Тарау. Саяси социология 6 страница

Социологияның бірінші кезектегі проблемаларының бірі - әлеуметтену процесі болып табылады. “ Әлеуметтену” ұғымы жалпылама түрде индивидтің әлеуметтік топ пен жалпы қоғамға тән мәдениет ұғымына кіретін және индивидке қоғамдық қарым-қатынастардың белсенді субъектісі ретінде қызмет атқаруына мүмкіндік беретін белгілі бір білім, норма, құндылық, ұстаным, мінез үлгілері жүйелерін меңгеруі процесін сипаттайды.

Әлеуметтенуден бейімделуді (жаңа шарттарға үйренудің уақыт бойынша шектелген процесі), оқытуды (жаңа білім алу), тәрбиені (әлеуметтендірудің агенттері мен институттарының индивидтің рухани аясы мен мінез-құлқына мақсатты түрде ықпал етуі), есеюді (адамның 10 жастан 20 жасқа дейінгі кезеңде әлеуметтік психологиялық қалыптасуы) және ержетуді (адам организмінің жеткіншектік және жастық шағындағы нығаюының физикалық-физиологиялық процесі) ажырата білу қажет.

Әлеуметтену процесі негізгі өмір тізбектері деп аталатын сатылардан өтеді. Бұл балалық, жастық, ересектік және қарттық шақ. Әлеуметтену процесінің нәтижеге жетуі немесе аяқталуы бойынша балалық пен жастық кезеңдерді қамтитын бастапқы, немесе ерте әлеуметтенуге және басқа екі кезеңді қамтитын жалғасқан әлеуметтенуге бөлуге болады. Өмір тізбектері әлеуметтік рөлдердің алмасуымен, жаңа мәртебеге ие болумен, зиянды әдеттерден, айналасындағылардан, достық байланыстардан бас тартумен, өмір салтын өзгертумен байланысты. Ескі құндылықтарды, нормаларды, рөлдер мен мінез-құлық ережелерін ұмыту әлеуметсіздену деп аталады.Содан кейінгі ескі құндылықтардың орнына жаңа құндылықтарға, нормаларға, рөлдер мен мінез-құлық ережелеріне үйрену қайта әлеуметтену деп аталады.

Әлеуметтенудің мәні адамды өз қоғамының мүшесі етіп қалыптастыратындығында. Кез келген қоғам өзінің әлеуметтік, мәдени, діни, этикалық мұраттарына барынша сай келетін адамның белгілі бір типін қалыптастыруға тырысып келген және тырысады. Алайда бұл мұраттардың мазмұны тарихи дәстүрлерге, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуға, қоғамдық және саяси құрылымға қарай әр түрлі болады. Дей тұрғанмен қазіргі заманда қоғамның толыққанды мүшесінің мұраты көп, жалпы немесе әр түрлі қауымдастықтар үшін азды-көпті үйлесетін сипаттамасы бар екенін айтуға болады. Соған сәйкес әлеуметтену процесі де әр түрлі қоғамдарда белгілі бір ерекшеліктерді сақтай отырып, әмбебап және үйлесімді сипаттамаға ие болады, бұл ғаламдық, жалпы планеталық және жалпы әлемдік тенденциялармен (урбанизация мен ақпарат­тандырудан экологиялық және демографиялық үрдістерге дейін) байланысты.

Әлеуметтену процесінің мазмұны кез келген қоғам өзінің мүшелері еркектің немесе әйелдің рөлін сәтті меңгергеніне (яғни жыныстық-рөлдік әлеуметтенуге), өндіріс қызметіне білікті қатыса алуына және қатысқысы келуіне (кәсіби әлеуметтену), берік отбасын құруына (отбасылық рөлдерді игергеніне), заңды сыйлайтын азаматтар болуына (саяси әлеуметтену) және т.с.с. мүдделі екендігінде. Мұның бәрі адамды әлеуметтену объектісі ретінде сипаттайды. Алайда адам әлеуметтену объектісі болып қана қоймай, субъектісі болған кезде де қоғамның толыққанды мүшесі бола алады. Субъект ретінде адам әлеуметтену процесінде өз белсенділігін жүзеге асырумен, өзін-өзі дамытумен және қоғамда өзін-өзі көрсетуімен етене бірлікте әлеуметтік нормалар мен мәдени құндылықтарды меңгереді.

Егер де әлеуметтену процесінде адамның тұлғасы дамитын болса, онда ол адам үшін сәтті әлеуметтену болады. Әлеуметтену кемшілігінің көрініс табуы девианттік мінез-құлық болып табылады. “Девианттік мінез-құлық” категориясы мазмұнының үш қырын бөліп қарауға болады - біріншіден, девиация деп нормадан кез келген ауытқуды, тіпті прогрессивтік ауытқуды айтуға болады. Екіншіден, дәстүр бойынша девианттік деп әлеуметтік “жамандықтың” жағымсыз көрінісі ретіндегі девиацияны айтады. Үшіншіден, неғұрлым тар ұғымында девианттік мінез-құлық деп қылмыстық жазалауға соқтырмайтын, басқаша айтқанда құқыққа қайшы болмайтын ауытқуларды айтады [11].

Девианттік мінез-құлықтың өзіне тән белгісі мәдени релятивизм болып табылады: мәселен бір іс-әрекет бір қоғамда дұрыс саналуы, ал басқа қоғамда - әлеуметтік патология ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұған әр түрлі халықтардың отбасы құқығы мен отбасылық дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Егер де Голландия, Швеция, Норвегия сияқты елдерде гомосексуалдық некелерге рұқсат етіп, мұндай жұптардың бала асырап алу құқығын мемлекет қамтамасыз ететін болса, көптеген елдерде сияқты біздің Қазақстан қоғамында да мұндай жағдай қоғамдық мораль тұрғысынан да, заңнама тұрғысынан да мүмкін емес. Тіпті біртұтас заңнама қолданылатын, бірақ тұрмыста әр түрлі салт-дәстүрлерді ұстанатын халықтар тұратын, әсіресе бұл салт-дәстүрлер діни нормалармен сақталатын бір мемлекеттің өзінде қиындықтар пайда болады. Мысалы Қазақстандағы азаматтық құқық бойынша бір некелілік талаптары мен ислам мойындайтын көп әйел алу дәстүрі арасындағы қақтығыс осындай. Мәдени релятивизм екі түрлі қоғамның ғана емес, сондай-ақ бір қоғамның ішіндегі екі немесе бірнеше үлкен әлеуметтік топтардың салыстырмалы сипаттамасы бола алады. Мұндай топтардың мысалы - саяси партиялар, үкімет, әлеуметтік тап немесе топ, діндарлар, жастар мен жеткіншектер, әйелдер, аз ұлттар.

Девианттік мінез-құлықтың социологиялық түсіндірілуі объективті әлеуметтік бағыттылықты және тұлғаның, әлеуметтік топтардың, қауымдастықтар мен тұтас қоғамның қызмет атқаруы және дамуы тұрғысынан алғандағы мінез-құлқының қоғамдық нәтижелері сияқты көрсеткіштерді, мінез-құлықтың әлеуметтік құндылықтар мен нормаларға сәйкестігін, қоғамдық пікірге берілген бағалар мен әлеуметтік санкцияларды қамтиды.

Қоғам түрлі тәсілдер мен құралдарды пайдалана отырып, әрқашан ауытқытушы мінез-құлықтардың жағымсыз нысандарын басып тастап отыруға тырысады. Әрбір әлеуметтік топта өз мүшелерінің мінез-құлықтарын тиісінше жасалған үлгілер шеңберінде сақтайтын әлеуметтік бақылау жүйелері болады. Жалпыға ортақ қабылданған үлгілер шеңберіне сыймайтын мінез-құлықтарды тиісінше қоғам санкциялаған болады. Санкция - әлеуметтік бақылау элементтерінің бірі. Әлеуметтік бақылау мойындауды білдіру, марапаттар мен ерекшелік жүйелері ретінде анықталады, солардың арқасында тұлғаның мінез-құлқы қабылданған мінез-құлық үлгілеріне сәйкестендіріледі. Демек әлеуметтік бақылау өзін-өзін реттейтін жүйе ретінде қоғамның тұрақтылығы мен үйлесімді қызмет атқаруын ескере отырып, қоғам қабылдаған мінез-құлық нормалары мен құндылықтар жүйесіне сәйкес келетін жеке адамның мінез-құлқын қамтамасыз етуді мақсат тұтатын түрлі әрекеттер мен санкциялар, ынталандырулар мен марапаттар арқылы жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, әлеуметтік бақылау топтағы конформизмді қалыптастырады. Адамның кез келген мінез-құлқы мен әрекеттері бақылауға жата бермейді. Әрбір адамның қоғамның түріне, топтағы қоян-қолтық қызметке, оның институттарының сипатына, жеке адамның топтағы ұстанатын позициясына қарай кең немесе тар болатын белгілі бір жеке аясы болады. Осынау іс-әрекет тұтас топты қаншалықты маңызды қозғайтын болса, оған қарсы қуғын-сүргін де соншалықты салмақты болады.

“Әлеуметтік бақылау” - термин, оны айналымға алғаш рет енгізген Г.Тард бастапқыда қылмыскердің қоғамдық қызметке қайта оралуының құралы ретінде қарастырған болатын [12]. Шет ел социологтары Ф.Знанецкийдің, Р.Лапьердің, Д.Мартиндейлдің, У.Томастың еңбектерінде әлеуметтік бақылау проблемасы әуел бастан индивидтердің мінез-құлқындағы қоғам үшін қажеті жоқ ауытқуларды жою проблемасымен және мінез-құлықты реттеу құралын жасаумен жалғасқан болатын. Әлеуметтік бақылау проблемасын бұл социологтар әлеуметтік институттар жүзеге асыратын оңтайлы, әлеуметтік ықпалдар және адамдардың мінез-құлқын сол әлеуметтік жүйенің қарым-қатынастарын реттейтін нормаларға бейімдеу мақсатында ауытқуларды жөндейтін өзгерістер деп түсінді [13]. Әлеуметтік бақылау теориясын Э.Росс пен Р.Парк жасаған. Э.Ростің пікірінше әлеуметтік бақылау дегеніміз “салауатты” әлеуметтік тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қоғамның индивидтің мінез-құлқына мақсатты ықпал ету. Р.Парк әлеуметтік бақылауды әлеуметтік күштер мен адам табиғаты арасындағы белгілі бір арақатынасты қамтамасыз ететін құрал деп түсінеді. Ол әлеуметтік бақылаудың үш нысанын бөліп қарайды: 1) қарапайым (мәжбүрлеуші) санкциялар; 2) қоғамдық пікір; 3) әлеуметтік институттар [14].

Т.Парсонс әлеуметтік бақылау проблемаларына және әлеуметтік жүйенің орнықтылығы мен интегралданушылығын қамтамасыз ету құралдары ретіндегі нормаларға ерекше назар аударған. Ол әлеуметтік бақылаудың үш құралын бөліп қараған:

1. Оқшаулау нормаларды бұзушыға (девиантқа) қатысты қолда­ны­лады және оны оңалтуды көздемейді. Мұндай әдіспен түзелмейді делінген қылмыскерлерге ықпал жасалады.

2. Шеттету құқық бұзушының байланыстарын шектеумен байланысты, бірақ оны қоғамнан толық оқшаулауды көздемейді. Бұл оған өзінің қоғам нормалары мен заңдарын ұстануға дайындығы мен қабілетін байқаған кезде қоғамға қайтып оралуына мүмкіндік береді.

3. Құқық бұзушыны оңалту, қалыпты өмір мен өзінің әлеуметтік рөлін атқаруға қайта оралуына дайындау. Көптеген түзету орындарында, психиатрлық емханаларда оңалту бағдарламалары кеңінен қолданылады, ал әлеуметтік қызметкерлер әлеуметтік қамсыздандыру органдарында, түрлі қоғамдық ұйымдарда ынтымақтаса отырып, құқық бұзушыларды оңалтумен айналысуда. Бұл ұйымдардың полициядан, соттан, бас еркінен айыру орындарынан айырмашылығы, девианттік мінез-құлықты қаскүнемдік жауыз ниет емес, әлеуметтік сәтсіздік, өзінің еңбек және өзге қабілеттерін қолдана алмау проблемасы ретінде қарауға бейім, әрқашан құқықтық санкцияларды емес, қолдауды, жанашырлықты, мейірімділікті, көбінесе емдеуді талап етеді. Сондықтан олар әлеуметтік-психологиялық, медициналық және өзге алдын алу шараларына, тұлғаға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған [15].

Сонымен, тұлғаның қалыптасуы өзара байланысқан бірқатар деңгейлерді - адамның биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және дүниетанымдық қалыптасуын қамтитын күрделі процесс болып табылады. Әлеуметтену институттары адамға мінез-құлық үлгілерінің мәдени нормаларын үйретіп қана қоймай, әлеуметтік нормалар мен рөлдердің қаншалықты берік, терең және дұрыс меңгерілгенін де бақылап отырады.

Әлеуметтік мәртебелер және рөлдер

Адам әлеуметтік тіршілік иесі болғандықтан түрлі әлеуметтік топтармен қарым-қатынас жасайды. Ол белгілі бір топтың ғана мүшесі болатын жағдай іс жүзінде кездеспейтіндіктен индивидтің әр түрлі топтарға қатысты жағдайын, сондай-ақ оның әрбір топқа қатысты функционалдық мүмкіндіктерін талдау үшін социологияда әлеуметтік мәртебе мен әлеуметтік рөл ұғымдары пайдаланылады.

Әлеуметтік мәртебе деп адамның топтағы немесе қоғамдағы позициясын, жағдайын айтады. Әлеуметтік мәртебе индивидтің жан-жақты және сонымен бірге жалпылама сипаттамасын: кәсібін, біліктілігін, атқаратын жұмысының сипатын, лауазымын, материалдық жағдайын, саяси ықпалын, іскерлік байланыстарын, ұлтын, дінін, жасын, отбасылық жағдайын, туыстық байланыстарын және т.б. қамтиды.

Барлық әлеуметтік мәртебелерді негізгі екі түрге бөлуге болады: белгіленген және қол жететін мәртебелер.

Тұлғаның күш-жігері мен сіңірген еңбегінен тыс қоғам тарапынан белгіленген мәртебе этникалық шығу тегі, туған жері, отбасы, жынысы мен жасы т.б. факторлармен байланысты. Қол жеткен мәртебе адамның өзінің күш жұмсауымен анықталады (мысалы, жазушы, генерал, студент, директор және т.с.с.).

Адамның қандай да бір мәртебеге ие болғаны (кей кезде тіпті оның тұлғасының осы мәртебемен теңестірілуі) сәйкестендіру деп аталады. Және де сәйкестендіруге туғаннан ие болғанына немесе күш-жігер жұмсауының нәтижесінде қол жеткізгеніне қарамастан, қалай болған күнде де оны жеке адам өзінің айналасындағы басқа адамдармен қарым-қатынас жасау процесі арқылы меңгереді.

Мәселен, бір адам көптеген мәртебеге ие болады, осылайша көптеген топтар мен ұйымдарға қатысады. Ол - еркек, әке, ұл, бауыр, оқытушы, профессор, партия мүшесі және т.с.с. Бір адам иеленген барлық мәртебелер жиынтығы мәртебелік жиым деп аталады. Әдетте, адамды басқа адамдармен сәйкестендіретін немесе оның өзін-өзі сәйкестендіретін мәртебелерінің бірі басты мәртебе, сол адамның өзіне тән болады. Басты мәртебе салыстырмалы түрде алынады - ол адамның жынысына, нәсіліне немесе кәсібіне байланысты емес. Өмірдің сәні мен салтын, адамның мінез-құлық үлгісін анықтайтын мәртебесі әрқашан басты мәртебе болып табылады. Мұндай мәртебе көбінесе негізгі жұмыс орнындағы лауазымына байланысты болады.

Бір адамда әлеуметтік мәртебе және жеке басының мәртебесі болатынын ажырата білген жөн. Жеке басының мәртебесі - адамның өз айналасында ие болған позициясы, оған туысқандарының, әріптестерінің, достарының берген бағасы. Бірдей мәртебеге ие болған адамдар әр түрлі әлеуметтік мәртебелерге де ие болуы мүмкін және керісінше. Мынадай айырмашылығын көрсетуге болар еді: жеке басының мәртебесі -адамның шағын (әдетте бастауыш) топтардағы жағдайы, ал әлеуметтік мәртебесі - үлкен әлеуметтік қауымдастықтағы позициясы. Әлеуметтік мәртебенің сипатты белгісі оның жеке адамға қатысты болмайтындығы, ал жеке басының мәртебесі адамның жеке қасиетін білдіреді.

Әлеуметтік мәртебенің және жеке басының мәртебесінің айырмашылығы адамның өзі қатысатын ресми немесе бейресми ұйымның құрылымында ие болатын беделі мен ықпалынан айқын көрінеді. Жеке басының мәртебесіне қол жеткізу әлеуметтік мәртебеге қарағанда әлдеқайда жеңіл.

Қоғамдық пікірде басқаларға қарағанда көбірек бағаланатын мәртебелер мен әлеуметтік топтардың иерархиясы жасалып, қолдау табады, бірақ ешбір құжатта белгіленбейді. Мұндай иерархиядағы орын “дәреже” деп аталады [16]. Индивид бір топта жоғары, ал екіншісінде төмен дәрежені иеленетін болса, не болмаса бір мәртебенің құқықтары мен міндеттері басқа мәртебенің құқықтары мен міндеттерін орындауға қайшы келетін немесе кедергі жасайтын болса, онда топтар арасында немесе топтар ішінде қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін.

Қоғамның адамға қоятын талаптарының жиынтығы нақты әлеуметтік мәртебемен байланысты. Әлеуметтік жүйеде берілген мәртебені иеленетін адамның орындайтын іс-әрекеттерінің жиынтығы әлеуметтік рөлдің мазмұнын білдіреді. Әрбір мәртебе әдетте бірқатар рөлдерді қамтиды. Осы мәртебеден шығатын рөлдердің жиынтығы рөлдік жиым деп аталады.

Әлеуметтік рөлдер теориясында екі негізгі көзқарас кеңінен көрсетілген. Рөл ұғымының өзін ең алғаш жүйелі түрде 1930 жылдардың бас кезінде символикалық интеракционизм теориясының негізін салушы Дж.Г. Мид пайдаланған. Ол рөлдерді адамдар арасындағы эксперименттік және сонымен қатар жасампаздық сипаты бар өзара қарым-қатынас өнімі деп сипаттаған. Мидтің әлеуметтік философиясы әуел бастан балалардың қоғамға қалай бейімделетініне және рөлдерді қабылдау жолымен, яғни өз қиялындағы басқалардың - әкелерінің, аналарының, мұғалімдерінің, дәрігерлердің рөлдерін салыстыра отырып, өзінің әлеуметтік мәнін қалай дамытатынына қызығушылық танытқан. Ересектер де өз мінез-құлықтарында өздерінің рөлдерін жасау үшін басқа адамдардың рөлдерін өз бойына “өлшеп көруді” пайдаланады. Символикалық интеракционизм теориясына сәйкес әрбір рөл өзіне басқа рөлдермен қарым-қатынасты қамтиды; мысалы, “мұғалім” рөлін “оқушы” рөлінсіз түсіну мүмкін емес және ол оқушының өзіне тән мінез-құлқы мен арақатынасы тәрбиешінің өзіне тән мінез-құлқы ретінде анықталуы мүмкін. Өзара қарым-қатынас процесі адамдардың өз рөлдерін атқара отырып, басқалардың рөлдеріне қатысты қалыптасқан азды-көпті тұтас үғымды және басқалар рөлінде іс-әрекет жасайтын адамдардың шынайы жауап әрекеттерін әрқашан тексеретінін, ондай тұжырымдамаларды нығайтып немесе күмән туғызатынын білдіреді. Бұл өз кезегінде адамдарды өздерінің рөлдік мінез-құлықтарын сақтауына немесе өзгертуіне жетелейді.

Екінші көзқарас Р.Линтоннан бастау алады (1936). Кейіннен бұл көзқарас функционализмнің құрамдас бөлігіне - қазіргі заманғы социологияның неғұрлым ықпалды мектептерінің біріне айналды. Функционализм рөлдерді маңызды белгіленген және статикалық (яғни өзгермейтін) нәрселер ретінде қарайды. Бұл ұғымдар қоғам өмірінде тамыр жаяды және мінез-құлықты рөлдер арнасына енгізетін әлеуметтік нормалардан көрініс табады. Жаңа көзқарас рөлдер басқа рөлдермен жиі байланыста анықталуы мүмкін екендігін мойындайды, алайда өзара қарым-қатынас процесінің өзі жаңа рөлдер туғызуы немесе барларын жаңғыртуы мүмкін деп есептемейді. Әрине, жеке адамдар басқа рөлдерді атқарушы адамдармен қарым-қатынас барысында өз рөлдерінің мазмұны туралы және олардың атқарылуы қаншалықты сәтті екендігі туралы ақпарат ала алады.

Әлеуметтік рөлді екі қырынан қарастырған жөн: рөлдік күту және рөлдік атқару. Осы екеуінің арасында толық дәлме-дәл келу ешқашан болмайды. Бірақ олардың әрқайсысының адамның мінез-құлқында үлкен маңызы бар. Біздің рөлдеріміз ең алдымен бізден басқалардың не күтетіндігімен анықталады. Бұл күтулер сол тұлға ие болатын мәртебемен шендеседі. Егер кімде-кім біздің күткенімізге сай келетіндей рөл атқармаса, онда қоғаммен белгілі бір қақтығысқа ұшырайды.

Рөлдік талаптар (күтулер) әлеуметтік мәртебе төңірегінде топтасқан нақты әлеуметтік нормаларға айналады.

Рөлдің нормативтік құрылымында 4 элемент бөліп қаралады:

 берілген рөлге сәйкес келетін мінез-құлықтың түрін сипаттау;

 берілген мінез-құлықпен байланысты алдын ала белгілеулер (талаптар);

 белгіленіп қойылған рөлдің орындалу бағасы;

 санкция - әлеуметтік жүйе талаптары шеңберіндегі қандай да бір әрекеттің әлеуметтік салдарлары.

Айта кететін бір жайт, кез келген рөл мінез-құлықтың таза моделі болып табылмайды. Жеке адамның мінезі рөлдік күтулер мен рөлдік мінез-құлықтар арасындағы басты байланыстырушы буын қызметін атқарады. Бұл нақты адамның мінез-құлқы таза схемаға сыймайды деген сөз. Ол бірегей, өзіне ғана тән рөлдерді өзінше түсіну және түсіндіру әдістерінің өнімі болып табылады.

Әлеуметтік орта адамдарды өз рөлдерін дұрыс орындауға қалайша мәжбүр етеді? Бұған санкциялар механизмі қызмет етеді. Белгілі бір мәртебеге ие болған адам өзін біз күткеннен бөлек ұстайтын болса, әрине, біз қандай да бір жолмен өзіміздің қанағаттанбайтынымызды, ашу-ызамызды білдіреміз; ал егер де керісінше адамдар өз рөлдерін өз деңгейінде атқарса, онда біз оларға өзіміздің құптайтынымызды, ынталандыратыны­мызды білдіреміз. Сол арқылы социум адамдарды жалпы қоғам үшін ең болмағанда әлеуметтік жағынан жақын ортаға қолайлы арнаға бағыттайды.

Әлеуметтік рөлдерді қоғамдағы сан алуан түріне қарай қандай да бір тиімді зерделеу олардың кем дегенде жалпы жіктелуін талап етеді. Мұндай әрекетті Т.Парсонс жасап көрген. Ол негізгі бес өлшемді бөліп көрсеткен, олардың көмегімен кез келген рөлді сипаттауға болады.

1. Эмоциональдік деңгейі. Барынша әділ мінез-құлық күтілетін рөлдер болады, Мысалы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің рөлдері. Сонымен қатар, егер де әйелі өзін-өзі эмоциональді сабырлы ұстаса, онда күйеуі оған онша дұрыс қарай қоймауы мүмкін.

2. Алу тәсілі. Рөл дегеніміз белгілі бір мәртебе иесінен күтілетін мінез-құлық екенін ескере отырып, біз мәртебе сипатының рөлдің сипатына да ықпалын тигізетіндігін күтуге құқылымыз. Іс жүзінде кейбір рөлдердің бейнелері олардың мәртебелеріне қосып жазылған сипатымен негізделеді; басқа рөлдер ие болатын мәртебесімен қоса алынады (әрине, қандай да бір рөлдерді дұрыс атқару үшін оларды иеленушілердің “оқып-жаттығуына” тура келеді).


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: