объектілері

3. Жалпы табиғат пайдалану

4. Табиғатты арнайы пайдалану

1. Табиғат пайдалану құқығының ұғымы, жалпы сипаттамасы мен қағидалары.

Экологиялық құқықтың аса күрделі және көпжақты институттарының бірі табиғат пайдалану құқығының институты болып табылады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес, меншік құқығы тек жер қорына ғана қолданылады; жер қойнауы, су, орман, жануарлар дүниесі, атмосфералық ауа тек пайдалану құқығында ғана беріледі. Сондықтан экологиялық қатынастардың аса көп мөлшері табиғат пайдалану институтына қатысады.

Жалпы мағынасында табиғат пайдалану деп адамның өзінің әр алуан өмірлік қажеттерін (экономикалық, экологиялық, рухани, мәдени-сауықтыру, имандылық-эстетикалық қажеттерін) қанағаттандырумен итермелейтін адамның табиғатпен өзара әрекеті ұғынылады. Мысалы, ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, адамның күнделiктi өмiрiнде, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметiнде табиғи ресурстарды пайдалануы және (немесе) қоршаған ортаға әсер етуi табиғат пайдалану болып табылады.

Табиғат пайдалану ұғымын экологияны пайдалану ұғымынан айыра білу керек. Егер табиғат пайдалану адамның әралуан өмірлік кажеттерін қанағатгандыру үшін табиғи ресурстардың тәртібі ретінде ұғынылатын болса, онда экологияны пайдалануда ең алдымен қоршаған ортаны және тұтастай алғанда экологиялық жүйені барынша сақтау мүддесі үстем болады.

Табиғат пайдалану құқығы объективтік мағынасында - табиғат объектілерін пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады.

Субъективтік мағынасында табиғат пайдалану - бұл адамның әралуан өмірлік қажеттерін қанағаттандыру үшін табиғат объектілерін пайдалану жөніндегі табиғат пайдаланушылардың заңмен белгіленген құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы.

Сөйтіп, тұтастай алғанда табиғаттың пайдалы қасиеттерін немесе жекелеген табиғи ресурстарды қолданыстағы заңмен белгіленген шектерде және шарттарда өздерінің кажеттерін канағаттандыру үшін пайдалану құқығы деген анықтама беруге болады.

Барлық уақытта да мынаны ескерген жөн: табиғат пайдалану тек адамның өмірлік қажеттерін қанағаттандыру құралы қызметін атқарып қоймай, сонымен бір мезгілде қоршаған ортаға теріс ықпал етуі де мүмкін.

Табиғат пайдалану құқығын беру негіздерінің бірі — бұл табиғи ресурстарды пайдалануға берілетін лицензия және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыру.

Қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды пайдалану саласында мына төменде аталған шаруашылық қызметінің экологиялық жағынан қауіпті түрлері міндетті түрде лицензиялауға жатады:

- Жеке және заңды тұлғалардың табиғат қорғау iсiн жобалау, нормалау;

- экологиялық сараптама;

- экологиялық аудит саласындағы жұмыстар жөнiндегi қызметi;

- қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызмет көрсету..
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге арналған лицензияларды берудi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түрiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.

Сондай-ақ, су объектілерін ластануға және бітеліп қалуға жеткізетін аса қауіпті химиялық және биологиялық заттар мен радиоактивтік материалдарды өндірістік мақсаттарға пайдаланатын кәсіпорындар мен құрылыстарды су жинайтын алаңдарда салу мен орналастыру;

- 1-3 -топтағы қауіптілігі бар өндірістің кдуіпті қалдықгарын жағу, химиялық өндеуден өткізу, сақгау мен көму,

- Қазақстан Республикасының қауіпті калдықтарды трансшекаралық тасымалы мен оларды жоюды бақылау туралы Базель конвенциясы бойынша міндеттемелерін орындаумен байланысты трансшекаралық тасымал; Қоршаған ортаға зиянды ықпал ететін техногендік минерал-дықтүзілістерді сақгау;

- Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде мемлекеттік қорық ай-мағы шегіндегі кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді орналастыру, салу мен қайта құру;

- Қоршаған ортаға зиянды ыкдал ететін химиялық және биологиялық заттарды өндіру.

Лицензиядан басқа табиғи ресурстар табиғат пайдалануға облыстың жергілікті атқарушы органдарының (республикалық маңызы бар қалалардың— Алматы, Астана қалаларының әкімдіктерінің) табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы шешімдерінің негізінде, сондай-ақ табиғат пайдалануға жасалған шарттар (келісім шарттар) негізінде берілуі мүмкін.

Қазіргі уақытта табиғат пайдалану құқығы көптеген табиғи ресурстарға лимиттеледі және квоталанады. Бұл мынадан туындап отыр: көптеген табиғи ресурстар сарқылатын ресурстарға жатады немесе жалпы жаңартылмайтын ресурстар болып табылады. ҚР-ның Экологиялық кодексіне сәйкес, қоршаған ортаға зиянды әсер ету мен онда лас заттарды орналастырудың лимиттері және квоталары бар.

Қоршаған ортаға эмиссиялар - ластағыш заттардың шығарындылары, төгіндiлері, қоршаған ортада өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық әсер ету;

Ол үшін табиғат пайдаланушыларға мынадай экологиялық рұқсаттар алу қажет:

1) қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар;

2) кешендi экологиялық рұқсаттар.

Қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органнан қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуға мiндеттi.

Экологиялық рұқсат - жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру құқығын куәландыратын құжат;

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат табиғат пайдаланушыға оның өтiнiмiне сәйкес осы Кодексте белгiленген тәртiппен берiледi.

Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатта көрсетiлген шарттарды орындауға мiндеттi және оларды сақтамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Өз меншiгiнде өндiрiстiк объектiлерi бар табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшiн:

1) бiр облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан әрбiр объект бойынша да, олардың тұтас жиынтығы бойынша да өтiнiм бере алады;

2) әртүрлi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан әрбiр объектiнiң орналасқан жерi бойынша өтiнiм беруге тиiс.

Егер қоршаған ортаға эмиссиялар ортақ табиғат пайдалану процесiнде жүретiн болса, бұл эмиссияларға рұқсат алу талап етiлмейдi.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат:

1) табиғат пайдаланушы және ол жүргiзiп отырған шаруашылық және өзге де қызмет туралы мәлiметтердi;

2) рұқсаттың қолданылу мерзiмiн;

3) табиғат пайдалану шарттарын, оның iшiнде олардың барлық көздерi бойынша эмиссиялардың нормативтерiн;

4) рұқсаттың қолданылуы кезеңiне арналған қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар бағдарламасын;

5) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасын қамтитын, белгiленген үлгiдегi құжаттар жиынтығы болып табылады.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат бланкiлерiнiң нысандарын және оларды толтыру тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.

Қоршаған ортаға эмиссиялар үшiн табиғат пайдаланушыларға рұқсат берiлетiн oбъектiлер I, II, III және IV болып төрт санатқа бөлiнедi.

I санатқа өндiрiстiк объектiлердi санитарлық сыныптауға сәйкес қауiптiлiктiң 1 және 2-сыныпты объектiлерi жатады.

II санатқа өндiрiстiк объектiлердi санитарлық сыныптауға сәйкес қауiптiлiктiң 3-сыныпты объектiлерi жатады.

III санатқа өндiрiстiк объектiлердi санитарлық сыныптауға сәйкес қауiптiлiктiң 4-сыныпты объектiлерi жатады.

IV санатқа өндiрiстiк объектiлердi санитарлық сыныптауға сәйкес қауiптiлiктiң 5-сыныпты объектiлерi жатады.

Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты I санат объектiлерiне қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органнан, II санат объектiлерiне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдарынан, III санат объектiлерiне - оңайлатылған схема бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдарынан, IV санат объектiлерiне - хабарлау декларациясының негiзiнде осы объектiлердiң орналасқан жерi бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдарынан алады.

Табиғат пайдаланушыға I және II санаттағы объектiге мына шарттар сақталған жағдайда:

1) осы Кодекстiң 72-бабына сәйкес қажеттi құжаттар мен материалдар табыс етiлсе;

2) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң жобасы осы Кодекстiң талаптарына сәйкес келсе;

3) қоршаған ортаға әсердi бағалау материалдары қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң және табиғат пайдалану шарттарының Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетiнiн растаса;

4) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келсе және қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етсе;

5) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасы осы Кодексте белгiленген талаптарға сәйкес келсе, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берiлуге тиiс.

Табиғат пайдаланушыға III санаттағы объектiге, егер:

1) осы Кодекстiң 72-бабына сәйкес қажеттi құжаттар мен материалдар табыс етiлсе;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң жобасы осы Кодекстiң талаптарына сәйкес келсе;

3) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келсе және қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етсе;

4) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасы осы Кодексте белгiленген талаптарға сәйкес келсе, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берiлуге тиiс.

Егер табиғат пайдаланушы қажеттi өтiнiм мен хабарлау декларациясын табыс етсе, оған IV санаттағы объектiге қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берiлуге тиiс.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар қолданыстағы рұқсатта көрсетiлген, қолданылатын технологиялар мен табиғат пайдалану шарттары өзгергенге дейiн, бiрақ:

1) табиғат пайдаланушылар үшiн I санаттағы объектiге үш жылдан аспайтын;
2) табиғат пайдаланушылар үшiн II, III және IV санаттағы объектiлерге бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беретiн органдар мынадай жағдайларда:
1) рұқсат алу үшiн табыс етiлген материалдар толық емес және дұрыс емес болғанда;

2) сұратылған табиғат пайдалану шарттары осы Кодекстiң 73-бабында көрсетiлген талаптарға сәйкес келмегенде, рұқсат беруден бас тартуы мүмкiн.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берген орган мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушылардың дұрыс емес деректердi табыс ету фактiлерi, оның iшiнде қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiн есептеуге байланысты қателiктер анықталғанда;

2) табиғат пайдаланушылар рұқсатта көрсетiлген табиғат пайдалану шарттарын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларды бұзғанда, рұқсаттың қолданылуын үш айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруы мүмкiн.
Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты берген органдар мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушылар рұқсатта көрсетiлген табиғат пайдалану шарттарын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларды ұдайы (рұқсаттың қолданылу мерзiмi iшiнде 3 реттен астам) бұзғанда;

2) рұқсаттың қолданылуы тоқтатыла тұруға қатысты жолсыздықтар белгiленген мерзiмде жойылмағанда;

3) қоршаған ортаға елеулi залал келтiрiлгенде және халықтың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiне қатер төнгенде;

4) қоршаған ортаға эмиссияларға жаңа рұқсат ресiмделiп, берiлгеннен кейiн рұқсатты жоюы мүмкiн.

Рұқсатты тоқтата тұру және жою осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген жағдайлар туындаған кезден бастап бiр ай мерзiм iшiнде табиғат пайдаланушыға қабылданған шешiмнiң себептерi және (немесе) оларды жою мерзiмдерi туралы жазбаша түрде хабарлама беру арқылы жүзеге асырылады. Хабарлама алу арнайы табиғат пайдалану құқығын жүзеге асыруды тоқтатуға әкеп соғады.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат жаңа рұқсат берiлген күннен бастап жойылады.

Табиғат пайдаланушы хабарламада көрсетiлген жолсыздықтарды жойған жағдайда рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру жөнiнде шешім қабылдаған органның жазбаша растауы негiзiнде рұқсаттың қолданылуы жаңғыртылады.

Кешендi экологиялық рұқсат табиғат пайдаланушының ең озық қолжетiмдi технологияларды енгiзу және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген эмиссиялардың техникалық үлес нормативтерiн сақтау шартымен қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру құқығын куәландыратын бiртұтас құжат болып табылады.

Өнеркәсiптiң жекелеген процестерi мен салалары үшiн ең озық қолжетiмдi технологиялар тiзбелерiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мүдделi орталық атқарушы органдардың, басқа да заңды тұлғалардың қатысуымен әзiрлейдi және оларды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың орнына кешендi экологиялық рұқсаттар алынуы мүмкiн өнеркәсiп объектiлерi типтерiнiң тiзбесiн және оларды беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

Кешендi экологиялық рұқсат осы Кодекстiң 70-бабында көрсетiлген ақпаратпен қатар мыналарды:

1) шикiзат пен энергияны үнемдi пайдалану шарттарын;

2) қалдықтарды басқару жүйесiн;

3) қоршаған ортаға қауiп төндiретiн жағдайларда объектiнi пайдалану жөнiндегi iс-әрекеттер мен шараларды;

4) ең озық қолжетiмдi технологияларды енгiзу мерзiмдерi мен шарттарын қамтуға тиiс.

Кешендi экологиялық рұқсат осы рұқсатта көрсетiлген қолданылатын технологиялар мен табиғат пайдалану жағдайлары өзгерген кезге дейiн қолданылады.

Қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттер - белгiлi бiр мерзiмге арнап белгiленетiн қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтiк көлемi;

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган экологиялық рұқсаттар бередi, оларда қоршаған ортаға арналған эмиссияларға лимиттер белгiлейдi.

Қоршаған ортаға эмиссияларға арналған квота - нақты табиғат пайдаланушыға белгiлi бiр мерзiмге бөлiнген қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттiң бiр бөлiгi.

Қазақстан Республикасының Үкiметi қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуға арналған квоталар мен мiндеттемелердi сату тәртiбiн белгілейді.

Табиғат пайдалану құқығының қағидалары деп табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі құқық қатынастарын реттеудің негізгі бастаулары мен негізгі бастамалары ұғынылады. Табиғат пайдалану құқығының негізгі қағидаларына мыналар жатады:

- адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың басымдығы. Халықтың өмірі, еңбегі мен демалысы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтіру. Бұл табиғат пайдалану кезінде бірінші кезекте адамның экологиялық мүдделері және әрбір адамның өмірі, еңбегі мен демалысы үшін қолайлы қоршаған ортаға құқығы ескерілуге тиіс дегенді білдіреді;

- табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен ұдайы молайту.

Табиғатты ұтымды пайдалану сонымен бір мезгілде адамның экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және өзге де мүдделерін ескеру дегенді білдіреді, онда табиғат пайдалану ақылға қонымды, ойластырылған, үнемді және өтемді болуға тиіс. Тек осындай көзқарас қана бүгінгі ұрпақтың қажеттерін қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге болашақ ұрпақтар үшін табиғи ресурстарды сақтай алады.

- табиғатты арнайы пайдаланғаны үшін кезең-кезеңмен ақы төлеуді енгізу және қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандыруды енгізу. Табиғатты жалпы пайдаланған кезде әрбір адамның қолайлы қоршаған ортаға табиғи құқығы жүзеге асады және өтеусіз болады. Табиғатты арнайы пайдаланғаны үшін ақы төлеуді енгізумен байланысты қолайлы экологиялық жүйеге қолдау жасағаны үшін және табиғи ресурстарды қалпына келтіруге жауап береді.

- табиғи ресурстарды пайдаланудың мақсатты сипаты. Осы мақсат үшін жер учаскесі беріледі, жер қойнауының учаскесі, су ресурстары, орман ресурстары учаскені пайдалануға беру туралы шешімде, жер қойнауын пайдалануға жасасылған келісім шарттарда, суды пайдалануға берілген рүқсатта, орман билетінде міндетгі түрде белгіленеді. Табиғат объектілерін нысаналы мақсатында пайдаланбаған жағдайда бұл заңды бұзу ретінде қарастырылады және жауапкершілікке тартуға әкеп соқтырады.

- қолайсыз экологиялық ахуалы бар аумақтарда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзылған табиғи экологиялық жүйелерді қалпына келтіру;

- ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар биологиялық алуан түрлілікті және қоршаған ортаның объектілерін сақтауды қамтамасыз ету;

- мемлекеттік реттеу және мемлекеттік бақылау, қоршаған ортаны қорғау туралы заңды бұзғаны үшін жауапкершіліктің ымырасыздығы;

- қоршаған ортаға нұқсан келтіруді болдырмау, қоршаған ортаға ықтимал ыкпалды бағалау.

2. Табиғат пайдалану құқығының субъектілері, мазмұны мен объектілері

Табиғат пайдалану құқығының субъектілері ретінде мемлекет, жеке және заңды тұлғалар қатысады. Табиғат пайдаланушылар жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік және мемлекеттік емес, ұлттық және шетелдік табиғат пайдаланушылар болып бөлінеді. Ұлттык табиғат пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының азаматтары мен қазақстандық заңды тұлғалар, соның ішінде шетелдің қатысуымен, ал шетелдік табиғат пайдаланушыларға — шетел азаматтары, шетелдік заңды тұлғалар, шет мемлекеттер, халыкаралық бірлестіктер мен ұйымдар жатады.

Табиғат пайдаланушылар:

- Тұрақты (табиғат пайдалану құқығы мерзімі шектелмейтін сипатта болады) және уақытша (табиғат пайдалану құқығы белгілі бір мерзіммен шектелген);

- бастапқы табиғат пайдаланушылар (табиғат пайдалану құқығы мемлекеттен не басқа да бастапқы табиғат пайдаланушылардан сол құқықтан айыру тәртібімен алынған) және кейiнгi (табиғатты уақытша пайдалану құқығы бұл мәртебенi өзiнде сақтап қалатын бастапқы табиғат пайдаланушыдан шарт негiзiнде алынған) болуы мүмкiн.

Табиғат пайдалану құқығының мазмұны табиғат пайдаланушының құқықтары мен міндеттері болады.

Табиғат пайдаланушылардың:

— заңмен белгіленген шектерде қоғамдық қажеттерін қанағаттандыру үшін табиғи ресурстарды пайдалануға;

— өзінің шаруашылық және өзге де қызмет әдісін дербес таңдап алуға;

— жүзеге асырылуы экологаялық зиянды ықпалмен байланысты шешімдерді әзірлеу мен қабылдауға қатысуға;

— шартты мерзімінен бұрын бұзуымен байланысты, сондай-ақ мемлекет кажетіне алып қоюмен байланысты ысырап пен залалды өтеуге құқығы бар.

Табиғат пайдаланушылардың құқықтары заңмен қорғалады.

Заңда көрсетілген негіздер бойынша болмаса, ешкімді де табиғат пайдалану құқығынан айыруға немесе шектеуге болмайды.

Табиғат пайдаланушылардың құқықтарынан басқа жалпы міндеттері де болады:

- табиғи ресурстарды нысаналы қызметіне және олардың берілу шарттарына сәйкес пайдалануға;

- шаруашылық және өзге қызметке белгіленген экологиялық нормативтерді және экологаялықталаптарды, қолданылып жүрген стандарттарды, техникалық шарттарды сақтауға;

- берілген табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға, қоршаған ортаға нұқсан келтірмеуге және басқа да табиғат пайдаланушылар құқықтарының бұзылуына жол бермеуге;

- қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды молайтуды ұтымды пайдалануға бағытталған шараларлы жүзеге асыруға;

— Қазақстан Республикасының Салық кодексімен белгіленген «табиғи ресурстарды пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны, табиғи ресурстарды қорғағаны мен молайтқаны үшін төлемдерді дер кезінде төлеуге;

— қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың талап етуі бойынша қажетті ақпарат беруге;

— шаруашылық қызметтің экологиялық тұрғыдан кауіпті түрлерін жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаның өндірістік мониторингі мен бақылауын жүргізуге міндетті.

Табиғат пайдалану құқығының объектілері ретінде табиғи ресурстар - жер, су, орман, жер қойнауы және т.б. қатысады.

Табиғат объектілеріне қарай табиғат пайдалану құқығы мынадай түрлерге бөлінеді:

— жер пайдалану құқығы;

— су пайдалану құқығы;

— орман пайдалану құқығы;

— жер қойнауын пайдалану құқығы;

— жануарлар дүниесін пайдалану құқығы;

— атмосфералық ауаны пайдалану немесе атмосфералық ауаны ластағыш заттардың шығарындылары үшін пайдалану құқығы.

3. Жалпы табиғат пайдалану

Табиғат пайдалануды жалпы және арнайы пайдалануға топтастырудың маңызы зор. Мұндай топтастыру үшін өлшемдер табиғат қорғау құқығын негіздеу болып табылады.

Жалпы табиғат пайдалану тұрақты болып табылады және халықтың өмiрлiк қажеттi сұраныстарын қанағаттандыру үшiн және табиғи ресурстар пайдалануға берiлмей, тегiн жүзеге асырылады. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, табиғатты жалпы пайдалануды шектеуге жол берiледi.

Арнайы табиғат пайдалану - осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды ақылы негiзде пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғаның қызметi.

Жалпы табиғат пайдалану әрбір адамның жайлы қоршаған ортаға табиғи құқығын жүзеге асырумен байланысты болады. Жалпы табиғат пайдалану жалпы ережелер бойынша меімлекеттік органдар тарапынан арнайы рұқсатты талап етпейді, яғни жұрттың бәрі қол жеткізе алады. Алайда, заң жүзінде жалпы пайдалануға шектеу қойылуы мүмкін. Мысалы, Жер Кодексіне сәйкес жалпы пайдаланылатын жерлерге алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, парк-тер, гүлзарлар, қаладағы ормандар, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың қажеттерін қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (су құбырлары, жылыту құбырлары, тазарту құрылыстары және жалпы жұрт пайдаланатын басқа да инженерлік жүйелер) орналасқан және соларды орналастыруға арналған ортақ пайдаланудағы жер жатады.

Жеке тұлғалардың жалпы жұрттың кіруіне жабық емес жер учаскелеріне еркін, қандай да бір рұқсатсыз болуға құқығы бар. Егер біреудің жеке меншігіндегі немесе жер пайдалануындағы жер учаскесі қоршалмаған болса немесе егер жеке меншік иесі немесе жер пайдаланушы учаскеге өзінің рұқсатынсыз кіруге болмайтынын өзге де әдіспен белгілеп қоймаса, егер бұл жеке меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға зиян келтірмейтін болса, осы учаске арқылы кез келген адам өте алады.

"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Заңы өз мұқтаждары үшін жер қойнауының кейбір ресурстарын жалпы пайдалануға жол береді. Мысалы, жеке меншік иесінің немесе жер пайдаланушының өндірілген жалпы таралған қазындыларды не жер асты суларын олармен кейіннен мәміле жасау ниетінсіз өндіруге құқығы бар. Сонымен бірге ҚР-ның Жер Кодексінің 64-бабы жер учаскесі меншік иелері мен жер пайдаланушылардың белгіленген тәртіпте кейіннен мәміле жасау ниетінсіз өздерінің шаруашылығы мұқтаждары үшін жер учаскесіндегі құмды, саз балшықты, қиыршық тасты және баска да жалпы тараған пайдалы қазындыларды, шымтезекті, екпелерді, жер сті және жер асты суларын пайдалануға, жердің өзге де қасиеттерін пайдалануға құқығын баянды етті.

Азаматтардың жалпы орман пайдалану құқықтары ҚР-ның Орман Кодексінде баянды етілген. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қорының аумағында болуының тәртібі мен шарттары мемлекеттік орман қорының санатымен және аймақты абаттандырудың деңгейімен, орман пайдалану түрімен, ерекше қорғалатын табиғи аймақгар туралы жеке-дара ережелермен анықталады. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қорының аумағында демалысын өткізу, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорт шараларына қатысу, жеке мұқтаждары үшін жабайы өскен жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді және дәрілік шикізаттарды, өзге де орман ресурстарын жинау мақсатында рұқсат қүжаттарынсыз тегін болуына құқығы бар. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қорының аумағында өздерінің мұқтаждары үшін жабайы өскен жемістерді, жаңғақгарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді және дөрілік шикізаттарды, өзге де орман ресурстарын жинауға облыстық атқарушы органның ұсынысы бойынша облыстық өкілді органның шешімімен бекітілген нормалар шегінде рұқсат етіледі. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қорының аумағында болуы және жабайы өскен жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді және дәрілік шикізаттарды, өзге де орман ресурстарын жинауға Қазақстан Республикасының зандарына сәйкес халықтың денсаулығын қорғау, өрт қауіпсіздігі мүдделері үшін, жаңғақ кәсіпшілігі, орман - жеміс, орман- тұқым және аң аулау шаруашылығын жүргізуге шектеулер қойылуы мүмкін. Алайда, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген жабайы өскен өсімдіктер мен саңырауқүлақтардың түрлерін, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктер мен табиғи құрамында есірткі бар шикізатты жинау мен дайындауға, Қазақастан Республикасының арнайы заңымен анықгалған жағдайларды қоспағанда, тыйым салынады. Орманға келген жеке тұлғалар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, ағаш пен бүталардың сынуына немесе кесілуіне, орман дақылдарының зақымдануына, орманды ластауға, құмырыска илеуін, қүстардың ұяларын зақымдауға жол бермеуге, жабайы өскен тағамдық орман ресурстарын, дәрілік шикізатты оларды молайтуға нүқсан келтірмейтін мерзімдерде және әдістермен жинауды жүргізуге міндетті.

Азамат үшін ортақ су пайдалану құқығы оның туған сәтінен пайда болады және қандай жағдайда да ол иеліктен шығарылмауы мүмкін. Су кодексінің 65-бабына сәйкес, ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін су объектілері жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекітіліп берілмей және судың жай-күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі мақсатында ортақ су пайдалану шектеулі немесе оған тыйым салынуы мүмкін. Ортақ су пайдалану шарттары мен ережелерін жергілікті өкілді органдар белгілейді (республикалық маңызы бар қалалар, астана).

"Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Заңның 23-бабына сәйкес, жануарлар дүниесін ортақ пайдалануға жануарлар дүниесі объектілерін, сондай-ақ олардың пай-далы касиеттерін мекендейтін ортасынан алмай пайдалану жатады.

Сөйтіп, ортақ табиғат пайдалану құқығы өздерінің мұқтаждарын қанағаттандырумен байланысты болады және жалпы қол жететін құқық болып табылады. Бұл орайда, ортақ табиғат пайдалануды іске асыру үшін мемлекеттік органдар тарапынан рұқсат талап етілмейді.

4. Табиғатты арнайы пайдалану

Арнайы табиғат пайдалану - заңдарда белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды ақылы негiзде пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғаның қызметi.

Табиғатты арнайы пайдалану — қоғамның, заңды және жеке тұлғалардың экономикалық мүдделерін қанағаттандыру үшін табиғат объектілерін пайдалану. Табиғатты арнайы пайдалану мемлекеттік органдар беретін арнайы рұқсаттың негізінде жүзеге асырылады және табиғи ресурстардың белгілі бір бөлігін заңды және жеке тұлғалардың оқшау пайдалануына бөлуді талап етеді.

ҚР-ның экологиялық кодексінің 12-бабының негізінде арнайы табиғат пайдалану құқығы:

1) табиғи ресурстарды пайдалану мен алуға және қоршаған ортаны қорғау саласында жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар және (немесе) рұқсаттар;

2) табиғи ресурстарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен табиғат пайдалануға беру туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi;

3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жасалатын табиғат пайдалануға арналған шарттар (келiсiмшарттар) негiзiнде туындайды.

Арнайы табиғат пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген тәртiппен, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген бiр, екi не барлық актiлер негiзiнде туындауы мүмкiн.

Қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылардың арнайы табиғат пайдалану құқығын жүзеге асыруына экологиялық рұқсаттар болған кезде жол берiледi.

Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы жеке және (немесе) заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес берiледi.

Арнайы табиғат пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларға билiк ете алмайды.

Арнайы табиғат пайдалану құқығы мемлекет қауiпсiздiгiн және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкін.

Суды, жер қойнауын, жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды арнайы пайдалану болады.

Табиғатты арнайы пайдалану құқығы:

- тұрақты (мерзімсіз) немесе уақытша пайдалану (белгілі бір мерзімін көрсете отырып);

- иеліктен айырып пайдалану (табиғат пайдалану құқығы басқа адамға берілуі мүмкін) немесе иеліктен айырмай пайдалану (табиғат пайдалану кұқығы басқа адамға берілмеуі мүмкін);

- ақылы немесе өтеусіз алып пайдалану;

- бастапқы пайдалану (табиғат пайдалану құқығы мемлекеттен не осы кұқыққа иеліктен айыру тәртібінде басқа бастапқы табиғат пайдаланушыдан алған) немесе қайталама пайдалану (уақытша табиғат пайдалану құқығы бастапқы табиғат пайдаланушыдан шарт негізінде алынған, өзінде осы мәртебені сақтап қалатын) болуы мүмкін.

Су Кодексінің 66-бабына сәйкес, халыктың ауыз су және коммуналдық-тұрмыстық қажеттерін, ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің, энергетиканың, балық шаруашылығының және көліктің суға деген қажеттерін қанағаттандыру үшін, сондай-ақ өнеркәсіптік, коммуналдық - тұрмыстық, сорғыту және басқа да ағынды суларды жер үсті объекгілеріне ағызу үшін қүрылыстарды немесе техникалық құрылғыларды су объектісінен алып немесе алмай қолдана отырып су объектісінен жер үсті және жер асты су ресурстарын тікелей пайдалану арнайы су пайдалануға жатады.

Жеке және заңды тұлғалардың арнайы су пайдалану кұқығы лицензияда немесе рүқсатта белгіленген мақсаттар үшін ғана пайдаланылады және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тиіс. Арнайы су пайдалануды жеке және заңды тұлғалар лицензия негізінде жүзеге асырады. Алайда, осы баптың 4 және 5-баптарын қоспағанда, өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, сорғыту және басқа да ағынды суларды жер үстіндегі су объектілеріне ағызу, сондай-ақ жер койнауы бөлігінен алу лимиті тәулігіне елуден екі мың текше метрге дейінгі шаруашылық — ауыз су және өндірістік-техникалық жер асты суларын пайдалану рүқсаты негізінде жүзе-ге асырылады. Арнайы су пайдалануға рұқсатты Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитеті береді.

Мынадай су тарту құрылыстарын: шахталы және тереңдігі жиырма метрге дейінгі құбырлы сүзгілі қүдықтар, сондай-ақ орталықтандырылған сумен жабдықтау үшін пайдаланылмайтын су тұтқыш жиектің бірінші беткейінен барлық жағдайда деңгейін мәжбүрлі төмендетпей тәулігіне елу текше метрден аспайтын су алып жұмыс істейтін шегендеу құрылыстарын пайдаланған кезде арнайы су пайдалануға лицензия мен рұқсат талап етілмейді.

Жануарлар дүниесін арнайы пайдалануға жануарлар дүниесі объектілерін және олардың тіршілік ету өнімдерін мекендейтін ортасынан алу арқылы пайдалану жатады.

Жануарлар дүниесін немесе басқа да табиғи ресурстарды пайдалану құқығын Қазақстан Республикасының Үкіметі реттейді. Мысалы, ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы N 1469 Қаулысымен жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттар беру Ережесі бекітілді, ал Үкіметтің 2005 жылғы 18 наурыздағы N 246 Қаулысымен Балық аулау Ережесі бекітілді.

Жануарлар дүниесін арнайы пайдалануға:

1) аңшылық және (немесе) балық шаруашылығын жүргізу кезінде - биологиялық-экономикалық тексерудің, аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерін) бекітіп беруге арналған конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарының, аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарын дамыту жоспарларының негізінде конкурстық комиссия айқындайтын аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерін) бекітіп беру кезеңіне қарай он жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі;

2) қалған түрлеріне — бір жылдан аспайтын мерзімдер белгіленеді.

Сондай-ақ, басқа да табиғат объектілерін (жер қойнауын, орманды, атмосфералық ауаны) және т.б. пайдалануға құқық арнайы рұқсаттың негізінде жүзеге асырылады, оны ортақ пайдалану үшін берілетін табиғат объектілерін қоспағанда, бұл жөнінде осының алдындағы параграфта айтылған болатын, құзыретті мемлекеттік органдар береді.

Негізгі әдебиеттер:

1. Стамқұлұлы Ә. Қазақстан Республикасының экология құқығы. Оқу құралы. – Алматы: Жеті Жарғы, 1995.

2. Стамқұлұлы Ә. Қазақстан Республикасының экология құқығы. Оқу құралы. – Тараз, 2003.

3. Трушина, Т. П. Экологические основы природопользования: учеб. для колледжей и сред. спец. учеб. заведений/ Т. П. Трушина. - Изд. 2-е. - Ростов н/Д: Феникс, 2003. - 383 с.

4. Культелеев С.Т. Экологическое право Республики Казахстан. – Алматы, 2003.

5. Оспанова Г. С. Экология: оқулық/ Г. С. Оспанова, Г. Т. Бозшатаева. - Алматы: Экономика, 2002

Қосымша әдебиеттер:

1. Бекишева С.Д. Экологическое право Республики Казахстан: Альбом схем/ Бекишева С.Д. - Караганда: Изд-во Караганд.юрид.ин-та, 2002. - 78с.

2. Жетписбаев Б. Состояние лицензирования природопользования в свете нового законодательства. // Тураби, 1997, №4.

Нормативтік-құқықтық актілер:

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30.08.1995 ж.

3. Қазақстан Республикасының экологиялық кодексі. 9.01.2007 ж. // "Егемен Қазақстан", 2007 жылғы 19 қаңтар, N 12-13.

4. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі. Жалпы бөлім. 27.12.1994 ж.

5. «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы N 214 Заңы // Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., N 2, 10-құжат;


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: