Глоссарий 3 страница

Қоғамды табиғатқа қарсы қоятын басқа бір жағдайда “табиғат” ұғымы деп оның адамға, қоғамға қатысты сыртқы (табиғи-географиялық) орта ретіндегі тұтас шынайы дүние емес, оның тек бір бөлігі ғана айтылады. Адам - мейлі ол өзінің көрінісінің жоғары нысанында болсын, биологиялық (тірі, табиғи) тіршілік иесі ғана емес, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасынан өрбитін тек өзіне ғана тән әлеуметтік сапалар мен қасиеттері бар сапалық тұрғыдан жаңа, принципті ерекше құбылыс; ал қоғам өмірі - әлеуметтік санадан жұрдай және өзін жануарлар әлемінен бөліп көрсетпейтін жеке биологиялық түрлер әрекет ететін биологиялық өмірге (ұйымшылдығы жоғары жануарлар - адамға ұқсас маймылдардың өміріне) қосылмайтын сапалық өзіндік ерекше, әлеуметтік өмір екендігін көрсету және атап өту қажет болған кезде мұның ерекше маңызы бар. К.Маркс адам болмысын қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығы ретінде анықтаған кезде ол осы арқылы адамның ең алдымен қоғамның өнімі екендігін атап өтуге тырысқан.

Социологияда “қоғам” категориясына әр түрлі тұжырымдамалық көзқарастар жасалған. Мысалы, “атомистік” теория бар, оған сәйкес қоғам әрекет етуші адамдардың немесе олардың арасындағы қарым-қатынастардың жиынтығы болып шығады. Бұл тұжырымдаманы шегіне жеткізген Г.Зиммель теориясы болды, ол “қоғам” жеке адамдардың өзара іс-қимылын білдіреді деп ұйғарды. Г.Зиммельдің пікірінше, өзара іс-қимыл әрқашан белгілі бір нәрсеге берілу немесе белгілі бір мақсат үшін қалыптасады. Эротикалық инстинкттер, іскерлік мүдде, діни импульстер, қорғаныс немесе шабуыл, ойын немесе кәсіпкерлік, көмектесуге, үйренуге ұмтылу, сондай-ақ көптеген өзге де уәждер адамды басқа адамдар үшін, басқа адамдармен бірге, басқа адамдарға қарсы әрекет етуге, ішкі жан дүниесін үйлестіруге және келістіруге, яғни ықпал етуге және өз кезегінде ықпалына көнуге итермелейді. Бұл өзара ықпал ету жеке қозғаушы импульстер мен мақсаттарды таратушылардан бірлестік, “қоғам” құралады.

“Әлеуметтік топтар” теорияларында қоғам - бір басым топтың сан алуан түрі болып табылатын адамдардың түрлі топтарының жиынтығы ретінде түсіндіріліп келді. Қоғамды адамдардың неғұрлым жалпылама жиынтығы ретінде қарастыра отырып, бұл тұжырымдаманың авторлары “қоғам” ұғымын “адамзат” ұғымымен теңестіреді.

“Қоғам” категориясының анықтамалар тобы әлеуметтік институттар мен ұйымдар жүйесін білдіреді. Қоғам - тұтас бір институттар мен ұйымдар шегінде бірлесе отырып, әлеуметтік өмір құрайтын адамдардың үлкен тобы.

Функционалдық тұжырымдама қоғамды іс-әрекеттердің өзін-өзі қамтамасыз етуші жүйесін білдіретін адамдар тобы ретінде сипаттайды.

Әр түрлі тұжырымдамалық анықтамалар негізінде социологияда сондай-ақ ішкі ұйымдас­тыры­луымен, аумақтығымен, мәдени алуандығымен және табиғи өсуімен сипатталатын салыстырмалы дербес немесе өзін-өзі қамтамасыз ететін халық ретінде талдамалық анықтама қалыптасқан.

Түрлі социологиялық мектептердің өкілдері қоғам анықтамасына қосатын әлеуметтік категориялар қоғамның табиғаты мен сипатын түсіну үшін өте маңызды.

Қоғам әр түрлі әлеуметтік байланыстардың, өзара іс-әрекеттер мен қарым-қатынастардың тығыз бірігуін, шоғырын білдіреді. Бірақ қоғамды жеке адамдардың, олардың байланыстарының, өзара іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарының қарапайым қосындысы деп қарауға бола ма? Қоғамды жүйелілік тұрғысынан талдайтын болсақ, ол - қосынды емес, тұтас жүйе. Жүйе - өзара байланыстар мен қарым-қатынастарда болатын, бірыңғай тұтастықты білдіретін және тіршілік етуінің сыртқы жағдайларына қарай құрылымын өзгерте алатын элементтердің сапалық анықталған жиынтығынан тұратын пән, құбылыс немесе процесс. Кез келген жүйенің маңызды сипаты тұтастығы мен бүтіндігі болып табылады. Қоғам деңгейінде жеке әрекеттер, байланыстар және қарым-қатынастар жаңа жүйелі сапаны - элементтердің қарапайым қосындысы деп қарауға болмайтын ерекше сапалық күйді білдіреді. Қоғам өзіне кіретін элементтердің жеке алғанда ешқайсысында жоқ сапалардың тұтас жүйесі болып табылады. Өзінің интегралдық сапаларының салдарынан социологиялық жүйе оны құрайтын элементтерге қарағанда белгілі бір дербестікке, өзінің дамуының салыстырмалы дербес тәсіліне ие болады.

Қоғам тұтас жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерден тұрады: экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық. Бұлардың әрқайсысын өз кезегінде жүйе ретінде қарастыруға болады. Бұл ішкі жүйелерді әлеуметтік жүйенің өзінен ажыратып қарау үшін оларды социетальді деп атайды. Бұл жүйелер арасындағы өзара қарым-қатынаста себеп-салдар байланыстары басты рөл атқарады. Мұның өзі осы жүйелердің әрқайсысы өз бетінше өмір сүрмей, басқа жүйелерге себеп-салдарлық тәуелділікте болатынын білдіреді. Бұл жүйелердің барлығы иеарархияланған құрылымды білдіреді, яғни олар тізбектелген тәртіппен субординация, бағыныстылық арақатынаста болады. Сөйтіп, бұл жүйелердің алдыңғылары кейінгілеріне анықтаушы ықпал етеді, ал олар өз кезегінде алдыңғысына кері ықпал жасайды.

Әлеуметтік байланыстардың сипаты мен түрі алдыңғы қатарға шыққан жағдайда қоғам әлеуметтік жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерді қамтиды: әлеуметтік қауымдастықтар, әлеуметтік топтар, әлеуметтік институттар мен ұйымдар, әлеуметтік рөлдер, нормалар және құндылықтар. Олардың әрқайсысы бұл жерде де өзінің ішкі жүйелері бар айтарлықтай күрделі әлеуметтік жүйелерді білдіреді.

Материалды қорыту деңгейі бойынша қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде зерттеудің өзара байланысты үш қыры бар:

а) “жалпы қоғамды” зерттеу, яғни қоғамның жалпылама, әмбебап қасиеттерін, байланыстары мен ахуалдарын (әлеуметтік философиямен тығыз байланыста және оның жетекші рөлімен бірге) бөліп көрсету;

ә) қоғамдардың нақты-тарихи түрлерін, өркениеттің даму сатыларын зерттеу;

б) жеке нақты қоғамды, яғни нақты өмір сүретін елдер мен халықтар қоғамдарын зерттеу.

Сонымен социология ғылымы қоғамды:тұтастығымен, орнықтылығымен және біріктірушілігімен; өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен; мәдениет дамуының әлеуметтік байланыстардың негізін құрайтын нормалар мен құндылықтар жүйесін жасауда көрініс табатын деңгейімен сипатталатын адамдардың бірлестігі деп қарастырады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, социологтар қоғамның мынадай жалпы социологиялық анықтамасын береді: “Қ оғам - адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің тарихи қалыптасқан нысандарымен біріккен әрі тұрақтылығымен және тұтастығымен, өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен және өздігінен дамуымен, мәдени дамуының өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің негізін құрайтын ерекше әлеуметтік нормалар мен құндылықтар көрініс табатын деңгейімен сипатталатын жиынтық ”.

Қоғам - өзінің жүйесін құраушы элементтері мен ерекше интегралдық қасиеттері бар сапасы жағынан әр түрлі әлеуметтік ішкі жүйелер жиынын қамтитын төтенше күрделі құрылым. Олардың негізгілері әлеуметтік қарым-қатынастар негізін құрайтын әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар, институционалдық және ұйымдық байланыстарды құрайтын әлеуметтік институттар, әлеуметтік бақылау негізін құрайтын әлеуметтік нормалар мен құндылықтар болып табылады.

Қоғамды зерттей отырып, социология ғылымы әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастарды заң және заңдылық деңгейінде зерттейді. Социология заңдарында біреудің екінші біреумен, қандай да бір қауымдастықтың қоғаммен, жеке тұлғаның қоғаммен, әлеуметтік жүйелердің, процестердің, институттардың бір-бірімен және қоғаммен байланыстары туралы сөз болады. Социология заңдарын қоғам тудырады және ол заңдар сол қоғамда қолданылады. Социология заңдарының неғұрлым елеулі белгілері:

Бірінші маңызды белгісі - қоғамның әлеуметтік жүйелерінің, оның қауымдастықтарының, институттарының, ұйымдарының жасампаздық күшін көрсететіндігі. Солар арқылы қоғамның және оның құрамдас бөліктерінің оң және теріс қызметі, әлеуметтік белсенділігі көрсетіледі. Кез келген әлеуметтік объект осындай іс-әрекет арқылы қоғамдағы қайшылықтарды, ескі ұғымдарды жеңіп, жаңаны нығайта отырып, болашаққа жол ашады.

Екінші белгісі - социология заңдарының бір-бірімен өзара байланыстылығы, тәуелділігі. Қоғамдар арасында немесе қоғамның ішінде қандай деңгейде, қоғамның қандай бөлігінде қолданыста болатындығына қарамастан социология заңдары бірін бірі өмірге келтіреді, бірін бірі толықтырады, олардың қолданылу және көріну механизмдерін жасайды.

Үшінші белгісі - жеке социология заңдары арасындағы тұрақты өзара шарттылық пен бір-бірін толықтырып отыру. Олардың бірде-бірі екіншісінен оқшау бола алмайды. Қоғамның барлық құрамдас бөліктері, әсіресе әлеуметтік ішкі жүйелер, процестер, қауымдастықтар, институттар, ұйымдар өзара байланыста, өзара шарттылықпен дамиды. Бұл олардың мән-мағыналы байланыстарының бір-біріне тәуелділігін айқындайды, олардың барлық қарым-қатынастарына жағдай туғызады. Қандай да бір социология заңын басқаларынан оқшау қарастыруға тырысу тұтас әлеуметтік организмді біржақты қарауға әкеп соғады.

Төртінші белгісі - социология заңдарының әлеуметтік табиғаты. Ол - әлеуметтік организмнің қозғаушы күші, ол қоғамдағы байланыстардың әлеуметтік ерекше сипат көрсетеді. Бұл оларға басқа ғылымдардың заңы бола алмайтын ерекшелік береді. Оларды тарихшылар, экономистер, заңгерлер өз ғылымдарының заңдарын зерттеу үшін әдістемелік алғышарттар ретінде пайдалана алады, бірақ өздерінің заң жүйесіне қоса алмайды. Социология заңдары - социология ғылымының теориялық негізі.

Бесінші белгісі - бұл социология заңдарының субъективті жағы. Социология заңдары субъективті қасиетке адамдар қызметінің нәтижесінде пайда болатындығы және дамитындығы үшін ие болады.

Социология заңдары жалпы социологиялық және жеке социологиялық болып бөлінеді. Бөлу белгілері ретінде заңдармен бейнеленетін объектінің көлемі алынады: қоғам тұтас жүйе ретінде немесе қоғамның ішкі жүйесі, оның құрамдас бөлігі ретінде және күші аз топтарға, белгілі бір әлеуметтік стратаға, әлеуметтік топқа немесе тапқа және тұтас қоғамға қолданылатын заңдар бар. Жалпы социология заңдары - өздігінен дамитын әлеуметтік жүйе ретінде жалпы қоғамның маңызды байланыстарын көрсететін заңдар. Жеке социология заңдары қоғамның құрамдас бөліктерінің маңызды байланыстарын, олардың ішкі дамуы мен қызмет атқаруын, сондай-ақ тұтас әлеуметтік организм ретінде қоғаммен байланысын көрсететін заңдар болып табылады.

Сонымен қатар социологияда әлеуметтік заңдардың бес категориясы бөліп қаралады:

Әлеуметтік құбылыстардың қатар өмір сүруін көрсететін заңдар.

Әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланысты белгілейтін заңдар.

Даму тенденцияларын белгілейтін заңдар.

Әлеуметтік құбылыстар арасындағы себеп-салдарды белгілейтін заңдар.

Әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланыстардың мүмкіндігін немесе ықтималдығын бекітетін заңдар.

Әлеуметтік заңдардың қоғамдық құбылыстарды зерттеуде, әлеуметтік процестерді басқаруда маңызы зор. Әлеуметтік заңдардың болуы және пәрменді болуы социологияда ғылыми тәсілді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала болжауға болмайтындығын, оның ретсіз және ала-құла екенін ғылыми әдістердің көмегімен зерттеу мүмкін емес; керісінше адамның мінез-құлқын алдын ала болжауға болатындығы, оның қайталанып отыратындығы, көптеген қырларының кездесетіндігі адамзат қоғамын зерттеумен шұғылданатын ғалымдарға әлеуметтік заңдар ашуға, олардың қолданылу шарттарын анықтауға және әлеуметтік топтар мен қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала көре білуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік іс-әрекеттер, өзара іс-қимылдар

және қарым-қатынастар

“Әлеуметтік іс-әрекет” ұғымы - социологиядағы негізгі түсініктердің бірі. Социологияда “әлеуметтік іс-әрекет” ұғымын алғаш рет енгізген және ғылыми негіздеген М.Вебер болатын. М.Вебердің түсінігінше әлеуметтік іс-әрекеттің кем дегенде екі ерекшелігі бар: біріншіден, ол оңтайлы, саналы түрде болуы, ал екіншіден басқа адамдардың мінез-құлқына бағытталуы қажет. Әлеуметтік іс-әрекеттің мұндай ұғымы бойынша адамдардың әлеуметтік емес, материалдық объектілерге бағытталған іс-әрекеттерін әлеуметтік іс-әрекеттер деп атауға болмайды. М.Вебер келтірген мысал ерекше: екі велосипедшінің кездейсоқ соқтығысып қалуы қарапайым оқиға ғана бола алады, ал соқтығысты болдырмауға әрекеттену, соқтығыстан кейінгі ұрыс-төбелес немесе жанжалды бейбіт жолмен шешу - бұл әлеуметтік іс-әрекет. Алайда әлеуметтік және әлеуметтік емес іс-әрекеттер арасында айқын шекара жүргізу өте қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас белгісін құрайтын мінез-құлықтың саналылығын, оңтайлылығын анықтау одан да қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттер азды-көпті айқын мақсатты көздейтін ішінара саналы іс-әрекеттер болып табылатыны көрініп тұр.

Әлеуметтік іс-әрекеттің анатомиясын сипаттай отырып, социолог-функционалистер көбіне оның мынадай негізгі элементтерін бөліп көрсетеді:

өздерінің қажеттіліктері және соған орай мүдделері мен мақсаттары бар әрекет етуші (немесе әрекет етпейтін) жеке адам немесе адамдар тобы;

әрекет өтетін нақты орта;

әрекет субъектісінің ортаның нақты шарттарына бағыт ұстауы, ол алға қойылған мақсатқа жетудің нақты жолдарын анықтауға мүмкіндік береді;

әрекет субъектісінің басқаларға, өз әрекетіне олардың жауап әрекетіне бағыт ұстауы.

Бұл ретте басқаларға бағыт ұстау жеке тұлғамен немесе саны азды-көпті тұлғалар тобымен, тіпті жалпы қоғаммен өзара байланысты және өзара іс-әрекетті ескеруді көздейді.

Адамдардың немесе олардың топтарының тәуелділігі мен сәйкестігін көрсететін әлеуметтік іс-әрекет - әлеуметтік байланыс болады. Ол мынадай негізгі элементтерді қамтиды: осы байланыстың субъектілері; байланыстардың мазмұнын сипаттайтын байланыс заты; байланысты жүзеге асыру механизмі және оны саналы түрде реттеу. Әлеуметтік байланыстың әлеуметтік байланысу түріндегі және әлеуметтік өзара іс-әрекет түріндегі әр түрлі нысандары көрсетілуі мүмкін.

Әлеуметтік байланыс - адамдардың өмірі мен қызметіне онша әсер етпейтін жалғыз немесе көп қайталанатын сыртқы, ат үсті, үстірт, көбінесе өткінші байланыстар. Кеңістіктік байланыстың, мүдделі және алмасу байланыстарының ерекшелігі болады.

Кеңістіктік байланыстар: 1) жеке адамдардың қандай да бір іс-әрекетке қатысуы туралы ұйғарымның күшімен адамның мінез-құлқының өзгеруі мүмкін кеңістіктік байланысты; 2) жеке адамның мінез-құлқы басқа адамдардың жай бақылауының әсерінен өзгеретін кеңістіктік байланысты қамтиды.

Кеңістіктік байланыс - әлеуметтік өзара байланыстарды қалыптастырудың бастапқы және қажетті буыны. Адамдардың қай жерде және қанша екенін біле тұра, оның үстіне оларды жай бақылай отырып, адам өз қажеттіліктеріне қарай өзара байланыстарын дамытуға арналған объектіні таңдай алады.

Мүдделілік байланыстың мәні сол жеке адамның қажеттіліктеріне сәйкес келетін белгілі бір құндылықтары немесе белгілері болатын әлеуметтік объектіні таңдап алуында. Мүдделілік байланыстың пайда болу механизмін С.С. Фролов былайша сипаттайды. Әрбір тұлғада өзін қоршаған болмыстың әр түрлі жақтарына қатысты уәждер жиыны болады. Бұл уәждер өткен тәжірибенің және қазіргі қажеттіліктің нәтижесі болып табылады. Және де бұл жағдайда уәж қажеттілікті қанағаттандыруға байланысты қызметке түрткі болу ретінде айтылады. Тұлғаның қажеттілігін қоршаған ортаның қандай да бір объектісімен қосқан сәтте уәж өзекті болады және мүдде - тұлғаның қызмет мақсатын ұғынуға бағытталуын қамтамасыз ететін қажеттіліктің көріну нысаны пайда болады. Мұндай байланыстар бұдан да күрделі өзара байланыстардың пайда болуына жағдай жасайды.

Алмасу байланыстары әлеуметтік байланыстардың жеке адамдар басқа бір жеке адамдардың мінез-құлқын өзгертуге тырыспай-ақ құндылық­тар алмасатын ерекшеліктің түрі болып табылады. Алмасудың қайталанатын байланыстары әлеуметтік байланыстардың алмасу затына емес, адамға байланысты неғұрлым күрделі түрінің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.

Әлеуметтік байланыстардың әрбір жеке адамның әлеуметтік байланыстар жүйесіндегі орнын, топтық мәртебесін, оның топтағы әлеуметтік рөл атқаруының ерекшеліктерін зерделеуде үлкен маңызы бар. Әлеуметтік байланыстардың саны мен бағыттылығын өлшеу әлеуметтік іс-әрекеттің құрылымы мен әлеуметтік қарым-қатынастардың сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік байланыстар топ құрайтын процестердің негізі, әлеуметтік топтар құрудағы алғашқы қадам болып табылады.

Әлеуметтік іс-әрекет - бір субъектінің іс-әрекеті басқалардың жауап іс-әрекетінің себебі мен салдары болатын өзара шарттылық әлеуметтік әрекеттер жүйесі. Әлеуметтік іс-әрекеттің объективті және субъективті жақтары болады. Өзара іс-әрекеттің объективті жағы - жеке тұлғаларға емес, бірақ олардың өзара іс-әрекеттің мазмұны мен сипатын көрсететін және бақылайтын байланыстар. Өзара іс-әрекеттің субъективті жағы - жеке адамдардың тиісті мінез-құлықтың өзара экспектациясына (күтілуіне) негізделген бір-біріне саналы қарым-қатынасы. Бұл жеке адамдар арасындағы нақты орын мен уақыт жағдайында қалыптасатын тікелей байланыстар мен қарым-қатынастар болып табылатын әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастар.

Әлеуметтік іс-әрекет мыналарды қамтиды:

қандай да бір әрекет етуші индивидтерді;

осы әрекеттерден болған сыртқы дүниедегі өзгерістерді;

бұл өзгерістердің басқа жеке адамдарға әсерін;

ықпал етілген жеке адамдардың жауап әрекетін.

Әлеуметтік іс-әрекет әр түрлі негіздемелер бойынша жіктелуі мүмкін. П.А. Сорокин оларды былай жіктейді:

1) өзара іс-әрекет субъектілерінің саны бойынша - екі адамның бір-бірімен; бір адам мен көп адамның; көп адамдардың іс-әрекеті;

2) іс-әрекет субъектілерінің өзара қарым-қатынасының сипаты - бір жақты және екі жақты, сондай-ақ ынтымақтастық және бітіспестік бойынша;

3) өзінің ұзақтығы бойынша - қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді;

4) ұйымшылдықтың бар-жоғына байланысты - ұйымдасқан (мысалы, отбасы, партия, мемлекет) және ұйымдаспаған (мысалы, тобыр);

5) өзара іс-әрекеттің саналылығы бойынша - саналы және санасыз;

6) алмасу процесіндегі алмасу “материясы” бойынша – интеллектуал­ды, сезімдік және еріктік. Тікелей және жанама іс-әркеттер де әлеуметтік өзара іс-әрекетердің маңызды бөлігі болып табылады.

Іс-әрекеттің тағы екі жалпы түрі бар: ынтымақтастық және бақталастық (кейде бәсекелестік деп атайды). Ынтымақтастық жеке адамдардың іс-әрекеті екі жаққа да тиімді ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған өзара байланысты әрекеттерін білдіреді. Бақталастық негізіндегі іс-әрекет бірдей мақсатқа ұмтылған бәсекелесін шеттетуге, одан озуға немесе оны басып тастауға ұмтылыстарды қамтиды.

Іс-әрекеттің жалғасуы орнықты, көп қырлы және тіпті тұрақты болуы мүмкін. Орнықты іс-әрекет барысында жеке адамдардың ойлағаны үнемі түрін өзгертіп отырады, бірақ сонымен қатар іс-әрекет едәуір реттелген және алдын ала болжанатын түр беретін орнықты әлеуметтік ойлардың белгілі бір жиынтығы пайда болады. Мұндай реттелген және орнықты әлеуметтік іс-әрекеттерді әлеуметтік қарым-қатынастар деп атайды. Әлеуметтік қарым-қатынастар - жеке адамдардың және қоғамдық құрылымдардағы әлеуметтік мәртебелері мен рөлдері бойынша айырмасы болатын сапасы әр түрлі қызмет түрлерін тұрақты атқарушылар ретінде әлеуметтік топтар арасындағы салыстырмалы орнықты байланыстар. “Әлеуметтік қарым-қатынастар” ұғымының мынадай белгілері болады:

адамдардың қоғамдық өмірінде болатын барлық іс-әрекеттері;

адамдардың экономикалық, саяси және рухани-мәдени қарым-қатынастар шеңберінен шығып кететін, олармен қатарласа жүретін және салыстырмалы түрде олардан бөлек болатын іс-әрекеттер;


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: