты бағдарламалардың іске асу барысына бақылау механизмін жасауға; саяси оқиғалардың нақтылы барысына ғылыми сараптама жасауға; билік органдары қабылдаған саяси шешімдердің шынайы және мүмкін салдарларын практикалық тәжірибенің мәліметтерін ескере отырып,, саясатты түзетуге мүмкіндік береді.

Саяси сананың эмпирикалық деңгейі тікелей саяси практикаға, саяси процеске жекелеген адамдардың және әр түрлі әлеуметтік қауымдастықтардың шын қатысуына негізделген. Ол саяси процеске қатысатын субъектілердің өздерінде пайда болатын бақылау, сезіну, елестету, сағым, әсерленушілік формасындағы саяси шындықты бейнелейді. Саясат саласындағы теориялық көзқарастармен қатар олар бұқарада саясат және саяси қайраткерлер жөнінде қоғамдық пікірді, ал кең көлемде – қоғамның саяси мәдениетін қалыптастырудың негіздік қызметін атқарады.

Үйреншікті, кәдімгі әдеттегі саяси сана қоғамның басым көпшілік мүшелерінде орнығады, оған күнделікті өмірде қалыптасу тән. Десек те саяси сананың қарапайым деңгейі саяси сананың эмпирикалық деңгейімен тығыз байланысқан, солай болғанымен де одан бірқатар айырмашылықтары бар[101]. Мысалы, саяси сананың эмпирикалық деңгейін субъектінің практикалық тәжірибесі сипаттайды. Ал үйреншікті, кәдімгі әдеттегі деңгейді қоғамдық таптың, әлеуметтік топтың немесе адам топтарының тікелей күнделікті өмірде пайда болатын идеяларының, көзқарастарының жиынтығы сипаттайды. Саяси сананың үйреншікті деңгейі эмпирикалық деңгейге қарағанда идеологиялық және теориялық элементтерінің болуымен айрықшаланады. Осы деңгейге анық көрінетін әлеуметтік-психологиялық белгілер: көңіл-күй, сезім, эмоция тән. Бұл оған саяси жағдайдағы өзгерістерді анық сезінудің ерекше динамикасын, қабілетін береді.

Кәдімгі әдеттегі саяси сана саясат туралы күнделікті дұрыс мағына көзқарасы тұрғысынан пікірдің және тұрмыстық түсініктің ықпалымен қалыптасып және дамитын болғандықтан, оған шайылу, жүйесіздік, қарама-қарсылық, стихиялық тән болады.

Кәдімгі әдеттегі саяси сана адамның саяси институттармен соқтығысып, қысқа практикалық тәжірибесіне арқа сүйейді. Сондықтан ол саяси психологияның негіздеуі бойынша жүреді. Алайда, кәдімгі әдеттегі сана саяси психологиямен ұқсас емес. Ал, саяси психология кәдімгі әдеттегі саяси сана шеңберінен шығып кетеді.

Көпшіліктің санасында жасалған мінез-құлық стеореотипі мейлінше тұрақты болып келеді. Оның мәнін жай ғана түсіндіруге болады. Оның мәні адамдардың проблемаларды әп-сәтте шешсем деген ықыласы мен талабында жатыр. Проблеманы шешу технологиясы санадан тыс тұрғандай. Сондықтан кәдімгі әдеттегі сана болашақта болса екен деген идеалды моделді өте таяу арада өмірге енгізуді өзінің билікке жету жолында уәде беретін демагогиялық көшбасшылардың әуегейлік (популистік) ықпалына түсіп қалады. Мысалы, горбачевтық «қайта құру» кезінде реформаның утопиялық бағдарламасы жасалып, оны жүзеге асыру арқылы 500 күнде елді дағдарыстан шығарып, прогреске жету белгіленген еді.

Саяси сана өткен мен бүгінгіні бағалауды тұрақты түрде анықтау үшін алуан түрлі саяси құбылыстарға қайтадан түсініктеме беруде ашық та айқын болуға тиіс. Саяси сананың мәнін барынша толық түсіну үшін оның алуан түрлерін қарастыру орынды саналады. Саяси сананың субъектісін (алып жүруші) ескере отырып, менің көзқарасымша, саяси сананың: индивидуалдық, топтық, бұқаралық және қоғамдық сана түрлерін бөліп көрсетуге болады.

Индивидуалдық саяси сана қоғамның саяси дамуы жөнінде адамның жеке басының тәжірибесіне негізделген бағалау мен пікірлерден тұрады. Солай болғанымен де индивидуалдық саяси сана, бір жағынан, топтық, бұқаралық және қоғамдық саяси сананың аса маңызды элементтерін органикалық қабылдайды, ал екінші жағынан, оларға бірегей түсініктеме береді, тұлғаның субъективтік түсінігінен шыға отырып өңдейді.

Индивидуалдық саяси сана адамның өз саяси құқығы мен еркін меңгеруді, оларды нақты өмірлік жағдайда дағдылы қолдана білуді топшылайтынын атап айтамыз. Индивидуалдық саяси сананың дамуында индивидтің жеке өміріне мемлекеттің араласуын жоққа шығаратын, жеке бас бостандығына, индивидуализмге, тұлға автономиясына ерекше көңіл қоятын классикалық либерализм үлкен рөл атқарады. Либералдық идеялардың одан кейінгі дамуы тұлға мен мемлекет арасындағы ара салмақты түбегейлі өзгертуге әкеп соқты: адам мемлекетке қызмет етпейді, керісінше соңғысы адамға қызмет етеді.

Топтық саяси сана – бұл қоғамның қайсыбір әлеуметтік топтарының, таптарының, жіктерінің, кәсіби қауымдастығының және т.б. саяси түсінігі және сезімі. Жеке тұлға саяси тұрғыдан алғанда өзін жақын, айналасындағылардың көзқарастарынан, өзі тұрақты әрекет ететін және тұлғаның өзін-өзі тануына негіздік қызмет атқаратын локалды топтан «өсіп шығады».

Бір әлеуметтік топтың саяси санасы басқа әлеуметтік топтың саяси санасынан анағұрлым ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, таптық қарама-қайшылықтары анық байқалатын қоғамда таптардың саяси санасы айқын ерекшеленеді. Халықтың жас мөлшеріне қарай бөлінген жігінің, сонымен қатар әр түрлі кәсіби топтардың саяси санасында да өзгешеліктер бар.

Топтық саяси сананы бұқаралық саяси санадан ажырата білу керек. Бұқаралық саяси сана қоғамның мұқтаждық деңгейі мен мазмұнын жанама білдіреді. Ол сонымен қатар қоғамның саяси шындық туралы білімінің сипатын бейнелейді. Бұқаралық саяси сана мейлінше динамикалық құбылыс. Оған көптеген факторлар ықпал етеді: қайсыбір саяси партиялардың саяси бағыттары мен әрекет тактикасы, алуан түрлі әлеуметтік сілкіністер, нақты тарихи жағдайдың мазмұны және көптеген басқа да факторлар.

Бұқаралық саяси сана қоғамның саяси мәдениетінің типі мен деңгейін анықтайды және саяси мінез-құлықтың баршаға ортақ типтік варианттарын орнықтырады.

Осымен байланысты бұқаралық саяси сана қайсыбір әлеуметтік проблеманы шешуге назар аударып және әлеуметтік күш-қуатты тарта отырып саяси қызметті ынталандыра алуымен қатар, бұл проблема егерде шын мәнінде аса маңызды және өзекжарды болмаса, оны барынша қиындата да алады. Саяси практика, сондықтан саяси оқиғаға таза эмоциональды көңіл аудару, тікелей саяси нақтылықтың көріністік бейнесі шеңберінен шығу қажеттігін тұрақты және табанды түрде тудырады.

Бұқаралық саяси сана күйінің қоғамдық пікірден көрініс табатынын ерекше атап өтуіміз керек. Қоғамдық пікір – бұл қоғамда тараған саясат туралы пікірлерді байқататын қоғамның әр түрлі топтарының саяси фактілер мен оқиғаларға жасырын және ашық қатынасы. Қоғамдық пікір ең алдымен әр түрлі әлеуметтік топтардың көңіл-күйімен, олардың саясатқа баға берумен, қоғамдық өмірдегі қайсыбір саяси институттар мен субъектілердің орны мен рөліне байланысты екенін аңғару қиын емес. Ол бүкіл қоғам шеңберінде де, нақты таптар, топтар және жіктердің ортасында да, белгілі бір жерде де, қайсыбір аймақтардың деңгейінде де қалыптаса алады.

Елдегі халықтың, құрлықтың, тарихи дәуірдің саяси санасын сипаттау үшін «қоғамдық саяси сана» ұғымы қолданылады.

«Қоғамдық саяси сана» ұғымы «қоғамның саяси санасы» ұғымына жақын екенін айтуымыз керек. Олар бір-бірімен тығыз араласқан, бірақ толық сәйкес келмейді. Олардың ортақ бейнелеу объектісі – қоғам.

Қоғамның саяси санасы, жалпылама айтқанда, бұл көпшілік (бұқара) пен азшылықтың (элита) саяси билік, әлеуметтік процестер мен проблемаларды реттеу, мемлекетті және қоғамдық институттарды қалыптастыру бойынша қоғамдық қатынастарының психология мен идеологиядағы бейнеленуі мен көрінісі.

Қоғамдық саяси сана сол қоғам үшін жалпы саяси дамуды бағалаудан, сонымен қатар саясатпен байланысқан сезімдік және психологиялық әсерленушіліктен қалыптасады. Бұл қоғамдық өмірдің саяси саласы туралы әрекеттегі түсінік, дәстүрлі психологиялық күту мен дүниетанымдық баға. Қоғамдық сана топтық, бұқаралық және индивидуалдық саяси сана үшін негіздік қызмет атқарады. Сонымен қатар, ол күрделі және қарама-қайшылықты құбылыс. Олай дейтініміз, біріншіден, адамдардың өз саяси пікірлерін құрастыратын сұрақтар, мәселелер қоғам өмірінде әрқашанда көптеп кездеседі; екіншіден, кейде көптеген нәрсе бойынша, мәселелер, сұрақтар негізінде бір емес, бірнеше пікірлер пайда болады.

Қазақстандық қоғамдық саяси санаға тарихи, әлеуметтік-мәдени және ұлттық дәстүрлер, ғасырдан-ғасырға берілген салттар, діни сенімдер, әдет-ғұрыптар, қоғамдық нұсқаулар, құндылықтар, идеялар және т.б. үлкен ықпал етті. Олар қоғамда ұзақ уақыт сақталған әлеуметтік-мәдени және ұлттық мұра болып табылады. Дәстүрлер мен діл (менталитет) тығыз байланысқан – халықтың тарихи қалыптасқан тұрақты ақыл-ой құрылысы және рухани салты. Дәстүрлер мен діл өмірдің тексерісінен өткен іргелі әлеуметтік құндылықтар, идеялар және көзқарастардың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін қамтамасыз етеді. Оған, мысалы, қазақтардың өзіндік дүниетанымы жатады[102].

Саяси санаға аса күрделі, тұрақтылық пен динамизм тән. Оның деңгейлері мен түрлерін бөлу және талдау оның нақтылы өмір сүруін көрсетуге, сол деңгейлерді, түрлерді теңестіруге немесе оларды бір-біріне қарама-қарсы қоюға жол бермейді. Солай десек те саяси сананың деңгейлері мен түрлері бір-біріне өтеді және өзара өтулер қазіргі саяси сананың сипатты белгісі болып табылады, өйткені оның деңгейлері мен түрлері бөлшектенбейді, бір-бірімен қатыссыз бола алмайды.

Саяси сананың типтерге бөлінетініне де көңіл аудару қажет. Саяси сана типтерінің арасынан тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық және т.б. типтері ерекше көрінеді.

Адамдардың саяси санасына мақсатты бағытталған идеологиялық органдар, БАҚ және т.б. ықпалы зор рөл атқарады. Осымен байланысты идеологияның саяси сананың құрамдас бөлігі екенін атап айту қажет.

3. Саяси сананың идеологиялық компоненттері

Идеология саяси санада маңызды және ерекше орын алады. Идеология саяси идеялардың, көзқарастардың, құндылықтардың және мақсаттардың жиынтығы ретінде, олардың жүйеге келтірілген түрі іспетті, индивидуалдық және қоғамдық сананың құрамды бөлігі болып табылады, онда саяси идеология түрінде көрінеді. Саяси идеология қоғамдық санада өзіндік «саясаттандырылған» сегментті жасайды.

Саяси идеологияны көбінесе саяси сананың «өзегі» деп атайды. Мұнда физикалық әлеммен ұқсастық кездейсоқтық емес. Атомның бүкіл массасы оның ядросына келетін болса, саяси санада идеялар мен тұжырымдамалардың негізгі «салмағы» идеологияларда шоғырланған. Тек солар ғана концептуальды саяси схемаларды жасайды, пайда болған саяси коллизияларды түсіндіреді және анықтайды, халық бұқарасының күңгірт және белгісіз саяси «сезімін» көрсетеді және ұтымды етеді. Саяси сана құрылымында идеологияның ортаңғы орын алуы олардың бастапқыдағы қалыптасуы мен өмір сүруінің айрықша ерекшеліктеріне себепші болады. Мұндай ерекшеліктерге әдетте: идеологияда орныққан білімнің тұтастығы, жүйелілігі, теориялық деңгейде таным құралдарын қолдану; идеологтардың, кәсіби-мамандардың қызметінің нәтижесінде дүниеге интеллектуалдық қызметтің келуі; әу баста өмірде бар саяси қатынастар мен институттарды өзгертуге немесе нығайтуға бағыт ұстау; әр түрлі әлеуметтік топтардың (таптардың, жіктердің, сословиялардың, элитаның және т.б.) мүддесін қамтамасыз ету; бірден-бір басты дәлелдер ретінде қоғамдық өмірдің мақсаттары және құндылықтарына шағым етуге; кейбір «шындықты боямалауға» бейімділік жатқызады.

Идеология саясат субъектісі ретіндегі адамдардың арасындағы институционалдық қатынастарға маңыздылық беруге, нақты қоғамдық-саяси жағдайлардағы саяси шынайылықты түсіндіруге, негіздеуге, ақтауға немесе жоққа шығаруға шақырады. Сонымен бірге идеология қайсыбір идеалдар мен құндылықтарды насихаттаумен, таратумен айналысып қана қоймауы керек, ол азаматтардың, партиялардың және басқа да саяси бірлестіктердің мақсаттық әрекеттері мен істерін ынталандыруы тиіс.

Идеология және саясат – өте жақын, бірақ бір-біріне сәйкес келмейтін әлеуметтік құбылыстар және процестер, әрі ұғымдар. Олар өздеріне ғана тән мән ерекшеліктері мен заңдылықтарын иемденген. Саясат пен саяси идеологияны ұқсастыру саяси қатынастар мен мемлекеттік құрылымды қисынсыз идеологизациялауға әкеп соқтырады. Сонымен бірге саясаттағы идеологиялық компонентті жоққа шығаруда негізсіздік болып табылады.

Дүниежүзілік және отандық тәжірибе көрсеткеніндей, идеологиялық «вакуум» жағдайында адамдардың өмір сүруі мүмкін емес. Идеологияның саясаттағы рөлі табиғи және аса маңызды нәрсе. Саяси идеологияның көмегімен адамдардың дүниетанымы орнығып дамиды, саяси құндылықтар мен құнды бағдарлар жүйесі қалыптасады. Идеология топтық және қоғамдық мүдделерді білдіруді қамтамасыз етеді, саяси және қоғамдық ұйымдардың құралы қызметін атқарады, ал халықтың идеологиялық бірігуі қатаң өмірлік сынау жағдайында талай рет өзінің зор жасампаздық күшін дәлелдеді. Бұған отандық тарихымыздың көптеген тамаша беттері куә.

Сонымен бірге саясаттың жаппай идеологизациялану қаупі туралы да айтуымыз керек. Соның нәтижесінде өзінің көп түрлілігімен көрінетін қоғамның саяси өмірі біртұтас идеологиялық доктринаның негізінде құрылады. Саясатты идеологизациялау көбіне-көп қоғамда идеологиялық монополияның орнауының және идеологиялық плюрализмді жоюдың салдарынан орнығады. Осымен байланысты саясат «идеологияның малайына» айналады, ал идеологиялық доктрина қоғамның қажеттілігі мен мүдделерін бара-бар бейнелемесе, саясат шектен тыс тиімсіз болады және қоғамды терең дағдарысқа соқтырады. Мұндай жағдай біздің елімізде ХХ ғасырдың 80 және 90 жылдары тоғысында қалыптасты. Оған кеңестік қоғам мен одақтық мемлекеттің күйреуімен байланысты пайда болған көптеген ауыр құбылыстар себеп болды.

Қоғам өмірінің барлық саласындағы, соның ішінде саясат пен идеологиядағы, түбегейлі қайта құрулар, қазіргі Қазақстанның күйін елеулі деңгейде анықтап отыр. Біздің еліміздегі идеологиялық жағдай посткеңестік кезеңде түбегейлі өзгерді, бірақ әлі де өтпелі, тұрақсыздық сипат алуда.

Бүгінде Қазақстан, менің көзқарасымша, әлеуметтік-экономикалық және саяси шым-шытырықтардан гөрі өзінің түп-тамыры мен салдарлары жағынан аса күрделі және шешімі қиын дүниетанымдық дағдарысты басынан кешіруде.

Қазақстанның қазіргі жаңа тарихы дәлелдегеніндей, қоғамның табысты дамуы үшін, оның бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін еліміздің көптеген азаматтарын және саяси күштерін өзінің төңірегіне біріктіретін саяси мақсаттардың, идеялардың және принциптердің қорытындыланған жүйесін жасау қажет. Мұндай жүйе мемлекеттік идеологияны ұлттық-мемлекеттік, баршаға ортақ басымдықтар мен құндылықтар жиынтығының бейнеленуі ретінде көрсете алады. Оның ерекшелігі сол, ол қандай да бір идеялық-саяси ағыммен қатаң байланыспайды және монополия бола алмайды. Осы іспетті идеология қоғамның саяси-идеологиялық құндылықтарының бүкіл жиынтығын өзіне сіңіруі тиіс, мыңдаған жылдар бойы жинақталған рухани-тарихи тәжірибе де ескерілуі керек.

Жүріп жатқан қоғамдық өзгерістермен және Қазақстанның одан әрі дамуы үшін идеялық-саяси бағдар іздестірумен байланысты саяси идеологияны анықтаудың және қазіргі дүние жүзіне кең тараған саяси идеологиялармен танысудың маңыздылығы зор.

Саяси идеология – бұл қайсыбір топтың билікке таласын немесе оны қолдануды негіздейтін және саяси әрекеттердің қайсыбір стратегиясын құрастыратын идеялардың, көзқарастардың, түсініктердің жүйесі. Жалпы саяси идеология мынандай негізгі құрылымдық элементтерден тұрады: біріншіден, бағдарламалық мақсаттар; екіншіден, бағдарламалық мақсаттарды жүзеге асыру стратегиясы; үшіншіден, насихат; төртіншіден, бағдарламаны іске асыру бойынша нақтылы әрекеттер. Анық топтық сипат алған саяси идеология жүргізілетін саяси бағыттардың жағымды бейнесін жасауы қажет, оның қайсыбір топтың, ұлттың, мемлекеттің мүддесіне сәйкестігін сақтауы тиіс[103].

Осыған орай саяси идеологияның негізгі мақсаттары мыналар болып табылады: қоғамдық сананы меңгеру; оған өзінің құнды бағалауларын, саяси дамудың мақсаттары мен идеалдарын енгізу; азаматтардың мінез-құлқын осы бағалаулар, мақсаттар және идеалдар негізінде реттеу.

Саяси идеологиялардың типтері тарихи жағдайға байланысты пайда болды, қалыптасты және дамыды. Олар: либерализм, консерватизм, марксизм (социализм), социал-демократизм және т.б., бұлар саяси сананың идеологиялық компоненті болып саналады.

Либерализм идеологиясы тарихтағы тұңғыш саяси идеология болды. Оны негіздегендер – Дж.Локк, Т.Гоббс және А.Смит. Оның негізгі классикалық принциптері адам және азамат құқы Декларациясында (1789 ж.) жарияланды және Франция Конституциясында (1791 ж.) бекітілді.

Либерализм – бұл саяси партиялар, үкіметтер бағдарламаларына, әлеуметтік-саяси доктриналарына негіз болған принциптер мен мақсаттардың кешені. Либерализм өзінің көп варианттылығына қарамастан белгілі бір тұжырымдамалар, идеялар, принциптер және идеалдар кешенінен тұрады. Индивидуализм, гуманизм және рационализм либерализмнің дүниетанымдық негізі болып табылады. Либерализмнің негізгі ережесі мынаған саяды: жеке бас бостандығын әмбәбап құндылық деп санау; индивидтің өзін-өзі бағалай білу идеясы және оның өз әрекетіне жауапкершілігі; жеке меншікке индивидуальдық еркіндіктің қажетті шарты ретінде қарау; еркін нарық, бәсекелестік және кәсіпкерлік; парламенттік демократия және биліктің бөлінуі; құқықтық мемлекет; тұлғаның негізгі құқығы мен бостандығына кепілдік (ар-ұждан, сөз, жиналыс, ассоциациялар мен партиялар құру және т.б.); жаппай сайлау құқығы; азаматтық қоғам салаларын кеңейту.

Либералдық идеология ағылшын-саксондық елдерде, әсіресе АҚШ-та кеңінен тарады. Практикалық өмірде либерализмнің индивидуалистік идеалы өзіндік мәні бар маңыздылыққа жетіп, батыс қоғамының басты мақсатына айналды. Дербестікке және өз күшіне сену, индивидуализм және еркін бәсекелестік бірқатар индустриалды дамыған елдерде өмірлік стандарт деңгейіне дейін көтерілді.

Либерализм идеологиясының дамуының қазіргі сатысы – ол неолиберализм. Неолиберализм идеологиясы мемлекеттің реттеушілік рөлін, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын, реформаны жүзеге асырудың қажеттілігін мойындайды.

ХVIII ғасырдың соңына қарай қалыптасқан консерватизм идеологиясының дәстүрі жетерлік. Консерватизм идеологиясын ағылшын ойшылы Э.Берк, француздың қоғамдық қайраткерлері Ж. де Местор және Л. де Бональд жасады. Бұл идеологияның дүниетанымдық негізі дәстүрлі моральмен және материалдық құндылықтарға («өмірлік бастаулар») арқа сүйейтін қоғамды органикалық және тұтас жүйе ретінде мойындауда жатыр. Діни көзқарастарға бағытталған иррационализм және ұлттық құндылықтармен әрі тарихи өмір укладтарымен байланысқан дәстүршілдік консерватизм идеологиясының маңызды түзушілері болды. Сондықтан консерватизм – бұл дәстүрлі ережелерді, нормаларды, билік иерархияларын, әлеуметтік және саяси құрылымдар мен институттарды сақтау қажеттігін жақтайды.

Консерватизмнің саяси бағдарламасы әлеуметтік-саяси өзгерістерді салттарға, ұлттық дәстүрлерге, орнығып қалған қоғамдық-саяси институттарға, елдің социомәдени ерекшеліктеріне бейімдеуге бағыт ұстайды. Онда мемлекет пен отбасын нығайтуға, қауымды сақтауға, шіркеудің ұстанымы мен рөліне, қоғам өмірінің рухани-адамгершілік аспектілеріне үлкен көңіл аударылған. Сонымен бірге қоғамдық тәртіптің заңдары мен ережелерін нығайтуға, патриотизм рухында азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған шаралардың да маңызы зор.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: