Авторлар 3 страница

Әлеуметтік теориялармен тығыз байланыста дамитын эмпирикалық әлеуметтік зерттеулер де әлеуметтік дамудың заңдылықтарын ғылыми танып-білуге белсене атсалысады. Олар қоғам өмірінің жекелеген салаларының жаңа фактілері мен өзгеру тенденцияларын айқындау жолымен әлеуметтік шынайылық туралы жаңа эмпирикалық мәліметтердің өсуін қамтамасыз етеді, ол тұтас әлеуметтік дамуды түсінуге және түсіндіруге қажетті алғышарт болады. Бұл рөлді қоғамдық өмірдің нақты құбылыстары мен процестері туралы орасан ақпараттарды тұжырымдайтын зерттеулер атқарады. Жаңа ілімдердің өсуі де ірі ауқымдағы өзгерістер мен заңдылықтарды зерделеумен байланысты емес тар өрісті эмпирикалық зерттеулер барысындағы объективті әлеуметтік ақпарат есебінен жүзеге асады. Әдетте бұл ақпарат объективті және субъективті көрсеткіштермен баяндалады. Алғашқысы статистика мәліметтерін толықтырады және нақтылайды, ал екіншісі әр түрлі әлеуметтік топтардың емеуріндері, қызметінің себептері, мақсаттары туралы ақпаратты білдіреді. Мұндай зерттеулердің танымдық маңызы қоғамдық өмірдегі адам факторының рөлін ашып көрсететіндігінде, бұқаралық әлеуметтік процестердің субъективті жақтарына назар аударуында. Бұл осы салада дамудың объективті тенденцияларының бірдей болмайтындығының және олардың әр түрлі әлеуметтік топтардың санасындағы субъективті бейнеленуінің нәтижесін білдіретін әлеуметтік проблеманың бар екендігін белгілеуге мүмкіндік береді.

Сөйтіп, әлеуметтік процесс субъект туралы іргелі білімдерге сүйене отырып әлеуметтік құбылыстың нақты ахуалының табиғаты, оның түрленуі және сол құбылыстың дамуының шынайы нәтижелері туралы білім жинақталады. Яғни, бұл жағдайда танымдық функция дескриптивтік (сипаттаушылық) және диагностикалық рөлдерін қоса атқарады.

Тәжірибелік функция социологияның әр түрлі әлеуметтік процестерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсынымдар мен ұсыныстар жасауға атсалысуымен айқындалады.

Социологияның тәжірибелік функциясы танымдық функциясымен тығыз байланысты. Социологиялық зерттеулер қоғамның түрлі салаларының даму заңдылықтарын ашып көрсете отырып, әлеуметтік процестерге пәрменді әлеуметтік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті нақты ақпарат береді. Социологияның тәжірибелік функциялары ең алдымен қоғамның болашақ дамуына қатысты ғылыми негізделген божамдар ұсынатындығынан көрініс табады. Социология шынайылықтың сапасы мен мәнісін, сондай-ақ осы шынайылықтың қызмет атқаруы және даму заңдарын білу негізінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болжам жасай алады. Әлеуметтік құбылыстар туралы сөз болғанда болжам жасаудың маңызы зор, өйткені ол белгілі бір өзгерістердің қажеттігін ғана емес, сол өзгерістерді жүзеге асырудың мүмкіндіктерін де көрсетіп береді. Социология бұл жағдайда бір жағынан зерделенетін қоғам дамуының жалпы негіздерін, оның жалпы келешегін білуге, екінші жағынан жеке әлеуметтік субъектінің нақты мүмкіндіктерін білуге сүйенеді.

Социологияның болжамдық функциясы қоғамның әрбір әлеуметтік бөлімшесінің ғылыми негізделген даму келешегін саналы түрде жасау және жүзеге асыру шарттарын жасауға деген сұранысының көрінісі болып табылады. Әлеуметтік болжам адамдардың санасы мен олардың қызметіне болжамның кері әсерін ескеруге тиіс, ол оның “өз-өзінен жүзеге асуына” (немесе “өз-өзінен күйреуіне”) әкеп соғуы мүмкін. Болжаудың бұл ерекшелігі ғылыми болжамды басқарушы ықпалдарды, сондай-ақ олардың сапалық өзгерістерін ескере отырып процестердің ықтимал нысандары мен көріністерін, жүзеге асырылу қарқынын сипаттайтын дамудың нұсқалары, баламалары түрінде жасауды талап етеді. Болжам жасау әлеуметтік жобалау мен құрастыруды жүзеге асыруға арналған база болып табылады.

Әлеуметтік жобалау - болашақ объектінің өлшем жүйесін немесе бар объектінің сапалық жаңа күйін ғылыми негіздеп құрастыру. Әлеуметтік жобалау жаңа әлеуметтік проблемаларды шешудің әр түрлі нұсқалары жасалынған кезде мақсатты көздей, қызмет етудің құрамдас бөліктерінің бірі ретінде пайдаланылады және басқарудың маңызды элементі ретіндегі нысаны болады. Социологияның басшылық функциясы - нақты қоғамдық проблемаларды шешу жөнінде ұсынымдар жасау.

Сонымен, социологияның қолданбалы функциясы оның әлеуметтік өмірдің: тұтас қоғам мен шағын фирмалар және отбасына дейінгі тәжірибелік проблемалары мен міндеттерін шешуге атсалысуын білдіреді. Бұған қолданбалы оқу пәндері арнайы бағытталған, бірақ бұл процеске социологиялық білімнің басқа да деңгейлері мен қабаттары жұмылдырылған. Мұндай ат салысудың бірнеше нысандары бар: қолданбалы зерттеу; социологиялық сараптама; социологиялық кеңес беру; стратегиялық социологиялық талдау. Сонымен қатар социологиялық оқулықтар, кітаптар, мақалалар, баяндамалар, дәрістер оған қызығушылық танытатын кез келген азамат үшін қажет. Ол халықтың социологиялық сауаттылығына, оның азаматтық мәдениетін көтеруге мүмкіндік туғызады.

Социологияның қоғамдық дамуға ықпалы кең және сан қырлы. Қазіргі жағдайда социология ғылымының рөлі мен маңызы артып келеді. Маңызды және шұғыл әлеуметтік-саяси өзгерістер бүгінгі таңда көптеген елдерде, соның ішінде біздің елімізде жүріп жатыр. Қоғамды реформалау жағдайында тұтас организм ретіндегі қоғамның дамуы мен қызмет атқаруының тенденциялары мен заңдылықтарын мұқият зерделеу және пайдалану ерекше өзекті, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан маңызды, бұл ең алдымен социологиямен байланысты. Біздің қоғамның және өзге қоғамдардың дамуының қазіргі кезеңі қоғамдық өмірдің әлеуметтік факторлары мен әлеуметтік саласының рөлі мен маңызы арта түскенінің бұлтартпас дәлелі. Әлеуметтік факторлар мен реформалардың әлеуметтік салдарларының рөлі мен маңызын елемеудің немесе байыпты түрде жете бағаламаудың жалпы қоғамдағы және оның жекелеген салаларындағы реформалардың сәтті жүруіне шынайы қатер төнгізетінін өмір айқын дәлелдеп отыр. Қоғамдық өмірдің өзі, оның түрленуі социологияның алдына жаңа әлеуметтік проблемалар мен міндеттер қояды, ескі проблемаларды жаңаша түрде ұсынады және сол арқылы осы ғылымның дамуын шындап ынталандырады. Социологардың зерттеулері мен социология ғылымының жетістіктері айқын және ол қоғамның дамуына игі ықпал жасай алады.

Пайдаланылған әдебитеттер тізімі

1. Социология. Основы общей теории. Учебное пособие / Под ред. Г.В.Осипов, Л.Н.Москвичева. - М.: «Аспект-Пресс», 1998. – С.

2. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара, Изд-во «Самарский университет», 1995. – С. 6.

3. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара, Изд-во «Самарский университет», 1995. – С. 6.

4. Цит. по: Маркович Д. Общая социология. Учебник для вузов. – Ростов-на-Дону: Изд-во Ростовского университета, 1993. – С. 36

5. Социология. Учебное пособие. – М.: Изд-во «Знание», 1995. – С. 7.

6. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара, Изд-во «Самарский университет», 1995. С. 19-20.

7. Фролов С.С. Социология. Учебник для высших учебных заведений. – М.: Издательская корпорация «Логос», 1998. - С.23.

8. Волков Ю.Г., Нечипуренко В.Н., Попов А.В., Самыгин С.И. Социология. Курс лекций. Учебное пособие. – Ростов-на-Дону, 1999. – С.12.

9. Кравченко А.И. Социология. Учебное пособие для студентов высших заведений. – Екатеринбург: Деловая книга, 1998. – С.22.

10. Тощенко Ж.Т. Социология жизни как концепция исследования социальной реальности // Социологические исследования. – 2000. – №2. – С. 12.

11. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара, Изд-во «Самарский университет», 1995.- С.14.

12. Социология. Основы общей теории. Учебное пособие / Под ред. Г.В.Осипов, Л.Н.Москвичева. - М.: «Аспект-Пресс», 1998. – С. 85-95.

13. Маркович Д. Общая социология. Учебник для вузов. - Ростов-на-Дону: Издательство Ростовского университета, 1993. – С. 46-47.

14. Фролов С.С. Социология. Учебник для высших учебных заведений. – М.: Издательская корпорация «Логос», 1998. - С. 41

15. Социология. Учебное пособие. – М.: «Знание», 1995. – С.272.


2-тарау. СОЦИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ НЕГІЗГІ КАТЕГОРИЯЛАРЫ МЕН ҰҒЫМДАРЫ

Социологияның категориялары мен ұғымдарын жіктеу

Категориялар жүйесі - ғылыми зерттеудің зерделенетін эмпирикалық объектілерді сипаттау және түсіндіру үшін пайдаланылатын маңызды құрал. Категориялық аппарат пен әлеуметтік жүйелерді талдау принциптері едәуір дәрежеде ғылым зерделенетін объектінің ішіне кіре ала ма, жоқ па, оларды талап етілгендей деңгейде толық көрсете ала ма, жоқ па, соны анықтайды.

Социология категорияларының қатарында жалпы ғылыми, жалпы ұлттық және ерекшелік категориялар бар. Жалпы ғылыми категориялар (құрылым, функциялар, процесс, механизм, элемент, байланыс, орнықтылық, құбылмалылық, заңдылықтар, даму және т.с.с.) жалпы әдістеме тілінен алынған. Басқа гуманитарлық ғылымдарда пайдаланылатын жалпы әлеуметтік категорияларды социология осылардан алған. Ол, мысалы, философияның (қоғамдық сана, қоғамдық қатынастар, қоғам), әлеуметтік психологияның (ұжым, тұлға, мінез-құлық, уәждеу, сәйкестендіру, бейімделу, конформизм, өзара әрекет) және бірқатар басқа да ғылымдардың категорияларын пайдаланады. Социологияның ерекшелік категориялары - оның ішінде пайда болған және қоғамды зерделеудің тек өзіне тән көзқарастары мен тәсілдерін көрсететін категориялар.

Социологияның категориялары мазмұны жағынан былай бөлінеді [1]:

- жалпыға ортақ категориялар (ғалам, геоносфера, қоғам, әлем), бұларды әлеуметтік ғылымдардың бірде-бірі, соның ішінде социология да айналып өте алмайды. Бұл категориялар әлеуметтік болмысты дүние туралы әмбебап және іргелі түсініктер деңгейінде ұғынуда пайдаланылады.

- сапа категориялары (өркениет, формация, мәдениет, тұрақты даму), олар дүниені игерудің дәрежесі мен деңгейін, олардың қызмет атқаруының және қоғамдық, топтық және жеке өмірді оңтайлы ұйымдастырудың тиімділігін көрсетеді. Оларды пайдаланбай “өткен шақ, келер шақ” шеңберінде салыстыру, қандай да бір әлеуметтік топтардың, институттардың, ұйымдардың оңтайлылығының дәрежесін және қалай сипаттайтынын түсіну;

- объективтілік категориялары (әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік даму, әлеуметтік процестер, әлеуметтік құбылыстар мен институттар), бұлар адам өмір сүретін және тіршілік ететін тарихи кезеңнің маңызы мен мазмұнын нақтылайды. Оларда бүкіл әлемге тән, бірақ нақты тарихи бет-бейнесіндегі негізгі өзгешеліктері мен ерекшеліктері көрініс табады. Бұл категориялардың көмегімен қоғамдық өмірдің қандай да бір нысандарының ықпал етуі, саяси билік нысандары, қоныстанудың тарихи қалыптасқан түрлері және т.б. сияқты процестерді сипаттауға, талдауға болады;

- субъективтілік категориялары (сана, жеке тұлға, таптар, страттар), бұлар қоғам өміріндегі белсенді, шығармашылық, мүдделі бастаманы сипаттайды. Олар өздерінің мәселе қоюды пайдаланған кезде жедел шешуді талап ететін ең жалпы бағдарларды қамтиды, өйткені ең жалпы түрде пайдалану тек қана бағдарлық нәтиже береді;

- өзгерістер категориялары (басқару, реттеу, әлеуметтендіру, жаңарту, қақтығыс), бұлар түрлендірулердің механизмін, бағыттылығын, жүзеге асыру тәсілдері мен әдістерін сипаттайды. Бұл категориялар қоршаған әлемді құлпыртуға жасампаздықпен атсалысуды көрсетеді, ол болжам, көрегендік, бағдарлама жасау, әлеуметтік эксперимент, әлеуметтік ұйымдастырулар сияқты әмбебап әдістерді қолдануда көрініс табады.

Бұл категориялардың социология үшін маңызы орасан. Біріншіден, олар социологиялық білімнің ерекшеліктеріне орай социумде болып жататын әмбебап процестер мен өзгерістерді социология тұрғысынан тұжырымдалған түрде баяндауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл санаттар әр алуан ақпарат ағындары үшін біріктіруші рөл атқарады, оны орталықтандырады, оларды әлеуметтік өмірдің негізгі, принципті мәселелері төңірегінде біріктіреді. Үшіншіден, категориялар коммуникациялар рөлін атқарады, онсыз бірлескен және шығармашылық, ғылыми білімнің одан әрі дамуы мүмкін емес. Төртіншіден, бұл категориялар социологияны біртұтас өріс құра отырып, басқа әлеуметтік ғылымдармен жақындастырады, онсыз әлеуметтік ойдың дамуындағы эволюция мен прогресті елестету мүмкін емес.

Сөйтіп, социологияның категориялары - қоғамдық өмір, әлеуметтік шынайылық туралы негізгі түсініктерді ұғыну мен жалпыландыру деңгейін сипаттайтын барынша әмбебап, іргелі ұғымдар, бұлардың болбарлық маңызы бар және тәжірибелік білімді жүйелеуге және ұйымдастыруға көмектеседі.

Әрбір категория сонымен бірге түсінік те болып табылады, бірақ түсінікті байланыстың жалпылама, әмбебап, іргелі нысандары, пікірдегі субъект пен объект арасындағы байланыс түрлері болып табылатын категориялардан туатындығына байланысты әрбір ұғым категория бола алмайды.

Түсінік - дүниені әлемнің оңтайлы, логикалық сатыларында бейнелеу нысандарының бірі. Түсінік объектілерді жалпы және ерекшелік белгілерін көрсете отырып, кейбір пәндік саладан бөліп алып саралайды.

Түсініктер көлемінің арақатынасы негізінде әмбебап және әмбебап емес болып бөлінеді. Әмбебап түсініктер (мысалы, адам, қоғам, мәдениет) категорияларымен сәйкес келеді, бұл олардың арасында белгілі бір логикалық байланыс орнатады.

Түсініктер элементтерінің құрылымы бойынша көлемінің элементтері жеке алған объекті (мысалы, 1950 жылы туған адам) болып табылатын жинақталмайтын түсініктер және көлемінің элементтері біртұтас деп ойлайтын объектілер жиынтығы (мысалы, мұраттастар тобы, саяси партия) болып табылатын жинақталатын түсініктер деп бөлінеді.

Тұжырымдалатын объектілердің табиғаты бойынша түсініктер нақты және абстрактілі болып бөлінеді. Нақты түсініктерде қандай да бір қасиет, белгі, сипаттама (мысалы, уәж) немесе жиын (мысалы, мүдделер) тұжырымдалады.

Мазмұны тұрғысынан түсініктер салыстырмалы емес (объект өз-өзінен сипатталады, мысалы, ұстаным) және салыстырмалы (объект басқа объектілерге қатынасы арқылы сипатталады, мысалы “білікті жұмысшы”) ретінде қарастырылуы мүмкін.

Түсініктердегі объектілерді жалпылауға көмектесетін белгілердің көлемі мен мазмұнына қарай олар қарапайым (олардың мазмұны қандай да бір жеке қасиеттің бар екенін көрсетеді (мысалы, “әлеуметтік бағдар” немесе “туылғандар саны”) және күрделі (олардың мазмұны қасиеттердің немесе оның элементтері арасындағы байланысты белгілейді, мысалы, “қала” немесе “кәсіпорын” түсініктері көптеген қасиеттермен және қарапайым әрі күрделі құрамдас бөліктердің елеулі санымен көрінетін күрделі экономикалық, әлеуметтік және ұйымдық механизм) болып бөлінеді.

Әлеуметтік таным механизмі тұрғысынан түсініктер әдістемелік рөл атқарушы (зерттеу бағдарламаларын жасау принциптері, болжамдар, т.с.с.) және әдістемелік (құралдық) рөл атқарушы (іріктеу, сұхбат, сауалнама, контент-талдау, т.с.с) болып бөлінуі мүмкін.

Олар сол сияқты тұжырымдаушы (қажеттіліктер, мигранттар) және айқындаушы (ереуіл, нақты оқиға туралы пікір) түсініктер ретінде қарастырылуы мүмкін, оларда белгіленген мақсаттары көрсетіледі және модальділік белгілерін (мүмкіндік, қажеттілік, қол жетушілік, тиімділік) қамтиды.

Түсініктерді жіктеудің негізгі мақсаты - әлеуметтік шынайылықтың елеулі қасиеттерін, қасиеттер арасындағы байланыстар мен арақатынастарды, шынайы әлеуметтік процестерді, сондай-ақ бұл қасиеттер мен қарым-қатынастардың өзгеруін белгілеу. Осы тараудың келесі параграфтарында социологияның әлеуметтік шынайылықты зерделеуде пайдаланылатын басты түсініктерін қарастырамыз - қоғам, жеке тұлға, әлеуметтік рөлдер мен мәртебе, әлеуметтік өзара әрекеттер, әлеуметтік топтар, әлеуметтік стратификация, әлеуметтік институттар және әлеуметтік ұйымдар.

Қоғам жүйе ретінде

Қоғам түсінігі социологияның басты категорияларының бірі болып табылады.

Бірақ қоғамның анықтамасын бермес бұрын “табиғат” пен “қоғам” сияқты кең ұғымдарды шектеу, олардың ара жігін айқындап алу қажет. Бұл әлеуметтік-философиялық проблеманың дұрыс шешілуінің социология үшін басты, әдістемелік маңызы бар.

Біз әдетте адам, қоғам - табиғаттың бір бөлігі деп жиі айтамыз және оның негізі бар. Бұл жерде “табиғат” ұғымы бүкіл дүниенің, барлық шынайылықтың (органикалық және бейорга­никалық дүниенің, адамның, қоғамның) табиғи бірлігін білдіретін аса кең мағынасында қолданылады. “Қоғам - табиғаттың бір бөлігі” деген тезис мына бір фактіні растайды: адам, демек қоғам да табиғаттан пайда болады; адам - басқа жанды тіршілік иелерімен ортақ қасиеттері көп және табиғат заңдарына бағынатын биологиялық тіршілік иесі; адам баласы тірі табиғат дамуының жоғары сатысы болып табылады; қоғам табиғи ортамен органикалық байланыста және тығыз қарым-қатынаста болады және табиғаттан тыс және одан қол үзіп өмір сүре де алмайды, дами да алмайды; табиғат та, қоғам да өз дамуында ортақ іргелі заңдарға бағынады және т.с.с.

Қоғамды табиғатқа қарсы қоятын басқа бір жағдайда “табиғат” ұғымы деп оның адамға, қоғамға қатысты сыртқы (табиғи-географиялық) орта ретіндегі тұтас шынайы дүние емес, оның тек бір бөлігі ғана айтылады. Адам - мейлі ол өзінің көрінісінің жоғары нысанында болсын, биологиялық (тірі, табиғи) тіршілік иесі ғана емес, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасынан өрбитін тек өзіне ғана тән әлеуметтік сапалар мен қасиеттері бар сапалық тұрғыдан жаңа, принципті ерекше құбылыс; ал қоғам өмірі - әлеуметтік санадан жұрдай және өзін жануарлар әлемінен бөліп көрсетпейтін жеке биологиялық түрлер әрекет ететін биологиялық өмірге (ұйымшылдығы жоғары жануарлар - адамға ұқсас маймылдардың өміріне) қосылмайтын сапалық өзіндік ерекше, әлеуметтік өмір екендігін көрсету және атап өту қажет болған кезде мұның ерекше маңызы бар. К.Маркс адам болмысын қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығы ретінде анықтаған кезде ол осы арқылы адамның ең алдымен қоғамның өнімі екендігін атап өтуге тырысқан.

Социологияда “қоғам” категориясына әр түрлі тұжырымдамалық көзқарастар жасалған [2]. Мысалы, “атомистік” теория бар, оған сәйкес қоғам әрекет етуші адамдардың немесе олардың арасындағы қарым-қатынастардың жиынтығы болып шығады. Бұл тұжырымдаманы шегіне жеткізген Г.Зиммель теориясы болды, ол “қоғам” жеке адамдардың өзара іс-қимылын білдіреді деп ұйғарды. Г.Зиммельдің пікірінше, өзара іс-қимыл әрқашан белгілі бір нәрсеге берілу немесе белгілі бір мақсат үшін қалыптасады. Эротикалық инстинкттер, іскерлік мүдде, діни импульстер, қорғаныс немесе шабуыл, ойын немесе кәсіпкерлік, көмектесуге, үйренуге ұмтылу, сондай-ақ көптеген өзге де уәждер адамды басқа адамдар үшін, басқа адамдармен бірге, басқа адамдарға қарсы әрекет етуге, ішкі жан дүниесін үйлестіруге және келістіруге, яғни ықпал етуге және өз кезегінде ықпалына көнуге итермелейді. Бұл өзара ықпал ету жеке қозғаушы импульстер мен мақсаттарды таратушылардан бірлестік, “қоғам” құралады.

“Әлеуметтік топтар” теорияларында қоғам - бір басым топтың сан алуан түрі болып табылатын адамдардың түрлі топтарының жиынтығы ретінде түсіндіріліп келді. Қоғамды адамдардың неғұрлым жалпылама жиынтығы ретінде қарастыра отырып, бұл тұжырымдаманың авторлары “қоғам” ұғымын “адамзат” ұғымымен теңестіреді.

“Қоғам” категориясының анықтамалар тобы әлеуметтік институттар мен ұйымдар жүйесін білдіреді. Қоғам - тұтас бір институттар мен ұйымдар шегінде бірлесе отырып, әлеуметтік өмір құрайтын адамдардың үлкен тобы.

Функционалдық тұжырымдама қоғамды іс-әрекеттердің өзін-өзі қамтамасыз етуші жүйесін білдіретін адамдар тобы ретінде сипаттайды.

Әр түрлі тұжырымдамалық анықтамалар негізінде социологияда сондай-ақ ішкі ұйымдас­тыры­луымен, аумақтығымен, мәдени алуандығымен және табиғи өсуімен сипатталатын салыстырмалы дербес немесе өзін-өзі қамтамасыз ететін халық ретінде талдамалық анықтама қалыптасқан.

Түрлі социологиялық мектептердің өкілдері қоғам анықтамасына қосатын әлеуметтік категориялар қоғамның табиғаты мен сипатын түсіну үшін өте маңызды.

Қоғам әр түрлі әлеуметтік байланыстардың, өзара іс-әрекеттер мен қарым-қатынастардың тығыз бірігуін, шоғырын білдіреді. Бірақ қоғамды жеке адамдардың, олардың байланыстарының, өзара іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарының қарапайым қосындысы деп қарауға бола ма? Қоғамды жүйелілік тұрғысынан талдайтын болсақ, ол - қосынды емес, тұтас жүйе. Жүйе - өзара байланыстар мен қарым-қатынастарда болатын, бірыңғай тұтастықты білдіретін және тіршілік етуінің сыртқы жағдайларына қарай құрылымын өзгерте алатын элементтердің сапалық анықталған жиынтығынан тұратын пән, құбылыс немесе процесс. Кез келген жүйенің маңызды сипаты тұтастығы мен бүтіндігі болып табылады. Қоғам деңгейінде жеке әрекеттер, байланыстар және қарым-қатынастар жаңа жүйелі сапаны - элементтердің қарапайым қосындысы деп қарауға болмайтын ерекше сапалық күйді білдіреді. Қоғам өзіне кіретін элементтердің жеке алғанда ешқайсысында жоқ сапалардың тұтас жүйесі болып табылады. Өзінің интегралдық сапаларының салдарынан социологиялық жүйе оны құрайтын элементтерге қарағанда белгілі бір дербестікке, өзінің дамуының салыстырмалы дербес тәсіліне ие болады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: