Келесі мысалы: 9 7 10 8 11 9 12. 17 страница

б) отырысы –отырғанда клиентке қарама-қарсы емес, кішкене бір біріне бұрыштап отырғаны әңгімелесуге ыңғайлы жағдай туғызады;

в) бет көрінісі - психологтың бет-әлпетінде тілектестік, мейірімділік, түсінушілік байқалғаны дұрыс, ол психотерапевтикалық әдістерінің бірі болып табылады;

г) дене қалпы –психологтың отырысы емін –еркін, дене қалпы ашық, клиенттен жабық емес болуы керек. Қол қусырылған, қолы тыныш таппаған адам клиентке теріс әсерін тигізеді, сондықтан психологтың дене қалпы клиентке психологиялық ыңғайлы жағдай туғызатындай болуы керек;

д) дауыстың ырғағы, күші – психолог даусы жұмсақ, тілектестік белгісі анық сезілетін, кей кезде сыбырласып сөйлескеннің үлкен әсері бар;

е) паузаларды пайдалану – психолог кейде үндеместен отырып клиентке өз ойын, тағлымын толық айтуға мүмкіндік беруі керек.

Осы талаптарға сай ұйымдастырылған психологиялық кеңес беру өз функциясын толық орындайды.

Оқушылардың ата-аналарына психологиялық кеңес беру

Отбасына психологиялық кеңес берудің теориялық негіздері

Отбасына кәсіптік әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетудің негізін құрғандар – психиатрлар мен психотерапевттер. Отбасына кеңес берудің психологиялық моделі психоанализ негізінде пайда болады. Оны құрушылар теориялық көзқарастарына байланысты бірнеше топқа бөлінеді.

1.Психодинамикалық көзқарас. Бұл топқа М.Боуеннің отбасына психологиялық кеңес беру тұжырымдамасы мен М.Ульрихтің отбасына тиянақты психологиялық көмек көрсету концепциясын жатқызуға болады.

2.Бихевиористік көзқарас. Бұл көзқарас шеңберіндегі нәтижелі кеңес берудің анықтаушы шарты себептерге емес, «қалай», «қашан», «қайда», «не» деген қамқорлық көрсетумен шектеледі. Негізін құрушылар Д.Тиболт, Г.Кенлей жақсы отбасы ұтылыс пен ұтыстың, жаза мен ынталандырудың арасындағы теңдік жағдайында болады деген болжам ұстанған.

3.Гуманистік көзқарас. Отбасына көмек көрсетудің психотерапевтік моделін АҚШ ғалымы Карл Роджерс ұсынған. Ол кеңес алушы проблемаларына бағытталған әрекеттерге негізделген.

4.Психологиялық кеңес берудің моделі. Отбасына психологиялық кеңес берудің моделі В.Кемплердің жасаған сынақ тәжірибелеріне негізделген. Мұндағы отбасына кеңес берудің мақсаты – мейлінше нәтижелі кездесулердің сынағынан өтуге көмектесу. Психологтың ұйымдастырған кездесулері отбасын қолдайтындай хал-ахуал туғызады, өзінің жекелігі мен тілегін білдіру мүмкіндігін ғана беріп қоймай, сонымен бірге басқа да ойлағаны мен тілегін білу, қажеттілігінің ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Отбасының қиындықтары «осы жерде және қазір» деген жағдайда талқыланады.

5.Құрылымдық моделі. С.Минухиннің отбасына кеңес берудің құрылымдық моделі бойынша отбасылық жүйе құру мен қайта құру жөніндегі үздіксіз эксперимент ретінде түсіндіріледі. Отбасы құрылымын отбасындағы өзара әрекеттестік әдістерін қалыптастыратын талаптар мен функциялар торабы құрады. Отбасы келесідей жүйеліктерден тұрады: ерлі-зайыптылар жұбы, олардың ата-аналары, балалары.

6.Кеңес беру моделінің стратегиясы. Кеңес берудің бұл моделін жасаған Дж. Галлей тұжырымдамасы бойынша, адамдар өздерінің жеке көзқарасы жүйесінің құрылымдары өзін -өзі қисынды ұстау туралы ережелерінен туындайды. Көзқарас жүйесінің құрылымы – бұл дүние, басқа адамдар, өзі туралы қорытындыларының жиынтығы.

Отбасылық кеңес беру құрылымы

Отбасылық кеңес беру процесін шартты түрде 5 фазаға бөлуге болады:

1.байланыс орнату;

2.Проблемаларды анықтау;

3.Іс-әрекет фазасы;

4.Шешім қабылдау фазасы;

5.Кері байланыс фазасы.

Бірінші фаза - өтініш иесімен байланыс орнату. Кеңес алушылармен өзара әрекеттесу шегін анықтауды талап етеді. Ол бастапқы әңгімелесу –кеңес беру барысында жүзеге асырылады. Бұл фазада клиент пен психологтың аралауы, олардың қарым-қатынасын құрудағы арақашықтығы қандай болу керек екені анықталады. Кеңесші әңгіме өткізгенге дейін отбасын, ата-аналар мен баланың байланыстарын қадағалап, бақылау нәтижелерін талдап алады. Бұл бақылау барысында психолог бала мен ата-ананың байланыс жасауындағы мінез-құлық ерекшеліктерін анықтайды, балалар мен олардың ата-аналарының әсерлену ерекшеліктерін, тілдесу арқылы және ыммен түсінуінің сипатын, ата-ана жағынан баланың мінез-құлқын бағалау мен іріктеу әдістерін бағалайды. Сонымен қатар, бастапқы әңгімелесу барысында өтініш иесінің, ата-аналардың психологқа деген көзқарасының сипаты мен отбасымен өзара әрекеттерінің шегі анықталып, белгіленеді. Тәжірибелі психолог бір кездескеннің өзінде-ақ баланың даму тарихы, отбасының тәрбиелік нысаны, ата-аналардың педагогикалық ұстанымдары туралы мәліметтер ала алады.

Екінші фаза - өтініш иесінің, отбасының проблемаларын анықтау. Бұл фазада кеңес алушы мен кеңесшінің проблемаларды түсінудегі келісімдері нақтыланады. Психолог өз зерттеулеріне сүйене отырып проблеманы анықтап, оның мәнісін клиентке жеткізіп, кеңес беру жұмысының бағыт –бағдарын түсіндіреді. Кеңес алушы мен кеңесші баламалы амалдарды талқылай келе, біржақты шешімге келіп, клиент проблеманы қабылдауы керек. Бұл кезеңдегі маңызды мәселе- екі жақ бір-бірін жете түсіне отырып, келісімге келуі болып табылады. Олай болмаған жағдайда барлық кеңес беру процесінің тиімділігін қамтамасыз ету өте қиын болады. Сондықтан, клиентпен әңгімелесу барысында осы проблеманы шешуге теориялық негіз ретінде қабылданған көзқарастар туралы, оның жеке тұлға психологиялық проблемаларын шешуге әсерлілігін дәлелдеу, ол тәсілдердің ерекшеліктерімен таныстыру арқылы кеңес беру-алу процесінің мақсаты – кеңес алушының проблемаларын тиянақты шешу екені анықталады.

Үшінші фаза – іс -әрекет. Бұл фазада кеңес алушымен бірге оның алдында тұрған проблемаларын талдау, оны шешудің бірнеше варианттарын салыстырып көру, орын алған жағдайдың оң-терісін анықтау арқылы оны жаңаша түсінуге жетелеу жүргізіледі. Бұл фаза үшін мынадай динамика тән: кеңесші мен кеңес алушы арасындағы байланыс бірнеше құрылымдық көріністерге бөлінеді, клиенттің өз проблемасына терең малшынуынан оның жүйкесі тарылады, төзімділігі төмендейді, жағымсыз жағдайларға қарсы тұра білуі төмендейді, сонан соң біртіндеп мәселені талдау барысында, оның мән-мағынасына түсіну арқылы өз жағдайына, қоршаған адамдардың оны бағалауына көзқарасы өзгере бастайды. Мұндай өзін-өзі түсінушілікке жеткізу үшін психолог көп күш жұмсап, клиентті түсінушілкке жетелеп, эмоционалдық тарыққан жағдайлардан шығарып алуы керек. Қорытындысында кеңес алушы төзімсіздіктен шығып, өз басына иелік жасау жолын табады.

Төртінші фаза-шешім қабылдау. Клиенттің өмірінде қалыптасқан табиғи жағдайда басқалармен сыйысымды мінез-құлық көрсетуі. Бұл фазада белгілі бір кеңес беру теориясына сүйене отырып, маман кеңес алушының қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын іздестіріп, оны табуға жетелейтін өзінің әрекетінің жоспары мен стратегиясын құрады. Клиент өзі үшін ең қолайлы шешім тапқаннан кейін, оны өзінің пікіріндей қабылдап, дербестігі туралы сенімге ие болғаннан соң, қақтығыс орын алған ортада өзінің жаңа бейнесін көрсету үшін іске кіріседі. Сонымен қатар клиент кеңесшімен бірге әрекеттерін одан әрі жалғастырып, басқаларға сенімді және әсерлі болудың түрлі әдістерін сұрыптаудан өткізіп, ең соңында өзіне қолайлы деген амалдарын таңдап алады. Бұдан кейін осы амалдардың тиімділігін табиғи жағдайда, өзінің өмірлік тәжірибесінде тексереді. Нәтижелі болатынына көзі жеткен соң өзінің күш-қуатын тұтастай осы жүйеге жұмылдырады.

Бесінші фаза – кері байланыс. Кеңес алушыны кеңес беру процесімен және оның нәтижесімен қанағаттанғанын білдіреді. Психолог кері байланыс қағидасын бағдарға ала отырып, таңдап алған кеңес беру ақпараттарының мынандай талаптарын жүзеге асыруға тиіс: ақпараттар мазмұнының нақтылығы мен дұрыс құрылуы, белгілі бір адамға бағытталуы, белгілеушілік, уақыттылық, тұтынушылық сипаттары.

Көптеген психологтар кеңес беруді өткізу кезінде магнитофон мен диктофонды, кеңес беру нәтижесін тіркеуге арналған үлгідегі бланкілерді пайдаланады. Алынған ақпараттарды толығырақ ұғыну үшін ассистент көмекшілері әңгіме барысын хаттамаға түсіреді, кеңес беру процестің динамикасы мен нәтижелігін қадағалайды.

Психологиялық кеңес беру барысында клиентке көрсеткен қызметінің тиімділігіне, психологтың кәсіби шеберлігіне байланысты ол мынадай мінездемелерге ие болуы мүмкін:

-беделді, ұқыпты сұрастырушы, сенімді нығайтушы, диагноз қоятын, түсінуге ұмтылады;

- ұқыпты кеңесші, сырт қарағанда селқостау болып көрінгенімен, салиқалы кеңес береді;

-Беделді психолог осал көрінетін клиентке күш – қайрат беріп, ізгілікке ұмтылуға баулиды, өзінің күш-жігерімен клиенттің сенімін нығайтады;

-Сұрастырушы психолог, ерекше белсенділік білдіреді, сұрақтарды көп қояды, пайдалы көзқараста болады;

-Диагноз қоюшы психолог, көптеген жағдайда тәуекелге жиі барып, ықпал етудің болжамдық әдістерін жиі қолданады.

Кеңес беруді жүргізу барысында психолог өзінің кәсіби біліктілігі мен дағдысын сыннан өткізіп, оңай және қиын сұрақтар қою арқылы кеңес алушының сезіміндегі басты ойларды назарға алады. Осы жинақталған клиенттің ойын, айтқандарын ой елегінен өткізіп, оны қорытындылай білу, керек кезінде үндемей отыру, гипотеза ұсынып және оның тиімділігін дәлелдеу, клиентпен ақылдаса отырып, бірлесе шешім қабылдау – кеңесшінің шеберлігінің көрсеткіштері болып табылады.

Психолог кеңес беру кезінде ресми әңгімеге бармай-ақ, клиенттен қымсынып тым тұйықталып қалмай, немесе жеңілтектікпен шектесетіндей тым ашыла бермей өзінің ойын еркін жеткізуі керек. Гипотезаны берік ұстануға бара бермеу керек, өйткені ол жалған болып шығуы да мүмкін. Себепсіз клиенттің жанына дақ түсіретіндей, немесе беделін төмендететіндей тура сұрақ қоюға да болмайды.

Р.В. Овчарова ұсынған отбасылық кеңес берудің тиімсіз және тиімді шарттары.

Тиімді отбасылық кеңес берудің шарттары

1.Психолог клиентпен белгіленген уақытта кездесіп, оның проблемалары бойынша және кеңес берудің жүруі бойынша пікір алмасады.

2.Психолог кеңес алушының құқығын құрметтейді, кәсіби қарым-қатынас жасау шараларын шамасы келетіндерімен шектейді. Психолог клиенттің өзінің әсерлері бойынша шешеім қабылдауға қабілетті екеніне сенеді.

3.Психолог клиентке үлкен сенім артатынын сөзбен немесе басқа да бір әдіспен жеткізеді, оны эмоционалды түрде қолдайды және өзінің тілектестік сезімін білдіру арқылы оған өзінің қиындықтарын айтқызады.

4.Психолог кеңес алушының жағдайын қызығушылықпен тыңдап, оның проблемаларын объективті анықтау үшін кеңес алушының «ізімен жүріп», терең және жан-жақты түсініп алады.

5.Психолог клиент алдында тұрған проблемалар туралы қорытынды мен ұсыныс беруге асықпайды, ол кеңес алушыға ыңғайлы жағдай туғызуға ғана асығады.

6.Психолог клиенттің әр қадамына ырзашылығын білдіріп, оны өзімен бірге қосылып проблеманы шешу жолында қызмет жасауға шақырады.

7.Психолог клиентке барлық мәселені жан-жақты талдап, оның себептерін толық түсінуге және проблемаларды бірлесіп шешуге ұмтылдырады.

Тиімсіз отбасылық кеңес берудің көрсеткіштері

1.Психолог пен клиент кездесулері уақытында өтпейді

2.Психолог клиентпен айтарлықтай байланыс орнатпайды.

3.Психолог кеңес алушыны «көрмейді», «естімейді» және «сезбейді». Ол өзінің айтқандарына ғана көңіл аударады. Кейде клиенттің «аузын ашқызбайды» тек өзі сөйлейді. Кеңес алушыға шағымдары бойынша қатал ескертулер жасап, оның қылықтарын жамандыққа жориды. Кеңес алушыны әшкерелеуге тырысады немесе моральдық талаптарға жүгіндіреді.

4.Кеңес алушыға өзінің шешімін зорлап міндеттеп береді, асығыс кеңестер мен ұсыныстар береді.

5.Кеңес алушымен дауласумен аяқталған кездесу болашықта клиентті шындықты жасыруға немесе психологтың көмектен бас тартуға мәжбүр етеді.

6.Бастапқы гипотезаны қатаң ұстанады. Диагнозды нақты қояды және емдеудің нақты жолдарын ұсынады.

Сонымен, отбасына психологтың кеңес беру жұмысы оны жүргізуді негіздейтін түрлі теориялық көзқарастарға сүйенеді. Отбасылық кеңес берудің мазмұны мен оның түрлері отбасы мүшелерінің жас шамаларына және психологиялық даярлығына қарай бағдарланады.

Ата-аналарға кіші мектеп жасындағы балалармен ара қатынастарындағы қиындықтар себебі бойынша кеңес беру

Бастауыш сынып оқушыларында жиі кездесетін қиындықтар мектепшілік қарым-қатынаспен байланысты орын алады. Өсіп, дамып келе жатқан бала бойында алуан түрлі қасиеттер байқалады. Осы бір көп сырлы қасиеттердің жағымды және жағымсыз жақтарымен қатар елеусіз мінез көріністері де бала бойында болады.Бала мінезінің жағымды жақтарына қайырымдылық, инабаттылық, сыйлаушылық, тіл алғыштық, шынайы адалдық, жақсы- жаманды айыра білушілік, алдағы өмір жолына ұмтылушылық жатса, ал нашар мінез көріністеріне тұрақсыз, өтірік айтушылық, өзімшілдік, беймазалық, ұшқалақтық сияқты қасиеттер жатады. Бала бойында назар салып бақылағанда байқалатын қасиеттерге өзін-өзі сын көзбен қарап, мінездегі кемшіліктерді сезіну, әділеттілікті, әділетсіздікті аңғаруы ойлаған мақсатын орындап шығу үшін шыдамды болуы мен іскерлігі жатады. Егер кішкентай кезінен бала мінезіндегі көріністер өмірмен сабақтасып, тәрбиемен ұштасса, ол қайырымды, байсалды, бір сөзді, батыл жүректі, табанды болып ер жетеді. Ал олардың бойында ынжық мінез қалыптасса, біртіндеп ол сылбырлық, жалқаулық, күйгелектік, қорқақтық, мылжыңдық мінездерге айналады. Бала өскен сайын көп көріп, естіп білуге ұмтылады.Өз ойын айту, басқалармен қарым-қатынас жасау, достасу, пікірлесу сияқты мінез-құлық көріністері қалыптасады.

Мектепке дейінгі жас кезеңінде мектепте оқуға даярлықтан өту-өтпеуіне, отбасындағы тәлім-тәрбие алу ерекшеліктеріне байланысты бала психологиялық дамуында әр түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Олардың ішінде депривация көрініс берген және осы симптомы барлардың мектепке қабылдау алдында коррекциядан өтпегендері мектептік қарым-қатынасқа және оқушының күн тәртібіне адаптациядан өтуі қиын болады. Депривация (жетіспеушілік деген мағынаны береді) орын алған себептеріне байланысты бірнеше түрге бөлінеді:

1.Сенсорлық депривация балада қоршаған сыртқы ортаның және ондағы тітіркендіргіштерінің аз өзгеруімен байланысты орын алады. Баланың жаңалықтарға қызықпаушылығы және танымдық қажеттілігінің шектеулілігімен сипатталады.

2.Когнитивтік депривация керісінше, қоршаған орта заттары мен құбылыстарының ретсіз өсуімен байланысты оларды танып білуге, мазмұнын ұғынуға мүмкіндік бар екеніне бала түсінбей қалады, сондықтан олардың танымдық әрекеті шектеулі және қажеттілігі дамымаған болады.

3.Эмоционалдық депривация баланың өзіне эмоционалдық жақын адамынан айырылуымен, ата-анасы немесе олардың орнында болған туысқандарымен қатынас жасауының шектелуімен байланысты көрініс береді. Эмоционалдық депривация өкімет үйлерінде тәрбиеленген балалардың барлығына ортақ психологиялық проблеманың түрі болып табылады.

4.Әлеуметтік депривация баланың денсаулығымен байланысты өзіне тән әлеуметтік функциясын орындауға мүмкіндігінің шектеулілігімен байланысты қалыптасады. ДЦП, сал аурулары, созылмалы қабыну тағы басқа сырқаттардың салдарынан кейбір балалар ойын шағындағы өздерінің құрбыларымен қимыл ойындарға толық қатысуға шамасы келмегендіктен өзін кем санау синдромы қалыптасады.

Балаларда жиі кездесетін ауытқудың келесі түрі –агессивтілік.

Агрессия дегеніміз өзге адамдарға, заттарға болмаса жануарларға себепсіз зиян келтіруге тура бағытталған қиянат. Ал агрессивтілік бұл жеке тұлғаның мінез-құлқындағы агрессия көрсетуге даярлығы.

Бала агрессиясын зерттеушілер оған әр түрлі анықтама береді. Біреулері ол адамның қоршаған орта құбылыстарынан өзін қорғауға арналған тұқым қуалаушылыққа негізделген қасиет деп көрсетеді(Лорнед, Анри), екіншілері адамның өзі өмір сүретін ортада жетеші рөл атқаруға бағытталған әрекет (Моррисо) деп түсіндіреді. Агрессияны фрустрациямен байланыстыратын теориялар да бар (Маллер, Дуб, доллард). Агрессия терминімен жеке тұлғаның субъекттік қатынаста деструктивтік әрекетке жақындығын белгілейді.

Деструктивтік әрекет дегеніміз- адамның алдында тұрған бөгетке кедергі жасап, қиындықты жеңуге деген белсенділігі. Сондықтан агрессияның оң және теріс көріністері бар екендігін жақсы түсіну қажет. Мысалы, адам өз өмірін немесе басқа адамдардың өмірін сақтауға, табыс көзіне төнген қауіпті жоюға бағытталған агрессияны ақтауға болады. Сонымен қатар, ешқандай ақтауға болмайтын агрессия байқалуы мүмкін. Барлық басқа психологиялық қаситтер сияқты агрессия әр адамда әртүрлі көріністе болады. Агрессиясы өте төмен немесе мүлдем жоқ болса, ол адамның қорғаныс функциясы төмен болады да, ол енжарлық, иланушылық пен конформдылыққа алып келеді, ал кейбір адамдардың агрессиясы өте жоғары дамыған болады да, ол шатақ мінезділікке, конфликтіге, қоршаған ортамен өзара түсініспеушілікке әкеледі. Баланың агрессивтілігі келесі көрсеткіштермен бағаланады: агрессияның пайда болуының жиілігі және жеңілдігі; агрессияны туғызған жағдайға бала реакциясының адекватты емес дәрежесі; агрессия жүруінің екпіні; агрессивті әрекеттің асқыну дәрежесі. Агрессия жеңіл жүрген жағдайда ол вербальды формада болады, ал асқынған, ауыр жағдайларды физикалфқ түрде көрініс береді.

А.Басс және А.Дарки агрессияны сипаттағанда оны негізгі екі топқа бөледі. Біріншісі – мотивациялық агрессия, осы құбылысты туғызған себеп, сылтаулар. Психолог ең алдымен агрессияның осы түрін анықтап алуға тиіс. Екіншісі – инструменталдық агрессия немесе өзін -өзі қорғау үшін, басқаларды жәбірлеуге қолданатын әрекеттері. Бұл қасиеттің көрініс беруі сегіз формада болуы мүмкін. Агрессияны зерттеуге қолданылатын әдістемелердің бірі – Басса- Дарки сауалнамасы (бірінші кітапта берілген). Бұл әдістеме көмегімен агрессияның формасын диагностикалауға болады.

Балаларда себепсіз агрессия немесе жалған қауіпке бағытталған шабуылшылық орын алуы мүмкін. Бұл құбылыстың түрлерін, себебін және мөлшерін анықтауға болады. Психолог осы мәселені зерттеп, нормадан тыс дамыған агрессия байқалған балалардың ата-аналарына оның табиғатын түсіндіріп, ал балалардың өздерімен коррекция жұмысын жүргізуі керек.

Бастауыш сыныптарда кездесетін келесі ауытқу – дезадаптация. Бала өмірінде мектепке барып, оқушы статусында болу өте күрделі кезең. Сондықтан осы оқушы статусына үйрену, оның барлық міндеттерін толық мойындап алу – бала үшін күрделі сын болып табылады. Адаптациядан өту жолдарын зерттеушілер оның құрылымын анықтаған. Адаптация келесі құрамды бөліктерден тұрады:

а) Мамандыққа адаптация. Мектепте оқитын баланың мамандығы - оқушы. Мектепке жаңадан келген бала осы мамандыққа адаптациядан қысқа мерзімде өтуі керек. Бұл адаптация баланың оқушы міндетін орындауға, оқу процесін ұйымдастыру ерекшеліктеріне, мектеп режиміне және оқу мазмұнын тез меңгеруін және өз бетімен үйге берілген тапсырмалар орындауға икемделуін көрсетеді.

б) Әлеуметтік –психологиялық адаптация. Жеке тұлғаның сыныптағы балалармен топ ішілік қатынасқа түсуге және оқытушылармен қарым-қатынас жасауға икемделуі, көпшілік ортасындағы сыйысымды мінез-құлқының қалыптасқандығы. Әлеуметтік – психологиялық икемделу барысында жеке тұлға өзін қоршаған ортаның ерекшеліктерін меңгеріп, сол ортада өмір сүру стратегиясын ішкі дизкомфортсыз қабылдайды.

Бастауыш сынып оқушыларының мектеп өміріне адаптациядан өтуі оның барлық іс- әрекеттерде табысты болуының кепілі болады. Психологияда бірінші сынып оқушыларының мектеп өміріне адаптациядан өтуінің келесі үш формасы анықталған:

1.Формалдық адаптация: мектептің жұмыс тәртібіне, мектептің құрылымдық ерекшеліктеріне мәліметтік – танымдық әрекеттер түрлерін меңгеруге, жаңа орта талаптарына және өз міндеттерін орындауға адаптациялануы.

2.Әлеуметтік адаптация: мектепке қабылданған баланың өзі оқитын сыныптағы және басқа оқушылармен қарым-қатынасының қалыптасуы, мұғалімдердің балаға көңіл аударуы, оның оқу әрекеттерін бағалауы, оқушылар тобының ішкі интеграциясының қалыптасуы және топтың жалпы мектеп ұжымымен интеграцияда болуы.

3.Дидактикалық адаптация: оқушының оқулықтар және басқа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуі, оқу-әдістемелік жұмыстардың формаларда үйренуі.

Адаптациядан өтуі қиындықтарын зерттеушілер оның бірнеше себептерін анықтаған. Е.Е.Кравцова, А.А.Нурахунова, В.В.Степанова, т.б. зерттеушілердің айтуы бойынша баланың эмоциялық өрісіндегі сезімге бой алдырғыштығы: ашуланшақтық, қызғаншақтық, долылық, өкпелегіштік, өзіне-өзінің көңілі толмаушылық, жылауықтық баланың икемделгіштігін төмендетеді. Сонымен қатар отбасының әлеуметтік тұрмысы: толық емес отбасы, жағдайы жоқ отбасы баланы мектепке оқуға даярлықтан өткізе алмауына алып келуі мүмкін. Отбасында баланың жеке тұлғалық дамуына психологиялық бірізді жүйенің болмауы баланың еріктік өрісінде біршама қиындықтар туғызады. Олардың ішінде үлкен әсер ететіндер ретіндер А.В. Запорожец, Л.С.Выготский, т.б. зерттеушілер келесі түрлерін көрсеткен: жалқаулық, қыңырлық, сенімсіздік, өтірік айту, өзімшілдік т.б.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: