Тарау. Саяси социология 38 страница

 “Орта дейгей теориялары” ұғымын американдық социолог Р.Мертон енгізді. Ол іргелі және эмпирикалық зерттеулердің қарама-қарсылығы нәтижесінде пайда болып, “жоғары” теория мен нақты құбылыстар мен процестерді зерттеп білуде алынған эмпирикалық мәліметтер арасындағы “көпірге” айналды. Орта деңгей теориялары зерттеудің теориялық және эмпирикалық деңгейлерін үйлестіреді, бұған қоса жалпы социологиялық теорияларға да және нақты социологиялық зерттеулердің нәтижелеріне де сүйенеді.

Социология тарапынан іргелі деңгейде ұсынылып отырған тұжырымдамалар абстракциясының жоғары дәрежесімен ерекшеленеді және әлеуметтік топ немесе әлеуметтік процесс ретінде нақты социологиялық бірліктерді зерттеп білу үшін тікелей қолданылуы мүмкін. Жалпы теориялық білім қоғамдық өмірдің түрлі жақтарын байқаудан, талдап қорытындылаудан тұрады, барлық әлеуметтік құрылымдар үшін бірыңғай заңдылықтарды анықтауға бағытталған.

 Алайда социология - абстрактылы ғылым емес, ол ең алдымен қоғамдағы әлеуметтік топтардың мүдделерінің тепе-теңдігін және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін нақтылы әлеуметтік проблемаларды шешу мен зерттеп білу міндеттерін атқарады. Социология қоғамдық процестер мен құбылыстардың нақтылы бейнесін беретін, жекелеген әлеуметтік фактілер туралы дәлме-дәл, шынайы мәліметтерге негізделуі тиіс. Орта деңгей теориялары отбасы, еңбек қатынастары, жанжал, ауытқушылық жүріс-тұрыс, жастар және т.б. әр түрлі мазмұнды феномендерді зерттеп білуде теориялық аппаратқа бейімдеуге мүмкіндік береді. Эмпирикалық мәліметтер эмпирикалық зерттеу әдістері - сұрау, бақылау, құжаттарды талдау, эксперимент т.б. көмегімен жиналады. Нақтылы зерттеулер нәтижелері негізінде іргелі жете зерттеулерді байыта түсетін жаңа теориялық талдап қорытулар пайда болады.

Орта деңгей теориясының басты ерекшелігі мынада, олар тәжірибемен органикалық түрде байланысты және адамзат іс-әрекетінің нақтылы салаларын зерттеуге ғылыми негіз болады. Социология құрылымына орта деңгей теориясын енгізу социологтар жұмысының тиімділігін арттырды, олардың зерттеулерінің ауқымын кеңейтті және тереңдете түсті, әлеуметтік процестерді басқару үшін ғылыми және тәжірибелік ұсыныстардың құндылығын мойындауға ықпалын тигізді. Өмірдің түрлі салаларын қамтитын көптеген салалық социологтар пайда болды. Олардың ішінде табысты түрде өзіндік ерекшелігі бар ұғымдар аппараты, зерттеу әдістемелері жасалынады, мәліметтер базасы жинақталады, теориялық талдау қорытындылары жасалып, жаңа тұжырымдамалар мен теориялар қалыптасада.

Орта деңгей теорияларының барлығын шартты түрде үш топқа бөлуге болады:

- әлеуметтік институттар теориясы, ол күрделі әлеуметтік тәуелділіктер мен қатынастарды зерттейді (отбасы социологиясы, білім социологиясы, еңбек социологиясы, экономикалық социология, саяси социология, ғылым социологиясы, дін социологиясы және басқалар);

- әлеуметтік қауымдастықтар теориясы, ол кіші топтан бастап әлеуметтік топқа дейінгі қоғамның құрылымдық бірліктерін қарастырады (әлеуметтік құрылымдар социологиясы, ұйым социологиясы, этносоциология, аймақтар социологиясы, қала социологиясы, кіші топтар социологиясы, жастар социологиясы т.б.);

- арнайы бағытталған әлеуметтік процестер теориясы, ол әлеуметтік өзгерістер мен процестерді зерттейді (ауытқушылық жүріс-тұрыс социологиясы, мобильділік социологиясы, қоғамдық қозғалыстар социологиясы және т.б.).

Енді бұл оқулықта кеңінен қарастырылмайтын бірқатар жеке социологиялық ағымдардың пәндік саласы мен сипатына қысқаша тоқтала кетейік.

Отбасы социологиясы - отбасының қалыптасуы мен қызмет етуін, отбасылық-некелік қатынастарды нақтылы мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағдайда зерттейтін социологияның бір саласы. Мұнда отбасы әлеуметтік институт ретінде ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар және басқа туған-туыстары арасындағы өзара қарым-қатынастарын реттеп отыратын әлеуметтік нормалар жиынтығы ретінде сипатталады.

Тұлға социологиясы - тұлғаны оның әр түрлі іс-әрекеті барысында пайда болатын әлеуметтік қатынастардың объектісі және субъектісі ретінде зерттейді.

Еңбек социологиясы - еңбекті адамның және қоғамның өмір сүруінің негізгі шарты ретінде қарастырады. Еңбек, ең алдымен адам мен табиғат арасында болатын процесс, онда адам өз әрекетімен табиғатпен екі ортадағы зат алмасуды реттеп, бақылап отырады. Ол адамдар мен қоғамның өмір сүруіне қажетті игіліктерді өндіруде біріккен және ұжымдық әрекет ретінде көрініс береді.

Жастар социологиясы - балалық шақтан ересектер әлеміне өтпелі сатыда тұрған әлеуметтік-демографиялық топтың жүріс-тұрысын зерттейтін социологияның бір саласы. Олар өмірдің отбасылық және онан тыс кезеңінен өтеді, қалыптасқан жағдайға байланысты нормалар мен құндылықтар жаңа арнаға түседі, осының бәрі өзіндік ерекшелігі бар, жастарға тән жүріс-тұрыстан, сана-сезімнен және жастық субмәдениет ұғымынан көрініс береді.

Әлеуметтік страфикация теориясы - қандай да бір қоғамдағы көптеген әлеуметтік топтар мен таптарды зерттеуге бағытталған. Олардың өкілдері бір-бірінен тең емес билік көлемімен, материалдық байлығымен, құқықтары және міндеттерімен, артықшылықтары және беделімен ерекшеленеді. Ал әлеуметтік қоғамдастық ішкі байланыстары мен қатынастарының тұрақтылығымен сипатталады. Сондықтан бұл әлеуметтік топтарды былайша бөліп көрсетуге болады: әлеуметтік-таптық, аумақтық, кәсіби, этноәлеуметтік, дінаралық және басқалар. Адамдар өмір сүру барысында әлеуметтік кеңістікте бір топтан екінші топқа ауысып отырады. Әлеуметтік мобильділік тік және көлденең бейнеде болады, ал оның өнімділігі қоғамның даму деңгейін және жеке адамның әлеуметтік таңдауының еркіндігін көрсетеді.

Қоғамдық пікір социологиясы - ұжымдық пікірлер мен пайымдау саласын зерттейді. Олар үкіметтің бақылауынан тыс тұрғанымен, саяси процестердің барысына, шешімдер қабылдауға және қоғамдық саясаттың дамуына әсер етеді. Онда қоғамдық пікірдің қалыптасу кезеңдері, оның құрылымы және қоғамдағы қызметтері қарастырылған.

  Бос уақыт социологиясы - қоғамның өмір сүру барысын зерттеудегі социологияның маңызды бағытының бірі. Бос уақытты тиімді пайдалану еңбек өнімділігін арттыру үшін сарқылған күшті қайта орнына келтіруде индивид үшін ғана емес, сонымен қатар адамның мәдени дамуына, оның өзгеріп отыратын әлемде тоқтаусыз әлеуметтенуі үшін де маңызды мәселе.

Аймақ социологиясы - зерттеу пәні ретінде белгілі бір әлеуметтік аумақтық қауымдастық шеңберіндегі адамдар мен әлеуметтік топтардың іс-әрекетін бөліп көрсе де, әлеуметтік аумақтық қауымдастықтар қалалық және ауылдық жерлерде орналасуына орай тұрақты экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстар мен қатынастар секілді жүйелендірілген белгілерге ие болады.

Ұйымдастыру және басқару социологиясы шеңберінде адамзат қоғамының әрекетіне негізделген күрделі әлеуметтік организм қарастырылады. Бұл жерде қоғамның мақсаттары, әлеуметтік құрылымы, технологиясы, ұйымдарды басқару мен қызмет ету проблемалары қарастырылады.

Девианттық жүріс-тұрыс социологиясы - орта деңгей теориясы ретінде әлеуметтік нормалар талабынан ауытқитын, әлеуметтік жүріс-тұрысының белгілі бір формаларын зерттейді. Девиацияның түрлері, оның пайда болуының себептері, әлеуметтік ауытқушылықты реттеп отыратын әлеуметтік қадағалаудың түрлері мен формалары қарастырылады.

Гендер социологиясы әйелдер мен ерлердің әлеуметтік сипаты мен мәртебелелерің ұқсастығы мен айырмашылығының әлеуметтік механизмдерін зерттеуге бағытталған. Гендерлік тұрғыдан әлеуметтенудің, жіктеудің және стратификацияның әлеуметтік процестері қарастырылады, саяси, құқықтық, экономикалық және мәдени қатынастардың гендерлік аспектілері анықталады.

Атап көрсетілген орта деңгей теориялары қоғамдық өмірдің жекелеген салалары мен бөлімдерінің социологиялық проблемаларын қарастырумен айналысады, оларды зерттеудің теориялық және эмпирикалық деңгейлері табысты түрде үйлесіп жатады. Социологиялық білімнің жинақталуына қарай зерттеудің жаңа ауқымдары қалыптасады, ол тиісінше социологияны барлық уақытта өз заманына сай ғылым етіп отырады.

 


1-тарау. ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОЦИОЛОГИЯ

Экономикалық социология пәні

 

Нарыққа өту кезеңінде экономикалық өмір социологиялық зерттеудің ең маңызды объектілерінің біріне айналды. Экономикалық социология жеке ғылыми пән ретінде өндірістік қатынастарға экономикалық факторлармен қатар адам факторы да әсер ететіндігін көрсеткен басқару тәжірибесіне жауап ретінде ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та пайда болды.

Экономикалық социология немен айналысады? Осы ғылыми көзқарастың социология және экономикалық ғылымдармен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі неде? Бұл пәннің өзіне тән ерекшелігін анықтау үшін басқа ғылымдармен сәйкес келмейтін өзіндік зерттеу пәнін және әдісін анықтап алу қажет.

Экономикалық өмірге социологиялық тұрғыдан қарау, оны адамдар арасындағы қатынастардың бір саласы ретінде қарастыру, біздің түсінігімізді айтарлықтай кеңейтіп тереңдете түседі. Ол бүгінгі күнде заман талабына сай болып отырған нарық, өндіріс, тұтыну т.б процестердің экономикалық саралау саласында қандай да бір қосымша немесе қосалқы құрал болып саналмайды. Экономикалық социология экономиканы ондағы әреект етуші әлеуметтік топтардың белсенділігімен, олардың мүдделерімен, жүріс-тұрысы мен өзара әрекеттесуімен қозғау алатын әлеуметтік процесс ретінде сипаттайды.

Экономикалық теория көп жағдайда материалдық, қаржылық, ақпараттық ресурстардың дайын өнім мен қызметке айналу қатынастарын зерттейді. Социология өз кезегінде тікелей адамның іс-әрекетіне және әлеуметтік байланыстарға көбірек көңіл бөледі. Экономика екі ғылымның да зерттеу объектісі болып табылады, алайда әрбір пән экономикалық құбылыстарды зерттеп білуде өз көзқарастарын ұсынып, әр түрлі міндеттер қояды, мәліметтерді жинау мен талдауда өз әдістерін қолданады.

В.В. Радаев атап көрсеткендей, “экономикалық теория үйреншікті нәрсеге редукция шығарады, ал экономикалық социология - үйреншікті нәрсеге проблемалық сипат береді” [1]. Экономистер жай адамға қиын материяларды (бағалардың қалыптасуы, қаржы ағымдарының қозғалысы т.б.) түсіндіре отырып, дұрыс мағына логикасына, кәдімгі адамдардың жүріс-тұрысына әкеліп тірейді. Социологтар, керісінше, күнделікті өмірде біз дұрыс мағына деңгейінде қабылдайтын, “жай ғана” істермен айналысады. Неге тұтынушылар әр түрлі дүкендерге барады және бірдей затқа әр түрлі ақша төлейді? Неге кәсіпкерлер іскер әріптестерін қатаң түрде белгілі бір адамдар тобынан таңдап алғысы келеді? Неге қатардағы жұмысшылар өз әріптестерінің жалақысының мардымсыз жоғарылауына қызғанышпен қарап, “қатардағылар” мен “басшылар” табысының арасындағы үлкен айырмашылықты қалыпты нәрсе деп қабылдайды? Социологтар бұл сұрақтарға жауап іздей отырып, адамның жүріс-тұрысын күрделі әлеуметтік байланыстардың нәтижесі деп қарастырады.

 Қазіргі күнде экономикалық социология ықпалына енген сұрақтар бұрынырақ белгілі бір деңгейде индустриалды социология, еңбек социологиясы, аймақ социологиясы, басқару социологиясы, ұйымдастыру социологиясы және басқа да сол секілді шектес бағыттарда қозғалған еді. Бұл пәндер экономикалық социологияның пәнаралық ғылыми бағыт ретінде қалыптасуы үшін іс жүзінде тұжырымдық негіз дайындап берді. Олардың соңғысы - жұмыссыздық пен жұмыспен қамту, өндірістік ұйымдардың құрылымы мен түрлері, еңбек қатынастары, үй шаруашылығының қызмет етуі, әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылым, кәсіпкерліктің дамуы және басқа мәселелер ортақ тақырыпқа ие болды.

 Экономикалық социология зерттеудің пәнаралық жаңа саласы бола тұра, қатып қалған шекаралары жоқ, басқа пәндердің әдістері мен ұғымдары үшін ашық және әлеуметтік-экономикалық білімді енгізудің жаңа салаларын іздеу жолында тұр. Ондағы негізгі категориялар мен тұжырымдамалар, экономикалық құбылыстарды социологиялық сараптау әдістері енді-енді жасалуда және ол зерттеулер әлі соңына дейін анықталған жоқ.

Тәжірибе көрсеткендей, кез келген ғылымды пән ретінде анықтау көп жағдайда табысты бола бермейді, ол оның проблемалық ауқымын кеңейтеді немесе бұрмалай түседі. Экономикалық социологияны пән ретінде қарастыра отырып, біз бұл ғылыми бағыттың тұрғылары мен қызметтері жөніндегі түсініктердің алуан түрлілігіне негізделетін боламыз.

Көптеген зерттеушілер Ю.В. Веселов көрсеткен экономикалық социологияның объектісін түсінудегі жалпы принциппен келіседі: “Экономикалық социология экономиканы аса кең әлеуметтік жүйенің бір бөлігі ретінде қарастырады” [2]. Жалпы алғанда, пәндік ауқымды анықтауда түрлі әдістемелік мақсаттарға: позитивистік және түсіндірмелі социологияға келіп тірелетін екі негізгі тұрғы қалыптасқан.

Бірінші тұрғы экономикалық социология, экономикалық (өндіріс, бөліп беру, айырбас, материалдық қорларды тұтыну) және қоғамдық өмірдің экономикалық емес (саясат, мәдениет, дін, отбасы, білім беру т.б.) салаларының өзара байланысы ретінде қарастырылған уақытта макросоциологиялық талдауға жақындау болады. Экономикалық проблемаларды шешуде технологиялық, техникалық және ұйымдастырушылық аспектілермен қатар экономикалық өмірдің әлеуметтік аспектілері болатыны да кеңінен айтылуда. Бұл жерде социология пәні әлеуметтік жүйенің элементтері ретінде әлеуметтік қатынастар, байланыстар, құрылымдар болып көрінеді.

Осыған орай Т.И. Заславская және Р.В. Рывкина экономикалық социологияға “қоғамдық өмірдің екі - экономикалық және әлеуметтік салаларының өзара байланысын тиісінше екі жақты - экономикалық және әлеуметтік процестердің өзара байланыстары негізінде зерттейтін ғылым” деген анықтама береді [3]. Әлеуметтік саланы олар қоғамдағы топтардың жағдайының әр текті болуымен байланысты әлеуметтік теңсіздік қатынастарының саласы деп түсіндіреді.

Олар функционалистік дәстүр рухында экономикалық социология объектісінің “өзегі” деп “экономиканы дамытудың әлеуметтік механизмі” категориясын ұсынады. Бұл ұғымның астарында “әлеуметтік топтардың экономикалық жүріс-тұрысының тұрақты жүйесі, сонымен қатар осы топтардың бір-бірімен және мемлекетпен материалдық игіліктер мен қызмет көрсетуді өндіру, бөліп беру, айырбастау мен тұтыну бойынша өзара әрекеттесуі” түсіндіріледі. Бұл тұрғыны Г.Н. Соколова да қолдайды [4]. Ол экономикалық социология, экономикалық процестердің өрбуінің сипатына тәуелді болатын табиғатты, өзіндік ерекшелігі бар мүмкіндіктер мен әлеуметтік механизмдерді өзінің пәні ретін де қарастырады деп жазды.

Екінші тұрғы зерттеудің алғашқы тармағы “экономикалық жүріс-тұрыс” категориясы деп санайды. Бұл дәстүр Вебердің іс-әрекет социологиясы мен түсіндірмелі социологиясынан барып тіреледі. Бұл ұстаным В.В. Радаевтың дәрістер курсында жақсы жүйеленіп берілген: “Экономикалық социология экономикалық әрекетті әлеуметтік әрекеттің формасы ретінде зерттеп біледі. Онымен қоса экономикалық әрекет шектелген ресурстарға өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында күш көрсетпейтін әдістермен бақылау орнатуды іске асыруды білдіреді” [5].

Экономикалық социология экономикалық іс-әрекетті зерттейтін ғылым деген көзқарасты В.И. Верховин мен А.И. Кравченко да қолдайды [6]. Оны микросоциологиялық тұрғыға жатқызуға болады, өйткені бүл жерде топтар, индвидтер әрекетінің және экономикалық мүдделердің көп бейнеде көріну формалары қарастырылған. Мәселен, В.И. Верховин экономикалық жүріс-тұрысты социологиялық зерттеу пәнінің бөлінуінің бастапқы тармағы деп анықтап, экономикалық жүріс-тұрыстың нақтылы үлгілерін саралайды: жұмыс күші нарығындағы “ізденіс”; инвестициялық әрекет: қор нарығы жүйесіндегі “рефлексивті” әрекет; дерективті экономикадағы жоспарлаушының әрекеті [7]. Ол зерттеу пәніне экономикалық әрекеттің субъективті жақтарын (тұлғалық, топтық, институтуционалды, бұқаралық жүріс-тұрыстың ерекшеліктері) қоса қарастыру аса маңызды дейді.

А.И. Кравченко экономикалық социология - ол қоғам өмірінің түрлі салаларының (өндірісте, айырбаста, бөліп беру мен тұтынуда) үлкен әлеуметтік топтардың өнімдері ретінде адамдардың жүріс-тұрысы жайлы ғылыми білім жүйесі деп санайды. Ол экономикалық әрекеттің көрінуінің формаларын және адамдардың экономикалық мүдделерін білдіруді, сонымен қоса адамдарға экономикалық институттардың (жеке меншік, еңбек бөлінісі, тауарлар мен еңбек нарығы, қаржы институты т.б.) ұзақ және қысқа мерзімді әсер етудің механизмдері мен құрылымдарын зерттейді [8].

Экономикалық социологияның пәндік саласын түсіну үшін бөліп қарастырылған екі тұрғылар арасындағы айырмашылық шартты болып табылады, олардың екеуі үшін де экономикалық процестердің әлеуметтік реттеуштерін анықтау және экономикалық факторлардың әлеуметтік процестер мен адамдардың жүріс-тұрысына әсерін анықтау өте маңызды.

Экономика саласында социологиялық зерттеудің негізгі салалары төмендегідей:

- экономикалық институттардың (жеке меншіктің, айырбастың, келісім-шарт қатынастарының, ақшаның, қаржы нарығының) эволюциясы;

- қоғамның экономикалық және кәсіби стратификация мен мобильділік, экономикалық теңсіздік, кедейшілік және байлық проблемалары;

- әлеуметтік қатынастар мен адамдардың экономикалық қимыл-әрекеттерінің әр түрлі типтерінің қалыптасуы;

- адамдардың еңбек нарығындағы әрекеті, өндіріс және формальді емес экономика саласындағы еңбек әрекеті;

- экономикалық сана мен ойдың дамуы (құндылықтар, таптаурындар, жүріс-тұрыс үлгілері);

- экономикалық ұйымдардың құрылымы;

- кәсіпкерлік және бизнес формасының социологиясы;

- өндірістің, бөліп берудің, айырбас пен тұтынудың т.б. әлеуметтік-экономикалық механизмдері.

Экономикалық социологияның негізгі міндеті - экономикалық құбылыстар мен процестерді осында әрекет ететін индивидтер мен әлеуметтік топтардың мүдделері, мүмкіндіктері тұрғысынан социологиялық түсіндіру, сонымен қоса нақтылы бір қоғамның экономикасына әлеуметтік және мәдени факторлардың әсер етуін зерттеу болып табылады.

Экономикалық социология бізге экономикалық дамудың әлеуметтік механизмдерін біртұтас жүйе ретінде тереңірек түсінуге жол ашады; нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен қызмет етуі жағдайында адамдардың экономикалық іс-әрекеті; шаруашылық және қаржы институттарының қалыптасуына саяси және әлеуметтік әрекеттердің, қоғамдық пікірдің, діл (менталитет) пен мәдени дәстүрлердің әсерін ашу.

 

Экономикалық социологияның тарихи дамуы

 

Экономикалық-әлеуметтік білімнің алғашқы элементтері қайта өркендеу және жаңа заман дәуірінде пайда болған. Алайда мұндай білімнің теориялық сипаты ХVІІІ ғасырда бастау ала бастады. Бұл уақытта философтар Шарль Луи Монтескье, Клод Гельвеций, экономистер Адам Смит, Томас Роберт Мальтус, Жан Шарль Сисмондидің, философ және социалист-утопистер Уильям Годвин, Анри Сен-Симон, Шарль Фурьенің ойлары құнды болды. Осы кезеңнің өзінде тәжірибешілердің, өндірісті басқарушылардың экономикалық-социологиялық білімге жүгінген алғашқы жәйттері пайда бола бастады. Бұл тұрғыда ең жарқын мысал - Роберт Оуэн.

ХVІІІ ғасырда экономикалық социологияның дамуының “философиялық-экономикалық” кезеңі аяқталып, өзіндік “социологиялық” кезеңі басталды [9].

Огюст Конт (1798 - 1857) - француз социологы және философы. Ол дәстүрлі философиядағы дерексіз конструкциялар мен заңдық ойлардағы шашыраңқы эмпирикалық байытуларға қарағанда қоғамдық өмірдегі диахроникалық және синхроникалық аспектілердегі құбылыстарды ғылыми зерттеп білуді ескере отырып “социология” ұғымын енгізді.

О.Конт қазіргі заманды анықтап-тануға талпыныс жасап көрді. Ол жаңа әлеуметтік тәртіптің бірқатар ерекшеліктеріне көңіл аударды: 1) еркін кәсіпкерлік пен бәсекелестікке негізделген экономикалық жүйенің қалыптасуы; 2) жұмыс күшінің қалады шоғырлануы; 3) өндірісте ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалану; 4) басшылар мен жалдамалы жұмысшылар арасында жасырын немесе ашық қарама-қарсылықтың пайда болуы; 5) әлеуметтік теңсіздіктің күшейе түсуі; 6) табыс табуға бағыт ұстану.

Конт индустриалдық қоғам мен өндірістің адамға және мәдениетке әсер ету теориясын дамытты. Оның теориясы бойынша өндіруші мен ойлап табушының түйсігі өрлеуді тудырады. Өндірістің дамуы адамның өмір сүруін жеңілдетіп қана қоймай, сонымен бірге тұлғаны жоққа шығарады және әлеуметтік тәртіпті бұзады.



Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: