Бап. Мерзiмдердi есептеу

Тарау. ПРОЦЕСТІК МЕРЗІМДЕР

1. Осы Кодексте белгiленген мерзiмдер сағаттармен, тәулiктермен, айлармен, жылдармен есептеледi.
2. Мерзiмдердi есептеу кезiнде мерзiмнiң өтуi басталатын сағат пен тәулiк есепке алынбайды. Бұл қағиданың ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезiндегi мерзiмдердi есептеуге қатысы жоқ.
3. Мерзiмдi есептеу кезiнде оған жұмыстан тыс уақыт та кiредi.
4. Тәуліктермен есептелетін мерзім оның соңғы тәуліктерінің жиырма төрт сағатында бітеді. Айлармен есептелетін мерзім оның соңғы айының тиісті айы мен күнінде бітеді. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Жылдармен есептелетін мерзім оның соңғы жылының тиісті айы мен күнінде бітеді. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Ұстап алу, күзетпен, ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезіндегі мерзімдерді есептеу жағдайларын қоспағанда, мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келсе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
5. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдiк бойынша ұстап алған кезде мерзiм осы шара нақты қолданылған кезден (минутына дейін дәлдікпен сағаттан) бастап есептеледi. Күзетпен ұстау, үйқамақ, сондай-ақ медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімдерін есептеу кезінде мерзімнің бірінші тәулігі мерзімге қосылады.

49-бап. Мерзiмдi сақтау және ұзарту

1. Егер шағым, өтiнiшхат немесе өзге де құжат мерзiм аяқталғанға дейiн поштаға тапсырылса, оны қабылдауға уәкiлеттi тұлғаға берiлсе немесе мәлiмделсе, ал күзетпен ұсталатын не медициналық ұйымға орналастырылған адамдар үшiн, егер шағым немесе өзге де құжат күзетпен ұстау орнының немесе медициналық ұйымның әкiмшiлiгiне мерзiм аяқталғанға дейiн тапсырылса, мерзiм өткізіп алынған болып есептелмейді. Шағымды немесе өзге де құжатты поштаға тапсыру уақыты – пошта мөртабаны бойынша, ал оларды қабылдауға уәкiлеттi тұлғаға немесе күзетпен ұстау орнының немесе медициналық ұйымның әкiмшiлiгiне тапсыру уақыты осы ұйымдар кеңсесiнiң немесе лауазымды адамдарының қойған белгiсi бойынша айқындалады.
2. Лауазымды адамдардың белгiленген мерзiмдi сақтауы процестік құжаттардағы тиiсті нұсқаумен расталады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға табыс етілуге жататын құжаттардың алынғандығы олардың iске қоса тiгiлген қолхатымен расталады.
3. Процестік мерзiмдер осы Кодексте белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана ұзартылуы мүмкін.

50-бап. Мерзiмдi өткiзiп алудың салдары және оны қалпына
келтiру тәртiбi

1. Қылмыстық процеске қатысушылардың мерзiм аяқталғаннан кейiн жасаған процестік әрекеттерi жарамсыз болып есептеледі.
2. Дәлелдi себеппен өткiзiлiп алынған мерзiм мүдделi тұлғаның өтiнiшхаты бойынша, іс жүргізуінде іс жатқан анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе судьяның қаулысымен қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Бұл ретте мерзiм, егер қылмыстық процестi жүргізетін органның тиiстi шешiмiнде өзгеше көзделмесе, басқа тұлғалар емес, оны өткiзiп алған тұлға үшiн қалпына келтiрiледi.
3. Белгiленген мерзiмді өткiзiп алып шағым жасалған шешiмдi орындау мүдделi тұлғаның өтiнiшхаты бойынша өткізіп алынған мерзiмдi қалпына келтiру туралы мәселе шешiлгенге дейiн тоқтатыла тұруы мүмкiн.
4. Мерзiмдi қалпына келтiруден бас тартуға осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкiн.

2-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК
ОРГАНДАР МЕН АДАМДАР


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: