Жан-Жак Руссо

Жан-Жак Руссо (1712-1778 жж.) Швейцариядағы Женева қаласында сағат жөндеушінің семьясында дүниеге келеді. Негізгі еңбектері: «Қоғамдық шарт жөнінде», «Эмиль, я тәрбие жөнінде» т.с.с.

Адам мәселесі

Руссо адамның табиғатынан екі алғашқы өзімен бірге туатын нәрсені байқайды. Олардың біреуі «бізді өзімізді сақтап, жақсы өмір сүруге ынталандырса», екіншісі - әрбір сезімдік жанның зардап шегуін, өліп-кұруын көргенде табиғи тітіркенушілікті тудырады.

Егер Т.Гоббс адамның өзін сақтауға бағытталған табиғи инстинктінен өзімшілдікті (эгоизм) тудырса, Руссо оның өмірге келуіне дейін көп уақыттың өткенін көрсетеді. Руссоның ойынша, адамның өзін сүю сезімі басқалардың зардабын көргенде оларды аяу сезімімен теңеледі, көбінесе соңғы сезім басым болып, басқалардың қайғы-қасіретіне ортақ болуға әкеледі.

- Өзінің табиғи жағынан алсак, адам - ізгілікке ұмтылатын пенде. Егер адам ізгі іс-әрекет жасап, өзінің өзімшілдігімен күресе білсе, оның бұл қасиеті терең етек жаяды. Бірте-бірте ізгілікке ұмтылу кажеттікке айналып, адамға рақат әкеледі. Баскалардың алдындағы адамның борышы - ол ізгіліктің сыртқы көрінісі ғана. Дл табиғи сезімнен шығатын басқа адамдарға деген ізгі іс-әрекет -ол ең биік дәрежедегі адамгершілік, - деп қорытады Руссо.

Бірақ адамның баскаларға деген ізгі сезімін дамытуға тежеу жасалса, ол өзінің қарама-қарсылығына айналып, эгоизмді, яғни өзімшілдікті тудырады.

Өркениетті қоғамдағы адамдардың, бір жағынан алғанда, адамды сүюі, әділеттілік, ізгілікке деген іңкәрі байқалса, екінші жағынан, ол сыртқы сезімнің, өзімшілдіктің шеңберінде екенін көреміз. Осы екі бір-біріне қарсы сезім тарихта қалай пайда болды?

Бұл сұраққа жауапты ол адамдардың арасындағы теңсіздік қалайша пайда болды деген сұраққа жауап беру арқылы шешуге тырысады.

Теңсіздік мәселесі

Егер Руссоға дейінгі ойшылдар теңсіздіктің түп-тамыры, бір жағынан, зорлық-зомбылыққа, екінші жағынан, діни- рухани алдау-арбауда деп есептесе, Руссо оның шынтуайт себептері бар деген ойға келеді. Оны ол адамның ақыл-ой иесі ретінде жетілуге деген қабілетінен көреді. Адам еңбек етіп, өзін-өзі асырау жолында қармақ пен жіпті, садақ пен жебені, малдың терісінен киімді т.с.с. ойлап шығарды, отты игерді. Олар үлкен аңдарды ұстау үшін бір-бірімен оқтын-оқтын бірігіп, оның пайдалылығын байқады.

Руссоның ойынша, үй салу адамдардың өміріндегі алғашқы үлкен төңкеріс болды, өйткені үймен бірге отбасы дүниеге келді, ол тарихи алғашқы әлеуметтік бітім еді. Бұл кезде әлі мемлекет дүниеге келген жок, сондықтан бұл уақыт - алтын заман, адамдар бір-бірінен тәуелсіз, олар табиғаттың бақытты балалары.

Екінші төңкеріс теңдікті жойып, адамдарды құлдық пен қайыршылыкка әкелді. Ол - жекеменшіктің пайда болуы. Оның негізін қалаған бірінші адам өз үйінің маңайын коршап: «Бұл -менікі», - деді, ал калған адамдар оны мойындады, - деген пікір айтады. Әрине, Руссо бұл құбылыстың терең тамырына шейін жетеді, өйткені жекеменшіктің пайда болуы алғашқы қоғамның экономикалык дамуымен тығыз байланысты болатын.

Жерді өңдеп, егін егудің өзі оны бөлуге әкеліп соқты. Осыдан жекеменшік, теңсіздіктің өзі-ақ пайда болады, тіпті біз алғашында жер тепе-тең бөлініп еді деп есептесекте.

«Ең күшті өзінің еңбегімен басқалардан гөрі көбірек өндірді, ең өнерлі, тапқыр өзінің еңбегінен пайданы көбірек көрді», - дейді Руссо. «Жерді өңдеп, егін егу азық-түлікті көбейтіп, қажеттіктен артық қалатын байлықтың көзін ашты. Ал мұның өзі әртүрлі кәсіптерді туғызып, өндіргіш күштерді әрі қарай дамытты. Әсіресе темірді балқытып, игеру ауыл шаруашылығында колданатын құралдарды анағұрлым жетілдіріп алатын өнімді молайтты. Байлық аз топтың қолында шоғырланып, көпшілік кайыршылык жағдайға келеді, осыдан бастап адамзат табиғи сатыдан цивилизацияға келіп тіреледі. Байлардың мүдделерін тиімді корғау жолында мемлекет дүниеге келеді», - деп қорытады Руссо.

Мұндай жағдайда адамға қалайша оның жоғалткан еріктігін кайтып беруге болады? деген көкейтесті сұраққа Руссо өзінің «қоғамдық шарт» теориясы аркылы жауап беруге тырысады. Оның мәні мынада. Әрбір адам ерікті түрде өз құқтарының бәрін қоғамға береді. Осы сәтте адамдардың бәрі де бір-бірімен заң жүзінде теңеліп, берген қүктарын өзіне коғамнан қайтарады. Барлығының жағдайы тең, ешкімнің де артықшылығы, жеңілділігі жок, әрбір адам бүкіл қоғамды мойындап, оның талаптарына көнгенмен, жеке қайсыбір адамға тәуелсіз болады, әрбір адам біртұтас қоғамның ажырамас бөлігіне айналады.

Сонымен қоғам өмірінде әрбір адам өзінің күш-қуатын сезінеді, адамдар жеке тұлға, дене ретінде теңсіз болғанымен, моральдық, кұқтық теңдікке ие болады.

Қоғамдағы шығарылған заңдардың кайнар көзі - халық. Егерде бірде-бір заң халықтың пікірінсіз және дауысын берусіз жарыкка шықса, онда ол заң емес, ол - бұйрық. Халықтың билігін қамтамасыз ететін ұйым - ол халықтың құрылтайы. Ол заңмен бекітілген уақытта жиналып, «қоғамдық шарттың бұзылмауын бақылап отыруы кажет, өйткені ол шарттың ыдырап кету себептері әрқашан сақталады». Олар:

а) әрбір өкіметтің өзін әрқашанда күшейтуге тырысуынан шығады;

в) азаматтардың біршамасының ізгілік жолынан ауытку мүмкіндігінен;

с) жеке мүдделердің дамып, жалпы мүдденің шеңберін қысуынан;

д) мұндай жағдайда «жалпы мүддені» өзгертіп, адамдарды алдап кету қаупі туады;

Қоғамдық шартты сақтап қалудың бірден-бір жолы, Руссоның айтуына қарағанда, ол - халықты ағарту, оған әрқашанда дұрыс жолды көрсетіп отыру.

Руссо адамды тәрбиелеу мәселелеріне де көп көңіл бөледі. Тәрбиелеу дегеніміз - табиғаттың адамға берген туа біткен дарындарын бірте-бірте дамытып, гүлдету. Адамға еріктікті сүю, тәуелсіз пікір айту сезімдерін қалыптастыру -- қажетті нәрсе. Мәселені нақтылай келе, Руссо баланың тәрбиесін 4 сатыға бөледі:

туғаннан екіге дейін - негізінен, оның дене тәрбиесіне басым көңіл бөлінуі керек;

екіден он екіге дейін - сезім мен көңіл-күй тәрбиесі жүруі керек; он екіден он беске дейін - баланың ақыл-ойының дамуына басым назар аударылуы қажет;

он бестен он сегізге дейін - баланы адамгершілік жолына қою керек. әсіресе осы соңғы «дауыл мен іңкәр» сатысына көп көңіл бөлінуі қажет.

Тәрбие жолында тікелей зорлық жасамай, баланың дамуына астыртын ықпал жасау керек. Әсіресе оның қалыптасып жаткан еріктік сезімін аялау қажет. Тәрбие жолында еңбек етуге үйретудің орны ерекше. Ізгілікті сүю үшін балаға ізгілікті істерді жасату керек. Тәрбие жолында баланың денесі мен ақыл-ойының дамуы бір-біріне ауысып, қатар жүріп отыруы керек.

Руссо өз заманын ондаған жылдарға озып, болашақ ұрпақтарға зор әсерін тигізді. Руссоның қоғам, адам, мораль т.с.с. жөніндегі көп идеялары біздің ғылыми-техникалық революция жүріп, экологиялық дағдарысқа әкеліп жатқан заманға да өзекті де, мазмұнды.

Жоғарыдағы айтылған ұлы француз ағартушыларының қатарына басқа да сол замандағы ойшылдарды кіргізуге болады.

Егер Кондильяк (1715-1780 жж.) қайсыбір ой өрісі түйсіктер берген деректердің негізінде пайда болады, яғни қоғамның рухани өмірінде күнбе-күнгі өмір бейнеленеді деп есептесе, Ламетри (1709-1751 жж.) өзінің емдеу тәжірибелеріне сүйене отырып, адамның ұйықтап жатып көрген түсі, иә болмаса ауырып, есінен танып жаткандағы сандырағы жан-дүниенің толығынан мимен байланысын көрсетеді, - деген пікірге келеді.

Гельвеций (1715-1771 жж.) де осы көрсетілген тұрғыдан мораль мәселелерін қарап, адамның қайсыбір ләззат алу формаларының негізінде сезім толкыны жатыр, ал кейбір адамдардың өзімшілдігіне келер болсақ, оны тәрбиенің негізінде түзеуге болады деген пікір айтады.

Гольбах (1723-1789 жж.) өзінің «Табиғат жүйесі» деген көлемді еңбегінде: «Өзімен-өзі өмір сүріп жатқан табиғат дүниедеге барлық құбылыстардың себебін құрайды», - деген батыл да терең пікірге келеді. Табиғат дегеніміз — орасан зор шеберхана. Материяның негізгі өмір сүру тәсілі - қозғалыс. Ал тарту мен инерция материяның ең терең табиғи қасиеттері.

Өзінің әлеуметтік философиясында ғалым адамдарды азаматтылыққа, заңға көнуге, елді корғауға, қайсыбір саясаттағы озбырлыққа карсы күресуге, жоғары мәдениетті басқару жүйесін орнатуға шақырады.

Мораль саласындағы негізгі құндылықтарға ол ізгілік, ақиқат, зердені жатқызып, тек соларға ғана табынуға болады деген пікірге келеді. Ол қайсыбір діни көзқарастарды қабылдамай, діни надандыктан арылуға шақырады.

Дидро (1713-1784 жж.) - ұлы француз ағартушыларының бірі. Оның басшылығы мен ұйымдастыру қабілетінің арқасында XVIII ғ. «Француз энциклопедиясы» басылып шыға бастады (салыстырыңыз: Қазақ совет энциклопедиясы XX ғ. 70-ші жылдарында жарық көре бастады). Онда сол кезге дейін жиналған ғылыми деректердің негізінде дүниеге жаңа көзқарас, жаңа саяси, құқтық, гуманистік идеялар дүниеге келіп, кеңінен қоғамда тарала бастайды. Ол француз халқының рухани жаңаруына өзінің өшпес ізін қалдырды.

Негізгі еңбектері: «Табиғатты түсінудегі ойлар жөнінде», «Д'Аламбердің Дидромен сухбаты», «Материя мен қозғалыстын философиялық принциптері» т.с.с.

Егер француз ағартушыларының көпшілігі деистік көзқараста болса, Дидро өзінің философиялық көзкарастарында таза материалистік бағытқа көшеді.

Дүниедегі субстанция біреу ғана - ол материя, ал оның себебі өзінің ішінде, сондықтан оны түсініп, тану үшін ешқандай Құдай идеясы керек емес. Материяны ешкім жаратқан жоқ, ол өзінің даму заңдылықтарының негізінде мәңгілік өмір сүріп жатыр. Дидро материяның өмір сүру тәсілін козғалыстан көреді, сондықтан оларды бір-бірінен ажырата алмаймыз. Бүкіл табиғат мәңгі қозғалыста, бір нәрселер жойылып, екіншілері онын орнына келіп жатыр. Дидроның ең тамаша ойы: ол материяның өзіндік ішкі күштерін мойындап және оның қайнар көзін ішкі қайшылықтардан іздейді.

Адам мәселесіне келер болсақ, Дидро оны басқа тіршіліктер сияқты өзінің қалыптасу, жетілу тарихынан өтті деген пікірге келеді. Адамның санасы ол Құдайдың оған берген сыйы емес, ол -материяның даму жолында пайда болған құбылыс. Ол тіршіліктің күрделену жолында пайда болады.

«Қоғамдық шарт» теориясына сүйене отырып, Дидро корольдің билігінің Құдай берген билігі жөніндегі сол кездегі кең тараған пікірге қарсы шығып, оны әшкерлейді. Ол конституциямен шектелген монархияны жақтап, ағарған биліктің қажет екенін көрсету жолында талай ойларды козғайды.

Адамның өзімшілдігін мойындағанмен, Дидро оны ақыл-оймен тежеп, баскалардың да мүдделерін түсініп, адам өзін-өзі тежей, шеңберлей алатын дәрежеге көтерілуі керек деген гуманистік ойларды келтіреді.

Қорыта келе, біз француз ағартушьшарыньщ философия тарихындағы алатын ерекше орнын тағы да атап өткіміз келеді. Олардың айтып кеткен көп ойлары осы күнге дейін өзінің өзектілігімен бізді таңғалдырып, ішкі дүниемізде шабыт оятып, жаңа ой-пікірлерді тудырады.

Өз бетінше дайындыққа арналған сұрақтар:

1. Ағарту философиясының негізгі ерекшеліктері.

2. Деизм дегеніміз не?

3. Дж.Пристлидің саяси және азаматтық бостандықтардың өзара байланысы жөніндегі идеялары.

4. А.Шефтсберридің мораль жөніндегі ойлары.

5. Дж.Беркли субъективтік идеалистік көзқарасын қалай негіздейді?

6. Ш.Монтескьенің «заңдық көзқарас» жөніндегі ойлары.

7. «Географиялық детерминизм» дегеніміз не?

8. Ж.Ж.Руссоның теңсіздіктің пайда болу ы жөніндегі идеялары.

9. Ф.Вольтердің христиан дінін сынауы.

Рефераттар тақырыбы

1. XVIII Ғ. Ағрту филосифиясының ерекшеліктері

2. Д.Толанд пен А. Коллинздің деистік көзқарастары.

3. А.Шефтсберри мен Б.Мандевильдің моральдық философиялары.

4. Ф.Вольтердің философиялык көзқарастары.

5. Француз энциклопедияшылары

6. Ш.Монтескьенің мемлекет билігін бөлу принципі

7..Ж.Ж. Руссоның «қоғамдық шарт» тұжырымдамасы

VII тарау. ХУІІІ-ХІХ ғғ. Неміс мәдениет аясындағы классикалық философия

Кіріспе сөз

Неміс халқының рухы тудырған ХҮІІІ-ХІХ ғғ. философияға уақытында Ф.Энгельс «неміс классикалық философиясы» деген ат қойған болатын. Мұның өзінен біз өте биік бағаны, деңгейді сезінеміз, өйткені «классика» деп адамзат тарихындағы қоғамның қайсыбір саласындағы мәңгі өшпес жетістіктерді айтамыз. Мысалы, қазақ халқының рухани өмірінде, өнерінде классикалық орын алатындар - Әл-Фараби, Абай, Құрманғазы, М.Әуезов т.с.с. ғұламалар. Олар тек қана қазақ халқына емес, бүкіл адамзат тарихына өзінің өшпес ізін қалдырған тұлғалар.

Ал неміс классикалық философиясының өкілдеріне келер болсақ, И.Кант, Г.Гегель, И.Фихте, Ф.Шеллинг, Л.Фейербах сияқты ғұламалардың атын, шығармашылық еңбектерін бүгінгі барлық елдердегі білімді қауым біледі.

Әңгіменің қызығы - өз заманының ең биік деңгейіне көтерілген неміс философиясы сол кездегі басқа Еуропа елдеріне қарағанда әлеуметтік-экономикалық жағдайы анағұрлым артта қалып қойған елде пайда болады. Мұның өзі қоғамның материалдық дамуы мен оның рухани деңгейі әрқашанда бір-біріне сәйкес келе бермейтінін көрсетеді.

Сол кездегі неміс елі жүздеген кішігірім мемлекеттерден тұрған болатын. Бүл елдердегі әрбір князь, граф, герцог өзін білімді дана елбасы ретінде көрсеткісі келіп, ұлы ойшыл, жазушы, суреткер, әуенші т.с.с. адамдарды өздеріне тартып, олардың өмірге керек қаражаттарын өз мойындарына алып, шығармашылық еңбекпен айналысуға мүмкіншілік жасады. Уақытында Ф.Ницше айтқандай, шығармашылықпен айналысуға, біріншіден, бос уақыт, екіншіден, адам күнбе-күнгі материалдық мұқтаждықтардан құтылуы қажет.

Әрине, бұл ойшылдардың көбі өз заманындағы алпауыттарға тәуелді болды. Бірак, соған қарамастан, олар өздерінің философиясында, астыртын түрде болса да, сол кездегі халықтың аянышты жағдайына қарсы шығып, адам рухани пенде ретінде айнала қоршаған ортаны өзгерте алатындығы және өзгерту керектігі жөнінде тамаша ойларды философияға енгізді. Ол үшін олар философияға диалектиканы, яғни даму тұжырымдамаларын өмірге енгізді.

Неміс философиясының келесі ерекшелігі - Л.Фейербахтан баска барлык неміс ойшылдары - идеализм бағытының өкілдері. Егер француз ағартушыларының көбі материалистік атеистік бағытта болса, И.Кант, Г.Гегель, И.Фихте сияқты ұлы философтарды біз материалистік бағытқа жатқыза алмаймыз. Бұлар, керісінше, адамның санасы, рухының құдіретті күшін көрсете білді. Сонымен қатар олар рухтың тарихи дамуын, акыл-ой мен зерденің арасындағы қайшылықтың бар екенін, рухани өмірдегі ақиқат пен еріктің, ізгілік пен әсемдіктің дүниедегі ең биік тамаша құндылықтар екенін көрсете білді. Енді әңгімені нақтылай түсіп, сол неміс классикалық философиясының көрнекті өкілдерінің шығармашылық жолын сараптайық.

§ 1. И.Канттың өмірі мен шығармашылық жолы

Иммануил Кант (1724-1804 жж.) Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг (қазіргі Калининград) қаласында дүниеге келіп, өмір бойы сол жерде өмір сүрген. Жастайынан әлсіз бала болып, өзінің денсаулығына мұқият қарауға мәжбүр болған. Өмірінің аяғына шейін қатаң тәртіптің негізінде өмір сүріп, денсаулығын сақтап қалу үшін тіпті отбасын кұрудан да бас тартқан.

И.Кант 1745 ж. жергілікті университетті бітіргеннен кейін жаратылыстану мәселелерімен айналысады. Тек 1770 ж. бастап өмірінің соңына дейін философиямен шұғылданады. И.Канттың бұл өмір кезеңін «сындық кезең» деп зерттеушілер атап кеткен. Себебі, И.Канттың бұл уақытта жарыққа шығарған үш негізгі еңбектері «сын» деген сөзден басталады. «Таза зердені сынау», негізінен, дүниетаным мәселелеріне арналған, «Практикалық зердені сынау» мораль мәселелеріне, ал «Пайымдау кабілетін сынау» табиғат философиясы мен өнер мәселелеріне арналған.

Өзінің «сындық кезеңге» дейінгі өмір сатысында И.Кант күн жүйесінің пайда болуы жөнінде болжам жасайды. Оның ойынша, ғарышта тараған әртүрлі материалдык бөлшектер тарту күші арқылы үлкен бұлттарды құрайды, ал оның ішіндегі тарту және оған қарсы бағытталған итеру күштері улкен дауылдарды тудырып, шарға ұқсайтын ұсақ бөлшектердің үйкелесуінің негізінде қызып жанатын объектілер дүниеге келеді.

Ғарышта бір жұлдыздык жүйелер пайда болып, екіншілері сөніп жатады. И.Канттың ойынша, біз өмір сүріп жатқан жер планетасы сияқты ғарышта сан алуан объектілер бар. Ал олардың көбі біз сиякты саналы пенделерді тудыруы мүмкін. Табиғат, жалпы алғанда, мәңгілік іс-әрекет пен жаңару жолында өмір сүреді, ол өзінің бітпейтін кайта құру әрекетін тоқтатпайды.

Өмірінің «сындық кезеңінде» И.Кант өзінің алдына бірнеше көлемді философиялық сұрақтар койып, соларға жауап беруге тырысады. Олар: «Мен нені біле аламын?», «Мен не істеуім керек?», «Мен не нәрсеге үміттене аламын?», «Адам дегеніміз не және ол өзі не бола алады?».

И.Канттың гносеология (таным) саласында жасаған «коперникандық төңкерісі» «мен нені біле аламын?» деген сұраққа жауап беруінен шығады. Біріншіден, И.Кант білімді екіге бөледі. Олар тәжірибелік (апостериорлық) білім және априорлық (яғни тәжірибеден бұрын, таза, оны тіпті туа біткен деген мағынада да түсінуге болады, өйткені ол тәжірибеге дейін бізге берілген).

Өзінің практикалық философиясында, яғни моральдық ілімінде, априорлық деп дүниедегі барлықты емес, болуға тиіс, керектігін көрсететінді айтады.

И.Канттың таным теориясындағы тағы да жиі кездесетін категориялары - ол трансцендентальдық және трансценденттік.

Трансцендентальдық деп И.Кант тәжірибенің алдында және сол тәжірибелік танымның мүмкіндігін жасайтын ұғымдарды айтады. Ал трансценденттік деп тәжірибелік шеңберден шығып кетуге ұмтылған, оның әр жағында жатқанды айтады.

Келесі екі ұғым - ол «зат өз ішінде», яғни заттың өзіндігі, оны И.Кант «ноумен» деген ұғыммен береді, ол мән. Ал заттардың сыртқы құбылысын ол «феномен» деген атпен береді. Оларды біз сезімдік және ақыл-ойдың бітімдері арқылы ретке келтіріп, тани аламыз. Ал ноуменді алсақ, ол танылмайды. Біріншіден, өзіндік зат жөнінде біз тек кана оның өмір сүріп жатқанын көреміз. Олар біздің түйсіктерімізді коздырушы күштер ғана, ал үшінші мағынасы -өзіндік зат тәжірибенің әр жағында жатыр. Төртіншіден, оларды таным үрдісінде бірті-бірте жақындай беретін идеалдар, неше түрлі рухани құндылықтар ретінде түсінеді. Бүл жағынан алып қарағанда, ол сенім аймағына жатады.

Егер И.Кантқа дейінгі ойшылдар танымның негізі табиғатты байқап карауда жатыр деп есептесе, ол дүниетануды адамның белсенді іс-әрекетімен байланыстырып, осы жолда адам дүниені өзінің априорлык формалары арқылы ретке келтіріп құрады деген пікірге келеді. Философиядағы И.Канттың жасаған коперникандық төңкерісі деп біз осыны айтамыз.

И.Канттың танымдық теориясы түйсіктер арқылы берілетін әртүрлі құбылыстардан басталады. Оларды белгілі бір ретке келтіретін априорлык сезімдік аңдау формалары бар. Олар кеңістік пен уақыт.

И.Канттың ойынша, кеңістік пен уақыт - белгілі бір сапасыз, біртекті және шексіз созылымдар. Сезімдік байқаудың таза формалары (трансценденталилер) ретінде олар идеалды, ал материалдық тәжірибемен қосылған кезде шынайы болып келеді. Егер кеңістік байқаудың априорлық сыртқы формасы болса, уақыт априорлық ішкі формасына жатады, өйткені уақыт адамға сырттай берілмеген, біз оны тек іштей санау арқылы ғана сезіне аламыз.

И.Канттың ойынша, кеңістік пен уақытты аңдау математика ғылымының қайнар көзін құрайды. Егер геометрияның негізінде кеңістік жатса, арифметика мен алгебраның негізінде уақыт жатыр, өйткені сандарды есептеу, бірінің соңынан екіншісін келтіру уақыт шеңберінде оларды санауды қажет етеді.

Алайда сезімдік байқау, қайсыбір одан шығатын тәжірибе әрқашанда кездейсоқты, ал білім жалпымағыналық және қажеттік, заңдылық дәрежесіне көтерілуі керек. Оған жететін жол - априорлық ақыл-ой формалары, оларды И.Кант категориялар дейді. Ол категориялардың қайнар көзін тәжірибеден шығармайды, олар да кеңістік пен уақыт сияқты, априорлық табиғатымен сипатталады. И.Канттың сараптауы бойынша ақыл-ойдың априорлык категорияларына сан, сапа, қарым-қатынас, модальдық т.с.с. жатады. Әңгіменің ғажаптығы - И.Кант осы көрсетілген категорияларды үштік арқылы келтіреді. Мысалы, сан категориясын «бірлік», «көптік», «біртұтастық» арқылы, сапаны «реалдық» (шынайылық), «терістеу», «шектеу» т.с.с. шығарады. И.Кант философия саласында Жаңа дәуірде алғаш рет категориялардьщ таным жолындағы аса үлкен рөлін көрсете білді.

Сонымен категориялар арқылы біз сезімдік аңдаумен алынған дүние жөніндегі қабылдауларды қажеттілік, жалпымағыналык Дәрежеге көтереміз. И.Канттың айтуына қарағанда, сезімсіз бірде-бір зат бізге берілмеген болар еді, ал ақыл-ойсыз бірде-бір нәрсені ойлауға болмас еді. «Ойлау сезімсіз - бос, аңдау ұғымдарсыз -соқыр». Ал осы адамның екі кабілетін бір-бірімен қоссақ, онда біз толыққанды білім дәрежесіне көтеріле аламыз. Оны И.Кант тәжірибе дейді. Сонымен субъект категориялар арқылы заңдылык пен тәртіпті құбылыстарға беріп, оны табиғат деген атпен береді. Адам - табиғатка заңдылык беруші. Мұндай көзқарасты, әрине, субъективті-идеалистік философия деп айтуға әбден болады.

И.Канттың негізгі бұл саладағы кемшілігі адамның дүниетанымдағы ой белсенділігін асыра көрсетуінде. Әрине. таным процесінде адамның шығармашылық іс-әрекеті үлкен рөл аткарады. Осы шығармашылык іс-әрекеттің негізінде адамзат «екінші» тағы табиғатқа карсы тұрған дүниені жасайды. Алайда біз бұл «екінші» табиғаттың тек бірінші алғашкы табиғаттың негізінде ғана пайда болатынын естен шығармағанымыз жөн.

И.Канттың таным теориясын әрі карай жалғастырсақ, онда біз оның тәжірибелік танымның әрқашанда толык емес екендігі жөніндегі ойын байкаймыз: трансценденттік әлемге ақыл-ой жете алмайды. Ал бірақ адамның санасында ещқашанда жойылмайтын бүкіл дүние жөнінде «соңғы ақиқатка» деген құштар бар. Ал мұндай істі өзінің мойнына ақыл-ой емес, зерде алады.

Егер ақыл-ой кабілеті арқылы біз категориялық ғылыми таным дәрежесіне көтерілсек, зерде арқылы біз толықканды танымның «соңғы кірпішіне» дейін көтерілуге тырысамыз. Сананың шексіздікке деген құштарлығын зерде шешкісі келеді. И.Кант, жалпы алғанда, ақыл-ой мен зердені адамның ойлау қабілетінің екі бұтағы ретінде қарайды. Егер ақыл-ой дүниедегі құбылыстарды зерттеп, оларды ретке келтірсе, зерде құбылыстың әр жағында жатқан өзіндік заттың ішкі сырын ашқысы келеді. Зерде ақыл-ой шеңберінен аттап, трансценденттік әлемге өтуге тырысады.

Ақыл-ой мен зерденің арасындағы айырмашылықты жете көрсету үшін И.Кант «идея» ұғымын қолданады. Ақыл-ой категорияларды қолданса, зерде идеяларды басшылыққа алады. «Қайсыбір адамның дүниетануы аңдаудан басталып, ұғымдарға өтеді де, идеялармен бітеді». Яғни идеялардың өрісі ғылыми категориялардан кең, ол - метафизикалық категориялар. Идеялар арқылы біз тәжірибенің әр жағына өткіміз келеді, бірақ ол іс-әрекетіміз бізді нәтижеге әкелмейді. «Идеялар жетілгендік, кемеліне келгендікті көрсетеді, оған жақындауға болғанмен, бірақ толығынан жетуге болмайды», - деп қорытады ұлы ойшыл. Сонымен зерде ұстай алмайтынды ұстағысы, шешілмейтінді шешкісі келеді.

И.Канттың ойынша, идеялардың үш түрі бар: жан-дүние, әлем және Құдай мәселелері.

Әлем мәселесіне келер болсақ, ол жөнінде И.Кант төрт тұжырым жасап, оған қарсы тұрған төрт пікір келтіреді. Ойшыл оны антиномия дейді, өйткені бірінші тұжырым мен оған қарсы бағытталған тұжырымның екеуі де тең дәлелденеді. Осының әсерінен зерде шешілмейтін қайшылыққа келіп тіреледі.

Әлемнің уақыттық шеңбер-дегі басы және кеңістіктегі шеңбері жоқ. Ол - шексіз. Бірде-бір күрделі зат тұрпайы бөлшектерден тұрмайды. Дүниеде бірде – бір тұрпайы нәрсе жоқ. Дүниеде ешқандай еріктік жоқ. Дүниедегінің бәрі тек қана табиғи заңдылықтар-дың негізінде өмір сүреді.

И.Канттың төрт космологиялық идеяларын осы жерде

келтірейік:

1. Әлемнің басталған уақыты 1.
мен кеңістіктегі шеңбері бар.
Ол шектелген.

2. Әлемдегі қайсыбір күрделі 2.
субстанция тұрпайы бөлшек-
терден тұрады.

3. Дүниедегі құбылыстардың 3. Дүниеде
бәрін шығаратын табиғаттың ешқандай еріктік
заңдылықтарының негізін-
дегі себептілік жалғыз емес.
Кейбір құбылыстарды түсіну
үшін ерікті себептіліктің бар
екенін мойындау қажет.

Еш жерде абсолютті қажетті мән - дүниеде де, дүние-нің сыртында да - себеп ретінде жоқ.

4. Дүниеге оның бір бөлшегі, я 4.
болмаса себебі ретінде жата-
тын сөзсіз қажетті мән бо-
луы керек.

Әрине, И.Канттың жоғарыда көрсетілген антиномияларында іргетасты философиялық мәселелер көтерілген. Антиномияларда қарама-қарсы жатқан тұжырымдар өте өткір түрде берілген, сондықтан оларды диалектикалық тұрғыдан шешуге итереді. Оның қойған бұл мәселелерін болашақта Г.Гегель диалектикалық тұрғыдан шешуге тырысады.

Сонымен Жаңа дәуірде И.Кант Қайта өрлеу заманындағы ғалымдардың ілімдерін жаңартып, таным жолындағы қайшылықтың іргетастығын әлемге паш етті.

Моральдық мәселелер

Енді И.Канттың теориялық зердесінен өтіп, оның практикалық философиясына көшуге уақыт келді. «Практикалық зерде» Деп ол моральдық салаға әртүрлі принциптер мен нормалар беретін зерденің кабілетін айтады. И.Канттың ойынша, «Еріктіктің негізінде болуы мүмкіннің бәрі практикалық зердеге жатады».

И.Кант өзінің философиясында моральдық саланы ғылыми салаға қарағанда анағұрлым жоғары қояды, өйткені моральдық сала өз-өзіне жеткілікті, автономиялық ахуалда өмір сүреді. Мораль адамды дүниеде болып жатқан емес, болуға тиіс биіктіктерге итереді. Адамның әртүрлі сезімдерінен шығатын тілек, өзіме ғана болсын деген ойдан шығатын іс-қимыл, пайдалықты көздейтін әрекет -мұның бәрі де моральдық салада есепке алынбауы керек, өйткені оның бәрі де кунбе-күнгі күйкі өмірлік тәжірибеден пайда болады.

Практикалық зерде априорлық жолмен өз-өзіне моральдық принциптерді ұсынады: біз өмірден емес, тек таза моральдық еріктен шығатын нормаларды біз басшылыққа алуымыз керек. Мұндай көзқарасты парыз этикасы деп айтуға әбден болады.

Легальдық және моральдық іс-әрекеттер

Адамды белгілі бір іс-әрекетке итеретін тәртіп ережесін И.Кант императив дейді. Оның екі түрі бар. Біріншісі - гипотетикалық императивтер. Олардың ережелері өмірде қалыптасатын нақтылы жағдайларға байланысты, ал соңғылар әрқашанда өзгерісте. Гипотетикалық императивтер, сондықтан адамның сыртқы, яғни гетерономдық жүріс-тұрысын ғана анықтайды, оның ішкі мотивтерін есепке алмайды. Мысалы, «егер сатып алушылардан айырылып қалғың келмесе, онда сауда-саттықта олармен адал бол», «егер өзіңе пайда болсын десең, онда басқаларға қызмет ет» т.с.с. Мұндай ережелерге сай жүріс-тұрыс, әрине, құпталады. Сонымен қатар олар орындалмаған жағдайдағы жазалау мүмкіндігі де адамға өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай жүріс-тұрысқа И.Кант легальды, яғни заңға қарсы емес деген ат қояды.

Императивтердің екінші түрі -ол категорикалық императивтер - оның ережелерінің түптамыры моральдық салаға кетеді. Оның талаптары үзілді-кесілді, қажетті түрде әрқашанда орындалуы керек. Оның талаптары өмірден алынған тәжірибеден емес, адамның трансценденттік табиғатынан шығады. Ол ешқандай «егер» деген сөзден басталатын тәртіп тәжірибесін мойындамайды. Сонымен қатар гипотетикалық императивтер моральдық ережелерге қарағанда төмен болғанымен, соңғыларға қарсы емес. Мысалы, егер суға батып бара жатқан адамды құтқарған кісі сол үшін сый алу мақсатымен суға түссе, онда оның іс-әрекеті легальды.

Ал ондай есеп болмай, тек кана парыздың негізінде, өз өмірін ойламай, басқа адамды судан шығарамын, өлімнен құтқарамын деген оймен суға тап берген адамның іс-әрекеті -- моральды. Сонымен легальдық пен моральдыктың шекарасы адамның ішкі сана-сезімі арқылы өтеді екен.

Енді сол И.Канттың моральдық салада жасаған категорикалык императивін талдайық. Ол былайша берілген: «әрқашанда жүріс-тұрысыңның ережесі бүкіл адамзаттың талабына сай келсін», яғни сенің орныңда сол жағдайда басқа адам болса, ол да солай істер еді. Категорикалық императивтің талаптарын орындау жолында адам ешкандай пайдақорлықты іздемеуі керек. Тек басшылыкка баска адамдар алдындағы парызымызды алуымыз кажет.

Категорикалық императивтің екінші ережесі «әркашанда адамзатқа, - ол өзің, иә болмаса басқа адам болса да, - ешқашанда құрал ретінде қарама, әрқашанда оны мақсат тұт». Адам - бұл дүниедегі ең биік кұндылык, оны басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Бұл ұлы гуманистік принцип қайсыбір діндегі адамды төмендететін қағидаларға карсы бағытталған. Оны И.Канттың моральдық философиясының күшті жақтарына жатқызуға болады.

Ал енді И.Канттың моральдык философиясының әлсіз жақтарына келер болсак - ол парыз бен бақытты бір-біріне қарсы қою. Егер мен басқа адамға жақсылыкты оны сүюдің, жаксы көрудің негізінде жасасам, онда ол іс-әрекет өзінің моральдық жағын жояды. Моральдық жолда адам тек кана парызды басшылыққа алуы кажет. И.Канттың ойынша, тек кана «Парызды орындадым» деген ой ғана адамды өзін бақыттымын деген сезімге әкеледі. «Парыз, сен сәулетті, ұлы сөзсің!» - деп қорытады И.Кант.

Әрине, адамдардың карым-катынасында, олардың ішкі ойлары мен сезімдері үлкен орын алады және адамдар оны аса бағалайды. Бірак нақтылы жасалған іс-әрекетті де естен шығармаған жөн. Нақтылы күнбе-күнгі өмірде біз біреуді сүйеміз, екіншіні жек көреміз, үшіншіні сыйлаймыз т.с.с. Адамның сезім тебіренісінсіз ешқандай қарым-катынас жок, олай болса мораль саласынан адамның сана-сезімін алып тастау тек қана абстрактылык теорияда ғана болса керек.

Еріктік мәселесі

И.Канттың ойынша, адам ерікті түрде категорикалык императивтің талаптарын мүмкіндігінше толык орындауы керек. Зорлыктың негізінде атқарылатын моральдық императивтер жоқ. Бірақ бұл теорияда ғана. Ал нактылы өмірде, құбылыстар әлемінде, адам көбінесе гипотетикалык императивтермен кездеседі. Бұл жағдай оның жан дүниесінде үлкен кайшылыктар тудырады.

Бұл қайшылықты шешу жолында И.Кант категорикалық императив шынайы өмірде толығынан емес, тек соның талабына шексіз жақындау арқылы шешіледі деген пікір айтады. «Ал мұндай жағдайда адам бақытқа жете ала ма?» - деген сұраққа ол былайша жауап береді: «Мораль біздің өзімізді қалайша бақытты қылуымыз керек жөніндегі ілім емес. Ол біз қалайша бақытка сай болуымыз керектігін көрсетеді».

- Бақытты адам деп біз өмірден ләззат алғанды, иә болмаса барлық нәрсе соның еркі мен тілегі арқылы орындалғанды емес, тек қана өзінің өмірдегі парызын орындап, іс-қимылына қанағат еткенді айтамыз, - деп қорытады ұлы ойшыл.

И.Канттың ойынша, ешкім және ешқашан тек қана парыз идеясының негізінде өмір сүре алмайды. Жоғарыдағы айтқандай, тек қана трансценденттік шексіздіктің аясында ғана категорикалық императивтің толық орындалуына үміт артуға болады. Сондықтан адамның жан дүниесінің өлместігі болуы қажет. Міне, бұл практикалық зерденің екінші тұжырымы.

И.Канттың ойынша, тарихи ғасырлар өткен сайын адамзат моральдық идеалға жақындай түсуде, әсіресе болашак «этикалык мемлекет» орнаған кезде бұл процесс тездеуі мүмкін. Ал, бірақ трансценденттік жағдайда идеалға жақындап жету басқаша болмак, өйткені адам өлместік сатысына көшеді.

Жігердің еріктігі мен жан-дүниенің өлместігі үшін қажетгі түрде белгілі бір онтологиялық (болмыстық) негіз керек. Ең болмағанда логикалық түрде адам Дүниеде құдіретті күштің бар екенін мойындауы керек. Олай болса, мұндай негіз деп тек Құдайды атауға болады. Құдай, сондықтан бар және болуы қажет.

И.Канттың ойынша, Құдайға сенбеушілік адамдардың моральдық деңгейлерін күрт төмендетер еді, олар табиғаттан әлсіз және жетілмеген болып жаратылғаннан кейін, күнәға батып адамдық касиеттерінен жұрдай болуы мүмкін. Сонымен И.Кант «Мен не нәрсеге үміттене аламын?» деген сұраққа: «Діни сенімге», - деп жауап кайтарады.

Құқ және мемлекет мәселелері

Егер И.Канттың моральдық философиясы адамдардың күнбе-күнгі тәжірибесінен аулақ болатын болса, оның құктық көзқарастары, керісінше, нақтылы өмірмен тығыз байланысты. Адамдардың табиғи құқтарының негізгі қызметі - тұлғаның моральдық еркіндігін бекіту, парыздың орындалуына жағдай туғызу. Құқтың өмір сүруінін ерекшелігі - ол әртүрлі адамның қарым-қатынастарын әділеттіліктің негізінде ретке келтіреді.

И.Канттың ойынша, адамдардың негізгі табиғи кұқтарына жекеменшікке деген құқ жатады, тек ол баска адамдардың бостандығына зияндығын тигізбесе болды. Табиғи қүқтың негізгі қағидаларының бірі –jus talions (тен құндық, тіске-тіс, көзге-көз).

Ал мемлекет мәселесіне келер болсақ, ол адамдардың заңдардың негізіндегі бірігіп қауымдасуы, оның негізінде әділеттілік принципі жатуы қажет. И.Канттың ойынша, республикалық басқару жүйесі король билігіне қарағанда жақсы, өйткені король даналык пен әділеттілікті ұзақ уақыт бойы сақтай алмай қалады, ұзақ уақыт билікті ұстаған адам кажетті түрде зерденін ерікті тұжырымын бұрмалайды.

Мемлекет аясында қоғамнан ажыратуға болмайтын үш принцип бар. Олар - әр адамның еріктілігі, азаматтардың теңдігі және әрбір азаматтың дербестігі.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  




Подборка статей по вашей теме: