Кіріспе 1 страница

УДК 5 (075.8)

Пікір жазғандар:

биология ғылымдарының докторы, профессор Ж.У.Мамутов

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент М.Н.Чукотаев

Забенова Г.Б.

«Қазіргі жаратылыстану концепциялары»: оқу құралы. – Өскемен: ШҚМУ Баспасы, 2003. – 123 бет.

Дәрістер курсына “Қазірігі жаратылыстану концепциялары” пәні бойынша оқылатын дәрістер (материалдары) бірнеше тақырыптар бойынша жинақталып, құрастырылған.

Сонымен қатар, негізгі тақырыптар бойынша жүргізілетін семинар сабақтарының сұрақтары, реферат, баяндамалар тақырыптары, қажетті әдебиеттер тізімі берілген.

Дәрістер курсы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған.

КІРІСПЕ

«Қазіргі жаратылыстану концепциялары» жоғарғы оқу орындары бағдарламасында енген жаңа пәндердің бірі. Бұл пәннің оқу бағдардамасына енгізілуі жоғары білімді мамандардың кең ғылыми көзқарасты болып даярлануын мақсат етеді.

Сонымен қатар, өмірдегі жаратылыстану ғылымының барлық жетістіктері жалпы ғылымдық маңыз алып, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарда да кеңінен қолданылады.

Мемлекеттік тілде жазылған қажетті оқу-әдістемелік әдебиеттердің жоқтығынан бұл курсты қазақ бөлімі студенттеріне оқыту біраз қиыншылықтар тудырады. Осыған байланысты, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдістемелік кеңесі ұсынған типтік оқу бағдарламасын, Ресей жоғарғы оқу орындарында пайдаланып жүрген «Қазіргі жаратылыстану концепциялары» бойынша жазылған әдебиеттер мен оқулықтарды негізге ала отырып, осы дәрістер курсы құрастырылды.

Дәрістер курсының мазмұнына мынандай негізгі тақырыптар енгізілген. Адамзат дүниетанымы мен қызметіндегі ғылымның алатын орны мен ерекшеліктері. Ғылыми теориялардың мазмұндық және логикалық құрылымы. Антикалық уақыттан қазіргі кезеңге дейінгі ғылыми зерттеу бағдарламалары мен қазіргі жаратылыстану салаларының тарихы. Жаратылыстану дамуының қазіргі кезеңіндегі физика, химия, биология, география ғылымдарының негізгі концепциялары. Қазіргі ғылымның интеграциясы мен космизиясы және жаңа биосфералық дүниетанымның қалыптасуы.

Жаратылыстану ғылымының негізгі мәселелерін осындай жүйемен беру арқылы бүкіл әлемнің ғылыми жаратылыстық бейнесімен таныстыру, табиғаттың біртұтастығы мен даму заңдылықтарын, қазіргі жаратылыстану концепцияларын түсіндіру мақсат етіліп қойылды.

Дәріс курсын құрастыру кезінде автор баяндалатын материалдарды әр түрлі мамандықтар бойынша оқитын студенттер үшін түсінікті, қарапайым тілмен беруге тырысты. Курсты оқытуды терең әрі мазмұнды ету үшін дәрістер мәтініне қоса семинар сұрақтары және көптеген әдебиеттер мен оқулықтар тізімі ұсынылды.

Курс мазмұнының күрделілігіне байланысты, бұл еңбекті құрастыру барысында берілген ескертпелер мен кеңестер үшін автор өз ризашылығын білдіреді.

Лекция 1 Ғылым және оның қоғам өміріндегі рөлі

Ғылым анықтамасының мәселелері

Ғылымның, философияның және діннің арақатынасы

Ғылым құрылымы, атқаратын функциялары

Ғылымға қойылатын критерийлер

Ғылым анықтамасының мәселелері

Адамзат өзінің даму тарихы барысында қоршаған әлемді танып-білудің және игерудің бірнеше тәсілдерін меңгерді. Сондай тәсілдердің біріне сөзсіз ғылымды жатқызуға болады. Ғылым-қоғамның рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Адамзат дамуының белгілі бір кезеңінде ғылым дами келе, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Себебі қоғамдағы сан-салалы мәселелер ғылымның көп жағдайда ғылымның араласуымен шешіледі.

Адам өміріндегі ғылымның орны мен рөлін түсіну осы уақытқа дейін аяқталмаған күрделі процесс. Бұл процесс қиыншылықтар мен қайшылықтардың, талас-тартыстың, күмәнді сұрақтардың, көптеген жаңа мәселелердің пайда болуымен ерекшеленеді. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында ғана ғылымның мәні мен ерекшеліктерін, оның даму және қолдану механизмдерін қарастыратын, сонымен қатар, ғылымның білім жүйесі әрі ерекше әлеуметтік институт ретінде даму заңдылықтарын зерттеуге бағытталған «ғылымтану» атты жаңа пән пайда болды.

Ең алдымен, ғылымтанушылардың назар аударған мәселесі – латынша «Scientia» сөзінің этимологиясы болды, оның мағынасы «білім» дегенді білдіреді. Ал кез келген білімнің ғылым емес екендігі белгілі. Білім – адамзаттың әр қилы тіршілік ету сферасынан: қарапайым өмірден, саясаттан, экономикадан, өнерден тағы басқа жағдайлардан алынады. Ғылым – тәжірибе жүзінде анықталған нақты дәлелдемелер мен логикалық заңдарға сүйенетін қорытындылардың негізінде білім әлемін жасайды. Бұл әлемнің субъективті элементі болып саналатын адамзатқа, оның игілікті бағдарына шамалы ғана рөл бөлінеді (бұл үшін өнер, мораль, дін бар). Сондықтан бір-бірін толықтыра отырып, мәдениеттің бұл құрамдас бөліктері табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады.

Ғылымның, философияның және діннің арақатынасы

Тарихта мәдениеттің бір сферасының екіншісіне зиянын тигізе отырып ерекше бөлініп шығуының мысалдары көп. Ең алдымен бұл орта ғасыр мен жаңа уақыттағы ғылымның, философияның және діннің арақатынасына байланысты. Ортағасырлық ғылым діннің билігінде болғандықтан, антикалық ғылымның жетістіктері ұмытылуға айналып, ғылым бірнеше қадам артқа шегінгені белгілі. Тек қана XIX ғасырда жаратылыстанудың жетістіктеріне байланысты ғылым адамзат пен қоғам дүниетанымында, мәдениетінде басымдылыққа ие болды.

Содан бастап ғылым мен философия арасында осы уақытқа дейін басылмаған дау-дамай басталды, олардың әр қайсысы шындықты айқын көрсету құқығына ие болғысы келді. Ғылым ешбір шектеусіз барлық сұрақтарға жауап беріп, адамзатты жарқын болашаққа бастауды мақсат етті. Әдетте мұндай болашақ ғылым мен техниканың жетістіктерінен болатын материалдық игілік пен тоқшылықты білдіретін ХХ ғасырдың басындағы адамзаттың көп бөлігіне қатысты тіршіліктің төменгі деңгейінде болашаққа деген мұндай көзқарас бұқара халық тұрмақ. Саясаткерлерге де, тіпті ойшылдарға да (философтар, жазушылар, суретшілер) түсініксіз боп қала берді. ХХ ғасырдың басында философтар мен мәдениеттанушылардың аз бөлігі бұл жолдың апатқа бастайтынын ашық айтты. Бұл ХХ ғасырдың ортасында атом қаруын жасау экологиялық апаттың төнуі арқылы расталды.

Соған қарамастан, сциентизм идеологиясының қалдықтары ғылымның жалғыз ғана құтқарушы екендігіне сену – осы уақытқа дейін сақталып келеді. Ағартушылық қойнауынан дамып, позитивизм философиясында дамыған бұндай көзқарас ХХ ғасырдың екінші жартысында қоғамдық және гуманитарлық пәндерден жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін асыра мақтап көрсетуге көшті. Осы сенім планетаның қазіргі жағдайына, термоядролық апат қаупіне, ең бастысы – мәдениеттің этикалық және эстетикалық көрсеткіштерінің төмендеуіне, технократтық психологияның күшеюіне әкеп соқтырды.

Сөз жоқ, ғылым – адамзат мәдениетінің орасан зор жетістігі болып саналады. Ол адамзат өмірін ұрпақтан-ұрпаққа жеңілдетіп, тәуелсіз етеді және материалдық, рухани байлықтың негізіне айналады.

Ғылым адамзат мәдениетінің бір сферасы ғана, оның өз ерекшеліктері мен мақсаттары бар, бұларды басқа түрге қолдан өзгертуге болмайды. Ал ғылым жеке өзі адамзат өркениетінің ең жоғарғы құндылығы бола алмайды, ол – тек адамзат өмір сүруіндегі әр түрлі мәселелерді шешетін бір құрал ғана. Қалыпты, үйлесімді қоғамда ғылымға да, өнерге де, философияға да, дінге де, адамзат мәдениетінің басқа да құрамдас бөліктеріне бір уақытта орын табылады.

Жоғарыда айтылған жағдайларға байланысты біз ғылымға нақты анықтама бере аламыз.

Ғылым – жаратылыс туралы обьективті білім жиынтығы болып саналатын адамзат мәдениетінің бір бөлігі. Бұл түсініктің мазмұнына сонымен қатар білімді алу процесі мен оларды адамзаттың тәжірибелік өмірінде қолдануының түрлері мен механимздері кіреді.

Ғылымның құрылымы және атқаратын функциялары

Обьективті жаратылыстың философиялық түсінігі табиғат, қоғам және адамды қамтиды. Соған байланысты обьективті жаратылыстың осы үш элементіне білімнің үш сферасы нақты қарастырылады.

Жаратылыс сферасына және зерттелетін ақиқат дүниенің түріне байланысты ғылыми білімнің үш бағытын анықтауға болады: жаратылыстану- табиғат туралы білім жүйесі, қоғамтану-қоғамдық өмірдің түрлері мен формалары туралы білім жиынтығы, сонымен қатар адамзатты ойлау қабілеті бар жанды зат ретінде қарастыратын ойлау білімдерінің жүйесі,

Табиғат туралы барлық білім жиынтығы жаратылыстану арқылы қалыптасады. Оның құрылымы табиғат логикасының нақты көрінісі іспетті. Жаратылыс ғылымдарының білім жүйесі орасан зор және әр алуан.

Мұнда заттармен олардың құрылысы, заттардың қозғалысы мен әрекеттесуі, химиялық элементтер мен қосылыстар, тірі материя мен тіршілік, Жер және Космос туралы білім жүйесі енеді. Жаратылыстанудың осы обьектілерінен іргелі ғылыми жаратылыстану бағыттары бастау алады.

Денелер, олардың қозғалысы, олардың әр түрлі деңгейлердегі пайда болу формалары мен айналымдары физикалық ғылыми білімнің зерттеу обьектілері болып табылады. Іргелі сипаты бойынша олар жаратылыстанудың негізіне жатады және басқа да білім салаларын қамтиды.

Химиялық элементтер, олардың қасиеттері, айналымдары мен қосылыстары химиялық білім жүйесінде көрініс табады. Физикалық білім жүйесімен көбірек байланысты болғандықтан, аралық пәндердің тобы- физикалық химия, химиялық физика тағы басқа пайда болды.

Биологиялық білімдер тіршілік туралы білім тобын қамтиды, олардың зерттеу обьектілері клетка мен клеткадан пайда болған барлық ағзалар. Биологиялық білімнің негізіне зат, химиялық элементтер туралы білім жатады. Жоғарыда айтылғандай мұнда да аралық пәндер, атап айтқанда, биофизика, биохимия тағы басқа дамиды.

Жер Күн жүйесіне енетін бір планета есебінде геологиялық білімдердің зерттеу пәні болып табылады. Олар біздің планетамыздың құрылысы мен дамуын зерттейді. Басқа ғылымдар тобымен бірлесу арқылы геохимия, геофизика, палеонтология сияқты жаңа салалар пайда болды.

Өте ертеден бері дамыған, сонымен қатар ғылымдағы жаңа бағыттардың да қатарына жататын білім жүйелелерінің бір тобы-космологиялық білімдер, олардың зерттеу пәні – Ғаламшар. Космология – космостық обьектілердегі жағдайлар мен өзгерістерді зерттейді.

Ғылыми білімнің тағы бір іргелі бағыты – қоғамтану. Оның пәні болып қоғамдық құбылыстар мен жүйелер, құрылымдар, жағдайлар процестер табылады, қоғамдық ғылымдар қоғамдық байланыстар мен қатынастардың жеке түрлері мен барлық жиынтығы туралы білім береді.

Өзінің сипаты бойынша қоғам туралы ғылыми білімдер сан түрлі, олар жалпы үш бағыт бойынша топтастырылған: зерттеу пәні қоғам болып табылатын әлеуметтік бағыт; халықтың еңбегін, меншіктік қатынасты, қоғамдық өндірісті, айырбасты, таралуды және осыларға негізделген қоғамдық қатынастарды зерттейтін экономикалық бағыт; сонымен бірге мемлекеттік-құқықтық құрылымдарды және қоғамдық жүйелердегі қатынастарды пәні ретінде қарастыратын мемлекеттік-құқықтық білімдер бағыты.

Ғылыми білімнің үшінші іргелі бағытын адам және оның ойлау жағдайы туралы ғылыми жүйе құрайды. Адамзат жан-жақты аспектілерде қарастырылып, көптеген ғылым салалары арқылы зерттеледі. Ондай ғылым салаларына – гуманитарлық ғылымдар (психология, логика тағы басқа) және математика жатады.

Аталған негізгі ғылыми бағыттармен қатар, ғылымның өзін зерттейтін ғылыми салаларды жеке топқа жатқызуға болады. Ғылымның бұл салалары ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында пайда болды және бұл өз бетінше ғылымның адамзат өміріндегі рөлі мен маңызын анықтай алатын дәрежеге көтерілгенін білдіреді. Ғылымтану қазіргі кезде өз бетінше, тез дамып келе жатқан ғылыми пән болып саналады.

Ғылым, білімнің құрылысын анықтай келе біз ғылымға толық анықтама бере алатындай мүмкіндікке жеттік. Сонымен, ғылым дегеніміз – арнаулы қоғамдық қызмет нәтижесінде алынып, дамыған және қолдану барысында қоғамның тікелей тәжірибелік күшіне айналған обьективті шындықтың динамикалық жүйесі.

Ғылыми-білімнің құрылымымен ғылым атқаратын функциялар тығыз байланысты. Олар бірнешеу:

1) түсіндіру-табиғат обьектілері мен табиғат құбылыстарының мәнін ашып, түсіндіру;

2) жүйелеу-жиналған фактілік материалдарды сұрыптап, бір жүйеге енгізу;

3) суреттеу-қоршаған жағдайдың байланыстары мен қасиеттерін көрсету;

4) болжам жасау – дәл қазіргі кезде жүріп жатқан процестердің даму дәрежесін есепке ала отырып, болашаққа болжам жасау;

5) қортынды жасау – табиғаттағы болып өткен, қазіргі кезде жүріп жатқан және болашақта күтілетін процестерді есепке ала отырып, ғылыми негізде қорытынды жасау;

6) жаңалық ашу-табиғаттың жаңа заңдарын ашу, жаңа ғылыми гипотезалар шығару;

7) өндірістік-тәжірибелік бағыт беру-алған білімді өндірісте, әлеуметтік басқаруда және тағы басқа салаларда қолдану мүмкіндігі;

8) дүниетанымдық – алған білімді әлемнің обьективті картинасымен байланыстыру.

Адамзат өз тарихында сипаты бойынша сан алуан білімдерді жинақтады, ғылыми білім – сол білімдердің тек бір түрлі ғана болып саналады. Сондықтан ғылымға қойылатын критерийлерді білу өте қажет.

Ғылымға қойылатын критерийлер

Ғылымилықтың ең басты критерийі – жүйелілік. Ғылыми білім әр қашан белгілі бір жүйе ретінде қарастырылады: бүл жүйенің өзіндік басталу принципі, іргелі түсініктері болады. Сонымен бірге бұл жүйеге аталған ғылым үшін зор маңызы бар тәжірибелік фактілер, эксперименттер, тәжірибелік қорытындылар мен ұсыныстар енеді.

Ғылымға қойылатын тағы бір критерий – онымен айналысатын (қоғамда) бір дарынды адамдардың болуы және қажетті материалдар мен технологияның болуы.

Ғылымилықтың үшінші критерийі – ғылыми танымның мақсаты. Яғни, мақсатсыз ғылым дамуы мүмкін емес, ғылымның нәтижесі адамзат игілігіне айналуы шарт.

Тағы бір төртінші критерий – рационалдылық (тиімділік). Зерттеудің әр түрлі (әдістемелерін) тәсілдерін өзгерте отырып, ең тиімді жолын таңдап алу.

Ғылымға қойылатын бесінші критерий – зерттеудің тәжірибелік әдістемесін қолдану және ғылымды математикаландыру. Бұл белгілер жаңа уақытта пайда болды және тәжірибемен байланыстыра отырып, ғылымға жаңа сипаттар әкелді.

Лекция 2 Ғылыми теория. Теорияның құрылысы мен негіздері.

Ғылыми-танымдылық әдістемелер. Ғылыми білімнің дамуы

Теория – ғылыми білімнің формасы. Теория және ғылыми бағдарламалар.

Ғылыми теорияның құрылысы.

Ғылыми теориялардың классификациясы.

Ғылыми түсініктер және олардың пайда болуы жағдайлары

Ғылыми-танымдық әдістемелер.

Ғылым заңдары.

Ғылыми білімнің дамуы. Ғылыми революциялардың ерекшеліктері.

Теория – ғылыми білімнің формасы. Теория және ғылыми бағдарламалар

Ғылымды қоғамдық сананың формасы ретінде түсіну және ақиқат туралы нақты білім беретін мәдениет сферасы ретінде қарастыру – толық емес және аяқталмаған жағдай. Ғылыми білімнің пайда болуының формалары туралы мәселелер толығымен шешілген жоқ. Ғалымдар ғылыми білімнің негізгі формасы ғылыми теориялар деп санайды.

Теория ғылыми білімнің ең күрделі және дамыған формасы. Генетикалық жағынан, классификациялау секілді оның қалыптасуына негіз болған формалардан кейін пайда болды. Сондықтан, теориялар сондай программалар мен парадигмалардың негізінде пайда болады. Парадигма – дегеніміз – нақты бір ғылыми зерттеуді анықтайтын және ғылым дамуының белгілі бір кезеңінде танылған алғы шарттардың жиынтығы. Осы парадигмалар шеңберінде теорияларда қолданылатын ең маңызды базистік жағдайлар анықталады, ғылыми түсінік беру мен ғылыми білімді ұйымдастырудың, оған баға берудің үлгілері қарастырылады. Ал бұл базистік жағдайлардың ортақтастығы ғылыми программалар негізіне жататын философиялық принциптермен анықталады.

Қоғам мәдениетінің әркелкілігіне байланысты бір мәдени-тарихи біртұтастықтың шеңберінде бірнеше ғылыми программалар қалыптасады. Сонымен бірге бір ғылыми теориялар тудырады. Ғылым мен мәдениеттің байланысын жете түсінбеу – ғылым дамуы мен ғылыми парадигмалардың ауысуын көрсететін себептерді анықтаудың мүмкін еместігі мәселесіне әкеліп соғады.

Ғылыми теорияның құрылымы

Ғылыми теорияның құрылымын зерттеуге кірісерде оның мазмұндық және формальдық жақтарын да ескеру қажет.

Мазмұны жағынан теория – ең алдымен, эмпирикалық базистен, атап айтқанда, тәжірибелер барысында анықталған және теориялық түрде қорытындылауды қажет ететін білім фактілерінің жиынтығынан; теорияның логикалық аппаратынан, яғни теория шеңберінде қарастырылатын қорытындылар мен дәлелдемелерден; теорияның өзінен, яғни дәлелдерімен қоса алынған тұжырымдамалардан тұрады.

Дегенмен теорияны талдаудың формальды жағы да қызықты. Бұл жағдайда теория объектіге постулаттар, аксиомалар, жалпы заңдар түрінде анықтама береді. Олар көбінде басқа теориялардың терминдері арқылы анықталып, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалар түрінде болады.

Теорияның өзіндік негіздеріне логикалық тұрғыдан оның қалған терминдерімен сөйлемдерді толықтырып тұратын негізгі термин сөздер мен сөйлемдер жатады.

Сонымен қатар, теорияның қосымша негіздері де бар. Олар бірнеше топқа бөлінде:

1) Семиотикалық негіздер – теорияның тілін қалыптастыру ережелері. Көптеген ғылыми теориялар табиғи тілді (біз өзіміз қолданып жүрген) қолданады, ал кейбір теориялар үшін формальды тілді (мысалы компьютерлік бағдарламалардың тілдері) қолдану қолайлырақ болады.

2) Методологиялық негіздер – сол ғылым пайдаланатын әдістемелер. Олар басқа теориялардан, ғылымдардан алынуы мүмкін.

3) Логикалық негіздер – бұл теория терминдерін сөйлемдерін логикалық түрде жүйелеу.

Қазіргі теориялар көпке әйгілі «аристотельдік» логиканы ғана пайдаланып қоймайды, сонымен қатар көптеген классификациялық емес логикаларды да қолданады.

Прототеориялық логикалар – бұлар белгілі бір теорияның негізі болып саналатын теориялар негізі болып саналатын теориялар. Мысалы, физика үшін математика, ал жалпы жаратылыстану философиясы үшін – барлық жеке жаратылыс ғылымдары тағы басқа.

Философиялық негіз – теорияны негіздеуге, оның мәселелерін шешуге арналған философиялық принциптер мен категориялар. Философиялық негіздер белгілі бір ғылымның жаңалануына және негізгі мәселелерін шешуге көмектесуі тиіс.

Ғылыми теориялардың классификациясы

Ғылыми теориялардың мәні және пайда болуы туралы зерттеген кезде оларды классификациялауға да мән берілуі тиіс. Ғылым зерттеушілер әдетте ғылыми теорияларды үш түрге бөледі.

Бірінші түрге жататындар – сипаттамалық (эмпирикалық) теориялар жатады. Мысалы: Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы, И.Павловтың физиологиялық теориясы тағы басқа көптеген тәжірибелік (эмпирикалық) мәліметтердің негізінде бұл теориялар белгілі бір объектілер мен процестерді сипаттайды.

Ғылыми теориялардың екінші түрі математикаландырылған ғылыми теорияларды құрайды. Теориялардың бұл түріне теориялық физика саласындағы теориялар жатады. Көп жағдайда бұл теориялар аксиомалар түрінде беріледі.

Үшінші түрге жататындар – дедуктивтік ғылыми теориялардың жүйесі.

Алғашқы дедуктивтік теория Евклидтің «Бастамалары». Бұл теориялардың негізгі мазмұны ең басында беріледі де, ал бұдан шығатын қорытындылар теорияға соңынан енгізіледі. Дедуктивті теориялар әдетте ерекше бір шартты тілмен беріледі.

Аталған әрбір ғылыми теориялардың мазмұны мен ерекшеліктері – олардың пайда болуы – ғылыми түсініктердің қалыптасуымен тығыз байланысты.

Ғылыми түсініктер және олардың пайда болуы жағдайлары

Түсінік дегеніміз – заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен қатынастары бойынша берілетін санадағы бейнесі, сонымен қатар, заттарды жалпы белгілері бойынша жіктейтін немесе біріктіретін ойлау формасы.

Оларды эмпирикалық және теориялық түсініктер деп бөлуге болады. Олардың арасында абсолюттік шекара жоқ.

Әдетте эмпирикалық түсініктерге реальды шындық жағдайындағы құбылыстар мен заттарға байланысты түсініктер жатады, ал теориялық түсініктер де объективті өмірдегі заттар мен құбылыстарға байланысты, бірақ олардың негізгі қасиеттеріне бірден байқала бермейтін гипотетикалық қасиеттері алынады.

Мысалы, «температура» деген түсінікке біз эмпирикалық және теориялық тұрғыдан анықтама берелік. Эмпирикалық деңгейде бұған сынап бағанының биіктігі арқылы анықтама беруге болады, ал теориялық деңгейге келетін болсақ, температураны дене молекулаларының орташа кинетикалық энергиясына пропорционал шама ретінде қарастыруға болады. Бұл жерде еске ала кететін бір жағдай: кез келген идеалдық объектіні сипаттау үшін реальды қасиеттер мен қатынастрады пайдалану шарт емес, гипотетикалық тұрғыдан қарастыру да жеткілікті.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: