Тарау. Саяси социология 5 страница

Материалды қорыту деңгейі бойынша қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде зерттеудің өзара байланысты үш қыры бар:

а) “жалпы қоғамды” зерттеу, яғни қоғамның жалпылама, әмбебап қасиеттерін, байланыстары мен ахуалдарын (әлеуметтік философиямен тығыз байланыста және оның жетекші рөлімен бірге) бөліп көрсету;

ә) қоғамдардың нақты-тарихи түрлерін, өркениеттің даму сатыларын зерттеу;

б) жеке нақты қоғамды, яғни нақты өмір сүретін елдер мен халықтар қоғамдарын зерттеу.

Сонымен социология ғылымы қоғамды:

·  тұтастығымен, орнықтылығымен және біріктірушілігімен;

·  өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен;

·  мәдениет дамуының әлеуметтік байланыстардың негізін құрайтын нормалар мен құндылықтар жүйесін жасауда көрініс табатын деңгейімен сипатталатын адамдардың бірлестігі деп қарастырады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, социологтар қоғамның мынадай жалпы социологиялық анықтамасын береді: “Қ оғам - адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің тарихи қалыптасқан нысандарымен біріккен әрі тұрақтылығымен және тұтастығымен, өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен және өздігінен дамуымен, мәдени дамуының өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің негізін құрайтын ерекше әлеуметтік нормалар мен құндылықтар көрініс табатын деңгейімен сипатталатын жиынтық ” [3].

Қоғам - өзінің жүйесін құраушы элементтері мен ерекше интегралдық қасиеттері бар сапасы жағынан әр түрлі әлеуметтік ішкі жүйелер жиынын қамтитын төтенше күрделі құрылым. Олардың негізгілері әлеуметтік қарым-қатынастар негізін құрайтын әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар, институционалдық және ұйымдық байланыстарды құрайтын әлеуметтік институттар, әлеуметтік бақылау негізін құрайтын әлеуметтік нормалар мен құндылықтар болып табылады.

Қоғамды зерттей отырып, социология ғылымы әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастарды заң және заңдылық деңгейінде зерттейді. Социология заңдарында біреудің екінші біреумен, қандай да бір қауымдастықтың қоғаммен, жеке тұлғаның қоғаммен, әлеуметтік жүйелердің, процестердің, институттардың бір-бірімен және қоғаммен байланыстары туралы сөз болады. Социология заңдарын қоғам тудырады және ол заңдар сол қоғамда қолданылады. Социология заңдарының неғұрлым елеулі белгілері [4]:

Бірінші маңызды белгісі - қоғамның әлеуметтік жүйелерінің, оның қауымдастықтарының, институттарының, ұйымдарының жасампаздық күшін көрсететіндігі. Солар арқылы қоғамның және оның құрамдас бөліктерінің оң және теріс қызметі, әлеуметтік белсенділігі көрсетіледі. Кез келген әлеуметтік объект осындай іс-әрекет арқылы қоғамдағы қайшылықтарды, ескі ұғымдарды жеңіп, жаңаны нығайта отырып, болашаққа жол ашады.

Екінші белгісі - социология заңдарының бір-бірімен өзара байланыстылығы, тәуелділігі. Қоғамдар арасында немесе қоғамның ішінде қандай деңгейде, қоғамның қандай бөлігінде қолданыста болатындығына қарамастан социология заңдары бірін бірі өмірге келтіреді, бірін бірі толықтырады, олардың қолданылу және көріну механизмдерін жасайды.

Үшінші белгісі - жеке социология заңдары арасындағы тұрақты өзара шарттылық пен бір-бірін толықтырып отыру. Олардың бірде-бірі екіншісінен оқшау бола алмайды. Қоғамның барлық құрамдас бөліктері, әсіресе әлеуметтік ішкі жүйелер, процестер, қауымдастықтар, институттар, ұйымдар өзара байланыста, өзара шарттылықпен дамиды. Бұл олардың мән-мағыналы байланыстарының бір-біріне тәуелділігін айқындайды, олардың барлық қарым-қатынастарына жағдай туғызады. Қандай да бір социология заңын басқаларынан оқшау қарастыруға тырысу тұтас әлеуметтік организмді біржақты қарауға әкеп соғады.

Төртінші белгісі - социология заңдарының әлеуметтік табиғаты. Ол - әлеуметтік организмнің қозғаушы күші, ол қоғамдағы байланыстардың әлеуметтік ерекше сипат көрсетеді. Бұл оларға басқа ғылымдардың заңы бола алмайтын ерекшелік береді. Оларды тарихшылар, экономистер, заңгерлер өз ғылымдарының заңдарын зерттеу үшін әдістемелік алғышарттар ретінде пайдалана алады, бірақ өздерінің заң жүйесіне қоса алмайды. Социология заңдары - социология ғылымының теориялық негізі.

Бесінші белгісі - бұл социология заңдарының субъективті жағы. Социология заңдары субъективті қасиетке адамдар қызметінің нәтижесінде пайда болатындығы және дамитындығы үшін ие болады.

Социология заңдары жалпы социологиялық және жеке социологиялық болып бөлінеді. Бөлу белгілері ретінде заңдармен бейнеленетін объектінің көлемі алынады: қоғам тұтас жүйе ретінде немесе қоғамның ішкі жүйесі, оның құрамдас бөлігі ретінде және күші аз топтарға, белгілі бір әлеуметтік стратаға, әлеуметтік топқа немесе тапқа және тұтас қоғамға қолданылатын заңдар бар. Жалпы социология заңдары - өздігінен дамитын әлеуметтік жүйе ретінде жалпы қоғамның маңызды байланыстарын көрсететін заңдар. Жеке социология заңдары қоғамның құрамдас бөліктерінің маңызды байланыстарын, олардың ішкі дамуы мен қызмет атқаруын, сондай-ақ тұтас әлеуметтік организм ретінде қоғаммен байланысын көрсететін заңдар болып табылады.

Сонымен қатар социологияда әлеуметтік заңдардың бес категориясы бөліп қаралады:

 Әлеуметтік құбылыстардың қатар өмір сүруін көрсететін заңдар.

 Әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланысты белгілейтін заңдар.

 Даму тенденцияларын белгілейтін заңдар.

 Әлеуметтік құбылыстар арасындағы себеп-салдарды белгілейтін заңдар.

 Әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланыстардың мүмкіндігін немесе ықтималдығын бекітетін заңдар [5].

Әлеуметтік заңдардың қоғамдық құбылыстарды зерттеуде, әлеуметтік процестерді басқаруда маңызы зор. Әлеуметтік заңдардың болуы және пәрменді болуы социологияда ғылыми тәсілді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала болжауға болмайтындығын, оның ретсіз және ала-құла екенін ғылыми әдістердің көмегімен зерттеу мүмкін емес; керісінше адамның мінез-құлқын алдын ала болжауға болатындығы, оның қайталанып отыратындығы, көптеген қырларының кездесетіндігі адамзат қоғамын зерттеумен шұғылданатын ғалымдарға әлеуметтік заңдар ашуға, олардың қолданылу шарттарын анықтауға және әлеуметтік топтар мен қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала көре білуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік іс-әрекеттер, өзара іс-қимылдар

және қарым-қатынастар

“Әлеуметтік іс-әрекет” ұғымы - социологиядағы негізгі түсініктердің бірі. Социологияда “әлеуметтік іс-әрекет” ұғымын алғаш рет енгізген және ғылыми негіздеген М.Вебер болатын. М.Вебердің түсінігінше әлеуметтік іс-әрекеттің кем дегенде екі ерекшелігі бар: біріншіден, ол оңтайлы, саналы түрде болуы, ал екіншіден басқа адамдардың мінез-құлқына бағытталуы қажет. Әлеуметтік іс-әрекеттің мұндай ұғымы бойынша адамдардың әлеуметтік емес, материалдық объектілерге бағытталған іс-әрекеттерін әлеуметтік іс-әрекеттер деп атауға болмайды. М.Вебер келтірген мысал ерекше: екі велосипедшінің кездейсоқ соқтығысып қалуы қарапайым оқиға ғана бола алады, ал соқтығысты болдырмауға әрекеттену, соқтығыстан кейінгі ұрыс-төбелес немесе жанжалды бейбіт жолмен шешу - бұл әлеуметтік іс-әрекет. Алайда әлеуметтік және әлеуметтік емес іс-әрекеттер арасында айқын шекара жүргізу өте қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас белгісін құрайтын мінез-құлықтың саналылығын, оңтайлылығын анықтау одан да қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттер азды-көпті айқын мақсатты көздейтін ішінара саналы іс-әрекеттер болып табылатыны көрініп тұр.

Әлеуметтік іс-әрекеттің анатомиясын сипаттай отырып, социолог-функционалистер көбіне оның мынадай негізгі элементтерін бөліп көрсетеді:

 өздерінің қажеттіліктері және соған орай мүдделері мен мақсаттары бар әрекет етуші (немесе әрекет етпейтін) жеке адам немесе адамдар тобы;

 әрекет өтетін нақты орта;

 әрекет субъектісінің ортаның нақты шарттарына бағыт ұстауы, ол алға қойылған мақсатқа жетудің нақты жолдарын анықтауға мүмкіндік береді;

 әрекет субъектісінің басқаларға, өз әрекетіне олардың жауап әрекетіне бағыт ұстауы.

Бұл ретте басқаларға бағыт ұстау жеке тұлғамен немесе саны азды-көпті тұлғалар тобымен, тіпті жалпы қоғаммен өзара байланысты және өзара іс-әрекетті ескеруді көздейді.

Адамдардың немесе олардың топтарының тәуелділігі мен сәйкестігін көрсететін әлеуметтік іс-әрекет - әлеуметтік байланыс болады. Ол мынадай негізгі элементтерді қамтиды: осы байланыстың субъектілері; байланыстардың мазмұнын сипаттайтын байланыс заты; байланысты жүзеге асыру механизмі және оны саналы түрде реттеу. Әлеуметтік байланыстың әлеуметтік байланысу түріндегі және әлеуметтік өзара іс-әрекет түріндегі әр түрлі нысандары көрсетілуі мүмкін.

Әлеуметтік байланыс - адамдардың өмірі мен қызметіне онша әсер етпейтін жалғыз немесе көп қайталанатын сыртқы, ат үсті, үстірт, көбінесе өткінші байланыстар. Кеңістіктік байланыстың, мүдделі және алмасу байланыстарының ерекшелігі болады.

Кеңістіктік байланыстар: 1) жеке адамдардың қандай да бір іс-әрекетке қатысуы туралы ұйғарымның күшімен адамның мінез-құлқының өзгеруі мүмкін кеңістіктік байланысты; 2) жеке адамның мінез-құлқы басқа адамдардың жай бақылауының әсерінен өзгеретін кеңістіктік байланысты қамтиды.

Кеңістіктік байланыс - әлеуметтік өзара байланыстарды қалыптастырудың бастапқы және қажетті буыны. Адамдардың қай жерде және қанша екенін біле тұра, оның үстіне оларды жай бақылай отырып, адам өз қажеттіліктеріне қарай өзара байланыстарын дамытуға арналған объектіні таңдай алады.

Мүдделілік байланыстың мәні сол жеке адамның қажеттіліктеріне сәйкес келетін белгілі бір құндылықтары немесе белгілері болатын әлеуметтік объектіні таңдап алуында. Мүдделілік байланыстың пайда болу механизмін С.С. Фролов былайша сипаттайды. Әрбір тұлғада өзін қоршаған болмыстың әр түрлі жақтарына қатысты уәждер жиыны болады. Бұл уәждер өткен тәжірибенің және қазіргі қажеттіліктің нәтижесі болып табылады. Және де бұл жағдайда уәж қажеттілікті қанағаттандыруға байланысты қызметке түрткі болу ретінде айтылады. Тұлғаның қажеттілігін қоршаған ортаның қандай да бір объектісімен қосқан сәтте уәж өзекті болады және мүдде - тұлғаның қызмет мақсатын ұғынуға бағытталуын қамтамасыз ететін қажеттіліктің көріну нысаны пайда болады. Мұндай байланыстар бұдан да күрделі өзара байланыстардың пайда болуына жағдай жасайды.

Алмасу байланыстары әлеуметтік байланыстардың жеке адамдар басқа бір жеке адамдардың мінез-құлқын өзгертуге тырыспай-ақ құндылық­тар алмасатын ерекшеліктің түрі болып табылады. Алмасудың қайталанатын байланыстары әлеуметтік байланыстардың алмасу затына емес, адамға байланысты неғұрлым күрделі түрінің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.

Әлеуметтік байланыстардың әрбір жеке адамның әлеуметтік байланыстар жүйесіндегі орнын, топтық мәртебесін, оның топтағы әлеуметтік рөл атқаруының ерекшеліктерін зерделеуде үлкен маңызы бар. Әлеуметтік байланыстардың саны мен бағыттылығын өлшеу әлеуметтік іс-әрекеттің құрылымы мен әлеуметтік қарым-қатынастардың сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік байланыстар топ құрайтын процестердің негізі, әлеуметтік топтар құрудағы алғашқы қадам болып табылады.

Әлеуметтік іс-әрекет - бір субъектінің іс-әрекеті басқалардың жауап іс-әрекетінің себебі мен салдары болатын өзара шарттылық әлеуметтік әрекеттер жүйесі [6]. Әлеуметтік іс-әрекеттің объективті және субъективті жақтары болады. Өзара іс-әрекеттің объективті жағы - жеке тұлғаларға емес, бірақ олардың өзара іс-әрекеттің мазмұны мен сипатын көрсететін және бақылайтын байланыстар. Өзара іс-әрекеттің субъективті жағы - жеке адамдардың тиісті мінез-құлықтың өзара экспектациясына (күтілуіне) негізделген бір-біріне саналы қарым-қатынасы. Бұл жеке адамдар арасындағы нақты орын мен уақыт жағдайында қалыптасатын тікелей байланыстар мен қарым-қатынастар болып табылатын әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастар.

Әлеуметтік іс-әрекет мыналарды қамтиды:

 қандай да бір әрекет етуші индивидтерді;

 осы әрекеттерден болған сыртқы дүниедегі өзгерістерді;

 бұл өзгерістердің басқа жеке адамдарға әсерін;

 ықпал етілген жеке адамдардың жауап әрекетін [7].

Әлеуметтік іс-әрекет әр түрлі негіздемелер бойынша жіктелуі мүмкін. П.А. Сорокин оларды былай жіктейді:

1) өзара іс-әрекет субъектілерінің саны бойынша - екі адамның бір-бірімен; бір адам мен көп адамның; көп адамдардың іс-әрекеті;

2) іс-әрекет субъектілерінің өзара қарым-қатынасының сипаты - бір жақты және екі жақты, сондай-ақ ынтымақтастық және бітіспестік бойынша;

3) өзінің ұзақтығы бойынша - қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді;

4) ұйымшылдықтың бар-жоғына байланысты - ұйымдасқан (мысалы, отбасы, партия, мемлекет) және ұйымдаспаған (мысалы, тобыр);

5) өзара іс-әрекеттің саналылығы бойынша - саналы және санасыз;

6) алмасу процесіндегі алмасу “материясы” бойынша – интеллектуал­ды, сезімдік және еріктік. Тікелей және жанама іс-әркеттер де әлеуметтік өзара іс-әрекетердің маңызды бөлігі болып табылады.

Іс-әрекеттің тағы екі жалпы түрі бар: ынтымақтастық және бақталастық (кейде бәсекелестік деп атайды). Ынтымақтастық жеке адамдардың іс-әрекеті екі жаққа да тиімді ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған өзара байланысты әрекеттерін білдіреді. Бақталастық негізіндегі іс-әрекет бірдей мақсатқа ұмтылған бәсекелесін шеттетуге, одан озуға немесе оны басып тастауға ұмтылыстарды қамтиды.

Іс-әрекеттің жалғасуы орнықты, көп қырлы және тіпті тұрақты болуы мүмкін. Орнықты іс-әрекет барысында жеке адамдардың ойлағаны үнемі түрін өзгертіп отырады, бірақ сонымен қатар іс-әрекет едәуір реттелген және алдын ала болжанатын түр беретін орнықты әлеуметтік ойлардың белгілі бір жиынтығы пайда болады. Мұндай реттелген және орнықты әлеуметтік іс-әрекеттерді әлеуметтік қарым-қатынастар деп атайды. Әлеуметтік қарым-қатынастар - жеке адамдардың және қоғамдық құрылымдардағы әлеуметтік мәртебелері мен рөлдері бойынша айырмасы болатын сапасы әр түрлі қызмет түрлерін тұрақты атқарушылар ретінде әлеуметтік топтар арасындағы салыстырмалы орнықты байланыстар. “Әлеуметтік қарым-қатынастар” ұғымының мынадай белгілері болады:

 адамдардың қоғамдық өмірінде болатын барлық іс-әрекеттері;

 адамдардың экономикалық, саяси және рухани-мәдени қарым-қатынастар шеңберінен шығып кететін, олармен қатарласа жүретін және салыстырмалы түрде олардан бөлек болатын іс-әрекеттер;

 қоғамның үлкен топтары - таптармен, этностармен, әр түрлі елдер мен аймақтар халқымен қарым-қатынастар;

 барлық әлеуметтік топтар арасындағы, соның ішінде кіші топтар - отбасылар, еңбек ұжымдары, көршілер қауымы, дос-жарандар және т.с.с. арасындағы қарым-қатынастар;

 адамдардың және олардың азаматтық қоғам дейтінді, яғни қоғамдық өмірдің мемлекет пен бизнес реттемейтін саласын құрайтын топтарының іс-әрекеті;

 адамдардың бір-бірімен бірлескен қызметінде пайда болатын тікелей байланысты (көзбе-көз) және жанама (сырттай) сипаты бар іс-әрекеттері;

 индивидтердің өмірдің шағын ортасын құрайтын іс-әрекеттері;

 қоғамдағы адамдар мен олардың топтарының іс-әрекеттінің өзге де жақтары мен қырлары.

Қоғам құрылымындағы тұлға

Әлеуметтік іс-әрекеттер мен қарым-қатынастардың ұйытқысы жеке тұлға болып табылады. Адам тұлғасын зерделегенде оны мынадай деңгейлерге бөлу қалыптасқан [8]:

 табиғи деңгей - адамның өзінде бар және оған басқа адамдардың ықпалынсыз дамитын;

 биологиялық деңгей - шығу тегі бойынша ортақ болуы;

 мұрагерлік деңгей - ата-аналарының гендік қорының негізінде болып дамитын; ол биологиялық (бірақ биологиялықтың бәрі мұрагерлік емес);

 әлеуметтік деңгей - адамның әлеуметтену, басқа адамдармен араласу және іс-әрекеті барысында алған деңгей.

Әлеуметтік көрініс кең мағынасында үш құрамдас бөліктен тұрады [9]:

- өзіндік әлеуметтік - өзінің әлеуметтік рөлдерін қалыпты атқаруға қажет деген белгілер жиынтығы;

- ерекшеленген мәдени - автоматты түрде сақталатын, индивидтің ажырамас белгісіне айналған және басқалардың оны тәрбиелі деп санауына мүмкіндік беретін әдептілік мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы;

- өнегелі - адамдағы этикалық нормаларды ең жоғары талаптар ретінде сақтауға байланысты әлеуметтік және мәдени бастамалардың жарқын көрінісі.

Бұлайша тәптіштеп шектеу “адам”, “индивид” және “тұлға” ұғымдарын нақты бөлу үшін қажет. “ Адам” ұғымы жалпыға ортақ, барлық адамдарға тән сапалар мен қасиеттердің сипаттамалары үшін пайдаланылады. Бұл түсінік дүниеде тек өзіне тән тіршілік ету тәсілімен басқа барлық материалдық жүйелерден өзгеше адам әулеті, адамзат сияқты ерекше тарихи дамушы қауымдастықтың бар екенін көрсетеді. Осынау тіршілік ету тәсілінің арқасында адам тарихи дамуының барлық сатысында, жер шарының барлық нүктелерінде адам баласы болып қалады, онтологиялық мәртебесін сақтайды.

Бірақ адамзат өз бетінше өмір сүрмейді. Өмір сүретін де, әрекет ететін де нақты адамдар. Адамзаттың жеке өкілдерінің өмір сүруі индивид ұғымымен көрсетіледі. Индивид - адамзаттың жеке дара өкілі, оның барлық әлеуметтік және психологиялық белгілерін: ақыл-ой, ерік-жігер, қажеттіліктер, мүдделер және т.б. иесі. “Индивид” ұғымы бұл арада “нақты адам” мағынасында қолданылады.

Адамның жеке басының және тарихи дамуының түрлі деңгейлеріндегі нақты-тарихи даму ерекшеліктерін көрсету үшін “индивид” ұғымымен қатар “ тұлға” ұғымы пайдаланылады. Тұлға - индивид дамуының нәтижесі, оның барлық адамдық қасиеттерінің неғұрлым толық жүзеге асуы.

Тұлға бірқатар гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Философия тұлғаны дүниеде қызмет ету, таным және шығармашылық субъектісі ретінде қарастырады. Психология тұлғаны психикалық процестердің, қасиеттердің және қарым-қатынастардың: темпераменттің, мінездің, қабілеттің, ерік-жігердің және т.б. орнықты тұтастығы ретінде зерттейді. Социологиялық көзқарас тұлғаның әлеуметтік-типтік белгісін бөліп қарайды.

Социология проблемаларының бірі тұлғаның құрылымдық талдау болып табылады. Тұлғаның әлеуметтік құрылымы жеке адамның әр алуан қызметі барысында, өзі кіретін қауымдастықтар мен бірлестіктердің ықпалымен қалыптасатын және қызмет атқаратын объективті және субъективті қасиеттерінің жиынтығын қамтиды. Тұлғаның құрылымында мыналар бөліп қаралады [10]:

1) өмір салты мен еңбек, қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық, отбасылық-тұрмыстық сияқты қызметтерде көрінетін әлеуметтік сапаларды жүзеге асыру тәсілі;

2) тұлғаның объективті әлеуметтік қажеттіліктері. Тұлға - қоғамның органикалық бөлігі, сондықтан оның құрылымы негізінде қоғамдық қажеттіліктер орын алады. Басқаша айтқанда, тұлғаның құрылымы қоғамдық тіршілік иесі ретінде адамның дамуын анықтайтын объективті заңдылықтармен айқындалады. Тұлға бұл қажеттіліктерді ұғынуы да, ұғынбауы да мүмкін, бірақ та ол қажеттіліктер бар және тұлғаның мінез-құлқын анықтап отыратын болады;

3) шығармашылық қызметке қабілеттілік, білім, дағды жатады. Қалыптасқан тұлғаны оның қалыптасуының бастапқы сатысында жеке адамнан айырып көрсететін дәл осы шығармашылық қабілеттері;

4) қоғамның мәдени құндылықтарын игеру дәрежесі, яғни тұлғаның рухани дүниесі;

5) тұлға басшылыққа алатын өнегелілік нормалары мен принциптері. Және де сенімдер - адам мінез-құлқының басты бағытын анықтайтын ең терең принциптер. Сенімдер тұлғаның тұлғалық құрылымның өзегін құрайтын объективті қажеттіліктерін ұғынуымен байланысты.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: