Саяси процесс 7 страница

Этатистикалық саяси мәдениеттің шеңберінде ең басты роль саяси өмірді ұйымдастыруға және оған жекелеген адамдар мен мемлекеттік институттардың, яғни барлық саяси мәселелерді шешуге ең бірінші кезекте мемлекеттің іс-әрекеті байланысты болатын жағдайларды анықтауға саяды. Бұл өз кезегінде бәсекелестік күреске бақылау орнатып, мүмкіндігінше оны шектеп, саяси қақтығыстарды барынша азайтып, жекелеген адамдар мен топтардың мүдделерінен мемлекеттік мүддені басым етуді орнықтыру болады. Тұтас алғанда саясат «жақсы қоғам» іздестірудегі мемлекеттік қызметтің бір түрі ретінде қарастырылады, мұндағы мақсат – әлеуметтік әділеттілік. Саяси мәдениеттің этатистикалық типі, мәселен, Швеция мен Германияға тән болып келеді.

Жағрафиялық жағдайға, тарихи дамуға орай, ірі саяси оқиғалардың ықпалымен тек қана белгілі бір өңірлердің немесе жекелеген елдердің саяси мәдениетіне тән өзіндік ерекше белгілер қалыптасады. Мәселен, американдық саяси мәдениеттің сипатына саяси іс-әрекеттің нақты мақсат бағдары, оның рухани сипаты, саяси іс-әрекетке қатысушылардың прагматизмі, бәсекелестіктің тұрақты жағдаяттары тән болып келеді. Жапонияның саяси мәдениетіне қазіргі кезеңде либералды-демократиялық үлгідегі дағдысы бар дәстүрлі құндылық бағдары тән екендігі байқалады. Ресейдің саяси мәдениеті саяси белсенділіктің басым көрініс табуымен ерекшеленеді. Ол органдардың, саяси радикализмнің ұжымдық ұйымдастырылуы арқылы көрінеді.

Елдің немесе қоғамның саяси мәдениеті мүлде біркелкі болуы мүмкін емес екенін айта кеткен жөн. Түрлі қауымдастықтардың мүдделерінің алуан түрлілігі бір-біріне ұқсамайтын саяси мәдениеттің үлгілерін туындатады – мұндай үлгілер барлық елдерде болатын субмәдениет болмақ. Субмәдениеттер дегеніміз – жекелеген әлеуметтік жіктердің, топтардың саяси мәдениеттері. Олардың саяси ұстанымдары, идеялары, құндылықтары және дағдылары қоғамда жетекші болып келе жатқандарынан айтарлықтай ерекшеленеді. Сонымен қатар әрбір саяси субмәдениет бүтіндей алғанда қоғамның саяси мәдениетін білдіреді. Демек қоғаммен бірге оның субмәдениетінің де өзіндік ерекшелігі болады. Мәселен, ірі қалалар тұрғындарының саяси субмәдениетінің ауыл тұрғындарының субмәдениетінен айырмашылығы болады. Жастардың саяси субмәдениеті өзіндік ерекшелікпен айтарлықтай айырмашылыққа ие. Жастарға олардың санасында мүмкіндігінше қарым-қатынас жасау, өмір сапасы және өзге де құндылықтардың басым болуы тән.

Саясаттануда барынша айқын көрінетін мынандай саяси субмәдениеттің типтері болатынан айта кеткен жөн: аймақтық, әлеуметтік-экономикалық, этнолингвистикалық, діни, жас мөлшеріне орай[110].

Белгілі бір аймақта өзіндік саяси субмәдениет болады, сөйтіп ол елдің түрлі өңірлеріне түрліше болып орнығады. Аймақтың саяси мәдениетіне мынандай жәйттер: ауа райы, белгілі бір табиғи ресурстар, осы аймаққа тән экономикалық кәсіптер, олардың жалпы жүйедегі еңбек бөлінісіндегі орны айтарлықтай ықпал етеді. Мұның өзі адамдардың өмір салтына, ортақ мәдениет дәрежесіне және олардың саяси-мәдени дәрежесіне ықпал ететіндей экономикалық айырмашылықты туындатады.

Әлеуметтік-экономикалық саяси субмәдениеттер қоғамда түрлі топтардың – әлеуметтік топтардың, таптардың болуы арқылы орнығады. Бұларда түрлі экономикалық деңгей мен өмір салтындағы айырмашылықтар болып, олар саяси өмірде ерекше маңызға ие болады. Мысалы, кәсіпкерлік топтар үшін экономикалық еркіндік, тұрақтылық, мемлекетке азаматтық қоғам тарапынан бақылау, қабылданған шешімдерге қатысу барынша өзекті саяси құндылықтар болып табылады.

Этнолингвистикалық саяси субмәдениеттер тілмен, тиісті әлеуметтік топтардың этникалық ерекшеліктерімен байланысты болады. Саяси мәдениетке мұндай топтардың ықпал етуі этникалық сана-сезімі және ұлттық сипаттың ерекшелігі арқылы айқындалады. Этникалық факторларға қатысты алғанда мұндағы саяси құндылықтар, құрметтеу және бағдарлау екінші орында тұрады.

Діни саяси субмәдениеттер адамдардың белгілі бір тобының ортақ мәдениетінің негізгі элементтерінің бәріне дін кіріккен жағдайда пайда болады.

Жас мөлшеріне орай болатын саяси субмәдениеттер түрлі ұрпақ өкілдерінде түрлі саяси құндылықтар жүйесінде көрінеді. Негізінен бұл субмәдениеттер саяси жетілген қоғамда болады. Өмірде ескіріп, қолданыстан шығып қалған саяси жағдаяттың тұсында қалыптасқан аға ұрпақтың саяси мәдениеті жастардың саяси ұстанымы жүйесінен бөлектеніп, ескі саяси режимді көксейтіні байқалады. Тұрақты жүйеде жас айырмашылығы саяси мәдениетке айтарлықтай аз ықпал ететін көрінеді.

Қоғам үшін және саяси жүйе үшін саяси мәдениеттің маңызы оның қызметі арқылы көрініс беретінін айтқан жөн. Олар негізгі және қосалқы, жалпы және нақты бола отырып, адамдардың және қоғамдық құрылымдардың саяси іс-әрекетін білдіреді. Ғылыми әдебиетте саяси мәдениеттің мынандай қызметі: танымдық, социализаторлық, аксиологиялық, интегративтік, коммуникативтік, нормативтік, реттеушілік, тәрбиелік және басқалары ерекшеленіп көрсетіледі.

Саяси мәдениеттің танымдық қызметі саяси мәдениетті ұстанушыларды қамтамасыз ететін саяси білімнің барлық жиынтығын қамтиды. Саяси мәдениеттің танымдық қызметі саяси құбылыстардың мәнін түсінуге бейімдей отырып, саяси іс-әрекеттің шеңберін, құқық пен еріктіліктің қолданылу дәрежесін, қоғам өміріндегі саясаттың міндетін, өзге саяси жүйені салыстыру арқылы ұғыну мүмкіндігін туындатады.

Саяси мәдениеттің социализаторлық қызметі белгілі бір саяси сапаны, дағды тәсілдерін, белгілі бір саяси жүйеге бейімдеп, билік орындарының сол кезеңдегі жүйеге қатысты қызметінде өзінің мүддесін қорғай білуді қалыптастырады. Саяси мәдениеттің социализаторлық қызметі отбасы, мемлекет, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, шіркеулер, мектептер, мешіттер, әскер және т.с.с. әлеуметтік институтар арқылы да жүзеге асып отырады.

Саяси мәдениеттің аксиологиялық қызметі адамдардың күрделі саяси жағдаяттарда қолайлы бағыт алуымен байланысты болады. Саяси мәдениетті меңгерудің көмегімен саяси өмір жағдайында саяси оқиғаларға баға беру және саяси дағдының үлгілерін таңдау жүзеге асады. Мұндайда түрлі тарихи кезеңдерде, адамдардың, алуан түрлі әлеуметтік топтардың саяси баға беруге деген өзіндік көзқарасы болатыны мүмкін болса керек. Мұндай бағыттың ауқымында адамдардың құрмет тұтатын нәрселері мен өздерінің құқы мен міндеттерін жүзеге асыру құралдарын, соған сәйкес бағалай білуге ұмтылысын сипаттайтындай бағдар ұстану қызметін бөліп қарастыруға болады. Мұнда өзіндік жеке тұлғалардың саяси дағдысы үшін қандайда бір баға беру қалыптасатындай өзіндік ұсыныс-пікірге ие болатындай дәрежеде айқындалады.

Саяси мәдениеттің интегративті қызметі белгілі бір көзқарасты және саяси қарама-қарсылықты реттеуді бағдарға ала отырып, түрлі саяси топтар арасында келісімге қол жеткізу мүмкіншілігін қамтамасыз етіп, жүйенің тұрақтылығына қолдау көрсетіп отырады. Саяси мәдениеттің интегративті саяси қызметі тәжірибелер ортақ болғанда және тарихи тағдырға орай көрініс беріп орнығады. Саяси мәдениет басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Саяси мәдениеттің коммуникативті қызметі саяси процестерге қатысушылар арасында байланыс орнатуға мүмкіндік жасайды, сондай-ақ саяси мәдениет элементтерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра (бере) отырып саяси тәжірибелерді молықтыра түседі. Саяси мәдениеттің нормативті қызметі қабылданған құндылықтар, ережелер, саяси дағды-тәсілдер негізінде саяси іс-әрекеттерді реттеп отырады. Бұлардың басым бөлігі елдердің заңдары мен Конституциясында құқықтық норма болып орнығады.

Саяси мәдениеттің реттеуші қызметі қоғамдық санаға қажетті саяси құндылықтарды, ұстанымдарды, мақсаттарды, дағдының себептері мен нормаларын қалыптастырып орнықтырады. Мұндай процесте саяси ойлау тәсілі, тұрақты дәстүрлер мен көзқарастар, барынша мәнді саяси идеялогияның қоғам арасында таралуы және т.с.с. ерекше маңызды болады.

Саяси мәдениеттің тәрбиелік қызметі саяси мәдениеттің табиғатының өзінде болып, оның гуманистік бағытын бейнелейді. Осы қызмет өте күрделі де ізгі өнер[111]. Адамдардың ойлау процесі мен практикалық қызметінде өткен кезеңдегі саяси тәжірибелер мен қазіргі заманғы білімді меңгере отырып, оларды тиімді пайдалануда білгірлігі мен дағдысы қалыптасады, мұндай қасиет өзге адамдармен қарым-қатынас жасағанда үнемі жетіліп отырады. Сонымен қатар мұндайда адам өзін саясаттың толыққанды субъектісі санап, өзін-өзі тәрбиелей отырып, өзгелерді тәрбиелеуге ықпал етеді. Саяси мәдениеттің тәрбиелік маңызы унификациялық және қайта қалыптасу қызметінде байқалады. Мұның біріншісі жалпылама көрініс беріп, белгілі бір мөлшерде біркелкі саяси деңгейде, қалыпты жағдайда саяси өмірге өзгелермен бірдей қатысқанда байқалса, ал, екіншісі шығармашылық кезінде саяси оқиғалардың әлеуеті-күші өзгергенде және олардың бүтіндей орталығы өзгеріске түскенде аңғарылады. Мұнда оның бірінші қырында саяси қызметке қатысушылардың өзін-өзі жетілдіру қажеттігі туындағанда орын алады. Ал, екінші жағынан қарастырғанда өзінің саяси құқын, амбициясын жүзеге асыру жағдайларын жақсарту үшін болатын қайта бейімделу қызметін бағдар етеді.

Саяси мәдениет қызметтері объективті сипатта болатынын айта кеткен жөн. Олар қоғамдық жүйенің тарихи даму барысында сомдалып, орнығып қалады. Алайда, оның қызметіне өзі және қызметтің барлық жиынтықтары нақты саяси жүйеде өзгеріске түсіп, түрлі тарихи жағдайларға орай қызметтің бір түрі жойылып, екіншісі пайда болады. Мұның бәрі саяси мәдениет қызметін талдауға байланысты теориялық және практикалық мәселелердің күрделі екенін көрсетеді, сондай-ақ қоғам өмірінде саяси мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының маңызы зор екенін білдіреді.

3. Саяси мәдениеттің қалыптасуы мен дамуы

Саяси мәдениет – табиғи-тарихи дамудың жемісі. Мұнда саяси мәдениеттің қалыптасуында әрбір елдің мынандай төмендегідей факторлары: геосаяси жағдай; қоғамның әлеуметтік және саяси құрылымы; қоғамдық қатынастың сипаты; қоғамдық дәстүр; ұлттық мәдениет пен ұлттық психологияның ерекшелігі т.с.с. үлкен роль атқарады. Сонымен, адамдардың саяси мәдениетін қалыптастыратын жағдайлар дегеніміз – олардың саяси процестерге қатысуы, саяси іске нақты араласуы болып табылады.

Қазіргі жағдайда саяси мәдениеттің қалыптасуының барынша маңызды жолдары мынандай: мақсаткерлік, рухани-идеялогиялық, мемлекеттің білім беру-ағарту қызметі, саяси партиялар, шіркеулер, мешіттер, бұқаралық-ақпарат құралдары, қоғамдық саяси ұйымдар мен қозғалыстар; достар арасында, отбасында, еңбек ұжымдарында, т.с.с. күнделікті жағдай деңгейіндегі кездейсоқ әсерлер, азаматтарды қоғамның қоғамдық-саяси өмірінің практикасына қатыстыру. Мұның бәрі саяси мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар оны азаматтар санасына сіңіру процесіне де қатысады, яғни саяси әлеуметтендіруге ат салысады. Саяси әлеуметтендіру өзінің күрделі әрі кереғар күшке ие болуына орай ғылымда түрліше қарастырылып жүр. Мысалы, Батыс әдебиетінде бірқатар авторлар (А.Гелен, К.Луман, М.Хабермас) саяси әлеуметтендіруді адамдардың жаңа құндылықтары ретінде қарастырса, енді бірқатары (Л.Коэн, Р.Липтон, Т.Парсонс) оны оқу процесі немесе адамдардың белгілі бір саяси міндетті атқаруға жаттығуы деп түсінеді, ал, авторлардың үшінші тобы (Э.Эриксон, Э.Фромм) мұны адамдардың ішкі процесі ретінде түсіндіріп, соның нәтижесінде сезімнің, көңіл-күйдің, көзқарастың саясаттандырылуы деп тұжырым жасайды. Еуразиялық әдебиетте (К.Гаджиев, А.Соловьев, Л.Щевчук) мұндай анықтаманы барынша кешенді сипаттама ретінде қарастырады. Бүтіндей алғанда саяси әлеуметтендіру дегеніміз идеяны, көзқарасты және дағды үлгілерін меңгере отырып, соның негізінде аса қажет жекелей саяси сапаның, сондай-ақ саяси қызмет дағдысының қалыптасуы болып табылады. Саяси әлеуметтендіру дегеніміз – саяси өмірге ену процесі. Оның қызметі, тәсілдері, мақсаты мен ауқымы белгілі бір саяси жүйенің сапасымен және оның қоғамдық саяси негізімен айқындалады[112]. Саяси әлеуметтендіру процесінде адамдар қоғамдармен араласып, ал, әлеуметтік механизм олардың байланысын қамтамасыз ететін қоғамның саяси мәдениеті болып табылады. Саяси әлеуметтендіру – іріктелген процесс. Оның жүзеге асу барысында саяси процеске қатысушылардың мүддесіне, психологиясына және өмірлік тәжірибесіне барынша жоғары дәрежеге сай келетін саясаттағы нормалар, құндылықтар, бағдарлар мен үлгілердің игерілуі болады. Саяси әлеуметтендіру процесі адамдардың бүкіл өмірінде жүзеге асып жататын процесс болып табылады. Әлеуметтік тәжірибені жинақтау барысында жекелеген тұлғалардың өмірлік позициясы тұрақты түрде өзгеріске түседі немесе нақтыланады.

Сонымен, саяси әлеуметтендіру дегеніміз – жекелеген адамдардың қоғам жинақтаған мәдени құндылықтарды, мәртебелі іс-қимылдарды жекелеген адамдардың меңгеруінің үздіксіз процесі, адамдардың қажетті әлеуметтік-саяси сапасының қалыптасуы тиісті саяси жүйеге бейімделуіне мүмкіндік жасап, әлеуметтік пайдалы саяси шешім қабылдауға бағыттайды.

Осыған орай саяси әлеуметтендіру бүтіндей алғанда саяси мәдениеттің аса маңызды құрамдас бөлігі болып белсенді саяси қатысуға қажетті алғышарт болады. Саяси мәдениет дегеніміз – іс-әрекет механизмі, ол адамдардың әрекет етуінде, іске қатысуында және ақыл-ойында көрініс береді. Саяси мәдениеттің қызметтік-практикалық мәні оны тарихи тәжірибені дарыту және меңгерудің аса маңызды құралына айналдырады. Тарихи тәжірибені беру құралы оны өзекті саяси процесс факторына айналдырып, саяси дәстүрге қызмет еткізеді. Саяси тәжірибенің және білім беру мен оның сабақтастығының барынша тиімді құралы тіл және саяси сана болады.

Тарихи тәжірибе көбінесе саяси мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының сапасын айқындап, елдің саяси тәжірибесін қамтиды. Әсіресе, терең зардап шектіретін: соғыстар, революциялар, ұлттық дағдарыстар және т.с.с. тарихи оқиғалардың ықпалы өте зор. Американдық саяси мәдениет пен континентальды-еуропалық типтегі саяси мәдениеттерге салыстырмалы талдау жүргізу барысында олардың ескерілуі тиіс ерекшеліктері бар екені аңғарылды. Мәселен, АҚШ-та саяси мәдениет Еуропаға қарағанда барынша қолайлы 1770 ж. тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан саяси мәдениет екенін ескеру қажет. Ескі Дүниеге – Еуропаға қарағанда АҚШ-та феодалдық сарқыншақтар әлдеқайда аз, сондықтан АҚШ-тың саяси мәдениеті бастапқы кезінен-ақ феодалдық жолдан өткен іздерінің табы әлдеқайда аз болды. Америка буржуазиясында Еуропа буржуазиясына қарағанда қуатты қарсылас болатын феодалдық аристократтар болған жоқ. Американың буржуазиясы Еуропадағы буржуазия секілді, жұмысшы қозғалыстары тарапынан қысым көрмеді.

Континетальды-еуропалық саяси мәдениеттер біршама өзгеше болып көрінеді. Еуропа елдерінің тарихи дамуы, оның өзіндік ерекшелігі саяси мәдениетке бейімділігі жағынан өзінің эклектикалығымен айқындалады. Мұндағы айырмашылықтар бірте-бірте бәсеңдеп, олар уақыт өткен сайын біліне бастайды.

Қазақстанның саяси мәдениеті де оның тарихымен, дамуымен айқындалады. Нақты айтқанда, Қазақстанда монархияның ұзақ уақыт сақталуы, буржуазиялық-демократиялық даму тәжірибесі болмағандықтан, монархиядан тоталитаризмге оның көсемшілдігімен бірге өтіп, Қазақстан саяси мәдениетінің мұндай көптеген белгілері, харизматикалық жетекшілерге деген сенім, билікке деген үрей, әлеуметтік-саяси енжарлық, қоғамды идеялогияландырудың жоғары дәрежесі, «дұшпан» іздеушілік, теңгерушілік бағдар т.с.с. арқылы айқындалады. Сонымен қатар Қазақстанның ұлы тарихы ұлттық саяси мәдениетте жалпы ұлттық мүддеде билікті пайдалануға бағдар ұстану, патриотизм, саясаттағы адамгершілік, ортақ мүдде үшін құрбан болуға дайын болушылық, т.с.с. элементтерін айқындады. Өз халқының өткеніне барынша объективті қарау қажет. Мұнда жалған патриотизмге де, сондай-ақ нигилизмге де жол берілмеуі тиіс. Мұның үстіне өркениетті адамдар үшін өткенді көз жұма жоққа шығару кешірілмейтін жайт. Аға ұрпақ үшін мұның өзі жеке өздерінің абырой-беделден айырып, өткен жылдарындағы мақтаныш сезімін аяқасты етіп, бүкілхалықтық іске қосқан үлесін бағаламау болып қабылданады. Ал жас ұрпақ үшін өткенді менсінбеу деген, кімде-кім өткенге мылтықпен оқ атса, оны болашақ зеңбірекпен атады дегенге саяды. Өткен жолдарда, қалай болғанда да қазіргі күнге қажет және болашаққа қажет құндылықтар болады. Жоқтан ештеңе де пайда болмайды. Тарих дегеніміз – оқиғалар мен құбылыстардың үзілмес тізбегі, бұл тізбектен әлеуметтік процесс құралады.

Өткеннің тәжірибесін бүгінгі күні де ескеріп, одан болашаққа қажет қорытынды шығару керек. Тарихи зерде өткендегі қателікті болдырмауға, ондағы жағымды жайттарды пайдалануға көмектеседі.

Саяси мәдениеттің қалыптасуында экономикалық факторлардың маңызы ерекше. Тарихи тәжірибе көрсеткеніндей, қоғамның саяси мәдениеті деңгейіне қоғамдағы экономикалық тұрақтылық, заңдар жүйесінің қажетінше жетілдірілуі, қоғамда экономикалық процестерді реттеушілік, экономикалық еркіндік, орта таптың күшті позициясы және т.с.с. жайттер тікелей ықпал етеді. Алайда, саяси мәдениетті қалыптастыруда экономикалық факторлардың ықпалы кез-келген экономикалық қатынастағы өзгерістер саяси мәдениетті шұғыл өзгеріске ұрындыруы мүмкін деп қарабайыр, келте түсінуге болмайды. Нақты қоғамдық тарихи процесте экономикалық және саяси-мәдени факторлар өзара біріне-бірі әсер ететінін мықтап ескерген жөн. Ал, мұндай өзара ықпал ету ақыр соңында саяси мәдениеттің сапасына әсер етеді. Саяси мәдениеттің, саяси әлеуметтендірудің қалыптасуында бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы орасан зор[113]. Олар аз уақытта-ақ барынша көп адамға әсер етеді. Саяси мәдениеттің қалыптасу процесі іс жүзінде адамдардың бүкіл өмірі бойында жүреді. Саяси мәдениеттің жекелеген адамдарға әсер ету деңгейін белгілі бір уақыт кезеңінде шамалап білетіндей өлшемдер болады. Бүтіндей алғанда, меніңше, жекелеген адамдардың саяси мәдениетін қалыптастыру деңгейін айқындайтындай үш көрсеткіш болады.

Саяси мәдениеттің көрсеткішінің бірінші деңгейі саяси таным болып табылады. Оның мынандай элементтері болады: саяси оқиғаларға ден қою дәрежесі; ақпаратты меңгеру және өзіндік пікір-байламы болу, саясат саласын терең білу.

Келесі, саяси мәдениеттің екінші дәрежесі, саяси мәдениеттің барынша жоғары деңгейі – бұл саясатқа және саяси жүйеге деген қатысы. Мұнда мынандай кезеңдердің маңызы зор: билік қызметіне баға беру; достармен, туыстармен, таныстармен т.с.с. саяси мәселелерді талқылау жиілігі; елдің саяси жүйесіне, түрлі саладағы табыстарына, халықаралық аренадағы елдің орнына деген ұлттық мақтаныш сезімінің деңгейі.

Үшінші көрсеткіш, саяси мәдениеттің ең жоғары деңгейі қоғамның саяси өміріне қатысу дәрежесімен өлшенеді. Саяси мәдениеттің мұндай деңгейі: біріншіден, жеке адамдардың саяси белсенділік дәрежесі; екіншіден, саяси өмірге қатысу түрлері; үшіншіден, мемлекеттік саясатқа қатысуы немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қатысуы; төртіншіден, адамдардың саяси шешім шығарылуына ықпал етуге бейім екендігіне және мұндай ықпал етудің әдістерін таңдай білуіне деген сенім дәрежесі. Саяси мәдениеттің жоғары деңгейі, әдетте, кімде-кім саясатқа тікелей қатысса және оның қатысуы барынша белсенді болса, оның саяси мәдениетінің деңгейі соншама жоғары болмақ.

Сонымен саяси мәдениеттің қалыптасушылық деңгейі дегеніміз – халықтың саяси ақыл-ойының жағдайы, олардың саяси оқиғалар мен процестерді түсінуі мен қабылдауы, оған қатысының сипаты, сондай-ақ, елдің саяси өмірінде адамның өзінің орнын анықтауы болып табылады. Саяси мәдениеттің бұл кезеңдерінің жағымды сипаттамасында ол қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына, оның прогрессивті дамуына бейімдейді. Халықтың бүтіндей алғанда саяси мәдениеті төмен болған жағдайда оның субмәдениеттінің деңгейінен үлкен айырмасы болып, қоғам іріген жағдайға ұрынып, сергек саяси ақыл-ойға қарағанда көңіл ауаны (эмоция) басым бола бастайды да, мұның соңында халық демагогтар мен саяси пысықайлардың қолындағы ойыншыққа айналады. Мұнан қоғамның маңызды міндеті халықтың үйлесімді саяси мәдениетін көтеру болып табылатынын ұғынуға болады. Бұл міндет бүгінгі таңда біздің еліміз үшін өзекті мәселе болып отыр.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: