Элей мектебі. Парменид пен Зенон 2 страница

Ізгілік дегеніміз - жақсылықты білу және соның негізінде іс-әрекет ету; батылдық - ол қауіп төнген жағдайда не істеу керектігін білу; әділетті адам өзінің мемлекетпен қарым-қатынасын біледі т.с.с. Оның себебі ізгіліктің табиғаты жөнінде адамдар ойланбайды, өйткені олардың көпшілігі әдет-ғұрып арқылы беріледі. Ал егерде біз оларды ақыл-оймен танып-білсек, онда біз өзіміздің жан дүниемізді байытып, жамандыққа бара алмаймыз.

Әрине, ізгіліктен ауытқу, күнәға бату - ол тек қана білмегендіктен шықпайды, ол адамның еркімен де тығыз байланысты. Бірақ ерте замандағы адамдарға ерік әлі таныс емес, оны тек Орта ғасырдың діни ойшылдары ғана ашқан болатын.

Сократтың ойынша, адамның ең тамаша қасиетінің бірі - өз-өзін ұстауы. Қандай көңіл-күйде болсаң да: шаттык, қайғы-қамығуда да, неше түрлі құштарлықта да адам өзін-өзі билеп, ұстауы қажет.

Сократ грек ойшылдарының бақыт жөніндегі түсініктерін тереңдете түсті. «Менің ойымша, тек ізгі адам бақытты; шындығы жоқ, арам пиғылды - әрқашанда бақытсыз».

Сократ адамның жан дүниесінің терең мәнін ашып қана қоймай, сонымен бірге оны жетілдірудің жолын көрсетті. Оның жолы - ирония мен маевтика. Ирония дегеніміз сұхбат барысында білмеген саяқты болып талқыланып жатқан мәселе жөніндегі қарсыда отырған адамның тұжырымдарының неше түрлі сұрақтар арқылы ішкі қайшылығын ашып, ең ақырында оны: «Менің білетіпім - тек қана ештеңе білмейтінім», - деген ойға әкелу. Бірақ мұнымен сұхбат бітпейді. Егер осы сатыда әңгіме бітсе, адам толығынан күмәнға батып, дүниеде не істерін, қалай өзін ұстайтынын білмес еді.

Сұхбаттың екінші сатысында маевтика басталады. Ол сәбидің Дүниеге келуіне көмектесетін кіндік шешенің қызметі саяқты. Бірақ сәби емес, Дүниеге ақиқат келеді. Ол үшін жоғарыдағы талданған мәселе жөніндегі пікірлер салыстырылып, олардың ішіндегі ақиқатқа әкелетіндері алынады.

Бірақ Сократтың мақсаты - одан да әрі тереңдеу. Қандай:мәселе талқыланса да, әңгіме ақырында адам өмірінің мән-мағынасына келіп тіреліп, осы мен қалай өмір сүріп жатырмын, не істеп, не қойдым, менің ар-ұжданым таза ма т.с.с. деген сұрақтарға әкеледі. Міне, негізгі мақсат енді ғана орындалды, осы уақытқа дейін өзінің жан дүниесі жөнінде ойланбай келген адам іштей тазарып, өмірге басқа көзбен қарай бастайды.

Олай болса, адамның өз-өзін танып-білуі - оның ең биік мұратына айналуы керек. Сонда ғана адам мен қоғам арасындағы қайшылықтар шешіледі. Ол үшін адам күнделікті өмірдегі «ұсақ мәселелердің» жолын табуы емес, ол бүкіладамзаттық ақиқат деңгейіне көтеріліп, өзінің жан-дүниесін толтыруы керек. Бұл пікірді қолдайтын бір аңыз бар. Сократтан: «Сіздің туған жеріңіз қайда?» - деп сұрағанда, ол: «Мен ғарыштанмын», - деп жауап берсе керек. Сократтың ұлы тұлғалығы, міне, осында.

Философияда ұлы жүйелерді жасаушылар. Платон мен Аристотель. Б.з.д. IV ғ. Антикалық қоғамда бүкіл мәдениет, соның ішінде философия да өзінің ең биік сатысына көтеріледі.

Қоғамды әлеуметтік-экономикалық, саяси жағынан алып қарағанда, бұл уақыт қала-полистердің мүмкіншіліктері таусылып, дағдарысқа ұшыраған кезі болғанымен, рухани өмір, керісінше, үлкен шабытта болып, ең ұлы туындылар пайда болды. Мұның өзі рухани және материалдық өмір дамуының бір-бірінен тәуелсіз екендігін дәлелдегендей, әрине, салыстырмалы түрде ғана.

Ал философияның өзінің ішкі даму заңдылықтарына келер болсақ, натурфилософиялық кезең және софистика ұлы жүйелерді жасауға жақсы мүмкіншіліктерді тудырды. Сол антикалық философияда үлкен төңкеріс жасаган ұлы ойшылдар Платон мен Аристотель болды.

Платон (б.з.д. 427-347 ж.) өзінің осы атын кең иықтылығының арқасында Сократтан алыпты-мыс деген аңыз бар. Оның шын аты Аристокл (platos - грек сөзі, кең). Платонның әкесі атақты рудан шыққан, ол жас кезінде жақсы білім алады, өлең шығарумен әуестенеді. 20 жасында Сократпен, танысып өзінің өмірінде үлкен бетбұрыс жасайды, сөйтіп ол өзінің өмірін толығынан философияға арнайды.

Платонның еңбектерінің ерекшелігі - ол оның бәрін сұхбат ретінде жазады. Ол әдісті, шамасы, Платон 8 жыл бойы Сократпен бірге болған кезде игерген. Екінші ерекшелігі - сұхбаттың негізгі кейіпкері - Сократ. Сонымен Платон өзінің ойларын осы Сократ кейпі арқылы жеткізеді.

Платонның негізгі еңбектері «Сократты жақтау», «Критон», «Мемлекет», «Федон», «Парменид», «Софист», «Заңдар» т.с.с.

Платонның көзқарасының қалыптасуына зор әсер еткен -Гераклит. Ол оның негізгі тұжырымы «Бәрі де ағым», «бітпейтін өзгерісті» толық қабылдайды, бірақ тек ол біз өмір сүріп жатқан Дүниеге тән.

Екіншіден, оған Элея мектебінің негізгі қағидалары да зор әсерін тигізді. Ол - қозғалмайтын, мәңгі, бір Болмыс идеясы.

Үшіншіден, Сократтың моральдық философиясы, оның негізгі ұғым-құлдылықтары - Ақиқат, Ізгілік, Әсемдік.

Төртіншіден, Пифагордың сандық философиясынан шығатын өлшемдік ұғымы.

Платонның философия саласында жасаған төңкерісі - оның «Эйдос» (идея) әлемін ашқаны. Платонды сезімдік таным қанағаттандырмайды, өйткені Дүние - ағым, заттар өне бойы өзгерісте, тұрақсыз. Ал біз өзіміздің білімімізде тұрақтылыққа, жалпыға ортақ, өзгермейтін ұғымдар жасауға, яғни Дүниені түсінуге тырысамыз. Ал ондай білімді біз Бұл сезімдік әлемнен таба алмаймыз. Олай болса, оның қайнар көзі «Шынайы болмыста» - Эйдос әлемінде, «қол астындағы болмыстан» біз оны таба алмаймыз.

Біз Платонның бұл жаңалығының негіздемелерін оның әртүрлі диалогтарындағы Әсемдік, Ізгілік, Әділеттілік, Батылдық т.с.с. ұғымдарды Сократтың атынан талдағанда көреміз.«Үлкен Гиппий» деген диалогында Сократ мынандай сұрақ қояды: «Расында да, ізгіліктен барлық ізгі істер, әділіттіліктен барлық әділеттік, әсемдіктен барлық әсем заттар тумай ма?»

- Әрине, - деп жауап береді Гиппий. - Әсемдік ол - әсем қыз, мысалы.

Оған Сократ: «Неге әсем би, ия әсем құмыра емес?» - деген сұрақ қояды. Әрбір зат бір жағынан әсем, екінші жағынан, басқа заттармен салыстырсақ, түретз болуы мұмкін. Ал бізге барлық заттарға ортақ жалпы әсемдік керек қой.

Гиппий оны алтыннан, басқа заттардан, неше түрлі моральдық құндылықтардан іздейді, бірақ таба алмайды.

Платонның көзқарасы бойынша, заттардың әсемдігі әсемдік идеясында жатыр. Оның қайнар көзі «Эйдос әлемінде». Сонымен сезімдік әлемнен басқа тұрақты, мәңгілік қозғалмайтын, кемеліне келген басқа әлем - идеялар әлемі бар екен. Егер бұл әлемдегі заттар сезім арқылы танылса, онда ақыл-оймен танылатын ұғымдарға идея әлемі сәйкес келуі керек. Олай болса, идеялар - ой емес, ойдың зерттейтін пәні, ол - шынайы болмыс. Идея заттардың терең мәнін құрайды, оның бітімін қалыптастырады, сол себептен оны Дүниеге әкеледі, оның «парадигмасын» құрайды (paradeigma -ірек сөзі, үлгі).

Өзінің идеялар әлемі түсінікті болуы үшін Платон «Үңгір жөніндегі аңызды» пайдаланады. Соңында бұл аңыз метафизика, гиосеология және диалектиқаның символына айналды.

Көзімізге үңгірде, я болмаса зынданда, аяқ-қолы байланған адамдарды елестетейік. Үңгірдің аузы күншығысқа қараған, сондықтан оның сәулелері сондағы адамдар қарап отырған жаққа түсіп түр. Жер бетінде керуен кетіп бара жатыр, адамдар әртүрлі заттарды көтеріп, бір-бірімен сөйлесіп келеді.

Үңгірде қамалған адамдарға солардың қозғалып бара жатқан көлеңкелері көрінеді, түсініксіз күңгірт дыбыстар естіледі. Олар бірақ жер бетінде шын өмір барын білмейді, сол көлеңкенің өзін шын өмір екен ғой деп есептейді. Бірақ сол қамалған адамдардың біреуі ойланып-толғанып, ақырында өзінің көлеңке әлемінде түрып жатқанын түсінуі мүмкін. Ал екіншісі аяқ-қолын қалайда шешіп, үңіірдің сыртына шығып, күн көзінің сәулесіне көздері үйренгеннен кейін, шынайы өмірдегі адамдарды, заттарды, соңында жарқырап тұрған күннің өзін көреді.

Үңгір аңызынан қандай философиялық тұжырымдар жасауға болады?

Біріншіден, болмыстың әртүрлі деңгейлігі жөнінде - сезімдік болмыс пен құдіретті болмыстың бар екендігі; үңгірдің ішіндегі көлеңкелер - сезімдік әлем, ал жер бетіндегі адамдар мен заттар - нағыз болмысты, құдіретті әлемді көрсетеді, ал күн - ол ізгілікті көрсететін идея.

Екіншіден, танымның деңгейлерін байқауға болады - ол сезімдік таным, ақыл-оймен тану, интуитивтік жолмен соңғы себептерге жету (intuitio - латын сөзі, ақиқатты еш дәлелдемесіз-ақ оймен көру).

Үшіншіден, бұл аңыздың моральдық, аксиологиялык жағын да байқауға болады. Өмірде тек қана сезім толқынының шеңберінде болу - ол үңгірдегі өмір. Рухани өмір сатысына көтерілу - ол нағыз болмыс әлеміне көтерілумен тең. Ал күннің өзін көріп-тамашалау - ол құдіретті күшті көрумен тең.

Ал идеялар әлемі бар болса, ол қай жерде екен деген сұрақ заңды түрде пайда болады. Оның орнын Платон «Гиперуранияда -ол аспаннан да жоғары орналасқан», - дейді. Олай болса, ол материалдық әлемнен басқа, оны тек ақыл-оймен ғана түсінуге болады.

Платон идеялар әлемін белгілі бір жүйе ретінде қарайды. Олай болса, оның төменгі және жоғары дәрежеде орналасқан құрамдас бөліктері бар. Жүйенің ең шыңында ізгілік идеясы орналасқан. Ол - Бірліктің көрінісі. Оған қарсы тұрған екінші бастау - ол Диада - шексіз көптіктің бастауы, үлкен мен кішкентайдың, шексіз үлкен мен шексіз азды қамтиды.

Осы екі бастаудың қосылысы идея әлемін құрайды. Әрбір идея бір жағынан шексіз, екінші жағынан шектелген.

Бірақ әңгіменің ең қиындығы - идея әлемі материалдық Дүниені қалай тудырады? Материалдық емес нәрсе - материалдық сезімдік өзгеріп жатқан әлемді қалайша дүниеге әкеледі?

Платонның ойынша, материя – мәңгілік өзімен-өзі өмір сүріп жатқан енжар нәрсе. Оны хаостық жағдайдан (chaos - тұңғиык, белгісіз, бітімсіз, еш тәртіпсіз деген мағына береді) қосмосқа, тәртіпке келтірілген Дүниеге әкелген - Демиург. Ол идеалды әлемді үлгі ретінде алып, материяға бітім беріп, бұл Дүниені тудырды.

Идея әлемі - парадигма - ол мәңгі, алғашқы, Демиург та Құдай ретінде мәңгі, бірақ сезімдік әлем, түпнұсқа емес, жасалған, көшірмелі болғаннан кейін - өтпелі, жалған, көлеңке.

Әрине, бүгінгі таңдағы білім тұрғысынан біз Платонның идея әлемін қатты сынға ала аламыз. Әрбір Дүниедегі жеке заттың тек өзіне ғана тән жақтарымен бірге басқа заттарға оны жақындататын жалпы жақтары бар. Адам таным процесінде заттардың жалпы қасиеттерін зерттеп, оны белгілейтін ұғымдарды туғызады. Оны адам тіл арқылы береді. Олай болса, әрбір сөз Дүниені жалпылайды, әсіресе, ғылыми ұғымдар. Мысалы, адам ұғымы жер бетінде өмір сүріп жатқан 6,3 млрд адамзатты қамтиды. Нақтылы жеке адам Дүниеге келіп, кетуі мүмкін, ал адам ұғымы қала береді. Бірақ осы нақтылы тірі өмір сүріп жатқан адамдар болмаса, онда адам ұғымы да болмас еді.

Мәселе Платонның идеалдық әлемінде емес, әңгіме сол идеялар әлемін тудыратын ұғымдарда. Платоннан кейін ұғымдарды зерттеу, олардың табиғатын ашу, бір-бірімен байланысын көрсету -философияның негізгі мәселелерінің біріне айналды.

Енді Платонға қайта оралып, оның таным теориясына (гносеология) келетін болсақ, онда оның негізінде анамнез (anamnesis - грек сөзі, еске түсіру) жатыр. Адамның жан дүниесі мәңгілік, оның шыққан тегі - идеялар әлемі. Сондықтан дүниетану жолында біздің жанымыз өзінің идеалды әлемінде болған шағын еске түсіре отырып қана ұғымдарды тудырады.

Ал сезімдік танымға келетін болсақ, ондағы білім көбінесе жалған, өйткені бұл өмірдің өзі өтпелі, тұрақсыз. Сондықтан сезімдік жолмен танылған пікірді Платон докса (doxa - грек сөзі, пікір) дейді. Егер пікірді біз соған сәйкес ұғыммен негіздесек, онда ол ғылымға (episteme - грек сөзі, хат, ғылым) айналады.

Платонның ойынша, бұл өмірде бізді идеялар әлемін жалғастыратын жалғыз ғылым, жан дүние ғана емес, сонымен бірге Эрос және сүйіспеншілік. Олар бізді құдіретті әлеммен байланыстыратын көпірге ұқсайды. Эрос бізге қанат-күш беріп, әсемдіктің әртүрлі сатыларынан өткізіп, соған ақырында жеткізеді.

Ал сүйіспеншілікке келетін болсақ, ол - сұлұлық пен ізгілікке құмарту. Олай болса, ол - философия, даналықты сүю, өйткені даналықтың өзі сұлұлық пен ізгілікті сүюмен тең.

Сүюдің бірінші баспалдағы - ол жыныстық сүю, әсем денеге деген құмарту және соның ішінде басқа өмірді келтіру; онда да өлместікке деген құштарлық бар: ұрықтандыру жолында жаңа өмір Дүниеге келеді - ол өлместіктің көпілі.

Екінші сатыда сүюдің басқа бітімі Дүниеге келеді: біз денеге емес, басқа адамның жан дүниесімен тіл табысып, оны сүйеміз: онда шашылатын тұқым рухты жандандырып, байытады, өнерге, білімге, әділеттілікке, ізгілікке деген құштарлық пайда болады.

Үшінші сатыда Сүйіспеншілік бізді идея әлеміндегі әсемдіктің өзімен ұштастырады.

Платон метафизикалық, гносеологиялық, этикалық мәселелерді әлеуметтік саяси мәселелермен байланыстыра білген. Ол оның «Саясаткер», «Мемлекет», «Заңдар» деген еңбектерінде көрсетілген.

Ойшыл қоғамның пайда болуын терең қараған. Егер жануарлар өзіне керектінің бәрін тағы табиғатта дайын күйінде тауып алса, адамдар жеке-жеке өзіне керек қажеттіктерді өтей алмайды, екіншіден, ол қажеттіктердің көбі еңбек процесінде жасалады, даяр түрінде табиғатта жоқ. Сондықтан адамдар қоғам болып бірігіп өмір сүреді. Біреуі жер жыртады, екіншісі - бала оқытады, үшіншісі үй салады т.с.с.

Жалпы алғанда, Платон қоғамдағы адамдарды бірнеше әлеуметтік топтарға бөледі. Төменгі тол шаруалар, қолөнершілер, саудагерлер т.с.с. тұрады. Олар қоғамның материалдық қажеттіктерін қамтамасыз етеді.

Адамды ішкі және сыртқы жаулардан қорғау керек, ол үшін полиске жауынгерлер керек.

Мемлекетті басқару өнері өте қиын. Оны әділіттіліктің, ізгіліктің негізінде жүргізу керек. Ал оған даналық керек. Оны жүргізе алатын - философтар. Біз, философтар, осы уақытқа дейін Платонға өзіміздің алғысымызды айтамыз. Бірақ философтар елді басқара алмайды: ол үшін олар көп моральдық адамгершілік қасиеттерінен арылуы керек, өйткені саясатта ашық шындық талаптарының оқтын-оқтын моральдық нормалар беретін талаптар кеңістігінен шығып кетуіне әкеледі.

Бұл үш әлеуметтік топтың қажеттігін Платон психологиялык тұрғыдан да толықтырады. Адамның жан дүниесінде ақыл-ой, ерік, іңкәрлік қалай бір-бірімен үйлесімді болса, қоғамда да әлеуметтік топтар соған байланысты өмір сүруі керек.

Үкіметті басқаратын адамның жан дүниесінде ақыл-ой, даналық басымырақ болуы керек; жауынгерлердің жүрегінде қызбалық, құштарлық басым болуы керек. Ал көпшілік халықтың жан дүниесінде - өмірге, байлыққа деген іңкәрлік басым болуы керек.

Жекеменшік өлшемді түрде, негізінен алғанда, халықтың қолында болуы қажет, ал жекеменшік бар жерде отбасы, бала-шаға, мұрагерлік деген бар.

Ал жоғарыдағы екі толта жекеменшік болмауы қажет. Мемлекет басқарып отырған адамдарда байлыққа деген ынта болса, онда олар заңдарды өздерінің мүдделеріне сай етіп бұрмалауы мүмкін, ол халықты әрі қарай кедейлетіп, байларды әрі қарай оайытады. Ол үшін олардың отбасылары болмауы керек, сонда ғана ол байлыққа қызықпай, елді әділ жолмен басқарады.

Жауынгерлерге келер болсақ, жекеменшік олардың негізгі, қызметіне - елді қорғауға, тәртіпті қадағалауға үстірт қарауларына, қолындағы қару-жарақты өз жеке мүддесіне пайдалануы мүмкін.

Мемлекет жоғарғы топтардағы еркектер мен әйелдердің, қарым-қатынасын арнаұлы ұйымдар арқылы ретке келтіріп отырады; олардан туған балаларды арнаұлы мекемелерге жіберіп, мемлекет тәбиелейді: олар өздерінің әке-шешелерінің кім екенін, әке-шешелері балаларын танымаулары керек.

Оқырманның байқағанындай, Платон мемлекетінің кейбір жақтары екі мыңжылдан артық уақыттан кейін XX ғасырда пайда болған тоталитарлық тәртіптерден көрінді. Бұрынғы кеңес қоғамындағы мемлекеттің рөлі Платонның мемлекетінен кем болған жоқ шығар. Мемлекет жекеменшікті жойып, барлық ұлттық байлықты өз қарамағына алған болатын, тек отбасыларды жойып, әйелдерді ортақ қылмағаны болмаса. Германиядағы фашистер соғыс кезінде соғыстың алдыңғы шегіндегі офицерлерді санаторийлерге кезекпен демалуға шақырып, оларды сұлу, денсаұлығы жақсы неміс әйелдерімен уақытша қосып отырған. Ондағы мақсаттары - арий тұқымын жақсарту, болашақ қоғамның әлитасын құратын ұрпақты жасау. Алайда ол әйелдер көбінесе мүгедек сәбилерді дүниеге әкелген, өйткені жаңа өмір махаббаттың туындысы емес пе? Сонымен фашистер Платонның ойын іске асырып, одан дұрыс нәтиже ала алмады.

Шынында да, тарихта айтылған бірде-бір философиялық ой жай қалмайды, ол белгілі бір жағдайда шын өмірде іске асады. Ал оның өзі нәтижелі бола ма, оны ұлы мәртебелі тарих көрсетеді.

Аристотель және оның философиялық жүйесі. Аристотель (384-322 б.з.д.) - көне заманның ең ұлы философы, заманының ең дарынды, жан-жақты білімі бар тұлға болған. Аристотель сонымен бірге өз заманының ұлы қолбасшысы, үлкен Империя жасаушы Александр Македонскийдің оқытушысы ретінде де тарихта аты қалған.Аристотельдің тағы да жасаған бір үлкен жұмысы - ол Афина қаласында даңқы бүкіл Дүниеге әйгілі мектеп - Ликейді ашады (қазіргі лицейлердің аты содан шыққан). Мектептің жанында үлкен бақ болған, онда адамдар серуендейтін үсті жабық жолдар болған, оларды грекше «перипатос» дейді. Тарихта Аристотельдің философиясын қолдап, әрі қарай жалғастырған мектепті перипатетиктер дейді.Аристотель жан-жақты терең білімді тұлға болғаннан кейін, оның мұрасын ғалымдар бірнеше топқа бөледі.

Логикалық еңбектері: «Органон», «Категориялар» т.с.с.

Табиғат философиясына арналған еңбектері: «Физика» 8 кітап, «Аспан жайлы» 4 кітап, «Аспандағы құбылыстар жайлы» т.с.с.

Жан дүниесі философиясына арналған: «Жан дүниесі жөнінде», «Өмір мен өлім туралы», «Тыныс алу туралы» т.с.с.

Тіршілік философиясына арналған: «Жануарлардың дене мүшелері жайлы», «Жануарлардың дүниеге келуі жайлы».

Бірінші физика 14 кітаптан тұратын. Соңынан «Метафизика» деген атаққа ие болды.

Моральдық философияға арналған: «Никомахтың этикасы», «Үлкен этика».

Саясат пен экономикаға арналған: «Саясат», «Экономика», «Афинаның саяси өмірі».

Көркем сөйлеу мен көркем сөзге арналған: «Риторика өнері», «Өлең сөз жөнінде».

Логика мәселелері. Логика ғылымының іргетасын қалаушы - Аристотель. XVII ғ. немістің ұлы философы Канттың: «Аристотельден кейін осы уақытқа дейін логикаға еш жаңалық енгізілген жоқ», - деген сөзінің өзі көп нәрсені көрсеткендей.

«Категориялар» деген еңбегінде Аристотель алғаш рет егжей-тегжейлі талдау арқылы он негізгі ұғымдарды ұсынады (categoria-грек сөзі, анықтаймын, белгілеймін). Олар: мән, сапа, сан, қатынас, орын, уақыт, орналасу, иелену, әрекеттену, зардаптану. Олар мынандай сұрақтарға жауап береді: «Не бар», «қандай», «қанша».

Аристотельдің категориялары, бір жағынан алып қарағанда, болмыстың мінездемелері, екінші жағынан, ойдың бітімдері ретінде қаралады.

Бұл категориялардың ішіндегі негізгісі – мән. Аристотель бірінші мән ретінде нақтылы өмір сүріп жатқан жеке заттарды жатқызады. Ал оларға тән жалпылықты ол - «тек», «түр» ретінде екінші мән дейді. Сонымен бұл арада Аристотель Платонның көзқарасымен қайшы келеді: жеке заттардан бөлек жалпылық өмір сүре алмайды. Жүре келе ойшыл «тек», «түрді» морфе (morphe), яғни бітім деген ұғымға ауыстырып, заттың терең мәні сонда деген пікір айтады.

Аристотельдің «Органон» деген еңбегінде жеке категориялар емес, әртүрлі тұжырымдар талданады, олардың құрылысының иегізінде жатқан ойлау заңдылықтары көрсетілді. Олар:

Тепе-теңдік заңы (А = А), яғни белгілі бір ұғым әрқашанда бір мағынада ғана қолданылуы керек.

Қайшылықты жоққа шығару заңы (А = В).

Үшіншіні жоққа шығару заңы (А=А, ия болмаса А= В, яғни екеуінің біреуі дұрыс (үшіншіге жол жоқ).

Бұл логиқаның үш заңы ұғымдарды тек бір мағынада пайдаланып, олардан шығатын тұжырымдардың бір-біріне қайшы келмеуін талап етеді. Осы талаптың негізінде сиАлогизмдер құрылады.

Мысалы: Барлық адамдар өлмек;

Сократ - адам;

Олай болса, Сократ өлмек.

Аристотельдің логикасында адамдардың ой-тұжырымдырында кездесетін қателіктер талданады. Олар көбінесе сөздердің көп мағыналығынан шығуы мүмкін (омономия). Мысалы, шаш - бір жағынан шашу, лақтыру, екінші жағынан адамның басындағы шашы ретінде қолданылады.

Қателіктер белгілі ойларды бір-бірімен дұрыс қоспай, ия болмаса дұрыс бөлмеуден шығуы мүмкін, ия болмаса мәннің орнына кездейсоқтық қасиет қолданылуы мүмкін т.с.с.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow