Тарау. Эксгумация

225-бап. Эксгумациялау үшін негіздер

1. Егер:
1) адамның мәйiтін қарап-тексеру, оның iшiнде оны қосымша немесе қайталап қарап-тексеру;
2) тану үшiн көрсету;
3) сараптама үшін үлгілер алу және сараптама жүргізу;
4) іс үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау талап етiлгенде, адамның мәйiтiн жерленген жерiнен шығарып алу (эксгумация) жүргізіледі.
2. Эксгумация сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сот санкциялаған уәжді қаулысы негізінде жүргiзiледi. Эксгумацияның жүргізілетіні туралы қайтыс болған адамның туыстарының біреуі хабардар етіледі.
Эксгумациялау туралы қаулы адам жерленген жердің әкiмшiлiгi үшiн мiндеттi болып табылады.

226-бап. Эксгумациялау туралы қаулыны санкциялау тәртібі

1. Эксгумациялау жүргізу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында эксгумациялау жүргізу туралы өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің эксгумация жүргізу қажеттігін растайтын материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
2. Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, өтінішхатты қолдайды не оны қолдаудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Өтінішхатты қолдаған кезде прокурор шығарылған қаулы мен материалдарды сотқа жібереді.
Прокурордың өтінішхатты қолдаудан бас тартуы осындай өтінішхатпен қайталап өтініш жасауға кедергі келтірмейді.
3. Эксгумациялауды санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде тараптардың қатысуынсыз жеке-дара қарайды.
4. Тергеу судьясы өтінішхатты және істің ұсынылған материалдарын қарап, эксгумациялауды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Қаулы прокурорға және эксгумациялау туралы қаулы шығарған қылмыстық қудалау органына орындау үшін жіберіледі.
5. Эксгумациялау жүргізу туралы немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

227-бап. Эксгумациялауды жүргізу тәртібі

1. Эксгумациялауды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық қызметке алдын ала хабарлай отырып, адам жерленген жердiң әкімшілігі сот медицинасы саласындағы маманның қатысуымен жүргізеді.
Эксгумациялауды жүргізу кезінде эксгумациялау туралы қаулы шығарған, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қатысады.
2. Адамның мәйiтін тану мен қарап-тексеру, үлгiлер алу эксгумациялау орнында жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Эксгумациялаудан кейiн адамның мәйiті өзге де зерттеулер жүргiзу үшiн медициналық ұйымға жеткiзiлуi мүмкiн.
4. Анықтау органдары эксгумациялау жүргiзуде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға жәрдемдесуге мiндеттi.
5. Эксгумациялаудың барысы мен нәтижелері осы Кодекстің 199-бабының талаптары сақтала отырып жасалатын хаттамада көрсетіледі.
Хаттамада:
1) тергеу әрекетi жүргiзілген күн, уақыт пен орын;
2) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;
3) эксгумациялауға қатысқан сот медицинасы саласы маманының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
4) қайтыс болған адамның қатысқан жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған жылы, айы, күні, туған жері, тұрғылықты жері;
5) эксгумациялау жүргізу кезінде қатысқан өзге де адамдар туралы мәліметтер;
6) жүргізілген фотосуретке түсіру, дыбыс-, бейне- және кинотүсіру немесе өзге де жазып алатын ғылыми-техникалық құралдардың пайдаланылғаны туралы белгі және олар туралы мәліметтер;
7) жерленген адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), қайтыс болған күні, сондай-ақ эксгумациялау кезіндегі барлық әрекеттер мен барлық табылғандар олардың жүргізілу және табылу ретімен;
8) тергеу әрекетіне қатысатын адамдардың ескертулері;
9) эксгумациядан кейін адам мәйіті жіберілген мекеме не осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде табылған, іс үшін маңызы бар, өзге де нәрселер көрсетіледі.
6. Тергеу әрекетіне барлық қатысушылар эксгумациялау туралы хаттамаға қол қояды. Егер хаттама бірнеше бетте жасалса, тергеу әрекетіне қатысушылар оның әрбір парағына қол қояды.
Егер эксгумациялау кезінде фотосуретке түсіру, бейне- және кинотүсіру немесе өзге де жазып алатын ғылыми-техникалық құралдар пайдаланылған болса, онда фотосуреттер, таспалар немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер хаттамаға қоса беріледі.
7. Егер мәйітті тану, қарап-тексеру, үлгілер алу басқа жерде жүргізілген болса, бұл туралы жеке хаттама жасалады.

228-бап. Эксгумациялаудан кейін адамның мәйiтін жерлеу

Эксгумациялаудан және одан кейiнгi процестік әрекеттерден кейін адамның мәйiтін жерлеудi оның қаулысы бойынша эксгумация жүргізілген адамның қатысуымен жерлеу орнының әкiмшiлiгi жүргiзеді. Адамның мәйiтін жерлеу туралы хаттама жасалады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: