Кунанбаева Алма Бектурсыновна

Алматы,2007

Халық эпосы қазақ баласының рухын көтеріп, санасын түзейтін ғасырлар үні, еліміздің рухани байлығының көне көзі. Халықтың ұлттық мінез ерекшеліктерін, көзқарасын, тарихы мен дүниетанымын, менталитеті мен тілін, мәдениеті мен ой-өрісін суреттей отырып, тарихи шынайылық пен көркемді-моральдік құндылықтың дәлелі болған бұл өнер түрі ғасырлар бойы әр кезеңнің құжаты болып, ұлттың рухани сұраныстарына сай дамып отырған.

ХІХ ғасырдың соңынан әдебиеттанушылардың зерттеуіне нысан болған эпос үлгілері әр ғасырда ғылыми еңбектерде елеулі орын алып, өзекті мәселелердің бірі болды. ХХ ғасырдың басынан құндылығы арта түскен және құрамында фольклорлық туындылардың өзегі бар эпикалық ескерткіштер әр саладағы ғалымдарды қызықтыра түсіп, заман талабына сай қолданыста болды.

Өткен ғасырда жыршылық дәстүр жаңа мәдениетке негіз болып, композиторлардың шығармашылығы арқылы профессионалды еуропалық жанрларға ұласты. Соның нәтижесінде эпос мазмұнына құрылған опера, балет, сахналық қойылымдар, симфония, шағын камералы аспапты және вокалды шығармалар пайда болды. Яғни, бұл заманда эпос шығармалары әр қырынан танылып, басқа жанрлардың да құрамында көрініс тапты.

Әр эпостың музыкалық негізі өзінің ұлттық болмысын арттыра түсетіні сөзсіз. Тек мазмұны мен поэтикалық мәтіні емес, эпикалық шығарманың музыкалық өзегі басқа мәдениеттер арасында өзінің ұлттық негізін танытып тұрады. Оған музыкалық мақам құрылымы, әуеннің даму жолдары, әр мақамның ырғақтық, саздық иірімдері және т.б. дәлел болып келеді.

ХІХ ғасырдың соңында баспадан шыға бастаған казақ халқының эпикалық туындылары тек ХХ ғасырдың екінші жартысында музыкасымен жазылып, ғылыми талдауларға ілінді.

Жан-жақты әрі әр қырынан зерделенуді талап ететін эпос пен оның музыкасы ғылыми ортада өзекті мәселелердің біріне айналды. Көп жылдар бойы Қазақстан этномузыкатану ғылымы көршілес мемлекеттердің музыкатану мектептеріне сүйене отырып, көп мәселелерді анықтап, жоспарлап қойды. Дегенмен, эпос мәселелері нақты ғылыми шешімнің болуына мұқтаж. Сонымен, қазақ эпосын тарихи-теориялық (яғни музыкатанушылық) және тәжірибелік тұрғыдан зерттеулердің жетіспеушілігі және музыкатанушы ғалымдар мен фольклортанушылардың әлі күнге дейін ортақ пікірлерге келмеуі сол олқылықтың орнын толтыруға итермеледі.

«Эпикалық дәстүрдің музыкатану мен әдебиеттану салаларында зерттелуі» деп аталатын бірінші бөлім үш тараудан тұрады. Тарау көлемінде ашылатын эпос өнерінің әр салада зерттелуіне тоқталмас бұрын, жұмыста олардың ХХ ғасырға дейін жетуінің тарихы баяндалады. ХІХ ғасырда эпос мәтінін жазып алу, баспадан шығару жұмыстары жүргізіле басталып, 30-шы жылдардан кейін аса қызығушылықпен кіріскен ғалымдар эпос мәтіндерін жинақтап, аударып, сонымен қатар, жүйелеу жұмыстарын жүргізді. Эпос туындылары тіпті академиялық баспалардан шығып, оқу бағдарламаларына енгізілді. Ең алғаш экспедициялар жүргізіліп, эпос үлгілері жинақталып, әр тілдерге аударыла бастады. Және сол кездерде эпос орындаушыларының есімдері елге танымал болды. Бірінші тарау «Эпикалық ескерткіштерді музыкалық тұрғыдан зерттеудің тәжірибесі мен тарихы» деп аталып, мұнда эпикалық дәстүрдің музыкатану ғылымында өз үрдісін тапқаны жайлы баяндалады. Жұмысты жазу, эпикалық туындыларды салыстыру және зерттеу барысында қазақ музыкатану ғылымына қосқан үлесі мол ғалымдардың еңбектеріне аса көңіл бөлініп, олардың методологиялық ұсыныстары ескерілді. Олардың ішінде қазақ халқының эпикалық дәстүрінің музыкасын зерттеудің ірге тасын қалаған Б.Ерзаковичтің, эпикалық шығармалардың ырғақтық негізін қазақ жерінің аймақтарына байланысты зерттеген А.Байгаскинаның, қазақ музыкатану ғылымында эпикалық дәстүрді Қармақшы ауданынан бастап жалпы эпикалық өнердің генезисін, даму жолдарын және т.б. зерттеген А.Құнанбаеваның, эпикалық дәстүр мен фольклордың қазақ театр сахнасында өріс алуы, фольклор мен спектакльдің көркемдік құрылымының заңдылықтары жайлы театртанушы Б.Құндақбайұлы мен С.Кабдиевалардың еңбектері тереңінен қарастырылды. Бүгінгі таңда қазақ операсын зерделеу барысында оның негізін құрайтын эпикалық жыр бірнеше буын музыкатанушылардың жұмыстарында зерттеу нысанына айналды. Атап айтқанда, С.Күзембаева, Т.Жұмалиева және тағы да басқа ғалымдар.

Жалпы қазақ музыкасын нотаға дұрыс түсіру мәселесі бағытында Б.Қарақұлов пен І.Қожабековтердің зерттеулері ескеріліп, ән және жыр жолдарының құрылымын, нақтылай айтқанда жыр ішіндегі импровизацияның негізін құрайтын төрт жолдың сан-алуан өзгеріске ұшырауы жайлы жазған Б.Қарақұловтың әдістемесі диссертацияның екінші тарауында «Қыз Жібек» жырының нұсқаларын талдау барысында әдістемелік құрал ретінде көмек болды.

Эпикалық дәстүрдің музыкатану ғылымындағы зерттелуін отандас музыкатанушылар еңбектерімен шектелмей орыс, украин, өзбек, әзірбайжан, якут, бурят және тағы да басқа елдердің эпикалық өнерінің зерттелу деңгейін ескерген диссертациялық жұмыста өте маңызды болды. Олардың ішінде орындаушылық дәстүр мәселелері – Ш.Гуллыев, Т.Мамедов, Р.Атаян, В.Шивлянова, Д.Дугарова, А.Решетникова, М.Рахматуллина, Қ.Дюшалиев; эпикалық дәстүрді таратушылар бейнесі жайлы – Т.Мирзаев, Р.С.Абдуллаев; эпостың музыкасының болмысы – В.Дубравин, Е.Васильева, А.Рахаев; эпосты этномузыкатану жағынан жалпылама қарастыру – И.Земцовский, Э.Алексеев, А.Юсфин еңбектерінде орын алды. Ғалымдар ұсынған материалдар негізінде әр түрлі мәдениеттегі эпостың зерттелу деңгейі көрсетіліп, оларды қазақ эпикалық өнерімен салыстыру барысында ортақ жерлері мен сәйкестіктері анықталды.

Сонымен, қазақ халқының эпикалық дәстүрін зерттегенде ең алдымен эпикалық ескерткіштер бүгінгі таңда музыкатанушы ғалымдардың еңбектерінде қаншалықты әрі қай тұрғыда зерделенгендігін анықтап алып, зерттеу барысында қазақ эпосымен шектелмей, орыс, украин және т.б. түркі тілдес елдердің эпикалық музыкасын қоса қарастырған өнімді екені анықталды.

«Қазақ эпосының филолог-фольклортанушы ғалымдардың еңбектерінде зерттелуі» деп аталған келесі тарауда өз зерттеулерінде қазақ эпосын әр тұрғыдан қарастырған фольклортанушы ғалымдардың еңбектері баяндалды. Қазақ халқының фольклорын, нақтылай келгенде эпикалық мұрасын зерттеген ғылыми жұмыстардың ішінен Ш.Уалихановтың, Ә.Марғұланның, М.Әуезовтың, В.Радловтың, Ә.Қоңыратбаевтың, З.Ахметовтың, Р.Бердібайдың, С.Садырбаевтың, Е.Ысмайыловтың, О.Нұрмағамбетованың, С.Қасқабасовтың, Е.Тұрсыновтың, Ш.Ыбыраевтың, Б.Әзібаеваның, Т.Қоңыратбайдың, Қ.Бұзаубағарованың методологиялық ұсыныстары «Қыз Жібек» эпосын текстологиялық және мазмұндық жағынан талдау барысында шешуші роль атқарды.

Қазақ эпосын зерттеушілерімен қатар, орыс ғалымдардың классикалық зерттеулері де эпостану жолында біраз бағыт көрсетті. Атап айтқанда, Б.Путиловтың, В.Гацактың, В.Пропптың, А.Веселовскийдің, өзбек эпосын зерттеген В.Жирмунский мен Х.Зарифовтың еңбектері – эпосты орындайтын тұлғаның көзқарасын, болмысын, эпос ішіндегі эпикалық уақыт пен кеңістікті, мәтін ішіндегі ортақ мотивтерді белгілеп ажырату және т.б. мәселелердің басын ашу жолында көп көмек болды. Дегенмен, қазақ халқының эпикалық шығармалары мен дәстүрін әдебиеттанушы ғалымдар музыкасы мен әуенінен бөлек сөз өнері және әдеби жанр ретінде қарастырған. Эпостың мазмұнын талдай отырып, ғалымдар басты кейіпкерлерді фольклорға тән типтендірілген батыр образдары ретінде емес, әдеби шығармалардың кейіпкері тұрғысында зерттеген. Және ғалымдардың еңбектерінде халықтың эстетикасымен байланысты қарастырылған қазақ эпосы тек образдық жүйе, көркемдік тілкесте мәселелерімен байланысты зерттелген. Ал музыка жағы ескерілмей қалған.

Осы тарау бойынша қорыта айтқанда, біріншіден, қазақ эпосының музыкасын зерттеу үшін оның текстологиялық және мазмұндық жағын анықтап алу қажет; екіншіден, қазақ халқының эпикалық жырын зерттеу әдістемелерін анықтау және методология мәселелерін шешу үшін жетекші филолог-фольклортанушылардың еңбектеріне сүйенбеу мүмкін емес; үшіншіден, қазақ эпосының негізі мен табиғатын басқа елдердің мәдениетіндегі эпикалық өнермен салыстыра қарастырған өнімді.

Бірінші бөлімнің «Жыршы тұлғасының бүгінгі таңдағы сипаты» атты соңғы тарауында бүгінгі таңда эпостың көлемді, монументалды біртұтас шығарма бола тұра жан-жақты зерттеліп қана қоймай, бір сәттің өзінде бірнеше деңгейден (дәрежеден) көрінетіні туралы сөз қозғалды: біріншіден, эпос - өзі жанр, өзі ата-бабадан қалған дәстүр, мұра; екіншіден, эпос - өткен күннің тарихын суреттейтін өнер; үшіншіден, басқа жанрларға тематикалық және музыкалық өзек (кинофильм, театралдық қойылымдар, опера және камералы-аспапты шығармалар); төртіншіден, өз бойына қазақ фольклорының басқа жанрларын жинаған, жинақтаушы мозаика; бесіншіден, ғылыми жұмыстар мен ғылыми зерттеулерге нысан.

Халықтың ұлттық мінез ерекшеліктерін, көзқарасын, тарихи өткені мен бүгінгі күнін эпикалық өнерінен танып білуге болады. Сондықтан, жұмыста өнердің нақ осы саласының мақсаттары және өзіндік қызметтері, оның ішінде тәрбиелеу, көңілдендіру, арбау және ақпарат беру және т.б. қарастырылды. Бұл өнердің тарихы бірнеше ғасырға созылып жатқандықтан, көздеген функциялары заман ағымына сай өзгеріп отырады. Оның үстіне әр заман өз эпикалық туындыларын талап етеді.

Эпикалық жыр тек қана тарихи немесе ойдан құрастырылған оқиғаларды әңгімелеп, жырлап қоймайды, оның эмоционалдық, психологиялық жағын көрсетіп, сонымен қатар тәрбие, адамгершілік және өнеге-өсиет, білім беру қызметін атқаратыны сөзсіз. Жыршы батырдың батырлығын жырлай отырып, жастарды сондай ержүректікке, ел намысын қорғайтын батылдыққа баулиды; ғашықтардың күйзелісі мен қайғысы – шыдамдылыққа, төзімділікке әрі жанқиярлыққа үйретеді; адамдардың әділетсіздігі – шындыққа, әділеттілікке, адамгершілікке шақырады. Тіпті қатыгез заң немесе бүгінгі күнде жат көрінетін қазақтың «әмеңгерлік» салты Жібектің және жалпы қазақ халқының даналығын, көрегендігін байқатып, тыңдаушы қауымды үлкенді сыйлауға, иерархия сатысын бұзбауға үндейді.

Қай заманда болсын жыршының жыршы болуына зәру: атадан әкеге, әкеден балаға тараған тұқым қуалаған дарындылығы, тәлім-тәрбиесі, эпикалық білімі, ортасы мен айналасы, өз қабілеті, табиғи таланты және т.б. Бұлардың барлығы бір-бірімен тығыз байланыста болғанымен, әр жыршыға бұл тізімдегілердің ішінен біреуі басым келеді. Себебі, әр жыршы өзінше бір Индивидуум, жеке Тұлға.

Жыршының жыршы болуына тағы да бір маңызды шара – болашақ жыршыға дұрыс эстетикалық тәлім-тәрбие беру, тәрбиелей отырып білімге байлау.

Әрине, қазақта суырыпсалма өнері болғандықтан, жырлаған сайын мәтін мен мақам-саздың өрнек бояулары өзгеріп отыруы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай жас жыршының кемістігіне емес, жаңа орындаушылық болжамның, тіпті жаңа стильдің туғанына дәлел.

Жыраулық, жыршылық өнер – біздің ұлттық мәдениетіміздің құнды діңгегі. Сондықтан ХХІ ғасырда бұл өнер жолын көпшіліктің қолдауы - мұрамызды жоғалтып алмау жолындағы үлкен ерлік. Бүгінгі таңдағы буындары қатпаған жастар осы өнер түріне әр түрлі жолдармен келеді. Айтылып кеткендермен қатар, жоғары оқу орындарында да жыршылық өнерге бейімделіп білім алу мүмкіндігі бар. Мысалы, «Сыр елі, жыр елі» дейтіндей, Сыр бойында жыршылық мектептерінің дәстүрі үзілмеген. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлектері елге танымал, әйгілі «жырау» атақтарына ие болып жатыр. Бірақ, әрине, атам замандағы «жырау» атағы мен қазіргі заманда жоғары оқу орнында дәріс алған жас «жыраулар» екі бөлек екендігі даусыз.

Эпостың мәтіні бірнеше жүзден бірнеше мың жолға дейін созылатындығы белгілі. Әрине, жыр жаттаудың қалыптасқан өзіндік құпиясы бар. Бүгінгі таңдағы жыршылардың айтуы бойынша, нақты бір шумақты бірнеше рет қайталап айтса не тыңдаса, тәжірибелі жыршы сол шумақтың нақты бір өзегін табады. Өзегін тапқаннан кейін мақам-саз да, мәтін де бұдан былай сол шумақтың тірегі болып, орындағанда жеңілдік әкеледі.

Қазақ мәдениетіндегі эпикалық формаларды салт дәстүрден бастап көлемді біртұтас «монументалды» стильге, яғни эпостың өзіне дейін айқындап, диссертациялық жұмыста «эпос» және «эпикалық» деген сөздерге аса көңіл бөлінді.

Қазақ музыка мәдениетінде көлемді көркем шығарма ретіндегі эпос жанры және эпос айналасындағы эпикалық сипаты бар жанрлар (эпостанушы Алма Құнанбаева соңғыларды «орбитальные жанры вокруг эпоса» деп белгілеген) орын алады. Мұндай жанрларға «терме», «толғау», «гөй-гөй» «нақыл сөз» және т.с.с. жанрлар жатады. А.Құнанбаеваның айтқанына арқа сүйеп, бұл жанрларды нақты эпос жанрымен салыстырсақ, эпос деп мәтіні өзгермейтін (кішкентай өзгерістер кездесе береді), драматургиялық құрылымы (бастама түйіні – завязка, шарықтау шегі – кульминация және шешімдері – развязка) бар көркем шығарманы айтады. Көптеген эпостардың («Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды батыр», «Алпамыс» және т.б.) бүгінгі күнге жетуі де өзгермейтін мәтін мен сюжеттік жолдарының орын алып, драматургиялық құрылымы бар театралдық қойылымдарға жақындығынан танылады. Әрине бұл заманға жеткенше олар талай уақыт өңдеуінен өтіп, қайта-қайта жанданып отырды. Мысалы, «Қобыланды батыр» эпикалық жырының 26 варианты, «Қыз Жібек» жырының 2 варианты бар. Диссертацияда эпикалық жыр мен эпостың айналасындағы жанрлардың айырмашылықтарына біраз түсініктеме берілді.

Кеңес дәуіріндегі қазақ музыка мәдениетінде пайда болған еуропа жанрлары да эпикалық туындылардан алыстап кете алмады. Опера, симфония, театралды-сахналық спектакльдердің мазмұны қазақ баласына ыстық эпикалық шығармалардан алынды. Мысалы, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер-Тарғын», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» опералары, Ғ.Жұбанованың «Еңлік Кебек», Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш Баян сұлу» балеттері, «Қыз Жібек» көркем фильмі, «Қыз Жібек», «Еңлік Кебек» спектакльдері, Б.Аманжолдың «Еңлік Кебек» фортепианолық циклы, Ж.Жексембекованың «Қыз Жібекке симфониялық алым» (дань) және тағы да басқалары. Аталған шығармаларда негізін құраған эпостың өзі әртүрлі қамтылған. Себебі, әр жанр шамалы өзгерістер енгізсе де өз жанрлық заңдылықтарын сақтап қалады. Және мұндай қойылымдарда шығарманың авторы эпостың мазмұнын толық пайдаланбай, тек басты проблеманы, нақты ситуацияны алады. Кейде тіпті эпоста аса мән берілмейтін психологиялық сәттер опера, балет және спектакльдерде күрделендіріліп, басқа қырларынан танылады.

Әр жыршының орындаушылық ерекшеліктері мен спецификалық әдістері жыршыны өзі орындаған жырдың әуенінің «авторы» атандырады. Себебі, олардың көбісі поэтикалық мәтінге сүйеніп музыкалық мақамдарын өздері шығарады. Сондықтан, нақты бір жыр нұсқасының музыкалық негізін талдау барысында әр жыршының тек өзіне тән әдістемесі байқалады. Жирмунский В.М. мен Х.Т.Зарифовтардың «Узбекский народный героический эпос» атты еңбегінде  «В лице народного певца... совмещаются творец (или... соавтор) поэтического произведения и его творческий исполнитель» деп келтірілген. Демек, әр орындаушы нақты бір шығармаға өз үлесін қосып (орындау барысында жыр көлемін кішірейтіп, не үлкейтіп), бір жырды көп жылдар бойы орындап, нақты сол нұсқаның авторы деген «атаққа» ие болады.

 

 

Кунанбаева Алма Бектурсыновна


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: