Глоссарий 10 страница

Символикалық интеракционизмнің теориялық тұрғысы өткен ғасырдың 20 - 30-жылдары Чикаго мектебінің өкілдері тарапынан этнонәсілдік проблемаларды зерттеу үшін қолданылды (Р.Парк, Л.Вирт және басқалар). Этникалылықты осы парадигма шеңберіндегі қазіргі заманғы зерттеулерге, этникалық қатынастарды индивидтердің өзара “ұжымдық анықтау” процесіндегі әлеуметтік байланыс ретінде түсіну тән. Символикалық интеракционизм этникалық топтардың қатынастарына тән жасырын дуализмді көрсетеді: ол ішкі ынтымақтасуды күшейте отырып, бағынышты топтар көп деңгейде өзінің “қайталанбастығын” дәлелдеуге тырысатын жағдайларын анық түрде қисынға келтіріп бере алмады немесе ортақ мәртебемен ықпалды арттыру мақсатында басқа да қауымдастықтармен өзара ұқсастыққа жетуі мүмкін. Этносаралық қатынастардағы ұжымдық анықтау мен дуализм проблемасын талқылау, символикалық интеракционизм жақтаушыларын “этникалық парадокс” деген атау алған құбылысты қарастыруға алып келеді (Б.Лал), оның мәні этникалық институттар топтық ұқсатуларды айқындаумен қатар этнотоптар үшін бірінші кезекте үстем этникалық қауымдастыққа тиесілі экономикалық, саяси, әлеуметтік өмірге және ресурстарды бөліп беруге айтарлықтай толық күйде қатысуды қамтамасыз ететін стратегиялық механизмдер қызметін атқаруында.

Көріп отырғанымыздай, этникалылық бір-бірінен қандай да бір мәдени сипаттамаларымен ерекшеленетін топтар немесе қауымдастықтардың институттанған қатынастарын білдіреді. Алайда ең бастысы ол мәдени ерекшеліктерді топтастыру формасы бола тұра, ең алдымен өзіне объективті және субъективтінің бірлігін қамтитын, көбінесе нақтылы топтық мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде көрінетін әлеуметтік феномен болып табылады. Міне, осы мағынада этникалылық социология үшін үлкен қызығушылық тудырады. Сондықтан этникалылық факторының қазіргі қоғам өміріндегі орнын, рөлі мен мағынасын зерттеу өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, теориялық қана емес, тәжірибелік тұрғыдан да маңызды болып отыр.

Қазіргі кездегі әлеуметтік ғылымдарда этностар динамикалық жүйелер, процестер ретінде қарастырылады. Алғашқы кезде этникалық процестерге адамдардың этникалық тиістілігінің ауысуына алып келетін этностардың өзгерісі жатқызылды. Бірақ 60-шы жылдардың соңында-ақ бұл түсінік бойынша “этникалық процестер” ұғымының аясы тарылып барады делінген еді (Л.В. Хомиг). Тиісінше бұл процестерді адамдардың этникалық тиістілігінің өзгеруін білдіретін этнотрансформациялық және адамдардың этникалық тиістілігі сол күйінде қалатын этностардың өзгеруін білдіретін этноэволюциялық деп бөлу жөнінде пікір айтылған еді (Ю.В. Бромлей).

Сонымен қатар, этникалық процестер мен этноәлеуметтік қауымдастықтардың өзгеруін айырып көрсету ұсынылды (Ю.В. Бромлей). Ал, этникалық процестер өз кезегінде біріктіруші және ажыратушы болып бөлінеді.

Этнобіріктіруші процестерге консолидация (В.К.Гардаков, Е.О.Долгих, Т.А.Жданко), ассимиляция (В.И.Козлов, И.С.Гурвич), этносаралық миксация жатады. Консалидацияның өзін ішкі этникалық және этносаралық деп бөлу ұсынылды (Ю.В.Бромлей). Этносаралық консалидация деп тілі мен мәдениеті бойынша бұрын дербес, бірақ туыстас болған бірнеше халықтардың ортақ жаңа ірі этносқа бірігу түсіндіріледі. Ішкі этникалық консалидация - бұл этностың барлық айырамашылықтарды жұмсарту арқылы жұмылдырылуы. Ассимиляция деп дербес өмір сүретін этностың немесе оның қандай да бір бөлігінің басқа біреуге, әдетте ірі халықтың ортасында сіңіп кетуі түсіндіріледі. Этносаралық интеграция - бір-бірінен тілі және мәдениеті бойынша айтарлықтай ерекшеленетін этностардың өзара әрекеттесуі (әдетте мемлекет ішінде), бұл нәрсе оларда бірқатар ортақ белгілердің және ортақ сана-сезім элементтерінің, басқаша айтқанда метаэтникалық қауымдастықтың пайда болуына алып келеді. Этносаралық миксация - туыстық бойынша байланыспаған халықтардың өзара әрекетке түсуі, оның барысында жаңа этнос пайда болады.

Этноажыратушы процестерде парциация, сепарация (П.И. Пучков) және дисперсизация (Ю.В. Бромлей) бөлініп шығады. Этникалық парциация кезінде бұрын біртұтас болған этнос бірнеше азды-көпті бөліктерге бөлініп кетеді және ол бөліктердің ешқайсысы өзін толығымен ескі этноспен теңестірмейді. Этникалық сепарацияға қандай да бір үлкен емес халықтан уақыт өте дербес этносқа айналатын бір бөлігінің бөліну (әдетте салыстырмалы түрде кішкентай бөлігі) жағдайы ұғынылады. Егер этникалық парциацияда бастапқы этнос шындығына келгенде өмір сүруін тоқтатса, этникалық сепарацияда ол сақталады. Парциация сепарацияға қарағанда этникалық дисперсизацияда бұрынғы этностан жаңа этносқа айналатын бөліктері емес, тек этникалық топтар құратын бөлігі бөлініп шығады.

Қазіргі уақытта этнос және этникалық процестер теорияларының жасалынуы әрі қарай жалғасуда.

Этносоциология әлеуметтік және этникалық процестерді зерттеп, олардың өзара байланысын аша отырып, аса үлкен проблемаларды қамтиды.

Этносоциологияның қалыптасуының бірінші кезеңі - “ұлттардың дамуы мен жақындасуы” процестерін зерттеу. Бұл кезеңде қазіргі ұлттардың жаңарту процестерін ой елегінен өткізу аса маңызды. Оның мәні этножіктелуші белгілердің мәдениет, тұрмыс және тұрмыс қалпынан көбінесе ұлттық сана-сезім саласына ауысудан тұрады. Адамдар ұқсас өмір сүре бастайды, бірақ ұлтаралық (интернационалдық) мүдделер бірлігін сезбейді. Бұл құбылысты Ю.В.Бромлей этникалық парадокс деп атаған.

Ю.В. Артюнян, Л.М. Дробижева этносоциологияның қалыптасуын талдауды қорытындылай отырып, жақын болашақтағы ғылымның даму жолдарын немесе “жаңа көкжиектерін” анықтады. Соңғы он жыл көлемінде этносаралық қатынастарға қатысты көптеген зерттеулер өтікізілді. Ондағы жаңадан қосылған объект - зерттеушілер дәстүрлі орыс этносы мен басым ұлттарға зерттеулішер диаспораларда болып жатқан процестерді зерттеуді қосты. Мазмұндық тұрғыдан алғанда топаралық қатынастардың саяси факторларына көңіл бөлу жоғарылады. Зерттеудің теориялық деңгейіне шығудың жаңа жолына ұлтшылдық, ұлтшылдық пен демократияның арақатынасы, көп құрамды қоғамдардағы этноұлттық проблемаларды шешудің тиімділігі, адам құқығы мен халық құқығының басымдығы, ескі және жаңа қорқыныштар және басқалардың себебін іздеу сияқты проблемалар ие болды. Бұл проблемаларды шешу арнайы зерттеулерді талап етеді, өйткені олар социологияның, этнологияның, саясаттануның, психологияның пәндік салаларының қиылысында пайда болады. Бұл пәндер этносаралық әрекеттесу саласында мүдделердің жақындасуын көрсетуде.

Қазақстанда ұлттар мен олардың өзара қатынастарының даму проблемаларын зерттеу өзінің қалыптасқан ғылыми дәстүріне ие екенін айта кеткен жөн. Оның негізі Н.Д. Жанділдин, М.С. Жүнісов, О.Исмағұлов, Т.Сәрсенбаев, М.М. Сужиков, Г.Е. Сапарғалиев және т.б. тарапынан қаланған. Олардың еңбектерінде ұлтаралық қатынас проблемалары қозғалды, олардың даму тенденциялары байқалды. Нақтылы социологиялық зерттеу материалдарында ұлтаралық қатынас мәдениетінің қалыптасуындағы түрлі факторлардың өзара әрекеттесуі талданып, ұлтаралық қатынастарды реттеуде мемлекеттің рөлі қарастырылды.

Қазақстандық ғалымдардың соңғы жылдардағы еңбектері (Р.Б. Әбсаттаров, Л.А. Байдильдинов, Н.Ж. Байтенова, С.К. Калмыков, Ә.Қалмырзаев, А.П. Коновалов, В.Д. Курганская, К.Е. Көшербаев, Г.В. Малинин, К.М. Марданов, Ә.Н. Нысанбаев, Н.В. Романова, С.Т. Сейдуманов, К.Л. Сыроежкин, М.Б. Татимов, С.К. Утешов, З.К. Шаукенова және басқалар) ұлттық саясатты, ұлттық қатынастарды ғылыми басқарудың мәнін ашады, этносаясатқа теориялық негіздеме жасайды, этносаралық интеграцияны ұзақ мерзімді және қарама-қайшы процесс ретінде қарастырады, тілдің пікірталас проблемаларын, жанжалдардың потенциалды мүмкіндіктерін, қазіргі қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық қатынастар мен ұлтаралық қарым-қатынастардың өзгеру ерекшелігін талқылайды.

Этносаралық қатынастар

Этносаралық қатынастар проблемасы - шет елдік және отандық социологияның ойлары бір жерден шығатын білім саласы.

Ресейлік ғалымдар Ю.А. Арутюнян, Л.М. Дробижева және Л.П. Сусколов ұлтаралық қатынастар ұғымын қолданып, оны ұлтаралық қатынастарды зерттеу этносоциологияның дамуының әуел басынан ең негізгі салаларының бірі болды және ол кезде зерттеу ауқымы орыстар мен республикадағы басым ұлттар арасындағы өзара әрекеттесуіне шоғырланған деп түсіндірілді. Кеңес Одағында бұл тақырып бойынша жасалған алғашқы жұмыстар дәл осылай аталған еді. Қазіргі күнде де көптеген зерттеушілер дәстүрлі түрде сол кезеңнің терминологиясының қолдануын жалғастыруда.

Шет елдік социологияда көбінесе “нәсілдік қатынастар” және “этникалық қатынастар” деген түсініктер қолданылады.

Ю.В. Арутюнян, Л.М. Дробижева, А.А. Сусколов этносаралық қатынастар саласында этносоциологтардың мүдделілік саласын анықтай отырып, тұрғының өзіне тән ерекшелігіне немесе зерттеу ауқымына назар аударады, өйткені этносаралық қатынастар пәнаралық зерттеу саласын құрайды.

Этносаралық қатынастар кең мағынада халықтардың әр түрлі салаларда - саясатта, мәдениетте, т.б. өзара әрекеттесуі ретінде түсіндіріледі, тар мағынада түрлі ұлт өкілдері арасындағы байланысқа түсудің түрлі салаларында - еңбек, отбасылық-тұрмыстық, көршілік, достық және өзге бейресми араласуындағы тұлғааралық қатынастар ретінде түсіндіріледі.

Этносаралық өзара қатынастарды зерттеу кезінде этносоциологтар мен этнопсихологтардың зерттеу пәні ең алдымен өз тобы мен басқа топ жөніндегі ойлары мен қабылдауы, онымен байланысқа түсуге дайындығы, психикалық жай-күйі мен процестер болып табылады. Олардан бөлек этносоциологтар зерттеу пәндері қатарына жүріс-тұрыстың нақтылы фактілерін қосады (мысалы, партияларға, қозғалыстарға, қоғамдық шерулерге қатысу).

Этносоциологтар этносаралық қатынастарды зерттеу барысында ұлтаралық әрекеттесу саласындағы әр түрлі ұлт адамдарының жүріс-тұрысын басты назарда ұстайды.

Ұлтаралық қатынастар - қазақстандық қоғамтанушылар үшін зерттеуде ерекше көңіл бөлетін мәселе. Ұлттық феноменнің көрінуіндегі, ұлттық өмір ағымының сипатындағы тәуелділіктерді зерттеу пәні қазақстандық ғалым А.П. Коноваловтың пікірінше - әлеуметтік материяның ажырамас бөлігі қатынас, қоғам іс-әрекетінің бағытын, оның нақтылы құрамдас бөліктерін анықтаушы фактор болып табылады.

Қатынастар - бұл өзара байланыстар мен өзара әсер ету жүйесі, мүмкіндіктер мен жағдайлар жүйесі, іс-қимылды ортақ мүдделерді іске асыруға бағыттауға мүмкіндік беретін қандай да бір психологиялық аура: қоғамның, оның ұжымдарының, нақтылы өкілдерінің мүдделері. Қатынастар - бұл социум өмірінің формасы, оның біріктіруші күш.

Автор ұлтаралық қатынастарда бір-бірімен ажырамас болғанмен, әр түрлі “жұмыс істейтін” мүдделердің тұрақты екі тобының өмір сүретіні жайында айтады. Мүдделердің бірінші тобы шартты түрде “жалпы әлеуметтік” деп аталған. Қазақстанда өмір сүретін ұлттық топтар үшін бұлар көбінесе төмендегілер болуы мүмкін: аумақтық-мемлекеттік (аумақтық- құқықтық қатынастардың бірыңғай жүйесі бар ортақ мемлекет), әлеуметтік-экономикалық (бірыңғай экономикалық кеңістік, материалдық игіліктерді өндіруде, бөліп беруде қатысудың бәріне ортақ механизм), әкімшілік-құқықтық (бәріне ортақ заңдарға бағыну), білім алу, ғылыми, мәдени салалардың, т.б. ортақтығы. Мүдделердің екінші тобы - “этникалық өзіндік ерекшелігі бар” мүдделер, автор оған әрбір ұлттық топты сипаттайтын және ең алдымен тілдің, мәдениеттің, дәстүрдің, шаруашылық тәртіптің, сана мен өзіндік сана-сезімнің, т.б. ерекшеліктерінде көрінетін қажеттіліктер тобын жатқызады.

Әрбір адам бір уақытта жалпы әлеуметтік және этникалық өзіндік ерекшелігі бар мүдделер мен қажеттіліктердің иеленушісі болып табылатындықтан ұлтаралық әрекеттесу процесінде бұл жағдай бірыңғай және ерекше арасындағы қарама-қайшылық үшін тиісті жағдай туғызады, ол өз кезегінде бөгде этникалық субъектілермен байланыс орнатуға жол ашады.

Этникалылық, З.В. Синкевичтің әділ атап өткеніндей салыстыру мен коммуникациядан тыс өмір сүрмейді, ол табиғи нәрсе, себебі бұл оның болмысының тәсілі.

Жекелеген этникалық топтар арасындағы қатынастар барлық уақытта екі полюс арасындағы шартты шамада орналасады: бір жағынан тілектестік өзара әрекеттесу (бейнелі түрде айтқанда ұнатушылық), екінші жағынан жек көріп шеттелу немесе ұнатпаушылық. Бұл жағдайда шаманың ортасын этникалық шыдамдылық (толеранттық) алады.

Этносаралық қатынастар - қазіргі полиэтникалық қоғамды анықтайтын құрамдас бөліктерінің бірі.

Бұл қатынастардың динамикасы мен тепе-теңдігі байланысқа түсетін халықтар мен этникалық топтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне байланысты. Оларға өзара тәуелді факторлардың жиынтығы әсер етеді. Атап айтқанда: халықтардың әлеуметтік-экономикалық қатынастарының деңгейі, олардың саяси, мәдени және демографиялық дамуының тарихи қалыптасқан ерекшеліктері. Бұл олардың өзара әрекеттесуінің сипаты мен динамикасын ғана емес сонымен қатар әрқайсысының орны мен рөлін де анықтай алуы мүмкін.

Этносаралық қатынас - бұл объективті өмір сүретін шындық, этноәлеуметтік қауымдастықтарға тән этникалық белгілер мен қасиеттердің көріну ауқымы: мақсаттардың, ділдің (менталитеттің), жүріс-тұрыс ережелерінің, т.б. жиынтығы. Бұл қатынастар барлық уақытта күрделі болып келеді.

Этносаралық қатынастар - полиэтникалық қоғам өміріндегі процестердің дамуының күтпегендіктің, ойда болмағандық пен біркелкі еместік деңгейі бар аса қозғалмалы әрі жылдам өзгеретін саласы.

Ұлтаралық байланыстар - бұл барлық халықтар үшін пайдалы, сондықтан өз еркі бойынша іске асырылатын табиғи, объективті, диалектикалық процесс. Ол адамдар мәдениетінің дамуының нәтижесі, өмір сүрудің басты шарты, тәсілі және әрбір адамды жетілдірудің жолы болып табылады.

Ұлтаралық қатынастар мәдениеті бірінші кезекте әр түрлі ұлт өкілдерінің тұлғааралық қатынастарының білгілі бір сапалы деңгейі болып табылады. Ал тұлғааралық ұлттық қатынастар өз көрінісін адамдардың қылықтары мен дүниетанымынан, өнегелі бастамаларынан, жүріс-тұрыс қалыптарынан, басқа ұлттарға көзқарасынан, атап айтқанда еңбек етуден, тұрмыстан, демалыстан, ұлты басқа адамдармен байланыс жасауды мақсаттардан, ұлттық мүдделер мен ұлттық өзіндік ерекшелік көрініс беретін қоғамдық өмірдің қандай да бір саласына бағытталған мақсаттар жүйесін білдіретін ұлттық ұстанымдардан табады.

Ұлтаралық қатынастар мәдениеті - бұл әр түрлі ұлт өкілдері арасында силастықтың, қолдаушылықтың, ұжымшылықтың, ізгіліктің, ұлттық өзімшілдікке, шовинистік меменсуге жол бермеушіліктің, өз мәдениетін игеруге және басқа ұлтттардың, халықтардың, ұлттық топтардың рухани құндылықтарын игеруге ұмтылудың орнатылуы.

Ұлтаралық қатынастардың шанайы тәжірибесінде үйлесімділік - сирек кездесетін құбылыс. Оған қоса, оған қарай отырып, этносаралық байланыстар механизмдерін қалыптастыруға болатын қандай да бір мұрат ретінде түсіндіріледі. Осыған ұқсас ұлтаралық үйлесімділікті ғылыми әдебиетте “интеракционализм”, ал үйлесу процесінің өзін “интернационализация” деген атпен кездестіруге болады.

Бұрын КСРО-да интернационализмге аса маңызды мән берілгені мәлім. Алайда КСРО-ның ыдырауымен бұл құбылысқа назар айтарлықтай төмендеді, өйткені бұл ұғымдар көбінесе мазмұндық тұрғыдан гөрі, үгіт-насихат түрінде қарастырылды. Сонда да, интеракционализм мәнінің беделін түсіру ұлтаралық қатынастарында бұл феноменнен, интернационализмге ұқсас принципке негізделген әдістемеден бас тартуды білдірмейді, біз оны қажет етсек те, етпесек те ол объективті шынайылықпен айқындалған және барлық уақытта өмір сүре береді.

Этносаралық қатынастарды сипаттайтын қазіргі кездегі ұғымдардың бірі “ұлтаралық келісім” болып табылады. Қазақстандағы ұлтаралық келісімді зерттеуге ғалым Г.В.Малининнің еңбектері арналған.

Автор ұлтаралық келісімді этностардың әлеуметтік-этникалық жүріс-тұрысымен байланыс жасау түрі ретінде оның негізгі өлшемдерін бөліп қарастырып, ашық құрылымдық күйінде көруге болады деп есептейді.

Біріншіден, жалпы дүниетанымдық негіздемелердің, тарихи тағдырлардың, рухани жақындықтың болуы.

Екіншіден, басқа этникалық субъектіні түсінуден ғана емес, сондай-ақ, оның өзіне қарым-қатынас бойынша тең серіктес ретіндегі көзқарасынан тұратын толық шынайы өзара түсіністікке қол жеткізу. Өзара түсіністік барлық уақытта қайтымды, өзара екі жақты келісімді сипатта болады.

Үшіншіден, өмірдің барлық салаларында үнемі және үздіксіз өзара айырбас үшін жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау. Келісім - ол жүйелі бейнедегі өзара әрекет пен айырбастан тұратын, негізінде субъектілердің өзіндік ерекшелігі мен бір-біріне жақындығын терең меңгеру болып жататын процесс.

Төртіншіден, өзара қарым-қатынас жасайтын этникалық субъектілер мүдделерінің сәйкес келуі үшін мүмкіндіктер іздеу.

Бесіншіден, өзара қарым-қатынас жасайтын этникалық субъектілердің өзара бағалау деңгейінің тепе-теңдігіне қол жеткізу. Бұл фактор өте маңызды болып табылады, себебі байланысқа түсуші субъекттердің мінезінде әлеуметтік-мәдени және басқа мәндерінің сәйкес келген күннің өзінде егер өзара бағалау болмаса, онда өзара түсіністік мығым болмайды. Келісімнің ең жоғары деңгейі тек әлеуметтік, саяси, идеологиялық, рухани-мәдени және сол сияқты мәндер жүйесінің сәйкес келуін ғана емес, сонымен қатар өзара ұнату және дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, құндылықтарды ұстану, бір-бірінің жүріс-тұрыс таптаурындарын құрметтеу қатынастарымен байланысты өзара бағлау деңгейін білдіреді.

Алтыншыдан, этносаралық толеранттылықтың - шыдамдылықтың қалыптасуы. Толеранттылық - мәжбүрлі емес коммуникацияның құндылығы, рухани қарым-қатынастың, қайырымдылық пен келісім аясын кеңейтуге ұмтылыс.

Аталмыш белгілер - бұл ұлттық келісімді өлшеудің өзінше бір өлшемдері, яғни өзара түсіністік пен этникалық субъектілердің байланысқа түсуге ұмтылысы әлеуметтік-этникалық жүріс-тұрыстың қалыптасуы үшін тұрақты мәнге ие шамалар болып табылады.

Көріп отырғанымыздай, зерттеушілер тарапынан ұлтаралық қатынас түсінігімен қатар ұлтаралық, көбінесе этносаралық және этникалық өзара әрекеттесу түсініктері қолданылуда.

Лекция № 11. Дін әлеуметтануы

1.Қоғамдық өмірдегі дін және діннің құрылымы.

2. Діншілдік типологиясы.

Негізгі ұғымдар: атеизм, монотеизм, шаманизм, политеизм, және т.б.

Ғылымда діннің мәні қалай бағаланып түсіндірілгенімен, социология қоғамның дінге әсер ету жәйтін мойындамай алмайды, жоқ дегенде теологияға қарағанда ол діннің мазмұнының және оны ұйымдастыру формаларының өзгерісін табиғи, эмпирикалық белгіленіп отыратын күштердің, бірінші кезекте әлеуметтік күштер әрекетінің нәтижесі ретінде түсінеді. Бұл дінді психология, философия немесе тарих қалай көріп, бейнелейтінінен ерекшеленеді.

Дін социологиялық талдаудың нәтижесінде ең алдымен әлеуметтік феномен ретінде алға шығады. Дінді ғылыми анықтаудың қарапайым және ең кең тараған әдісі ол индуктивті әдіске негізделеді: мүмкіндігінше қарастырылып отырған құбылысқа қатысы бар фактілердің бәрін жинап, оларды салыстыра отырып, зерттеліп отырған феноменді сипаттаушы ретінде ұқсас жақтарын, қайталанып отыратындарын, ортақ қасиеттерін бөліп қарастырады. Сонымен бірге социология олар соншалықты әр түрлі болғанымен, барлық діндерге тән қандай да бір ортақ қасиеттерін анықтау мүмкін емес екендігін көреді. Айталық, мысалы, мұсылман және христиан діни дүниетанымдарына тән дүниенің бөгде және о дүние болып екіге бөлінуі буддизм немесе индуизм дінінде жоқ.

Қандай да бір дінде адамдардың ғажайыпқа негізделген қоғамдастықтарға ұйымдасуы еш анықтамаға келмейтін жағдайлар көп кездесетін басқа да мысалдар бар. Социологтар мен басқалар арасында да діннің шіркеу, құдай, діни сенім сияқты жекелеген элементтерін анықтау кезінде үлкен пікірлестік байқалғаны көзге көрінсе, бірақ сонымен қатар діннің өзін тікелей анықтауда үлкен келіспеушіліктер байқалады. Діндер түрлі қоғамдарда немесе әр түрлі тарихи кезеңдерде бірдей қызмет етіп отыр ма деген сұраққа әзірге сенімді жауап жоқ. Ал егер олай болса, онда оны қандай да бір ортақ анықтамаға әкеп тіреуге болатын феномен ретіндегі дін жайлы түсініктердің өзі сенімсіздік тудырады. Социология беретін немесе беруі мүмкін діннің анықтамасын жеткілікті және мейлінше толық деп қарастырмау керек. Өйткені дін әлеуметтік аспектімен - қоғаммен өзара әрекеттесу процестерімен, сондай-ақ дінді зерттеудегі социологиялық әдістер шеңберімен шектелген сұрақтар кешенімен шектеліп қалмайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: