Глоссарий 3 страница

Әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланыстардың мүмкіндігін немесе ықтималдығын бекітетін заңдар.

Әлеуметтік заңдардың қоғамдық құбылыстарды зерттеуде, әлеуметтік процестерді басқаруда маңызы зор. Әлеуметтік заңдардың болуы және пәрменді болуы социологияда ғылыми тәсілді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала болжауға болмайтындығын, оның ретсіз және ала-құла екенін ғылыми әдістердің көмегімен зерттеу мүмкін емес; керісінше адамның мінез-құлқын алдын ала болжауға болатындығы, оның қайталанып отыратындығы, көптеген қырларының кездесетіндігі адамзат қоғамын зерттеумен шұғылданатын ғалымдарға әлеуметтік заңдар ашуға, олардың қолданылу шарттарын анықтауға және әлеуметтік топтар мен қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала көре білуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік іс-әрекеттер, өзара іс-қимылдар

және қарым-қатынастар

“Әлеуметтік іс-әрекет” ұғымы - социологиядағы негізгі түсініктердің бірі. Социологияда “әлеуметтік іс-әрекет” ұғымын алғаш рет енгізген және ғылыми негіздеген М.Вебер болатын. М.Вебердің түсінігінше әлеуметтік іс-әрекеттің кем дегенде екі ерекшелігі бар: біріншіден, ол оңтайлы, саналы түрде болуы, ал екіншіден басқа адамдардың мінез-құлқына бағытталуы қажет. Әлеуметтік іс-әрекеттің мұндай ұғымы бойынша адамдардың әлеуметтік емес, материалдық объектілерге бағытталған іс-әрекеттерін әлеуметтік іс-әрекеттер деп атауға болмайды. М.Вебер келтірген мысал ерекше: екі велосипедшінің кездейсоқ соқтығысып қалуы қарапайым оқиға ғана бола алады, ал соқтығысты болдырмауға әрекеттену, соқтығыстан кейінгі ұрыс-төбелес немесе жанжалды бейбіт жолмен шешу - бұл әлеуметтік іс-әрекет. Алайда әлеуметтік және әлеуметтік емес іс-әрекеттер арасында айқын шекара жүргізу өте қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас белгісін құрайтын мінез-құлықтың саналылығын, оңтайлылығын анықтау одан да қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттер азды-көпті айқын мақсатты көздейтін ішінара саналы іс-әрекеттер болып табылатыны көрініп тұр.

Әлеуметтік іс-әрекеттің анатомиясын сипаттай отырып, социолог-функционалистер көбіне оның мынадай негізгі элементтерін бөліп көрсетеді:

өздерінің қажеттіліктері және соған орай мүдделері мен мақсаттары бар әрекет етуші (немесе әрекет етпейтін) жеке адам немесе адамдар тобы;

әрекет өтетін нақты орта;

әрекет субъектісінің ортаның нақты шарттарына бағыт ұстауы, ол алға қойылған мақсатқа жетудің нақты жолдарын анықтауға мүмкіндік береді;

әрекет субъектісінің басқаларға, өз әрекетіне олардың жауап әрекетіне бағыт ұстауы.

Бұл ретте басқаларға бағыт ұстау жеке тұлғамен немесе саны азды-көпті тұлғалар тобымен, тіпті жалпы қоғаммен өзара байланысты және өзара іс-әрекетті ескеруді көздейді.

Адамдардың немесе олардың топтарының тәуелділігі мен сәйкестігін көрсететін әлеуметтік іс-әрекет - әлеуметтік байланыс болады. Ол мынадай негізгі элементтерді қамтиды: осы байланыстың субъектілері; байланыстардың мазмұнын сипаттайтын байланыс заты; байланысты жүзеге асыру механизмі және оны саналы түрде реттеу. Әлеуметтік байланыстың әлеуметтік байланысу түріндегі және әлеуметтік өзара іс-әрекет түріндегі әр түрлі нысандары көрсетілуі мүмкін.

Әлеуметтік байланыс - адамдардың өмірі мен қызметіне онша әсер етпейтін жалғыз немесе көп қайталанатын сыртқы, ат үсті, үстірт, көбінесе өткінші байланыстар. Кеңістіктік байланыстың, мүдделі және алмасу байланыстарының ерекшелігі болады.

Кеңістіктік байланыстар: 1) жеке адамдардың қандай да бір іс-әрекетке қатысуы туралы ұйғарымның күшімен адамның мінез-құлқының өзгеруі мүмкін кеңістіктік байланысты; 2) жеке адамның мінез-құлқы басқа адамдардың жай бақылауының әсерінен өзгеретін кеңістіктік байланысты қамтиды.

Кеңістіктік байланыс - әлеуметтік өзара байланыстарды қалыптастырудың бастапқы және қажетті буыны. Адамдардың қай жерде және қанша екенін біле тұра, оның үстіне оларды жай бақылай отырып, адам өз қажеттіліктеріне қарай өзара байланыстарын дамытуға арналған объектіні таңдай алады.

Мүдделілік байланыстың мәні сол жеке адамның қажеттіліктеріне сәйкес келетін белгілі бір құндылықтары немесе белгілері болатын әлеуметтік объектіні таңдап алуында. Мүдделілік байланыстың пайда болу механизмін С.С. Фролов былайша сипаттайды. Әрбір тұлғада өзін қоршаған болмыстың әр түрлі жақтарына қатысты уәждер жиыны болады. Бұл уәждер өткен тәжірибенің және қазіргі қажеттіліктің нәтижесі болып табылады. Және де бұл жағдайда уәж қажеттілікті қанағаттандыруға байланысты қызметке түрткі болу ретінде айтылады. Тұлғаның қажеттілігін қоршаған ортаның қандай да бір объектісімен қосқан сәтте уәж өзекті болады және мүдде - тұлғаның қызмет мақсатын ұғынуға бағытталуын қамтамасыз ететін қажеттіліктің көріну нысаны пайда болады. Мұндай байланыстар бұдан да күрделі өзара байланыстардың пайда болуына жағдай жасайды.

Алмасу байланыстары әлеуметтік байланыстардың жеке адамдар басқа бір жеке адамдардың мінез-құлқын өзгертуге тырыспай-ақ құндылық­тар алмасатын ерекшеліктің түрі болып табылады. Алмасудың қайталанатын байланыстары әлеуметтік байланыстардың алмасу затына емес, адамға байланысты неғұрлым күрделі түрінің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.

Әлеуметтік байланыстардың әрбір жеке адамның әлеуметтік байланыстар жүйесіндегі орнын, топтық мәртебесін, оның топтағы әлеуметтік рөл атқаруының ерекшеліктерін зерделеуде үлкен маңызы бар. Әлеуметтік байланыстардың саны мен бағыттылығын өлшеу әлеуметтік іс-әрекеттің құрылымы мен әлеуметтік қарым-қатынастардың сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік байланыстар топ құрайтын процестердің негізі, әлеуметтік топтар құрудағы алғашқы қадам болып табылады.

Әлеуметтік іс-әрекет - бір субъектінің іс-әрекеті басқалардың жауап іс-әрекетінің себебі мен салдары болатын өзара шарттылық әлеуметтік әрекеттер жүйесі. Әлеуметтік іс-әрекеттің объективті және субъективті жақтары болады. Өзара іс-әрекеттің объективті жағы - жеке тұлғаларға емес, бірақ олардың өзара іс-әрекеттің мазмұны мен сипатын көрсететін және бақылайтын байланыстар. Өзара іс-әрекеттің субъективті жағы - жеке адамдардың тиісті мінез-құлықтың өзара экспектациясына (күтілуіне) негізделген бір-біріне саналы қарым-қатынасы. Бұл жеке адамдар арасындағы нақты орын мен уақыт жағдайында қалыптасатын тікелей байланыстар мен қарым-қатынастар болып табылатын әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастар.

Әлеуметтік іс-әрекет мыналарды қамтиды:

қандай да бір әрекет етуші индивидтерді;

осы әрекеттерден болған сыртқы дүниедегі өзгерістерді;

бұл өзгерістердің басқа жеке адамдарға әсерін;

ықпал етілген жеке адамдардың жауап әрекетін.

Әлеуметтік іс-әрекет әр түрлі негіздемелер бойынша жіктелуі мүмкін. П.А. Сорокин оларды былай жіктейді:

1) өзара іс-әрекет субъектілерінің саны бойынша - екі адамның бір-бірімен; бір адам мен көп адамның; көп адамдардың іс-әрекеті;

2) іс-әрекет субъектілерінің өзара қарым-қатынасының сипаты - бір жақты және екі жақты, сондай-ақ ынтымақтастық және бітіспестік бойынша;

3) өзінің ұзақтығы бойынша - қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді;

4) ұйымшылдықтың бар-жоғына байланысты - ұйымдасқан (мысалы, отбасы, партия, мемлекет) және ұйымдаспаған (мысалы, тобыр);

5) өзара іс-әрекеттің саналылығы бойынша - саналы және санасыз;

6) алмасу процесіндегі алмасу “материясы” бойынша – интеллектуал­ды, сезімдік және еріктік. Тікелей және жанама іс-әркеттер де әлеуметтік өзара іс-әрекетердің маңызды бөлігі болып табылады.

Іс-әрекеттің тағы екі жалпы түрі бар: ынтымақтастық және бақталастық (кейде бәсекелестік деп атайды). Ынтымақтастық жеке адамдардың іс-әрекеті екі жаққа да тиімді ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған өзара байланысты әрекеттерін білдіреді. Бақталастық негізіндегі іс-әрекет бірдей мақсатқа ұмтылған бәсекелесін шеттетуге, одан озуға немесе оны басып тастауға ұмтылыстарды қамтиды.

Іс-әрекеттің жалғасуы орнықты, көп қырлы және тіпті тұрақты болуы мүмкін. Орнықты іс-әрекет барысында жеке адамдардың ойлағаны үнемі түрін өзгертіп отырады, бірақ сонымен қатар іс-әрекет едәуір реттелген және алдын ала болжанатын түр беретін орнықты әлеуметтік ойлардың белгілі бір жиынтығы пайда болады. Мұндай реттелген және орнықты әлеуметтік іс-әрекеттерді әлеуметтік қарым-қатынастар деп атайды. Әлеуметтік қарым-қатынастар - жеке адамдардың және қоғамдық құрылымдардағы әлеуметтік мәртебелері мен рөлдері бойынша айырмасы болатын сапасы әр түрлі қызмет түрлерін тұрақты атқарушылар ретінде әлеуметтік топтар арасындағы салыстырмалы орнықты байланыстар. “Әлеуметтік қарым-қатынастар” ұғымының мынадай белгілері болады:

адамдардың қоғамдық өмірінде болатын барлық іс-әрекеттері;

адамдардың экономикалық, саяси және рухани-мәдени қарым-қатынастар шеңберінен шығып кететін, олармен қатарласа жүретін және салыстырмалы түрде олардан бөлек болатын іс-әрекеттер;

қоғамның үлкен топтары - таптармен, этностармен, әр түрлі елдер мен аймақтар халқымен қарым-қатынастар;

барлық әлеуметтік топтар арасындағы, соның ішінде кіші топтар - отбасылар, еңбек ұжымдары, көршілер қауымы, дос-жарандар және т.с.с. арасындағы қарым-қатынастар;

адамдардың және олардың азаматтық қоғам дейтінді, яғни қоғамдық өмірдің мемлекет пен бизнес реттемейтін саласын құрайтын топтарының іс-әрекеті;

адамдардың бір-бірімен бірлескен қызметінде пайда болатын тікелей байланысты (көзбе-көз) және жанама (сырттай) сипаты бар іс-әрекеттері;

индивидтердің өмірдің шағын ортасын құрайтын іс-әрекеттері;

қоғамдағы адамдар мен олардың топтарының іс-әрекеттінің өзге де жақтары мен қырлары.

Тақырып 4

Әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильділік

1. Әлеуметтік стратификация теориясы және оның мәні

2. Әлеуметтік мобильділік түсінігі және оның түрлері.

3. Қазақстандағы әлеуметтік стратификация мен әлеуметтік мобильділіктің даму деңгейлері

Негізгі ұғымдар: әлеуметтік стратификация, әлеуметтік мобильділік, әлеуметтік топ, әлеуметтік тап, әлеуметтік статус, каста, сословие, көлденең мобильділік, тік мобильділік, ұрпақ аралық мобильділік, ұрпақ ішілік мобильділік.

Теңсіздіктер мен әлеуметтік стратификация проблемасы іс жүзінде әлеуметтік және философиялық теориялардың барлығының да басты назарында болады. Стратификация ұғымының қазіргі заманғы ғылыми ойлаудың категориялық аппаратындағы орнының маңызы зор.

Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін социологияда “әлеуметтік стратификация” ұғымы пайдаланылады. “Стратификация” терминінің өзі социологияға геологиядан келген. Ағылшын тілінде “ strata” немесе “ stratum ” сөзі алғашында геологиялық қабат деген, ал “ stratіfісatіon” сөзі қабатталу, қатталу деген ұғымды білдірген. Социологтар әлеуметтік теңсіздікті белсенді түрде зерттей бастаған кезде осы терминді алған, сөйтіп ол жаңа мағынаға, қоғамды белгілі бір топтарға бөлу мағынасына ие болған. Қоғамда әрдайым құрылым болатындықтан, ондағы адамдар түрлі негіздер бойынша жіктеліп отыратын болған.

Алайда теңсіздік табиғаты туралы сөз қозғалатын кез келген ғылыми әдебиетпен алғашқы танысудың өзі стратификация процесі мен әлеуметтік жинақылық проблемалары зерттеушілер арасында осы ұғымның мазмұны мен көлеміне қатысты бірыңғай көзқарастың жоқ екендігіне көз жеткізеді. Сол сияқты әлеуметтік қауымдастықтарды білдіретін әлеуметтік тап, топ, страта, мәртебелік топтар сияқты талдау бірліктері де барлық уақытта бірдей баяндала бермейді.

Әлеуметтік тап - әлеуметтік стратификация теориясындағы ірі таксонометриялық талдау бірлігі. Бұл ұғым стратификация теориясынан көп бұрын пайда болған. Әлеуметтік құрылымды талдаудың маңызды принципі таптық көзқарас болып табылады. Оның негізінде әлеуметтік қарым-қатынастар мен материалдық өмірдің әр түрлі шарттарының себеп-салдарын түсіндіру жатыр. Тіршілік ету құралдарын өндіру процесі анықтаушы болып табылып, ал оның бастау алатын жері еңбек бөлінісі болғандықтан, қоғамдық өндіріс жүйесінде әр түрлі орынды иеленетін адамдардың топтары басым әлеуметтік элементтер болады. Тап ұғымы - айтарлықтай ірі “көлемді” талдамалық бірлік, ол қоғамдағы елеулі, шегіне жеткен жалпы өзгерістерді зерделеуге арналған және қазіргі заманғы қоғамдағы “ғаламдық” өзгерістерді зерттеуге арналмаған. Сондықтан сарапшылар талдаудың неғұрлым нақты және икемді бірлігін - “страта” немесе топ ұғымын бөліп қараған. Топтар - еңбек сипатындағы айырмашылық қажеттіліктерге, оларды қанағаттандыру құралдарындағы және өндірістен тыс қызметі құрылымындағы айырмашылықтарға әкеп соғатын кезде, бөлінген және біртекті емес еңбек нәтиижесінде пайда болған әлеуметтік қауымдастық.

Сонымен қатар, стратаны бөліп қарауға негіз болатын кез келген белгі емес, тек мәртебелік белгі, яғни берілген қоғамда объективті түрде “жоғары - төмен”, “жақсы - жаман”, “мерейлі - мерейсіз” сияқты салыстырмалы сипат алатын белгі екені ойда болуы қажет.

Тек жіктелген, бірақ мәртебелілік емес топтарды бөліп қараудың негізін белгілердің тұтас қатары құрауы мүмкін. Мысалы, халық музыкасын ұнататындар немесе футбол командасының жақтастары көбінесе белгілі бір мәдени топтың мәртебелілік қырына қатысы жоқ өкілі ретінде қарастырылады. Алайда орын иелену қоғамда маңызды сипат алатын белгілі бір кіріс деңгейімен немесе әлеуметтік позициямен сәйкес келетін болса, онда бұл топтар мәртебелік болады. Бұл орайда әлеуметтік топ ұғымы - талдаудың әлеуметтік қабатқа қарағанда азырақ анықталған және белгіленген бірлігі. Кей кездері “қабат” ұғымының орнына “топ” деген ұғымды кездестіруге болады. Бірақ қабат ретінде анықтауға болмайтын, тек топ ретінде ғана анықталатын қауымдастықтар бар. Айталық, отбасы - шағын әлеуметтік топтың неғұрлым тұрпатты үлгісі. Алайда кірісі жоғары (немесе кірісі аз) отбасыларының өкілдері зерттеулерде қабат ретінде кездеседі.

Дәреже ұғымы стратификацияны талдауда шешуші мәнге ие болады. Ол страталардың өмір сүруінде бағалау факторлары: адамның қандай да бір жағдайдағы мінез-құлқының желісі, оның өзін және айналасындағыларды дәрежелеуге көмектесетін белгілерге негізделген бір нәрсеге, ұстанымдарға көзқарасы үлкен рөл атқаратынын көрсетеді.

Әлеуметтік мобильділік - бұл әлеуметтік мәртебелер жүйесінде адамның жағдайының өзгеруіне байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі.

Адам туылғанда аскриптивті немесе маңдайға жазылған мәртебе деп аталатын өзінің ата-аналарының мәртебесін алады. Ата-аналары, туыстары және отбасына жақын адамдар баланың бойына өздерінің мінез-құлық нормаларын, тиісті және мерейлі нәрселер туралы түсініктерін сіңіреді. Алайда адам өзі қызметінің белсенді кезеңінде бұл қабаттағы жағдайына қанағаттанбауы, одан да зорына ұмтылуы және қол жеткізуі мүмкін. Соңғы жағдайда ол қол жететін мәртебеге ие болады. Егер де адамның мәртебесі неғұрлым мерейлі, жақсы мәртебеге өзгерсе, онда жоғарылау мобильділік орын алды деуге болады. Алайда адам өмірде кездесіп тұратын алапаттар (жұмысынан айрылу, ауырып қалу, т.с.с.) салдарынан төменгі мәртебелер тобына өтуі де мүмкін - бұл кезде төмендеу мобильділік орын алады. Зерттеушілер әлеуметтік мобильділіктің барлық түрлерін (ұрпақаралық, кәсіптік және т.б.) бөліп қарауға мүмкіндік беретін статистикалық рәсімдер мен көрсеткіштер жүйесін пайдаланады, бұл жалпы алғанда халық қозғалысының әр алуан түрлерін талдауға мүмкіндік береді. Тігінен орын ауыстырулардан (жоғарылау және төмендеу мобильділіктер) басқа көлденеңінен орын ауыстырулар болады, ол табиғи мобильділіктен (бір жұмыстан екінші жұмысқа мәртебесін өзгертпей ауысу) және аумақтық мобильділіктен (бір қаладан екінші қалаға көшу) құралады.

Санасы, мінез-құлқы мен мәртебесі түйісіп отыратын, аралық жағдайда және көбіне қандай да бір себептермен өзара әрекеттес әлеуметтік топтардың біріне ұзақ уақыт бойы бейімделе алмайтын немесе бейімделгісі келмейтін адамдардың, қандай да бір әлеуметтік топтар өкілдерінің жиынтығы маргиналдар деп аталады(от латынның margіnalіs - шетте тұрған деген сөзінен шыққан). Олардың мәртебесінің шығу тобы мен басымдық танытушы топ арасындағы шекаралық, аралық сипаты болады, сондықтан бір жақты өзін-өзі сәйкестендіруге келмейді.

Өз зерттеулерінде бұл проблематикаға соқпай өтпейтін әрбір социолог өзінің қоғамдық топтарға стратификациялайтын өзіндік белгілерін бөліп қараған, алайда барлық ғалымдар мұндай бөлінудің себебі әлеуметтік теңсіздікте деп есептеген. Стратификациялық белгілердің жинақталымы мен иерархиясы нақты бір қоғамның өз дамуының белгілі бір уақытындағы ерекше әлеуметтік, экономикалық, этникалық сипаттамаларына байланысты.

Социологиядағы әлеуметтік стратификацияның негізгі тұжырымда­ма­ларын қарастырып көрелік. Энтони Гидденс “стратификация әр түрлі топтардың, адамдардың арасындағы құрылымдалған теңсіздік ретінде анықталуы мүмкін” деп есептейді. Американ социологиялық сөздігінде мынадай анықтама берілген: “Адамдар теңсіздіктің қандай да бір өлшемімен иерархиялық ұйымдастырылған қатарға тізілгенде әлеуметтік жіктелу әлеуметтік стратификацияға айналады”. Болгар социологі Чавдар Кюранов “Әлеуметтік стратификация тұтас қоғамдық құрылымдағы көлденең топтар жүйесін білдіреді” деп санайды. Нейл Смелзер “стратификация теңсіздіктің бір ұрпақтан бір ұрпаққа берілуіне көмектесетін тәсілдермен байланысты; бұл ретте қоғамның әр түрлі топтары пайда болады” деген ұйғарым жасайды.

“Әлеуметтік стратификация” ұғымының теориялық-әдістемелік негізін жасауға елеулі үлес қосқан М.Вебердің, К.Маркстің, П.Сорокиннің, У.Л. Уорнердің, Д.Дж. Трейманның, Б.Барбердің еңбектері, Т.Парсонстің функционалдық мектебіне жататын социолог ғалымдардың жұмыстары болып табылады. Әлеуметтік теңсіздік проблемасын қақтығыстар теориясының өкілдері де назардан тыс қалдырмаған. П.Сорокиннің стратификациялық теориясы жалпы қоғамды әр түрлі әлеуметтік топтарға бөлу принциптерін сипаттайтын неғұрлым салмақты тұжырымдамалардың бірі болып табылады.

Әлеуметтік теңсіздік жөніндегі көптеген идеялар маркстік стратификация мен таптар теориясынан алынған, онда таптық құрылымның, таптар арасындағы қатынастың, тарихтың қозғаушы күші ретіндегі таптық күрестің жан-жақты тұжырымдамасы баяндалған.

Барлық әлеуметтік құбылыстардың дамуындағы экономиканың негіз қалаушы рөлі туралы өзінің негізгі тезисін ұстана отырып, Карл Маркс таптардың барлық негізгі сипаттамаларына сүйеніп, өзінің әлеуметтік қабаттану үлгісінің негізіне өндірістік қатынастарды алған. К.Маркс экономикалық ұйымның кез келген түрінде өндіріс құрал-жабдықтарына ие үстем тап және үстем тапқа қызмет ететін тап бар деп сендіреді. Ол сол сияқты люмпендердің - қоғамнан толық шығып қалған адамдардың болатынын да ескерген.

Әлеуметтік стратификация проблемасына қазіргі заманғы көзқарастың негізін Макс Вебер қалаған болатын, ол әлеуметтік құрылымды таптармен және оларды тудырушы меншік қатынастарымен қатар әлеуметтік мәртебе мен билік те маңызды орын алатын көп өлшемді жүйе ретінде қараған. М.Вебердің К.Маркстен айырмашылығы, ол экономиканы ұйымдастыруды стратификацияның негізі деп санамай, экономикалық сипаттамалардың бастапқылығы тезисінен бас тартты және “стратификацияның үш автономды өлшемдері” туралы өз ұғымын тұжырымдады.

Ол теңсіздіктің негізгі үш құрамдас бөлігін бөліп қарап, оларды өзара байланысты, бірақ сонымен бірге елеулі қатынастарда тәуелсіз деп есептеді: мүліктік теңсіздік, мәртебелік мерей және билік. Билік деп адамның (немесе адамдар тобының) жоспарларды іске асыру, іс-қимыл жасау немесе белгілі бір саясатты тіпті басқа адамдар мен топтар тарапынан болған келіспеушілікке қарамастан жүргізу қабілетін айтады.

Стратификацияның үш тобы да бір қоғамның ішінде, бір адам материалында болады, әр түрлі конфигурацияларда, бір қоғамнан бір қоғамға және бір тарихи кезеңнен бір тарихи кезеңге көшіп жүре береді.

Қарама-қайшы көзқарас У. Уорнердің “бедел теориясында” баяндалған. Ол американ қоғамындағы бөліп қаралған страталарын “әлеуметтік тап” деп атаған. Бірақ бұл біздің тарихи материализмнен білетін тап емес: марксистік тап меншікке қатысты берілген, ал Уорнер тапты әлеуметтік мерейі бойынша, яғни берілген қоғамдағы оның мүшелеріне қатысты бөледі. Алғашында ол қандай да бір тапқа көзқарас ең алдымен экономикалық өлшемдермен (өндіріс пен бөліністегі кірістер мен функциялар) анықталады деп ұйғарған, яғни түптеп келгенде негізгі марксистік тезистерді басшылыққа алған. Алайда бірінші кезеңдегі зерттеу нәтижелері оның болжамдарын теріске шығарды. Ол шамамен бірдей табыс табатын бір кәсіптің өкілдері “әлеуметтік мерейінің” сипаттамасы бойынша әр түрлі деңгейде болатынын аңғарған. Мерейдің адамның қоғамдағы экономикалық өлшемдерге негізделген жағдайымен қандай да бір байланысы болғанымен, әлеуметтік мерей сонда да болса бәрінен де күшті адамның өндіріс пен игілік бөлінісіндегі орнымен емес, оның осы игілікті тұтыну құрылымымен, яғни өмір салтымен, мінез-құлқымен және түптеп келгенде оның ұстанымдарымен байланысты. “Өмір салтының негізінде жатқан мұндай тұрақты, қайталанатын мінез-құлықтың негізінде берілген әлеуметтік жиынтықтың мәдениетінде немесе кіші мәдениетінде бекітілген үлгілер болатыны айқын”. Осылайша эмпирикалық материалдың көмегімен У.Л. Уорнер іс жүзінде Макс Вебердің “мәртебелік топ” деп сипаттаған стратасын ашты. Сол кезден бастап ғылыми терминологияда адамның қоғамдағы көзқарасымен өлшенетін орнын анықтайтын “әлеуметтік мәртебе” ұғымы берік қалыптасқан, оның өлшемін өз кезегінде “әлеуметтік рөл” деп санау қалыптасқан.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: