Макс Вебер 3 страница

Рональд Робертсонның мәдени центристік теориясы

Жаһанданудың ең танымал теорияларының бірі Рональд Робертсонның (АҚШ) мәдени центристік тұжырымдамасы болып табылады. Робертсон алғашқылардың бірі болып “жаһандану” терминін қолдана бастады. Робертсонның басты жорамалы, мемлекеттердің халықаралық жүйесі Толкотт Парсонстың атақты AGІL схемасы шеңберінде бейнелене алады дегенге келіп саяды. Робертсон теориясының мәдени центристігі мемлекеттер интеграциясының басты бағытын мәдени жүйеленудің орнығуы деп есептеуінен көрінеді.

Робертсон қазіргі заман әлем жаһандануының мынадай сатыларын көрсетеді: А сатысы немесе дүниеге келу сатысы, ол XV - XVІІІ ғасырлар деп көрсетілген. Ғаламдық әлемнің шығуына Еуропа діни тұтастығының бұзылуы, бүкіл планеталық әлем картасының пайда болуы, астрономиядағы гелиоцентристік жүйе және адамзат туралы алғашқы мәліметтер. Б сатысында ғаламдық жүйе дүниеге келеді (1750 - 1850). Бұл кезеңде халықаралық дипломатия жүйесі орнығып, азаматтық ұғымы түпкілікті қалыптасады, мәдениетті жеткізу үрдісі жүреді: халықаралық көрмелердің пайда болуы, еуропалық емес елдерге енген халықаралық коммуникация жүйесі дүниеге келеді. В сатысы ғаламдық әлемнің шарықтау сатысы ретінде түсіндіріледі (1875 - 1925). Бұл кезеңде әлемді төрт жүйелену: экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени жүйелену ретінде ұғыну айқындала түседі және ортақ күнтізбе қабылдау іске асады. Алғашқы халықаралық сайыстар (Олимпиадалар) мен мәдени фестивальдер заңды түрде бекітіледі. Г сатысы гегемония үшін күрес сатысы (1925 - 1969). Бұл екінші дүниежүзілік және “қырғи-қабақ” соғыстар кезеңі, әлемдік саяси-құқықтық жүйенің қалыптасу кезеңі. Робертсон адам құқықтарын қорғау саясатының қалыптасу мәселесіне зор көңіл бөледі. Бұл кезең сонымен бірге “үшінші әлем” тақырыбының пайда болуымен маңызды. Және соңғысы, Д сатысы - белгісіздік сатысы (1969 жылдан осы кезге дейін). Сыртқы кеңістікті зерттеу кезеңі, бұл жерде ғарыштық зерттеулер, адам құқықтары туралы халықаралық пікір таластардың шығуы және кейінгі материалистік құндылықтарды насихаттайтын пайымдаулардың таралуы туралы сөз болып отыр. Ғаламдық феминистік және экологиялық қозғалыстардың пайда болу сатысы, шын мәніндегі жаһандық масс-медиа, ғарыштық коммуникациялар дүниеге келеді. Халықаралық қатынастар күрделілене түседі.

Энтони Гидденстің жаһандану теориясы

Энтони Гидденс - теориялық социология мәселелерін зерттеуге зор үлес қосқан қазіргі заманғы ірі социологтардың бірі.

Гидденс Р.Робертсон секілді жаһандануды ғаламдық модернистік жобаның бір бөлігі деп тұжырымдап, оның басты үш ерекшелігін бөліп көрсетеді:

(1) кеңістік пен уақыттың өзгеруін ол іс-әрекеттің белгілі бір кеңістікке үйреншікті болуының азаюы және әлемдік ауқымдағы оқиғалардың үндесуі деп түсінеді, бұл жерде әңгіме ғаламдық коммуникацияның пайда болуы жайында болып отыр;

(2) әлеуметтік институттар жергілікті жерлерден (“орындардан”) қол үзсе “жеміссіз” болып қалады. Тек үлкен жүйелер ғана өзгеріп қоймайды, сондай-ақ әлеуметтік тәжірибенің жергілікті және тіпті жеке контекстері өзгереді, бұл қақтығыс пен әлеуметтік стратификацияның жаңа жүйелерін тудыратын көптеген қарама-қайшылықты процестерді білдіреді. Басқа сөзбен айтқанда, Гидденс Валлерстайнға қарағанда жаһандануды таза экономикалық процесс және феномен ретінде түсіндірмейді;

(3) әлеуметтік білімнің әсері, тәжірибелік білімге деген бағдар өсе түседі. Қазіргі әсерлі қоғамның өзін Гидденс жүрісін жылдамдата беретін күйме бейнесінде елестетеді. Осы заманғы институттардың бәрі әмбебаптылық жағына қарай өзгереді: капитализм, индустриализм, қадағалау, күштеу құралдарын монополизациялау, халықаралық еңбек бөлінісі, әлемдік әскери тәртіптің қалыптасуы. Жаһандану тек қана әлемдік капиталистік жүйені экспансиялау мен мәдени біртектіліктің орнығуынан ғана тұрмайды. Әрине, Гидденс стандарттау үрдісінің әсіресе түрленім формасында болатынын көрсетеді, себебі капиталистік өндіріс пен бөлу қазіргі заман институттарының басты құрамдас бөліктерін қалыптастырады.

Энтони Гидденстің жаһандану теориясындағы басты нәрсеге модерннің жергілікті әдет-ғұрып пен дәстүрге тигізетін ықпалына, жергілікті және ғаламдық диалектикаға назар аудару қажет. Гидденстің ойынша индивидтің таңдау мүмкіндігі жоқ әлеуметтік мәжбүрлеу жағдайы ретіндегі іс-әрекетпен ешқандай ортақ нәрсесі жоқ. Таңдаудың болмауы әрекеттің оған берілетін жауаппен алмастырылғанын білдірмейді. Агенттілік тікелей немесе жанама түрде құрылымның бір бөлігі болуы мүмкін. Перифериядағы іс-әрекеттің әлем-жүйені ұстап тұруда өмірлік маңызы бар. Гидденс индивидтерді өзінің салдары бойынша ғаламдық болып табылатын әлеуметтік ықпалды жүргізушілер ретінде көрсетеді. Дәл осы сарында жергілікті өзгерістер мәселесі кеңістік пен уақыттағы байланыстардың кеңеюі ретінде ұғынылатын жаһанданудың бір бөлігі болып отыр.

Сонымен, біз Энтони Гидденстің жаһандану теориясы, мәселен Валлерстайнның әлемдік жүйелік сараптау теориясына қарағанда жоғары деңгейдегі жеке-дара агенттілікті баса көрсетеді.

Эммануил Валлерстайнның әлем-жүйе теориясы

Әлем-жүйелік сараптау теориясын қарастыруды әлем-жүйелік сараптаудың басты жорамалдарын талдаудан бастаған тиімді болады:

1. Әлем-жүйелік перспективасы “ұлттық мемлекет” уақытына қарай “дамитын”, “салыстырмалы түрде автономды “қоғам” екендігін теріске шығарады.

2. Ұзаққа созылғандық - әлемдік жүйенің басы, жалғасы, соңы бар уақыттық арақатынасы.

3. Қазіргі әлем-жүйе бүкіл жер шарын алып жатыр және әлемдік капиталистік экономика болып табылады.

Ф.Бродельдің идеяларына айтарлықтай сүйенген Валлерстайн бұрын негізсіз түрде социологтар елемей келген “ішкі” және “сыртқы” факторлардың бағыныштылығы мен өзара тәуелділік қатынастарын неғұрлым айқындай түсті.

Валлерстайн өзінің жүйелік сараптау әлемі теориясында әлемдік капиталистік экономиканың негізгі сипаттарын жасады:

1. Капиталдың үздіксіз жинақталуы - оның қозғаушы күші.

2. Капиталдың жинақталуы орталық-периферия сызығы бойынша бөлінуге сәйкес кеңістікте сараланған.

3. Құрылымды түрде жартылай периферия өмір сүреді.

4. Ақысы төленбеген еңбек әлемдік капиталистік экономика өмірінде үлкен рөл атақарады.

5. Капиталистік әлем-жүйе халықаралық жүйемен қарым-қатынаста болады.

6. Қазіргі әлемдік экономиканың қайнар көзі XVІ ғасырда жатыр.

7. Географиялық жағынан ол Еуропада басталып, кейін бүкіл әлемге тарады.

8. Дербес мемлекеттер гегемондар болады.

9. Мемлекеттер, этникалық топтар мен шаруашылықтар ұдайы пайда болып, қайта жаңғырып отырады.

10. Жүйені бір мезгілде күйзелетін және қолдап отыратын жүйеге қарсы қозғалыстар болады.

11. Нәсілшілдік пен сексизм іргелі, ұйымдастырушы және тәртіпке келтіруші принциптер болып табылады.

12. Әлем-жүйе өмірі орта мерзімді тізбекті ырғақпен, сондай-ақ ұзақ ғасырлық үрдістермен белгіленген. Жаһандану сараптамасының ең маңызды қағидалары ретінде Валлерстайн мыналарды бөліп көрсетеді:

1) Жаһандану процесі модернизациямен қатар жүреді. Оған мемлекеттер арасындағы интернационалдық байланыстардың “экономикалық жүйелеу процесі” мен сананың ғаламдық мәдениетінің пайда болуы кіреді.

2) Жаһандануға планетада бар барлық жеке-дара байланыстардың жүйелі өзара іс-әрекеті кіреді.

3) Кеңістік тарылып, уақыттық айырмашылықтар азайды. Ғаламдық өзгерістерге кеңістіктің феноменологиялық қашықтауы мен уақыттың жинақталуы кіреді.

4) Планетаны мекендеушілер әлемге біртұтас нәрсе ретінде қарады.

5) Әмбебаптылық пен саяси бейтараптық ендігі жерде ескірді.

6) Тәуекел мен сенім ғаламдық деңгейде кеңейді.

7) Жаһандану - әлеуметтік өмірдің, әлеуметтік жүйенің прогрессивті мәдениеттендірілуінің бір қыры. Ғаламдық мәдениет туралы мәселе көтерілгенде, еуро-американ әлемі өз мәдениетін қалған әлемге еріксіз түрде енгізетіндігі туралы тағы да бір рет қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ, Валлерстайн жаһандануды басқаша түсінеді, ол оны жаңа ғаламдық мәдениеттің пайда болуы, әрбір нақты мәдениеттерде жаңа әлеуметтік контекстінің шығуы деп ұғынады. Валлерстайн мәдени үйлестіруші жүйесі деп белгілеген геомәдениет ұғымын енгізеді, әлем-жүйе осыған қызмет етеді. Геомәдениет бірде бір тарихи жүйе онсыз өмір сүре алмайтын нормалар мен құндылықтарды тудырады. Осыған байланысты аудитория алдына мынадай сұрақ қоюға болады: бұл жерде геомәдениеттегі бірнеше мәдениеттер туралы немесе оның шеңберіндегі әр түрлі мәдени саясаткерлер туралы сөз болып отыр ма? Валлерстайнның өзі үшін либерализм, консерватизм, радикализм - бұл үш идеология емес, консервативті және радикалды бағыттағы идеологиялық бір отбасы болғанын атап өту қажет. Ұлтшылдық пен интернационализм, әмбебаптылық пен саяси бейтараптық арасындағы айырмашылықтар - модернизмнің тарихи географиясының құрамдас бөлігі, капиталистік дамудың саяси және интеллектуалды пейзаждарының тұрақты ерекшеліктері. Солай бола тұрса да әлемнің біртұтастығы туралы жорамал қазіргі әлемде болып жатқан нәрселерді түсінуді жеңілдетпейді.

Валлерстайн үшін әлем-жүйе ең алдымен экономикалық жүйе екендігіне қарамастан, әлем-жүйе теориясын бейнелеу мен сараптауда ол мәдениет пен ұқсастықтың ғаламдық қырларына үлкен көңіл бөледі. Капиталистік методология оларды тарихи байланыстыра отырып, мәдениет пен экономика арасындағы өзара байланыс проблемасын өзінше шешеді. Капитализм мәдениетті “экономикаландырудан” басталады. Әлем-жүйенің қозғаушы қисыны капиталдың жианқталуынан басталады. Экономика - модерннің негізгі бөлігі, ал экономикалық адам - рационалды субъектінің ішкі мәні. Капитализм құндылықтар жүйесі болып табылады, ақша адамдарды бір қауымдастыққа біріктіреді. Мәдени кодтар, ақша және тауар секілді капитал айналымына енгізілген. Сондықтан мәдени формалар капиталды ұдайы өндірудің күнделікті процесінде орныққан.

Жалпы, көріп отырғанымыздай, тарихи-социологиялық әлем жүйелік пайымдаулар мәдени ерекшеліктерді назардан тыс қалдыра отырып, ең бастысы экономика саласының рөлін жиі қарастыра отырып, осы саланы зерттеуге шоғырланады. Кейбір жағдайларда экономикалық тұрғыдан анықталмаған факторлар ескерілмейді. Сондықтан әлем-жүйелік сараптама, ғаламдық өзгерістерді ұғынудың өркениеттік тәсілдеріне қарама-қайшы емес, керісінше оларды толықтырады. Социологиядағы ең өзекті тақырыптардың бірі - “құрылым-қызметкер” пікір таласында бұл тәсіл, тәуелсіз және оны барлық деңгейде - индивидтен бастап халықаралық ұйымдарға дейін қамтитын тарихи жүйенің жеке даму логикасы бар деп шешеді.

Сонымен, әлем-жүйе орталығы дамыған елдер болып табылады, бұл Валлерстайнның антропологтар сынайтын осал жерін көрсетеді. Бұл жерде әңгіме Валлерстайнның жаһандану процесіндегі периферияны елемеуі туралы болып отыр. Валлерстайнның жаһандану процесі бүкіл әлемді қамтитындығы туралы; периферия елдері әлем-жүйе өзегінің елдеріне қарсы тұра алмайтындығы туралы; біртіндеп әр түрлі елдер арасындағы мәдени айырмашылықтар жойылатындығы туралы тұжырымдары сын үшін тағы да бір объект болып шығады. Сонымен бірге әлем-жүйе тәсілінің перспективасы, үлкен жүйеге кіретін қауымдастықтар қалайша үлкен жүйелерден қорғанып, қызмет ететіндігін зерттеу болып табылады.

Жалпы алғанда Валлерстайнның әлем-жүйе теориясы мен Гидденс пен Робертсонның жаһандану теориялары арасында белгілі бір айырмашылықтар бар екендігін атап өту қажет. Көріп отырғанымыздай, мысалы, Валлерстайн жаһандануды негізінен экономикалық феномен деп түсінсе, Гидденс пен Робертсон жаһандануды тек экономикалық процестермен ғана ұқсастырып қоймай, оны өз сараптамасында оқшаулау, мәдениет және ұқсастық процестерімен байланыстырады.

Мануэль Кастельс: ақпараттық экономика

және жаһандану процесі

Мануэль Кастельс - қазіргі әлемдегі ең беделді әлеуметтік ойшылдар мен зерттеушілердің бірі, АҚШ-тың Калифорния университетінің (Беркли) профессоры. 1996 - 1998 жылдары М. Кастельс өзінің қазіргі әлем туралы көп жылдық зерттеулерінің қорытындысы болып табылатын іргелі үш томдық монографиясын жариялады: “Іnformatіon Age: Economy, Socіety and Culture, Vol. 1-3 Oxford: Blackwell Publіshers, 1996 - 1998”. 2000 жылы Мәскеуде Кастельстің “Ақпараттық дәуір: экономика, қоғам және мәдениет” атты еңбегінің алғашқы томы орыс тілінде жарық көрді.

Кастельстің ақпараттық экономика мен жаһандану процесі туралы көзқарастарын талдауды оның қолданатын ұғымдарын анықтаудан бастаған жөн. Біз үшін ақпараттық экономика, ақпараттық технологиялар ұғымдары үйреншікті болып табылатындығы белгілі. М.Кастельс информационализм, ақпараттық экономика сияқты ұғымдарды қолданады. Кастельстің информационализмі, мәдениет пен институттардың сан алуандығына қарай әр түрлі формада көрініс табатын жаңа әмбебап әлеуметтік құрылымның пайда болуын білдіреді. Бұл жаңа әлеуметтік құрылым немесе өз кезегінде ХХ ғасырдың соңындағы өндірістің капиталистік әдісінің қайта құрылу нәтижесінде қалыптасқан информационализм. Соңғы жиырма жылда бір мезгілде қалыптасқан экономиканы Кастельс ақпараттық және жаһандық деп түсінеді. “Ақпараттық - өйткені бұл экономикадағы (мейлі, ол фирма, аймақ немесе ұлт болсын) агенттер мен факторлардың өнімділігі мен бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте олардың білімге негізделген ақпаратты жасау, өңдеу және тиімді пайдалану қабілетіне байланысты. Ғаламдық - себебі, өндіріс, тұтыну және тауарлар мен қызмет көрсетулердің айналымы сияқты экономикалық қызметтің негізгі түрлері, сонымен бірге оны кұраушылар (капитал, еңбек, шикізат, басқару, ақпарат, технологиялар, нарық), тікелей экономикалық агенттерді байланыстыратын тармақталған желіні қолдану арқылы ғаламдық көлемде ұйымдастырылады және, соңғысы, ақпараттық және ғаламдық - өйткені жаңа тарихи жағдайларда өнімділіктің белгілі бір деңгейіне жету мен бәсекелестіктің болуы тек ғаламдық және өзара байланысты желінің ішінде ғана мүмкін” (81-бет). Ғаламдық желі Кастельстің ойынша осындай жаңа экономиканың пайда болуына қажетті материалдық базаны қамтамасыз еткен ақпараттық технологиялар саласындағы революция нәтижесінде тек ХХ ғасырдың соңғы ширегінде ғана пайда болды. Бұл бастапқы пікірлер еді.

Кастельстің ғаламдық экономика туралы көзқарастары ерекше қызығушылық тудырады. Кастельстің пайымдауынша ғаламдық экономика - бүкіл планета ауқымында, нақты уақыт режимінде біртұтас жүйе іспетті қызмет ете алатын экономика. Өндірістің капиталистік әдісі уақыт пен кеңістіктің шегінен өтуге тырысып, үздіксіз дамыды, алайда тек ХХ ғасырдың соңына қарай негіздемесі ақпараттық және коммуникациялық технологиялар болып табылатын жаңа инфрақұрылым негізінде ғана әлемдік экономика шын мәнінде ғаламдыққа айналды. Шындығында да тарихта алғаш рет капиталды басқару, нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін ғаламдық қаржы рыноктарында үздіксіз жүзеге асады: әрбір секунд сайын электронды режимде бүкіл әлем бойынша миллиардтаған долларларға келісімдер жасалады. Басқаша айтқанда, капитал ағымдары ғаламдық сипатқа ие болып, сонымен бірге жеке экономиканың қызметіне тәуелсіз бола бастайды.

Еңбек рыногы, Кастельстің пайымдауынша, кішкентай, бірақ та дамып келе жатқан кәсібилер мен ғалымдар бірлігін қоспағанда, ғаламдық болып табылмайды. Алайда еңбек, Кастельстің пікірінше, үш арна арқылы жасалатын ғаламдық ресурс болып табылады: (1) фирмалар машық, шығын немесе әлеуметтік жағдайларға байланысты еңбек ресурстарын табу үшін әлемнің кез келген жерінен өз орнын таңдай алады; (2) фирмалар кез келген жерде жан-жақтан жоғарғы білікті жұмыскерді өзіне тарта алады, егер де жоғары жалақы ұсынса, ол оған қол жеткізеді; (3) адамдар өз қалауымен жоқтықтан, соғыстан және балаларының қамын ойлап әлемнің кез келген нүктесінен кез келген рынокқа бара алады.

Ғылым, технология мен ақпарат та ғаламдық ағымдарға жинақталған. Мысалы, ғаламдық өзара байланысты жүйеде білім алмасу ғылымның жылдам даму шартына сәйкес келуімен қатар интеллектуалды жеке меншікті бақылауға кедергі болады.

Тауарлар мен қызмет көрсетулер рыногы, еркін сауда мен тамыр-таныстыққа шектеу қоятындығына қарамастан барған сайын жаһанданып жатыр. Әрине, бұл барлық фирмалар өз өнімдерін бүкіл әлем бойынша сатып жатыр деген сөз емес, алайда ол шағын немесе ірі фирманың стратегиялық мақсаты өз өнімдерін бүкіл әлем бойынша сату екендігін көрсетеді. Сонымен бірге, Кастельстің ескертуі бойынша, мысалы, мемлекеттік қызмет немесе бөлшек сауда сияқты жеке салаларды ұлттық мемлекеттер мәдени не институционалды құралдар арқылы әлемдік бәсекелестіктен қорғайды.

Сонымен, Кастельстің пікірінше, қазіргі ақпараттық экономика ғаламдық режимде жұмыс істейді. Бірақ ешқандай халықаралық экономика бұлай жұмыс істемейді. Кастельстің пікірінше, халықаралық экономика ғаламдық болып табылмайды. Ол ғаламданудың қандай шектерін көреді? Біріншіден, Кастельстің пікірінше, тіпті өндірістің стратегиялық маңызды салалары мен ірі фирмалар үшін рынок толық интеграциядан әлі алыс. Екіншіден, қаржылық ағындар валюталық және банк операцияларын іске асыру ережелерімен шектелген; иммиграциялық бақылау мен адамдар ксенофобиясы нәтижесінде еңбектің жинақылық деңгейі төмендеуде; аса ірі ұлттық корпорациялар өз активтерін бұрынғыша тарихи отанында орналасқан стратегиялық командалық орталықтарда ұстайды.

Кастельстің жаһандану процесін сынаудағы тағы бір оңтайлы жері - мемлекеттің белсенді позициясын және жаңа экономика құрылымы мен динамикасының дамуына әсер ететін ұлттық үкіметтердің маңызды рөлін елеп-ескермеу деуге болар еді. Қазіргі таңда, Кастельстің пікірінше, дербес мемлекеттер немесе, мысалы, Еуропалық Одақ секілді осы тектес мемлекеттердің одағы өмір сүргенге дейін, толығымен интеграцияланған ашық әлемдік еңбек, технологиялар, тауарлар мен қызмет көрсету рыногының пайда болуын болжауға болмайды. Оның үстіне, БҰҰ-ның Ұлттық шеңберден тысқары корпорациялар жөніндегі орталығы өткізген зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, корпорациялардың мемлекетке тиісті болуы корпоративті мінез-құлыққа толығымен сәйкес келеді. Мысалы, жапондық аса ірі ұлттық корпорациялар, негізгі қаржылық және технологиялық активтерін өздерінде ұстай отырып, жапон үкіметі тарапынан жан-жақты қолдау көрді. Бұл еуропалық аса ірі ұлттық фирмаларға да қатысты. Мәселен, немістің аса ірі ұлттық алпауыты Фольксваген Германияны біріктіру міндетін іске асыру үшін Батыс Еуропа елдеріндегі инвестиция көлемін қысқартып, тәуекелге бел буып, Шығыс Германиядағы қаржы істеріне ақша салды.

Саяси стратегия құралы ретінде экономикалық бәсекелестікті белсенді түрде пайдаланатын ұлттық мемлекеттер мен ұлттық үкіметтер болғанға дейін, ғаламдық экономика ішінде аймақтық жіктелу тудыратын маңызды экономикалық аймақтар арасында шекаралар да болады.

Ғаламдық экономиканы Кастельс басты үш аймаққа бөледі: Солтүстік Америка, Канада мен Мексиканы қоса, Еуропалық Одақ және Азия-Тынық мұхиты аймағы, бұл аймақтардың әрқайсысында өзінің ықпал ету орталығы бар. Әлемнің басқа аймақтарының бәрі осынау байлық, билік, ықпал ету мен технологиялар үшбұрышының айналасында иерархиялы және ассиметриялы өзара байланысқан желіге топталады. Сонымен бірге түрлі елдер өз жағалауларына капитал, еңбек пен технологияны тарту үшін өзара бәсекелеседі. Аймақтыққа бөлінген жаһандық экономика ұғымы Кастельс үшін қарама-қайшы болып табылмайды. Осыған байланысты Кастельс, іштей аймақтарға бөліну ақпараттық/ғаламдық экономиканың жүйелі сипаттамасы деп есептейді, өйткені мемлекет институты экономикалық жүйемен емес, қоғам арқылы пайда болады. Сонымен Кастельс былай деп қорытады: “ақпараттық экономикада тарихи қалыптасқан саяси институттар мен неғұрлым ғаламдық экономикалық агенттер арасындағы өзара іс-әрекеттің күрделі процестері ерекше маңызға ие болады” (114-бет).

Кастельс ғаламдық экономикадағы бәсекелесе алатын көздерді қарастырады. Ғаламдық экономиканың құрылымы көбіне экономикалық агенттер мен жергілікті құрылымдар арасындағы мынадай негіздемелердегі бәсеке арқылы анықталады:

(1) Кастельс “ғылым - технология - өндіріс - қоғам” жүйесі ретінде түсінетін технологиялық қуаттылық, бұл жерде әңгіме әрбір деңгей үшін білім беру жүйесі маманданған адам ресурстарының қажетті мөлшерін қамтамасыз ететін, біртұтас құрылым ішіндегі ғылымның, технологияның, менеджмент пен өндірістің байланыстылығы туралы болып отыр.

(2) Еуропалық Одақ, АҚШ, солтүстік америкалық сауда аймағы мен Жапония сияқты ірі, интеграцияланған және бай рынокқа жол ашу.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: