Саяси процесс 8 страница

Қазіргі Қазақстанның саяси мәдениеті күрделі әрі кереғар оқиғалардан тұрады. Бұл күндері оқтын-оқтын қол жеткен табыстармен қатар түрлі бағыттағы саяси тенденциялар арасында күрес жүріп жатыр. Сөйтіп, түрлі субмәдениет арасында қақтығыстар болып, олардың өкілдері түрлі саяси ұстанымдарды қолданып, түрлі саяси тұжырымдарға жүгінумен келеді. Мұның бәрі саяси мәдениетті және көп ұлтты Еуразиялық Қазақстан қоғамының айырықша субмәдениеттер қалыптастыруын қажет етеді.

Қазақстан халқының кәзіргі саяси мәдениетін қалыптастыра отырып, біз алдымызға мынандай мәселені қоюға тиістіміз: біз қайда, қандай қоғамға бара жатырмыз, бұдан шығатын қорытынды, бізге қандай саяси мәдениет керек?

Қазіргі біздің қоғамның даму үрдісіне қарағанда бізге демократиялық қоғамның саяси мәдениеті, адамдардың экономикалық ерікті қоғамы, еркін кәсіпкерлік, адамдарға, олардың ақыл-ойына ізгілікпен қарау тән болатын саяси мәдениет қажет. Бізге әлеуметтік әділетті қоғамның, жоғары ізгілік және рухани еркіндік тән қоғамның саяси мәдениеті қажет[114]. Бізге іс жүзінде бейбітшілікке ұмтылған барлық халықтар мен мемлекеттер тұрақты, қалыпты, өркениетті қарым-қатынас орнататын қоғамның саяси мәдениеті қажет. Біз еліміз халқының осындай саяси мәдениетін қалыптастырып, дамытуға тиіспіз.

Жас ұрпаққа қатысты саяси мәдениетті қалыптастырып, дамыту мәселесі барынша өзекті мәселе болып отыр. Өйткені, жастар тұлғаларға айналудың шешуші кезеңінде өмір сүріп келеді, олар барлық ықпалдарды, ағымдарды, және т.с.с. барынша қағылездікпен қабылдауға бейім, олар бәрінен хабардар, бәрін көріп-біліп, естуге құмар. Еліміздің қазіргі жастары бұрынғылар көріп-білмеген таңдау жағдайында, соның ішінде саяси құндылықтарды, ақыл-ойларды таңдау кезеңінде тұр. Бұл таңдау оңай емес. Көптеген құндылықтар жоққа шығарылып, аңыздар, ескі әдеттер жарамсыз болып қалып жатыр. Міне, нақ осындай жағдайда жас ұрпақтың саяси мәдениетін қалыптастырып, дамыту оңай міндет емес.

Біріншіден, саяси мәдениетті қалыптастыру мен дамыту саясат туралы терең білім негізінде жүргізілуі тиіс. Мұнда білімді қандай көлемде және қандай мазмұнда беріп, адамдарды қандай саяси мәдениеттің өкілі етіп шығаруға тиіспіз деген мәселені айқындап алудың маңызы зор. Екіншіден, саяси мәдениетті қалыптастырып дамыту тек плюралистік тәсіл арқылы ғана жүзеге асуы мүмкін. Жастармен қарым-қатынас жасау барысында әлеуметтік өмірдің аса маңызды мәселелері жөнінде алуан түрлі пікірлер, көзқарастар, теориялар бар екенін зердесіне сіңіру қажет. Олардың бойында өзгелердің пікіріне құрметпен қарау, өзара түсіністік, кез-келген айтыс-тартысқа, пікір таласына әзір болу және өзіне қарсы пікір білдіргендермен келісімге бейім болу секілді қасиетті олардың бойына сіңірген жағдайда нәтижеге қол жеткізуге болады. Үшіншіден, жастар бірлестікке, ресми және бейресми ұйымдарға кіруге ұмтылады. Бұл – табиғи заңдылық, сондықтан олардың мұндай бастамасына қолдау көрсеткен жөн. Төртіншіден, саяси мәдениеттің қалыптасуы мен дамуы азаматтық мәдениетпен тығыз байланыста болады. Ал, азаматтық мәдениет қоғамдық міндеттерді, әлеуметтік мәселелерді жеке тұлғалардың білу дәрежесін және оған қатысу деңгейін қамтиды. Сондықтан да азаматтық және саяси мәдениетті қалыптастыру мен дамыту біртұтас процесс ретінде жүзеге асырылуы тиіс. Осыған орай саяси мәдениет үздіксіз дамитын құбылыс екенін атап айтқан жөн. Мұндай құбылыс осындай саяси мәдениетті ұстанушылармен, түрлі әлеуметтік қауымдастықпен бірге дамиды. Саяси мәдениет саяси жүйенің сапалық жағын, оның өзіне тән қызметін және оның тиімділігін айқындайды.

Қорыта келгенде мынандай тұжырым түюге болады. Саяси мәдениет барынша күрделі әрі көп қатпарлы феномен болып табылады. Саяси мәдениет дегеніміз субъектілердің тікелей қызметінде көрінетін, сабақтастық негізінде қоғамның саяси өмірін жаңғыртуды қамтамасыз ететін саяси процесс, соған сәйкес тұрақты құндылықтар, ұстанымдар, таным-түсініктер, көріністер, дағдылар, үлгілер тән болатын тарихи қалыптасқан жүйе болып табылады. Халықтың саяси мәдениеті қоғамның жағдайларына, оның дамуына, әлеуметтік қатынастар жүйесінің тұрақтылығына терең ықпал етеді. Ол адамдардың әлеуметтік, саяси және еңбек белсенділігін ынталандырып, жеке азаматтық позицияға ие болуына жетелейді. Әрбір қоғамдық құрылыс халықтың жоғары саяси мәдениетін қалыптастырып дамытуға мүдделі. Бұл міндет Қазақстан қоғамы үшін бүгінгі таңда аса маңызды міндеттің бірі болып отыр.

Он төртінші тақырып.

САЯСИ ЭЛИТА ЖӘНЕ САЯСИ КӨШБАСШЫЛЫҚ

Элиталар мен көшбасшылар (лидерлер) әлеуметтік құбылыс ретінде әлеуметтік-саяси ғылымдар зерттеулерінің маңызды объектісі болып есептеледі. Біздің заманымызға дейінгі 430 жылдың өзінде Ежелгі Грекияның белгілі саяси қайраткері Перикл: «саясатты аз ғана адамдар жасайды, алайда ол жөнінде бәріде пікір айтады» – деген екен. Қоғамда көптеген адамдар мен әлеуметтік топтардың әдетте саяси өмірге күнделікті тікелей қатынаса алмайтыны белгілі жайт. Мұнымен саяси элита деп ғылыми анықтама алған және өз арасынан дайындығы әрі беделі бар көшбасшылар ұсынатын кәсіби саясаткерлер, адамдардың ерекше жігі шұғылданады. Осымен байланысты саяси элитаға және саяси көшбасшыға қызығушылық таныту, осы күрделі де маңызды әлеуметтік құбылысты пайдалануға талпыныс жасау көнеден тамыр тартады. Мысалы, Платонның пікірі бойынша, қоғамды жан дүниесі аса дамыған, адамгершілікті меңгерген философтар рухындағы ақсүйектер билеуі тиіс және қоғамның басқа бөлігі яғни, көпшілік дана философтарға бағынуы керек.

Саяси элиталар мен саяси көшбасшылар – саясаттың аса белсенді субъектілері. Бұл субъектілер өз қызметінде нақты мақсаттар мен мүдделерді көздейді. Практикада халықтың көпшілік бөлігінің саяси үрдіске қатынасуы әдетте сайлаумен ғана шектелгендіктен нақты билікті саяси элиталар мен саяси көшбасшылардың жүзеге асыратыны белгілі нәрсе. Осы элиталар (элита ұғымы француз тілінен аударғанда – «ең жақсы», «сұрыпталған», «қалаулылар») және көшбасшы-лидерлер (ағылшын тілінен аударғанда лидер сөзі – «алда жүретін», «жол көрсетуші», «басшы» мағынасын білдіреді) қоғам дамуының мақсаттары мен болашағын айқындауды қалыптастырады. Олар қоғамды басқарады, стратегиялық маңызды шешімдер қабылдайды және оларды жүзеге асыруда мемлекеттік билік ресурстарын пайдаланады. Басқару міндеттерін атқара отырып, олар, сонымен қатар, билікте болып, оны ұстап туруға көмектесетін тұлғалық айрықша ерекшеліктер мен кәсіби сапаларды меңгерген.

Осымен байланысты аталмыш элитаға және көшбасшыға басқа адамдарға жетекшілік ету құқы не беретінін, олардың өздерінің саяси қызметінде нендей уәждерді басшылыққа алатынын анықтау қажет.

Демек саяси элиталар мен саяси көшбасшылардың қоғамдық-саяси өмірдегі және қоғамдық саясаттағы ерекше рөліне не себепші болып отыр деген орынды сұрақ туындайды. Бұл сауалға жауап беру үшін, ең алдымен, саяси элитаның мазмұнын ашу қажет.

1. Саяси элита ұғымы. Саяси элиталарды танып-білудің және бағалаудың негізгі тәсілдері.

Дүние жүзінің әлеуметтану және саясаттану әдебиеттерінде саяси элитаға берілген көптеген анықтамалар мен әр түрлі көзқарастар бар[115]. Сондықтан отандық және шетелдік саяси ғылымда саяси элитаның не екендігі жөніндегі түсінік те толық бірлік жоқ. Бұл сұраққа жауап беру үшін, ең алдымен, «саяси элита», «басқару элитасы», «контрэлита», «бюрократия» ұғымдарын ажырата білу керек. Алғашқы ұғым көлемі жағынан ауқымды, себебі ол басқарушы элитамен қатар контрэлита яғни саясатта белсенді атсалысатындарды, билікті қолға алуға тырысатындарды, бірақ дәл сол уақытта нақты басқару рулінен шеттетілгендер мен саяси оппозицияда қалғандарды да қамтиды.

Саяси элитаны анықтау мен оның ауқымын белгілеу үшін келесі өлшемдерді ұсынған жөн деп санауға болады: біріншіден, қоғамның саяси элитасын жария саяси қызметпен кәсіби айналысатын барлығының күресінің түпкі мақсаты білік саналатын адамдар құрайды; екіншіден, олар қоғамнан біршама өзімен-өзі болумен қатар, сол саяси тәртіптің қалыптасқан «ойын ережесін» ұстайтын, қайсыбір де мысалы, билеуші және оппозициялық бөліктің мәнді ерекшеліктерін сақтайтын, сонымен бірге, әр түрлі саяси элита фракцияларының мүдделері, құндылықтары және мақсаттары ортақ біріккен тығыз топты құрайды, үшіншіден, осы адамдарды саяси қайраткерлер ретінде олардың өзіндік заңдылығын қоғамдық мойындау бар.

Билеуші элитаны саяси элитаның жетекші бөлігі ретінде оның саяси бағытты айқындауы, осы маңызды саяси-басқарушылық шешімдер қабылдауы және саяси ресурстарды бақылауы айшықты белгісі болып табылады. Қарапайым санада осы билеуші элита әдеттегі саяси элитамен ағат ұқсастырылады, әрине бұл дұрыс емес. Билеуші элитаға саяси элитаның, тікелей билікте тұрмаса да, оған қолдау көрсететін бөлігі жанасады.

Контрэлита – бұл билеуші элитаға қатысты оппозиция ролін сол сәтте атқаратын саяси элитаның бөлігі. Кейде оның да билеуші топқа кейбір басқару және кадрлық шешімдер қабылдауға жеткізетін қысым жасау ресурстары болады. Әйтсе де бюрократияның жоғары өкілдері билеуші элитаның құрамына енетіні сөзсіз, оның еркін орындайтын соңғысын бюрократиялық аппаратпен шатастырмау керек. Дәрежесі кіші, орташа және жоғары қызметтегі чиновниктер билеуші элитаға тән белгілерді иеленбеген. Олар салыстырмалы түрде қосымша рөл атқарып, билеуші элита қабылдаған саяси бағыт пен шешімдерді өмірде жүзеге асырушылар ғана.

Осымен байланысты, жалпы саяси элита деген не, оның құрамына кімдер енеді, оның құрылымы қандай деген сұрақтар туындайды?

Саяси элита – бұл қоғамды басқаруда билеуші қызметін атқаратын және мемлекеттік билікті қолына шоғырландырған, маңызды саяси шешімдер қабылдауға қатысатын мамандандырылған әлеуметтік жеңілдігі бар топ. Қоғамның саяси элитасының құрамына биліктік функцияны және уәкілдік құқты иеленген жоғарғы дәрежелі қызметтегі кәсіби саясаткерлер кіреді. Саяси элитаның құрамына сонымен бірге, қоғам дамуының стратегиясын дайындауға, саяси бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асыруға қатынасуға кәсіби дайындығы бар жоғары мемлекеттік қызметкерлерді жатқызуға болады. Саяси элитаның басты сипаттарын баса көрсетеміз деп, оны көбінесе «елдің саяси басшылығымен», «саяси шешімдер қабылдау орталығымен» ұқсастырады. Жылдар өткен сайын саяси элита қызметкерлерінің құрамы өзгереді. Алайда қызмет құрылымы ешбір өзгеріске түспейді десек те болады. Бұған мемлекеттер басшылары (монархтар, президенттер), биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот органдарының, жоғары елшілік корпустардың және т.б. жетекшілері жатады. Әр түрлі елдерде берілген әр қилы баға бойынша саяси элитаның саны 2-4 мың адамнан аспайды.

Дегенмен саяси элитаның ішкі құрылымы болатынын естен шығармау қажет. Саяси элитаның құрылымы: жоғары, орташа және төменгі деп үш деңгейге бөлінеді.

Жоғарғы саяси элита өзіне жетекші саяси басшыларды, сонымен қатар заң шығарушы, атқарушы және сот билік тармақтарында жоғарғы қызмет орындарында отырғандарды (президенттің тікелей төңірегіндегілер мен премьер-министр, оның орынбасарлары және жетекші министрлер, парламент спикері, депутаттық фракциялардың жетекшілерін) қамтыған. Бұлар миллиондаған адамдардың тағдырына қатысты қоғамдық аса маңызды саяси шешімдер қабылдайтын саны жағынан мейлінше шектеулі ғана адамдар (100-200 немесе 200-400 адам).

Орташа саяси элита көптеп саналатын сайланған лауазымды адамдардан: губернаторлардан, парламенттік депутаттардан, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар көшбасшыларынан, сонымен қатар кәсіподақтардың басшыларынан қалыптасады. Әйтсе де дамыған демократиялық институттары бар елдерде партиялар мен кәсіподақтар көшбасшылары элитаның жоғары жігінің қатарына кіре алады. Жалпы орташа саяси элита өзінің саны жағынан халықтың 5% құрайтын аса маңызды адам топтарынан, сондай-ақ аймақтық деңгейдегі билік органдарының өкілдерінен тұрады[116].

Саяси элитаның төменгі жігін жергілікті жердегі саяси қайраткерлер – басшылар, жергілікті билік органдарының депутаттары және аймақтық деңгейдегі партия қайраткерлері қалыптастырады. Сонымен қатар, саяси элитаның төменгі жігі өзіне қызметші-басқарушыларды, мемлекеттік орталық және аймақтық деңгейдегі чиновниктерді қосқан. Негізінде ол әкімшілік-бюрократиялық аппараттың көптеп саналатын өкілдерін қамтиды.

Өздерінің беделі есебінен билеуші элитаның және өз күшімен әрекет етуші элитаның позициясын нығайтуда аса беделді техникалық және гуманитарлық интеллигенция өкілдерінен тұратын, сайланбайтын элитаның бір түрі болып саналатын «саясаттағы элита» саяси элитаның ерекше құрылымдық элементі болып табылады. Көрнекті жазушылар, ғалымдар, спортшылар, шоу-бизнес өкілдері қайсыбір партияларға сайлауда жеңіп шығуына көмектесумен қатар олардың дағдарыс жағдайындағы немесе ескішіл ағымдағы саяси үрдістер кезіндегі саяси талаптарына қолдау көрсетеді.

Саяси элитаға, сонымен бірге, әкімшілік, экономикалық, әскери, полициялық, идеологиялық-ақпараттық, рухани-мәдени және ғылыми мамандандырылған кіші әлеуметтік топтар да жатады.

Әкімшілік элита – бұл билеуші элитаның бөлігі, ол өз қолына биліктің техникалық-ұйымдық құрамдарын шоғырландырып, монополиялаған. Әкімшілік элита жеке құрамында – ол министрліктер, департаменттер және мемлекеттік басқарудың басқа да органдарында жоғары орын алған мемлекеттік қызметшілердің жоғарғы жігі. Әкімшілік элита саяси элитаны жалғастырушы, ұйымдық белгісі бойынша оны өз алдына жеке топқа бөлуге де болар еді. Әлеуметтану зерттеулері бюрократияны салыстырмалы түрде өздерінің мүдделері мен мүмкіндіктеріне орай іштей біріккен дербес әлеуметтік жік екенін көрсетті.

Экономикалық элита – бұл меншік ресурстарының негізінде билік құрылымына өзінің қатынасуын іске асыратын билеуші элитаның бөлігі. Экономикалық элитаға өз қолдарында материалдық және қаржы ресурстарын шоғырландырған: ірі корпорациялар, банктердің иелері және олардың менеджерлері, бизнесмендер және т.б. адамдар кіреді. Билеуші элитаның бұл бөлігі экономикалық үстемдікті жүзеге асыра отырып, көптеген саяси мәселелерді шешудің жолдарын анықтауға да қатысады.

Әскери және полициялық элита – билеуші элитаның маңызды жігі. Олар қоғам өмірінде, саяси үрдістерде үлкен рөл атқарады, әскери, полициялық элитаны көбінесе саясаттың шешуші құралы ретінде пайдаланады. Әскери және полициялық элитаның құрамына елдің жоғары әскери басшылары, генералитет, ішкі істер министрлігінің басшылары, мемлекеттік қауіпсіздік, арнайы қызмет және т.б. басшылары кіреді. Бірқатар елдерде элитаның бұл бөлігіне саяси элитаның жоғарғы жігі енгізіліп, қалған бөлігін орташа немесе әкімшілік элитасының қатарына жатқызады. Саяси элитаның маңызды жігін идеологиялық-ақпараттық элита құрайды. Ол өз құрамына қоғамда дүние танымдық ұстанымдарды, құнды бағыт-бағдарларды, адамдарда идеялар мен сенімдерді қалыптастыру функцияларын атқаратын идеологиялық майданның қайраткерлерін – гуманитарлық ғылымдардың, білім берудің, діни қызметшілердің, бұқаралық ақпарат құралдарының жетекші өкілдерін кіргізген. Осы тұрғыдан алғанда бұқаралық ақпарат құралдарының – радио, теледидар, баспасөздің рөлі аса зор.

Рухани-мәдени элита – бұл рухани билікті алып жүрушілер. Ол аса беделді әрі ықпалды өнер, оқу-ағарту, әдебиет қайраткерлерінен және басқа да шығармашылық интеллигенция өкілдерінен тұрады. Оның атқаратын рөлін қоғамның рухани өмірінің мынандай процестері: білім беру, әдебиет, өнердің дамуы, оның адамгершілік қуатына ықпал ету сипаты мен деңгейі анықтайды. Ғылыми элитаның қоғамның қоғамдық-саяси өмірінде маңызды позициясы бар. Ол интеллектуальды элитаның аса дарынды бөлігінен тұрады. Оның рөлі – ғылым мен техниканың дамуына, ғылым мен техникалық прогреске және т.б. ықпал жасау деңгейімен анықталады.

Осы элиталық топтар ішкі жағынан біртектес, жеңілдікті, бүкіл қоғамның өкілдігіне ұмтылатын саяси үстем етуші топты құрай отырып, бәрі бір-бірімен өзара тығыз байланыста әрекет етеді.

Осыған орай әрбір қоғамдағы саяси элитаның өз ерекшеліктері болатынын айтуымыз керек. Элитаның қандай болуы ең алдымен қоғамның сипатына, оның әл-ауқатының мөлшеріне, мүшелерінің білім деңгейіне, тарихи салт-дәстүріне, мәдениетіне және т.б. байланысты. Өз кезегінде саяси элитаның сипаты қоғамның қалпына және оның динамикасына мейлінше үлкен ықпал етеді. Билік ресурстарымен ерекшеленетін саяси элиталарды әдетте дәстүрлі және қазіргі деп бөледі. Дәстүрлі элитаның билігі әдет-ғұрыптарға, дінге, салт-жораларға, байлыққа негізделген. Үндістен саясаттанушысы П.Шаран дәстүрлі элитаның қатарына діни элитаны, ақсүйектерді (аристократия), дамушы елдердің әскери басшыларын қосқан.

Заңға, формальды ережеге арқа сүйейтін және әр түрлі топтардан тұратын қазіргі элита ұтымды саналады. Қазіргі саяси элитаға чиновниктер, білімдар саяси көшбасшылар, бизнесмендер, ғылым саласының өкілдері, технократтар және де саяси билік пен тікелей немесе жанама болса да байланысқандар немесе саяси, мемлекеттік шешімдер қабылдауға ықпал етуге мүмкіндігі барлар жатады.

Қазіргі саяси элиталардың тұңғыш классикалық тұжырымдамалары ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезінде пайда болды. Соның бір айғағы макиавелдік мектеп өкілдері (Г.Моски, В.Парето, Р.Михельс). Ол жетекші мемлекеттердің топтарын немесе соған жетемін деушілерді теориялық және эмпирикалық зерттеулерде кең көлемде сілкініс жасады. Бүгінде «макиавелдік мектеппен» қатар саяси элиталар теорияларының аса маңыздысы болып, құнды элиталар теориясы (В.Ропке, Хосе Ортега-и-Гассет, Н.Бердяев), демократиялық элитизм (Д.Даль, С.Липсет, Й.Шумпетер), партократиялық мәндегі элита (В.Ленин, И.Сталин), элиталардың плюрализм теориясы (С.Келлер, Д.Рисмен, О.Штаммер), солшыл либеральді мектеп (Ч.Миллс, т.б.) және тағы басқалары есептеледі.

Саяси элиталар теорияларының көп түрлілігіне орай, саяси ғылымда саяси элиталарды зерттеп-білуде және баға беруде әр түрлі тұрғыдан қарастыру қалыптасқанын айтқан жөн. Мысалы, ұйымдық, психологиялық, экономикалық және институционалдық тұрғыдан зерделеу орныққан[117].

Саяси элиталарды ұйымдық тұрғыдан зерттеп білу және баға беру амалы туралы идеялар Гаэтано Москидің «Билеуші тап» және Роберт Михельстің «Саяси партиялар. Қазіргі демократиядағы олигархиялық ағымды әлеуметтанымдық зерттеулер» – атты кітаптарында баяндалады. Осындай тұрғыдан қарастыруға элитаны және оның іске асыратын бақылауын түсінуге жол ашады. Олардың бақылауы азшылықтың ұйымдасу қабілетін, ең алдымен азшылықтың қоғамдағы басқа күштердің алдында біртұтас майдан құру қабілетіне саяды. Г.Москидің пікірі бойынша, азшылықтың артықшылығы оның азшылығында жатыр.

Кішкентай топ үлкен топқа қарағанда жеңіл ұйымдасады. Оның ішкі байланыс және ақпараттық арналары әлдеқайда қарапайым. Оның мүшелері тез бірігеді. Нәтижесінде кішкентай топ саясатты тез арада қалыптастыра алады және өздерінің жұрт алдындағы мәлімдемелері мен қимыл-әрекетінде толық ынтымақтастықта екенін көрсетуге тырысады. Жақсы ұйымдасқан азшылық тез реакция жасау қабілетін меңгерген, және де ол өзгерген жағдайға қажетті жауапты тез арада таба алады.

Белгілі «олигархияның темірдей заңын» қалыптастырған Р.Михельс саяси элитаны зерттеп-білу мен баға берудің ұйымдық амалын одан әрі дамытты. Өз көзқарасын ол «Саяси партиялар. Қазіргі демократиядағы олигархиялық ағымды әлеуметтанулық зерттеулер» кітабында жариялады. Р.Михельс ұйымдасушылық қабілетті билік жасайды деумен қатар, ұйымдасқан қоғамның өз құрылымы да элитаның пайда болуына әкеп соқтырады деген жорамалға келді. Р.Михельстің ұстанған бірден-бір маңызды тезисі: «Демократия олигархияға жеткізеді және міндетті түрде олигархиялық ядросы болады» – деген сөзінен байқалады.

Бір жағынан, Р.Михельс, демократияны жүзеге асыру үшін ұйымдардың қажеттігін атап көрсете отырып, екінші жағынан, кез келген ұйымда олигархияның пайда болуына және демократияны жоюға соқтырады деген сенімді бекітті. Сондықтан ұйымдар, – деп жазды ол, «олигархиялық ағымды білдіреді. Кез келген ұйымда, мейлі ол саяси партия болсын, мейлі кәсіподақтар одағы болсын немесе сондай түрдегі басқа ұйымдар болсын бәрібір аристократиялық ағым өте анық көрінеді». Осымен байланысты Р.Михельс жоғарыда келтірілген «олигархияның темірдей заңы» жөнінде айтады. Бұл заңның мәнісін ол кез келген ұйымда жоғары басшылардың үстемдігі, аз ғана сайланғандардың билігі сөзсіз орнайды деген тезисінде сипаттады. Р.Михельс тек ұйым ғана сайлаушылардың, мандат берушілердің, ұсынған делегаттардың үстінен жүргізетін сайланған адамдардың билігін туындатады. Кімде-кім «ұйым» деп айтатын болса, ол «олигархия» деп те айтады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  




Подборка статей по вашей теме: