Глоссарий 7 страница

Әлеуметтік топ — жеке тұлғалардың ортақ, ынтымақты, үйлескен іс-әрекетті жүзеге асырудағы қажеттіліктерін қамтамасыз ететін адамдар бірлестігінің, өзара әрекетінің негізгі түрі,бірігу дәрежесі әрқилы бірлестіктердің құрамын белгілейін өте кең ұғым. Жалпы, әлеуметтік топ ұғымы мүдделердің, құндылықтар мен жүріс-тұрыс нормаларының ортақтығы мен айырмашылықтарына орай халықтың жіктелуін бейнелейді. Қазіргі әлеуметтік ғылымдарда әлеуметтік топтар ретінде таптар, сословиелер, таптар және сословиелер ішіндегі бөлімшелер, этникалық, кәсіптік, жыныстық, жас ерекшелігіне қарай, мекендік, тұтынушылық, діни, білімі бойынша және басқа да топтар қарастырылады. Әлеуметтік топтар теориясында топтар үлкен, орта және кіші болып бөлінеді:

Кең мағынасында Әлеуметтiк топ ұғымы адамдардың кез келген әлеуметтік бірлесуін – отбасынан, құдастар тобынан елдің, тіпті, бүкіл адамзат қоғамына дейінгі түсінікті қамтиды. Бірақ әлеуметтануда көбіне тар мағынада - қандай да бір жеке, ұжымдық немесе қоғамдық мүдделер мен мақсаттарды жүзеге асыруды көздеген өзара әрекеттегі адамдар жиынтығы - қоғамның ішіндегі құрылым ретінде түсіндіріледі. Әлеуметтiк топ мүшелері өздерін осы топқа жатқызады және де басқалар да оларды сол әлеуметтік топтың мүшесі ретінде мойындайды (Р. Мертон). Әлеуметтiк топ санына қарай үлкен және кіші; әрекет етудің ұйымдасуы мен реттелуіне қарай ресми және бейресми болып бөлінеді.

1. Үлкен әлеуметтік топтарға халықты қамтитын бірлестіктер кіреді, яғни олар: сословиелер, таптар, әлеуметтік жіктер, жыныстық, жас ерекшелігі бойынша, этникалық, діни және т.б. топтар. Үлкен топтар елеулі саяси ықпалға ие болғандықтан әр түрлі әлеуметтік қозғалыстардың базалық негізі болуы мүмкін.

2. Орташа топтар өндірістік, территориялық бірлестіктерден құрылады, олардың арасында әр түрлі мүдделер мен саяси бәсекелестік болуы мүмкін.

3. Кіші топтарға, ең алдымен, мүдделер ортақтығы негізінде пайда болатын тұрақты немесе уақытша ассоцияциялар жатады. Отбасы, шағын өндірістік бірлестіктер, қоғамдық өмірдің әр түрлі ұйымдары кіші топтар түрлері ретінде есептеледі.

Аталмыш барлық топтық бірлестіктер қандай дәрежеде болмасын қоғамның саяси өміріне қатысып, саясат субьектісі бола алады. Осы топтардың ішінде үлкен топтың қызметі ерекше.

Әлеуметтік топтар мен әлеуметтік қауымдастықтар қоғамның әлеуметтік құрылымының маңызды элементтері болып табылады.

Әлеуметтік қауымдастық - салыстырмалы тұтастығымен ерекшеленетін және әлеуметтік іс-әрекеттің дербес субъектісі болып табылатын өмірде бар, эмпирикалық белгіленетін жеке адамдардың жиынтығы. Әлеуметтік қауымдастықтарды зерделегенде бірқатар сәттерді ескерген жөн:

Біріншіден, әлеуметтік қауымдастықтар ғалымдар жіктеп бөлетін ойша құрылған абстракциялар емес. Олардың өмір сүруін эмпирикалық тіркеуге және тексеруге болады.

Екіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар - жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың немесе өзге де әлеуметтік құралымдардың жиыны емес, тұтас жүйелік сипаттамалары бар тұтастық.

Үшіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар әлеуметтік қарым-қатынастар объектілері болып табылады. Бұл олардың өз дамуының және өзін-өзі ұсынуының көзі болып табылатынын білдіреді. Әлеуметтік қауымдастықтың қалыптасуы және қызмет атқаруы әлеуметтік байланыстар, әлеуметтік іс-әрекеттер мен қатынастар негізінде жүреді.

Белгілерінің күрделі жиынтығы барлық қауымдастықтарды неғұрлым кең ауқымды екі ішкі тапқа, бұқаралық және топтық қауымдастықтарға бөлуге мүмкіндік береді.

Бұқаралық қауымдастықтар мынадай белгілерімен сипатталады:

белгіленбеген сапалық және сандық құрамы бар неғұрлым кеңейтілген шекаралы құрлымдық-бөлшектелмеген аморфты құралым болып табылады;

оларға жағдайға қарай өмір сүру тән, яғни олар қандай да бір қызметтің негізінде және шекарасында құрылып, қызмет атқарады, олардан тыс болуы мүмкін емес, сондықтан да тұрақсыз, бір жағдайдан екінші жағдайға дейін өзгеріп отыратын құралым болып шығады;

оларға құрамының әртектілігі, топаралық табиғат тән, яғни бұл қауымдастықтар таптық, топтық, этникалық және өзге де шекараларды бұзады;

өзінің аморфтық құралуы салдарынан олар неғұрлым қалың қауымдастықтар құрамында болуға, олардың құрылымдық бірлігі болуға қабілетсіз. Бұқаралық қауымдастықтардың типтік үлгісі қалың саяси немесе экологиялық қозғалысқа қатысушылар, эстрада жұлдыздарына бас июшілер, спорт командаларының жанкүйерлері және т.с.с.

Әлеуметтік қауымдастықтардың басқа бір маңызды түрі әлеуметтік топтар болып табылады. Әлеуметтік топ ұғымының социологияда бірнеше мәні бар. Барынша кең мағынасында ол тұтас қоғамды, тіпті барлық адамзатты қамтиды. Неғұрлым тар мағынасында бұл ұғым қоғамның ішінде белгілі бір жеке бастық, ұжымдық және қоғамдық мүдделер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірлесіп қызмет атқаратын адамдардың азды-көпті жиынтығы болып табылатын ішкі жүйені бөлу қажет болған кезде пайдаланылады. Бұл орайда “әлеуметтік топ” ұғымына адамдардың аса көп санды бірлестігі ретіндегі әлеуметтік қауымдастық және адамдардың сан жағынан салыстырғанда шағын жиынтығы ретіндегі әлеуметтік топтың өзі де кіреді (ал әлеуметтік топтардың өздері де үлкен және кіші болуы мүмкін). Бұдан әлеуметтік топты үшінші, бұдан да тар мағынасында түсіну қажеттілігі келіп шығады, ол көбінесе солай болады да.

Бұл ретте ойда болар маңызды нәрсе, социологтардың бір бөлігі “әлеуметтік топ” пен “әлеуметтік қауымдастық” ұғымдарының арақатынасын анықтаған кезде біріншісін негізге алып, әлеуметтік қауымдастықты үлкен, бұқаралық әлеуметтік топ ретінде қарастырады; ал басқалары - екіншісін негізге алып, әлеуметтік топты шағын әлеуметтік қауымдастық деп есептейді. Сондықтан аталмыш ұғымдарды бөлу неғұрлым шартты түрде алынады, өйткені бұл орайда тапты да, ұлтты да, отбасын да әлеуметтік қауымдастық ретінде де, әлеуметтік топ ретінде де қарастыруға болады.

Әлеуметтік топтар бұқаралық әлеуметтік қауымдастықтардан өзгеше: 1) олардың кеңістікте және уақытта өмір сүруінің беріктігі мен тұрақтылығына жағдай туғызатын орнықты өзара іс-әрекетімен; 2) салыстырмалы түрде алғанда жоғары топтасу дәрежесімен; 3) құрамының айқын көрініп тұрған біртектілігімен, яғни топқа кіретін барлық жеке адамдарға тән белгілердің болуымен; 4) құрылымдық құралым ретінде неғұрлым қалың қауымдастықтарға кіруімен сипатталады.

Бұдан шығатын қорытынды - адамдардың топқа бірігуінің кез келгені әлеуметтік топты құрай бермейді. Күнделікті өмірде біз адамдардың субъектілер арасындағы өзара байланыстар мен өзара іс-әрекеттердің тұрақсыздығы, қысқа мерзімділігі, тарлығы тән (тобыр, тыңдармандар аудиториясы, әлеуметтік топтар және т.б.) бірлестіктерімен жиі ұшырасамыз. Олар шынтуайтына келгенде әлеуметтік топтар болып санала алмайды, сондықтан да көбіне квазитоптар деп аталады.

Социологтар “ әлеуметтік топ” ұғымын әр қалай анықтайды.

Р.Мертон әлеуметтік топты белгілі бір жолмен бір-бірімен қарым-қатынаста болатын, өзінің сол топқа жататынын ұғынатын және басқа адамдардың көзқарасы бойынша оның мүшесі болып саналатын адамдардың жиынтығы ретінде анықтай отырып, оның үш айырмашылық белгісін бөліп көрсетеді - өзара іс-әрекет, мүшелік және сәйкестілік. Ұқсас анықтама бере отырып, Н.Смелзер адамның мінезін көбіне оның қандай да бір топтың адамы екендігімен түсіндіретінімізді айтады. Фролов С.С. әлеуметтік топты оның әрбір мүшесінің басқаларға қатысты белгілі бір жолмен қарым-қатынаста болатын жеке адамдардың жиынтығы деп түсінеді. Бұл анықтамада жиынтықты топ деп санау үшін қажетті екі маңызды шартты көруге болады: 1) оның мүшелері арасындағы өзара іс-әрекеттің болуы; 2) топтың әрбір мүшесінің басқа мүшелерге қатысты әрекетерінің болуы.

Әлеуметтік топтар өзінің шамасы, саны бойынша шағын (екіден он бес адамға дейін) және үлкен болып бөлінеді. Шағын әлеуметтік топты ажырату белгілері: 1) құрам санының аздығы; 2) мүшелерінің кеңістіктегі жақындығы; 3) өмір сүру ұзақтығы; 4) топтық құндылықтардың, нормалардың және мінез-құлық үлгілерінің ортақтығы; 5) топқа кірудің еріктілігі; 6) адамның мінез-құлқын бақылаудың бейресмилігі болып табылады.

Шағын топтарды қандай түрлерге және типтерге бөлуге болады? Зерттеу мақсаттарына қарай бір емес, бірнеше типология болуы мүмкін. Егер де бізді топ мүшелерінің тұлғааралық қарым-қатынастарының тереңдік дәрежесі қызықтыратын болса, онда топтарды ресми және бейресми топтарға бөлеміз. Олардың алғашқысы - мынадай негізгі ерекшеліктері болатын ресми ұйымдардың түрлері:

- ол оңтайлы, яғни оның негізінде орынды, белгілі мақсатқа қарай саналы түрде қозғалу принциптері жатыр;

- ол принципті түрде тұлғасыз, яғни жасалған бағдарлама бойынша араларында жетілген қарым-қатынастар орнайтын абстрактілі жеке адамдарға арналып есептелген. Мұндай топты, әдетте, неғұрлым жоғары деңгейдегі әлеуметтік жүйе құрайды, оның функцияларын да, құрылымдарын да береді. Мұндай топтағы көшбасшының беделі, мәртебесі тек қана оның жеке басының қасиеттерімен емес, “жоғарыдан”, сырттан алатын лауазымымен де анықталады.

Бейресми топқа келер болсақ, оның мүшелерінің бір-біріне тұлғалық, эмоциональдық алдын ала дұрыс көру қатынасының нәтижесі ретінде құрылады; спонтанды (өзінше еркін), оны құрайтын жеке адамдардың бастамасы бойынша жасақталады. Шағын топтардың қызметінде ұйымдардың барлық белгілері айқын көрініс табатын болғандықтан, бейресми топтар да ресмиден тыс (ресми топтардың шеңберінде қалыптасатын) және әлеуметтік-психологиялық (кез келген жерде пайда болатын) болып бөлінуі мүмкін.

Типологияның маңызды түрі шағын топтарды бастауыш және екінші деп бөлу болып табылады. Мұндай бөлудің салыстырмалы екендігін әуел бастан ескерте кеткен жөн. Бастауыш топ -мүшелерінің өзара байланысуларының жоғары (кейде неғұрлым жоғары) жиілігімен және тығыздығымен ерекшеленетін шағын топ. Бастауыш топ көбінесе басқа шағын топтың құрамдас бөлігі болып табылады, бұл жағдайда ол алғашқы топқа қатысты алғанда екінші топ болады. Егер де біз мысал ретінде студенттік (академиялық) топты қарастырар болсақ, онда ол бірнеше топтарды біріктіретін курсқа (лекке) қатысты алғанда бастауыш топ болады.

Г.С. Антипинаның көрсеткеніндей бастауыш шағын топтың өзіне тән белгілері мынадай: құрам санының аздығы, кеңістіктегі жақындық, өмір сүру ұзақтығы, мақсат бірлігі, топқа кіруге еріктілік және мүшелерінің мінез-құлқына бейресми бақылау. Ч.Кули ғылыми айналымға бастауыш топ ұғымын енгізе отырып, оның интимдік, жүзбе-жүз (face-to-face) байланысумен және ынтымақтастықпен сипатталатынын атап өткен.

Кейбір екінші топтарды, мысалы, кәсіподақтарды ассоциациялар ретінде сипаттауға болады, олардың ең кем дегенде кейбір мүшелері өзара әркеттеседі, біртұтас, барлық мүшелері бөлісетін нормативтік жүйесі және қандай да бір ортақ, барлық мүшелері бөлісетін корпоративтік өмір сүру мағынасы болады.

Қоғамда шағын топтар атқаратын әлеуметтік функциялар орасан, оларды басқаша бағалау мүмкін емес. Конт бір кезде қоғамның ұясы деп атаған отбасын еске алсақ та жеткілікті - бұл ылғи да шағын топ және де өзі құрамына енетін көптеген басқа топтар мен ұйымдарға қатысты бастауыш топ болады. Төменде атап өтілетініндей, сол отбасы адам тұлғасының қалыптасуында маңызды рөл атқаратын бастауыш әлеуметтендірудің басты агенті болып табылады. Дегенмен, отбасы ғана емес, өзіміз құрамына кіретін басқа көптеген бастауыш және екінші топтар да біздің өмірбаянымызда маңызды әлеуметтендіруші рөл атқарады: құрбы-құрдастар топтары, дос-жарандар, әуесқойлар үйірмелері, спорт командалары - біз дәл осылар арқылы замандастарымыз бен отандастарымыздың кең қауымдастығында қалыптасқан дәстүрлердің, нормалардың және құндылықтардың барлығын игереміз. Көптеген зерттеушілердің бастауыш түріндегі байланыстардың жетіспеушілігін адамның тұлғалық қасиеттерінің нашарлауына және тіпті девианттық мінез-құлықтарда белгілі бір сапасыздыққа апарып соғуы мүмкін деп ұйғаруы кездейсоқ емес.

Жеке адам үшін өзі жататын бастауыш топ өте маңызды референттік топтардың бірі болып табылады. Бұл терминмен құндылықтар мен нормалар жүйесі жеке адам үшін өзіндік эталон болатын (шынайы немесе қиялдағы) топты белгілейді. Адам әрқашан - ерікті немесе еріксіз түрде - өзінің ой-ниеттері мен іс-әрекеттерін өзі пікірлерін қадір тұтатын адамының қалай бағалайтынымен салыстырады. Жеке адам осы сәтте жататын тап та, бұрын мүшесі болған топ та және мүшесі болғысы келетін топ та референттік бола алады. Референттік топты құрайтын адамдардың дербестелген бейнелері “ішкі аудиторияны” құрайды, адам өзінің ойға алғандары мен іс-әрекеттерінде соны бағытқа алады.

Шағын топтар теориясының айтарлықтай маңызды бөлімі ондағы динамикалық процестерді зерделеу болып табылады. Бұл зерттеулер микросоциология мен психологияда шағын топтардың өмір сүру және даму заңдарын сипаттауды негізге алатын өзара әрекеттес және бірін-бірі толықтыратын тұжырымдамалардан тұратын ерекше бағыт болып бөлінген. “Топтық динамика” терминінің өзін ғылыми айналымға 1930 жылдары Курт Левин енгізген. Негізгі теориялық қағидалардың бірі топтық қызметтің жүйелілік сипатын атап өтуден тұрады: тұтас алынған топ оған кіретін жеке адамдардың жай қосындысы емес, одан артық. Сонымен қатар, шағын топтарда жүретін құбылыстар мен процестерді сипаттайтын заңдар одан да ірі әлеуметтік бірліктердің динамикасын сипаттауға қолданылуы мүмкін.

Топтық динамика теориясының дамуына американдық (тегі - румын) әлеуметтік психолог Джейкоб Морено маңызды үлес қосқан. Ол шағын топты зерттеудегі екі маңызды бағыттың: социодраманың (немесе психодраманың) және социометрияның негізін қалаушы ретінде танымал. Социометрия - эмоционалдық және тұлғааралық өзара әрекеттестіктердің біртұтас “топтық өрісін” құрайтын топ мүшелерінің арасындағы байланыстарды айқындау және сандық өлшеу әдістерінің жүйесі.

Кез келген шағын топта оның туғаннан өлгеніне дейін жүретін динамикалық процестерді қысқаша тізбектеп шығуға тырысар болсақ, онда мынадай негізгі құбылыстарды түйіндеуге болады:

топтық интеграция - топ мүшелерінің бір-біріне лайықтанып, бейімделуі негізінде топтардың біртұтас нәрсеге айналуы;

құрылымдалу - көшбасшылар мен басқа да мәртебелік позицияларды бөліп және тиісінше сол мәртебелерге сәйкес рөлдер суретін жасай отырып ішкі құрылымның жасақталуы.

Берілген топқа тән нормалар мен құндылықтар жүйесі қатар дамиды; кей кезде бұл бірлескен іс-әрекеттерде, уақытты бірге өткізетін кезде қатар болатын ерекше ритуалдарды жасаумен қатар жүреді. Бұл нормалар мен құндылықтарды сақтау үшін топ мүшелеріне топтық қысым жасалады. Ол оң және теріс әр түрлі топтық санкциялардың көмегімен жүзеге асырылады.

Әлеуметтік топтарды жіктеу топтарды шағын және үлкен, бастауыш және екінші деп бөлуді ғана көрсетпейді. Қоғамдық топтардың әлеуметтік жағдайлары бойынша өзгешелігі бейнеленетін қоғамның әлеуметтік құрылымының сипаттамасы тұрғысынан әлеуметтік-таптық қауымдастықтар (таптар, қабаттар); әлеуметтік-демографиялық қауымдастықтар (еркектер, әйелдер, балалар, ата-аналар және т.б.); этникалық әлеуметтік қауымдастықтар (ұлттар, ұлыстар, тайпалар, ұлттық және этнографиялық топтар); әлеуметтік-аумақтық топтар (қала, ауыл, аймақ); әлеуметтік-кәсіптік қауымдастықтар және т.б. сияқты әлеуметтік топтарды бөліп қарау ерекше маңызды.

Лекция № 8. Отбасы әлеуметтануы (1 сағат)

1. Неке мен отбасының эволюциялық өзгеруі.

2. Некенің формалары.

3. Отбасының функциялары.

Негізгі ұғымдар: отбасы, эндогамды отбасы, экзогамды отбасы, нуклеарлы отбасы, полигамия, полиандрия, полигиния, моногамия, топтық неке, матрилокальды, патрилокальды, эгалитарлы отбасы, және т.б.

Отбасы әлеуметтануы отбасын әлеуметтік институт ретінде зерттейтін социологиядағы негізгі бағыттардың бірі. Негізгі мәселелері отбасылардың өз қызметін орындау сипатын, әр түрлі типтегі отбасылардың өмірін, ажырасу себептері мен салдарын және т.б зерттеу болып табылады.

Отбасы сияқты әлеуметтік институттардың табысты қызмет өтуін тарихтың қозғаушы күшіне жатқызуға болады. Отбасының дүниеге келу сәті бізге белгісіз, бірақ оның пайда болуы отбасылық үй шаруасы, отбасының бірлескен әлеуметтік және өндірістік әрекеттері негізінде отбасын нығайтудағы әр түрлі қызметке байланысты.

Социологтардың отбасын бірнеше ондаған жылдар бойы зерттегеніне қарамастан, қоғамның осы бөлігін анықтауда келісім де, оны зерттеуде бір ізді әдіс те жоқ. Социологияның пайда болуымен есімі тығыз байланысты Огюст Конт қоғамды отбасы арқылы тану керек, өйткені отбасы — адамзат тегін жалғастырушы, ондай қоғам антропологиялық деңгейде дами алмайды,- дейді. Адамзаттың сақталуы - әлеуметтік ұйымдасу әрекетінің қорытындысы, әлеуметтік жүйенің табысты нәтижесі. Конт отбасын зерттеу адамның өңдірістік әрекетін түсіну мүмкін емес дейді. Оның отбасы тұжырымдамасында ажырасуды айыптайды.

XX ғасырдың ортасынан қазіргі кезге дейін социологиялық әдістің бес түрі қалыптасты: интеракционистік, құрылымдық -функционалдық, жағдаяттық, эволюциялық және институционалдық. Отбасы ұғымын анықтаудағы әр түрлі пікірлерді ескере отырып, төмендегі дефиницияға келісуге болады: "Отбасы — ортақ тұрғын үйімен, экономикалық кооперациямен, ұдайы өндірумен сипатталатын әлеуметтік топ. Отбасына ең болмағанда екеуі әлеуметтік бағытталған жыныстық қатынас жасайтын және бір немесе одан да көп өз балалары, сондай-ақ тәрбиелеуге алған балалары бар ересек жыныс өкілі кіреді".Билік формасына қарай отбасы патриархалды (күйеуі отбасының басшысы), матриархапды (әйелі басшы), құрамына қарай — отбасы нуклеарды (ата-анасы мен балалары), кеңейтілген (нуклеарды отбасы және бірнеше ұрпақтан тұратын туыстары) болып бөлінеді. Отбасы пайда болуы үшін экономика мен жеке меншіктің болуы, билік қатынасы мен бағыну, яғни отбасында, бүтіндей қоғамдағы сияқты, билікті бөлу төртібі бар, онда кімнің материалдық игілігі көп, сол басқарады. Отбасында билікті бөлуге жұбайлар арасындагы маххабат әсер етеді, мұнда сүйетін жұбай аз билікке ие, яғни психологиялық бағыныштылық болады. Егер жұбайлар бір-бірін бірдей мөлшерде сүйсе, онда отбасында бірдей билікке ие.Отбасын, қоғамның бір бөлігі ретінде, социологтар оның қызметін орындауға қатысты қарастырады. Отбасының қызметі дегеніміз отбасы мен оның мүшелерінің белсенділігі, тіршілік әрекеті. Қоғамның отбасына қатысты, отбасының тұлғаға қатысты және тұлғаның отбасына қатысты қызметтерін анықтауға болады. Осыған байланысты отбасының қызметін әлеуметтік (қоғамға қатысты) және жеке (тұлғаға қатысты) деп бөлуге болады. Отбасы қызметі отбасы институтындағы қоғам қажеттіліктері мен отбасы тобына жоятын жеке тұлғаның қажеттіліктерімен тығыз байланысты. Отбасы қызметінің тарихы тереңде жатыр, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байланысты, сондықтан уақыт өте келе қызмет сипаты қалай өзгерсе, иерархия да солай өзгереді. Отбасының негізгі қызметтері ретінде төмендегілерді атауға болады: репродуктивті, тәрбиелік, шаруашылық - тұрмыстық, экономикалық, алғашқы әлеуметтік бақылау (әлеуметтену), әлеуметтік-мәртебелік, демалыс және т.б. "Отбасы" ұғымы "неке" үғымымен тығыз байланысты. Социологияда неке дегеніміз — отбасын қалыптастыру мен оған қоғамдық бақылау жасаудың дәстүрлі тәсілі, жыныстардың еркек пен әйелдің, арасындағы бір-біріне және өз балаларына, ата-анасына қатысты құқықтары мен міндеттерін белгілейтін қатынас формасы.Некенің төмендегідей формалары бар: моногамия (бір еркек пен бір әйелдің арасындағы неке, бұл бүгінгі күнде ТМД, АҚШ Еуропа елдеріндегі бірден-бір форма) және полигамия (бір индивид пен бірнеше индивидтің арасындағы неке).ҚР Парламентінде неке мен отбасы туралы жаңа Заңды талқылау кезінде көп әйел алу (полигиния) пікірталас болды, бірақ БАҚ-тың хабарлағанындай, әйелдер де көп еркекке шығу (полиандрия) туралы мәселе көтергеннен кейін, көп әйел алу мәселесі күн тәртібінен алынып тасталды. Некелік серік таңдаудың екі түрі бар: эндогомия (серіктер бір топтың ішінде) және экзогомия (неке мен белгілі бір топтан тыс, мысалы, рулар арасында болады). Нормативті актілерде некеге анықтама берілмейді және оның құқықтық табиғаты жөніндегі мәселе осы күнге дейін заңдылықтарда да, құқықтық доктринада да шешілген жоқ. Неке туралы үш түрлі көзқарас айтылып жүр: неке-келісімшарт, неке - мәртебе, неке - сыбайластық. Соңғы уақыттарға дейін алыс шетелдерде неғұрлым кең тараған тұжырымдама келісімшарт негізінде болды, олнекеге отыру тәртібін, оның әрекет шарттарын, некені бұзу кезінде жұбайында болатын шығындарды заңда отыратын шарттарға, яғни келісімшартты заңдылықтармен қарастыруға негізделеді. Неке келісімшартында жұбайлар мүлкінің келісімшарт режімін белгілеу мүмкіндігі жазылады.Келісімшарт тұжырымдамасына қарсылар неке келісімшарт болуы мүмкін емес, өйткені жұбайларда заңда қарастырылған құқықтар мен міндеттер болуы мүмкін және тараптар оны өз еркімен өзгерте алмайды дейді. Жұбайлардың мүлік режімін белгілейтін неке келісімшартына отыру жағдайы келісімшарт тұжырымдамасының пайдасы үшін жеткілікті дәлел бола алмайды, өйткені некенің мақсаты -отбасын құру, бала туу және тәрбиелеу. Сондықтан неке субьектінің заңда қарастырылған әрекеттері орындауы нәтижесінде мәртебеге ие болады. Бұл мәртебе ие болу субьектіні үйленген адамдар санатына жатқызады.Соңғы жылдары неке сыбайластыққа негізделеді деген идея кеңінен тарауда. Сыбайластық неке тұжырымдамасы әлеуметтік зерттеулерде көрініс тапты. Бұл тұжырымдамада әйелдердің неғұрлым тәуелсіздігі, некедегі жұбайлардың тең құқықтығы насихатталады. Маңызды мәселе дәстүрлі отбасы, некенің дәстүрлі формасы болып саналады. Батыс Еуропаның кейбір елдерінде ажырасу саны көбейіп, некеге тұрушылар саны азаюда, "сынама неке" деген түрі кеңінен тарауда немесе оны зерттеушілер "екі қадамдық неке" деп атайды, яғни адамдар қай кезде бала жасағысы келсе, сонда барып некелеседі. Мәселені зерттеушілер сондай-ақ "алмаспа неке", "ашық неке" үрдісінің бар екенін көрсетіп жүр, яғни әр жұбай кез келген қатынасты, соның ішінде жыныстық қатынасты да, үшінші адаммен ашық жасай береді. Бірақ жалпы қорытынды мынадай: қоғамда отбасы мен отбасылық қатынастарға жоғары құндылық ретінде қарау сақталған және қоғамның көпшілігі некенің жаңа түрлерін қолдамайды. Бұл институттың көкейкестілігін мойындаған ерлер неке келісімшарты негізінен "әйелдердің мүліктік құқығын" қорғауға арналған деп есептейді. Сондықтан оларды өз балаларының жеке мүддесі аз толғандырады, бірақ олар өз ата-аналары мен жұбайының ата-анасының мүддесін көрсетеді. Ер респонденттер тобының белгілі бір бөлігінің жауаптарында отбасылық өмірдің моральдық жақтарына алаңдаушылық байқалады, олардың көзқарасы бойынша, оны жұбайлардың мүліктік құқығы мен міндеттерінін, призмасы арқылы реттеуге болады. Неке келісімшартын кейбір жақтаушылар келісімшартқа отыру-жұбайына құрмет пен сенім білдірудің тағы бір мүмкіндігі, ал "қағазбен қорғау" — салқын есептің емес, қарым-қатынастың жетілгенін және тұрақтылығын көрсету деп санайды. Неке-отбасылық қатынаста әлі тәжірибесі жоқ респонденттер романтикаға берілген, олар басқалардан гөрі бұл жағдайдың этикалық қыры туралы " Осындай заттар түрінде қағаз жүзінде келісу ме!" деген көзқараста. Азаматтық күй тіркелінетін офистерге фотографтар, музыканттар және басқа да қызмет көрсету саласындағылар өз қызметтерін көрсетеді, бірақ неке келісімшартын ресімдейтін нотариустар жоқ: сұраныс жоқ жерде ұсыныс та жоқ. Неке келісімшартының жоғары дәрежеде индифференттілігін ескере отырып, нарықтың қалыптасуы халықтың негізгі бөлігін кедейшілікке ұшыратқанын назарда ұстау қажет. Бұл заңдастырылған жаңалықты қолданушы толық мәнді орташа топ, әзірше "жарқын болашақтың" шындығы болып саналады.Зерттеудің көрсеткеніндей, алматылық сұрау алынған тұрғындар жынысына, жасына, ұлты мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, бірінде неке келісімшартына отыру қажеттілігін гипотетикалық мәселеге жатқызады, көбінесе сенімсіздікпен қарап, бұл құқықтық институттың маңызы мен қажеттілігін қабылдамайды. Бүтіндей алғанда, респонденттердің басым бөлігі (36 проценті) жауаптарын анық бере алмаса, сол көлемдегі сұрақ қойылғандар (34 процент) біржақты қарсылық білдірді. Олардың жауаптарын жұмыс гипотезасы нақтылай түсті: адамдар этика-психологиялық себептер бойынша некелік одақтасудың дәстүрлі формасын жақтап, біздің қабылдау дәрежемізге сәйкес, жаңа институтқа тосқауыл қоя отырып, оны шетке шығарады. Біздің респонденттеріміздің пікірінше отбасы ұғымына махаббат, берілгендік, өзін қию, бәрін кешіру сияқты сезімдер тән, оны осы ежелгі әлеуметтік институт өлі де реттей алады.Осылайша, қоғамдық пікірді зерттеу бұл институттың өлі де көптеген себептерге байланысты қолдау таппағанын көрсетеді және осы мәселеде азаматтардың таңдауына қандай да бір баға беріп немесе олардың кұқықтық нигилизміне қысым жасау қиынға соғады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: