Силлабус 6 страница

Жеке адам үшін өзі жататын бастауыш топ өте маңызды референттік топтардың бірі болып табылады. Бұл терминмен құндылықтар мен нормалар жүйесі жеке адам үшін өзіндік эталон болатын (шынайы немесе қиялдағы) топты белгілейді. Адам әрқашан - ерікті немесе еріксіз түрде - өзінің ой-ниеттері мен іс-әрекеттерін өзі пікірлерін қадір тұтатын адамының қалай бағалайтынымен салыстырады. Жеке адам осы сәтте жататын тап та, бұрын мүшесі болған топ та және мүшесі болғысы келетін топ та референттік бола алады. Референттік топты құрайтын адамдардың дербестелген бейнелері “ішкі аудиторияны” құрайды, адам өзінің ойға алғандары мен іс-әрекеттерінде соны бағытқа алады.

Шағын топтар теориясының айтарлықтай маңызды бөлімі ондағы динамикалық процестерді зерделеу болып табылады. Бұл зерттеулер микросоциология мен психологияда шағын топтардың өмір сүру және даму заңдарын сипаттауды негізге алатын өзара әрекеттес және бірін-бірі толықтыратын тұжырымдамалардан тұратын ерекше бағыт болып бөлінген. “Топтық динамика” терминінің өзін ғылыми айналымға 1930 жылдары Курт Левин енгізген. Негізгі теориялық қағидалардың бірі топтық қызметтің жүйелілік сипатын атап өтуден тұрады: тұтас алынған топ оған кіретін жеке адамдардың жай қосындысы емес, одан артық. Сонымен қатар, шағын топтарда жүретін құбылыстар мен процестерді сипаттайтын заңдар одан да ірі әлеуметтік бірліктердің динамикасын сипаттауға қолданылуы мүмкін.

Топтық динамика теориясының дамуына американдық (тегі - румын) әлеуметтік психолог Джейкоб Морено маңызды үлес қосқан. Ол шағын топты зерттеудегі екі маңызды бағыттың: социодраманың (немесе психодраманың) және социометрияның негізін қалаушы ретінде танымал. Социометрия - эмоционалдық және тұлғааралық өзара әрекеттестіктердің біртұтас “топтық өрісін” құрайтын топ мүшелерінің арасындағы байланыстарды айқындау және сандық өлшеу әдістерінің жүйесі.

Кез келген шағын топта оның туғаннан өлгеніне дейін жүретін динамикалық процестерді қысқаша тізбектеп шығуға тырысар болсақ, онда мынадай негізгі құбылыстарды түйіндеуге болады:

топтық интеграция - топ мүшелерінің бір-біріне лайықтанып, бейімделуі негізінде топтардың біртұтас нәрсеге айналуы;

құрылымдалу - көшбасшылар мен басқа да мәртебелік позицияларды бөліп және тиісінше сол мәртебелерге сәйкес рөлдер суретін жасай отырып ішкі құрылымның жасақталуы.

Берілген топқа тән нормалар мен құндылықтар жүйесі қатар дамиды; кей кезде бұл бірлескен іс-әрекеттерде, уақытты бірге өткізетін кезде қатар болатын ерекше ритуалдарды жасаумен қатар жүреді. Бұл нормалар мен құндылықтарды сақтау үшін топ мүшелеріне топтық қысым жасалады. Ол оң және теріс әр түрлі топтық санкциялардың көмегімен жүзеге асырылады.

Әлеуметтік топтарды жіктеу топтарды шағын және үлкен, бастауыш және екінші деп бөлуді ғана көрсетпейді. Қоғамдық топтардың әлеуметтік жағдайлары бойынша өзгешелігі бейнеленетін қоғамның әлеуметтік құрылымының сипаттамасы тұрғысынан әлеуметтік-таптық қауымдастықтар (таптар, қабаттар); әлеуметтік-демографиялық қауымдастықтар (еркектер, әйелдер, балалар, ата-аналар және т.б.); этникалық әлеуметтік қауымдастықтар (ұлттар, ұлыстар, тайпалар, ұлттық және этнографиялық топтар); әлеуметтік-аумақтық топтар (қала, ауыл, аймақ); әлеуметтік-кәсіптік қауымдастықтар және т.б. сияқты әлеуметтік топтарды бөліп қарау ерекше маңызды.

Дәріс 5.

ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТТАР

1.Институттану процесі және институттардың дамуы

2.Әлеуметтік институттардың функциясы және ерекшеліктері.

Негізгі ұғымдар: әлеуметтік институттар, институционалдану, дифференция, институция, нормалар, әлеуметтендіру.

Әлеуметтік институттар алғашқы қауымдық қоғамнан қазіргі заманға дейінгі кез келген қоғамда болған. Оларсыз қоғам өзін құрайтын адамдарға қатысты өзінің негізгі функцияларын - біріктіру, қорғау, қамтамасыз ету, тұлғаны әлеуметтендіру, рухани және мәдени даму, т.б. орындай алмас еді.

Адамдардың әлеуметтік өзара байланыстары мен қарым-қатынастары мінез-құлықтың жалпы ережелері мен қоғамдық мүддеге және жеке адамдардың мүддесіне қол жеткізудің қалыптасқан, рұқсат етілген тәсілдерінің негізінде құрылады. Ең алғашқы институттардың бірі жыныстық қатынастарды, қандас туыстар мен тайпаластар арасындағы қолдау көрсету мен өзара көмектесуді реттеген, мәдени сабақтастықты, әлеуметтік тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа беру нормаларын баянды еткен отбасы және неке институты болып табылады.

Социологтар “институт” ұғымын құқықтанушылардан бай әлеуметтік мазмұнмен толықтырып алған. Ол базалық социологиялық категориялардың бірі болып табылады, теориялық тұжырымдамаларды құру мен шынайы қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды талдауда оны айналып өту мүмкін емес.

Ағылшын социологі Г.Спенсер “әлеуметтік институт” терминін алғаш ұсынған адам. Кез келген мекеме (әлеуметтік институт) әлеуметтік әрекеттердің орнықты құрылымы ретінде қалыптасады. Ол институттар қоғам өмірін реттеу мен жайластыру және адамдардың мінез-құлқына ықпал ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен. Ол әлеуметтік институттардың алты түрін сипаттап, талдаған: өнеркәсіптік, кәсіподақтық, саяси, әдет-ғұрыптық, шіркеулік, үй.

Латын тілінен іnstіtutum - орнату, жайластыру деп тәржімаланады. “ Институция” термині орнату, қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрып, тәртіп дегенді білдіреді. “ Институт” ұғымы әдет-ғұрыптар мен тәртіптердің заң немесе мекеме түрінде бекітілуін білдіреді. Әлеуметтік институт әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қоғамдық байланыстар мен қатынастардың кез келген тәртіптелуі, ресмиленуі дегенді білдіреді.

Әлеуметтік құрылғы ретінде институт адам қызметінің әр түрлі салаларын реттейтін ресми және бейресми ережелердің, принциптердің, нормалардың, ұстанымдардың орнықты кешенін білдіреді. Олардың негізінде топтар мен адамдардың қарым-қатынас жасау жүйесіндегі орнын, функцияларын, мінез-құлқын анықтайтын әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер жүйесі ұйымдастырылады.

Әлеуметтік институттың жеке адамнан гөрі жоғары сипаты, өзіндік аса қатаң құрылымы бар, жүйелілік сапасы болады. Құндылықтар, үлгілер және нормалар жүйе ретінде жеке адамдардың қандай да бір әлеуметтік қауымдастық шеңберіндегі міндетті мінез-құлықтарын реттеп отырады.

Әлеуметтік институт деп көбінесе адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан орнықты нысандарын айтады. Институттардың негізігі мақсаты - жеке адамдардың, топтардың және жалпы қоғамның іргелі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Олардың сәтті қызмет атқаруы адамдар қауымдастығының өмірін сақтауға мүмкіндік береді, оларды топтар мен қоғамға біріктіреді, олардың өмірін тұрақты етеді. Дәл осы әлеуметтік институттар ұйымдардағы бірлескен корпоративтік қызметті үйлестіреді, әлеуметтік қатынастар сипатын анықтайды және оларды сақтап отырады.

Әрбір институт:

- белгілі бір қызмет аясын;

- белгіленген құқықтар мен міндеттер негізінде қоғамдық, ұйымдық немесе басқару функцияларын орындауға өкілетті адамдар тобын;

- ресми тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ұйымдық нормалары мен принциптерін;

- қойылған міндеттерді шешуге қажетті материалдық құралдарды (қоғамдық ғимараттар, құрал-жабдықтар және т.б.) қамтиды.

Мысалы, әділет органдары (юстиция) әлеуметтік институт ретінде құқықтық қатынастар мен оларды реттеу саласын білдіреді. Оған жататындар белгілі бір адамдар тобы (прокурорлар, соттар, адвокаттар); қабылданған ресми заңдар мен басқа да заңнамалық актілер, сондай-ақ құқықтық өкілетті тұлғалардың мінез-құлықтарының бейресми стандартталған үлгілері (соттың, прокурордың, адвокаттың және т.б. рөлдері); мекемелер (прокуратуралар, соттар, тұтқындау орындары және т.б.) және әділетті қаржыландыруға арналған ел бюджетінен бөлінетін қаражат.

Қоғамдық байланыстар мен қарым-қатынастарды тәртіпке келтіру, ресмилендіру және стандарттау процесі институционалдандыру деп аталады. Қоғамның белгілі бір байланыстардың әлеуметтік ұйымдастыруға қажеттілігін ұғынуы барысында сол қажеттілікті қанағаттандыра алатын әлеуметтік нормалар, ережелер, мәртебелер мен рөлдер бекиді. Әлеуметтік институттың қызмет атқаруына жәрдемдесетін жалпы мақсаттар, топтар және ұйымдар қалыптасады, институттың барлық мүшелерін қамтитын нормалар мен санкцияларды қолдану ресімдері, мәртебелер мен рөлдер жүйелері құрылады.

Неғұрлым маңызды қажеттіліктерді қамтамасыз ететін әлеуметтік институттардың бес негізгі түрі бар:

- бала туу, өсуі (отбасы және неке институты);

- қауіпсіздік және әлеуметтік тәртіп (саяси институттар, мемлекет);

- тұрмыстық құрал-жабдықтар өндіру (экономикалық институттар, өндіріс);

- білімді беру, өскелең ұрпақты әлеуметтендіру, кадрлар даярлау (білім беру, ғылыми және мәдени институттар);

- рухани мәселелер, тіршілік мағынасын шешетін қажеттіліктер (дін институты).

Дәріс 6.

ТҰЛҒА ӘЛЕУМЕТТАНУЫ

1. З.Фрейд теориясындағы жасөспірімдік тұлғаның даму ерекшеліктері.

2. Э.Эриксон бойынша тұлғаның дамуындағы өмірлік жолдың фазалары.

Негізгі ұғымдар: тұлға, адам, индивид,әлеуметтік процесс, иммитация, әлеуметтік рөл, ұжымдық ойын, аффективтік, инстинкт, ресоциализация, десоциализация және т.б.

Әлеуметтік іс-әрекеттер мен қарым-қатынастардың ұйытқысы жеке тұлға болып табылады. Адам тұлғасын зерделегенде оны мынадай деңгейлерге бөлу қалыптасқан:

табиғи деңгей - адамның өзінде бар және оған басқа адамдардың ықпалынсыз дамитын;

биологиялық деңгей - шығу тегі бойынша ортақ болуы;

мұрагерлік деңгей - ата-аналарының гендік қорының негізінде болып дамитын; ол биологиялық (бірақ биологиялықтың бәрі мұрагерлік емес);

әлеуметтік деңгей - адамның әлеуметтену, басқа адамдармен араласу және іс-әрекеті барысында алған деңгей.

Әлеуметтік көрініс кең мағынасында үш құрамдас бөліктен тұрады:

- өзіндік әлеуметтік - өзінің әлеуметтік рөлдерін қалыпты атқаруға қажет деген белгілер жиынтығы;

- ерекшеленген мәдени - автоматты түрде сақталатын, индивидтің ажырамас белгісіне айналған және басқалардың оны тәрбиелі деп санауына мүмкіндік беретін әдептілік мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы;

- өнегелі - адамдағы этикалық нормаларды ең жоғары талаптар ретінде сақтауға байланысты әлеуметтік және мәдени бастамалардың жарқын көрінісі.

Бұлайша тәптіштеп шектеу “адам”, “индивид” және “тұлға” ұғымдарын нақты бөлу үшін қажет. “ Адам” ұғымы жалпыға ортақ, барлық адамдарға тән сапалар мен қасиеттердің сипаттамалары үшін пайдаланылады. Бұл түсінік дүниеде тек өзіне тән тіршілік ету тәсілімен басқа барлық материалдық жүйелерден өзгеше адам әулеті, адамзат сияқты ерекше тарихи дамушы қауымдастықтың бар екенін көрсетеді. Осынау тіршілік ету тәсілінің арқасында адам тарихи дамуының барлық сатысында, жер шарының барлық нүктелерінде адам баласы болып қалады, онтологиялық мәртебесін сақтайды.

Бірақ адамзат өз бетінше өмір сүрмейді. Өмір сүретін де, әрекет ететін де нақты адамдар. Адамзаттың жеке өкілдерінің өмір сүруі индивид ұғымымен көрсетіледі. Индивид - адамзаттың жеке дара өкілі, оның барлық әлеуметтік және психологиялық белгілерін: ақыл-ой, ерік-жігер, қажеттіліктер, мүдделер және т.б. иесі. “Индивид” ұғымы бұл арада “нақты адам” мағынасында қолданылады.

Адамның жеке басының және тарихи дамуының түрлі деңгейлеріндегі нақты-тарихи даму ерекшеліктерін көрсету үшін “индивид” ұғымымен қатар “ тұлға” ұғымы пайдаланылады. Тұлға - индивид дамуының нәтижесі, оның барлық адамдық қасиеттерінің неғұрлым толық жүзеге асуы.

Тұлға бірқатар гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Философия тұлғаны дүниеде қызмет ету, таным және шығармашылық субъектісі ретінде қарастырады. Психология тұлғаны психикалық процестердің, қасиеттердің және қарым-қатынастардың: темпераменттің, мінездің, қабілеттің, ерік-жігердің және т.б. орнықты тұтастығы ретінде зерттейді. Социологиялық көзқарас тұлғаның әлеуметтік-типтік белгісін бөліп қарайды.

Социология проблемаларының бірі тұлғаның құрылымдық талдау болып табылады. Тұлғаның әлеуметтік құрылымы жеке адамның әр алуан қызметі барысында, өзі кіретін қауымдастықтар мен бірлестіктердің ықпалымен қалыптасатын және қызмет атқаратын объективті және субъективті қасиеттерінің жиынтығын қамтиды. Тұлғаның құрылымында мыналар бөліп қаралады:

1) өмір салты мен еңбек, қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық, отбасылық-тұрмыстық сияқты қызметтерде көрінетін әлеуметтік сапаларды жүзеге асыру тәсілі;

2) тұлғаның объективті әлеуметтік қажеттіліктері. Тұлға - қоғамның органикалық бөлігі, сондықтан оның құрылымы негізінде қоғамдық қажеттіліктер орын алады. Басқаша айтқанда, тұлғаның құрылымы қоғамдық тіршілік иесі ретінде адамның дамуын анықтайтын объективті заңдылықтармен айқындалады. Тұлға бұл қажеттіліктерді ұғынуы да, ұғынбауы да мүмкін, бірақ та ол қажеттіліктер бар және тұлғаның мінез-құлқын анықтап отыратын болады;

3) шығармашылық қызметке қабілеттілік, білім, дағды жатады. Қалыптасқан тұлғаны оның қалыптасуының бастапқы сатысында жеке адамнан айырып көрсететін дәл осы шығармашылық қабілеттері;

4) қоғамның мәдени құндылықтарын игеру дәрежесі, яғни тұлғаның рухани дүниесі;

5) тұлға басшылыққа алатын өнегелілік нормалары мен принциптері. Және де сенімдер - адам мінез-құлқының басты бағытын анықтайтын ең терең принциптер. Сенімдер тұлғаның тұлғалық құрылымның өзегін құрайтын объективті қажеттіліктерін ұғынуымен байланысты.

Социологияның бірінші кезектегі проблемаларының бірі - әлеуметтену процесі болып табылады. “Әлеуметтену” ұғымы жалпылама түрде индивидтің әлеуметтік топ пен жалпы қоғамға тән мәдениет ұғымына кіретін және индивидке қоғамдық қарым-қатынастардың белсенді субъектісі ретінде қызмет атқаруына мүмкіндік беретін белгілі бір білім, норма, құндылық, ұстаным, мінез үлгілері жүйелерін меңгеруі процесін сипаттайды.

Әлеуметтенуден бейімделуді (жаңа шарттарға үйренудің уақыт бойынша шектелген процесі), оқытуды (жаңа білім алу), тәрбиені (әлеуметтендірудің агенттері мен институттарының индивидтің рухани аясы мен мінез-құлқына мақсатты түрде ықпал етуі), есеюді (адамның 10 жастан 20 жасқа дейінгі кезеңде әлеуметтік психологиялық қалыптасуы) және ержетуді (адам организмінің жеткіншектік және жастық шағындағы нығаюының физикалық-физиологиялық процесі) ажырата білу қажет.

Әлеуметтену процесі негізгі өмір тізбектері деп аталатын сатылардан өтеді. Бұл балалық, жастық, ересектік және қарттық шақ. Әлеуметтену процесінің нәтижеге жетуі немесе аяқталуы бойынша балалық пен жастық кезеңдерді қамтитын бастапқы, немесе ерте әлеуметтенуге және басқа екі кезеңді қамтитын жалғасқан әлеуметтенуге бөлуге болады. Өмір тізбектері әлеуметтік рөлдердің алмасуымен, жаңа мәртебеге ие болумен, зиянды әдеттерден, айналасындағылардан, достық байланыстардан бас тартумен, өмір салтын өзгертумен байланысты. Ескі құндылықтарды, нормаларды, рөлдер мен мінез-құлық ережелерін ұмыту әлеуметсіздену деп аталады. Содан кейінгі ескі құндылықтардың орнына жаңа құндылықтарға, нормаларға, рөлдер мен мінез-құлық ережелеріне үйрену қайта әлеуметтену деп аталады.

Әлеуметтенудің мәні адамды өз қоғамының мүшесі етіп қалыптастыратындығында. Кез келген қоғам өзінің әлеуметтік, мәдени, діни, этикалық мұраттарына барынша сай келетін адамның белгілі бір типін қалыптастыруға тырысып келген және тырысады. Алайда бұл мұраттардың мазмұны тарихи дәстүрлерге, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуға, қоғамдық және саяси құрылымға қарай әр түрлі болады. Дей тұрғанмен қазіргі заманда қоғамның толыққанды мүшесінің мұраты көп, жалпы немесе әр түрлі қауымдастықтар үшін азды-көпті үйлесетін сипаттамасы бар екенін айтуға болады. Соған сәйкес әлеуметтену процесі де әр түрлі қоғамдарда белгілі бір ерекшеліктерді сақтай отырып, әмбебап және үйлесімді сипаттамаға ие болады, бұл ғаламдық, жалпы планеталық және жалпы әлемдік тенденциялармен (урбанизация мен ақпарат­тандырудан экологиялық және демографиялық үрдістерге дейін) байланысты.

Әлеуметтену процесінің мазмұны кез келген қоғам өзінің мүшелері еркектің немесе әйелдің рөлін сәтті меңгергеніне (яғни жыныстық-рөлдік әлеуметтенуге), өндіріс қызметіне білікті қатыса алуына және қатысқысы келуіне (кәсіби әлеуметтену), берік отбасын құруына (отбасылық рөлдерді игергеніне), заңды сыйлайтын азаматтар болуына (саяси әлеуметтену) және т.с.с. мүдделі екендігінде. Мұның бәрі адамды әлеуметтену объектісі ретінде сипаттайды. Алайда адам әлеуметтену объектісі болып қана қоймай, субъектісі болған кезде де қоғамның толыққанды мүшесі бола алады. Субъект ретінде адам әлеуметтену процесінде өз белсенділігін жүзеге асырумен, өзін-өзі дамытумен және қоғамда өзін-өзі көрсетуімен етене бірлікте әлеуметтік нормалар мен мәдени құндылықтарды меңгереді.

Егер де әлеуметтену процесінде адамның тұлғасы дамитын болса, онда ол адам үшін сәтті әлеуметтену болады. Әлеуметтену кемшілігінің көрініс табуы девианттік мінез-құлық болып табылады. “Девианттік мінез-құлық” категориясы мазмұнының үш қырын бөліп қарауға болады - біріншіден, девиация деп нормадан кез келген ауытқуды, тіпті прогрессивтік ауытқуды айтуға болады. Екіншіден, дәстүр бойынша девианттік деп әлеуметтік “жамандықтың” жағымсыз көрінісі ретіндегі девиацияны айтады. Үшіншіден, неғұрлым тар ұғымында девианттік мінез-құлық деп қылмыстық жазалауға соқтырмайтын, басқаша айтқанда құқыққа қайшы болмайтын ауытқуларды айтады.

Девианттік мінез-құлықтың өзіне тән белгісі мәдени релятивизм болып табылады: мәселен бір іс-әрекет бір қоғамда дұрыс саналуы, ал басқа қоғамда - әлеуметтік патология ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұған әр түрлі халықтардың отбасы құқығы мен отбасылық дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Егер де Голландия, Швеция, Норвегия сияқты елдерде гомосексуалдық некелерге рұқсат етіп, мұндай жұптардың бала асырап алу құқығын мемлекет қамтамасыз ететін болса, көптеген елдерде сияқты біздің Қазақстан қоғамында да мұндай жағдай қоғамдық мораль тұрғысынан да, заңнама тұрғысынан да мүмкін емес. Тіпті біртұтас заңнама қолданылатын, бірақ тұрмыста әр түрлі салт-дәстүрлерді ұстанатын халықтар тұратын, әсіресе бұл салт-дәстүрлер діни нормалармен сақталатын бір мемлекеттің өзінде қиындықтар пайда болады. Мысалы Қазақстандағы азаматтық құқық бойынша бір некелілік талаптары мен ислам мойындайтын көп әйел алу дәстүрі арасындағы қақтығыс осындай. Мәдени релятивизм екі түрлі қоғамның ғана емес, сондай-ақ бір қоғамның ішіндегі екі немесе бірнеше үлкен әлеуметтік топтардың салыстырмалы сипаттамасы бола алады. Мұндай топтардың мысалы - саяси партиялар, үкімет, әлеуметтік тап немесе топ, діндарлар, жастар мен жеткіншектер, әйелдер, аз ұлттар.

Девианттік мінез-құлықтың социологиялық түсіндірілуі объективті әлеуметтік бағыттылықты және тұлғаның, әлеуметтік топтардың, қауымдастықтар мен тұтас қоғамның қызмет атқаруы және дамуы тұрғысынан алғандағы мінез-құлқының қоғамдық нәтижелері сияқты көрсеткіштерді, мінез-құлықтың әлеуметтік құндылықтар мен нормаларға сәйкестігін, қоғамдық пікірге берілген бағалар мен әлеуметтік санкцияларды қамтиды.

Қоғам түрлі тәсілдер мен құралдарды пайдалана отырып, әрқашан ауытқытушы мінез-құлықтардың жағымсыз нысандарын басып тастап отыруға тырысады. Әрбір әлеуметтік топта өз мүшелерінің мінез-құлықтарын тиісінше жасалған үлгілер шеңберінде сақтайтын әлеуметтік бақылау жүйелері болады. Жалпыға ортақ қабылданған үлгілер шеңберіне сыймайтын мінез-құлықтарды тиісінше қоғам санкциялаған болады. Санкция - әлеуметтік бақылау элементтерінің бірі. Әлеуметтік бақылау мойындауды білдіру, марапаттар мен ерекшелік жүйелері ретінде анықталады, солардың арқасында тұлғаның мінез-құлқы қабылданған мінез-құлық үлгілеріне сәйкестендіріледі. Демек әлеуметтік бақылау өзін-өзін реттейтін жүйе ретінде қоғамның тұрақтылығы мен үйлесімді қызмет атқаруын ескере отырып, қоғам қабылдаған мінез-құлық нормалары мен құндылықтар жүйесіне сәйкес келетін жеке адамның мінез-құлқын қамтамасыз етуді мақсат тұтатын түрлі әрекеттер мен санкциялар, ынталандырулар мен марапаттар арқылы жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, әлеуметтік бақылау топтағы конформизмді қалыптастырады. Адамның кез келген мінез-құлқы мен әрекеттері бақылауға жата бермейді. Әрбір адамның қоғамның түріне, топтағы қоян-қолтық қызметке, оның институттарының сипатына, жеке адамның топтағы ұстанатын позициясына қарай кең немесе тар болатын белгілі бір жеке аясы болады. Осынау іс-әрекет тұтас топты қаншалықты маңызды қозғайтын болса, оған қарсы қуғын-сүргін де соншалықты салмақты болады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: