Мысалы:
Хан кеткен соң, халықтан қақпа ашылды,Қақпа ашылса, табанға хан басылды.
Батыр кетті – қорғанның құлағаны,
Қақпасы жоқ, қорған жоқ – ел шашылды.
Жуан қамшы қол бастар көсем болды,
Елермелі екіесті шешен болды.
Би кетті малдылардың айтағында,«Бәленді мұқатып бер» десең болды.
Жанақ ақын
Қызғыштың даусы көбейді,
Көлден аққу сырылып.
Қайырымы кеткен соң,
Мырзадан қоңсы жырылып,
Елім дер ер қалмады
Артына қарар бұрылып,
Тырнадан би сайладың,
Ашпассың, елім, көзіңді
Дулат Бабатайұлы
Бұл саладағы Абайдың жаңашылдығы өлеңде суреттелген жағдаяттарға терең субъективтілікпен келе отырып, әлеуметтік қатынастарды талдауға барды. Сондықтан да Абайдың сынында әлеуметтік талдау, адамның мінезін тану, мәселенің себебін ашу жағы басым тұратын. Кемеңгер ойшыл суреткер сынай отырып, ақыл айтатын, оның бұл ақылы жайдақ пікірден ада, терең ойға құрылған пәлсапалық ойлар еді. Сол себепті де Абайдың әлеуметтік сынының астарында үлкен ой, ірі қорытындылар жататын. Абайдың сыншылдығы жөнінде Ә.Қоңыратбаев:«Абайдың реализмі анық сыншылдық сатыға жеткен құбылыс. Оның бір басы феодализмге, екіншісі капитализмге тиеді. Осы белгілерде Абай поэзиясының өмірмен шындап туысуы, жарты ғасыр ішіндегі дала өмірінің энциклопедиялық суреті ғана емес, оның өскен талабы мен ой-санасының да елесі бар» деп жазды /5, 193/.
Данышпан ақынның:
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең, істің бәрі бос
деп жаңа сөз айтуы, - жаңа заманның жаңа ақынының әдебиет сахнасына шыққанын айғақтады. Кемеңгер суреткер үшін өзінің алдындағы ауызша дамыған авторлық поэзия, әлбетте, құнарлы дәстүр болды, бірақ бұлжымас қағида, айнымас үлгі болды деп үзілді-кесілді айта алмаспыз.ХҮІІІ ғасырдың ортасы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ поэзиясында туған эстетикалық көңіл-күйдің үлкен бір арнасы – отаршылдыққа қарсылық идеясы. Отаршылдыққа қарсылық сонау Бұқар жырау заманынан, одан беріде зар заман ақындарынан құнарлы орта тауып, ХІХ ғасырдың І жартысында Дулат, Мұрат, Шортанбай т.б. ақындардың шығармаларында кеңінен айтылады. Дулат пен Мұраттағы, Шортанбай мен Нарманбеттегі отаршылдыққа деген сын – дәстүрдің бұзылуы, жердің тарылуы, діннің әлсіреуі сияқты қазақ халқына ауыртпалық әкелген жайттарды бейнелеу арқылы, өз заманына өткенді қарама-қарсылықта бейнелеу арқылы көрінді. Мәселен, Дулаттағы (Кешегі бір заманда,//Қайран қазақ, қайтейін,// Қасиетті еді хан, қараң.// Мынау азған заманда,// Қарасы – антқор, ханы – арам.// Батыры көксер бас аман).Сондай-ақ, отаршылдық зардаптары, оған қарсылық ХІХ ғасыр соңында және ХХ ғасыр басында ағартушылық идеялармен сабақтастырыла бастады. ХХ ғасыр басындағы ұлтты ояту, рухани жаңғыруға үндеу бағытындағы А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов өлеңдеріндегі ағартушылық пен сыншылдықта Абайдың дәстүрі сезіліп тұратын. Дегенмен ол қазақ қоғамындағы Абай заманына түбегейлі айырмашылығы бар жаңа кезең еді. Жаңа кезеңінің жаңа сөзін дәстүр салтындағы жаңа қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер емес, жаңа кезеңінің тарихи-қоғамдық жағдайында тәрбиеленген, қалыптасқан қаламгер айтуы тиіс еді. Ұлт-азаттық қозғалыстың идеялары Ахмет, Міржақып, Ғұмар т.б. шығармаларынан көрініс тапқанымен, оның көркемдігі, кемел көрінісі Мағжан шығармашылығына тән. А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатов саналы ғұмырларын ағартушық, қайраткерлік жолға арнады. Ал М.Жұмабаевтың ақындық қабілеті ұлт-азаттық идеяны көркем кестелеуге бейім тұратын. Жаңа дәуір ақынының «Тез барам», «Есімде...тек таң атсын», «Жер жүзіне», «Күншығыс», «Пайғамбар» өлеңдері отаршылдыққа қарсылықтың жаңаша жырланғанын байқатты. Ал, Алаш қозғалысы тұсында дүниеге келген Ғұмар Қараштың, Ахметқали Мәметовтың, Сәбит Дөнентаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жырларында бұл мәселе мүлде жаңа қырынан жаңа жігер, қызу қарқынмен жырланды. Бұл Алаш әдебиетінің игі дәстүрлері, тіпті Алаш қаламгерлерінің шығармаларына тиым салынған уақыттың өзінде қазақ ойында, сөз өнерінде өмір сүріп жатты. Сондықтан да Алаш мұрасы тәуелсіздік алған жылдары өзінің табиғи жетекші орнына келіп орнықты.
Әдеби дәстүрдің өмір сүруі қоғамдық-әлеуметтік жағдаяттардың ұқсас өрбуімен байланысты десек, жыраулық поэзияның кейінгі ғасырларға дейін жалғасуы осының айғағы. Бұған жыраулық дәстүрді арқау еткен ХХ ғасырдың бастапқы ширегіндегі әдебиеттің кейбір үлгілері айғақ. Бұл кезеңде жыраулық дәстүрді ұстанған Ақтан Керейұлы, Базар жырау, Қашаған Күржіманұлы тағы да басқалар өз шығармаларын тудырды. Классикалық кезеңі ХҮ-ХҮІІІ ғасырда өткен жыраулық поэзияның үлгілері ХХ ғасырдың басында сақталуы – жыраулардың әдеби-көркем дәстүрінің өміршеңдігін байқатады. Мәселен, Асан Қайғының:
Бұл заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қариялар болар тез шғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғарпі
деп келетін толғауының кейінгі дәуірдегі үлгісін Қашаған Күржіманұлынан көреміз. Кейінгі кезеңнің ақыны:
- Бұл дүниеде не жетім?
- Кім қажетсіз болса сол жетім.
Хакімі әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.
Көк орай шыққан балқашы,
Жеусіз тұрып сорласа,
Ел қонбаған жер жетім.
Қаңғырған қарсақ таппаса,
Ащы дария көл жетім
деп классикалық жыраулар дәстүрін жалғастыра дамытады. Жалпы алғанда, басы сонау ХІҮ-ХҮ ғасырлардан басталатын толғау жанрындағы жыраулық дәстүр Мұрын жырау, Жамбыл жырау шығармаларына дейін жалғасты. Дегенмен, жалғасты деген сөз айна-қатесіз қайталады деген тұжырым емес.Дәстүрдің өзінен соңғы әдебиетте белсенді орынға ие бола беруі әдеби-көркем дамудың өрістеуіне айтарлықтай үлес қоса бермейді. Ондай дәстүр жаңашылдықпен жалғаспаған тұста жаңа дәуірдің рухани сұраныстарын қанағаттандыра да бермейді. Мұндай мысалдар қазақ әдебиетінің бұрынғы кезеңдерін де, сондай-ақ, қазіргі әдебиетте де кездесіп қалады. Ұлттық әдебиеттану ғылымымызда оны алғаш аңғарып, 1918 жылы «Екеу» деген атпен «Абайдан соңғы ақындар» деп мақала жазған Ж.Аймауытов пен М.Әуезов болды. Осы мақалада: «Ғұмар Қарашта Марабай ақын, Бұхар жырау тағы сол сықылды бұрынғы ақындардың қалпымен кеткен ескінің сарқыты бар. Бірақ ескілік сөздер батырдың батырлығын, бидің шешендігін, ханның хандығын, салтанатын жетілдіріп, ескектетіп айтқанына келісуші еді; ол кездегі халықтың халықтың рухы да, тұрмысы да ескек, асқақ сөзге лайық келуші еді. Халықтың мінезін суреттеп, мінін айтып, терең пәлсәпа сөздерді желдіртіп, ескектетіп айту бұл заманда артық, ұнаспайды» - деп жаза отырып, авторлар бұрынғы дәстүрдің қазіргі заманған үйлеспейтінін айтқан болатын /6, 95 /. Бұл арада дәстүр мәселесімен бірге дәстүршілдік ұғымы туады. Қазақ әдебиетіндегі дәстүршілдік жөнінде айтқанда, біз ХІҮ ғасырдан бастап ХХ ғасырдың орта шеніне дейін өмір сүрген авторлығы бар ауызша әдебиет жөнінде айтамыз. ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ өмірінде ерекше рөл атқарған ауызша әдебиет ХІХ ғасырдың соңғы ширегі ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында қалыптасқан жазба әдебиет тұсында сақталып, ендігі жерде жаңа әдебиеттің дамуына көлденең келгені болмаса, бәлендей жаңалық болудан қалды. Сондықтан да жоғарыдағы Ж.Аймауытов пен М.Әуезов мақаласында «ұнаспайтын» құбылысқа айналды. Себебі, жаңа қалыптасып келе жатқан жазба әдебиет жаңа ой, жаңа идея, жаңа тақырыпқа сай жаңа жанр, соны стиль қажет еді. Ауызша дамыған әдебиеттің нормативті поэтикасы жазба әдебиеттің қалыптасуына үйлеспейтін. Сондықтан кезінде сан ғасыр үлкен дәстүр болған жыраулық одан беріде ақындық ауызша поэзия сөз өнерінің көшбасшылығын сан жанрлы, алуан стильді жазба әдебиетіне берді. Бұдан былай толғау, арнау, дастан жанрлары жетекші орыннан ығысып, оның орнына лириканың медитативті-субъективті түрлері, жаңа типтегі поэма, баллада, көркем прозаның әңгіме, повесть, роман сияқты жанрлары, драма жанры келе бастады. Бұл қазақ әдебиетінің жаңа кезеңінің қалыптасуы еді.Аталған кезеңде жыраулық дәстүрмен бірге Шортанбай Қанайұлынан басталатын діни-ағартушылық дәстүр, Абайдың көркем реалистік дәстүрі де құнарлы орта тауып, ары қарай өрістеп жатты. Шортанбай мұраларында айқындала көрінген діни-ағартушылық дәстүрдің ХХ ғасыр басындағы дарынды ізбасарлары Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Молда Мұса т.б. Шортанбай Қанайұлының жалпы мұрасында «Дін жолынан айнымас», «Бала зары», «Насихат сөздері», «Келер заман сипаты», «Қожа, молда» толғауларында дін насихаты жалпылық, дидактикалық сарында жырланса, ал, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы осы дәстүрді кеңінен дамытып, діни тақырыптағы өлең-толғаулармен бірге мысалдар, аңыздар, дастандар жазды. Мәшекеңнің бұл шығармаларында діни тақырып кеңейе түсумен бірге образдар жүйесі, көріктеу құралдары мейлінше дамытылды. Соның нәтижесінде, әдебиетіміздегі діни лексиканың көркем үлгілері және А.Байтұрсынұлы «Діндар дәуір» деп атаған кезеңнің өзіндік жанрлары да қалыптасты.Ілгеріде айтылған жайлардан шығатын түйін – әдебиеттегі тақырып пен идея бір кезеңнің ғана жемісі емес, үлкен әдеби үдерістің өне бойында байқалатын, ауқымды, бай дәстүрлі құбылыс. Алайда, өмір шындығының әдебиетке көшуі, автордың оған берген эстетикалық тұжырымы уақыт өте келе басқа авторлар тарапынан өзгере, өңделе, дамытыла береді. Мұндай үдеріс идеяның пікір жүзінде тууынан бастап көркемдікке қарай жетіле түседі. Кезінде тікелей айтылған ойлар бейнелі байламдарға айналады. Міне, осындай көркемдік сапаның артуы кезінде Бұхардан, Дулаттан бір байқалса, Абайда ірі көркемдік деңгейде көрінеді. Ал, ХХ ғасыр әдебиетінде Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы әлгіндей көркемдік өсудің алғашқы толыққанды үлгісі болды. Бұл жалпы алғанда қазақ әдебиетінің соны көркемдік олжасы еді.Сөз өнеріндегі дәстүр мен жаңашылдық дегенде көркем әдебиет тілі мен стилі жөнінде де айтуды ұмытпаған жөн. Әдебиет тарихын дәуірлеуде тіл мен стиль сол дәуірлік межелерді анықтайтын көркем деректер. Біз бұл арада оның егжей-тегжейіне бара қоймаспыз. Өйткені, стилистика мен поэтиканың күрделі мәселелерінен саналатын көркем туындының тілдік-стильдік қабаты жеке бір еңбекке жүк болатын ғылыми тақырып. Бұл арада айтпағымыз, дәстүр мен жаңашылдық һәм әдебиет тарихын кезеңдерге бөлу мәселесінде көркемдік құралдардың баршасы саралануы тиіс. Әсіресе, ұлттық дүниетанымнан өрістейтін, сонысымен ұлттық поэтика жасайтын троптың түрлері, оның ішінде, қазақ метафорасы жайы айрықша айтылуы тиісті.Жалпы, көркемөнердегі сияқты, сөз өнеріндегі жаңа бастаманың орнығуы адамды, адам мен қоғам арасындағы күрделі де, әр қилы қарым-қатынасты жаңа қырынан бейнелеумен байланысты. Жаңа дәуір, жаңа заман өзінің жаңа сөзін айтатын ұланын тудырады. Сөйтіп, әдеби дамудың жаңа кезеңі сапарын бастайды. Ол сапар өзінің жоралы жолын, құнарлы соқпағын қалыптастырады. Осы жолға өткеннің қажетін алып, дәстүрді ұстанады, бірақ, дәстүр ауқымында қалмайды, оны екшейді, қажетін ғана қолданады. Оның бұл істегенін одан соңғы кезеңде келгендер де қайталайды. Сөйтіп, дәстүр мен жаңашылдық арасындағы әрі күрес, әрі бітім жалғаса береді.
21. Әдебиетті оқыту әдістері
Әдебиет сабағында дарынды балалармен жұмыс жасаудың топтық формалары әлдеқайда орындырақ: миға шабуыл, рөлдік тренингтер, ғылыми-тәжірибелік жұмыстар, жобалық тапсырмалар, эссе, ойтолғау жазу сияқты және т.б. түрлері әр сабақта дарынды оқушының шығармашылығын шыңдауға жетелейді.
Әдебиет сабағында осы әдіс-тәсілдер:
Оқушы тұлғасының танымдық қабілеттерін дамытуға;
танымдық, өзін-өзі бекіту қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді.
Оқушының пәнге деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру керек деп есептеймін. Әр сабаққа дайындық – мұғалімнің ізденісінің нәтижесі. Сабақты ыңғайына қарай түрлендіре түссе, әр сабақта жаңа әдіс-тәсілдерді қолданса, сабақтың мазмұны ашылады.
Мектебімізде тіл мамандары әдебиет пәнін оқытумен қатар әдебиет пәнінен мынадай сабақ жүргізіп жүргенімізді айта кеткім келеді:
«Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі, сол қоғам мүддесіне сай болуы керек. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді деп есептеймін. Қазақтың болашағын тәрбиелеу мен білім беру ісінде әлемдік стандартқа сәйкес білім беруді темірқазық қылып ұстансақ қателеспеспіз деп ойлаймын…
22. Сүйінбай толғаулары, арнаулары, айтыстары.
Қазақ халқының тарихи-қоғамдық даму сатылары мен өткен ғасырлардағы өмір шындығы ақын шығармаларында жан-жақты көркем суреттелген.[1] Сүйінбай поэзиясы терең философиясымен, ой сұлулығымен, ақын тіліндегі соны поэтикалық өрнек-айшықтарымен ерекшеленді. М.Әуезов Сүйінбайды “айтыс өнерінің алтын діңгегі” атаған. Қазақ халқы әділет үшін күресте қорғаушысы, жақтасы болған ақиық ақынның өлең, толғау, айтыстарын күні бүгінге дейін сақтап, “Сүйінбай осылай деген” деп әрдайым зерделерінде тұтқан. Сүйінбайдың айтыстары мен өлең-толғауларын жинау, жариялау ісі 20 ғасырдың бас кезінде қолға алына бастады. 1920 жылы Түркістан АКСР-і халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған қырғыз (қазақ) ғылым комиссиясы ауыз әдебиеті үлгілерін жинау мақсатында Сырдария, Жетісу облыстарына экспедиция ұйымдастырып, этнограф ғалым Ә.Диваев Сүйінбайдың өлең-толғауларын, айтыстарын жазып алған.
1929 жылы алғаш рет “Жаңа әдебиет” журналында (ғ6) ақынның “Апырмау, мынау жатқан Сарыбай ма?” деген өлеңі басылды. Ақын шығармалары әр кезеңде жарық көрген хрестоматия оқулықтарға енгізіліп, ел ішінде насихатталды. С.Сейфуллин құрастырған “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинаққа (1931) “Шапырашты Сүйінбай ақынның қартайған шағында айтқаны” деген өлеңі енген. 1935 жылы Қ.Жансүгіров пен Ф.Ғабитованың құрастыруымен ақынның бір топ шығармасы “Сүйінбай ақын” деген атпен тұңғыш рет жеке жинақ болып жарық көрді. С.Мұқанов пен Қ.Бекхожин 1939, 1940, 1941 және 1944 жылы орта мектептің 8-сыныбына арналған хрестоматиясына Сүйінбайдың бірнеше өлеңін енгізген (“Сүйінбай мен Тезек төре”, “Сүйінбайдың Тезектің өлген баласына көңіл айтқаны”, “Кәрілік туралы”).
Қазақстан ҒА құрылғаннан кейін (1946) Сүйінбай ақын мұрасын жинап, жариялаумен айналысқан ғалымдар Диваев, С.Бегалин, Б.Жақыпбаев, қырғыз фольклористері Ш.Уметәлиев пен Э.Мұқанбетовтардың еңбектерін айрықша атауға болады. Сондай-ақ Сүйінбай мұрасының біршамасы Ж.Жабаевтың мемориалдық мұражайының әдеби қорында сақтаулы. “Ақын жырлары”, “17 – 19 ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары”, “Үш ғасыр жырлайды” атты жинақтарда Сүйінбай шығарм-на кеңінен орын берілген, “Айтыс” жинағының 1-томында “Сүйінбай мен Тезек төренің айтысы” жарияланған.
Сүйінбай ақынның “Ақиық” атты жинағына (1976) таңдаулы шығармаларымен қатар, тыңнан қосылған көптеген өлең-толғаулары, айтыстары енген, шығармалары жүйеге келтіріліп, тақырыптарға бөлінген, кітапқа көлемді ғылыми алғысөз жазылып, соңынан түсіндірме сөздік берілген. Мәскеуде “Әлем әдебиетінің кітапханасы” сериясымен жарыққа шыққан 200 томдық жинақтың 102-томында Сүйінбайдың “Кәрілік” атты өлеңі жарияланған. Бұл ақын шығармаларының дүниежүзілік сөз өнеріне қосылған асыл мұра, аса құнды әдеби ескерткіш екендігін танытады. Сүйінбайдың Малыбай, Жетібай, Әзірбай атты ұлдары, Бағжан, Қойжан деген қыздары болған.
23. Көркем шығармалардағы романтизм
Романтизм бағытында туған туындылардың кейіпкерлері əдетте болмыстың ырқымен келіспейтін, жақсы өмір, бақыт, азаттық үшін күресетін күшті жандар болып келеді. Романтизм туындаларының тілінде əсірелегіш суреттер мол ұшырайды. Адамның бас бостандығын, ірі іс-əрекеттерге ұмтылыстарын мадақтау — романтизм туындыларына ортақ қасиет. Кейде романтиктер туындыларында өмірден түңілушілік, тағдырға бас июшілік сарыны бой көрсетеді. Романтиктер өздерінің мұратына сай келетін өмір материалдарын өткеннен де, келешектен де қатар іздейді.
Қазақтың ғана емес, ғаламның бағына жаралған Абай Құнанбаев əлем əдебиетіне романтизмнің айқын белгілерін көрсетті, өзіндік Абай дəстүрін қалыптастырды, бұл табиғи үрдіс ХХ ғасыр басында рухани жаңғыруға үндейтін М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Əуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев шығармаларында өз жалғасын тапты. Абай романтизмінен өзге елдің билігі əсерінен халықтың ыдырап, ұсақталуына қынжылыс байқалды. Ал Ақылбай мен Мағауия сюжетке құрылған романтикалық поэмаларында («Қисса Жүсіп», «Медғат — Қасым») «ерекше жағдайда ерекше мінез жасау» арқылы индивидуалдық романтизмге жол салды.
Мағжан нағыз романтик ретінде өмір, өлім, өнер, табиғат, махаббат жайындағы пікірі ерекше. «Батыр Баян» поэмасын — романтикалық деп алуымызға болады. Мұнда ақын жалғыздықты жырлайды. Қалмақ қызының сұлулығын, əсемдігін автор өз сөзімен жеткізгендей болады. Заман мен ақын, тарих пен ақын, ел намысы, махаббат, туыс сезімі жəне қызғаныш сияқты құбылыстармен астастыра жеткізуі «Батыр Баян» поэмасын рухани сеніммен, келешекке көз тіккен үмітпен аяқтауының өзі кез келгеннің қолынан келе бермейтін жай екендігіне көзімізді жеткізеді. Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат Баянсыз қанатымды қалай жаям?! Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай, Келмесе қандыбалық батыр Баян –деп, Баянды өзге батырдан жоғары қояды. Мағжанның поэмасында бар батырлар кездеседі: Хан Абылай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жəнібек, Жас Жанатай. Поэманың алғашқы жəне соңғы бөлімдерінде Мағжанның толғанысы бар. «Меннен» бастау алған терең лиризм Баянның оқиғасына əдемі үйлесіммен ауысады. Екі жас аттарынан ұшып түсті, Түскенде бірін-бірі құшып түсті. Жүректен атып, ыршып шыққан қанмен Жалғыз-ақ «Ах» десті де «Жаным!» — десті. «Батыр Баяндағы» жүрек шері, сезім толғауы, -Дариға, жазамнан да күнəм басым, Тəңірден кешірім болмас, дегенмен алты алаш кешер»,-деп аласұрған Батыр Баяндағы жан арпалыс байқалады. Романтизм романтизмге келіп, оның жалпы жүрісін өзгертуге əрекет жасап, шамалары жетпей, кейін одан кетуге мəжбүр болған романтиктердің өздерінің жеке бас тарихтарымен де сəйкес келе бермейді.Романтизмді реализмнен бөліп əкетіп, араларына ылғи шек қоя берудің қажеті жоқ. Белинскийше айтсақ, «бір-біріне кереқар келгенмен, түбінде бір мақсатқа апаратын бағыттас əдістер». Бұл сөзімізге дəлел ретінде «Гүлсімге» өлеңін саралайық: Ботакөз, сиқырлы сөз, Гүлсім ханым, Əр жерде өткізсек те өмір таңын-деп өз жырларын арнайды. Бұл өлеңнен романтизм мен реализм қатар келгенін байқаймыз. Ақын көптеген кəрі жас ақындар жырлаған мамажай, сылбыр көктемге ұқсамайтын, өзгеше жан.
Романтизмнің əдебиетке əкелген жаңалықтарының бірі — адамды тануға деген құштарлық. Романтик қаламгерлер адамның жан дүниесіне, ішкі психологиясына үңіле отырып, оның рухани əлемінің құпиясын, тереңдігі мен күрделілігін, шексіздігін танытуға күш салды.
ХХ ғасыр басындағы əдеби процесте ұлттық психологиялық прозаны қалыптастырып, дамытуға ерекше үлес қосқан жазушы Жүсіпбек Аймауытов болды. «Ақбілек» романында қазақ қызының тағдыры шынайы суреттелгенімен, романтикалық бейнелеу тəсілдерін байқаймыз. Жазушы Ақбілек пен орыс офицерінің «ерекше» қарым-қатынасын, таудағы тосын тіршіліктерін романтикалық ыңғайдағы бейнелі көріністер арқылы суреттейді. Ауылын шапқан, анасын өлтірген, өзін зар жылатқан қас жауын Ақбілектің жек көруі тиіс. Алайда алғашқыда оның санасында туған ашу мен жек көру сезімі кейіннен басқа реңк алады. Екіұдай күйге түскен қыздың ойын, ақылы мен сезімінің қақтығысын жазушы дамылсыз құбылу үстінде бейнелейді. Сонымен қатар романда Ақбілектің өмірге деген құштарлығы анық көрінеді.