Жалпы ережелер 2 страница

15. Әскери қызметшілер бір-бірінің құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, командирлер (бастықтар) мен үлкендерге тәртіпті ұстауда жәрдемдесуге міндетті.

Қызметтестері арасындағы жалпыәскери жарғылармен айқындалған өзара қарым-қатынас ережелері бұзылған жағдайда әскери қызметші дереу оған берілген құқықтар мен міндеттер көлемінде жарғылық тәртіпті орнатуға шаралар қолдануға және сонымен бірге өзінің тікелей бастығына, ал ерекше қажет болған жағдайда үлкен бастыққа баяндауы тиіс.

Әскери қызметшімен болған, оның міндеттерін орындауына әсер ететін барлық жағдайлар мен оған жасалған ескертулер туралы ол өзінің тікелей бастығына баяндауға міндетті.

16. Әскери қызметші салауатты өмір салтын жүргізуі, өз денсаулығын сақтауы және нығайтуы, әскери қызмет қауіпсіздігінің талаптарын, сырқаттанудың, улану мен жарақат алудың алдын алу шараларын сақтауы, дене дайындығы мен жаттығуды күнделікті арттыруы, ағзасын шынықтыруды жүзеге асыруы тиіс. Әскери қызметшіге қызметтік міндеттерін атқару кезінде ішімдік ішуге тыйым салынады. Шылым шегуге тек осы мақсат үшін бөлінген орындарда рұқсат етіледі.

17. Әскери қызметші қызмет және жеке мәселелері бойынша өзінің тікелей бастығына және оның рұқсатымен команда бойынша келесі бастыққа өтініш жасауы тиіс, ал ерекше жағдайларда ол үлкен бастыққа өтініш жасай алады.

Ұсыныс, арыз немесе шағым түрінде тікелей өтініш жасаған кезде әскери қызметші Қарулы Күштердің тәртіптік жарғысының (бұдан әрі – Тәртіптік жарғы) ережелерін басшылыққа алады.

18. Әскери қызметшілер әскери мүліктің ұрланғанын немесе бүлінгенін, ақшалай қаражатты заңсыз жұмсауды, әскерлерді жабдықтауда асыра пайдалануды, қару-жарақ пен әскери техниканы ұстаудағы кемшіліктерді немесе мемлекетке зиян келтіретін басқа да фактілерді байқаған кезде бұл туралы тікелей немесе үлкен бастыққа баяндауға, сондай-ақ құқық қорғау орындарына хабарлауға міндетті.

Әскери қызметші мемлекеттік басқару органдарына, құқық қорғау органдары мен соттарға лауазымды адамдардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің заңсыз әрекетіне өтініш жасай алады.

19. Әскери қызметші халықаралық гуманитарлық құқық ережелерін, соның ішінде әскери іс-қимылдар жүргізудің, жауынгерлік іс-қимылдар ауданындағы жаралылармен, сырқаттармен, қарсыластың қарулы күштері құрамынан кеме апатына ұшыраған адамдармен және азаматтық тұрғындармен, сондай-ақ әскери тұтқындармен қарым-қатынас жасаудың халықаралық ережелерін білуге және мүлтіксіз сақтауға міндетті.

20. Әскери қызметші жауынгерлік іс-қимылдар барысында, тіпті өзінің әскери бөлімінен (бөлімшесінен) қол үзіп, толық қоршауда қалғанда да тұтқынға түсуден қаша отырып, қарсыласқа батыл қарсылық көрсетуге міндетті. Ол ұрыста өзінің жауынгерлік борышын аяғына дейін орындауға міндетті.

Егер әскери қызметші өз әскерлерінен қол үзіп қалып және қарсылық көрсетудің барлық құралдары мен тәсілдерін тауысып немесе жарақаттану немесе контузия алу салдарынан дәрменсіз жағдайда қала отырып, қарсыластың тұтқынына түсетін болса, ол өзін және басқаларды тұтқыннан босату және өз әскерлеріне қайтып оралу үшін кез келген мүмкіндікті қарастыруы және пайдалануы тиіс. Қарсылас тұтқынға алған әскери қызметшінің жауап алу кезінде тек өз тегін, атын, әкесінің атын, әскери атағын, туған күнін және жеке нөмірін айтуға құқығы бар. Ол жауынгер абыройын ұстауға, мемлекеттік құпияларды қастерлеп сақтауға, табандылық пен батылдық танытуға, тұтқындағы басқа да әскери қызметшілерге көмек көрсетуге, оларды жауға жәрдемдесуден тоқтатуға, қарсыластың әскери қызметшіні Қазақстан Республикасына зиян келтіру үшін пайдалану әрекеттерін тойтаруға міндетті.

Тұтқынға алынған, бейтарап елдерде еркінен айырылған әскери қызметшілердің әскери қызметші мәртебесі сақталады. Әскери қолбасшылық және оған уәкілетті басқа да мемлекеттік басқару органдары аталған әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және олардың Отанына қайтып оралуы жөнінде халықаралық құқық нормаларына сәйкес шаралар қабылдауға міндетті.

Әскери қызметшілердің лауазымдық және арнайы міндеттері

21. Әрбір әскери қызметшінің лауазымдық міндеттері бар, ол атқаратын лауазымына сәйкес оған тапсырылған қызметтер мен міндеттердің іс жүзінде орындалу көлемі мен шектерін айқындайды. Лауазымдық міндеттер тек қызмет мүддесінде қолданылады.

Осы міндеттер жалпыәскери жарғылармен, тиісті басшылықтармен, ережелермен, нұсқаулықтармен немесе тура бастықтардың жазбаша бұйрықтарымен айқындалады.

22. Жауынгерлік кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, тәуліктік және гарнизондық нарядтарда болған кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін тартылатын әскери қызметшілер арнайы міндеттерді орындайды. Бұл міндеттер және оларды орындау тәртібі заңнамамен, жалпыәскери жарғыларымен белгіленеді.

Арнайы міндеттерді орындау үшін әскери қызметшілерге заңнамалық актілермен және жалпыәскери жарғыларымен айқындалатын қосымша құқықтар берілуі мүмкін.

Әскери қызмет қауіпсіздігі

23. Әскери қызмет қауіпсіздігі әскери қызмет өткеру процесінде әскери қызметшілерге зиянды және қауіпті әсерді болдырмайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген әскери қызметшінің қорғалу жай-күйі болып табылады.

24. Командирлер (бастықтар) әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асырады.

25. Әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарына:

әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, ережелерді, нормаларды әзірлеу және қабылдау;

қайғылы оқиғалар мен кәсіби ауруларды есепке алудың бірыңғай жүйесін белгілеу;

әскери қызмет қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілер, бұйрықтар талаптарын сақтауды бақылау жатады.

26. Әскери қызмет қауіпсіздігі саласындағы негізгі принциптер:

қызметтік іс-қимыл нәтижелеріне қатысты әскери қызметшінің өмірі мен денсаулығының артықшылығы;

нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау арқылы әскери қызмет қауіпсіздігі саласындағы бірыңғай талаптарды белгілеу;

әскери қызмет қауіпсіздігінің жай-күйі туралы ақпараттың жариялылығы, толықтығы және анықтығы болып табылады.

27. Әскери қызмет қауіпсіздігі жөніндегі талаптар барлық әскери қызметшілердің, олардың әскери қызмет өткеру кезеңінде орындауы үшін міндетті.

28. Әскери қызметші:

әскери қызмет қауіпсіздігі жөніндегі нормалар, ережелер мен нұсқаулықтар, бұйрықтар талаптарын, сондай-ақ командирдің (бастықтың) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі талаптарын сақтауға;

адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдай туралы өзінің тікелей бастығына дереу хабарлауға;

нормативтік актілермен көзделген жағдайларда міндетті кезеңдік медициналық қараулардан және куәландырудан өтуге;

арнайы киімді, жеке және ұжымдық қорғау құралдарын арналуы бойынша пайдалануға міндетті.

29. Командирдің:

өз өкілеттіліктері шегінде әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бұйрықтар, нұсқаулықтар, ережелер шығаруға;

әскери қызметшілерден қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды талап етуге;

әскери қызметшілерді қызметтің қауіпсіз жағдайларын жасау жөніндегі рационализаторлық ұсыныстары үшін көтермелеуге;

әскери қызмет қауіпсіздігі талаптарын бұзған әскери қызметшілерге шаралар қолдануға құқығы бар.

30. Командир:

әскери қызметтің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге;

қойылған міндеттерді орындау кезеңінде мүмкін болатын зиянды факторлар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға және жүргізуге;

әскери қызметшілерді ережелер мен нормалар талаптарына сәйкес әскери қызмет өткеру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде оқытуды және даярлауды жүргізуге;

бағынысты әскери қызметшілерді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға және арнайы киімді, аяқ киімді және зиянды (қауіпті) өндіріс факторларынан жеке (ұжымдық) қорғау құралдарын, оларды киюдің белгіленген мерзімінде арналуы бойынша пайдалануды, жөндеуді бақылауды жүзеге асыруға;

қойылған міндеттерді орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге жауапты әскери қызметшілермен және мамандармен әскери қызмет қауіпсіздігі мәселелері бойынша нұсқамаларды, сабақтарды, оның ішінде көрнекі сабақтарды және білімін тексеруді ұйымдастыруға және жүргізуге;

әскери қызметшілерді міндетті кезеңдік медициналық қараулар мен медициналық куәландырудан өткізуді қамтамасыз етуге;

әскери қызметшілерге қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасауға, белгіленген нормаларға сәйкес профилактикалық өңдеу құралдарымен, жуу және залалсыздандыру құралдарымен, медициналық аптечкалармен, сүтпен, емдеу-алдын алу тағаммен қамтамасыз етуге;

жоғары тұрған әскери басқару органына әскери қызмет қауіпсіздігінің жай-күйі туралы қажетті ақпаратты ұсынуға;

қайғылы оқиғалар мен кәсіби ауруларды тіркеуді, есепке алуды және талдауды жүзеге асыруға;

қайғылы оқиғаларға қызметтік тексеру тағайындауға және жүргізуге;

тергеу басталғанға дейін қайғылы оқиғаның орнын, жағдайды, егер бұл басқа да адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмесе, апаттық жағдай тудыруға әкеп соқтырмаса, ол оқиға болған сәтте қандай болды, сол күйде сақтау жөнінде шаралар, ал оны сақтау мүмкін болмаған жағдайда қалыптасқан жағдайды тіркеу жөнінде шаралар (схемалар жасауға, бұл ретте фото және бейне түсірілімдерді пайдалануға) қабылдауға;

жоғары тұрған әскери басқару органына қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі топтық (екі және одан да көп адам) қайғылы оқиға, ауыр қайғылы оқиға не өлімге әкеп соқтырған қайғылы оқиға және қатты улану оқиғалары туралы дереу баяндауға міндетті.

Әскери қызметшілердің жауапкершілігі

31. Әскери қызметшілер әскери атағы мен лауазымына қарамастан заң алдында тең және өзінің құқықтық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген жауаптылықта болады.

32. Әскери қызметшілер әскери тәртіп бұзумен байланысты теріс қылықтары үшін Тәртіптік жарғымен белгіленген негізде және тәртіппен тәртіптік жауаптылықта болады.

33. Әскери қызметшілер қылмысы және өзге де құқық бұзушылықтары үшін заңнамаға сәйкес қылмыстық, әкімшілік немесе материалдық жауаптылықта болады.

34. Теріс қылық жасаумен байланысты тәртіптік жазаға тартылған әскери қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жауаптылықтың басқа түрлерінен босатылмайды.

Материалдық зиян келтірумен байланысты құқық бұзушылық жасаған жағдайда әскери қызметші жауаптылықтың өзге де түрлеріне тартылуына немесе қоғамдық ықпал ету шараларын қолдануға қарамастан зиянды өтейді.

Жауаптылыққа тарту кезінде әскери қызметшінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қысым жасауға жол берілмейді.

2. Әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынас

Дара басшылық. Командирлер (бастықтар) мен бағыныстылар.

Үлкендер және кішілер

35. Дара басшылық Қарулы Күштер құрылымының, оларға басшылық жасаудың және әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастың негізгі принципі болып табылады. Ол командирге (бастыққа) бағыныстыларға қатысты айқындалған құқықтар беруден және оған әскери бөлімнің, бөлімшенің және әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қызметінің барлық жақтары үшін мемлекет алдында дербес жауапкершіліктің жүктелуінен тұрады.

Дара басшылық командирдің (бастықтың) жағдайды жан-жақты бағалауынан шыға отырып, жеке-дара шешім қабылдау, заңнаманың, жалпыәскери жарғылардың талаптарына қатаң сәйкестікте тиісті бұйрықтар беру мен олардың орындалуын қамтамасыз ету құқығынан көрінеді.

Бұйрықты талқылауға жол берілмейді, ал бұйрыққа бағынбау немесе басқадай орындамау әскери қылмыс болып табылады.

36. Өзінің қызметтік жағдайы мен әскери атағы бойынша бір әскери қызметшілер басқаларға қатысты бастықтар немесе бағыныстылар болуы мүмкін.

Бастықтың бағыныстыға бұйрық беруге құқығы бар және олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Бастық бағынысты үшін әдептілік пен ұстамдылықтың үлгісі болуы тиіс. Бағыныстының адамдық қадір-қасиетін қорлайтын іс-қимылы үшін бастық жауапты болады.

Бағынысты бастықтың бұйрықтарын мүлтіксіз орындауға міндетті.

37. Өзінің қызметтік жағдайы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы), азаматтық персонал қатарынан Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басшылары, атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша қызметтік міндеттеріне сәйкес бағынысындағыларға басшылық жасауды жүзеге асыратын әскери қызметшілер бастықтар болып табылады.

Командир қызметі бойынша оған бағынысты әскери қызметшілерге бастық болып табылады.

38. Қызметі бойынша әскери қызметшілер уақытша болса да бағынатын бастықтар тура бастықтар болып табылады.

Бағыныстыға жақын тура бастық тікелей бастық болып табылады.

39. Қызметі бойынша бағыныстылық тәртібімен байланысты емес мынадай әскери қызметшілер өзінің әскери атағы бойынша бастықтар болып табылады:

армия генералдары – барлық әскери қызметшілер үшін;

генерал-полковниктер, адмиралдар – барлық аға және кіші офицерлер, сержанттар (старшиналар), сарбаздар (матростар) үшін;

генерал-лейтенанттар, вице-адмиралдар, генерал-майорлар, контр-адмиралдар, полковниктер, 1-дәрежелі капитандар – барлық кіші офицерлер, сержанттар (старшиналар), сарбаздар (матростар) үшін;

офицерлер – сержанттар (старшиналар), сарбаздар (матростар) үшін;

сержанттар (старшиналар) – олармен бір әскери бөлімдегі сарбаздар мен матростар үшін.

40. Өзінің қызметтік жағдайы және әскери атағы бойынша (38, 39-тармақтар) басқа әскери қызметшілерге қатысты олардың бастықтары немесе бағыныстылары болып табылмайтын әскери қызметшілер үлкендер немесе кішілер болуы мүмкін.

Үлкендік әскери қызметшілердің атағымен айқындалады. Әскери атағы бойынша үлкендер кішілер әскери тәртіпті, қоғамдық тәртіпті, мінез-құлық, әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін және әскери сәлемдесуді орындауды бұзған жағдайда олардан осы бұзуларды жоюды талап етуі тиіс. Атағы бойынша кішілер үлкендердің осы талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.

41. Бір-біріне бағынысты емес әскери қызметшілер міндеттерін бірлесіп орындаған кезде командир (бастық) олардың қызметтік өзара қарым-қатынастарын айқындамаған болса, олардың лауазымы бойынша үлкені, ал тең лауазымдарда әскери атағы бойынша үлкені бастық болып табылады.

Бұйрық, өкім, бұйырым. Оларды беру, орындау және бақылау тәртібі. Әскери қызметшілердің бастамасы

42. Бұйрық – бұл командирдің (бастықтың) қызмет бойынша қандай да бір іс-қимылды орындау немесе тоқтату туралы талабы.

Бұйрық әскери қызметшілердің біреуіне немесе тобына жазбаша, ауызша немесе байланыстың техникалық құралдары арқылы берілуі мүмкін.

Жазбаша бұйрық әскери бөлімдер командирлерінің дара басшылық құқықтарында шығарылатын әскери басқарудың негізгі қызметтік басқару құжаты (құқықтық актісі) болып табылады. Жазбаша бұйрықтар беру құқығын әскери бөлім командирі және одан жоғары командирлер (бастықтар) пайдаланады.

Ауызша бұйрықтарды барлық командирлер (бастықтар) береді.

43. Өкім – бағыныстыларға міндеттерді жеткізу нысаны.

Бұйырым – жеке мәселелер бойынша бағыныстыларға міндеттерді жеткізу нысаны.

Өкім мен бұйырымды әскери бөлім командирі атынан бөлімнің штаб бастығы немесе гарнизон бастығы атынан гарнизонның штаб бастығы ауызша жеткізеді, сондай-ақ жазбаша құжаттарда болуы мүмкін.

44. Командир (бастық) бұйрық берер алдында жағдайды жан-жақты бағалауға және оны орындауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. Кейіннен командир (бастық) оның орындалуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Командир берілген бұйрыққа және оның салдарларына, бұйрықтың заңнамаға сәйкес келуіне, сондай-ақ билікті асыра пайдаланғаны және берілген бұйрықтағы билікті немесе қызметтік өкілетіліктерін асыра пайдаланғаны үшін және оны орындау жөнінде шаралар қабылдамағаны үшін жауаптылықта болады. Бұйрық қысқа және түсінікті жазылуы, екіұдай түсінуге жол бермеуі және бағыныстының күдігін тудырмауы тиіс.

45. Бұйрықтар бағыныстылық тәртібімен беріледі. Ерекше қажет болғанда үлкен бастық оның тікелей бастығын жанай, бағыныстыға бұйрық бере алады. Бұндай жағдайда ол бағыныстының тікелей бастығына бұл туралы хабарлайды, ал бағынысты өзінің тікелей бастығына баяндайды.

46. Командирдің (бастықтың) бұйрығы мүлтіксіз, тура және мерзімінде орындалуы тиіс. Әскери қызметші бұйрықты алып «Құп болады» деп жауап береді, одан кейін оны орындайды.

Қажет кезде командир (бастық) өзінің берген бұйрығын дұрыс түсінгеніне көз жеткізу үшін оны қысқаша қайталауды талап ете, ал бұйрықты алған әскери қызметші командирге (бастыққа) оны қайталауды сұрап өтініш жасай алады.

Алынған бұйрықтың орындалуы туралы әскери қызметші бұйрық берген бастыққа және өзінің тікелей бастығына баяндауға міндетті.

47. Егер бұйрықты орындаушы әскери қызметші қызмет жағдайы бойынша басқа үлкен бастықтан жаңа бұйрық алып, оны орындауға бірінші бұйрық кедергі жасаса, ол бұл туралы екінші бұйрық берген бастыққа баяндайды және ол қолдаған жағдайда соңғысын орындайды.

Жаңа бұйрық беруші бірінші бұйрықты берген бастыққа бұл туралы хабарлауға міндетті.

Командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарына шағымдану оларды орындауды тоқтатпайды. Бағынысты алынған бұйрыққа оны орындағаннан және бұйрық берген адамға баяндағаннан кейін шағымдануға құқылы. Бағынысты командирдің (бастықтың) көрінеу заңсыз берілген бұйрығын, егер ол заңнамаға анық қайшы келсе, орындамауы тиіс. Алынған бұйрықты орындау мүмкін болмаған жағдайда бағынысты бұл туралы себептерін көрсете отырып, командирге (бастыққа) баяндауға міндетті.

48. Әскери қызметші оған қойылған міндеттерді табысты орындау мақсатында дұрыс бастама танытуға міндетті. Ол, әсіресе жағдай әскери қызметшінің алынған міндетті орындау мүддесінде тез іс-қимыл жасауын талап еткенде қажет.

Әскери әдептілік пен әскери қызметшілердің мінез-құлқы туралы

49. Әскери қызметшілер әрдайым жоғары мәдениеттің, қарапайымдылық пен ұстамдылықтың үлгісі ретінде қызмет етуі, өзінің қадір-қасиетін қорғауы және басқалардың қадір-қасиетін құрметтеуі тиіс.

Олардың мінез-құлқына қарап тек олар туралы ғана емес, тұтас Қарулы Күштердің абыройы туралы пікір туындайтынын олар есте сақтауы тиіс.

Әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынас өзара сыйластық негізінде қалыптасады. Қызмет мәселелері бойынша олар бір-біріне «Сіз» деп тіл қатуы тиіс.

Офицерлер бір-біріне әскери атағы мен тегі немесе атағына «Мырза (ханым)» деген сөзді қоса отырып тіл қатады.

Мысалы: «Полковник Сыдықов», «Капитан ханым».

Бастықтар мен үлкендер бағыныстылар мен кішілерге қызметі бойынша тіл қатуда, оларды әскери атағы мен тегі немесе тек атағы бойынша атайды.

Мысалы: «Қатардағы жауынгер Омаров», «Қатардағы жауынгер», «Сержант Қалиева», «Сержант».

Бағыныстылар мен кішілер қызметі бойынша бастықтар мен үлкендерге тіл қатуда оларды әскери атағы бойынша «мырза, ханым» деген сөздерді қоса отырып атайды. Мысалы: «Бірінші сыныпты сержант мырза».

Әскери оқу орындарының әскери атақтары жоқ сержанттар (старшиналар) құрамының курсанттарына (оқушыларына), сондай-ақ әскери оқу бөлімдерінің (бөлімшелерінің) курсанттарына тіл қату кезінде «Курсант» деп немесе «Курсант» сөзіне тегін қосып атай отырып «Сіз» деп сөйлеседі. Мысалы: «Курсант Қалиев».


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: