Лекция-5. Саяси субьектілері 3 страница

Конституция азаматтық қоғамның негізгі қағидасы сөз бостандығын, әркім пікірін, ойын білдіргені үшін қудаланбауын қамтамасыз етеді. Тек ол қоғамның моралдың қалыптарына, азаматтардың ар-ұятына, абыройына нұқсан келтірмейтін сипатта болуы керек.

Қоғамдағы мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға әрбір азаматтың қатысуға құқы болуы керек, оған ешқандай шектеулер қойылмауы шарт, яғни бұл әлеуметтік жіктелудің болмауын қадағалау, заңның биіктігін мойындау, азаматтық теңдіктің көрінісі болып табылады. Бұл тұрғыда елімізде көптеген игі істер жүргізілуде. Көптеген қайшылықтар мен жанжалдар сотта шешілуі қажеттілігі айтылуда. Тек сол соттың жемқорлықтан алыстау болуы мен болмауы көптеген саяси және әлеуметтік процестердің бағыт-бағдарын анықтайды.

Заң ар-ұждан бостандығын, яғни діни көзқарастар бойынша қудаламауды да қамтамасыз етеді. Ол жағынан елімізде жүзден аса діни ұйымдардың заңды түрде тіркелгенін айта аламыз. Еліміз дін мәселесі бойынша өз позициясын анықтап, зайырлы қоғамды құру мақсатын білдіріп отыр. Конституцияда бекiтiлген зайырлы мемлекет қағидалары әлемде дiни қақтығыстар өршiп отырған кезде өте күрделi поликонфессиялы елiмiзде дiни келiсiм мен түсiнiстiк орнауына мүмкiндiк беруде.

Қазақстандағы 1993 жылы қабылданған Конституция ұлттық-этникалық және азаматтық параметрлерді дамытуға үлкен екпін берді. Осыдан келіп көптеген орыс тілді ағайындар (400 мыңдай) өздерінің тарихи отанына қоныс аударды. Бұл әлеуметтік тарихи қажеттіліктен туындаған, өзіндік заңдылығы бар құбылыс болатын. Ешқандай ұлттық, этникалық болмысына байланысты азаматтарды қуғындаудың, шектеудің көрінісі байқалмаған еді.

Ал, енді ауыспалы, өзгермелі кезеңнен кейін Қазақстандағы әртүрлі халықтардың өкілдері 1995 жылдан бастап біртұтас елімізде азаматтық етенелесуге, бірыңғай күйге, ұстанымға бет бұрған сияқты. Бұл жалпы қазақстандық отаншылдықты туындататын, оны бекіте түсетін жағдай. Әсіресе, 1995 жылы жаңарған Конституция Қазақстанда басқа халықтардың өкілдеріне біршама сенімділік орнатты, олардың өздерін біртұтас мемлекеттің азаматы деп сезінуге ұмтылдырды. Алғашқы ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыстан кейін, бұл әрекеттерді өркениетті ел боламыз ба деген ойдан туындаған қадамдар деп түсінуге болады.

Сайып келгенде елiмiздiң ертеңi, оның демократиялық, құқықтық жолмен дамуы бүгiнгi жастардың қолында. Сондықтан болар ҚР Президентi Н.Ә. Назарбаевтың «Егер бiз құқық идеялары салтанат құратын өркениеттi қоғам орнатқымыз келетiнi рас болса, онда әр бiр азамат мектеп қабырғасында жүргенде-ақ құқықтың қарапайым бастауларын бiздiң қарапайым есеп-қисапты бiлгенiмiздей игерiп алуға тиiстi» – деп атап көрсеттi. Мұнда екi мәселеге ерекше назар аударған жөн:

1 құқықтық бiлiм беру жүйесiн дамыту, оған отбасын, бiлiм беру саласын, БАҚ-ын тарту;

2 шетелдiк ғалымдардың жастарды әлеуметтендiруде iс-әрекеттiң маңыздылығын атап айтуы ойландыруы қажет. Өйткенi бала санасында айтқан сөзден гөрi, көрiп отырған iс-әрекет қатты әсер етедi, әрi ұмытылмайды. Демек, күнделiктi iс-әрекетiмiзде заң бұзу әрекетiнен аулақ болуымыз тиiс.

Қорытындылай келе айтарым, қоғамымыз жетiле түсу үшiн демократия қағидаларының қалыптасуы шарт. Бұл әлеуметтiк, этникалық, мәдени проблемаларды өркениеттi тұрғыда шешудi талап етедi, адам тұлға болып дамуына жағдайды қалыптастыруды сұрайды. Мұның өзi азаматтарымыздың санасы жаңа ХХІ ғасырға сай құқықтық сипатта қалыптасуымен байланысты. Бұл өте жауапты мiндетті орындау барлығымыздың азаматтық және кәсiби парызымыз деп санаймын.

Қазіргі саяси ғылымдағы саяси режимді интерпретациялау. Саяси режимнің элементтері мен белгілері. Саяси режім ұғымы ұзақ уақыт айтыс-тартыс объектiсi болған. Француз саясаттанушылары М. Дюверже мен А. Ориу бұл ұғымды ұлттық және халықтық егемендiкпен байланыстырған. М. Дюверже саяси режімді кең мағынада басқару құрылымы, адамзат қоғамының түрi ретiнде қарастырады. Ал, тар мағынада М. Дюверже саяси режімді билiктiң жоғары органдарының қалыптасу сипатын, тәсiлiн және бұл процеске саяси партиялар мен қысым топтарының қатысуын анықтаушы ұғым ретiнде қарастырады. Американ саяси әдебиеттерiнде саяси режім мен саяси жүйенi бiрiктiру анық сезiледi. Ал, тағы бiр американ саясаттанушысы К. Бекстер саяси режімді басқару жүйесi деп есептейдi. В. Лакердiң саяси сөздiгiнде саяси режім басқару формасы мен партиялық жүйе деп сипатталған. Немiс заңгерi Е. Левенштейн режімді партиялар санымен, француз ғалымы К. Бюрдо үкiметке оппозицияның бар-жоқтығымен, Е. Хамауи мемлекет органдарының конституциялық өзара қарым-қатынасымен байланыстырса, американ ғалымы Д. Истон режімді басқару стилi және тәртiп пен реттеулердiң жиынтығы, аргентиналық автор Н. Ботана билiк шоғырлану мен бөлiсудiң қызмет процесi деп бiледi. Ал, Р. Скратовтың саяси сөздiгiнде саяси режім француздың regime – басқару формасы деген сөзiнен шыққан деп жазылған. Батыс саясаттану ғылымында саяси режім ұғымы көбiнесе мемлекеттiк аппарат құрылымы мен қызметiн сипаттауға пайдаланылады.

Саясаттану оқулықтарында саяси режімнің классификациясы өлшемі ретінде мына кестедегі негіздер де ұсынылады.

Саяси режім ұғымының мәнi мен көлемiн анықтайтын өлшемдер мыналар:

1  мемлекет басшысының саяси басқару жүйесiндегi рөлi, саяси қызметi, орны;

2  өкiлдiлiк мекемелердiң қалыптасуының тәсiлi мен тәртiбi;

3   заңшығарушы және атқарушы ұйымдар арасындағы, сонымен бiрге олардың орталық және жергiлiктi ұйымдары арасындағы қарым-қатынас;

4  өкiлдiлiк ұйым палаталары арасындағы қарым-қатынас;

5  мемлекеттегi жаншу және күштеу ұйымдарының жағдайы мен қызметi;

6  үстемдiк етушi таптың мемлекеттiк емес ұйымдарының рөлi;

7  саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстардың жағдайы, ықпалы, қызметi.

8  азаматтардың құқығы мен бостандығының таратылуы.

М. Дюверженiң саяси режімдері:

1. ағылшын;

2. американдық;

3. орыс;

4. бiр және көппартиялық.

М. Дюверже саяси режімді партия жүйесiне, сипатына тәуелдi жiктейдi (жаппай, элитарлы), олардың жарғысына байланысты (ерiктi, қатал) және революциялық, консервативтi, диктаторлы саяси режімдерді атап өтеді.

А. Ориудiң саяси режімдері:

1  президенттiк (АҚШ);

2  парламенттiк (Италия);

3  директория;

4  классикалық тәртiп (Батыс);

5  авторитарлы.

А.Ориу дамушы елдердiң саяси режімін былай жiктейдi:

1  парламенттiк (плюралистiк партиялық жүйе, жария оппозицияның болуы);

2  президенттiк (атқарушы билiк басым).

«Конституциялық құқық және саяси институттар» монографиясының авторлары жiктемесi:

· өкiлдiлiк түрлерi – ультраөкiлдiлiк, тiкелей өкiлдiлiк, жартылай өкiлдiлiк, тiкелей өкiлдiлiк, жартылай тiлелей өкiлдiлiк;

· дамушы елдердегi саяси режімінің түрлерi - президенттiк (әскери және азаматтық), парламенттiк (квазипарламенттiк, парламенттiк);

· басқа жiктемесi –социалистiк, прокапиталистiк, бейтарат бағыт (белгiсiз тәртiп).

Саяси режимнің түрлері. Тоталитаризм және оның әралуандығы. Авторитаризм: түрлерінің жіктелуі. Авторитаризм – (латынның «auctoritas» – билік деген сөзінен шыққан), демократиялық емес саяси режімнің бірі. Күшті жеке билікпен (диктатурамен) сипатталынады, яғни биліктің азғана адамдар тобының қолына жиналуы, (Современная энциклопедия).

Авторитаризм – саяси тәртіп, бұнда бір түрдің немесе топтың өз басшысымен билікке ұмтылысы.        Авторитаризм қоғамдық құрылысы ауысып жатқан елдерде, тағы да ұзақ дағдарыста болып жатқан қоғамда пайда болады. Берілген шарттар, авторитарлық саяси режімнің орнату факторы болады.

Өз сипаттаумен ол тоталитаризммен демократияның арасында орнала-сады. Тоталитаризммен оның автократиялық заң мен шектелмейтін билік сипаттамасы демократиямен – автономия бар болуы, мемлекет пен басқарылмайтын қоғам салаларымен ұқсайды.

Мысалға XX ғасырда көп авторитарлық мемлекеттерде легитимация мақсатымен ұлттық идеология және формальды билік бақылайтын сайлау көп қолданған. Көптеген Азиядағы, Африкадағы және Латын Америкасындағы авторитарлық режімдер өздерінің өмір сүруін ұлттық бостандықпен және азаттықпен ақтайды.

Авторитаризмге тән сипаттар:

· билiктiң бір саяси көсем немесе белгiлi бiр топ қолына шоғырлануы;

· бiртұтас идеологияның мiндеттi болмауы;

· саяси билiктiң негiзгi аргументi күштеу емес, бедел болып табылады;

· демократияның кейбiр элементтерiнiң (сайлау, парламенттiк күрес) болуы;

· мемлекет тиым салмаған нәрсенiң бәрi азаматтар үшiн рұқсат;

· репрессиялық аппараттың болмауы;

· мемлекеттiң қоғам өмiрiнiң барлық саласын бақылаудан бас тартуы;

· көппартиялықтың сақталуы;

· билiк құрылымдары сайлау нәтижесi бойынша құрылады, бiрақ әдiлетсiз сайлау;

· БАҚ-ның әр түрлiлiгiнің сақталуы;

· Идеологияның әр түрлiлiгi формалды болса да сақталған.

Авторитарлы режімнің ерекшеліктері:

·  авторитарлы режімде билiктi алып жүрушi бiр адам немесе адамдар топтары болып табылады;

·  авторитаризмге шексiз билiк тән, ол азаматтардың бақылауынан босатылады;

·  авторитарлы режім күшке арқа сүйейдi;

·  авторитаризм билiк пен саясатты монополиялайды және саяси оппозицияға жол бермейдi;

·  авторитаризм қоғамды тұтас бақылаудан белгiлi бiр деңгейде бас тартады. Саяси емес салаға, ең алдымен экономикаға араласуды шектейдi;

·  элитаны билiкке әкелу жоғарыдан шешiледi, саяси электоралды бәсекеге жол жоқ.

Қазіргі әлемде авторитаризмнің сақталып қалуына көп жағдайлар себеп болып келеді, олар:

·  азаматтық қоғамның дамымағандығы;

·  экономиканың артта қалуы;

·  дамушы қоғамдардағы биліктің шиеленістік тәсілі.

Авторитаризм түрлері. Авторитарлы саяси режім әлемде ең көп тараған режім болып табылады. Оның түрлерi де өте көп. Бұл монархия, деспоттық, диктаторлық режімдер, әскери хунталар, басқарудың популистiк формасы т.б. Авторитарлы басқару формасы өзiн тануға тек күштеу арқылы ғана емес, сонымен бiрге жаппай манипуляциялау, сонымен бiрге әр түрлi гуманды тәсiлдердi қолдану арқылы да жетедi. Бiрнеше ғасырдан берi олар легитимацияның дәстүрлi және харизматикалық тәсiлдерiне арқа сүйеуде. ХХ ғасырда легитимация мақсатында ұлттық идеология қолданып келдi.

Азия, Африка және Латын Америкасының көптеген авторитарлы режімдерi өздерiнiң өмiр сүруi мен бағыттарын ұлт азаттығы мен қайта өрлеуi қажеттiлiгiмен ақтап отырды. Екiншi дүние жүзiлiк соғыстан кейiнгi көптеген авторитарлы режімдер өтпелi сипатқа ие болды. Олар тоталитарлы немесе демократиялық режімдерге бағдар ұстанды. Мәселен, Ф. Кастроның 1959 жылы орнаған авторитарлы режімі коммунистiк бағдарды ұстанды, сөйтiп тоталитаризмге өттi. Ал, кейбiр мемлекеттерде Чили, Таиланд, Аргентина, Оңтүстiк Кореяда ол демократияға өттi.

Авторитарлы режімнің ең танымал классификациясын неміс саясаттанушсы Дирк Берг-Шлоссер ұсынды. Ол авторитаризмді мына түрлерге бөлді:

1 Дәстүрлі абсолюттік монархия (мысалы, Эфиопия 1947ж. дейін, Непал 2007ж. дейін, Марокко, Сауд Аравиясы, т.б.).

2 Олигархиялық типтегі дәстүрлі авторитарлы режімдер. Латын Америкасы елдеріне тән (мысалы, Гватемала, Никарагуа 1979ж. дейін).

3 Жаңа олигархияның гегемондық авторитаризмі (мысалы, Камерун, Тунис, Филиппин Ф. Маркос тұсында 1972-1985жж.).

4 «Социалистік бағдар» елдері (мысалы, Алжир, Бирма, Гвинея, Мозамбик, Венесуэла, Танзания, т.б.).

5 Әскери режімдер (мысалы, Египеттегі Г.А. Насердің режімі, Аргентинадағы Х. Перонның режімі, Ирак, Перу және т.б. елдердегі режімдер).

Тоталитаризм ұғымы, белгілері мен түрлері. Тоталитаризм (латының «totalis» – бүкіл, тұтас, жаппай деген сөзінен шыққан) – мемлекеттің қоғам өмірінің барлық саласын толық (тотальды) бақылауына негізделген саяси режім. Тоталитаризм ұғымы алғаш рет 1923 жылы Джованни Амендолдің Муссолини режіміне берген сыни сипаттамасында қолданылған. 1929 жылы «Таймс» газеті бұл терминді Кеңес Одағында қалыптасқан режімге қолданды. 1931 жылы Муссолини «Фашизм доктринасы» атты мақаласында тоталитаризмді азаматтарына күшті ықпал ететін мемлекеттік идеология және де адамдар өмірінің барлық аспектілерін мемлекет бақылайтын қоғам деп жазды. Италия (Муссолини) мен Германия (Гитлер) режімдеріне қолданылған тоталитаризм ұғымын, фашизм мен ұлтшылдықты жақтаушылар жағымды, ал қарсыластары жағымсыз сипаттаған болатын.

Тоталитаризм теориясы ХХ ғасырдың 40-50 жылдары қалыптасты. Тоталитаризмді теориялық тұрғыда алғаш зерттеген Ф. Хайектің «Құлдыққа барар жол» (1944ж.) және Х. Арендтің «Тотали­таризм көздері» (1951ж.), американ саясаттанушылары   К. Фридрих пен З. Бжезинскийдің «Тоталитарлы диктатура және автократия» (1956ж.) атты еңбектері болды. Соңғы еңбекте КСРО-дағы сталиндік, Германиядағы ұлтшылдық, Италиядағы фашистік тоталитарлы режімдер эмпирикалық салыстыру әдісі арқылы зерттелді және тоталитаризмнің мына белгілері ұсынылды:

1  бүкіл саяси жүйені жаппай бір идеология құрайды;

2  мемлекеттік аппарат пен жасырын полиция біріккен және диктатор басқаратын бір партияның болуы;

3  мемлекеттік аппарат рөлінің өте жоғары болуы, мемлекеттің қоғам өмірінің барлық саласына енуі;

4 бұқаралық ақпарат құралдарында плюрализмнің жоқ болуы;

5  ақпарат түсетін каналдарда, сонымен бірге орта және жоғары оқу орны бағдарламаларында қатал идеологиялық цензураның болуы. Тәуелсіз ақпаратты жариялағаны үшін жазалау;

6  мемлекеттік үгіт-насихаттың жоғары рөлі, тұрғындардың жаппай санасын манипуляциялау;

7  дәстүрді, дәстүрлі моралды жоққа шығару («жаңа қоғам» орнату);

8  күштеу құрылымдары тарапынан жаппай репрессия мен террордың болуы;.

9  жеке азаматтық құқық пен бостандықты жою;

10  экономиканы орталықтан жоспарлау;

11  билеуші партияның әскери күштерді толық бақылауы;

12  экспансиялық әрекетті қолдау;

13  құқыққорғау саласын әкімшілік бақылау;

14  азаматтық қоғамды толық жою.

Тоталитаризм – көсемнің билігіне бас ұрып, ресми бір идеологияға бағынатын, қоғам мен жеке адамға билік тарапынан толық және қатаң бақылау орнатылған мемлекеттік құрылыс.

Тоталитарлық режім жағдайында мемлекеттің бүкіл билігі көсем бастаған (диктатор) ат төбеліндей аз ғана топтың қолына өтеді, демократия принциптері сақталмайды, азаматтық қоғам жойылады, адамдардың құқығы мен бостандығы аяққа тапталады, күштеу, қорқыту, үрейлендіру, бұйыру тәсілдері арқылы адамдар рухани езгіге салынып жанышталады. Қоғамның барлық саласы түгел, оның ішінде әрі адамның жеке тіршілігі, отбасы мемлекеттің толық бақылауында болады.

Тоталитарлық жүйе орнаған мем­ле­­кет­­тер­дің әрбірінде өзіндік ерекшеліктер болады. Сая­сат­тану ғылымы тоталитарлық жү­йені үш топқа бөліп қарайды:

Біріншісі, ком­­му­нис­­тік тоталитаризм. Бұл режім­де адамдар жеке-меншікке ие бола ал­май­­ды, нәтижесінде, жекелікке (индивидуализм) шек­­теу қойылып, ұжымдық сананың да­муы­на ке­ңінен жол ашылады.

Екінші түрі – фашизм. Мұн­дай жү­йе бір кезде Италияда орнады. Ерекшелігі – халықты де­­мо­кра­тияға қарсы болуға, жа­уын­гер­лік рух­қа, нәсілшілдікке, шо­ви­низм­ге тәр­бие­лей­ді.

Үшінші топқа ұлт­шыл-со­циа­лизмді жатқызады. Бұл идео­логияны III Рейх, яғни Гитлер сал­ған бо­ла­тын. Оның бойында фа­шизм­нің де ком­му­нис­тік тоталитаризмнің да ұс­та­ным­дары бар. Ерекшелігі – әлем­дегі барлық ха­лық­тардың арасынан бір нәсілдің өкіл­дерін ғана жоғары санап, мемлекетті тек сол ұлттың өкілдерімен ғана құрауға ұмтылуында. Мұндай саясат Германиядан басқа елдерде үкі­мет ұстанымы деңге­йі­не көтеріле алма­ға­ны­мен, белгілі бір пар­тия, топ өкіл­де­рі­н­ің ұраны ретінде жиі көрініс беріп оты­р­ды. Атап айтқанда, вен­гр­лердің «Айқыш жебе» партиясы, ру­мын­дардың «Темір гвардия» партиясы  ара­сында болды.

Демократия және оның әралуандығы. Демократияның қазіргі формалары. Полиархия. Қауымдастық демократия. Делегативті демократия. Демократияны негіздеу. Демократия ұғымы мен алғышарттары. Әлемдегi биліктердің барлығы дерлiк өзiнiң демократиялық табиғаты туралы айтады. Көбiнесе бұл демагогия, бiрақ негiзсiз де емес, өйткенi тiптi қатал әскери тәртiптiң өзi де халық үндеуiне көңiл аударуға мәжбүр болады. Нәтижесiнде «демократия» грек тiлiнде «халық билiгi» мағынасын иеленiп, өте кең ауқымды мәнге ие болады. АҚШ президентi Линкольн «демократия- халық билiгi, халық сайлаған және халық үшiн» – деп жазды.

Демократия қалыптасуы үшiн бiрқатар экономикалық, әлеуметтiк, мәдени, дiни, сыртқы саяси жағдайлар керек.

1 Экономикалық алғышарттарға мыналар жатады:

¨ өндiрiс пен экономиканың жоғары деңгейде дамуы;

¨ әлеуметтiк бағдарлы нарықтық қатынастың болуы;

¨ урбанизацияланудың жоғарғы деңгейi;

¨ өндiрiс және тұтынудың динамикалық тепе-теңдiгi.

2 Демократия дамуының әлеуметтiк алғышарттары:

¨ халықтың әл-ауқатының салыстырмалы даму деңгейi;

¨ әлеуметтiк теңсiздiк деңгейiнiң төмендеуi;

¨ қоғам құрылысында әлеуметтiк плюрализмнiң болуы;

¨ тұрғындардың сауаттылығы, жалпы бiлiмдiлiгi.

3 Тұрғындардың саяси мәдениетi де демократияның маңызды алғышарты:

¨ саясат туралы, оның әртүрлi салалары жөнiнде белгiлi бiр деңгейде бiлiмнiң болуы;

¨ саяси құбылыстарға, партиялар мен қозғалыстар, жекелеген тұлғалар қызметтерiне дербес баға беру қабiлетiнiң болуы;

¨ саяси қатысу белсендiлiгi;

¨ билiк құрылымдары мен институттарының демократиялық саяси мәдениетi.

4 Демократияландырудың сыртқы саяси алғышарттары:

¨ әскери араласу;

¨ саяси ықпал;

¨ экономикалық ықпал;

¨ мәдени-ақпараттық ықпал;

¨ демократия дамуына практикалық көмек, қолайлы көршiлiк қатынас.

Р. Даль либералды демократияның мынадай белгiлерiн атап көрсетедi:

1 азаматтардың тиiмдi саяси қатысуы;

2 олардың шешiм қабылдау процесiне тең қатынасы;

3 нақты саяси мәлiметтер алу, демек таңдауды дербес жасау мүмкiндiгiнiң болуы;    

4 азаматтардың саяси күн тәртiбiн бақылау мүмкiндiгiнiң болуы.

2 Демократияланудың толқындары. Саясаттанушы ғалымдар ә лемдегі демократияландыру процесін үш кезеңге – үш толқынға бөлген:

1 Бірінші кезеңі, АҚШ-та XIX ғасырда демократияның қағидалар мен рәсімдер даярланып, І-ші дүниежүзілік соғыстың аяғына дейін Еуропа елдеріне тараған. І-ші демократияландыру толқынына Германияда нацизм, Италияда фашизм, КСРО-да тоталитаризм үстемдік құруы кедергі жасап, бұл процесс тоқырап қалды.

2 Екінші кезең, ІІ-ші дүниежүзілік соғыста фашизм жеңіліс тауып, Германияда, Италияда, Жапонияда демократия қайтадан орнап, оның қағидалары мен рәміздері кеңінен тарала бастады. Дегенмен де, ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында кейбір мемлекеттердің авторитарлық үрдіске қайта оралуына байланысты демократияландыру процесі қайта тоқырауға ұшырады.

3 Үшінші толқынның басталуына 1974 жылы Португалияда диктатор Салазар мұрагері Каэтанды өз әскері бас көтеріп, орнынан алуы себепші болды. Осындай жағдайға Испаниядағы Франко диктатурасы мен Грекиядағы әскери хунта да ұшырады. Бұл толқын Латын Америкасын қамтып, Оңтүстік-Шығыс Азияға тарай бастады. 1991 жылы Кеңестер Одағы құлап, ондағы 15 республика тәуелсіздік жариялап, демократиялық жүйені таңдады.

Бірінші толқын кейбір елдерде фашизм мен тоталитаризм етек алғаннан, екінші толқын кейбір елдердің авторитарлық билікке қайтып оралғанынан дағдарысқа ұшыраған болатын.

Қазіргі заманғы демократия теориялары мен түрлері. Бұл өлшемдерге сай келетiн кез-келген саяси тәртiптi «демократия формасы» деп атаймыз. Демократия ұғымына ағылшын саясаттанушысы Д. Хелдтiң теориялық моделi бойынша қарап көрелiк.

1) «Протективтi» (қорғаушы) демократия бойынша (Т. Гоббс, Дж. Локк, Ш. Монтескье, Дж. Мэдисон, И. Бентам, Дж. Милль). Бұл моделдi жақтаушылар демократия – азаматтарды билiктiң шырмауынан, жеке адамдардың заңсыз әрекетiнен сақтауға, жалпы мүдделер негiзiнде басқаруға көмектеседi деп санады. Егемендiк халықта, ол өз өкiлдерiн сайлау арқылы белгiлеп, соларға сенiм артады. Бұл моделдiң негiзгi айырмашылығы – мемлекет пен азаматтық қоғамның аражiгiн ажыратып, билiктегiлердiң қоғамдық өмiрге көп араласпауын қалайды, әсiресе экономикаға. Протективтi демократияның басты қағидасы – өндiрiс құралдарына жеке меншiк пен нарықтық экономика. Сондай-ақ, саяси топтардың бәсекелесуi құпталады.

2) «Дамушы» демократия (Ж.Ж. Руссо). Ұлы француз ағартушысының пайымдауынша, демократия тек мемлекеттiк механизм ғана емес, сонымен қатар адамдарды жетiлдiрушi қызметтi атқаруы қажет. Яғни, ол әрбiр адамның саяси шешiмдерге қатысуын армандады. Сонымен бiрге, ол билiктiң заң шығарушы және атқарушыға бөлiнуiн қалады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: