А р х и т е к т у р а

 Архитектура (латынша archi – tectura, грек.architekton – құрылысшы), сәулет өнері – құрылысты жобалау, салу, оған көркемдік бейне беру өнері. Өзінің атқаратын қызметіне қарай архитектура негізгі үш түрге бөлінеді: көлемдік ғимараттар құрылысының архитектурасы (тұрғын үй, театр, мектеп, дүкен); қаланы көріктендіру немесе жасыл-желек архитектурасы ((бақ-парк, фонтандар); қала құрылысының архитектурасы, яғни қала салу өнері (жаңа қалалар салу, ескі аудандарын жаңарту).

Архитектура туындылары адамның күнбе-күнгі тіршілік ортасын қалыптастырады. Олар: әр түрлі қажеттіліктерді атқаруға арналған және адамның эстетикалық талғамына жауап бере алатындай болып саналған тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар, өнеркәсіптік кешендер. Миллиондаған халқы бар қаланы да, шағын тұрғыны бар ауылды да салу оңай емес. Бұл салада архитекторға тек қана сәулетші болу аз, ол социология мен гигиенаны, экономика мен экологияны, транспорт пен қала шаруасын білуі керек. Жеке ғимараттардан ансамбль құру мәселесі, қаланың қайталанбас кескін-келбетін жасауға тырысу, ескі құрылыс пен жаңа құрылыстың үйлесімді шешімін табу асқан шеберлікті керек етеді.       

Архитектор гректің «архитектон» деген сөзінен алынған. Алғашқы мағынасы құрылыс өнерінің бас шебері деген ұғымды білдіреді. Ал Даль – архитектор деген терминге «ғалым-құрылысшы», «суретші-құрылысшы» деген анықтама береді.

Сәулет өнері – техниканың, ғылымның және өнердің тоғысқан жері. Рим архитекторы Витрувийдің айтуынша, сәулеттік шығармаларда бұлжымайтын үш қасиет болу керек: беріктік, қолайлылық және әдемілік. Беріктік – инженерлік есепке, қолайлылық – тұрмысты білуге байланысты болса, әдемілік – сәулетшінің талант-талғамынан туады.

Бүгінгі күннің сәулет өнері техникалық жабдықтармен тығыз байланысты. Электроника, эскалатор мен лифттер, сантехникалық бұйымдар, ауа тартқыш тетіктерсіз бір де бір ірі құрылыс салынбайды. Алдыңғы қатарлы технологияны өнердің әдемілік шарттарымен ұштастыру үшін сәулетшіге ғылыми сана, суреткерлік ой керек.

Адамзат баласы көне заманнан бастап құрылыспен айналысқан. Адамдар неолит кезінде үйді ағаштан, қамыстан, тал шыбықтардан және балшықтан салды. Су айдынында да үй тұрғызып үйренген. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасында ірі тастардан қаланған монументті құрылыстар: кромлехтер, менгірлер мен дольмендер пайда болды. Менгірлер тігінен қойылған биік тастар тізбегінен тұрады. Дольмен – қатар қойылған екі тастың үсті үшінші таспен жабылып, біріне-бірі жалғасып келетін дәліз іспеттес. Ал шеңбер жасап, төбелері жабылған тас құрылыстарды кромлех дейді.

                         Қазақстандағы құрылыс ісі

 Қазақстандағы құрылыс ісі жоғары палеолит дәуірінде пайда болды. Алғашқы адамдар әуелі үңгірлерді мекендеді. Үңгірі жоқтар жазық далаларда сайлардың, өзен-көлдердің жарқабақтарындағы ықтасындарды пайдаланды. Қаратаудағы, Баянауылдағы, Ұлытаудағы, Маңғыстаудағы үңгірлер тұрақтары шағын топ болып өмір сүрген, бірігіп еңбек еткен алғашқы қауымдық құрылыс аңшыларының, кейінірек ертедегі рулық қауымдарды құраған адамдардың тіршілік жайын сипаттады. Бірте-бірте жеркепелер салуды үйренді. Ол үшін жерді тайыздау қазып, үстіне ұзын сырықтар тастаған. Сырықтарға тіреулер қойып, үйдің төбесін бұтақ, қамыс, шөп-шаламмен жапқан, сосын шым топырақпен бастырған. Бұл дәуірден ортасында дөңгелек ошағы бар, тастан немесе топырақтан қаланған, аласа қабырғалы төбесі сырықтармен жабылған алғашқы тұрғын үйлердің іздері сақталып қалды. Мысалы: Орталық Қазақстандағы Тамды, Бөрібас, Дамсы тұрақтары.

Мұнан 5 мың жылдай бұрын адамдар металды қолдана бастады. Оның үй салуды жақсартуға пайдасы тиді. Тұрақты мекендерде қыстақ салуға мүмкіндік туды. Олардың қабырғалары көбіне бөренелерден тұрғызылды, төбесіне сырықтар тасталып, төбелері жабылды. Негізгі от жағылатын бөлмені айнала қоршаған шаруашылық бөлмелер салынатын. Бәрі сыртынан таспен қоршалып, топырақпен көмілді. Сыртынан қарағанда киіз үйге ұқсады. Мұның өзі киіз үйлердің пайда болуына негіз болды. Қазақстан аймағында киіз үй б.з.б. ҮП ғасырдан бері қарай кеңінен пайдаланылды. Ол мал шаруашылығымен айналысқан көшпелілердің негізгі баспанасына айналды.

Қола дәуірінде қарапайым құрылыс техникалары пайда болып, сәулет өнері дами бастайды. Б.з.б. ІҮ ғасырда құрылыста төбені күмбездеп жабу тәсілі, сондай-ақ оның алуан түрлері – цилиндрлі, сопақ, кеспек тәрізді типтері кеңінен қолданылды. Бірқатар зерттеушілер мұны әлемдік сәулет өнерінде алғашқы салынған күмбездер қатарына қосады. Осы кезеңдерде Қазақстандағы қала салу дәстүрі өркендеп, кейін еліміздің көшпенді тұрғындарының сәулет өнері мен құрылыс техникасы дами түсуіне әсер етеді.

 Орта ғасырларда шикі кірпіш сәулет өнері қанат жайды. Қала-қорғандар көбейіп, шағын қалалардың сырты соқпа балшықтан немесе шикі кірпіштен соғылған қорғандармен қоршалды. Ертедегі бұл дәуірде отырықшы халықтардың тұрғын-жайларын жоспарлау құрылымы өзгерді Ежелгі бекініс-қалалардың орнына нығайтылған бекініс-үйлер пайда болды, кейіннен олар цитадельдерге айналды. Қамалдардың айналасына немесе бір жағына Орта Азияда шахристан деп аталатын қалалар салынды. Қалалардың экономикалық маңызы онан әрі артқан сайын оларға іргелес ұсақ қолөнершілер, саудагерлер, кедейлер тұратын рабаттар пайда болды. Цитадель, шахристан, рабаттан тұратын қала «мәуеранахерлік үлгідегі қала» атағына ие болды. Еліміздің көптеген қалалары осы үлгі бойынша ғасырлар бойы дамыды.

Тас қалау процесінің технологиясы

Дара материалдардан тас қалау – ғимараттар құрылысының ең бір ежелгі түрі болып табылады.

Тас материалдардың бағалы қасиеттеріне: беріктігі, ұзаққа шыдамдылығы, өртке төзімділігі, табиғатта кең таралуы және қолдан жасауға мүмкіншілігі жатады.

Тас жұмыстары ерітіндіге даралап тас төсеуден тұрады. Ерітінді жеке тастарды бір тұтасқа біріктіреді, олардың біркелкі берік болуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар жел өтуден және ылғал енуден қорғайды.

Қолданатын тас материалдарының түріне байланысты тас қалауды табиғи және жасанды тастардан қалау деп бөледі.

Тас жұмыстарында негізгі және қосалқы процестердің кешені болады. Негізгі процеске –  жасанды немесе табиғи тастардан жасалған кірпішті ерітіндіге төсеу, ал қосалқы процеске  – төсеніштер орнату, материалдар әзірлеу, арматура салу және т.б. жатады.

Тас қалау табиғи және жасанды тастардан орындалады. Табиғи тастарға: жырымдалған шой тас (әк тас, доломит, құмдақ және басқа жыныстардан); қаптау және сәндік қалау үшін шабылған тастар: туфтан, ұлутастан және басқа жеңіл тау жыныстарынан араланған уақ тастар.

Жасанды тастар ішінде ең кең таралғандары: кәдімгі балшық; кеуекті, қуыс және кеуекті-қуыс кірпіш; қуыс қыш (керамика) тастары; жеңіл бетоннан жасалған уақ тастар.

Қолданылатын тас түріне байланысты қалаудың келесі түрлері болады: шой тастан қалау, шой бетонды қалау, бірыңғай кірпіштен қалау, жеңілдетілген қалау, ұсақ блокты қалау, отқа төзімді қалау.

Сыртқы пішіндері дұрыс емес табиғи тастардан жасалған қалауды - шой (бут) тастан қалау деп атайды, ал дөрекі, жартылай таза және таза өңделген тастардан жасалған қалауды – шабылған тастан қалау деп атайды.

Жасанды тастардан жасалған қалаудың өзі тастан, тұтас немесе қуыс кірпіштен орындалады. Діңгектер, аркалар, күмбездер, қабырғалары және т.б. тұрғызу үшін кәдімгі толық денелі, кеуекті, қуыс, кеуекті-қуыс немесе силикат кірпіштен жасалған қалауды – бірыңғай кірпіштен қалау деп атайды. Балшықты күйдіріп жасағандықтан кірпіштердің күйдірілгені, ал байланыстырғыш заттар негізінде дайындалғандықтан кірпіштердің күйдірілмегені болады. Кірпіш қалау күрделі ерітінділерімен жүргізіледі.

Тас қалаудың әрқайсысы жеке тастардан тұратын қатарлармен жүргізіледі. Шектес тастардың аралығындағы бойлай және көлденең бағыттардағы ерітінділермен толтырылған саңылауларды жіктер деп атайды. Қалау жіктері көлденең және тік болады. Кірпіш қалау күрделі ерітінділерімен жүргізіледі. Кірпіш қалауында барлық жіктерді ерітіндімен толық толтыру керек.

Сонымен, дара тас материалдарын қолдану практикада қандай да бір кескін үйлесімі, әр түрлі сәулет формасы болса да, ғимараттарды тұрғызуға және оларға монументтік, сәулеттік айқындық енгізуге мүмкіндік береді.

                        Құрылыс-жөндеу жұмыстары

Қазіргі жағдайда өндірістік және өндірістік емес салада негізгі қорды сақтауға аса зор мән берілуде, былайша айтқанда, тұрғын, қоғамдық және өндірістік қорды сақтауда негізгі көңіл үймереттер мен ғимараттардың ағымды және күрделі жөндеуіне аударылып отыр. Күрделі жөндеу мен қайта құрастыру аса зор әлеуметтік және шаруашылық маңызға ие болып отыр.

Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды күрделі жөндеу - олардың мезгілінен бұрын істен шықпауына, ұзақ тұруына мүмкіндік туғызады, әрі оны қалпына келтіреді. Күрделі жөндеу тұрғын және қоғамдық ғимараттардың пайдалану сапасын жақсартып, жоғары деңгейдегі жайлылығын қамтамасыз етеді. Жөндеудің соңғы әлеуметтік нәтижесі жаңа құрылыс кезінде алынған нәтижеден кем түспейді.

Жөндеу барысында ғимараттар бөлмелеріне қазіргі заманға сай жаңа әрі ұзақ мерзімге жарайтын материалдар қолданылады, құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасы бақыланады. Жөндеулерді жүргізу кезінде негізгі рөлді жөндеу жұмыстарының технологиясы атқарады, сондықтан оны ұйымдастырудың маңызы зор.

Құрылыс-жөндеу жұмыстары кешенді механикаландыру мен автоматтандыруды пайдалану негізінде үймереттер мен ғимараттарды жөндеу процестерімен және аса жетілген тәсілдермен айналысатын ғылымның саласы болып саналады.

Жөндеу жұмыстары өзінің жобалық шешімдерімен, технологиясымен және техникалық-экономикалық көрсеткіштерімен жаңа құрылыстан ерекшелетін құрылыс жұмыстарының ең қиын түрі болып саналады.

Жөндеу жұмыстары құрылыс өндірісінің өзіндік бөлек саласын құрайды. Жөндеу жұмыстарының технологиясы жаңа ғимараттарды тұрғызу кешенінен өзгеше болады. Онда жаңа құрылыс кезінде атқарылмайтын (мысалы инженерлік қондырғыларды және құрылымдарды бұзу, құрылымдарды жөндеу және күшейту сияқты т.б) жұмыстар жүргізіледі. Көлемдік-жобалау және құралымдық шешімдер бойынша объекттердің сипаттамаларының әртүрлілігі, құралымдарды және бөлшектерде қолданылатын типтік өлшемдердің көптілігі және кейбір жағдайларда орындалатын жұмыстардың аз ғана көлемі механикаландыруды қолдануды, сондай-ақ жұмыс өндірісінің жағдайларын қиындатады.

Жөндеу процестерінің мазмұны мен құрылымы. Жөндеу процестері технологиялық көрсеткіштері бойынша алдын-ала дайындау, тасымалдау, дайындық және құрылыс-жөндеу жұмыстары болып бөлінеді.

Құрылыс-жөндеу процестері жетекші, біріктірілген, жай және кешенді болып бөлінеді. Жетекші процестер жөндеудің жүргізілуін және ұзақтығын анықтайды. Жай процестер ғимараттар мен үймереттерді жөндеудегі жеке операциялардан тұрады. Кешенді процестер ұйымдастырылуы және технологиясы жағынан өзара байланысты жай процестердің жиынтығынан тұрады.

                     Тұрғын үй салудың жобасы

Қазақстан архитектурасы 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында прогрестік жолмен дамыды. Отырықшылық жүріп жатқан аймақтарда ауыл құрылысын ретке келтіру мәселесі көтерілді. Республикамыздағы Жоспарлау комитетінің арнаулы комиссиясы ауылға арналған тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың, басқа да шаруашылық-тұрмыс үйлердің бірсыпыра үлгілі кестесін, бас жоспарларын жасады. Бұл шаралар Қазақстанның ауыл-селосын қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. Құрылыс негізінен бос жатқан жерлерде жүргізілді. 30 жылдардың басынан бастап еңбекшілердің тұрғын үй жағдайы жақсарды. Санитарлық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген көп пәтерлі тұрғын үйлер салуға көшу жүзеге асырылды. Тұрғын үйлердің сыртқы көрінісінде үйлесімді, көбінесе біраз геометриялық формалар – терең қоршалған көлденең терезелер, балкондар т.б. басты белгілерге айналды. Бұл архитектура көбінесе осы жылдары үйлердің қаңқалы негізге құрылғанына және «конструктивизм» идеялдарының үстемдік еткеніне байланысты болды.

Тұрғын үй құрылысындағы кемшіліктер сәулетшілер мен құрылысшылардың кеңестерінде сынға алынып отырды. Мысалы, көп бөлмелі пәтерлердің сол кездегі үлгілері үнемсіз екені айтылды, үлгілі тұрғын үйлер серияларын жасау жөнінде нақты ұсыныстар жасалды. 1937 жылы және одан кейінгі жылдары пәтерлердің неғұрлым қолайлы және қазіргі заманға лайық түрлерін жасау жөнінде қыруар жұмыс істелді. Республиканың жобалау ұйымдарында бір отбасын орналастыруға арналған көлемі кішірейтілген секциялардың жоспары жасалды.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде тұрғын үйлер, ең алдымен аз қабатты үйлер сериялық жоба бойынша салынды. Сонымен қатар үлгілі жобалар сериясы неғұрлым көп тарады. 40-жылдардың 2 жартысынан бастап тұрғын үйлер жеке жобалар бойынша да салына бастады. 1948-54 жылдары Алматыда неғұрлым ірі үш қабатты үйлер тұрғызылды.

Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты жаңа ауылдық елді мекендер жедел салына бастады. 1957-58 жылдары Қазақ қала құрылысын жобалау институты Қазақстанның жер сілкінетін аймақтарында салынуға арналған тұрғын үйлердің алғашқы үлгілі жобаларын жасады. 1968 жылы республикада ірі панельді үйлер салудың үлес салмағы 32,1 пайызға жеткен. Тұрғын үйлердің архитектуралық жоспарлануы және тұрмысқа қолайлы болу жағы жақсарды. 1970 жылдардың басынан бастап Қазақстанда 9-12 қабатты биік үйлер салына бастады. Біртұтас берік темірбетоннан 9 қабат тұрғын үй салу жобасы жасалды. Мұнда үйлердің қабырғаларын жылжымалы жедел әдіспен шегендеп салу көзделді. Осы жылдары 69 және 70 сериялы типтік жобалар жасалды, мұның өзі тұрғын үйлердің типтік жобаларына сапа жағынан алдын ала жаңаша қарауға мүмкіндік берді. Бұл ірі панельді және каркасты-кірпішті үйлерде пәтерлер жетілдірілген жобалармен салынды, қосалқы бөлмелердің көлемі көбейтілді, дыбыс өткізбеу және пайдалану сапасы жақсарды.

Қазір тұрғын үйлердің эстетикалық дәрежесінің сапасын жақсарту, оның ұлттық өзгешелігі және архитектуралық тартымдылығы мәселелеріне зор көңіл бөлініп отыр.

Ғимараттар мен үйлердің іргетасы

Жер жұмыстарының құрамына келесі процестер кіреді: территория және алаңдарды тік тегістеу, қазаншұңқырлар немесе ұзын орлар қазу, құнарлы топырақпен толтыру, кейбір жағдайларда алдын ала қопсыту, су ағызу, су бұру және жер асты суының деңгейін төмендету.

Үймереттер мен ғимараттардың жерасты бөлігін салумен байланысты технологиялық процестерді нөлдік циклдың жұмыстары деп атайды.

Нөлдік цикл жұмысының құрамына әдетте топырақты өңдеу, негіз және іргетас құрылысының технологиялық процестері кіреді.

Іргетас дегеніміз – топыраққа 15000 кР жететін және жоғары шоғырланған жүктеменің түсуін қамтамасыз ететін ғимараттың құрылымдық элементі. Қаңқалы ғимараттардың іргетасы табиғи негізінде және қада типтес іргетастар түрінде ажыратылады.

Қарапайым тұрғын үйдің іргетасы топырақтың қыста қатып қалатын тереңдігінен төмен қалануы тиіс. Мұның әсіресе топырақ қыртысының қопсып, көтерілуі болатын жерлерде маңызы зор. Ал оны таяз қалау керек болса, іргетасты тұтас құйма етіп жасау тиімді. Оны бетоннан, кірпіш, табиғи тастарды араластырып құяды. Сазды және саздақ жерлерде құйма іргетастың астына тік ор, ал құмайт жерлерде – ордың қабырғасын тақтаймен, тіреумен шегендеу керек. Едәуір биіктеу іргетас қажет болғанда оны баған түрінде жасаған пайдалы. Ағаштан жасалатын шағын үйлерді ағаш «орындықтарға» тұрғызуға болады. Өте кішкентай және жеңіл үйлердің іргетасына баған ретінде жуандау асбоцемент құбырларды пайдаланады. Іргетастың барлық түрінен (әсіресе сазды жерлердегі іргетас үшін) табанына қалыңдығы 40-60 см құм немесе қиыршық тас төсеу керек. Құмды немесе қиыршық тасты әрбір 10-20 см төсеген соң нығыздап, оған әк тас ерітіндісін құяды. Іргетастың үстіне қырлы ағаштан, бөренеден немесе кірпіштен үйдің төменгі бөлігі орнатылады, онымен іргетастың арасына рубероид секілді су өткізбейтін төсем салынуы тиіс. Үйдің төменгі бөлігінен еден астына желдетуге қажетті тесік қалдырады. Үйдің айналасына қиыршық тас араласқан саз төсеп, оны жақсылап нығыздау керек. Жиегі кертіліп, шпунтталған тақтай еденді белағаш арқылы бағанаға немесе іргетасқа жатқызылған арқалыққа қағады. Баған үстіне жатқызылатын арқалық ылғал тартпау үшін астына су өткізбейтін материал (мысалы: рубероид) төселеді.

Ғимараттар мен үйлердің ұзақ мерзім сақталуы, көбінесе негіздер мен ірге тастардың жай-күйіне байланысты.

Қ ұ р ы л ы с м а ш и н а л а р ы

 Машиналар өздерінің атқаратын қызметіне байланысты энергетикалық, технологиялық, басқарушы, логикалық болып бөлінеді. Энергетикалық машиналар энергия өндіру (генератор) немесе оларды түрлендіру үшін қолданылады. Технологиялық машиналар әртүрлі пайдалы жұмыс атқарып, технологиялық процестерді орындайды. Оларға ауыл шаруашылық, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен, құрылыс және басқа өндірістерде пайдаланылатын машиналар жатады. Логикалық машиналарға – электронды есептеуіш машиналар жатады.

 Құрылыс машиналары – әр түрлі құрылыс жұмыстарына арналған машиналар мен механикаландырылған құрал-жабдықтар. Бұлар құрылыс жұмыстарын кешенді түрде механикаландырып, индустриялы әдістерді қолдануға мүмкіндік береді. Олардың қатарына мұнаралы, өздігінен жүретін шынжыр табанды не доңғалақты крандар, бір шөмішті экскаваторлар мен көп шөмішті роторлы экскаватор, бульдозерлер, скреперлер т.б. жатады.  

Атқаратын жұмыс түріне қарай құрылыс машиналары жер қазғыш, топырақ таптауыш, бұрғылау, қада қағу, тиеу-түсіру әрі тасымалдау, ұсақтау-сорттау, араластырғыш, бетон төсегіш, өңдеуіш, жол құрылыс машиналары, т.б. механикаландырылған құралдарға топталады. Жер қазғыш машиналар топырақ қазу, карьерлерден құрылыс материалдарын алу жұмыстарына арналған. Бұларға экскаваторлар, топырақ қазып тастағыш, гидромеханикалық машиналар жатады.

Таптауыш машиналар топырақ т.б. жер қыртыстарынан нығыздау жұмыстарын атқарады. Салмағы 100 тонналық қарапайым таптауыш машина қалыңдығы 40-50см, ал салмағы 12 т. Дірілдемелі таптауыш машина қалыңдығы 80-120см жер қыртысын нығыздай алады. Тастақ қабаттарды бұзу және құрылыстық тастар алу, қопарылыс жұмыстарындағы ұңғыма бұрғылау үшін бұрғылау машиналары пайдаланылады.

Қада қағу жұмыстарында арнайы жабдықтар қолданылады. Құрылыстардағы монтаждау, көтеру-тасымалдау, тиеу-түсіру жұмыстары көтергіш кран, шығыр, домкрат, т.б. қондырғылар арқылы іске асырылады. Асфальт, бетон төсемді жолдар салу үшін асфальт не бетон төсегіш шынжыр табанды машиналар қолданылады. Темір жол салу және жөндеу жұмыстарында балластер, жол төсегіш т.б,. машиналар пайдаланылады. Өңдеуіш машиналар сылақ және сырлау, бояу жұмыстарына арналған машиналарға ажыратылады.

Тұрғын үй қабырғаларын тұрғызу, шатыр салу

Құрылыс ісін өркендетуге тұрғын үй салудың маңызы аса зор. Құрылыс ісінің шыға бастаған кезінде қолдануға ең оңай материалдар балшық пен ағаш болды не солардың аралас құрамы еді. Олар көбінесе тұрғын үй салуға қолданылды. Балшық пен ағаштан үй салу өңдеуі қиын соғатын тастан оңай болды, оның үстіне тиісті өңдейтін құралдардың жоқ болуы да тасты кеңінен қолдануға қиыншылық тудырды, сондықтан тас құрылыстар біраз кеш шықты, онда да тастан тек табыну орындарын салу өте табиғи нәрсе болды. Ал балшық пен ағаш тұрғын үй салуда негізгі материалдар болды, алайда металл құралдар болмаған неолит дәуірінде ағашты тас құралдармен ыңғайлап өңдеу өте қиын еді. Сондықтан құрылыста ағаш тек табиғи түрде немесе өрескел өңделген қалпында пайдаланылады.

Тұрғын үйлердің сырты алуан түрлі конструкциядан жасалуы мүмкін. Ол үшін көбінесе ағаштан жасалған даяр панельді пайдаланады. Панель дегеніміз сырты тақтайлармен немесе басқалай материалдармен қапталған қырлы ағаш – брустардан (білеу) тұратын қаңқа болып табылады. Даяр элементтерін құрастырып мұндай қабырғаны тұрғызу құрылыс ісін әлдеқайда тездетіп, жұмысты оңайлатады. Қабырғалардың аралығына суық өткізбейтіндей етіп, минералды мақта және басқа сусымайтын материал салады. Сыртқы қабырғаны тұтастай құю әдісін пайдалануға да болады. Қабырға сырты сүргіленген тақтайлармен қапталады. Ағаш қабырғаның сыртына кірпіш қалауға болады, бұл жағдайда оны қаптаудың керегі жоқ. Үйдің сыртқы қабырғасы бөренеден, төрт қырлы ағашпен, кірпішпен көмкерілуі мүмкін. Мұндай қабырғаларды тұрғызу арнаулы мамандықты қажет етеді. Алайда бұл секілді конструкциялардың көлемділігі мен көрнектілігі шағын тұрғын үй үшін лайықты бола бермейді. Олардың шатыры бірыңғай көлбеу, итарқа немесе түйетайлы ебін жасауы мүмкін. Үй шатырының көлбеулігін жергілікті климат жағдайларын (атмосфералық жауын-шашынның мөлшері мен жиілігін) ескере отырып жасайды. Үй неғұрлым солтүстік жақта болса, оның шатыры соғұрлым тік болуы тиіс.

Шатыр жұмыстары төбе жабындарын жасағанда орындалады, олар жабынның немесе үймереттер мен ғимараттар төбесінің қоршау бөлігі болады. Төбе жабындары жауын-шашыннан, күннің нұрынан және суық әсерінен қорғау қызметін атқарады. Сондықтан төбе жабындысы су өткізбейтін, суға, аязға төзімді, жел өткізбейтін, ыстыққа төзімді және берік болуы керек.

Шатыр жұмыстарын орындау технологиясы көбінесе қолданылатын материалдар түрімен анықталады. Жабын жасау үшін оралмалы, мастикалы, асбестцементті, болат, қыш тақтайшалы (черепицалы), синтетикалық және басқа материалдар қолданылады.

Шиферді, черепицаны, асбоцемент тақталарын, қаңылтырды итарқаға қағылатын кереге көзге орналастырады.

                                                              К ө т е р г і ш  к р а н

  Түзілістерді жинақтау – үймереттер мен ғимараттарды дайын түзілістерден немесе олардың зауытта жасалған элементтерінен механикаланған құрастырудың индустриялық кешенді процесі.

Түзілістерді жинақтау – жай процесс және операциялардан тұратын кешенді процесс болып ажыратылады, ол өз кезегімен үш топқа бөлінеді: тасымалдау, дайындау және жинақтаудың өзі. Жинақтау процесіне мыналар жатады: ілу, көтеру, орнына қою, түзілісті дәлдеу және уақытша бекіту;

Құрылыс түзілістерін жинақтауда кешенді процесті құратын барлық жұмыстарды орындау үшін пайдаланылатын машиналарға үлкен мән беріледі.

Жинақтау крандары мынадай негізгі топтарға бөлінеді: стационарлы, өздігінен жүретін жебелі, мұнаралы, төрттағанды және арнайы.

Стационарлы жинақтау машиналарына жинақтау жебелері, жинақтау діңгектер, шеврлер, діңгекті-жебелі крандар жатады. Өздігінен жүретін жебелі крандар өзінің жылжымалылығы арқасында жинақтау және арту-түсіру жұмыстарында кең қолданылады. Мұнаралы крандар арнайы рельс жолы бойымен жүреді. Төрттағанды крандар зәулім биіктігі 60 м дейін тұрғын және өнеркәсіптік үймереттерді жинақтау үшін кең қолданылады.

  Жаңа үй бой көтеріп келеді делік. Онда көптеген машиналар жұмыс істейді. Сол машиналардың ішіндегі ең бастысы – көтергіш кран. Оның айқыш-ұйқыш болып құрсауланған болат мұнарасы көкке бойлап, алыстан көрінеді. Кран ауыр бетон плиталарды, бетон арқалықтарды, кірпішті, цемент сылақты жерден көтеріп алып, өзінің ұзын қол секілді жебесімен құрылысшыларға апарып береді. Күн өткен сайын үйдің бой көтеруімен бірге кран да «өсе» түседі: оның мұнарасын жоғары қарай ұзартып отырады.

 Мұнараның жоғарғы жағындағы кабинада краншы адам болады. Ол кран механизмдерін байыппен басқарып отырады. Двигательдердің бірін іске қосқанда – ауыр плита жайлап қана жоғары көтеріле бастайды. Екіншісін іске қосқанда – кранның жебесі бұрылып, плитаны қойылатын орнына апарады.

 Көтергіш крандар көптеген ауыр жұмыстарды істейді. Бір жерде үлкен ағашты бір орыннан екінші орынға көшіріп отырғызу, басқа бір жерде қазылған орға жуан құбырларды көтеріп салу керек болғанда автомашинаға орнатылған көтергіш крандар пайдаланылады.    

Ж е р  қ а з ғ ы ш   м а ш и н а

      Экскаватор – негізінен жер қазғыш машина. Тракторға орнатылған кішкене экскаваторлар да бар. Олар кәдімгі шұңқыр мен орды қазады. Үлкендігі үш қабатты үйдей алып экскаватор да болады. Оның мойын жағы ұзын – жуан, ұзындығы 100 метрлік темір құбыр, оған ожау іліп қойған. Осындай ұзын мойын арқылы жүк машиналарынсыз-ақ экскаватор топырақты бірден ожауымен алысқа тастай алады. Экскаватор ожауының үлкендігі сонша, оған автомобиль де сыйып кетеді. Бұл – адымдауыш экскаватор. Ол алға қарай екі үлкен шаңғысын созып жіберіп, оларға таянып, жерден көтеріледі – сонда ол екі метрдей алға жылжиды. Содан соң шаңғыларын тағы да ілгері жылжытып, екінші қадам басады.

      Экскаваторлардың жер қазуы да әр түрлі. Кейбіреулерінің ожауы сапталған күрек сияқты, темір арқалыққа бекітілген. Оларды осылайша экскаватор-күрек деп атайды. Екінші біреулерінің ожауы болат арқанға бекітілген. Ожауды жерге түсіріп, онымен топырақ жинап алу үшін болат арқанмен тартады. Мұндай экскаватор драглайн деп аталады. Адымдауыш экскаватор да осылайша жасалған.

      Көп ожаулы, роторлы экскаваторлар да бар. Олардың ожауы үлкен доңғалаққа бекітілген. Доңғалақ айналғанда, ожау кезек-кезегімен топырақты салып алып, тасымалдауышқа төгеді.

      Үлкен құрылыстарға басқа машина қажет. Үлкен ожауды тракторға тіркейді де, онымен топырақты көсеп алу үшін тартады. Ожауы топыраққа толған кезде сәл ғана жоғары көтеріліп, трактормен тіркеме сияқты қажетті жерге тасиды. Мұндай машинаны скрепер деп атайды.

       Каналдар мен су электр станциясын салу кезінде каналдың түбін тереңдету немесе плотина орнату қажет болғанда жер сорғыш снаряд деп аталатын машиналарды жиі қолданады. Снаряд үлкен баржа сияқты суда қалқып жүреді, ал оның көтергіш кранына ұқсас мойны су түбіне түсіріледі. Мойын ұшындағы қопсытқыш топырақты кеміре отырып шыр айналады. Осыдан шыққан сұйық лайды – насос құбыр бойымен 3-4 км-ге айдап шығарады. Бұл өте қолайлы: жер сорғыш снаряд ілгері қозғалады да, оның артында өзен пайда болады. Ал сыртқа шығарылған топырақ та босқа жатпайды: артық су қайтадан өзенге құйылғаннан кейін қажетті жерде бөген жасалып шығады.

Сумен жабдықтау және канализация

Ыстық сумен жабдықтау жүйелері ыстық су дайындау көзінен, қазандардан, суды аспаптарға дейін жеткізетін құбырлардан және жылу тасымалдағыш шығынын реттеу құрылғыларынан тұрады. Тұтынушыларына қарай ыстық сумен қамту жүйелерін тұрғын, қоғамдықжәнеөндірістік деп бөледі. Орналасу орны бойынша ыстық сумен жабдықтау жүйелері орталықтандырылған және жергілікті болып бөлінеді.

           Сумен жылыту жүйелері тасымалдағыштың айналуына байланысты – табиғи (гравитациялық)және жасанды (насостық) болады. 

Құбырларды жылыту аспабына жалғастыру схемасына қарай – екі құбырлы және бір құбырлы болады. Екі құбырлы жүйеде әр жылыту аспабы бөлек екі құбырға қосылады (беру құбырымен ыстық су келеді, қайтару құбырымен салқындаған су кетеді).

           Құбырларды жергілікті жылу пунктінен су алу орындарына дейін тартылу схемасына қарай жоғарыдан, төменнен тартылған, тұйықталған және айналымды деп бөледі. Жүйедегі ыстық судың айналу түріне қарай табиғи айналымдыжәне еріксіз айналымды ыстық сумен жабдықтау жүйелері деп бөлінеді. Табиғи айналым жоғарыдан тартылған жүйелер үшін тиімді. Кішігірім мекемелер мен аз қабатты ғимараттарда, сондай-ақ, монша-кір жуу орындарындарында жоғарыдан тартылған тұйықталған және аккумуляторлы жүйелер қолданылады. Мұндай жүйелерде ыстық су алдын-ала дайындалып қояды. Аккумулятордағы көп мөлшердегі су қоры оның жоғары температурасын, тіпті су көп қолданылған жағдайда да сақтауға мүмкіндік береді.

           Көп қабатты тұрғын үйлерде су қолдану графигі тұрақсыз болғандықтан, аккумуляторсыз тұйықталған жүйелер қолданылмайды, себебі су алу ұзақ тоқтатылса, су суып қалып, оны төгуге тура келеді. Ұзын тасымал құбырлары бар ғимараттарда сорғы (сорап) көмегімен еріксіз су айналымын тудыратын жүйелерді қолданады.

Сорап дегеніміз сырттан әсер ететін күш қуатына (механикалық, электрлік және т.б.) байланысты су немесе басқа да сұйықты көтеруге және оны тиісті қысыммен тұтынушыға беруге арналған құрылғы.

Сорап станциялары канализация жүйесінің негізгі бөлігі болып есептеледі. Жиналған сарқынды сулар сорап станциясына канализация коллекторы немесе құбыр бойымен тікелей, қажетті жағдайда, тұндырғыш арқылы түседі. Бір станцияға екі-үш канализация құбырлары жалғануы мүмкін.

Канализациялық су станциялары жиналған сарқынды суларды арнайы тазалау, өңделген суларды су жинағыш қоймаларға немесе оларды пайдалану объектілеріне тасымалдау үшін салынады.

Е д е н  т ө с е у  ж ұ м ы с т а р ы

           Еден – жер немесе жамылғылар үстіне орнатылатын құрама конструкция. Еденнің  үстіңгі элементін жабу «нағыз» еден деп атайды. Еденнің жабу түрі оның атымен анықталады: паркет, тақта, мозаикалық және т.с. Еденнің жабуы мен еден орналасқан үймереттің жүк көтеретін элементінің аралығында әрқайсысының нақты функционалдық міндеті бар аралық қабаттар болады: қабатша, тұтастырғыш (жиыстырма), су айыру, жылылықты өткізбеу, дыбыс өткізбеу, төсеніш қабаты.

           Қабатша – еден жабуы мен астыңғы түзілістің өзара қатыстығын қамтамасыз ететін қабат. Жабу түріне байланысты қабатша қалыңдығы не 0,6-1 мм арнайы жабысқақ мастикалардан, не 10-15 мм ерітіндіден жасалады.

           Тұтастырғыш – тығыз қыртыс жасауға, еденге  еңіс беруге, линолеум, синтез тақтайшалар және т.б. жұқа қабатты жабуларға негіздер жасау үшін қызмет атқаратын қабат.

           Су айыру – еденнің аралық қабаттарын судан қорғайтын қабат.

           Жылылықты өткізбеу – еденнің жалпы жылу өткізгіштігін азайтатын қабат.

           Дыбыс өткізбеу – көршілес бөлмелерде шу дыбысының қысым деңгейін төмендететін қабаты.

           Құмнан және қиыршық тастан жасалған қатты емес төсеніш қабаты 100 және 200 мм қалыңдыққа дейін тығыздалып төселеді. Бетоннан жасалған қатты төсеніш қабат ең аз қалыңдықпен (80-100 мм) төселеді.

Жабулар келесі топтарға бөлінеді: тұтас құймалы, ағаштан жасалғандар, синтездік оралмалы материалдардан, дара тақта элементтерден жасалғандар.

           Тұтас құймалы жабулар бетон, мозаикалық (терацалы) цемент-құмды, полимер, полимер-бетон, полимер-цемент, кселолит қоспарынан орындалуы мүмкін.

           Бетон жабулары құрама тақталар, су айыру, тұтастырғыштан тұратын және цеменпен грунтталған негізге төселеді. Бетон жабуларын жасау технологиясы төсеніш қабатын орындау технологиясынан әрлеу және бет қабатын нығайту бойынша қосымша операция жиынтығымен ерекшеленеді.

           Еден ғимараттың маңызды құрылымдық эементі болып табылады. Едендерге эстетикалық талаптармен қатар беріктік талаптары қойылады: олар механикалық ықпалға (үйкелуге, соғылуға, тесілуге, т.б.) жақсы кедергі көрсетуі керек, тегіс болуы, сырғанақ емес, жүргенде дыбыс шығармайтын және пайдалануда ыңғайлы болуы керек.

            Т ұ с қ а ғ а з  ж а б ы с т ы р у

Тұсқағаз – біркелкі немесе түрлі-түсті фонға бояу болмаса бедерлі баспа тәсілімен салынған алуан түрлі өрнегі бар қағаз текті әрлеу материалы.

Жапсырма тұсқағаздың кейбір түрлері (мысалы, жуылатын) ылғалға төзімді болады, оларды дымқыл шүберекпен сүрткенде беті бүлінбейді. Пленка қабаты бар тұсқағаздар суға және кір алғыш ерітінділерге мейлінше төзімді келеді.

Тұсқағаздар оралған күйінде ені 500, 600 және 750 мм етіп шығарылады. Орамалардың ұзындығы 7,0; 10,5; 12,0 және 18,0 м. Тұрғын үйге жапсыруға қанша қағаз кететінін білу үшін бір орамадағы қағазды үйдің төбесінен еніне дейін неше рет жапсыруға жететінін есептеп шығару керек. Бұдан соң қарапайым тәсілмен тұсқағаз жапсырылатын қабырғалардың жалпы ұзындығын есептей отырып, қажетті орама санын анықтауға болады.

Тұсқағаз желімделетін бөлменің температурасы 5 С-тан төмен болмауы тиіс. Қабырғалардың беті біркелкі тегіс және мейлінше құрғақ болған жағдайда ғана жапсыру жұмысы жүргізіледі. Ылғалдылығы жоғары бөлмелерге (ванна, душ) тұсқағаз қолданылмайды. Тұсқағаз жапсыруды барлық майлау жұмыстары (еденді сырлаудан басқа) аяқталған соң бастаған жөн. Сылақ жағылған қабырғаларды абразив материалымен (тегістеуші тас, тегістегіш тері) немесе пемзамен бетін тегістей отырып тазалайды.

           Ағаштан қиып салынған үйдің қабырғаларына тұсқағаз үй әбден кепкен соң, кемінде бір жылдан кейін барып жапсырылады. Бөренелер арасындағы ойыққа үш бұрышты тақтай-сына қағып, ал олардың жіктеріне 2-3 қабат қағаз қиындысын жапсырып тегістейді. Саңылауларды сондай-ақ әк ерітінділерімен де бітеуге болады, бірақ әкті әбден кептіру керек. Ағаш қабырғаларды көбіне картонмен қаптайды. Шегелердің басына майлы бояу жағып, картон парақтардың түйіскен тұстарына қағаз жапсырып, бетін сылап тастайды. Фанера қағылған жерлерін немесе жіктерін сылақпен бекітіп, кепкеннен кейін пемзамен тегістеу керек. Шегелердің басын фанераға немесе сылаққа «сіңіре» кіргізіп, бетін сылап тастайды. Қағаз жапсырар алдында қабырғалардың плинтустар мен жақтаулардың арасындағы қуыстарды мұқият бітеу керек.

Тұсқағаз үшін әдетте газет қағазы пайдаланылады. Ол үшін әр қағаз параққа клейстер (крахмалдан, ұннан жасалған желім) жағып, жиектерін қиыстыра немесе саңылау қалмайтындай етіп жапсырады. Желімделген парақтарды таза шүберекпен немесе қыл щеткамен қағаздың бетінде бүршіктер, қыртыстар болмайтындай және тұтас жабысатындай етіп жазады.

Плинтустар мен жақтаулардың жиегіне келетін, сондай-ақ карниздердің астына кіретін бұрыштары мен жолақ тұстарына алдымен мұқият клейстер жағады. 4-5 сағаттан кейін, қағаз астары кепкен бойда, оны қайта тексеріп, бұдыр және шығыңқы тұстарын пемзамен тегістеу керек.

Клейстер жағылған жалпақ тұсқағаздарды қабырғаға жоғары жағынан бастап жапсырады. Тұсқағаз жапсырылған тұсты желден, артық ылғал мен шақырайған күн көзінен сақтау керек.

           Т а б и ғ и  т а с  м а т е р и а л д а р ы

           Табиғи тас материалдары деп тау жыныстарын механикалық өңдеу (жару, тілу, ұсақтау және тағы басқа тәсілдер)арқылы алынатын плиталар, блоктар, қаптағыш материалдар, жолға төселінетін кесек және жалпақ тастар, жол жиек тастары, щебен, ұсақталған құм сияқты т.б. өнімдерді айтады.

Құрылыс саласында кең қолданылатын табиғи тас материалдарын төмендегінше үлкен екі топқа жіктеуге болады:

1. Құрылыста тікелей қолданылатын материалдар мен бұйымдар: үйлерді және ғимараттарды, өзен жағаларын, көпірлерді, басқа да көптеген инженерлік құрылыстарды қаптауға, жол және гидротехникалық құрылыстарына, үйлердің қабырғаларын көтеруге, өнеркәсіптік үйлердің еденін төсеуге, басқыш алабын құрамдауға, құрылыс ерітінділері мен бетондарға толтырушы ретінде және т.б. көптеген мақсаттар үшін пайдаланады.

2. Құрылыс материалдар өнеркәсібінде жасанды материалдар шығару үшін (керамика, шыны, минералдық байланыстырушылар, т.б.) шикізат ретінде қолданылатын минералдық жыныстар. Жасанды материалдарын алу процесінде табиғи тау жыныстарының құрамы, физикалық-механикалық қасиеттері өзгеріске толық ұшырайды.

Тау тас материалдарын өндіру технологиясының ерекшелігіне байланысты үш топқа бөліп қарастыруға болады:

1. Жекелеген қабырға тасы – арнаулы механизмдер көмегімен тікелей тау сілемінен кесіліп алынатын геометриялық дұрыс пішінді бұйымдар.

2. Қаптаушы немесе әсемдеуші тас бұйымдары – алдын ала тас сілемінен кесіліп алынған тас блоктарын тіліп, сонан кейін түрлі тәсілмен фактураланатын плиталар, үйлерді және ғимараттарды өңдеуге жарамды бұйымдар.

3. Руда емес материалдар – ұсақталған тас (щебень, қиыршық тас, құм).

Құрылыста әрбір табиғи тастан жасалған материалдар мен бұйымдарға қойылатын нақтылы техникалық талаптар бекітілген. Мысалы, үйлердің іргесін көтеру үшін, арнаулы табиғи жыныстан жасалған кесек пішінді (бут) тас, тілінген және шағылған тастар қолданады. Ал қабырғасын қалау үшін ізбес тастарынан доломиттерден, құмдық тастан, жанартаулық туфтан, т.б. жыныстардан жасалынған плиталар, блоктар жарамды.

Үйлер мен ғимараттардың сыртын қаптау үшін атмосфераның және аяздың әсеріне тұрақтылығы жоғары келетін тастардан (граниттен, сиениттен, диориттен, габбродан, кварциттен, андезиттен, базальттен) жасалынып тиісті тәсілмен өңделген плиталар және профильделінген бұйымдар қолданады.  Іш жағын өңдеу үшін тиісті көрнекілігі, мықтылығы бар тау жыныстарынан (мрамордан, кеуекті ізбес тастарынан, оларды ракушечник, травертин деп те атайды, туфтан) жасалынған плиталарды қолданады.

Ағаш материалдары мен бұйымдары

           Ағаш көп ғасырлар бойы пайдаланып келе жатқан дәстүрлі материал. Оның тамаша қасиеттері (тығыздығының төменділігі, беріктілігінің жоғарылығы, оңай өңделетіндігі, жеке бөліктерін бір-бірімен оңай біріктірілетіндігі, жылу өткізгіштік коэффицентінің төмендігі, аязға төзімділігі, химиялық реагенттерге шыдамдылығы) қарай ағаш материалдары мен бұйымдарын құрылыста кең қолданатын болды.  Сонымен бірге, ағаштың құрылыстық қасиетін нашарлататын кемістігі де бар. Олар: құрылысының біркелкі еместігі (анизотроптығы), су буын сіңіріп, мөлшерін, пішінін өзгертіп, қисая деформацияланатындығы,  жанғыштығы, шірігіштігі.

           Ағаштың құрылыста қолданылуы өте ерте заманнан басталған. XII-XIII ғасырлардың өзінде орыс сәулетшілері ағаштарды қолдана отырып, көптеген  зәулім ғимараттарды, көпірлер, шіркеулер, бекіністер, тамаша тұрғын үйлер, т.б. көрнекті де сәулетті биналар салғаны белгілі. Сондықтан, ерте замандардан бастап ағаш бұйымдарының төзімділігін түрлі ерітінділер көмегімен оларды кеселденуден, шіруден, жанудан қорғау тәсілдерімен қорғанатын болған.

           Қазіргі кезде ағаш қорының азаюына және күрделі құрылыс көлемінің үдемелей дамуына байланысты, ағаш материалдары мен бұйымдарын құрылыста бұрынғыдай кең қолданатын мүмкіншілік шамалы болып қалды.

Желімделінген және құрастырмалы ағаш бұйымдары мен конструкцияларын өнеркәсіптік және қоғамдық үй құрылыстарында қолданады. Әрине, есік пен терезе блоктарын жасауға, тұрғын үйлердің еденін төсеуге және қабырғаны өңдеуге ағашқа теңесер материал жоқ.

Ағаш өнімдері былай топталады: дайын бұйымдар мен конструкциялар – жиналмалы үйлер және олардың бөлшектері; ұсталық бұйымдар; ағаш бұйымдары өндірісінің қалдықтары мен полимер негізіндегі композициялық материалдары және бұйымдары; желімделінген конструкциялар мен фанерлер.

Сүргіленген ағаш бөліктеріне қылқанды жапырақты және жапырақты ағаш жыныстарынан жасалынатын станокпен сүргіленген, еден төсеуге пайдаланатын тақтайлар, брускалар, маңдайшалар, рамка, рейка, т.б. метрбойлық (погонаждық) материалдар жатады.

           Паркеттік бұйымдар – жекелеген паркет, паркеттік тақтай, қалқа және мозайкалық (әшекейлі) паркет болып бөлінеді.

           Ұсталық құрылыс бұйымдарына терезе және есік блоктары, тұрғын үйлерде кең қолданылатын ұсталық қалқандар мен панельдер жатады.

Жасанды құрылыс материалдары

           Керамика деп keramike грек сөзі (keramos – саз деген сөзден шыққан) – қыш өнері деген мағынада. Керамикалық деп әр алуан ылғалдықтағы, көпшілігінде минералдық немесе органикалық қоспалары бар, саздық біркелкі массадан түрлі тәсілдермен қалыпталып және жоғарғы температурада күйдіріліп жасалатын тас материалдары мен бұйымдарын айтады.

           Керамикалық материалдар номенклатурасы орасан көп. Оларға жататындар: кәдімгі құрылыс кірпіштері, түрлі мақсатқа арналған керамикалық тастар, қабырғалық блоктар мен панельдер,  черепицалар, құбырлар, қаптаушы плиталар мен плиткалар, санитарлық-техникалық бұйымдар, жылу айырушы материалдар (керамзит, перлит, вермикулит, аглоперит) және т.б. толып жатқан түрлі керамикалық материалдар мен бұйымдар.

           Керамикалық бұйымдардың маңызды физикалық-механикалық қасиеттері 900-11000С аралығындағы температурада күйдірілуі нәтижесінде қалыптасады. Күйдіру нәтижесінде бұйымдар тас тәрізді күйіне көшіп беріктік, суға және аязға төзімділіктерін жоғарылатып, керекті құрылыстық қасиеттеріне ие болады. Керамикалық бұйымдардың су сіңіргіштік, аязға төзімділік, механикалық беріктігі, химиялық және термиялық тұрақтылық, үйкелістігі, су өтімділік қасиеттері олардың кеуектігі мен тығыздығына байланысты.

Керамикалық материалдар мен бұйымдар өнеркәсібі қазіргі кезде бүкіл процестері механикаланған және автоматикаланған өндіріс саласы.

               Металл материалдары, оларды қолдану

Қазіргі заманда құрылыс саласында металдардың және ерітпелердің маңызы өте зор. Олай болатыны металл материалдары мен бұйымдарына құнды құрылыстық қасиеттер тән. Атап айтатын болсақ – мықтылығының жоғарылығы, едәуір созымталдық деформацияға қабілеттілігі, яғни қысымдық әсерімен оны өңдеу мүмкіншілігі, оның ішінде езгіленуге, соғу арқылы созылуға, штампталуға, созуға икемділігі, сондай-ақ құйылу қасиеті, дәнекерленуі, төменгі және жоғары температурада мызғымайтындығы және т.б. қасиеттері бойынша басқа құрылыс материалдарынан ұтымдылығымен ерекшеленеді.

Металл дегеніміз атомдары кеңістік тор түйіндерінде белгілі бір заңдылықпен орналасқан кристалдық дене. Құрылыста, әдетте таза металды емес, ерітпені қолданады. Ең кең қолданылатын қара металл негізіндегі (94 пайыздай шамада) және аздаған түсті металдар ерітіндісі (қорытпасы) негізінде жасалған бұйымдар.

Қорытпалар (оларды ерітпе немесе балқыма деп те атайды) металдық қасиеттерге ие. Олар екі немесе одан да көп элементтерден тұрады. Мысалы: қола – қалайы мен мыс қоспасы, құйылу қабілеті өте жоғары, сантехникалық элементтерді жасауға кеңінен қолданылады. Қола дәуірінде металл құралдардың (балта, тескіш, қашау т.б) ойлап шығарылуы ағашты жақсылап өңдеуге, кесуге, жонып тегістеуге, тесуге және шауып қиюға мүмкіндік берді, бұл өз кезінде ағаш құрылымы мәселесін шешуге жол ашты. Металл құрал-саймандар тас өңдеу ісінде де, тас құрылымдарын өркендетуде де прогрестік рөл атқарды. Қола құю ісі және түсті металдарды өңдеу сақ тайпаларында жоғары дәрежеде болды.

Түсті металл қорытпаларын агрессивтік ортада істейтін, үйкеліске ұшырайтын, жоғары жылу өткізгіштігін, электр өткізгіштігін және массасы төмендігін қажет ететін бөлшектерді жасау үшін қолданады. Кейінгі кездері алюминийдің және оның қорытпаларын құрылыста кең қолданып келеді.

Алюминий – күміс сияқты ақ және майысқақ, жұмсақ металл, атмосфералық коррозияға берілмейді. Ол көпшілігінде бояу, фольгалар, газ шығарушы ретінде қолданылады.

Дюралюминдер – алюминийдің мыс, марганец, магний қоспаларымен бірге қорытылған күрделі құрамдағы балқымалар. Дюралюминдерді үлкен аралық ғимараттар конструкциялары үшін, сейсмикалық құрылыста басымырақ қолданады.

Темір кенінен қара металдар өндіру – күрделі технологиялық процесс. Оны шартты түрде екіге бөледі. Бірінші сатысында шойын алады, ал екінші сатысында – оны қайтадан өңдеу арқылы құрыш алады. Шойын деп темірдің көміртегімен (2 - 6,67 пайыз) қорытпасын айтады. Құрыш деп 2 пайызға дейін көміртегі бар теміркөміртекті қорытпаны айтады. Құрылыста құрыш конструкцияларын жасау үшін, темірбетон конструкцияларын арматуралауға, жамылтқы орналастыруға, темірбетон бұйымдарын қалыптастыруына және т.б. мақсаттарға қолданады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: