Альфавирустар

Құрылымы, химиялық қүрамы. Альфавирустардың құрылымы күрделі, мөлшері бойынша гетерогенді липидті сыртқы қабаты (суперкапсиді) бар, симметриясы куб (икосаэдр тәрізді) типті. Вирустың сыртқы құрамында гемагглютинині болады, гликопротеинді «тікенекшелермен» (ұзындығы ~ 10 нм) қоршалған. Вириондары сфера пішінді, диаметрі 45-75 нм. Біржіпшелі (+) РНҚ молекуласынан тұратын геномы симметриясы куб типтес, капсидте орналасқан вирустық (+) РНҚ ақпараттық иРНҚ-ның қызметін атқарады (9-сурет).

Антигендік құрылымы. Бұл вирустардың екі антигені бар. Олардың біреуі – туыстастық – спецификалық, нуклеокапсидпен байланысты. Екіншісі – түрлік және типтік – спецификалық, сыртқы қабықшасының гликопротеидтерінің құрамына кіреді (гемагглютинин).

Дақылдандыру. Кез келген вирустар сияқты оларды дақылдандыру үшін бірнеше

тәсілдер бар:

1. Альфавирустарды бөліп алу үшін әмбебап модель ретінде жаңа туылған ақ тышқандарға жұқтыру (энцефалит, сал болу).

2.Тауық эмбрионына жұқтыру (сарыуыздық қапшыққа).

3.Тауық эмбрионының фибробластарынан дайындалған жасуша дақылдарына жұқтыру (ЦПӘ және агар қабатының астында түйнек-дақтар қалыптастырады).

Тогавирустардың репродукциялануы жасуша цитоплазмасында атқарылады. Репродукциялану циклы 4-8 сағатқа созылады. Вирус жасушаға адсорбцияланғаннан кейін оның ішіне виропексис (эндоцитоз) жолымен енеді. Вирустық (+) РНҚ цитоплазмада босанып шығады. Вирустық (+) РНҚ иРНҚ-ның молекуласының симметриясына ұқсас болғандықтан, (+) РНҚ-ын рибосомалар танып алады және тасымалданады (трансляция). Өте үлкен полипротеинді молекула пайда болады. Осындай вирустық полипротеинді жасушалық протеазалар «кескілейді», нәтижесінде РНҚ-тәуелді РНҚ- полимеразалар, вирустық протеазалар, жасушалық РНҚ синтезінің ингибиторлары және әртүрлі құрылымдық ақуыздар пайда болады. Ата-аналық (+) РНҚ-ң матрицасында вирустық РНҚ – полимераза (РНҚ-тәуелді РНҚ-полимераза) (-) РНҚ пайда болуын катализдейді. Содан кейін (-) РНҚ-ң матрицасында (+) РНҚ молекуласының екі типінің толық және қысқа жіпшелері бірнеше рет қайталанған синтезделуі жүреді.Толық жіпше (49 S) вирустың ұрпақтық популяциясының геномдарын құруға жұмсалады. Қысқасы (26 S) капсидтің және сыртқы қабатының ақуыздарын кодтайды. Соңғы ақуыздар гликолизденеді, ыдырайды және жасушалық мембранаға тіркеліп, оны өзгертеді (модификациялайды). Ұрпақтық вириондар мембрананың өзгерген учаскелері арқылы бүршіктеніп суперкапсид түзеді. Вирустар 36-40 °С және 21-25 °С температурада өсіп-өніп көбейе алады.

Төзімділігі. Липидқұрамды сыртқы қабықшасы болатындықтан олар эфирдің, детергенттердің әсеріне сезімтал келеді, және де 56 °С температурада жылдам бұзылады, рН6,0-9,0 әсеріне төзімді. Мұздатқанда ұзақ уақыт өзінің жұқпалылығын сақтайды. Бұл вирустар УК сәулесінің, формалиннің, хлорқұрамды дезинфектанттардың әсеріне өте сезімтал.

Эпидемиологиясы. Альфавирустар табиғатта кең таралған, оңтүстік ендікте орналасқан елдерде жиірек кездеседі. Тасымалдаушы жәндіктердің белсенділігінің арту мерзіміне байланысты індеттің маусымдылығы (сезонность) байқалады. Арбовирусты инфекциялар табиғи-ошақты ауруларға жатады және олар кең таралған тасымалданушылықпен сипатталады. Жәндіктерден басқа олардың, негізгі иесі омыртқалы жануарлар болып табылады (ұзақ мерзімді вирусемия болуына байланысты). Арбовирустар жәндіктердің сілекей бездерінде шоғырланады және сілекеймен бірге шығады. Вирустар кенелерде трансовариальды жолмен ұрпақтарына беріледі, яғни негізгі берілу механизмі болып табылады. Адамдарға әдетте масалар, кенелер, шіркейлер шаққанда жұғады(трансмиссивті жолмен берілу).

Патогенезі және клиникалық көріністері. Вирустар буынаяқтылардың тіндері мен ағзаларында, соның ішінде сілекей бездерінде, көбейеді. Адамдардың немесе жануарлардың қанын сорған кезде вирус қанға түсіп, ішкі ағзаларға тарайды. Қоздырғыштың алғашқы репродукциялануы қан тамырларының, лимфалық түйіндердің, фагоциттердің эндотелиялық жасушаларында атқарылады. Содан кейін көбейген вирустар қайтадан қанға түседі, нәтижесінде осындай екіншілік вирусемия дене қызбасын көтеруге себепкер болады. Вазотропты вирустар ішкі ағза капиллярларының эндотелияларын зақымдайды, ал нейротропты вирустар ОЖЖ – не өтіп, жасушаларының бұзылуын туғызады (энцефалиттердің ауыр түрін қоздырады). Альфавирустар және де дене қызбасы дамитын әртүрлі аурулар, тері беткейлерінде бөртпелер қоздыруы мүмкін, кейде артриттер, қан кету туғызуы ықтимал.

Иммунитеті. Ауырып тұрғаннан кейін тұрақты иммунитет қалыптасады. Комплементбайланыстырушы антиденелер 1 жылға дейін сақталады, олардың жоғарғы титрде табылуы инфекцияға жақын арада шалдыққанын көрсетеді. Вирусбейтараптаушы антиденелер және антигемагглютининдер бірнеше жыл бойы сақталады

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттеуге алынатын заттар: қан (вирусемия кезінде), жұлын сұйықтығы (менингоэнцефалит кезінде), несеп, секциялық материалдар.

Вирусты бөліп алу (индикациялау): біріншілік және ауыспалы жасуша дақылдарына (ЦПӘ, түйіндақтар түзілу) және жаңа туылған ақ тышқандарға (сал болу, өлім туғызу) жұқтыру. Идентификациялау: БР (тышқандарда немесе жасуша дақылдарында), КБР, ГАТР, ИФР. Серологиялық диагноз қою: ГАТР, БР, КБР, РИТ, ИФТ. Жедел диагноз қою: ЖГАР, ПТР.

Аурудан алынған зерттеу заттарымен жұмыс жасау өте қауіпті екенін естен шығармау керек. Сондықтан зерттеу жұмыстары «аса қауіпті» инфекцияларға арналған зертханаларда атқарылуы қажет.

Емдеуі. Антивирустық препараттар – рибавирин, интерферон, реаферон т.б. қолданылады.

Алдын алуы. Спецификалық профилактика мақсатында инактивацияланған өлі вакцина қолданылады.

17.1.2.2. Қызамық вирусы

Қызамық (латынша: rubrum – красный – қызыл) – қысқа мерзімді дене қызбасымен, майда-дақты экзантемамен (бөртпе шығумен), генерализацияланған лимфоаденопатиямен және жүкті әйелдерде ұрықтың зақымдануымен сипатталатын вирустық жедел жұқпалы ауру.

Таксономиясы. Тұқымдастығы: Togaviridae

Туыстастығы: Rubivirus.

Морфологиясы. Жетілген вириондар сфера пішінді, диаметрі 60-70 нм. Геномы (+) РНҚ –ның сегменттелмеген молекуласынан тұрады. Суперкапсидінің липидті қабықшасының құрамында тікенекше тәрізді Е1 және Е2 гликопротеидтер бар (жасушамен жанасқанда рецептор қызметін атқарады). Капсидінің симметриясы куб типті болады.

Антигендері. Қызамық вирусының екі антигені бар: 1) ішкі антигені – нуклеокапсидтік, КБР –мен анықталады; 2) сыртқы, суперкапсидтік антиген, БР, ГАТР –мен анықталады. Серотипі – біреу.

Төзімділігі. Қызамық вирусы эфирдің, детергенттердің әсеріне сезімтал. Сыртқы ортада тұрақты емес. Қайнатқанда вирус 2 - минутта белсенділігін жояды. Төменгі температурада мұздатқанда өзінің белсенділігін жылдар бойы сақтайды. Органикалық еріткіштердің, УК-сәуленің, күн сәулесінің, хлорқұрамды ерітінділердің және формалиннің әсерінен тез бұзылып жойылады.

Эпидемиологиясы. Инфекция көзі (резервуары) – клиникалық белгілері айқын немесе симптомсыз жұқтырған адамдар. Вирус ауалы-тамшылы, транспланцентарлы (анасынан ұрыққа) жолмен, және де инфицирленген заттармен жанасқанда жұғады. Қызамықпен негізінде 1-ден 7 жасқа дейінгі балалар ауырады, ересектер сирек жағдайда бұл ауруға шалдығуы мүмкін. Бөртпе шыққаннан бастап 7 күнге дейін науқас балалардың және де қызамықтың туыла біткен түрімен дүниеге келген нәрестелердің (сыртқы ортаға 2 жыл бойы вирус бөліп шығарады) инфекция жұқтыру қауіптілігі сақталады. Вирус организмнен сыртқы ортаға мұрын –жұтқыншақ секретімен, несеп және нәжіс (инфицирленгеннен соң 7-8 күннен кейін) арқылы бөлініп шығады.

Патогенезі және клиникалық көрінісі. Вирус жұққаннан кейін мойын, желке және құлақ бездерінің артқы лимфатүйіндерінің жасушаларына енеді; сол жерде вирустың біріншілік репродукциялануы басталады. Бездер үлкейе бастайды және пальпациялау кезінде ауырсыну болады. Сонан соң вирус лимфаға, қанға өтеді де вирусемия дамиды. Бөртпе пайда болған кезден бастап вирусемия тоқтайды.

Ауру дене қызбасының дамуымен, бөртпе шығумен, жоғарғы тыныс алу жолдарының зақымдануымен, буындарының және бұлшықеттерінің ауыруымен сипатталады.

Тыныс алу жолдары зақымданғанда жасырын кезеңі 11-23 тәулікке созылады, продромальдық кезеңі – бірнеше сағаттан 1-2 тәулікке дейін ауытқиды. Ауруға тән сипатты белгілері: ашық алқызыл түсті дақты – папулалы бөртпелер (әсіресе аяқ-қолдың жазғыш беткейінде, арқасында және бөксесінде) шығу. Бөртпе шығудың алдында лимфа түйіндері (әдетте мойын және желке бездерінде) үлкейеді. Асқынулар сирек болады (отит, бронхопневмония, полиневриттер байқалады). Ең ауыр асқынуларға – қызамықтық энцефалиттер және энцефаломиелиттер (ересектерде) жатады. Зақымдану өте ауыр түрде өтіп, 20-50% жағдайларда өліммен аяқталады. Плацента арқылы жұғу ұрықтың жапырақшаларының бәрінде зақымдану туғызады. Нәрестелерде салмағының аз болып туылуы, тромбоцитопениялық пурпура, гепатоспленомегалия, пневмония т.б. жиі байқалады. Құрсақішілік инфицирленген кезде 50% жағдайда ұрықта катаракта, жүрек кемістігі, микроцефалия (ақыл-есінің дамуы бұзылуымен) және саңыраулық (глухота) дамиды.

Жүктіліктің І-триместрінде ұрықтың вируспен инфицирленуі өте қауіпті. Жүктіліктің алғашқы 2 айында жұқтыру патологиялар пайда болуды 60-80%-ға арттырады. Бұл кезде көптеген кеміс –ақаулықтар дамиды, ал кейінірек жұққанда –асқынулар 20-30% құрайды (кемістіктер көбінесе жеке-даралы болады, түсік тастау да жиірек байқалады). Ауру барысында жасушалық типтегі екіншілік иммунды тапшылық дамиды.

Қызамық вирусының персистенциялануы (туа біткен қызамықтан кейін немесе балалық шақта ауырғаннан кейінгі жағдайларда) адамдарда екінші онжылдықтар мерзімінде прогрессивті қызамықтық панэнцефалит (ПҚПЭ) дамуы ықтимал.

ПҚПЭ –вирустық баяу инфекция, ОЖЖ –ның ақыл-естік және қозғалтқыштық функциясының кешенді прогрессивті бұзылыстарымен сипатталады, және де өлімге әкеледі.

Қызамық вирусы панкреатит, қалқанша бездің дисфункциясын, ақыл –есінің өзгеруін және т.б. ауруларды дамытуға себепкер болуы ықтимал.

Иммунитеті. Аурудан айыққаннан кейін тұрақты (гуморальды) иммунитет қалыптасады. Антигемагглютининдер және вирус бейтараптаушы антиденелер өмір бақи сақталады, ал комплемент байланыстырушы антиденелер организмде бірнеше ай бойы айналымда болады, сондықтан оларды анықтау қызамыққа жақын арада шалдыққанын көрсетеді. Вирус бейтараптаушы антиденелер және антигемагглютиндер титрінің жоғарғы дәрежеде болуы макроорганизмнің қабылдамаушылық көрсеткіші болып табылады. Қоздырғыш интерферон синтезделуін басып тастағанда қызамық вирусы организмде ұзақ уақыт бойы айналымда болады. Бұл кезде қан сарысуында вирусспецификалық иммундыглобулиндер (анасынан плацента арқылы өткен) анықталады. Туыла біткен қызамықтан кейінгі иммунитеттің тұрақтылығы төмен, өйткені ол ұрықтың иммундық жүйесінің жетілмеген жағдайында қалыптасады.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттелетін заттар: қан, мұрын-жұтқыншақ шайындысы, ликвор, ұрық тіндерінен алынған сынамалар. Вирусты бөліп алу (индикациялау): ауыспалы жасуша дақылдарына (Vero, Hela т.б.) жұқтыру (түйіндақтар түзілуі, ЦПӘ, ГАР бойынша анықтау). Идентификациялау: БР, ГАТР, РИФ. Серологиялық диагноз қою: КБР, ГАТР, БР, ИФТ, ПТР. Ауру барысында антиденелер титрінің 4 есе және одан да жоғары көбеюі, және де ауырып тұрғанын IgG -ді немесе жақын арада науқастанғанын көрсететін IgM-ді спецификалық антиденелерді анықтаудың диагностикалық маңызы бар. Осындай антиденелерді жүкті әйелдерде анықтаудың маңызы ерекше орын алады. Жаңа туылған нәрестелердің І-жартыжылдығында вирусқа қарсы жоғарғы деңгейде спецификалық IgM –ді табу және ІІ – жартыжылдығында IgG-ді анықтау – құрсақішілік инфекциямен зардаптанғанын көрсетеді.

Емдеуі – симптоматикалық.

Алдын-алуы. Спецификалық профилактика мақсатында әртүрлі вакциналар қолданылады.

Моновакциналар:

Meruvax -2 – қызамыққа қарсы вакцина.

Рудивакс – қазамық вирусының аттенуацияланған штамынан дайындалған тірі вакцина (Франция).

Эрвевакс – қызамық вирусының аттенуацияланған (тірі) штамынан дайындалған вакцина (Ресей).

Қызамықтық аттенуацияланған модифицирленген тірі вакцина (Индия).

Ассоциацияланған вакциналар:

Паротит – қызылша – қызамықтық вакцина –MMR ІІ (АҚШ).

Паротит – қызамықтық вакцина (MR-Vax-2).

Қызылша – паротит және қызамыққа қарсы вакцина.

Приорикс – паротит –қызылша – қызамыққа қарсы аттенуацияланған штамнан дайындалған вакцина (Англия).

Вакцина егілгеннен кейін иммунитет 20 жыл бойы сақталады. Қызамыққа қарсы егу 12 айлық және 6 жаста жүргізіледі. Вакцинаның 2 дозасынан кем алған 13 жастағы қыздар арасында қызамыққа қарсы егуді қайталайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: