Ресейдегі сот шешендігі

Ресейдегі 1864-жылғы сот реформасы сот жүргізу ісінде жаңа принциптерді негіздеді. Сотта істі тындау жария түрде өтіп, оған прокурор, адвокат, сот алқа заседательдері енгізілді. Сот процесі көпшілік қатысар мәжіліс орындарда, қорғаушылар мен айыптаушылардың айтыс-тартыс майдан алаңына айналды. Белгілі адамдар қатысқан шулы сот процестері көпшілік қауымның жиналуына себепкер болды, оның барысы іле-шала баспасөз беттерінде жарияланып отырды. Осылайша сот ісіндегі тілмар шешендердің үлкен шоғыры пайда болып, Н. П. Карабчевский, А. Ф. Кони, қазаққа жиен болып келетін Ф. Н. Плевако, П. А, Александров, С. А. Андриевский, В. И. Жуковский, А.И. Урусов есімдері ел аузына іліне бастады. Сол кезеңдегі сот шешендерінің сөздерінен Ресей қоғамының сол тұстағы тұрмыс-тіршілігі айқын байқалады. Ресей заңгерлерінің сөздері сот шешендігінің жарқын үлгілері.

А. Ф. Конидің пайымдауынша, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, айыптаушылар мен қорғаушылардың өзгеден ерекше түрлері қалыптаса бастайды. Айыптаушылардың бойларынан көрінетін негізгі қасиеттер — байсалдылық, сотталушыға қарсы кек ұстамаушылық, айыптау әдістерінің тиянақтылыгы, нақтылығы. Істі бұрмалау мен әсірелеуден адалық, сондай-ақ ең бастысы ым-ишара, іс-қимылы мен даусында жасандылықтың тіптен болмауы, яғни өзін-өзі ұстай білуі.

Шынайы қорғаушы бейнесін А. Ф. Кони былайша сипаттайды: «Ол өзін жалдаган кісінің құлы емес, оның әділетті жазадан құтылуына ниеттес те емес. Ол сотталушы адамның досы, кеңесшісі, оның ұгымынша, ол адам тіптен де кінәлі емес, кінәлі болған жағдайда соттың айыптауындай емес».

Қазан төңкерісіне дейінгі орыс адвокаттары қатарында көптеген әйгілі қорғаушылар қылмыстық сот жүргізу ісіндегі айтулы тұлғалар ғана емес, сонымен қатар шоқтығы биік әйгілі ғалым-заңгерлер, шынайы әдебиетшілер, жазушылар, сыншылар, белгілі қайраткерлер болды.

Федор Никифирович Полониядағы (Польша) көтеріліске қатысқаны үшін Тройцкіге жер аударылған ұлты литван Василий Иванович Плевак аяқ салған бекініс бажханасы — қазіргі кеден (томожня) бастығының есік көзіңдегі күңі — қазақ қызынан туған. Қыздың шоқындырылғаннан кейінгі ныспысы Екатерина Степановна екен. Болашақ адвокат оның некесіз туған төртінші баласы. Ақсүйек Плевак әлде осыны қорсынған, әлде сол кездің заңы қоспаған, әйтеуір балаға өкіл әкесі — жергілікті басыбайлы (крепостной), Плевактың досы Никифор Николаевичтің есімі жалғанады.

Бұрын да жұрттың өсек сырығының ұшынан түспей әбден бас қосақ болып келген Екатерина төртінші баладан кейін шыдамайды, оңаша сәтте кішкентай Федорды ала салып, бекіністі бүйірлей ағып жатқан Ой өзеніне қарай жүгіреді. Сұраусыз туған терісаяқ жылбысқаны мол сулы арнаға атып, жабысқақ өсектің бетін қайтармақ. Ресейдің жоқ-жітігінің бағына қарай, келіншектің осы күйіне сол маңда өтіп бара жатқан бір арбалы қазақ кез келіп, баласыздығын айтып, нәрестені сұрап алады. Қайтар жолда қазаққа көпірде Плевак ұшырасады. Аядай бекіністің жаны алақанға салғандай емес пе, арбада барқырап жылап жатқан бала оның назарын аудармай қоймайды. Арбалы қазақ баланы суға атқалы тұрған «киргизкадан» алғанын айтады.

В. И. Плевак отставкаға шыққан соң Мәскеуге көшеді. Жолдастарының жүгіруімен поляк-литван фамилиясына «о» жалғап орыстандырып алады. Осы арада талапты зерек Федор да гимназияны бітіріп, 1860 жылы Мәскеу университетінің заң факультетіне түседі, соның арасында Германиядағы Гейдельбург университетінде дәріс алады. 24 жасында оның адвокат ретіндегі даңқты қызметі басталады.

Қазіргі жаңарған демократиялык қоғамдағы қазақ, орыс сот шешендігі өнері кешегі кеңестік дәуірдегі шешендіктен арна тартқан, соның заңды жалғасы, мұрагері саналады. Ендеше жүйесі бір осы екі елдегі бұл саладағы проблемалар екеуіне де егіздің сыңарындай ортақ, түйісетін жерлері көп.

Қазіргі кездегі сот шешендігі

Классикалык тұрғыдан жіктегендегі шешендік өнердің негізгі тектеріне жататын — сот шешендігі біздің қазіргі қоғамымыздың сот жүйесінің ажырамас бөлігі. Сонау XIX ғасырдың екінші жартысынан бері Ресей империясының қазақ сахарасындағы әділқазылық төрелік қызметін атқарған билер соты институтына өзгерістер енгізіп, оны заңдастырылған құқықтық нормалармен біртіндеп ауыстыруға ұмтылудың нәтижесінде Ресейлік сот жүйесі қалыбының өзіміз ғұмыр кешіп отырған қоғамымызда түпкілікті белең алуына әкеліп соқты. Ендеше, риторика ғылымындағы сот шешендігі бізге де жат емес.

Сот шешендігі — шешендік тарихындағы көне де болса жаңа бағыт. Айта кетерлігі бұл жоталы сала бойынша отандық ғалымдарымыздың ішінде қалам тербеп жүргендер өкінішке қарай ауыз толтырып айтарлықтай көп емес, бірді-екілі Г. Гиздатов, С Негимов есімдерімен ғана тұйықталады. Қазақстан Респбликасында қорғаушы-адвокаттар сөздерінің орыс тіліндегі жинағы өткен ғасырдың 70-жылдары ғана жарық керген. Осындай игі дәстүр кейіннен жалғасын таппады.

Өзінің бастау көзін сонау антикалық дүниеден алатын сот шешендігі көне жіктеме бойынша, айыптаушылық (немесе прокурорлық), қорғаушылық (немесе адвокаттық), айыпталушының өзін өзі қортайтын сөзі болып үлкен үш түрге бөлінеді. Айыптаушыға да, қорғаушыға да керегі — қылмыстық сот жүргізу ісінде қажетті деңгейде ұтымды сөйлей алу.

Жалпы, отандық сот жүйесінде діттеген деңгейде сөйлей білу шеберлігін керек ететін қызмет саласының бірі — сот процесі. Ол дауласқан екі жақтың жасындай жарқылдаған пікір-таластарынан, қисынды дәлелдерден, нақ та дәл, көрікті де көркем сөйлеуден тұратын кеңістікті құрайды. Мұндағы төрелік айтар тілмарлықтың мазмұны мен түрлерінің негізгі өзегі болған қылмыстық жағдайды тәпіштей анықтау, екі ұдай пікір туғызбайтын дәлелдер келтіру, ойды бейнелеп жеткізер амал-тәсілдерді қолдану арқылы белгілі бір ақиқатқа көз жеткізіп, көпшілікті иландыра алу секілді қисындардан тұрады.

Әсілінде, сот процесінде сөйленер сөздің мақсаты мен қисынын бажайлауға, ойын дәл, нақты етіп жегкізуге баулуға, көптің алдына шығып сөз сөйлер шешеннің тек өзіне тән ерекшелігін көрсете алу мәселелеріне арналған заңгерлер үшін қылмыстық-процесуальдық ғылыми еңбектер біздің топырақта жоқтың қасы. Ұлттық мәдениетіміздің тұтас бір бөлігін құрайтын шешендік өнерден арна тартып жатқан төрелік айтар соттағы тілмарлықты, тіл мәдениетін үнемі назардан тыс қалдырмайтын көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауым қашан да жоғары бағалаған. Сот мінбесі — тарихтың өзі көрсеткендей, талай ғасырдан бері әрі қазірдің өзінде де идеологиялық, адами, құқықтық ықпал-әсер ету құралы болып келеді. Сондықтан қазіргі кезде ойлау үрдісін, сөз қадірін білер сот шешендеріне үлкен талаптар қойылып отыр.

Сот шешендігі — прокурорлық, адвокаттық қызметтің алтын діңгегі. Олай дейтініміз сот төрелігін жүзеге асыруда сотпен бірге прокуратура, адвокатура органдарының маңызды орын алатыны айқын. Олар сот қарастыратын қылмыстық және азаматтық істерге тікелей араласуға құқылы. Қылмыстық істі тергегендегі прокуратураның міндеті: фактілердің дәлдігін, қылмыстың жасалуын, объективтік негіздер бойынша сотталушының кінәлілігін дәлелдеуге келіп сайса, адвокат қызметінің негізгі желісі: қылмыстық жауаптылыққа тартылған кісіге оның азаматтық құқығын қорғау үшін заң тұрғысынан қолдау, білікті ақыл-кеңес беруден тұрады. Екеуі де өздерінің көзқарастарын сот алдында ауызша сөйлеу түрінде жалпыға паш етеді. Адам тағдыры таразыға салынар жүргізіліп жатқан сот процесінде бұл бөліктің қылмыстық істі қарап, шешім шығарардағы алатын орны алабөтен ерекше.

Сөзімізді жүйелеп айтсақ, олардың жарыссөзге шығып сөйлеуі сот тергеуінен кейін басталады. Жарыссөз кезінде прокурор мен адвокат айыптаушы, қорғаушы тұрғысынан сот тергеуінің қорытындысын шығарады. Сот барысында істің мән-жайлары қарастырылғаннан кейін, өз дәйектемелерін келтіріп, сот мәжілісінде зерттелген іс материалдарын тереңірек, кеңінен түсінуге ұйытқы болады. Осылайша екі жақтың пікір-таластары ақиқатты ашуға, заңды тұрғыда әділ үкім шығаруға негіз береді.

Өз сөйлеуінде айыптаушы мен қорғаушы болған қылмысты жан-жақты тексеріп, оның қоғамға қаншалықты қауіптілігін анықтап, күнәкерге тиісті бағасын айтуы тиіс. Сайып келгенде, мұның сотталушыға да, сот залындағы қатысып отырған халыққа да тәрбиелік мәнінің әсерін жоққа шығаруға болмайды. Азаматтарға қылмыстық әрекеттің салдарын түсініп, дұрыс қорытынды шығаруға түрткі болады. Ендеше соттағы сөз сөйлеудің үлкен тәрбиелік, ғибраттық тәлімі бары сөзсіз демекпіз.

Сотта сөйлеудің маңызы мұнымен ғана шектелмесі анық. Қылмыстық істі қарау барысында айыпталушы мен қорғаушы оның сипаты мен орындалу амал-тәсіліне, мақсаты мен ниетіне терең талдау жасап, жасалған қылмыстың сурет-сүлбесін, яғни болған жағдайды, оқиғаны толық қайта қалпына келтіреді. Олардың жасалған жеке бөлікгеріне тиісті баға беріп, көпшілік алдына сарапқа салуы сотқа қатысушы тұлғалардың талқыланып отырған істің мазмұнын терең түсінуге, көңіл зердесінен өткізуге түрткі болып, шығарылған үкімнің қаншалықты әділдігіне көз жеткізуіне мүмкіндік алады.

Сөз жоқ, жоғары талап деңгейінен шыға білген айыптаушының не қорғаушының сөзі — Қазақстан заңнамасын насихаттауда, мәртебесін көтерудегі қарудың бірі. Әйтсе де сот шешендері сөздерінің барлығы дерлік тап-тұйнақтай мінсіз шыққан десек, қателескен болар едік. Солардың ішіндегі сәтті шыққаны — нақты бір жүйеге құрылған, мән-мазмұнға бай, сауатты сөйлеген сөз ғана сот төрелігінің мейлінше әділ шығарылуына кепіл бола алатыны анық.

Соттағы «.. қорғау жеміссіз болмауы тиіс. Қылмыстық қорғау — ауыр да, адами тұрғыдан келгенде жауаптылығы мол іс» — дейді қорғаушы-адвокаттың жауапкершілігі жайында өткен ғасырдың әйгілі сот қайраткері, сот шешендігінің теоретигі П. С. Порховщиков. Егер «осы мамандықты өмірінің мәні деп ұққан адам сотталушыға қолынан келген бар қайранын жасауға ұмтылмаса, өзінің ар-ожданының алдында қылмысқа барады. Сотталушыға адал болу қасиеті бойына дарыған адвокат қана қызметінде кеп жетістіктерге қолы жетеді; егер ол сотта сұлу сөйлеп, атақ-даңқ көздеген пайдасыз құмарлық, ақша табумен шектелген болса, бұнысынан өмірінің соңына дейін қанағат таппасы анық»— дейді әйгілі сот қайраткері.

Қазіргі сот төрелігі тілмарлығының негізгі желісі — сонау антикалық заманнан бері келе жатқан кене грек-рим шешендік дәстүрінің амал-тәсілдері және ұлттық төл шешендік тәжірибесі негізінде құралады.

Дарынды, белгілі заңгерлердің төрелік сөздері (судебные речи) терең психологиялы болып келеді, өйткені шешендер сот алқасы мен сотқа қатысушылардың ой-сана, сезімдеріне әсер етуге тырысқан. Осы күнгі төрелік сөздердің өзегінде психологиялық жағынан гөрі құрғақ дәлелдемелер жағы басымырақ. С. Негимов «Шешендік өнер» атты кітабында: «Қазіргі айыптаушылар мен қорғаушыларлар сөзінде ойдан гөрі айтыс-тартыс басым. Түйінді сөз айтуға ұмтылмайды. Әр күн сайын тілді дамытып отыруға, әңгімелесу үстінде естіген соны сөздерді жазып, көңілге тоқуға машықтану дұрыс. Шешеннің сөзі күн айнаға қалай түсіп жататыны секілді, сондай дәл, ап-анық болғаны жөн» — деп ескертеді.

Сотта сәтті сөйлеу үшін процеске тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Ол коммуникативтік фазаны қалыптастыруға дейінгі бірнеше кезең-сатылардан тұрады. Бұл - іс материалдарын зерттеу; іс бойынша процессуалдық позицияны анықтау; сөйленер сөздің композициялық құрылымын ойластырып, жоспар жасау; оны әдеби қалыпқа түсіру.

Жүріп жатар сот процесі — шешендік өнер тағлиматында, бұлттар соғылып, найзағайлар шарпысқан пікір-талас, сөз жарыстыру кеңістігін құрайды. Сотқа қатысар екі жақтың мақсаттары мен міндеттері, айыптаушы, қорғаушы сөз тезистері, төрелік сөздің атқарар қызметі, түрі мен мазмұны — аталған кеңістіктің негізгі бөліктері болып табылады.

Соттық пікір-талас, сөз жарыстыру кеңістігінде сотқа қатысушы екі жақтың іскерлік-дағдысын жетілдіруге керекті нәрселерге: ақиқатқа жетердегі бірден бір айқын жол — диалектикалық бәсеке түрінде өтетінін ұғыну; қарсыластардың қисынды дәлелдерінің біртіндеп қомақты дәлелдемеге айналатынын, олардың ерекшеліктері мен өзгешеліктерін жете сезіну; сот шешендік кеңістігін дау-дамайлы алаңға айналдырмай, қарсы жақтың ақылға сыйымсыз даукестік мінез-құлқы белгілерін көре білу, оған қарсы қолданар иінді тәсілдер ойлап табу талаптары жатады.

Заңгердің қаперіне алар басты қағида — пікір-талас, сөз жарыстыру кеңістігінен абыроймен шығу жолдарын алдын ала іздестіре қарастыру; процесс үстінде күтпеген дағдарысқа ұшырап қалмау; ұзаққа созылған дауда сөз бейнелілігіне кепіл боларлық көркемдік құралдарды орнымен пайдалану.

Кезінде осыдан екі ғасыр бұрын сот тілмары атанған әйгілі П.С.Пороховщиков «Искусство речи на суде» аты еңбегінде сөйлеудің айқындылығы мен тазалығы, сөз байлығы мен пәнді білу, ой мен сөздің қарапайымдылығы мен қуаттылығы, әуезділігі мен ырғақтылығы, шешеннің рухани еркіндігі, жазба жұмыс пен импровизацияның қарым-қатынасы, тыңдаушының ынта-ықыласы, түсініксіз ойлар мен шұбалаңқы сөйлемдер жайында іргелі, күрделі пікірлер айтқан. Ол пікірлер әлі күнге өз құнын жойған жоқ. Оның пайымдауынша, шешен әр сөзін өзі қалай түсінсе, тындаушыға да солай ұғынықты ету керек. Сотта сөйленетін сөз өте-мөте анық болуы шарт. Тындаушылар еш қиындықсыз қабылдауы қажет. Сөз жоқ, мұндай шеберлікке жету үшін стильдің тазалығы мен дәлдігі және пән мен тілді терең меңгеру ләзім екендігін айтқан. П. С. Пороховщиков сөйленер сөзге жазып дайындалу дұрыстығын қалайды. Сөйлеген кезде жатқа айтасың ба, өзің білесің. Алғыр шешен күні бұрын тыңдаушының көңіл күйі мен ойларын өткір сезінеді. Ол аса сақтықпен сөйлейді, әбден сөзіне бағындырып алған соң, олардың сезім күйлерін билеп әкетеді деп түйіндейді. Сотта сөз айрықша анық айтылуы қажет. Нақтылық пен айқындылық шынайы стильге тән, құбылысты барынша түсініп тану және тіл құбылыстарын жүйрік зердемен зерттеу құба-құп болар еді. Стильдің аса көркем өрнектері қарапайымдылықтан туындағанда табиғи сипатқа ие болады. Мінбеге шыққан шешен сөз туралы ойламау керек, ол рет-ретімен өзі тізіледі. Тыңдаушылар шешеннің өз ойымен өзі болып, яғни толқынды, құйынды ойларының ырқына бағынғандығының куәгері болуға тиісті. Кез келген ой өзіне тән сөздерді пайдаланады, сонда ғана табиғи сұлулыққа бөленеді, деп жазады ғалым. Әдетте сот шешендігі үш түрге: прокурорлық немесе айыптаушылық, адвокаттық немесе қорғаушылық және айыпталушының өзін-өзі қорғау сөзі болып бөлінеді. «Айыптау мен қорғау — бір-бірімен өзара байланысты құқықтық институт. Бұларсыз бірде-бір қылмыстық іс қаралмайды, сондықтан бұл екеуі заңда катаң түрде өз орнын табуға тиіс».

Қылмыстық және азаматтық істер бойынша сотың бірінші сатысындағы прокурор мен адвокаттың сөйлеулері

Прокурор мен адвокатқа қылмыстық іс бойынша процессуалдық позицияларын анықтап алулары үшін ең алдымен іс материалымен етене танысқандары абзал. Бұлай ету - сөз сөйлеуге дайындықтың негізін құрайды. Кез келген, барынша айқын, ешқандай қиындық тудырмайтын қатардағы іс болса да, онымен тынғылықты танысып алғандары жөн. Әсілі, бұлай, іспен егжей-тегжейлі танысу - сотта ұтымды сөйлеу кепілдерінің бірі болмақ. Әрбір қылмыстық істің материалдарын жан-жақты игерудің мақсаты мынаған саяды: кәсіби шеберлікке тән қасиетпен сот барысында не тексерілетінін алдын ала болжай алу; айыптау қорытындысы шешімдерінің іс материалымен сәйкестілігін анықтау; іс бойынша барлық дәйектемелер мен дәлелдемелерді тергеушінің есепке алуын қадағалау; соттың алдын ала тергеуінде кемшін деген тұстарды толыкқтырудың қажетілігін айқындау. Істі етене жақсы білу процеске қатысушы басқа тараптардың жетегінде кетпей, сот тергеуінде өзіндік әдіс, тактиканы, позицияны тандау үшін, сөз сөйлеудің мазмұнын айқындап, сөйлеуге жоспар құру үшін қажет-ақ.

Іспен танысу барысында алдымен қылмыстың неге, неліктен болғанын, сотқа нені, қалай дәлелдеген ләзім екенін, сот шешіміне қалайша әсер еткен дұрыс дейтін сауалдарға жауап іздеген құба-құп. Сот шешіміне әр түрлі дәйектемелер, дәлелдемелердің әсер етуі мүмкіндігін есте ұстап, ол үшін іс материалдарын еркін меңгеріп, сот процесіне белсене араласқандары ұтымды болмақ. Сонымен бірге айыптаушы мен қорғаушының іс бойынша кәперлеріне алатын мәселелері: істің нақты мән-жайын пайымдау; дәлелдемелерді бағалап, талдау; қылмысты саралауды негіздеу; сотталушы мен жәбірленушінің жеке тұлғалық мінездемелері; қылмыстың жасалуына түрткі болған себептер мен жағдайларға талдау жасау; жазалау шаралары туралы төл ойлары мен азаматтық талап.

Соттың бірінші сатысындағы қылмыстық іс бойынша төрелік айтылар сөздің өзегін мыналар құрайды:

— істің нақты мән-жайы, олардың қоғамдық-әлеуметтік бағасы;

— дәлелдемелерді талдау мен бағалау;

— анықталған нақты мән-жайларды заң тұрғысынан бағалау — қылмысты саралау;

— сотталушының жеке тұлғалық, қажеттілігіне қарай қылмыстық сот процесіне басқа да қатысушылардың мінездемесі;

— қылмыстық жазаны қолдануға байланысты немесе одан адалау мәселелері;

— азаматтық талапты шешу мәселелері;

— шешімін табуға тиісті басқа да мәселелер;

— қылмыстың жасалуына түрткі болған себептер мен салдарларды талдау және оның алдын алу туралы ұсыныстар.

Соттың бірінші сатысындағы азаматтық іс бойынша төрелік айтылар сөздің өзегіне мыналар кіреді:

— іс үшін маңызы бар нақты мән-жайлар;

— дәлелдемелерді бағалау;

— іс бойынша заң баптарын қолдану туралы ұсыныстар;

— іс шешудегі ұсыныстар;

— негіздің барлығына байланысты жеке анықтаулар шығару туралы ұсыныстар.

Наразылық пен шағым бойынша өтілетін соттың екінші сатысында соттық пікір-таластарға орын жоқ. Ондағы сот шешендерінің шығып сөйлеуінің мазмұны басқаша сипат табады.

Прокурорлық немесе айыптаушылық сөз

Прокурордың айыптау сөзі оның қызметімен тікелей байланысып, өзара қабысып, астасып жатыр. Яғни, прокурор сөзі оның негізгі атқарар қызметінен туындайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабының 1-4 тармақтарына, 1995 жылдың 21-желтоқсан күнгі Елбасының заңды күші бар «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Жарлығына, Қазақстан Республикасы ҚІЖК 62-бабына сәйкес: «Соттың қылмыстық істі қарауына қатысушы прокурор айыптауды қолдау жолымен мемлекеттің мүддесін білдіреді және Мемлекеттік айыптаушы болып табылады. Мемлекеттің мүдделерін қорғап талап қоюға құқылы».

Айыптаушылық сөз — қылмыстық іс бойынша жарыссөзге қатысады, мемлекет атынан айыптауды қолдаған, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге талдау жасаудан тұратын, жасалған қылмысқа баға беріп, сараптайтын, соның негізінде жазалау шарасын тағайындайтын, басқа да заң тұрғысынан негізгі үкім шығаруда маңызы бар, азаматтарды құқықтық, адамгершілік жағынан тәбиелейтін прокурордың сөзі.

Қылмыстық істің түйінін шешуде сотқа қосалқы көмек беретін, мемлекет атынан айыптаушы міндетін атқаратын прокурордың сөзінің қылмыстық сот жүргізу ісінде алар маңызы ерекше. Орыс заңгері Р. А. Руденко сотта мемлекеттік айыптаудың қылмысқа қарсы күресте қоғамдық пікірді қалыптастырудағы орнын айрықша бөліп айтқан еді.

Айыптаушылық сөздің мазмұны белгілі бір іс бойынша сөйлейтін прокурордың азаматтық позициясымен, төрелік айтар сөздің мәнімен өрнектеледі. Қазірде халық арасында прокурор сөзін алдағы сот шығарар үкімнің әуелгі негізгі жобасы санайтын жаңсақ пікір етек алған. Ендеше бұдан қорғаушы сөзі де алдын ала белгіленген үкім жобасының негізінен шығады деген ұғым туындауы да мүмкін. Осы екі жобаның қисынға келер бірін ғана соттың таңдауы керек деген жорамал айтады. Бұл тіпті де олай емес. Соттағы төрелік айтар сөзде үкім шығару үшін қарастырылар барлық мәселе тілге тиек болады. Прокурор болашақ үкім жобасын емес, қылмыстық іске деген өзінің ой-шешімін ғана айтады. Шынтуайтында заң бойынша прокурор былай тұрсын соттың да сот процесіндегі жарыссөзден кейін кеңесу бөлмесінде болмаса, алдын ала үкім шығаруға құқысы жоқ.

Прокурор өз позициясын іс материалдары бойынша әрі соттағы процессуалдық қызметіне қарай айқындайды. Бүгінгі тандағы ғылыми әдебиетте прокурордың істегі процесуалдық қызметі туралы екі түрлі көзқарас қалыптасқан: бірі — кей авторлар оны мемлекеттік айыптаушы деп біледі, екінші біреулері — заңның дұрыс жүргізілуін қадағалайтын бақылаушы органның өкілі деп таниды. Негізгі мазмұнының өзегінде көптеген мәселелер қамтылатын айыптаушылық сөз бір ғана айыптаумен шектелмек емес. Прокурор өз сөзінде қылмыс жасауға түрткі болған себептер мен жағдайларға тоқталып, соттың назарын заңның өрескел бұзылуына аударады, орын алған қылмыстық іске қоғам тарапынан бағасын береді. Сондай-ақ бұл тәрбиелік, адамгершілік аспектілерді де қозғай кетеді. Осылайша соттың айыптауын қолдауы — айыптау сөздің негізгі желісін құраса да, ол бір бөлігі ғана. Ол заң талабын дұрыс та бұлжытпай орындауды керек ететін прокурордың Конституциялық және процессуалдық қызметінен келіп шығады.

Айыптау ұғымы туралы ғылыми пікір-көзқарастарда бірізділік жоқ, ала-құла. Айыптау — белгілі бір іс жүргізу түрімен анықталған белгілі бір тұлғаның қылмыс жасағандығының көрсеткіші, қылмыс жасаған қылмыскерді анықтауға бағытталған, қылмыстық әрекетті дәлелдеудің дұрыстығын әйгілейтін сот ісін жүргізудің бір түрі. Егер прокурор соттың қарау барысында қылмыстық жауаптылыққа тартылған тұлғаның қылмыс жасағандығына анық көз жеткізсе, айыптау тұрғысынан іс материалдарын қорыта отыра, өзінің сөзін көпішілік алдына көлденең тартады. Алайда бұл міндетті түрде айыптау қорытындысының шешімдерін қолдайтын, айыптау үкімі туралы қаулы шығару деген шарт емес. Прокурорлар соттаулышыны кінәлі деп тапқан талай қылмыстық, азаматтық істерге тоқтау салынып, не ақталып жатуы, сөз жоқ, олардың кәсіби деңгейіне күмән туғызады. Оның артында адамдардың заңды құқығын бұзу, сот төрелігі мүддесіне қайшылық, заңның сақшысы ретіндегі прокурор беделіне нұқсан келтіру деген көзқарас, пікір қылаң береді. Прокурор көпшілік алдына шыққан кезде өзінің заңның сақшысы, әділдіктің жаршысы, мәмілеге келе бермейтін тұлға, сөзі мен ісіне табанды жан екенін ұғынуы қажет. Прокурор сөзінде айыптау жағы басымдау болғаны ләзім. Бірақ бұл қоғамға қауіпті жасалған іске атүсті жеңіл-желпі қарау, шындық, ақиқатқа қайшы келетін әрекетке бару деген сөз емес.

Қазірде іс жүзінде талапқа сай келмейтін айыптаушылық сөздер аракідік болса да кездесіп қалады. Мысалы, бұзақылық туралы қылмыстық істе прокурор мынадай сөз айтқан: «Құрметті сот төрағасы, болған іс бәрімізге түсінікті. Сотталушы К гүлзардың гүлін жұлған. Әйел мен балаларға балағат сөздер айтып, төбелес шығарған. Қылмыстық істе төбелестің ұрыс-айғайдың болғанын дәлелдейтін мағлұматтар бар. Сотталушыны кінәлі деп тауып, үш жылға бас еркінен айыруды сұраймын». Мұндай сөздерде қылмыстық іс жан-жақты тексеріліп, объективті баға берілген деп айтпас едік.

Қазақстан Республикасының ҚІЖК айыптаушылық сөз элементтерінің неден тұратынын белгілемейді. ҚР ҚІЖК 317-бабының 4-тармағында: «Прокурор дәлелдерді ұсынады және оларды зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәні бойынша, сондай-ақ сот талқылауы кезінде ондаған басқа да мәселелер бойынша өзінің пікірін баяндайды, сотқа қылмыстық заңды қолдану және сотталушыға жаза қолдану туралы ұсыныс айтады» делінген. Алайда тәжірибе жүзінде соттағы дауларда бүгінгі таңда айыптау сөздің құрылымы қалыптасып үлгерген деуге әбден болатындай. Айыптау сөзінің құрылымы мынадай элементтерден тұрады:

1) қылмыстың қоғамдық бағасы;

2) істің мән-жайын баяндау;

3) іс бойынша жиналған және сот тексерген, зерттеген дәлелдемелерді талдап, бағалау;

4) қылмысты саралауды негіздеу;

5) сотталушыға, ал кейде жәбірленушіге мінездеме беру;

6) жазалау шарасы және азаматтық талап бойынша өз ой-пікірін білдіру;

7) қылмыстың жасалуына түрткі болған жағдайлар мен себептердің көзін ашу және оларды жою туралы ұсыныстары.

Сотталушының, ал кей жағдайларда жәбірленушінің, басқа адамдардың мінездемесі соталушы сияқты жеке тұлғаның жауапкершілігін негіздеу үшін ғана емес, сондай-ақ қылмыстың субъективті жағын анықтап, дәлелдемелерді бағалау үшін де керек. Құрылымының негізгі бөліктерін міндетті түрде сақтап отыру қажет те емес. Өйткені айыптаушылық сөздер бір-бірінен аумайтын егіздің сыңарындай, тұщымсыз, татымсыз шығып, тәрбиелік мәнінің жойылуына әкеліп соғар еді. Мәселен, Қарағанды облыстық сотта қаралған № 9816129 азамат Н-ны ҚР ҚК-нің 96-бабы І-бөлімімен айыптау туралы қылмыстық істегі айыптаушының сөзі: «Құрметті сот төрағасы! Сот мәжілісінде сотталушының ҚР ҚК-нің 96-6. І-бөлімімен айыпталған іс қаралып отыр. Алдын ала тергеу барысында айып дұрыс дәрежеленген. Нураскаров сөзге өгей әкесі Абдрахманов Отанмен келіспей қалып, төбелесіп, жанжалдасқан. Миына зақым келіп, өкпесіне қан құйылған, қабырғалары сынған. Іс құжаттарымен, сараптама қорытындысымен, сотталушының жауабымен айып толық бекіп отыр. Ауыр дене жарақатын алып, осы ауыр дене жарақаты салдарынан қайтыс болған. Сотталушыны ҚР ҚК-нің 96-бабы І-бөлімімен айыпты деп тауып, 8 жылға бас еркінен айыруды, жазаны қатаң режимде өтеуді, бас шарасын өзгеріссіз қамауда қалдыруды сұраймын». Айыптау дәлелдермен толық анықталса да, сөз қан-сөлсіз шығып отыр. «Н. сөзге өгей әкесі - А.-мен келіспей қалып, төбелесіп, жанжалдасқан. Миына зақым келіп, өкпесіне қан құйылған, қабырғалары сынған» деген сөздің стильдік құрылымында тіпті жәбірленген адам емес, сотталушы қайтыс болғандай көрінеді. Қылмыстық істің қоғамдық бағасы берілмеген. Біздің пікірімізше, айыптау тактикасы бойынша құрылымның қатып қалған шаблонын емес, ойдың бірізділігін сақтау жөн. Егер айыптау дәлелдермен толық анықталған болса, оған көп көңіл бөліп, тоқтаудың қажеті шамалы дейміз. Қылмысты саралау (квалификациялау) дау туғызатындай пікірталасқа әкелер болса, оған заң тұрғысынан негіздеуге көбірек көңіл аударған ләзім. Егер айыптау жанама дәледемелерге ғана құралса, анық болған істі тәпіштей баяндап, дәлелдемелерге тиянақты түрде талдау жүргізу тән.

Айыптаушылық сөзде сот тергеуінің қорытындылары келтіріліп, істің барлық материалдары анықталады, дәлелдемелер мемлекеттік айыптау тұрғысынан талданады. Прокурор мемлекет атынан сөйлейтіндіктен оған қатаң талаптар қойылады. Әрбір айыптаушылық сөзде қарастырылып отырған істің қоғамдық бағасы беріледі, жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілігі келтіріліп, қандай да қылмыстық іспен ұсақ-түйегіне қарамай қарсы күрес жүргізуіне үндеп, қылмысты жасаудың алдын алу көзделеді.

Прокурордың айыптаушылық сөзіне этикалық талаптар да қойылады. Соның ішінде ең бастысы — істің қарау барысында прокурордың өз позициясын айқындап, анықтап алу жатады. Оның шешімдері мен тұжырымдары заңға қатаң сәйкес болуы — шарт. Сотталушыға тән қылмыс жасалған сәттегі, іс-материалдарына қажетті белгілерді таба білуі керек. Сотталушының толық мінездемесін келтіру міндетті емес. Маңыздысы — қылмыскердің моральдық бейнесінің, мінез-құлқының қоғамға қауіпті әрекетіне қатысы барлығын айтуда. Қаралып отырған қылмыстық іске қажетсіз болған жағдайда көпшілік алдында оның өмірінен арына кір келтіретіндей дерек іздеу, өмірінен мәліметтер айту тіптен де адамгершілікке жатпайды. Сотталушыны келеке қылу, намысына, арына тиіп сөйлеу — прокурорға жат қылықтар. Кей сәттерде жәбірленушіге де мінездеме беру шарт. Оған жабылған жаладан, негізсіз айыптаудан қорғап қалуы керек. Жәбірленушіге теріс мінездеме берілсе, ол барынша негізді, ұстамдылықпен, байсалдылықпен айтылуы тиіс. Қылмыс жасалған кездегі жәбірленушінің құқыққа қарсы әрекетін, адамгершілікке жатпайтын қылықтарын да назардан тыс қалдырып, сөз етпей кетуге болмайды. Прокурор айыптаушылық сөзінде біржақты пайымдаудан қашқаны абзал. Оның айыптауы соттың айыптауы емес. Ол сот процесінде шығып сөйленде көпшілік оның сөзінен сотқа деген қадірін, құрметін сезінуі керек. Ұстанған позициясы мейлінше айқын, дұрыс екенін сотқа сездіруі шарт.

Қорғаушылық немесе адвокаттық сөз

Әдетте тергеушілер қызметі туралы аз жазылып жүрген жоқ. Сот жайында да жазылған жұмыстар баршылық. Ал адвокат еңбегінің технологиясы туралы білетініміз тіптен мардымсыз. Егер аналогия келтірсек, жасалған қылмыс туралы дәлелдемелер жинақтаудағы тергеушінің мүмкіндік арсеналы мейлінше шексіз. Адвокат болса алдын ала тергеу қорытындысының қателіктеріне, кемшіліктеріне көзі әбден жетіп тұрса да, ол тек заңға жүгініп, содан өзіне ілік, жақтас іздейді, өзінің ойлау үрдісінің темірқазық логикасына, сондай-ақ қарастырылар іс материалдарының жеке-жеке детальдарына ғана сүйеніп, тұңғиықтан алып шығар жіңішке сүрлеулі жолын іздейді. Осындай шынайы қорғаушының күш-қайратының арқасында ғана әділеттіліктің туы желбіреп, кінәсіз адам қамаудан босатылады. Ендеше қоғамдағы зәрудей қажеттілігі еш күмән туғызбайтын шешендік шеберлікі меңгерген адвокаттық кәсіптің қыр-сыры нендей, оның әділетті сот жүйесіндегі алар орны қандай деген сауал зайырлы, құқықтық қоғамда ғұмыр кешкен әрбір адамды толғандырмай қоймайтыны анық. Нақтылай айтқанда, адвокат ісі: жұртшылықты қабылдау арқылы консультация-кеңес беру, тергеу сатыларынан бастап қылмыстық істерді жүргізуде белсене қатысып, сотта сөйлеу; жеке, мемлекеттік кәсіпорындарында қызмет көрсету, азаматтық істерді жүргізу т. б. толып жатқан еңбектерден тұрады. Сот шешендігінің жүйесі қорғаудың стратегиясы мен тактикасы, онын мазмұны мен құрылымынан келіп түзіледі. Белгілі ғалым Е. Қайыржанов пен Р.Жәмиева бірігіп жазған еңбектерінде қорғау тактикасы мен түсінігіне, мазмұны мен құрылымына ғылыми әдебиетте тұщымды жауап беріле қойған жоқ дей келе, өздері тарапынан анықтама бере кетеді: «Қорғау тактикасы — бұл қорғау қызметін оңтайлы жүзеге асыруға бағытталған ғылыми ережелер мен ұсыныстар жүйесі... Қорғау тәсілі — бұл қорғау міндетін шешу мен мақсатқа жетуге мүмкіндік туғызатын, қорғау жағдайын есепке ала отырып, қолданылатын ғылыми ұстанымдарға негізделген қорғауды анағұрлым тиімді жүзеге асыратын тәсіл... Қорғау тәсілінің ішінде білімділік, шеберлік секілді өнерге тән қасиеттер кіреді. Шеберлік, іскерлік — бұл қорғау тактикасы қызметін іске асырудың, оның тиімділігінің шарты, бірақ мазмұн элементі емес. Қорғау тактикасы шеберліксіз де қолданылады, ол қаншалықты тиімді, дұрыс таңдалып, білгірлікпен жасалды ма, мәселе сонда. Қорғау тактикасы — бұл өнер ғана емес, көбіне-көп қорғаушының жеке санасына байланысты әрекет. Білімділік пен шеберлік әдемі тілмен өрілсе ғана қуатты қаруға айналады».

Аталған ғалымдар қылмыстық іс бойынша қорғауды түрлі қырынан, осы сөздің сан түрлі мазмұнынан — кең мағынада (әлеуметтік-құқықтық), тар мағынада (қылмыстық іс жүргізу) қарауға болады дей отыра, оның өте ауқымды күрмеуі қалың күрделі мәселе екенін айтып, «оны мүмкіндік болғанынша әлеуметтік-құқықтық, қылмыснамалық, қылмыстық іс жүргізу, криминалистік және басқа да жағынан зерттеу, түсіну қажет»2 деп нақтылай атап көрсетеді.

Елден ерек адвокат қызметінің ерекшелігін, сот дауындағы өткір де қызу таластардан тұратынын жүргізілер стенограммалардан анық байқауға болады. Адвокат еңбегін төгілдіріп қарастырудың ұтымды жағы сол, оның елімізде енді-енді ғана белең ала бастаған құқықтық білімділікті жетілдірудегі, әрбір адвокаттың азаматтық белсенділікті арттырып, занды бәрінен де жоғары ұстау бағытындағы еңбегінің үлесі зор. Егер шынайы адвокат қорғау барысында өз міндетіне барынша жауапты, шығармашылық түрде келіп, істі әділетті жүргізсе, мұндай игі істер әділетті сот мәртебесін одан сайын көтермесе, әсте төмендетпейтіні белгілі.

Былайғы жұрттың ұғымыңда егер адам қылмысқа барған болса, ол тек жазалануға тиісті, оны заң алдында ақтау қажетсіз іс деп біледі. Бұл — қате пікір. Мемлекет алдымен құқық тәртібін бұзушының тірі жан иесі — адам екенін сезіну керек. Ол белгілі бір қоғамдық қызмет атқарып отырған мемлекеттің бір мүшесі, өзінің отбасының отағасы мен отанасы, ақыр аяғында ол мемлекеттің азаматы. Ендеше мемлекет оған жеңіл-желпі қарамағаны жөн, өзіне жүктелген тікелей міндетін атқарып жүрген толыққанды бір мүшесінен жеріп, оны заңсыз мансұқ етпеуі тиіс. Әрбір адам ауыр қылмыс жасағанның өзінде қорғаушыны керек етеді. Еліміздің Ата Заңы — Конституциямыздың 16-бабында: «ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы» деп осыған кепілдік беріп отыр.

Алайда, адамды қылмыскер ретінде танымас бұрын, міндетті түрде, бұл қылмысты нақ соның жасағанын дәлелдеп алу керек. Ол көптеген факторларды қажетсінеді. Адвокат міндеті адамның жауапкершілігін жеңілдететін қиыннан қиыстырылған дәлелдемелер табумен өлшенеді. Жасырары жоқ, кейде еш кінәсіз адам да белгілі бір себептермен жауапқа тартылатын болады немесе оған жасаған қылмыстан артық жауапкершілік жүктеледі. Адвокат еңбегінің, шарықтау шыңы, осы жерде паш етіліп, жарқыл қағады. Адам сот алдында жауапты тағылған айып бойынша емес, жасаған қылмысы негізінде ғана жаза тартуы шарт.

Қылмыстық істі қарауға қатысқанда адвокат сотталушының қорғаушысы ретінде қорғау сөзін сөйлесе, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкердің өкілі ретінде олардың құқығын заңды мүддесін қорғай сөйлейді. 1997-жылдың 5 желтоқсанынындағы «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында: «Адвокатура қылмыстық істер бойынша қорғау, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және басқа да істер бойынша өкілдік ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен занды мүдделерін қорғау және іске асыруға жәрдемдесу мақсатында заң көмегінің өзге түрлерін көрсету жөніндегі адвокаттардың қызметін ұйымдастырады» деп көрсетілсе, келесі баптарында оның міндеттері нақтылана түседі: «Адвокат көмек сұрап келген адамға ол мұқтаж болған кез келген заң көмегін көрсетуге құқылы. Барлық соттарда заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға және білдіруге құқылы»1.

ҚР ҚІЖК 70-бабына сәйкес «Қорғаушы — заңда белгіленген тәртіпен сезіктілер мен айыптаушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын және оларға заң көмегін көрсететін адам». Яғни, адвокат өз қызметін қорғанушының талап-тілектерінің негізінде емее, заң талаптары бойынша жүзеге асырады.

Адвокаттың қорғау сөзі бойынша қорғанудың қажеттілік, пайдалы екеніне, адвокат қалаған позициясының занды, әділетті екеніне адамдардың көздері жетуі тиіс. Міне, осы жайттар төрелік айтар сөздің негізгі мазмұнын құрайды. Сот процесінде кей адвокаттардың белсеңділік көрсетпеуін, тәжірибе көрсеткендей, оларда кәсіби шеберліктің, біліктіліктің жетіспеуінен деп ұққан ләзім.

Сотталушы өз тарапынан айтылар айғақтарды дәледеуі міндетті емес, ал адвокат қорғау сөзінде дәлелдемелер келтіруге міндетті саналады. Әйтпесе сотта адвокаттың қажеті шамалы, Сот процееінде адвокат прокурордан кейін сөз алатындықтан оның сөзі өткір, өтімді болғаны абзал. Қылмыстық іске итермелеген психологиялық факторларды назардан тыс қалдырмағаны дұрыс. Мысалы, Қарағанды облыстық сот тергеуінде (№200001705 қылмыстық іс) қорғаушының сөйлеген сөзінен үзінді: «Сот мәжілісінде сотталушыны айыптаған іс қаралып отыр. Алдын ала тергеу барысында айып дұрыс дәрежеленбеген. Қасақана өлтіру құрамы жоқ. Тікелей ниетпен бармаған. Бас араздығы жоқ. Танысына әжем, шешем, бауырым, ағам қайтыс болганда көңіл айтып келмедің, ұл-қызым мектеп бітірді, оқуға түсті, көмектеспедің деп жай сөзбен айтқан. Көптеген жарақат алып, ауыр дене жарақатынан қайтыс болған дейді, нақтылы ол еөлтіргені жөнінде дәлелдер жоқ. Күмәнді жағдай сотталушының пайдасына шешілуі тиіс. Қасақана ауыр дене жарақатын түсірмеген, абайсызда болған оқиға. Іс-әрекетіне тұжырымды баға беруі керек. Сондықтан 103 б. 3-бөлімі айыбын өзгертіп дәрежелеуді сұрап, отбасы жағдайын, бұрын сотты болмағандығын, жағымды мінездемесін ескеріп, жаза мөлшерін төменгі шекті қолданып, жазалауды сұраймын». Мұңда қорғаушы айыпқа дәлелдер жетіспеушілігін, оқиғаға қазақтың салт-дәстүрінен туындаған түсінік түрткі болғандығы секілді психологиялық негіздерді алға тартады. Прокурормен пікірталас кезінде адвокат сөзі жоғары талап деңгейінде шығуы шарт. Өйткені ол тек айыптаушымен ғана емес айыптаумен де қарсы дауға түседі. Прокурор істегі кей маңызы бар детальдарды сөз етпей кетуі мүмкін, ал мұны адвокат та сөз қылмауы керек деген ұғым тумаса керек. Ол осы жайтты ұтымды пайдалануы тиіс. Адвокат сөзі жасалған қылмыстың түрлеріне байланысты іс материалдарынан келіп шығады. Соның жүйелі негізінде құралады. Бұл үлкен шеберлікті талап етеді.

Қылмыстық және азаматтық істер бойынша соттың екінші сатысындағы прокурор мен адвокаттың сөйлеулері

Соттың екінші сатысындағы прокурор мен адвокаттың сөздері өзінің мақсаты мен міндеті, түрі жағынан бірінші сатыдағы сөйлеулеріне қарағанда мүлдем өзгеше. Сотқа жазатын апелляциялық шағымы бойынша адвокат өз сөзін шығарылған сот үкімінің дұрыс, бұрыстығы жөніндегі түсініктеме беруден құрады. Оның түпкі мақсаты — соттың бірінші сатысындағы шығарған үкімінің күшін жойдыруға тырысу. Адвокат өз сөйлеуінде үкімнің заңсыздығы мен негізділігін тілге тиек етіп, корғаушысының арызын қолдап сөйлейді. Қарсы жақтың шағымын жоққа шығаруға тырысады. Соттың бұл сатысында прокурор наразылықты қолдап, іс бойынша қорытынды сөзін шығарады.

Сот мәжілісіндегі апелляциялық сатыдағы қылмыстық істі қарау барысындағы төрелік айтар сөздің негізгі мазмұны мынаған саяды:

— шығарылған шешім немесе үкімнің дұрыстылығын негіздеу не сынау;

— апелляциялық шағымды немесе наразылықты негіздеу не сынау;

— жинақталған қосымша материалды талдау және бағалау;

— белгілі бір шешім шығаруға (апелляциялық сатыдағы сотқа) ұсыныс айту.

Сонымен әрбір сот сатысындағы сөйленер төрелік сөздің мазмұнына оның өзегін құрайтын осындай негізгі элементтер кіреді. Бұларды айтпай кетуге негіз жоқ.

Прокурор мен адвокаттың сөйлейтін сөздерінің құрылымы олардың ұстанған позицияларына тікелей байланысты келеді. Сотқа берген шағым-түсініктемесінде адвокат тек соның аясында ғана шектеліп қоймайды, істің мән-жайы туралы өзінің жаңаша көзқарасын білдіруге құқылы. Қылмыстық іске, құқықтық тұрғыдан жаңаша бағасын бере сөйлейді. Мұның өзі көбіне көп қылмыстық істегі фактілерге, дәлелдемелерге сот мүшелерінің басқаша баға беруінен келіп туындайды. Адвокат пен прокурор соттағы өз позициясын негіздеу үшін кей қосалқы дәлелдемелерді айғақ ретінде келтірулеріне болады.

Прокурор мен адвокатқа өздері жазған наразылық пен шағымдарын түгел қайталап оқып шығудың қажеті шамалы. Өйткені сот мүшелері онымен алдын ала танысады, мазмұнына қанық. Керегі тек ең сөлін, негізгі желісін басқаша, жаңаша пайымдаумен жеткізсе болғаны. Сот алқасының алдына шығып сөйлейтін сөздерінің жоспары болуы міндетті. Жоспарының мазмұны шағым не наразылықпен өзектес шыққаны ләзім. Алайда өзекті жайға шағым не наразылықтағыдан гөрі барынша кеңінен тоқталады. Сондай-ақ сөздерінде қосымша дәлелдеме, дәйектемелер, заңға сілтемелер келтірулері тиіс. Сөздерінде соттың бірінші сатысында, алдын ала тергеу органдары заңдық тұрғыда қандай бір өрескел бұзулар жасады, бәрі-бәрін назардан «тыс қалдырмай көрсеткені жөн.

Адвокат сот мүшесінің баяндауынан кейін барып шығып сөйлейтін болғандықтан, қылмыстық істе соттың назарына іліге қоймаған кей мәнді орны бар дәлелдемелерге тоқталғаны дұрыс дейді мамандар1. Адвокат өз сөзінде шағымды тынғылықты негіздеп, тұжырымдарын нақтылап, қосымша дәйектемелер келтіруі міндетке саналады2. Адвокат сөзі әуелгі үкімнің не шешімнің заңсыздығы не негізсіздігін қозғаған қысқаша кіріспеден тұрып, содан кейін барып, өз сөзін дәлелдеуге құрады, негізгі бөліктері: үкімнің не шешімнің негіздерін, жәбірленушінің, қарсы жақтың, прокурордың көрсетпелерін сынға алады; өз позициясының негізі болған дәйектемелерге талдау жасайды. Қорытынды бөлікте тұжырымдары мен өтінішін мейлінше айқын етін нақтылай көрсетеді.

Прокурор соттың екінші сатысында шығарылған үкімнің не шешімнің зандылығы әрі негізділігі туралы қорытынды шыгарады. Егер іс наразылық бойынша тындалса, прокурор қорытынды шығарумен бірге, соттың бірінші сатысындағы прокурордың позициясымен байланысты болмаса да, наразылықты негіздейді. Онысы жан-жақты әрі зандық тұрғыда нақты негізделуі шарт. Прокурор соттың назарын шағымда не наразылықта көрсетілмеген, бірақ істі қарауда маңызды орын алатын кейбір мән-жайларға аударуға тырысады. Прокурор шағымда келтірілген әрбір дәлелдемелерге талдау жасауы тиіс. Прокурордың қорытынды сөзі шағымда не наразылықта келтірілген дәлелдемелерге талдау жасаудан, істі жан-жақты, толыққанды қараудан, қылмыстық не азаматтық заңды дұрыс не бұрыс қолданғаны туралы дәлелдеуден тұрады.

Сот шешендігінің алқаби институтын енгізудегі қажеті

Қазіргі кезеңдегі сот төрелігін сөз қылғанда сот жүйесіндегі әділетсіздіктерді айтпай кетуте болмайды. Сот жүйесіндегі әділетсіздіктер — қазіргі қоғамдағы белең алған, әсіресе адам санасына түскен өкінішті дерттердің бірі. Әуел баста тергеуші өз ісін әділ жүргізбегендіктен, жанама дәлелдерге құрылып, жазықсыз мойнына кінә тағылған айыпталушылар дені бүгінгі күні жиі көрініс береді. Бұл — қазіргі кездегі адвокат шеберлігінің, прокурордың кәсіби денгейінің осал түсіп жатқанынан деген қорытынды шығарамыз.

Әділдік категорияларының негізгі принциитері осы жерде босаң тартады. Сот төрелігінде талай жемісті еңбек атқарған заңгер М. Нәрікбаевтың: «Билеріміз айтып кеткен: «Әділ билік болмаса, халқыңды дерт алады» деген сөздер бүгінгі сот төрелігін жүргізіп отырған барлық судьялар үшін күндіз-түні мойнынан тастамайтын тұмары, қолынан түсірмейтін тасбиығы, басшылыққа алып отыратын ең басты шарты дер едім»1 — деп ағынан жарылу тегін емес.

Бүгінгі таңда сот жүйесінде қызмет етіп жүргендер көбінесе жастар не тәжірибесі аз мамандар, Сондықтан судьяның жеке басы, еңбек тәжірибесі үлкен роль атқарады. Өз ісіне берілген, тәжірибесі мол маман ешқашан заң бұзушылыкқа бара алмайды.

Сот жүйесіндегі әділетсіздіктер, қылмыстық істі қарау кезіндегі біржақтылық немесе заң бұзушылық тек судьялардың кінәсінен деп болмайды. Сондықтан қылмыстық істі қарау барысында адам тағдыры шешілетіндіктен айыптаушы мен қорғаушы өз сөйлеулеріне асқан жауапкершілікпен келулері керек. Ендігі бір өзекті мәселе, тілдік қолданыста ұлттық психология, ұлттық дәстүр, ұлттық мәдениет сияқты ұғымдар әбден қалыптасып үлгерген, ал ұлттық құқықтық жүйе деген мүлдем кездеспейді. Кездессе де, соңғы кезде ара кідік бірен-саран ғалымдарымыздың аузынан ғана есітіліп жүр. Негізіен құқықтық жүйенің гуманитарлық салаға жататынын, оның да ұлттық санамыздың болмысынан туындайтын тәртіпті әрекетімізді реттеуші ғылым ендігін ескерсек, оның да ұлттық сипатына баса назар аударудан ұтпасақ ұылмайтынымыз анық. Қазіргі құқықтық жүйеміздің ұлттық сипатымен етене тығыз қабысып жатқан, қазіргі қоғамымыз талап ететін сот тілмарлығының да ұлттық сипатта болуы — зандылық.

Алқаби соттары институты жоқ жерден пайда болған жоқ. Өзіндік даму жолынан өтті. Бүл институт, жазба деректерге жүгінсек, тұңғыш рет XII ғасырда Англияда, ал кейбір мағлұматтар 829 жылы Францияда пайда болғанын көрсетеді. Ал оның біржола қалыптасып, XVIII соңына таман классикалық үлгісінің іргесі қаланды. Сол тұста-ақ кәсіби және кәсіби емес судьялардан құралды. Бұлар екі мақсатты көздеді. К&


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: