Пролиферация

Пролиферация(лат. ргоlез — ұрпақ, fего — әкелу) қабынуға қатысатын әсіресе макрофагтар мен лимфоциттердің, жергілікті тін жасушаларының өсіп-өнуі. Осының нәтижесінде қабыну ошағын қоршайтын тығыз сүзілме (инфильтрат) қалыптасады. Ол қабыну ошағынан бактериялардың, олардың уыттарының, қабыну дәнекерлерінің т.б. уытты заттардың бүкіл денеге тарап кетуінен сақтандыратын тосқауылдық қызмет атқарады. Қабыну ошағына шыққан нейтрофилдер фагоцитоздың нәтижесінде өздерінің тіршілігін жоғалтады. Ал, моноциттер және лимфоциттер сақталып қалады. Макрофагтардың ішінде антиоксиданттық ферменттер, нейтрофилдерге қарағанда, басымырақ келеді. Сондықтан олар қабыну ошағында төзімдірек болады. Макрофагтар жасушалардың және жасуша аралық заттардың ыдырау өнімдерін жойып, тіндердің қалпына келуі үшін орын тазалайды. Олар бүлінген тіндердің қалпына келуіне (регенерацияға) қажетті қабынуға қарсы медиаторлар өндіреді. Сондықтан пролиферация дамуында макрофагтарға негізігі орын беріледі.

Пролиферацияны сергітетін және тежейтін қабыну медиаторлары болады.

Сергітетін медиаторларға:

● эпидермистің өсу факторы, жасуша мембраналарындағы тирозинкиназалық рецепторларды әсерлеп, эпителий жасушалары мен фибробластардың өсіп-өнуін сергітеді;

● өзгерген α-өсу факторы, тирозинкиназалық рецепторлар арқылы әсер етеді;

● тромбоциттердің өсу факторы, тромбоциттерде, макрофагтарда, эндотелий жасушаларында, тегіс салалы ет жасушаларында өндіріледі және фибробластардың, тегіс ет жасушаларының, моноциттердің өсіп-өнуін сергітеді;

● фибробластардың өсу факторы, әсерленген макрофагтарда өндіріледі де, фибробластардың өсіп-өнуін және жаңа қан тамырлары өсуін арттырады;

● эндотелийдің өсу факторы, эндотелий жасушаларының өсіп-өнуін арттырып, жаңа қан тамырлары өсуін сергітеді;

● интерлейкин-1, макрофагтарда өндіріледі, Т-лимфоциттерінің өсіп-өнуін арттырады.

Сонымен пролиферация белгілі бір мөлшерде болуы қажет. Онын тым артық болуы ағзаның сыртқы пішінін өзгертетін және қызметін бұзатын артық тыртық тіннің өсіп-өніп кетуіне әкеледі. Осыдан полиартриттердің нәтижесінде буындардың сыртқы пішіні бұзылады. Бұл әсіресе жүрек қақпақшаларының, ми қабықтарының қабынуы кездерінде өте қауіпті. Сондықтан қабыну ошағында дәнекер тіні жасушаларының өсіп-өнуі белгілі мөлшерде шектеліп тұруы қажет.

Пролиферацияны тежейтін медиаторлар:

өспелерді жоятын фактор - макрофагтарда, табиғи жендет жасушаларында өндіріледі;

● өзгерген β-өсу факторы - эндотелий жасушаларында, тромбоциттерде, Т-лимфоциттерінде, макрофагтарда өндіріледі және қан плазмасында әсерленеді. Аз мөлшерлерде бұл фактор тромбоциттердің өсу факторы түзілуін сергітеді, фибробластардың коллаген және фибронектин түзуін арттырады. Ал, бұл фактор тым артық болып кетсе, онда, керісінше, пролиферацияны тежейді;

● γ-интерферон, макрофагтарда өндіріледі;

● Эй-Пи-Си (АРС, ағылш. Adenomatosis polyposis coli) нәруызы; Ол Эй-Пи-Си супрессор генмен қадағаланады.

● адгезиялық молекулалар: кадгериндер мен интегриндерде көрші жасушалардың өсіп-өнуін тежейді.

Сонымен, қабыну ошағында жоғарыда келтірілген пролиферацияны тежейтін дәнекерлер өндіріледі де, жергілікті тіннің өсіп-өнуі белгілі мөлшерде ұсталынып тұрады.

Сайып келгенде, тіннің кішігірім бүліністерінде бүлінген тін толық қалпына келуімен аяқталады. Тым көп жасушалар тіршілігін жоғалтқанда ақау дәнекер тінге ауысып артынан тыртық пайда болады.

Созылмалы қабыну.

Созылмалы қабыну мен жіті қабынудың біршама айырмашылықтары бар (16-сызбанұсқа). Созылмалы қабыну дер кезінде дұрыс емделмеген қауырт қабынудың нәтижесінде дамуы немесе өз бетінше бірден созылмалы болып басталуы мүмкін. Ол қабыну туындатқан себепкер ықпалдың түріне және ерекшеліктеріне байланысты. Созылмалы қабыну дамуының негізінде макрофагтардың фагоцитоздық белсенділігі төмен болуы маңызды.

16-сызбанұсқа

Жіті және созылмалы қабынулардың айырмашылықтары.

Сипаттамалары Жіті қабыну Созылмалы қабыну
басталу жолдары қан тамырларының өгерістерімен әсерленген макрофагтардан
қатысатын жасушалар нейтрофилдер макрофагтар, лимфоциттер
өту жылдамдығы тез баяу
эксудация елеулі өте аз мөлшерде
аяқталуы жалқық шығарумен дәнекер тін өсіп-өніп беріштенумен

17-сызбанұсқа


Созылмалы қабынудың даму жолдары.

Сонымен жіті қабынудың жасушалық құрамында көп-түрлі ядролы лейкоциттер (нейтрофилдер) басым болса, созылмалы қабынуда бір ядролы жасушалар (моноциттер, лимфоциттер, макрофагтар) жинақталады. Бір ядролы жасушалардың ошақталып жинақталуынан қабынған тінде майда түйіршіктер қалыптасады. Сондықтан ондай қабынуды түйіршіктелген қабыну немесе «гранулема» деп атайды және ол қабынудың ұзақ мерзімде созылмалы түрде өтуіне ықпал етеді. Жіті қабыну микроциркуляцияның бұзылыстарымен, эксудация құбылысының басымдылығымен басталса, созылмалы қабыну әсерленген макрофагтардың көп мөлшерлерде жиналуымен басталады (17-сызбанұсқа) (6, 7-суреттер).

Созылмалы қабыну дамуында макрофагтардың әсерленуі мына себептерден болуы мүмкін:

● макрофагтардың ішінде ұзақ мерзім тіршілігін сақтайтын және онда өсіп-өніп, көбейетін микробтардың (туберкулез таяқшалары, құлғана (лепра), сарып, токсоплазмоз т.с.с. көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары) әсерлерінен; Осыдан макрофагтар әсерленіп, қабыну дәнекерлерін өндіре бастайды

● макрофагтардың ферменттерімен ыдыратылмайтын заттар (мәселен, күрделі поликанттар, декстран, зимозан, көмір, кремний ұнтақтары т. б.) әртүрлі ағзалардағы (бауыр, өкпе т. с. с.) макрофагтармен жұтылады да, оларды әсерлендіреді.

Әсерленген макрофагтар химиялық тартқыштар өндіріп моноциттердің қаннан тінге шығуына әкеледі. Бұл химиялық тартқыштарға моноциттердің хемотаксистік протеині-1, С4 және Д4-лейкотриендер, Е2-простагландиндер, комплемент құрамбөлшектері т. б. жатады. Сонымен бірге әсерленген макро-фагтар биологиялық тотықтырғыштар өндіріп, қабыну ошағындағы басқа жасушалардың мембраналарында майлардың асқын тотығуын туындатады.

Макрофагтардың лизосомалық ферменттері (коллагеназа) коллагенді ыдыратады. Коллагеннің ыдырау өнімдері қандағы моноциттерге күшті хемотак-систік әсер етеді. Сонымен қатар әсерленген макрофагтар қан тамырларының өткізгіштігін жоғарылатады (С4-, Д4-лейкотриендер, тромбоксан, лизосомалық ферменттер т. б.). Осылай әсерленген макрофагтардың айналасына қаннан шыққан моноциттер жиналады, гранулема (түйіршіктер) қалыптасады.

Моноциттер қабыну сіңбелеріне түскеннен кейін фибронектин өндіреді. Осыдан макрофагтар дәнекер тіннің коллаген талшықтарына жайылып жабысады. Мұның фагоцитоздық қызмет атқару үшін маңызы зор. Макрофагтардың қызмет атқаруында олардың лимфоциттермен функциялық бірігуінің маңызы бар. Бұл жасушалардың өзара әсерлері инфекциялық қабыну ошағында арнайы иммундық қызмет атқаруға қатысады.

Макрофагтар микробтарды жұтып, оларды жартылай ыдыратады. Осылай өңделген антиген макрофагтың сыртқы мембранасына қайта шығарылып, иммундық жауаптың күшін анықтайтын нәруыздардың түзілуін қадағалайтын гендермен байланысады. Тек осылай өңдеуден өткен антигенді Т-лимфоциттер таниды. Осындай созылмалы қабыну ошағындағы макрофаг пен Т-лимфоциттердің өзара әрекетесуін антигенге тәуелді әрекет деп атайды.

Сонымен бірге, макрофагтар лимфоциттердің өсіп-өнуін және олардың белсенділігін күшейтетін зат (интерлейкин I) өндіреді. Ал, белсенділігі көтерілген лимфоциттер макрофагтарды әсерлендіретін цитокиндер шығарады. Бұлардың көпшілігі гликопротеидтерге жатады. Макрофагтардың миграциясын тежейтін цитокин, олардың мембраналарының жабысқақтығын ұлғайтады, макрофагтармен өндірілетін қабыну медиаторларының өндірілуін көбейтеді. Сонымен қатар лимфоциттер макрофагтардың өзара жабысуын, олардың өсіп-өнуін күшейтетін және созылмалы қабынуға тән көп ядролы алып жасушалар құратын макрофагтардың өзара бірігуін арттыратын цитокиндер өндіреді. Цитокиндер макрофагтардың бактерияларды жоятын әсерлерін жоғарылатады.

Сонымен бірге, әсерленген макрофагтар сүйек кемігінде моноциттердің өндірілуін ұлғайтатын зат шығарады. Содан моноциттер қабыну ошағындағы әсерленген макрофагтардың орнын ұдайы толтырып тұратындықтан қабыну сүзілмелерінің тез тарап кетуі болмайды. Сондықтан қабыну созыла береді.

Созылмалы қабыну науқас адамның өмір бойына созылуы ықтимал. Мезгіл-мезгіл оған нейтрофилдер мен жаңа макрофагтар түсуінен созылмалы қабынудың асқынулары байқалады. Осыдан келіп дәнекер тінінің бүліністері қайталанып, онда жаңа талшықтар өсіп кетеді, ағзаның қызметі бұзылуына әкелетін беріштену дамиды. Осылай созылмалы бауырдың қабынуы — циррозға, өкпенің қабынуы — пневмосклерозға, бүйректің қабынуы — нефросклерозға т.с.с. әкеледі.

-сурет. Созылмалы қабыну кезіндегі макрофагтардың маңызы.

Жергілікті қабыну мен жалпы организмнің байланысы.

Қабыну жергілікті үрдіс бола тұра жалпы организмге әсер етеді. Осының нәтижесінде:

● қанда лейкоциттердің саны көбейеді;

● дене қызуы көтеріледі;

● иммундық жүйенің өзгерістері байқалады;

● қабынудың жіті даму сатыларына тән нәруыздар (α-антитрипсин, С-реактивті нәруыз т. б.) түзіледі.

Сонымен бірге біртектес дерттік үрдіс ретінде қабыну өзінің мәні бойынша қарама-қарсы үрдіс. Онда организмнің қорғану күштері мен бүліну құбылыстары тығыз байланысқан. Организм өзіне зиянды әсер ететін заттардан қабыну ошағын оқшаулау арқылы қорғанады. Бұндай әсер зиянды заттарға қарсы күресті бір жерде шоғырландырып, қабыну зардаптарының организмге тарап, шашырап кетуінен сақтайды. Қабыну ошағы өзіндегі барлық заттарды ұстап қана қоймай, қандағы айналып жүрген уытты заттарды сорып алады. Бұл қабыну ошағының айналасында өзіне тән бір бағытта ғана өткізетін тосқауылдың қалыптасуынан болады. Ол алдымен ошақтан шығатын лимфа мен қан тамырларын бітеу және тамыр сыртындағы тасымалдануды бөгеу арқылы жүзеге асады. Артынан бұл тосқауыл дәнекер тін жасушаларының көбеюімен толық қалыптасады. Тәжірибеде стрихининнің қалыпты жағдайда жануарлардың өліміне әкелетін өлшемін қабыну ошағына енгізгенде, одан жануарлар тірі қалатыны байқалған.

Қабыну ошағында микроорганизмдердің тіршілігіне қолайсыз жағдай пайда болады. Бұл кезде фагоциттер, арнайы антиденелер, сонымен қатар ыдырататын ферменттер мен катиондық нәруыздар бактерияларды жоятын қызмет атқарады. Қабынудың қорғаныстық жағы пролиферация мен регенерация сатыларында басымырақ көрінеді.

Осы көрсетілгендердің бәрі қабынудың тек бір (жақсы) жағын ғана көрсетеді. Екінші жағымсыз жағы, ол қабыну әрқашан ағзалар мен тіндердің бүліністеріне әкеледі. Қабыну ошағында зиянды әсерлермен күрес меншік жасушалардың тіршілігін жоғалтуымен қабаттасады. Кейбір жағдайларда әлтерация басым болады да, тіннің немесе жалпы организмнің жарық дүниеден қайтуына әкеледі. Эксудация көп болғанда тіннің қоректенуі бұзылуына, ферменттердің ыдырауына, гипоксияға және жалпы организмнің уыттануына әкелуі мүмкін. Дәнекер тіндердің өсіп-өнуінен ұлпа жасушаларының орны басылып, ағзалардың беріш болып қатып қалуы (склероз), олардың қызметтері бұзылуына әкеледі.

Қабынудың өтуі жалпы организмнің иммундық, жүйкелік, эндокриндік жүйелерінің жағдайларына байланысты. (организмнің реактивтілігін қараңыз).

Қабынуды емдеудің жалпы патогенездік негіздері.

● қабыну туындатқан себепкер ықпалдармен күресу, оны аластауға тырысу; жұқпаларға қарсы бактерияларды жоятын дәрі-дәрмектер қолдану керек;

● қабыну ошағындағы микроциркуляциялық бұзылыстарды қалпына келтіру; осы мақсатта әртүрлі қыздыру (құрғақ қыздыру), физиотерапия тәсілдері қолданылады. Микроциркуляцияның жақсаруына байланысты зат алмасуларының бұзылыстары түзеледі, қабынудың жазылуы жылдамдайды;

● қабыну медиаторларының әсерлерін шектеу; ол үшін медиаторлардың түзілуіне қажетті ферменттерді (гистидиндекарбоксилаза, 5-окситриптаминдекарбоксилаза т. б.) тежеп, қабыну дәнекерлерін ыдырататын ферменттерді (гистаминаза т. б.) сергіту қажет. Простагландиндердің түзілуін шектеу. Осы мақсатта қабынуға қарсы стероидтық емес дәрі-дәрмектер (салицилаттар), стероидтық гормондар қолданылады;

● жасушалардың, әсіресе лизосомалардың мембраналарын тұрақтандыру қажет; ол үшін әртүрлі антиоксиданттар, витаминдер, стероидтық гормондар т. б. пайдаланылады;

● қан ұю жүйесін реттеу, фибринолизді арттыру; гепарин қан ұюын тежеп, тромб құрылуын азайтады, гистаминді байланыстырып қабынуға қарсы әсер етеді;

● иммундық жүйе қызметін ретке келтіру; ол үшін иммундық модуляторлар қолданылады;

● іріңді қабыну болса хирургиялық тәсілмен іріңді жару қажет;

● организмнің уыттануымен күресу (гемодез, полидез, энтеродез т. б. сүйықтар негізу) бауырдың, ішектердің қабыну кездерінде үлкен орын алады.

Қорыта келгенде, қабынуды емдегенде бұл үрдістің қарама-қайшылықты мәнін естен шығармау керек. Сондықтан бүліну үрдістерін шектеп, аластаумен бірге, қорғаныстық икемделістік үрдістерді арттыру қажет. Пролиферацияның маңызды икемделістік мәні болғандықтан оны арттырудың созылмалы қабынулар кездерінде маңызы өте үлкен. Ол үшін организмде нәруыздар түзілуін арттыратын дәрілерді (фолий қышқылы, витамин В)2), анаболизмдік гормондарды енгізу керек.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: