Саяси идеология типтері

Идеология – қандай да бір қоғамның немесе әлеуметтік қауым мүдделерін білдіретін көзқарастардың, түсініктердің, идеялардың жүйесі.

Саяси идеология өзінің назарын саяси идеяларға, теорияларға, мүдделерге шоғырлайды. Ол белгілі бір элитаның мүдделері мен мақсаттарының көзқарасы тұрғысынан саяси болмысын тану және түсіндірудің белгілі бір тұжырымдамасы түрінде болады.

Идеологияны корпоративтік сананың нысаны ретінде, қандай да бір тұлғалар тобының билікке деген дәмеленуін ақтайтын иделогиялық доктрина ретінде елестетуге болады.

Әрбір идеологияда қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық даму барысына өзінің көзқарасы, қоғам алдына қойылған міндеттерді шешудің өзіндік әдістері мен құралдары бар.

Саяси идеологияға мынадай функциялар тән:

ü белгілі бір әлеуметтік қауымның (топтың, таптың, ұлттың) мүдделерін білдіру және қорғау;

ü қоғамдық санаға саяси оқиғаларды, саяси тарихтарды бағалаудың өзіндік критерийлерін енгізу;

ü ортақ бағалаулар, құндылықтарының бағдарлануы, саяси түсініктері негізінде адамдардың интеграциясы (бірігуі);

ü жалпы идеологиялық нормалар мен құндылықтар негізінде адамдардың жүріс-тұрысын ұйымдастыру және реттеу;

ü әлеуметтік қауымдастықты қойылған міндеттерді жүзеге асыруға саяси жетектеу және жұмылдырудың уәждерін негіздеу;

ü билікті заңдастыру: үстемдік етуші элитаның қызметін ұтымды негіздеу (ақтау).

Саяси идеология жұмысының негізгі үш деңгейі бар:

ü теориялық-тұжырымдамалық, мұнда негізгі ережелер құрылады және белгілі бір таптың идеалдары мен құндылықтарына негізделеді;

ü бағдарламалық-саяси, мұнда әлеуметтік-философиялық қағидаттар мен идеалдар бағдарламалар тіліне және ұрандарға аударылады, азаматтардың басқарушылық шешімдері және саяси әрекетін қабылдау үшін нормативтік негіз қалыптастырылады;

ü өзекті, ол азаматтардың нақты идеологияның идеяларын, мақсаттарын, қағидаттарын меңгеру деңгейін сипаттайды. Осы деңгейде идеологияның адамдардың тәжірибелік қызметіне ықпал ету дәрежесі анықталады.

САЯСИ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ НЕГІЗГІ ТҮРЛЕРІ

Саяси идеология деп саяси қызметтің әр түрлі субъектілерінің мүдделерін білдіретін және ұйымдасқан саяси әрекеттер үшін теориялық негізді құратын идеялар жүйесін айтады. Идеология әлеуметтік-саяси теория нысанында ресімделеді, содан соң әр түрлі партиялардың саяси бағдарламаларында нақтыланады және адамдардың әрекетін анықтай отырып, шынайы саяси тәжірибеге ықпал етеді. Әр түрлі субъектілердің (тұлғалардың, партиялардың, таптардың, ұлттардың және т.с.с.) мүдделері, олардың қазіргі қоғамды бағалауы, әлеуметтік идеал туралы түсінігі бір-бірінен қатты ерекшеленеді, сондықтан идеологиялары да ерекшеленеді.

Саяси иделогияның, яғни идеология арқылы жүзеге асырылатын азаматтардың санасын қажетіне қарай өзгертудің келесі негізгі функцияларын бөліп көрсетуге болады:

1) бағдарлаушы: идеология саясат субъектілерін берілген әлеуметтік топ құндылықтары мен мүдделері жүйесінде бағдарлайды;

2) жұмылдырушы: идеология оның ізбасарларын белгілі бір саяси белсенділікке итермелейді;

3) біріктіруші: идеология жеке мүдделерге қарсы болады және сәйкес әлеуметтік топ үшін біріктіруші фактор қызметін атқарады.

Саяси идеология қоғамның саяси дамуының факторы ретінде болады. Қоғамда үстемдік етуші идеология мемлекет конституциясында бекітіледі және осылайша, мемлекеттік идеологияға айналады. Соған сәйкес мемлекет әлеуметтік қайта құруларды жүзеге асыруды көздейді. Егер азаматтар конституциялық заңды қолдаса, онда мемлекеттік идеология ұлттық идея мәртебесіне ие болады. Мемлекеттің барлық азаматтарын мүдделер мен құндылықтардың шағын тізілімі ғана біріктіре алатыны сөзсіз. Көптеген әлеуметтік топтарда, қоғамның әлеуметтік таптарында қажетті әлеуметтік қайта құрулар бағдарламасы туралы өзіндік түсініктері мен ұғымдары бар. Бұл саяси идеологияның әр алуан түрлерінде көрініс табады.

Либерализм (лат. liberal is - еркін) тұлғаның демократиялық құқықтары мен бостандықтарын, кәсіпкерлік еркіндік пен парламенттік құрылысты қорғайды. Либералдық идеологияға мыналар тән:

ü жекешілдік –қоғамның немесе басқа әлеуметтік топтың мүдделері емес, тұлғаның мүдделері бірінші орында тұрады;

ü бостандық – басқа құндылықтарға қарағанда бостандыққа басымдылық беріледі, бостандық тек басқа адам бостандығымен ғана шектелуі мүмкін деп саналады; сондай-ақ кәсіпкерлік еркіндікке кепілдік беріледі;

ü ақыл-ой – ең ұтымды шешім ең дұрыс, ал эмоциялар, сезімдер және құштарлықтар жанама мәнге ие;

ü тең құқықтылық - барлығы тең азаматтық және саяси құқықтар мен бостандықтарға (алайда бұл бәрінде бірдей табыстар немесе бірдей әлеуметтік жағдай болуы керек дегенді білдірмейді) ие;

ü толеранттылық – барлығы өзге көзқарастарға, пікірлерге, нанымдарға, діншілдікке кеңпейілділік және құрметпен қарауы тиіс; саяси сан алуындылық та қошталады;

ü келісім – саяси және басқа әлеуметтік қатынастар зорлыққа емес, өзара келісулерге (мысалы, демократиялық сайлауға) негізделуі тиіс;

ü конституциялылық – билік заңмен шектеледі, ал саяси тежеулер және қарама-қарсылықтар жүйесі конституцияда көзделуі тиіс.

ХХ ғасырда неолиберализм теориясы әзірленген, оған сәйкес мемлекеттің негізгі функциялары еркін кәсіпкерлікті қорғау, монополизммен күресу, жеке іскерлікті дамыту болып табылады.

Консерватизм (лат. conservare - күзету), әдетте, либерализмге қарама-қарсы қойылады. Бұл идеология дәстүрлі әлеуметтік тәртіпті қорғауға, әр түрлі жаңашылдықтарға және өзгерістерге қарсы әрекет етуге бағытталған. Консерватизм үшін мыналар тән:

ü дәстүрлілік – ғұрыптарды, дәстүрлерді, көнені қоғамдағы тұрақтылық негізі ретінде құрметтеу; консерватизм отбасы құндылықтарын, дінге, үлкендерге құрметті насихаттайды;

ü адамның мінсіз еместігі – әр адам консерватизммен шектелген, тәуелсіз, менменшіл ретінде қабылданады; тек қатаң әлеуметтік бақылау ғана оны ортақ игілік үшін әрекет етуге мәжбүрлей алады;

ü иерархиялылық – әр түрлі әлеуметтік орындар мен мәртебелер және қоғамдағы адамдардың осымен байланысты теңсіздігі қалыпты және қажетті болып табылады;

ü тәртіп – қоғам тек мемлекет заң мен тәртіпті белгілесе ғана тіршілік ете алады,

ü патернализм – мемлекет (отбасы отағасы ретінде) индивидке қамқоршы болуы және оны бақылауы тиіс; мемлекеттік құндылықтар жеке мүдделерден жоғары тұрады;

ü жеке меншік – консерватизм, әдетте, жеке меншіктің қол сұғылмаушылығын қолдайды.

ХХ ғасырда неоконсерватизм құрылды, оның міндеті батыс құндылықтарын қорғау және тарату болды. Консерватизмнің айрықша белгісі жаңашылдықтарға қарсы бар жағдайды қорғау болып табылатындықтан, неоконсерватизм көптеген орныққан либералдық құндылықтарды - құқықтар мен бостандықтарды, кәсіпкерліктің еркіндігін қорғау болып табылатындығы таңдандырмайды. Бұл ретте, ол осы құндылықтарды дәстүрлі құндылықтармен (отбасы, діни, патриоттық) тығыз байланыстыруға тырысады. Өз кезегінде, неоконсерватизм мультимәдениеттілік пен бақыланбайтын көшіп-қону қауіптілігіне байланысты заманауи либерализмнің аса толеранттылығына қарсы болды.

Социалистік идеология (лат. socialis - қоғамдық) идеал ретінде әлеуметтік әділеттікті және теңдік қағидаттарын ұсынады. Социализм элементтері мыналар болып саналады:

ü теңдік – кез келген әлеуметтік теңсіздік жойылуы тиіс;

ü қоғам басымдылығы – индивид қоғамға байланысты және оның барлық әрекеттері әлеуметтік тұрғыда берілген; қоғам мүдделері тұлға мүдделерінен жоғары;

ü ұжымдылық – барлық адамдар рухани бауырластықпен байланысқан, ал ұжымдық өзара әрекеттесу жалғызбастылардың әрекетінен тиімдірек;

ü қоғамдық меншік – жеке меншік теңсіздіктің көзі болып табылады және қоғамдық меншікпен алмастырылуы тиіс;

ü адамдардың жаппай бірігуі – социализм саясатты таптардың күресі, қанаушылар және қаналушылар күресі ретінде қарастырады; социализм мақсаты – тапсыз қоғамды орнату;

ü жоспарлы шаруашылық – экономика толығымен халық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін мемлекетпен реттеледі.

Әлеуметтік-демократиялық идеология социалистік идеологияның нұсқасы болып табылады. Осы идеологияны жақтаушылардың айтуынша, әлеуметтік әділеттілік және теңсіздік қоғамына біртіндеп өту қажет. Осы өтудің тетігі – революция және зорлық емес, әлеуметтік реформалар болуы керек. Әлеуметтік-демократтар еркін нарық және мемлекет арасындағы ымыраға келуге тырысады. Олар капитализмге қарсы емес, бірақ табыстар байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты қысқарту үшін мемлекет ауқатсыздардың пайдасына қайта бөлуі тиіс деп санайды.

Коммунистік идеология – социалистік идеологияның тағы бір нұсқасы. Оның теориялық негіздемесін Карл Маркс (1818-1883) және Владимир Ильич Ленин (1870-1924) қабылдаған. Коммунистер реформалар қоғамды әлеуметтік әділеттілікке әкеле алмайды, себебі үстемдік етуші таптар өзінің билігін өз еркімен беруді қаламайды деп санайды. Сондықтан да жалғыз дұрыс жол - капитализмді жоятын революциялық қысым. Ленин революциядан соң, жұмысшылар коммунистік партия жетекшілігімен қоғамды теңдік және әділеттілік негізінде қайта құрады деп ойлады. Коммунистік идеология үшін идеал «әрбіреуден - қабілеті бойынша, әрбіреуге - қажетіне қарай» қағидаты жүзеге асырылатын тапсыз коммунистік қоғам болып табылады.

Фашизм идеологиясы ( итал. fascio - бума, байлам) Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс арасында терең экономикалық дағдарыс пен саяси тұрақсыздық аясында қалыптасты. Оған милитаристік риторика, күшке табынушылық, батырлықты романтикалау және өзін-өзі құрбан ету, әскери зияткерлікке қарсы, ұлттық біртұтастыққа шақыру және харизмалық көсем айналасына жиналу тән. Фашизмде тектілік (ұлт және нәсіл) жеке сипаттамалардан жоғары бағаланды. Жалпы алғанда, фашизм ұлттық және нәсілдік артықшылықты, зорлықты және ұлтшылдықты насихаттады. Фашизм идеяларын тәжірибе жүзінде іске асыру ондаған миллион адамның қаза болуына әкелді.

Анархизм (грек. anarchia - биліксіз) идеологиялық спектрдің басқа жағында орналасады. Осы идеологияға тән белгі мемлекеттік билікті жоққа шығару болып табылады. Анархистер мемлекеттік билік – зорлық нысаны және оны жою керек деп санайды. Еркін индивидтер немесе шағын қауымдастықтар өзінің істерін мемлекетсіз – бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, тауар алмасып, еркін келісімдер жасасып, шеше алады.

Айтылған идеологиялардан басқа қазір қалыптасу кезеңін басынан өткеріп жатқан тағы да екі әлеуметтік-саяси көзқарасты атауға болады: феминизм (лат. femina - әйел), кемсітудің барлық нысандарының, әсіресе әйелдердің еркектермен кемсітілуінің жойылуын қолдайды; және энвайронментализм (ағыл. environment - қоршаған орта) табиғатты қорғауға шақырады. Осы көзқарастардың жүйелері саяси бағдарламаларға және саяси қызметке барған сайын үлкен ықпал етіп келеді.

 

5-тезис. Саясаттың қажеттілігі, функциялары және бағыттары

Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттары:

11.2.2.1 Қазақстан саясатының функциясын, құрылымын, түрлерін анықтау.

 

Саясат – мемлекет ішінде және мемлекеттер арасында қоғам қауіпсіздігіне қол жеткізу мақсатында билікті бөлу және жүзеге асырумен байланысты қызмет саласы.

САЯСАТТЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Саясатта өзінің негізін қалаушы әлеуметтік негізі ретінде қоғамның өзін-өзі реттеудің, біртұтастықты және бірлікті қолдаудың шынайы қажеттілігі бар.

Қоғам өзінің құрылымы бойынша үйлесімсіз. Сәйкес келмейтін, тіпті тікелей бір-біріне қарама-қарсы мүдделері, талпыныстары, идеологиялары бар әр түрлі таптар мен әлеуметтік топтардың (кәсіби, демографиялық, этникалық және т.с.с.) болуы олардың бір-бірімен қақтығысуына және күресуіне әкелетіні сөзсіз. Сондықтан да әр уақытта және барлық халықтарда болған қалыпты күрес «барлығы барлығына қарсы» соғысына айналып кетпеуі үшін, оны болдырмау функциясын өзіне алатын және қоғамдық реттеу мен тәртіптің қажетті минимумын қамтамасыз ететін айрықша күшке ие ұйым талап етіледі. Қоғамның өзін-өзі сақтау функциясын саясат және ең алдымен, мемлекет сияқты оның ең жоғарғы субъектісі тұлғасында атқарады. Саясатты «бірге тұру өнері, көпшілік арасында біртұтас бола білу өнері» деп анықтайтыны тегін емес.

САЯСАТТЫҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ

Қазіргі қоғамдарда саясат қоғамдар қалыпты дами алмайтын мынадай аса маңызды функцияларды орындайды:

1) қоғамның барлық топтары мен таптарының қоғамдық маңызды мүдделерін білдіру. Мүдделерді білдіруге мыналар қамтылады: а) мүдделерді тану; ә) оларды идеологияға ресімдеу; б) саяси партияны немесе қоғамдық қозғалысты құру арқылы мүдделерді институттандыру.

2) қоғамың біртұтастығын және тұрақтылығын қамтамасыз ету функциясы. Ол саясатпен болашақ жобаларды, әлеуметтік бағдарларды және дамудың бағыттарын, оларды ресурстармен қамтамасыз ете отырып анықтау арқасында жүзеге асырылады;

3) әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін біртұтастық мүдделеріне бағындыру есебінен біріктіру. Саясат бірыңғай жалпы халықтық мүддені білдіруге және онда әрбір әлеуметтік топтың орнын анықтауға арналған.

4) жұмылдыру және жалпы қызметті тиімді ету функциясы. Саясат ілгері дамудың құнды-маңызды мақсаттарын белгілеп, олардың іске асырылуын дамыған ынталандыру тетігін құру жолымен, индивидке әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді мүмкіндіктерін ұсына, билік көмегімен әлеуметтік мәртебені өзгерте отырып, қамтамасыз етеді;

5) басқарушылық және реттеушілік функциялары. Қоғамның әр түрлі топтарының аса маңызды мүдделері мен қажеттіліктерін білдіре отырып, саясат олардың өзара әрекеттесуін және саяси шешімдерді қабылдау жолымен оларға әсер етуді жүзеге асырады. Саясат топ мүдделеріне әсер ете отырып, әлеуметтік мәжбүрлеу және зорлауды пайдаланып, әлеуметтік үдерістерді реттейді;

6) оңтайландыру функциясы. Саясат топтық және жеке мүдделерін айқын елестете отырып, оларға өкілдік ету және жүзеге асырудың жалпы қағидалары мен тетіктерін әзірлейді. Осылайша, саясат даулар мен қарама-қайшылықтарды оңтайландырады, ескертеді және өркениетті түрде реттейді.

7) саяси әлеуметтендіру функциясы. Саясат топтық және жеке мүдделерін жүзеге асыру үшін кең мүмкіндіктерді аша отырып, тұлғаны әлеуметтік қатынастарға қосады, оны қайта құру қызметінің, рөлдер мен функциялардың тиімді орындау тәжірибесі мен дағдыларымен жасақтайды.

8) гуманитарлық функция. Бұл функция тұлға құқықтарына және бостандықтарына кепілдік жасаудан, қоғамдық тәртіпті, азаматтық әлемді және ұйымдасуды қамтамасыз етуден құралады.

9) қоғамдық дамудың инновациялық сипатын қамтамасыз ету. Бұл саясат қоғамның экономикалық және әлеуметтік даму қажеттіліктерінің саяси нысандарына сәйкестігін қамтамасыз етуге арналғандығын білдіреді. Басқаша айтқанда, саясат экономикалық және әлеуметтік даму үшін қолайлы жағдай жасауы тиіс.

САЯСАТТЫҢ БАҒЫТТАРЫ

Кез келген қоғамда саясат бірнеше бағытты ұстанады:

- ішкі саясат (мемлекет ішіндегі субъектілер арасындағы өзара қарым-қатынастарды жүзеге асырады);

- әлеуметтік саясат (қоғамның әр түрлі әлеуметтік таптар мүдделерінің келісілуін қамтамасыз етеді, тапаралық, қауымаралық, этникааралық, конфессияаралық және қоғамның өзге қатынастарын үйлестіреді, әлеуметтік төрелікті жүзеге асырады);

- ұлттық саясат ( этникалық қатынастардың дамуын және сұхбаттасуын қамтамасыз етеді);

- демографиялық саясат (халықтың қоныстануын, көшіп-қону үдерістерінің реттелуін қамтамасыз етеді);

- экономикалық саясат (мемлекет экономикасының, оның салаларының, шаруашылық салалары мен аудандарының теңгерімді дамуын қамтамасыз етеді);

- аграрлық саясат (экономиканың аграрлық секторының дамуын, жер қатынастарының құқықтық негізделуін қамтамасыз етеді);

- ғылыми-техникалық саясат (мемлекеттің ғылыми-техникалық дамуын және ғылыми-техникалық прогресін ұйымдастырады);

- мәдени саясат (мемлекеттің шығармашылық күштерінің дамуын, қоғамның білім беру және ағарту қорының, рухани-шығармашылық прогресін қамтамасыз етеді);

- сыртқы саясат (сыртқы саяси қызмет субъектілерінің қатынастарын реттейтін мемлекеттің бағдарын анықтайды);

- әскери (қорғаныс) саясат (егемендіктің сенімді қорғанысын, мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен шекараларының қорғанысын, іскери күш пен әскери-өнеркәсіптік кешеннің дамуын қамтамасыз етеді);

- геосаясат (шетел мемлекеттерімен экономикалық, әлеуметтік, саяси, құқықтық, әскери, гуманитарлық әріптестік мәселелерін шешеді, мемлекеттің қазіргі кездегі жаһандық проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз етеді);

- әлемдік саясат (өз мемлекетінің жаһандық қауымдастықта, халықаралық қатынастар жүйесіндегі сенімді және лайықты орынмен халықаралық ұйымдар қызметіне қатысуын, халықаралық мәселелерді және жанжалдарды шешуге қатысуын қамтамасыз етеді).

6-тезис. Мемлекеттік аппарат және ішкі саясат

Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттары:

11.2.2.2 Қазақстанның мемлекеттік билігін басқа елдермен салыстыру;

11.2.2.4 Қазақстанның мемлекеттік аппараты мен органдарының құрылымын, қызметін, қағидаттарын талдау;

11.2.2.4 Қазақстанның ішкі мемлекеттік саясатын зерттеу.

МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ

Мемлекет әлеуметтік институт ретінде мемлекеттік аппарат түрінде беріледі. Мемлекеттік аппарат - мемлекет өзінің негізгі функцияларын атқара алатын басқарушылық, атқару-иелік ету және қадағалау органдарының жүйесі.

Мемлекеттік аппараттың әр түрлі органдары өзінің функциялары шеңберінде барлық азаматтардың мүдделерін қорғау үшін қоғам ресурстарына иелік етуге арналған.

Мемлекеттік аппараттың негізгі қағидаттары:

ü конституциялық, кез келген әрекеттер мен бастамалардың заңдылығы;

ü құрылымының, мөлшерінің және мемлекет органдары мен оның аппаратының функциялары бөлінісінің ұтымдылығы;

ü мемлекеттік аппараттың өз жұмысының нәтижелеріне жауаптылығы;

ü мемлекеттік мекемелер мен оның қызметкерлері жұмысының саяси ниеттестігі, идеологиясыздануы;

ü лауазымды тұлғаларының кәсіпқойлығы, құзыреттілігі.

Мемлекеттік аппарат жүйесіне мынадай элементтер кіреді:

ü заң шығарушы және өкілдік билік органдары (ең алдымен, парламент, жергілікті заңнамалық немесе өкілдік органдар);

ü атқарушылық билік органдары (үкімет, жергілікті атқару органдары);

ü сот органдарының жүйесі;

ü қадағалау және басқа бақылаушы органдар жүйесі.

Мемлекеттік аппаратқа саяси шешімдерді қабылдайтын тұлғалардан басқа шешімдердің білікті дайындалуын жүзеге асыратын әкімшілік құрылымдар (департаменттер, басқармалар, комитеттер, бөлімдер және т.с.с.) кіреді.

Мемлекеттік аппараттың жұмысы қоғам үшін аса маңыздылығына байланысты саяси шешімдерді қабылдайтын тұлғалар (президент, үкімет басшысы, бас прокурор, судьялар, депутаттар және саяси элитаның басқа санаттары) үшін қол сұғылмаушылық мәртебесінің белгіленуін көздейді. Мемлекеттік аппарат қызметкерлеріне, бір жағынан, олардың функцияларының ерекшелігіне байланысты құқықтары мен өкілеттіктерінің кейбір шектелуін, екінші жағынан - белгілі бір жеңілдіктердің және қорғау жүйелерінің болуын көздейтін мемлекеттік қызметшілер мәртебесі белгіленеді. Мемлекеттік аппарат мекемелерінде қызметтен кету институты бар. Бұл мемлекет және оның саясаты мүддесіне сәйкес заңнама негізінде нақты мамандарды алмастыру және шеттетудің арнайы тәртібі мен рәсімдерін білдіреді.

ІШКІ САЯСАТ БАҒЫТТАРЫ

Ішкі саясат – мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, ғылыми, білім беру, демографиялық, құқық қорғау, әскери және қоғамдық өмірдің басқа аса маңызды салаларындағы қызметі бағыттарының жиынтығы. Мемлекет ішкі саясат мақсаттарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджет, салықтар, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі, ғылымды, білім беруді, денсаулық сақтауды, сот және құқық қорғау органдарын қаржыландыру сияқты құралдардың кең спектрін пайдаланады.

Мемлекеттің қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларындағы саясаты орталық өкіметтің жалпы мемлекеттік деңгейімен шектелмейді. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттегі басқару үш деңгейде жүзеге асырылады: жалпы мемлекеттік, өңірлік және жергілікті. Сәйкесінше, саясат та осы үш деңгейде жүзеге асырылады.

Мемлекеттің ішкі саясатының әр түрлі бағыттары болады: экономикалық, индустриалдық, аграрлық, әлеуметтік, әскери, жұмыспен қамту саласында, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәртіпті сақтау және т.с.с.

Мысалы, қоғамдық өмірдің басты салалары: экономика, көлік, энергетика, әлеуметтік сала, ғылымда, білім беруде және т.б. инфрақұрылымды құру және тиісті тәртіпте сақтауда басты рөл мемлекетке берілген. Ол кәсіпкерлік қызметтің еркіндігіне, меншік иесі құқықтарының қорғалуына және тұтынушылар құқықтарының және т.с.с. кепілі қызметін атқарады.

Әсіресе, монополияға қарсы немесе трестке қарсы заңнама ерекше орын алатын мемлекеттің бәсекелестік ортаны қолдау кепілі ретіндегі рөлі таптырмайды. Мемлекет ұлттық валютаның сенімділігін және ақша жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін валюталық және қаржы саласында таптырмайтын рөлді атқарады. Мемлекет саясатындағы басты орынды мемлекеттік бюджетті құру, қабылдау және бөлу алады.

Мемлекет қызметінің аса маңызды бағыттарының бірі әлеуметтік саясат болып табылады, ол мемлекетпен халықтың кең топтарының әл-ауқатын қамтамасыз ету, халықтың әр түрлі топтары табыстарындағы үйлесімсіздікті болдырмау, әлеуметтік теңсіздік салдарын азайту және жеңілдету, ауқатсыз және аз қамтылғандардың, егде жандар мен мүгедектердің өміріне қанағаттанарлықтай жағдай жасау және т.с.с. қамтиды.

Осы бағытта мемлекеттің ғылым, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы саясаты аса маңызды. Жалпы алғанда, әлеуметтік саясат қоғамды тұрақтандыру, әлеуметтік және саяси тұрақсыздықты жеңу функциясын орындайды, ал бұл қоғам және мемлекеттің өмірге қабілеттілігі мен тиімді жұмысы үшін шешуші мәнге ие. Әлеуметтік саясат қоғамдық өмірдің барлық салаларын дерлік және берілген мемлекет азаматтарының басым көпшілігіне қатысты сұрақтардың кең көлемін қамтитыны анық.

Осы саладағы саясаттың тиімділігін пайдалылық мен бәсекелестікке қабілеттілік көрсеткіштері бойынша бағалауға болмайды және мүмкін емес.

Бұл тұрғыда нәтижелерін экономика саласында қабылданғандай материалдық өтімділік немесе өтімсіздігі, өнімнің табыстылығы және бәсекелестікке қабілеттілігі терминдерімен өлшеуге болмайтын салалардың және институттардың бар болғаны маңызды. Мұнда негізін қалайтын мағынаға әлеуметтік әділеттікті және қоғамның рухани саулығын қамтамасыз ету критерийлері ие болады.

Атап айтқанда, білім беру және денсаулық сақтау жүйелері, жұмысқа қабілетсіз халыққа әлеуметтік көмек, негізін қалаушы ғылым, мемлекеттің қорғану қабілетін қолдау, құқықтық тәртіпті қорғау және т.б. Әр түрлі жанжалдары бар қоғамда туындайтын басқарудың маңызы аса зор. Мұнда ең басты мақсат шиеленісті болдырмау, бейтараптандыру, реттеу, шешу болып табылады.

Мемлекеттік саясаттың дербес объектісі ұлтаралық қатынастар болып табылады. Бұл көпұлтты мемлекеттерде аса маңызды мәнге ие. Қазіргі заманда көптеген мемлекеттер көпұлтты екені белгілі. Этноұлттық фактор алдыңғы жоспарға шыққан және көптеген қарама-қайшылықтардың катализаторына және тіпті әскери жанжалдарына әкелетін жағдайларда бұл мәселе өршіп келе жатқан мәнге ие болады.

Мемлекеттің осы бағыттағы ұлтаралық саясаты құқықтық, әлеуметтік, мәдени, саяси реттеуді қамтамасыз етуге арналған. Мемлекетке жекелеген адамның немесе азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүдделерін ғана емес, сондай-ақ этноұлттық, конфессиялық, мәдени және өзге азшылдықтарды олардың әлеуметтік мәртебелері, нәсілі, ұлты және дініне байланысты мүдделерін қорғау мен қамтамасыз ету сияқты айрықша жауапкершілігі жүктеледі.

Ішкі саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қоршаған ортаны қорғау және сауықтыру немесе адамның экологиялық саясатына бағытталған саясат болып табылады. Оның мақсаты табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және жаңарту, адамның қалыпты жұмысын және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін био- және әлеуметтік салаларын сақтау және дамыту болып табылады.

Әскери саясат – мемлекеттің сыртқы және ішкі қауіптерден ұлттық қауіпсіздігін, ұлттық мүдделерді қорғау және жүзеге асыру, аумақтық тұтастығын және егемендігін және т.с.с. қамтамасыз етуге арналған мемлекеттің жалпы саясатының бөлігі. Мемлекет саясатының басты мақсаты – мемлекеттің қорғану қабілеттілігін нығайту бойынша шараларды, ең алдымен, әскери күштерді тиісті деңгейде сақтау, ал қажет болғанда, өсіру жолымен әзірлеу және жүзеге асыру.

Жоғары құндылықтар болып табылатын адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мемлекетке беріледі және мемлекет өзінің функциялары арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, қоғамның қауіпсіз тіршілігін қамтамасыз етуге міндетті. Осы салада басты рөл құқық қорғау органдарына: полицияға, прокуратураға, сот жүйесіне тиесілі.

Құқық қорғау жүйесі адамды басқа азаматтар немесе мемлекет өкілдері тарапынан заңсыз әрекеттерден қорғалуын қамтамасыз ететін мемлекеттік-құқықтық құралдардың, әдістердің және кепілдіктердің жиынтығы түрінде болады. Оның міндетіне әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың бұзылуын болдырмау бойынша шараларды жүзеге асыру, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың, оның ұжымдарының және ұйымдарының құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау және институттардың бүкіл кешенін және азаматтық қоғам қатынастарын жаңғырту мен нығайту жатады. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттің құқық қорғау саласындағы саясатының тиімділігі азаматтардың құқықтық оң әрекетін көтермелеумен тікелей байланысты құралдары мәжбүрленуінің және белсенді етуінің дәрежесімен, олардың қолданыстағы заңдарды және нормативтік-құқықтық нормаларды сақтау дәрежесімен анықталады.

Мемлекеттің ішкі саясаты осы аталған бағыттармен шектелмейтіні сөзсіз, бірақ оларды тиімді шешілуінен қоғам мен мемлекеттің әл-ауқаты және болашағы байланысты болатын басты бағыттары деуге болады. Жалпы алғанда мемлекеттің ішкі саясаты әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымның құрылуында және қорғалуында, азаматтық қоғамның барлық институттарының қорғалуында және олардың тіршілік етуінің тиісті жағдайларын және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады деуге болады.

 

7-тезис. Қоғамның анықтамасы, тіршілік ету орталары және институттары

Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаты:

11.3.1.1 Қазақстан қоғамының құрылымын сипаттау;

11.3.1.4 негізгі қоғамдық әлеуметтік институттардың рөлін бағалау.

ҚОҒАМНЫҢ АНЫҚТАМАСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫМЫ

Қоғам -бекітілген бірлескен аумағы, жалпы мәдени құндылықтары және ортақ заңнамалық жүйесі, сондай-ақ ортақ әлеуметтік нормалары, оның мүшелерімен бірге әлеуметтік-мәдени біркелкілікті құруға және біртұтас нәрсеге қатыстылығын сезінуге мүмкіндік беретін жүріс-тұрыс қағидалары бар адамдардың бірлестігі.

Қоғам мыналардан құралады:

ü тұратын жері бойынша (қалалар, ауылдар, елдімекендер), жұмысы бойынша (кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер), оқу орны бойынша (мектеп, институт, университет) біріккен көптеген тұлғалар, азаматтар;

ü адамдар ие болатын көптеген әлеуметтік орындар немесе мәртебелер, сондай-ақ әлеуметтік функциялар (азаматтар, басшылар, әр түрлі деңгейдегі депутаттар, саяси және қоғамдық ұйымдардың қайраткерлері);

ü адамдардың, қоғамдық институттар және жүйелер жұмысының ерекшеліктері мен мазмұнынының қандай да бір дәрежесін анықтайтын көптеген әр түрлі нормалар мен құндылықтар.

Қоғамның тіршілігі негізгі төрт салада жүзеге асырылады: экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани.

Экономикалық сала дегеніміз - өндірістің, мамандану мен кооперацияның, тұтынудың, айырбастаудың және бөлудің бірыңғайлылығы. Ол индивидтердің материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті тауарлардың өндірісін қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік саланы адамдардың этникалық қауымдары (ру, тайпа, халық, ұлт және т.с.с.), әр түрлі таптар (құлдар, құл иеленушілер, шаруалар, пролетариат, буржуазия) және әр түрлі материалдық жағдайға және қолданыстағы қоғамдық тәртіптерге қатынасына ие басқа әлеуметтік топтар құрайды.

Саяси сала - адамдар басқаратын билік құрылымдары (мемлекет, саяси партиялар, саяси қозғалыстар).

Рухани (мәдени) сала философиялық, діни, шығармашылық, құқықтық, саяси және адамдардың басқа көзқарастарын, сондай-ақ олардың көңіл-күйлерін, қоршаған орта туралы пікірлерін, дәстүрлерін, ғұрыптарын және т.с.с. қамтиды.

ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТТАР

Әлеуметтік институт – тарихи қалыптасқан, қоғамда белгілі бір функцияларды, соның ішінде ең бастысы – әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыруды іске асыратын адамдардың бірлескен қызметін ұйымдастырудың тұрақты нысаны. Олар қоғамның аса маңызды (негізін қалаушы) өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Жалпы саны төртеу, бірақ төртеуі де негізгі әлеуметтік институттар болып табылады:

ü отбасы және неке институты – адамдардың көбею қажеттілігі,

ü экономикалық институттар – тіршілік ету құралдарын табу қажеттіліктері,

ü саяси институттар – қауіпсіздік және әлеуметтік тәртіп қажеттілігі,

ü рухани институттар – рухани мәселелерді шешу қажеттілігі, жаңа білімдерді әзірлеу және беру, өсіп келе жатқан ұрпақты әлеуметтендіру.

Әлеуметтік институттардың мақсаттары мен функциялары. Әрбір әлеуметтік институт қызмет мақсаттарының және оған жетуді қамтамасыз етудің нақты функцияларымен сипатталады.

 

Функциялары Басты институттары Қоғам салалары Негізгі рөлдері Физикалық белгілері Символдық белгілер Қоғамның осы саласының басқа институттары
Балалар қамқорлығы, тәрбиесі Отбасы, Мұрагерлік Әлеуметтік (отбасы-некелік қатынастар) Әке Ана Бала Үй Ахуал Сақиналар Некелесу Келісімшарт Неке, аналық, әкелік және т.б.
Тамақ, киім, тұрғын үй табу Жеке меншік Экономикалық сала Жұмыс беруші Жалдамалы қызметкер Сатып алушы Сатушы Фабрика Кеңсе Дүкен Ақша Сауда Жарнама Ақша, айырбастау, шаруашылық қатынастар және т.б.
Заңдарды, қағидаларды және стандарттарды қолдау Билік Мемлекет Саяси сала Заң шығарушы Құқық субъектісі Қоғамдық ғимараттар және жерлер Ту Хартия Билік, мемлекет, биліктің бөлінісі, парламентаризм, жергілікті өзін-өзі басқару және т.б.
Жиылыстық қатынастар мен нұсқамаларға қолдау көрсету, сенімді тереңдету Дін Рухани сала Дін қызметшісі Христиан шіркеуіндегі діни қауымның мүшесі Собор Шіркеу Мешіт Синагога Ғибадатхана Крест  
Адамдарды әлеуметтендіру, негізгі құндылықтарға және тәжірибелерге ортақтастыру Білім беру Рухани сала Ұстаз Шәкірт Мектеп Колледж Оқулық Диплом Дәреже Қоғамдық пікір, БАҚ және т.б.

8-тезис. Қоғамның стратификациясы

Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаты:

11.3.1.2 Қазақстан қоғамын жіктеу.

ҚОҒАМНЫҢ СТРАТИФИКАЦИЯСЫ

Әлеуметтік стратификация деп қоғамда өкілдері биліктің және материалдық байлықтар, құқықтар және міндеттердің, басымдықтардың және абыройларының тең емес көлемімен ерекшеленетін көптеген әлеуметтік құрылымдардың болуы түсініледі. Осындай иерархиялық құрылымда бөлінген әлеуметтік мәдени игіліктерінде әлеуметтік қабаттасудың болмысы көрсетіледі; оның көмегімен кез келген әлеуметтік жүйеде қызметтердің бір түрлерін және өзара әрекеттесуді көтермелеу мен басқаларға төзімділікпен қарау және үшіншілерді басу мүмкіндігі туындайды.

Қазіргі әлеуметтануда әлеуметтік ратификацияның келесі негізгі критерийлерін бөліп қарау қабылданған:

ü кіріс – белгілі бір кезең үшін ақшалай түсімдерінің мөлшері (ай, жыл);

ü байлық – жиналған табыстары, яғни қолма-қол ақша немесе заттанған ақшалардың мөлшері (екінші жағдайда олар жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік түрінде болады);

ü өкімет – өзінің еркін жүзеге асыру, басқа адамдардың қызметіне әр түрлі құралдардың (бедел, құқықтар, зорлық және т.б.) шешуші ықпал етуін көрсету қабілеті және мүмкіндігі. Өкімет өзі қолданылатын адамдардың мөлшерімен өлшенеді;

ü білім беру – оқу барысында алынған білімдердің, іскерліктің және дағдыларының жиынтығы. Білім беру деңгейі оқу жылдарымен өлшенеді.

ü абырой – тартымдылықтың, қандай да бір кәсіп, лауазым, белгілі бір жұмыс маңыздылығының қоғамдық бағалануы.

Тарихта стратификацияның үш негізгі типі келтірілген - касталар, сословиелер және таптар.

Касталар (португ. casta - ру, ұрпақ, шыққан тегі) - ортақ шыққан тегімен және құқықтық мәртебемен байланысқан жабық қоғамдық топтар. Кастаға мүше болуы тек қана туылуымен анықталады, ал әр түрлі каста өкілдері арасында некелесуге тыйым салынады. Әйгілі касталардың бірі Үндістанның касталық жүйесі (1-кесте) ежелден халықты төрт варнаға (санскритте бұл сөз «түр, ру, түс» дегенді білдіреді) бөлуге негізделген. Аңыз бойынша варналар құрбандыққа шалынған алғашқы адам денесінің әр түрлі бөлігінен құралған.

Сословиелер - құқықтары мен міндеттері құқықта және мұрагерлікпен берілетін дәстүрлерде бекітілетін әлеуметтік топтар.

Таптар (ат. classis - разряд) - меншікке деген қатынасы бойынша ерекшеленетін адамдардың үлкен топтары. Қазіргі әлеуметтануда таптар туралы кең мағынада жиі айтады - бұл табыс, абырой және билік арқылы ұқсас өмірлік мүмкіндіктері бар адамдардың жиынтығы.

Бүгінгі таңда әлеуметтануда бар әлеуметтік стратификацияның әлеуметтік үлгілерінің әртүрлілігіне қарамастан, ғалымдардың көбі таптың негізгі үш түрін бөледі: жоғарғы, орта және төменгі. Бұл ретте индустриалдық дамыған қоғамдарда жоғарғы тап үлесі шамамен 5-7%; орта - 60-80% және төмен тап - 13-35% құрайды.

Әлеуметтанушылар көп жағдайда әрбір тапты өз ішінде бөледі. Мәселен, американдық әлеуметтанушы У.Л. Уорнер (1898-1970) өзінің белгілі «Янки-Сити» зерттеуінде алты тапты бөліп көрсетті:

ü жоғарғы-жоғарғы тап (биліктің, байлықтың және абыройдың елеулі ресурстарына ие беделді және бай әулет өкілдері);

ü төменгі-жоғарғы тап («жаңа байлар» - банкирлер, саясаткерлер, айтулы тегі жоқ және қуатты рөлдік қауымдарды құрып үлгермеген саясаткерлер);

ü жоғарғы-орта тап (табысқа жетуші бизнесмендер, қорғаушылар, кәсіпкерлер, ғалымдар, менеджерлер, дәрігерлер, инженерлер, журналистер, мәдениет және өнер қайраткерлері);

ü төменгі-орта тап (жалдамалы қызметкерлер-инженерлер, клерктер, хатшылар, қызметшілер және «ақ жағалар» деп атау қалыптасқан басқа санаттар);

ü жоғарғы-төменгі тап (көбіне дене еңбегімен айналысатын жұмысшылар);

ü төменгі-төменгі тап (кедейлер, жұмыссыздар, баспанасыздар, шетел жұмысшылары, тапсызданған элементтер). Төменгі-төменгі тап – әр түрлі себеп салдарынан қоғам құрылымына ене алмайтын халық топтары. Шындығында, олардың өкілдері әлеуметтік-таптық құрылымнан шығарылған, сондықтан оларды тапсызданған элементтер деп те атайды.

Тапсызданған элементтерге люмпендер - дуаналар, қайыршылар, сондай-ақ маргиналдар - өзінің әлеуметтік сипаттамаларынан айырылған және оның орнына нормалар мен құндылықтардың жаңа жүйесін алмағандар жатады, мысалы, экономикалық дағдарыс салдарынан жұмыссыз қалған зауыттардың бұрынғы жұмысшылары немесе индустриаландыру барысында жерлерінен қуылған шаруалар.

Әлеуметтік стратификацияның басқа да сызбалары бар. Бірақ олардың барлығы мынаған саяды: негізгі емес таптар негізгі таптар - байлар, ауқатты және кедейлер ішіндегі страттар мен топтардың қосылуы есебінен туындайды.

Осылайша, әлеуметтік стратификация негізінде адамдардың әлеуметтік өмірінде көрініс табатын және иерархиялық сипатқа ие адамдар арасындағы табиғи және әлеуметтік теңсіздік жатыр. Оны әр түрлі әлеуметтік институттар тұрақты қолдайды және реттейді, үнемі қайта жаңғырады және түрленеді, бұл кез келген қоғам жұмысының және дамуының маңызды шарты болып табылады.

Тарих бірде-бір қоғам бір орында тұрмайтынын, үнемі өзгеретінін немесе дамитынын көрсетеді. Сондай-ақ бұл өзгерістер сипаты жағынан әр түрлі болуы мүмкін.

Қалаулы бағытта тік сызық бойымен даму прогресс, төмен қарай даму - регресс, құлдырау деп аталады.

Прогресс Регресс
төменнен жоғары қарай жоғарыдан төмен қарай
аз жетілдірілгеннен көбірек жетілдірілгенге қарай жақсыдан нашарға қарай
қоғамның асқан тұрақтылығы мен өмірлік қабілеттілікке қарай қоғамдардың төмен өмірге қабілеттілігі мен тұрақсыздыққа қарай

Прогрестің келесі түрлері болады: эволюциялық (біртіндеп) және революциялық (секірмелі).

Эволюциялық түрінің тетіктеріне реформалар (өмірдің қандай да бір саласын ішінара жетілдіру, қоғамның өзіндік негіздерін қозғамайтын бірқатар қайта құрулар) жатады. Секірмелі түрінде революциялар болады (қоғамның барлық немесе көп жақтарын кешенді өзгерту, бұл шапшаң сапалы өзгерістер).

Әлемдік әлеуметтік прогресс келесі үдерістердің болуынан көрінеді:

ü адамдар әл-ауқатының және әлеуметтік қорғалуының өсуі,

ü адамдар арасындағы тайталастың әлсіреуі,

ü адамдардың келісімге және ынтымақтастыққа талпынысы

ü саяси демократияны бекіту,

ü адамдардың адамгершілік, рухани дүниесінің өсуі,

ü адамдарның мемлекет қысымынан, ұжымдық өктемдіктен, пайдаланудан, өмірлік кеңістігінің тұйықтығынан, өзінің қауіпсіздігі мен болашағы үшін қорқыныштан босауы.

 

9-тезис. Әлеуметтік қатынастар және әлеуметтік шиеленіс

 

Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттары:

11.3.1.3 әлеуметтік қатынастардың түрлерін топтастырып сипаттау;

11.3.1.6 әлеуметтік шиеленістерді шешу жолдарын ұсыну.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚАТЫНАСТАР

Әлеуметтік (қоғамдық) қатынастар дегеніміз - адамдардың өмірлік қызметі барысында мүдделер негізінде қалыптасатын адамдар арасындағы байланыстар жүйесі. Қоғамдық қатынастардың сан алуан түрлері олардың бүкіл жүйесінде біркелкі орын алмайды және қоғам қызметінде бірдей рөл атқармайды. Сондықтан да әлеуметтік өмір тетігінің ғылыми түсіну үшін басты мағынасы оның салаларының дәрежелік қатысы мен өзара әрекеттесуі қоғамдық қатынастардың сан алуан түрлерін анықтауды, оларды жіктеуді, олардың табиғатын, байланыстарын және өзара әрекеттесуін зерттеуді қамтиды.

Қоғамдық қатынастар субъектілердің бағыттылығына байланысты мынадай болады:

ü жекелеген адамдар арасында;

ü қоғам және индивид арасында;

ü әр түрлі қоғамдар арасында;

ü қоғам және табиғат арасында.

Қоғамдық қатынастар жалпы түрде материалдық және идеологиялық деп бөлінеді, мұндағы материалдық (өндірістік) қатынастар шынайы, бастапқы, басты, адамдар арасындағы байланыстар мен қатынастардың біртұтас жүйесіндегі анықтаушы қызметін атқарса, идеологиялық – қосалқы, туынды, өндірістік қатынастарына байланысты болады.

Қоғамдық қатынастардың жалпы жіктелуі, оларды материалдық және иделогиялық деп бөлу тарихта материалдық игіліктерді өндіру тәсіліне, өндірістік қатынастар сипатына байланысты қоғамдық-экономикалық формацияларды айыру үшін әдіснамалық негіз болып табылады. Қандай да бір қоғамның мейлінше толық сипаттамасы, адамдар арасындағы қатынастарды жетілдіру жолдарын анықтау, әсіресе өтпелі кезеңдерде, оларды жан-жақты жіктеу, қоғамдық қатынастардың әрбір түрін талдау қажет.

Осы міндетті шешу үшін аса маңызды әдіснамалық мәнді қоғамдық қатынастар шынайы тұлғалардың әрекеттерінен құралады деген лениндік ереже білдіреді. Қоғам жалпы алғанда күрделі динамикалық және дамушы жүйе ретінде бірлесе отырып, әлемді және өзін-өзі түрлендіретін адамдардың әрқилы қызметімен сипатталады.

Адамдардың қызметіне сәйкес қоғамдық қатынастардың жүйесін келесі негіздер бойынша қараған орынды.

Біріншіден, қызмет субъектілері бойынша (қызметті кім жүзеге асырады?). Бұл негіздемеге ұлттық, әлеуметтік-топтық, отбасылық, тұлғааралық қатынастар, қала және ауыл адамдары арасындағы қатынастар, ақыл және дене еңбегі, ұрпақтар арасындағы қатынастар сәйкес келеді. Жалпы алғанда қатынастардың бұл тобы қоғамдағы жағдайы мен рөлі бойынша қатынастар - әлеуметтік қатынастар ретінде анықталады.

Қоғамдық қатынастарды жіктеудің екінші негіздемесіне объектілер, қызмет салалары жатады (адам қызметі неге бағытталған, қызметтің түрі қандай?). Мұнда қызметтің келесі салалары және қоғамдық қатынастардың тиісті түрлері бөлінеді:

Өндірістік қызмет. Оған өндірістік қатынастар – өндіріс, айырбастау құралдары, материалдық игіліктерді бөлу және тұтыну құралдарына қатысты қатынастар сәйкес келеді.

Саяси қызмет. Ол саяси қатынастарға – мемлекеттік құрылыс, мемлекет қызметінің мазмұны, нысандары және әдістеріне – билікке қатысты қатынастарға арналған.

Қызметтің рухани саласы. Оған рухани қатынастар – адамдар арасындағы сезімдерге, көзқарастарға, санаға байланысты идеялық және эмоционалдық байланыстар жатады.

Тұрмыстық қызмет. Осының негізінде тұрмыстық қатынастар – адамның көбеюін және дамуын қамтамасыз ететін материалдық, рухани және физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға қатысты қатынастар бөлінеді.

Қызметтің басқарушылық саласы. Оған басқарушылық қатынастар – басқару функцияларына қатысты қатынастар сәйкес келеді.

Қоғамдық қатынастарды жіктеудің үшінші негіздемесі ретінде қоғамның өмірлік қызметін, адамдардың қоғамдық әрекетін реттейтін әлеуметтік нормалары болып табылады. Сондай әлеуметтік нормалар ретінде құқықтық, адамгершілік, діни және эстетикалық нормалар болады. Оларға құқықтық қатынастар – мемлекеттік-құқықтық және қоғамдық-құқықтық нормалар негізінде құралатын қатынастар сәйкес келеді. Адамгершілік қатынастар – адамгершілік нормалары, қоғамда таптар, ұлттар, әлеуметтік топтардың мейірімділік пен зұлымдық, борыш, әділеттілік, абырой және т.с.с. туралы т


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: