Емдеу шараларын жоспарлау 11 страница

Лимфа айналымы. Әрбір бронхтың айналасындағы қан-лимфа тамырлары бірігіп, өкпе түбір тамырларын құрап, олар үлкен, негізгі бронхтардың айналасына  жиналып, топталады. Бұлардың көбісі кеуде қуысында орналасады. Өкпе қуысындағы негізгі бронхтардың айналасында орналасқан лимфа түйіндерді өкпе-бронх бездері -  деп, ал кеңірдек бойындағы лимфа түйіндерін кеңірдек-өкпе лимфа без топтары дейді. Олардың жиналған жерлеріне сәйкес жоғарғы, төменгі кеңірдек-бронх, ал бифуркация маңайындағы лимфа бездерін бифуркациялық, кеуде қуысы аралығындағы лимфа бездерді медиастинальды деп атайды Бұлардың бәрі өкпе рагында аймақтық лимфа бездері болып саналады.  

Өкпе түбір тамыры - деп үлкен қан тамырлармен бронхтардың қиылысқан жерін айтады. Қалыпты жағдайда ол 2-4 қабырғалардың орталық дене сызығымен тиіскен жерінде анықталады. Қалыпты рентгенограммада олар біркелкі емес, көлеңкелі болып көрінеді. Егер ісік болса, онда көлеңке ұлғаяды, немесе жоғары, төменгі жаққа қысылады, кейде үлкейген, дөңгеленген лимфа түйіндері көрінеді.

 

№ 1-сурет. Өкпе бронхтарының  құрылысы

Бронх бифуркациясы
Кеңірдек
Негізгі оң жақ бронхы
Оң жақтағы жоғарғы бөлім бронхы
Оң жақтағы ортаңғы бөлім бронхы
Оң жақтағы төменгі бөлім бронхы
сол жақтағы төменгі бөлім бронхы
Сол жақтағы жоғарғы бөлім бронхы
Негізгі сол жақ бронхы


Өкпе рагының  э пидемиологиясы

Өкпе рагы - өте жиі кездесетін ауру. Жер шары бойынша, 2000 жылы 1 миллион 200 000 адам өкпе рагымен аурып, оның 1 миллион 100 000-ы өлген. Еуропа және Солтүстік Америкада дерт жоғарғы деңгейде дамыған, ал Азия, Африка жерінде аз тіркеледі. Қазақстан бұл ауру жөнінен Орта Азия бойынша ең бірінші орында тұр және әр облыстарда әртүрлі жиілікпен адамдар зақымданады. Республика бойынша (№1-сурет) орта есеппен (2006-2008 жж.) өкпе рагының аурушаңдық көрсеткіші - 23,1 %ooo тең болса, бұл деңгейден асып түсетін облыстарға Павлодар (36,3%ooo), Солтүстік Қазақстан (37,8%ooo), Қостанай (32,8%ooo), Шығыс Қазақстан (36,5%ooo), Ақмола (36,3%ooo) жатты.

Төменгі деңгейді Алматы (14,4%ooo), Жамбыл (15,2%ooo), Қызылорда (17,3%ooo), Маңғыстау (12,2%ooo), Оңтүстік Қазақстан (8,7%ooo) облыстары қалыптастырды. Сонымен қатар Астана мен  Алматы қалаларындағы өкпе рагының орташа аурушаңдық көрсеткіштері 22,3%ooo – 22,5%ooo, салыстырмалы, өзара тең  болған.

Қазақстан аймақтары бойынша өкпе рагының орташа аурушаңдық көрсеткіші де біркелкі емес (№2-сурет). Ең жоғарғы аурушаңдық көрсеткіш Шығыс (36,4%ooo), Орталық (31,8%ooo) және Солтүстік (35,3%ooo) аймақтарда анықталса, ал ең төменгі көрсеткіші Оңтүстік өңірде (13,9%ooo) тіркелген.

 

№1- сурет. Өкпе рагының Қазақстан облыстары бойынша орташа аурушаңдық көрсеткіші (2006-2008 жж.)

 

Ресейде де, Қазақстанда да өкпе рагымен  ауырған адам  саны кейінгі жылдарда сәл де болса төмендеуде, бірақ қатерлі ісіктердің ішінде алғашқы бірлікті орынды алып отыр.

Өкпе рагы, тек ер азаматтарды 10 есе жиі зақымдайды, әйелдерге қарағанда.   Сонымен бірге жас өскен сайын ауру саны да жиіленеді. Қазіргі кезде, анықталған мәлімет бойынша, 60-69 жастағы адамда, 30-39 жаспен салыстырғанда аурудың саны 80-85 есе көп екені мәлім болған. Былайша айтқанда бұл ауру – егде жастағы адамдардың ауруы.

 Өкпе рагының  өлім-жітім көрсеткіші  өте жоғары, жер шарындағы барлық адам өлімінің 17,5%, ал еркектерде – 23,4% құрайды. Қазақстанда барлық ісік ауруынан өлгендердің орташа есеппен төрттен - бестің бірі осы аурудан өмірден кетіп отырады.

 

№2- сурет. Өкпе рагының Қазақстан аймақтары бойынша орташа аурушаңдық көрсеткіші (2006-2008 жж.)

 

Өкпе рагын қоздыратын себептер

Темекі тарту – ең негізгі қосалқы себептің бірі болып саналады.  Темекі түтінінде 40-тан астам рак туғызғыш заттар кездесетіні қазір мәлім, соның ішінде 3-4-бензпирен, нитрозамин, кейбір металлдар (асбест, винилхлорид) бар. Бұлар ауада да, тағамда да болуы мүмкін. Темекіден тікелей өкпе рагы пайда болды – деп, әлемде анықталған мәлімет жоқ, алайда, өкпе рагымен ауырғандардың көпшілігі темекі тартқандығы дәлелденген.

Рак туғызғыш зат темекі түтінінен басқа оның жанғаннан кейінгі қалған май қалдықтарында да болады (смола). Бұл зат бронхтың ішкі шырышты қабатында қалып, сіңіп отырады. Көп жылдар өткен соң ол бронх эпителийінің өніп-өсу үрдісін бұзады, сөйтіп оларда пролиферация туғызады – сол клеткалардың табиғатын мүлдем өзгертіп жібереді. Канцерогендік заттар цилиндр тәріздес бронхтың клеткасын, жайылма клеткаға айналдырып,, алдымен ісік алды, кейіннен рак ауруын туғызады (аденокарцинома). Адам арақтан гөрі темекіге  тез үйренгіш келеді (6-7 есе жиі). Әрине, ісік ауруының болу қаупі темекі тартқан жылдарға, оның  түрі мен фильтріне байланысты болуы мен  болмауына тікелей байланысты.

Сонымен, өкпе рагының пайда болуына өте үлкен қауіп бар кісілер:

· неғұрлым ерте темекі тартқандарда,

·  күніне 20-25 сигареттен артық қолданғандарда,

· фильтрсіз темекі сигаретін, әсіресе оның сапасы төмен болғанда, рак туғызғыш әсер өте жоғары болып, зиянды ықпал күшейе түседі.

Темекіні тарту неғұрлым ерте басталған сайын өте қауіпті. Темекіні қолдану  30 жылдан артық уақытқа созылса, өкпе рагының пайда болу  қауіпі 10-20 есе өседі, ал бұл мерзім 45 жылдан асса, онда 50-100 есеге артады.  

Жас ағза шылымның зияндық әрекетіне әлсіздік білдіреді, сондықтан орта жастағы адамдарға қарағанда оларда қауіп тым жоғары.

Темекі тартудың  мөлшеріне, сортына, сапасына ерекше көңіл бөлген жөн. Күніне 2 қораптан артық сигарет тартқандарда, оны тартпағандармен салыстырғанда, қауіп 10-16 есе өсіп, ал оны неғұрлым аз тартып, бірақ  терең ішке сорған сайын, ол қауіптірек келеді екен. Темекіні күніне бір қораптан артық аспай, 40 жыл тартқандарды, күніне 2 қораптан – асық тартқандар мен салыстырғанда, қауіптілігі мен оның зияндығы төмендеу келеді екен. Тағы бір ескеретін мәселе,  ол темекі құрамында болатын май қалдықтары (смола), ол  көбейген сайын, соғұрлым ол адамға қауіпті. Сондықтан темекі сигареттері  жоғарғы сапалы фильтрлі болуы тиіс, ол темекідегі  май қалдықтарын өзіне ұстап қалдырып, оның ағзаға зиянды әсері аз түсуіне ықпал етеді. Халықаралық рак ауруын зерттейтін агенттіктің нұсқаулары бойынша, әр сигареттегі смоланың мөлшері 15мг-нан аспауы керек, ал оның мөлшері ұлғайса, онда рак туғызғыш қасиеті молаяды.

Темекідегі никотин деген улы зат  ағзаға зиянды әсерін тигізеді. Кез келген темекі фильтрсіз болса, ондағы май қалдықтарымен никотин жоғары болып, зиянды қасиетті арта түседі. Бұл – халықаралық сұранысқа келмейтін талап.

Темекіқоршаған ортаға да әсіресе, жабық жерлерде. зиянды әсерін тигізеді, Кейбір жанұйада, темекі тартатын мүшесі болса, оларды темекі тартпайтын жанұямен салыстырғанда, темекінің  зиянды ықпалы басқа мүшелеріне  1,5-2 есе жоғары болады екен.

Сонымен темекіге қоса басқа да,  рак туғызғыш заттар қосарланса, онда өкпе рагына қауіп-қатер үдей түседі. Мұндай қоспаларға  радиоактивті, химиялық және асбест қалдықтары жатады. Оған қоса, жануарлар майын тағамда артық мөлшерде пайдаланса қауіп-қатер молайа түседі.

Ауа кеңістігінің ластануына, әсіресе, өндіріс қалдықтары зор ықпал етеді. Сонымен қоса, соңғы жылдары ірі-ірі қалалардағы автокөліктің көбейуі, экологиялық жағдайды өзгертуге үлесін қосып, өкпе рагының көбейуіне негізгі себептің бірі болып түр. Осындай құбылыс ыстық күн кездеріндегі көшедегі ысып кеткен асфальттардың да әсері байқалады. Сондықтан айнала ортаның ластанбауы үшін завод, фабрикалардың қала аймағынан тыс жерлерде орналасуы - өте маңызды фактор. Міне, осы себептен де ауыл тұрғындарында өкпе рагы, қала тұрғындарына қарағанда, салыстырмалы  сирек кездеседі

Иондық радиация көздері кез келген мүшеде рак туғызады, бұл – тәжірибе жүзінде толық дәлелденген. Үйдегі ауа кеңістігін кондиционер мен  терезе желдеткіш арқылы  жиі-жиі тазартып, санитарлық-гигиеналық талаптарды орындау ең негізгі талаптар болып саналады. Себебі, ауа тазаланбаған ортада,  рак туғызғыш зат - радон қалдықтары жиналып қалады.

Өкпе рагы - өмір тіршілігіне тығыз байланысты келетін ауру. Сол себепті кәсіптік жағдайға байланысты, адамдар әртүрлі канцерогендік заттармен, әсіресе, мышьяк, асбест, хром, никель шығаратын өндірістерде жұмыс істегендіктен бұл ісік  көбірек кездеседі, сондықтан оларға ерекше көңіл бөлген жөн.

Кәсіптік зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндерде, өкпе рагына ұшырау мүмкіншілігі, басқа жерлердің жұмысшыларына қарағанда, едәуір жоғары келеді.

Сонымен, эпидемиологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, өкпе рагына мына төмендегі өндірістерде  жиі болатындығы анықталған:

· тас тегістейтін, одан мүсін жасайтын өндірістерде,

· топырақ пен балшық және шиша қыздырып, одан түрлі зат жасайтын жерлерде,

· транспорттан шығатын газбен қарым-қатынаста болатындарда,

· графит пен, асфальт шығаратын қондырғылармен және металлмен жұмыс істейтіндерде.

Ағзаның иммунологиялық төзімділігі де ісіктің пайда болуына әсер етеді. Сондықтан өкпе рагын қоздыратын, оған тікелей, жанама себеп болатындар:

· бронх және өкпе ұлпасының созылмалы қабыну аурулары,

· пневмосклероз (өкпе ұлпасының беріштенуі),

· туберкулезден кейінгі жазылған жердегі тыртықтар,

· шаң жерде жұмыс істеп ауыратындар (пневмокониоз, силикоз).

Осы аталған аурулар көбінесе созылмалы түрде жүреді  де, ағзаның иммундық төзімділігін төмендетеді, сөйтіп, олар өкпе рагына ұшырау мүмкіншілігін жоғарлатады.

Тұқым қуалаушылық өкпе рагында дәлелденбеген, бірақта. тұқымында өкпе рагымен ауыратындар болса (әсіресе, екі-үш ұрпағында), онда бұл қауіпті жағдай, себебі олардың өмір сүрген ортасында өкпе рагын қоздыратын жоғарыда көрсетілген тұрақты бір факторлар болуы мүмкін, сондықтан оларда тұқым қуалаушылық емес, олардың өмір сүру ортасының бір болуына байланысты болғандығына деп санауға болады.

Өкпе рагы пайда болатын қ ауіп-қатерлі топтарға, қ азіргі таңда қандай адамдар жататындығы толық, біржақты шешілген емес. Дегенмен мына көрсетілген адамдарды осы топқа жатқызуға болады.

Олар:

· 50 жастан асқандарда тұрақты темекі тартатындар,

· Жасқа байланыссыз темекі тартқаны 25 жылдан асса,

· Ұзақ мезгіл, мышьяк, никель, асбест, хром өндірістерде жұмыс істейтіндер,

· Өкпе, бронхында созылмалы қабыну ауруы барлар (пневмокониоз, силикоз, пневмосклероз, туберкулезден кейінгі жағдай),

· Мұнай өнеркәсібінде жұмыс істейтіндер, автокөлік жүргізушілер, көшеде асфальт салушылар, немесе т.б. зиянды өндіріс қалдықтарымен қарым-қатынаста болатындар,

· Желдеткіші жоқ жерде өмір сүріп жатқандар, жұмыс істейтіндер (темекі, асбест, радон шығатын жерлер).

Өкпе рагына қарсы сақтандыру шаралары

 Ол үшін халық арасында, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, темекінің  зияндығын, оның немен бітетіндігін, неге әкелетіндігін түсіндіріп отыру қажет. Әсіресе, темекіні қоғамдық жерлерде тартылмауын қадағалау, темекі тартатын  арнайы бөлме ұйымдастырып, оны желдету мәселесін қамтамасыз ету керек. Сонымен бірге, ең маңыздысы - темекі дайындайтын  фабрикаларда, темекі сигаретінде никотин мен май қалдықтарының  мөлшерін азайту шараларына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Сақтандыру жұмыстарын жасөспірімдер арасында тұрақты жүргізу басты мақсаттардың бірі,  ол үшін мектептерде, жоғарғы оқу орындарында, түрлі мекемелерде санитарлық үгіт-насихат жұмыстарын үзбей жүргізілуі қажет. Бірақта осы күнге дейін, бұл жөнінен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жоқтың қасы. Сондықтан заң жүзінде талап қою, немесе сөз,тілек - арқылы темекі тартуды тоқтату оңай болмай тұр. Тек әр адамның санасында, тәрбиесінде темекіден сақтану жолдары қалыптасқанда ғана нәтиже беруі мүмкін. Жеке бас деңгейінде, рактан сақтану шарасын күшейту - өмір, қоғам талабы. Алайда ел арасында темекіні тартқызбау, оларды мәжбүрлі түрде тоқтату мүмкін емес, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан шаралар «айсбергтің» көрінген бөлігімен күресу ғана болып саналады.

Темекі тартуды мүлде қойдыруға мүмкін болмағандықтан, енді оны қоя алмайтындар, қолданатын темекінің сандық және  сапалық, қасиеттеріне көңіл бөліп, жоғарғы сападағы фильтрлі сигареттерді қолдануы тиіс. Ал енді мемлекеттік тараптан, темекі өндірісін азайтып, оны неғұрлым залалсыздандыру жағын қарастырып, ондағы зиянды заттарды азайтуға бағытталған  ғылыми-техникалық негіздерін жетілдіру керек.

Айналадағы орта мен ауаны зиянды заттармен ластамау үшін санитарлық тазалықты сақтау – жеке адам баласы мен қоғам талабының ұсынысы. Техника дамыған сайын, оның зиянды жағын кеміту – мемлекеттік сұраныс. Сонымен, ірі индустриялы қалаларда, зиянды өндіріс орындарының, халықтың шоғырланған жерлерінен тыс жерде, орналасуы өкпе рагынан сақтанудың негізгі жолының бірі деп қаралуы тиіс. Экологиялық таза жер адам денсаулығының айнасы екенін ұмытпау керек.

Ал зиянды өндірістің технологияны, «қалдықсыз технологияға» өзгерту  және жабық өндірістік циклге көшіру, бүгінгі күн тәртібіндегі  өте актуалды мәселе. Темекіге шек қою мен зиянды өндірістерде жұмыс мезгілін қысқарту, зиянды орындарда ауа тазалағыштарды ұйымдастыру, оларды іске қосу – ауаны ластауға қарсы ең нағыз пайдалы бағыты. Бұл мақсатта тұрғын үйлердегі ас даярлайтын бөлме мен демалыс бөлмелерінде желдеткіш қарастырудың маңызы зор.

Дұрыс тағамдану да, өкпе рагына ұшырау қаупін төмендетеді. Тағамға кіретін заттарда β -каротиндер (витаминдер) көп болған сайын, қауіп-қатер мүмкіншіліктері едәуір төмендейді. Олар өкпе рагын  қоздырғыш заттардың уытты қасиеттерін тежеп, олардың биологиялық қасиеттерін өзгертеді.

Өкпе рагының патологиялық анатомиясы

Өкпе рагы, оның  бронх ішіндегі шырышты қабаты мен айналасындағы бездерден пайда болады. Өкпенің екі жағы да  ісікпен зақымдану жиілігі бойынша бірдей болады да, 60-70% жағдайда рак оның ірі бронхтарында орналасады.  Ісік негізгі бөлім мен сегментті  бронхтарында орналасса, онда ол өкпе рагының орталық түріне, ал кіші бронхтар мен бронхиолдарында пайда болса - ол өкпенің шеткі түріне жатады. Кейде ісік сегменттен басталып, бөлім және негізгі бронхтарға көшеді, мұндайда ателактаз болып рентген көрінісінде үшбұрышты көлеңке білінеді.

Рактың жиі орналасатын жері өкпенің жоғарғы бөлігінің алдыңғы (3) сегменті. Бұл сегмент, рентгенде бұғана асты мен үшінші қабырға арасы және төс сүйегінің сыртымен емізік сызықтың ортасында орналасады. Осы жерде рентген суретінде көлеңкелі зат көрінсе және тыңдағанда, тыныс алу деңгейі төмендесе онда ателактаз пайда болғанын көрсетеді. Өкпе рагының тағы бір жиі орналасатын жері, ол төменгі бөлімінің жоғарғы (6) сегменті. Оны анықтайтын аймақ - сыртқы омыртқа сызығы мен жауырынның ортаңғы сызығының арасы мен 2- және 6- қабырға аралығы. Тыныс алу үрдісі осы аймақта  төмендейді.

Өкпе рагын сылып алынғаннан кейін көзбен қарап, қолмен сипап көргенде ісік түйіні жұлдыз сияқты көрінеді, ол қолға қатты сезіледі.

Орталық рак бронхтың ішінде (эндобронхиальды), сыртқы айналасында (перибронхиальды) және тарамдалған түрлерінде кездеседі. Кейінгі де ісік түйінді және жайылмалы өсуі мүмкін. Бұлардың әрқайсысы әртүрлі клиникалық белгілер береді.

Шеткі өкпе рагы кез келген жерде өкпе ұлпасынан пайда болады, сөйтіп жан-жаққа біркелкі жылдамдықпен өседі. Оның түйіні дөңгелек шар тәрізді, шекарасы көмескіл келеді. Кейде ұлпа ыдырап, өлі еттеніп шіриді, онда қуыс пайда болады, ал кейде ісік түйіні бронхты зақымдап, орталық рактағыдай клиникалық белгілер береді (ателактаз, қабыну т.б.)7

Гистологиялық құрылысы жөнінен өкпе рагы үш түрлі болады:

1. Жайылма клеткалы түлегіш (жоғары дәрежеде жетілген), не түлемейтін (жеткілікті түрде жетілген),

2. Безді клеткалы (шамалы жетілген аденокарцинома),

3. Жетілмеген (ірі, майда клеткалы – сұлы тәрізді),

Клиникалық ағым мен болжам мүмкіншіліктері және емдеу тәсілдері өкпе рагында көптеген жағдайда ісіктің гистологиялық құрылысына тікелей байланысты келеді.

Жайылма клеткалы рак,  өкпе рагының 40-50% құрайды, ол егде жастағы және темекі шегетіндерде жиі кездеседі. Қалыпты жағдайда өкпе бронхтары шырышты қабатпен жабылып, оның жыпылықтайтын эпителийі болады, ол ұзақ уақытқа созылған тітіркендіргіш заттардың әсерінен метаплазиялық өзгеріске түсіп, цилиндрлі эпителий жайылмалы эпителийге айналғанда, ракка айналады..

Безді клеткалы (аденокарцинома) рак әйелдерде көбірек кездеседі де, олар шет жақтағы кіші бронхтармен  бронхиолдардағы бронх бездерінің эпителийінен пайда болып, оның ісік клеткаларының пісіп-жетілуі жоғарғы деңгейде және  безді эпителийден  болғандықтан баяу өніп-өседі.

Майда клеткалы рак - өте қатерлі өкпе рагы. Оның клеткалары майда болып, цитоплазманың үлкен ядросын «құшып» қоршап жатады. Түйіннің көлемі едәуір үлкенірек келіп, ақ түстес болады; көбінесе оның ортасында өлі еттену жиі байқалады (ұйыған қандар және «сілекей» тәрізді заттар) және олар бронхтардың ішінде және маңайында қалыптасады, ателактаз жиі пайда болады. Жалпы жиілігі өкпе рагының ішінде 20-25%-дан аспайды. Аурулардың сыртартқысында  ластанған өндірістер және темекі шегу жиі байқалады және гормондар өндіріледі, осыған байланысты паранеопластикалық белгілер беріп, ісік тез арада өсіп, бөгелме ісіктер береді. Болжам мүмкіншіліктері өте қиын. Көп аурулардың өмірі бірнеше айдан аспайды. Операция жасауға болмайды, тек қана ісікке қарсы дәрілер және сәуле шоқтары қолданылады.

 Осыған байланысты өкпе рагын екі топқа бөлуге болады: майда клеткалы рак және майда клеткалы емес рак деп, себебі бұл екі топтағы аурудың клиникалық көріністері, ағымы, болжам мүмкіншіліктері екі түрлі.

Өкпе рагы лимфа, қан арқылы және тікелей көрші сау ұлпаларға таралып өседі. Бөгелме ісіктер майда клеткалы ракта жиі кездеседі, әрі тез байқалады. Алғашқы бөгелме ісіктер өкпе-бронх, кеңірдек-бронх және кеңірдек маңайындағы лимфа бездерінде болады. Кейінірек, бұғана үсті лимфа бездерінде анықталынады, ал қолтық асты лимфа бездері сирек зақымданады.

Лимфа бездерінен кейін екінші орынды өкпе қап  алады, сол кезде кеуде қуысында сары су жиналады. Алыста орналасқан мүшелерге бөгелме ісіктер  тек қан арқылы тарайды, солардың ішінде ең жиісі – бауыр. Бауырда көптеген майда ісік түйіндері пайда болып, оның қызметі алғашқыда бұзылмайды, ауырсыну сезімі, іште су жиналу, терісінің сарғайуы аз байқалады. Кейде бөгелме ісіктер  орталық ми да  орналасады, бұл кезде бас ішіндегі қысым көтеріліп, тұрақты бас ауырсынуы сезіліп, бұған неше түрлі психологиялық – жүйкелік өзгерістер қосарланады.

Үшінші орынды бөгелме ісіктер  жиілігі жөнінен сүйектер алады, оның ішінде аяқ, жамбас сүйектері. Рентгенде сүйек ұлпасы еріп (остеолизис), қуыстанады. Бұл кезде белгілері тұрақты ауырсыну сезімдерімен және патологиялық сүйек сынықтарымен білінеді.

Бұдан да басқа бөгелме ісіктер бүйректе, ұйқы, бүйрек үсті бездерінде кездеседі, бірақ оларды  көбінесе ауру адам өлген кезде, аутопсияда, анықтайды.

Сонымен өкпе рагында көбінде клиникалық белгілері алдымен бөгелме ісіктермен білінеді, сол себепті алыс мүшелерден ісіктің екінші бір көзі табылса, онда алдымен өкпені мұқият тексеру керек.

Өкпе рагының өсу сатылары

Қазіргі қалыптасқан жіктеу бойынша өкпе рагы 4 сатыға бөлінеді.

Олар:

І- сатысы, ісік,  3 см-ден аспайды, ол бронхтың (бөлім, сегмент, шет) – ішкі қуысынан тыс өспейді, өкпе қабына жетпейді, бөгелме ісік жоқ.

ІІа- сатысы, ісік, көлемі 3 см-ден 5 см-ге дейін, немесе ісік одан да кіші көлемде, бірақ ол өкпе қапты зақымдайды, бөгелме ісік жоқ.

ІІб- сатысы, ісік,  жоғарыдай келіп, бронх-өкпе лимфа бездерінде бір-екі бөгелме ісік бар,

ІІІа- сатысы, ісік,  көлемі 5 см-ден асады, көрші өкпе ұлпасын қамтиды, немесе көрші бөлімге көшеді – бір бөлім бронхысынан басқа бөлім бронхысына ауысады, немесе кеуде мен жүрек қабына, тіпті көк етке дейін жетеді, бөгелме ісік жоқ.

ІІІб- сатысы,, ісік,  жоғарыдай келіп, көптеген бронх-өкпе және кеуде аралық  лимфа бездерінде бөгелме ісік бар,

IV- сатысы, ісік,  кеуде қуысындағы  өмірге қажетті мүшелердің бірін, немесе бәрін зақымдайды (IVа), немесе алыста орналасқан мүшелерде (бауыр, ми, сүйек т.б.) бөгелме ісік бар (IVб).

Өкпе рагының  халықаралық TNM жүйесі бойынша жіктелуі.

TNM жүйесі – бұл халықаралық деңгейде қолданатын жіктелу. Отандық жіктелуден, бүл жүйенің  айырмашылықтары ісіктің негізгі белгісі түйін сантиметрлік өлшеммен, ал  аймақтық лимфа бездеріндегі бөгелме ісіктерді сандық есеппен анықтау болады.



Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: