Жалпы ережелер 8 страница

бөлімдер (бөлімшелер) командирлеріне жеке құрамды жауынгерлік даярлау жөнінде және өз мамандығы бойынша қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды пайдалану (қолдану) және қызмет көрсету жөнінде нұсқаулар мен ұсынымдар беруге;

қару-жарақтың, әскери және басқа да материалдық құралдардың болуы мен жай-күйіне кенеттен тексерулер жүргізуге;

оқиғаларға немесе олардың істен шығуына әкеп соқтыруы мүмкін кемшіліктерді анықтаған кезде, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын орындамаған кезде қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалануды тоқтатуға құқығы бар.

Қызмет бастығы, бөлімнің барлау бастығы мен байланыс бастығы барлық анықталған кемшіліктер және оларды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы дереу өзінің тікелей бастығына баяндауға міндетті.

113. Бригаданың барлық қызметтерінің бастықтары, бригаданың байланыс бастығы және дене дайындығы мен спорт бастығы 110-112-тармақтардың ережелерін басшылыққа алады.

Бригаданың инженерлік қызмет бастығы

114. Бригаданың инженерлік қызмет бастығы бригада командиріне бағынады және бригаданың инженерлік-саперлік бөлімшелері жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол:

аумақтық және азаматтық қорғаныс ерекшеліктерін ескере отырып, бригаданың жеке құрамын, қару-жарағы мен әскери техникасын, басқа да материалдық құралдарын жаппай қырып-жою қаруының зақымдаушы факторлары мен табиғи және техногендік сипаттағы зардаптардан қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге қатысуға;

кемінде үш айда бір рет бригада бөлімдеріндегі (бөлімшелеріндегі) және қоймадағы инженерлік қару-жарақ құралдарының болуы мен техникалық жай-күйіне тексеру жүргізуге; жыл сайын оларды түгендеуді жүргізуге;

зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қызметінің бастығымен бірлесіп полигондар мен атыс алаңдарын жарылмаған және ақаулы зымырандар мен оқ-дәрілерден тазалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға, оларды жару мен жоюды жүзеге асыруға міндетті.

Бригаданың радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бастығы

115. Бригаданың радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бастығы бригада командиріне бағынады және радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол:

радиациялық, химиялық және биологиялық барлау және бақылау жүргізу үшін арналған химиялық нұсқаушылар мен бөлімшелерді (бөлімшелерді, есептоптарды) даярлауды ұйымдастыруға;

бригаданың жеке құрамын, қару-жарағын, әскери және басқа техникасын, басқа да материалдық құралдарын ядролық, химиялық және биологиялық қарудан, сондай-ақ радиациялық, химиялық қауіпті объектілердің апаттары мен қираулары салдарларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге, олардың өз қызметі бойынша орындалуын ұйымдастыруға, орналасу және жауынгерлік іс-қимылдар ауданындағы жер қабатындағы метеорологиялық жағдайды білуге;

кемінде үш айда бір рет бригада бөлімдеріндегі (бөлімшелеріндегі) және қоймадағы барлық қару-жарақтың, әскери техника мен радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау құралдарының болуы мен техникалық жай-күйіне тексеру жүргізуге;

бригада орналасқан аймақтағы радиациялық, химиялық жағдайды ұдайы білуге және ол өзгерген кезде шаралар қабылдауға міндетті.

Бригаданың медицина қызметінің бастығы

116. Бригаданың медицина қызметінің бастығы бригада командиріне бағынады және медицина қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.

Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол:

жаппай қырып-жою қаруынан қорғау жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ бригада орналасқан ауданда орналасқан ықтимал қауіпті объектілерде апаттар болған жағдайдағы іс-шараларды әзірлеуге;

медициналық қызметке жүктелген емдеу-алдын алу және індетке қарсы іс-шараларды жүргізуге;

жоспарлы медициналық бақылау жүргізуге және жеке құрамның оқу-жауынгерлік қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлардың жай-күйін жақсарту, өмір сүру ортасы, әскери еңбегі мен тұрмысы жағдайларын сақтау, орналасудың, тамақтанудың, сумен жабдықтаудың, монша-кір жуу қызметін көрсетудің іс-жүзіндегі жағдайларын гигиеналық бағалау кезінде санитарлық ережелер мен нормаларды сақтау жөнінде жазбаша нұсқамаларды зерделеуге және беруге;

жеке құрамды медициналық тексеруді ұйымдастыруға, амбулаториялық қабылдауға қатысуға, медициналық пункттегі және емдеу мекемелеріне жіберілген сырқаттарды қарауға;

бригаданың медициналық пунктіне және басқа да емдеу мекемелеріне орналастырылған сырқаттардың жай-күйін білуге және олардың емделуін бақылауға, сондай-ақ оларға жиі барып тұруға;

жеке құрамды жауынгерлік жағдайда, оқу-жаттығуларда, сабақтарда, сондай-ақ спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға;

жеке құрамның дене дайындығына медициналық бақылауды жүзеге асыруға және дене дайындығы мен спорт бастығымен бірлесіп жеке құрамның денсаулығын нығайту және дене бітімін дамыту жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге;

жеке құрамның әскери-медициналық даярлығын ұйымдастыруға;

бригада командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарымен өзара іс-қимыл жасауда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасында гигиеналық білімді және салауатты өмір салтын насихаттауды жүзеге асыруға;

тамақтану режимін әзірлеуге және азық-түліктерді тарату мәзірін жасауға қатысуға;

жеке құрамды тамақтандырудың сапасына және судың дұрыс сапалылығына жүйелі медициналық бақылауды жүзеге асыруға; бөлімге әкелінетін тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын тиісті құжаттардың болуын тексеруге;

созылмалы аурулары бар адамдарға ұдайы медициналық бақылауды, олардың денсаулығын нығайту жөніндегі нұсқамаларды жүргізуге, бөлімдер (бөлімшелер) командирлеріне хабарлауға және олардың орындалуын бақылауға;

бригада командиріне емдәмдік және қосымша тамақтануды қажет ететін мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне медициналық қорытындылар ұсынуға;

бригада бөлімдері (бөлімшелері) командирлерімен және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен, психологымен бірлесіп, алкогольге, уыттылыққа, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға бейімдерді анықтауға, оларды емдеу жөнінде шаралар қабылдауға;

бригада, асханалар, тұрғын үй-жайлар мен шаруашылық қызметтер үй-жайлары орналасқан ауданның санитарлық жай-күйін бақылауға;

жеке құрамның моншада жуынуына, іш киімі мен төсек-орнын уақтылы ауыстыруына бақылауды жүзеге асыруға;

жеке құрамның сырқаттануын талдауға, сырқаттануының алдын алу және санитарлық жай-күйін жақсарту жөніндегі ұсыныстармен талдау деректерін бригада командиріне және үлкен медицина бастығына ай сайын баяндауға;

дәрі-дәрмектерді улы және есірткі заттарынан, психотроптық заттар мен прекурсорлардан жеке есепке алуды және сақтауды ұйымдастыруға, медициналық мүлік пен техниканы арналуы бойынша емес пайдалануға жол бермеуге;

бригаданың әскери қызметшілерін диспансерлеуді ұйымдастыруға және оны өткізуге жеке өзі қатысуға, әскери қызметшілерге сырқаты бойынша әскери қызмет міндеттерін орындаудан уақытша босату туралы анықтамалар беруге (11-қосымша);

объектілерді салуға және күрделі жөндеуге алдын алу санитарлық қадағалауды жүргізуге қатысуға;

бағынысты медициналық қызметкердің біліктілігін ұдайы арттыруға;

медициналық қызмет түрлеріне лицензиялар мен басқа да рұқсаттар алуды ұйымдастыруға;

Қазақстан Республикасы дәрігері антының талаптары мен дәрігерлік құпияны мүлтіксіз сақтауға;

індеттік және санитарлық-гигиеналық жағдайларда көрінуі мүмкін жіті уланулар, инфекциялық және басқа да аурулар туралы және жарақаттану салдарынан әскери қызметшілерді госпитальға жатқызудың әрбір жағдайы туралы бригада командиріне баянатпен баяндауға міндетті.

Бригаданың қаржы қызметінің бастығы

117.Бригаданың қаржы қызметінің бастығы бригада командиріне бағынады және қаржы қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша бейбіт және соғыс уақытында: бригаданы қаржылық қамтамасыз ету, қаржы шаруашылығының жай-күйі; шарттық міндеттемелерді орындау; ақшалай қаражат пен материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету; бухгалтерлік есеп пен есептілікті дұрыс ұйымдастыру мен нақтылығы және бригаданың ақшалай қаражатын мақсатты, тиімді, үнемді жұмсау үшін жауап береді және:

бригаданың жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарын, бригаданың жылдық шаруашылық жоспарымен және басқа да жоспарларымен көзделген іс-шараларды қаржылық қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеуге, командирге алдағы оқу кезеңіне арналған ақшалай қаражат шығыстары сметасын бекітуге ұсынуға;

қаржы шаруашылығын ұйымдастыруға және жүргізуге, ақшалай қаражатты жоспарлауды, талап етуді, қаржы есебі мен есептілігінің нақтылығын қамтамасыз етуге;

бригаданың әскери қызметшілеріне ақшалай жабдықталымды және азаматтық персоналға еңбекақыны аудара отырып, жеке құрамды онымен есеп айырысу және есеп айырысу-төлем ведомостары бойынша уақтылы қанағаттандыруға, қажет кезде оларға аударылымдар мен төлемдер туралы мәлімет беруге;

бригаданың барлық қызметтері бойынша ақша құжаттарының, сеніп тапсырылған ақшалай қаражат пен құндылықтардың сақталуын, қатаң есептілік бланкілерін сақтауды және есепке алуды қамтамасыз етуге;

ақшалай қаражатты мақсатты, тиімді, үнемді жұмсауға, материалдық және ақшалай қаражаттың жоғалуымен, жетіспеуімен, ұрлануымен, заңсыз жұмсалуымен мемлекетке келтірілген зиянды өтеудің уақтылығы мен толықтығын бақылауды жүзеге асыруға; қаржылық және штаттық-тарифтік тәртіпті сақтауға;

есеп беретін адамдарды тексеруге;

есепке алу деректерімен қолма-қол ақша сомасы және құндылықтарды салыстырып тексеру қорытындылары туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бюджеті шығыстарының экономикалық біліктілігі ерекшеліктерінің құрылымына сәйкес қазынашылықтағы шоттарды төлеу туралы бригада командиріне күн сайын баяндауға;

бригаданың экономикалық және қаржы-шаруашылық қызметін талдауға, командирге ақшалай қаражат пен материалдық құндылықтардың сақталуын, мақсатты және үнемді жұмсалуын қамтамасыз ету, ұрлауды анықтау және болдырмау жөнінде ұсыныстар беруге;

кемінде аптасына бір рет бригада командиріне қаржы шаруашылығының жай-күйі және анықталған бұзушылықтар туралы баяндауға;

ақшалай қаражатпен қамтамасыз етуге қатысты бригаданың уәкілетті лауазымды адамдары жасасатын шарттар мен келісімдердің жобаларын жеке өзі қарауға және оларға қол қоюға, шарттық міндеттемелер бойынша келіп түскен материалдық құндылықтарды, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді қабылдауға қатысуға;

бригада сатып алған (алған) материалдық құндылықтарды кіріске алудың уақтылығы мен толықтығын, ал қажет жағдайларда осы құндылықтардың қоймаларда нақты болуын тексеруге және тексеру нәтижелері туралы командирге баяндауға;

қаржы мәселелері бойынша бригаданың комиссия мүшелерімен нұсқамалар өткізуге;

тауар-материалдық құндылықтардың, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, басқа да материалдық құралдардың қозғалысын, сондай-ақ бригаданың материалдық есепке алу кітаптары бойынша оларды есептен шығарудың дұрыстығын бақылауға міндетті.

Бригаданың дене дайындығы мен спорт бастығы

118. Бригаданың дене дайындығы мен спорт бастығы бригада командирінің орынбасарына бағынады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол дене дайындығы мен спортты ұйымдастыру үшін жауап береді және:

бөлімдердегі (бөлімшелердегі) дене дайындығы мен спорттық іс-шараларды және бригада жеке құрамының дене бітімінің дамуын жиі бақылауға;

кемінде айына бір рет бригаданың жеке құрамымен дене дайындығы бойынша бақылау сабақтарын өткізуге;

бөлімдер (бөлімшелер) командирлеріне таңертеңгі дене жаттығуын, дене дайындығы мен спорт бойынша сабақтарды ұйымдастыруда және өткізу әдістемесінде көмек көрсетуге;

бөлімдердің (бөлімшелердің) штаттан тыс спорттық ұйымдастырушыларын даярлауды жүзеге асыруға, олардың жұмысын бағыттауға және бақылауға;

спорттық жұмыс жоспарын әзірлеуге, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, бригаданың спорт командаларына кандидаттарды іріктеуге және оларды жаттықтыруға басшылық жасауға;

бригаданың медицина қызметі бастығымен бірлесіп, жеке құрамның дене бітімінің дамуы мен денсаулық жағдайын жақсарту жөніндегі, дене дайындығы мен спорт бойынша сабақтарда жарақаттанудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және оларды өткізуге қатысуға;

бригададағы спорттық құрылыстарды салуға басшылық жасауға, жабдықталуын білуге және бөлімшелерді спорттық мүлікпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға, оларды дұрыс қолдануды, сақталуын және уақтылы жөндеуді бақылауға;

әскери қызметшілерге спорттық атақтар, разрядтар, төреші санаттарын беру және оларды спорттық кеуде белгілерімен наградтау үшін құжаттамаларды ресімдеуге;

бригадада дене дайындығы мен спорт нәтижелерінің есебін жүргізуге міндетті.

Бригаданың байланыс бастығы

119. Бригаданың байланыс бастығы штаб бастығына бағынады және бригаданың байланыс бөлімшесі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол байланысты уақтылы ұйымдастыру, қамтамасыз ету, оның қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың орындалуы үшін жауап береді және:

бригададағы үздіксіз байланысты ұйымдастыруды және ұстауды қамтамасыз етуге;

байланыс жөніндегі құжаттарды және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге, бригада жеке құрамының оны орындауын бақылауға;

байланыс бөлімшесі жеке құрамының әскерлерді жасырын басқару жөніндегі талаптарды орындауын бақылауға;

пошта жеткізілімдерінің бригададан жөнелтілуін және бригада мен бөлімдерге (бөлімшелерге) жеткізілуін ұйымдастыруға;

кемінде үш айда бір рет бригада бөлімшелеріндегі және қоймасындағы байланыс құралдарының, автоматтандырылған басқару және хабарлау жүйелерінің болуы мен техникалық жай-күйін тексеруге;

бригададағы апта сайынғы радиожаттығуларды, байланыс құралдарымен жұмысты ұйымдастыруға және бақылауға міндетті.

Бригаданың метрологиялық қызмет бастығы

120. Бригаданың метрологиялық қызмет бастығы бригада штабының бастығына бағынады және бақылау-салыстырып тексеру пункті (өлшеу техникасы пункті) жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол:

бригаданың басқа да қызметтері бастықтарымен бірлесіп метрологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға, анағұрлым күрделі және жауапты өлшеулерді жүргізуге тікелей басшылық жасауға және кемшіліктерді уақтылы жоюды бақылауға;

бригада комиссиясының қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қабылдау және пайдалануға енгізу жөніндегі жұмысына қатысуға;

кемінде үш айда бір рет өлшеу құралдарының жай-күйін, қолдану және сақтау дұрыстығын, қару-жараққа, әскери және басқа техникаға метрологиялық қызмет көрсетуді жүргізудің көлемі мен толықтығын тексеруге;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы метрологиялық қамтамасыз етудің жай-күйін талдауға, өлшеу құралдарының дұрыс көрсетпеуінен қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың жұмыс істемеу немесе тиімділігінің төмендеуі себептерінің алдын алу жөніндегі алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруға және команда бойынша олардың құрылымдық және пайдалану кемшіліктерін жою жөнінде ұсыныстар беруге;

тексеруге жататын құралдардың есебін жүргізуге;

бригаданы өлшеу құралдарымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға;

бригаданың бақылау-салыстырып тексеру пунктіне (өлшеу техникасы пунктіне) әдістемелік басшылықты және бөлімшенің метрологиялық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі штаттан тыс метрологтарының жұмысына бақылауды жүзеге асыруға;

жылдық және айлық жұмыс жоспарларын, өлшеу құралдарын салыстырып тексеруді және өлшеу құралдарын реттеуді қамтамасыз ету жоспарын, бригадада қолданылатын өлшеу құралдарын салыстырып тексеруге және реттеуге ұсыну кестесін әзірлеуге және штаб бастығына бекітуге ұсынуға және олардың орындалуын бақылауға;

бөлімдердегі (бөлімшелердегі) метрологиялық қамтамасыз етуді тексеру және жай-күйін талдаудың нәтижелері негізінде бригада командирі бұйрықтарының жобаларын әзірлеуге міндетті.

Бригаданың зымырандық-артиллериялық қару-жарақ

қызметінің бастығы

121. Бригаданың зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қызметінің бастығы бригада командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына бағынады және зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол қарудың, зымырандар мен оқ-дәрілердің сақталуын ұйымдастыру үшін жауап береді және:

бригаданың зымырандық-артиллериялық қару-жарағын, зымырандары мен оқ-дәрілерін жөндеу, регламенттік-техникалық қызмет көрсету және тексеру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға, орындаушыларды материалдармен, арнайы аспаппен және жабдықпен қамтамасыз етуге;

өз қызметі бойынша жөндеу бөлімшелерінің жұмысына басшылық жасауға;

бір айға арналған зымырандық-артиллериялық қару-жарақты жөндеу жоспарын әзірлеуге;

зымырандық-артиллериялық қару-жарақ пен оқ-дәрілер қоймаларының бастықтарын іріктеуді, олардың уақтылы тексеру және рұқсат етуді ресімдеу үшін құжаттарды ұсынуын бақылауды жүзеге асыруға;

зымырандық-артиллериялық қару-жарақты, зымырандар мен оқ-дәрілерді пайдалану және жөндеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге, белгіленген мерзімдерде бөлімдерде (бөлімшелерде) акт жасаумен оларды атуға дайындауды тексеруге, қажет болған кезде командирлерге көмек көрсетуге, оқ атуларда зымырандар мен оқ-дәрілер шығысының және жұмыс істемей қалу, қалыпты жұмыс істемеу жағдайларының есебін жүргізуге;

жауынгерлік қоректендіру пункттерінің бастықтармен сабақтар өткізуге, оқ атудан кейін бөлімдерден (бөлімшелерден) атылған гильзаларды, ақаулы зымырандар мен оқ-дәрілерді қабылдауды ұйымдастыруға, инженерлік қызмет бастығымен бірлесіп, жарылмаған және ақаулы зымырандар мен оқ-дәрілерді жаруды ұйымдастыруға;

бригаданың бөлімдерінде (бөлімшелерінде) табельдік емес қару-жарақты, зымырандарды, оқ-дәрілер мен әскери-техникалық мүлікті ұстауға жол бермеуге;

зымырандық-артиллериялық қару-жарақтың, зымырандар мен оқ-дәрілердің апаттары мен бұзылуларының себептерін анықтауға, олардың алдын алу жөнінде шарлар қабылдауға;

зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймаларындағы зымырандық-артиллериялық қару-жарақтың, зымырандар мен оқ-дәрілердің дұрыс сақталуын ұйымдастыруға, бригада бөлімдерінде (бөлімшелерінде) олардың болуы мен сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, кемінде үш айда бір рет олардың техникалық жай-күйін тексеруге және қаруды тексеруді жүгізуге, бұл ретте ағымдағы жинақталымдағы қару үшін нөмірлік тексеру жүргізуге, тексеру нәтижелерін актімен ресімдеуге;

ай сайын қызметтің есеп деректерін бригада бөлімшелерінің деректерімен салыстыруға;

ай сайын бригада командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына бригаданың барлық зымырандық-артиллериялық қару-жарағын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жоспарларының орындалуы және зымырандардың, оқ-дәрілердің шығыс лимиті туралы баяндауға;

зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймалары бойынша кезекшіге жеке өзі нұсқама беруге;

зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймаларының жұмысына басшылық жасауға, оларды ашу, жабу және тексеріп қарау кезінде жеке өзі қатысуға;


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: